Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-08-09:

Абылай хан

Анықтауды қажет ететін ақтаңдақтар

 

Тарих ғылымының сүйенері сан алуан деректер екендігі бәрімізге де аян. Әсіресе зерттеушілер мұрағат деректеріне көбірек сенім артады, көбіне оларды сол күйінде қабылдайды. Фактілер мен материалдарға бұлайша біржақты қараушылық оқиғаларды бұр­малауға әкеледі. Мұндай жағдай Абылай хан жөніндегі ізденістерде де ұшырасып қалады. 1961 жылы Алматыда жарық көрген “XVІ-XVІІІ ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастары” деген құжаттар жинағында 1718 жылы Қарнақ қаласында Қайып ханның бауыры Абылайдың орыс солдаттарына күш көрсеткендігі, осыдан кейін 1732 жылы “Абылай-Мәмет сұлтан қарамағында 1000” адам барлығы айтылады. Бірақ 1718 жылы Абылай не бәрі 7 жаста болса, кейінгі құжатта ол Әбілмәмбет сұлтанмен шатастырылған.

Абылай есімінің Ресей мұрағатында алғаш көрініс табуы 1738 жыл. Сол жылдың 13 тамызындағы Әбілқайыр ханның орыс патшасына жазған хатында Абылай Әбілмәмбет сұлтанмен бірге алыс жайлауда екендігі хабарланады. Келесі маңызды мәлімет 1740 жылғы 19 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында Орынбор қаласында өткен қазақ-орыс келіссөзі жөніндегі материалдарда ұшырасады.

Келіссөзге XVІІІ ғасырдағы қазақтың белді азаматтары-Әбілқайыр хан атынан Нұралы, Ерәлі сұлтандар, арғын Жәнібек, тама Есет және табын Бөкенбай батырлар, Орта жүзден Әбілмәмбет хан, Абылай сұлтан, Бөгенбай батыр, т.б. қатысқан. Оның барысында орыс үкіметі үшін алдын-ала дайындалған жоспар бойынша ең бастысы қазақтарды “бодандыққа” көндіру болса, ал қазақтар үшін сауда-саттық, тұтқындар алмасу, Еділ қалмақтары шабуылдарын тоқтату мәселелері алға тартылады.

1738-1740 жылдардағы Ресей мұрағатындағы осы құжаттар ғылыми айналымға қосылған. Орынбор, Астрахань, Санкт-Петербург, Қазан, Уфа және Мәскеудегі Көне актілер мұрағаты мен Ресей империясының Сыртқы істер мұрағатында қосымша жаңалық әкелетін басқа дерек кездеспейді.

Абылайдың қазақ билеушілері арасынан Қытаймен тікелей байланыс орнатқан бірінші қайраткер екендігін баса көрсетеміз. Бұл орайда қазақстандық қытайтанушы-тарихшылар К.Хафизова мен Н.Мұхаметханұлы зерттеулері мен жазушы Қ.Салғараұлы еңбектерін атауға болады.

Мұрағат деректері бойынша Чиң патшалығының Абылаймен тікелей байланысы 1755 жылы маусым айындағы Қытай елшілерінің Орта жүзге келуінен бас­талады. Н.Мұхаметханұлының дерегі бойынша Абылай хан өзінің Бөлекбай бастаған елшілерін Қытайға аттандырады. Кейін 1757 жылы Шағыр, Өміртай бас­таған 11 адам, 1758 жылы қазан айында, Ұлы жүзден Төле бидің баласы Жолан, Қойгелді батырдың баласы Басарман Чиң патшалығына барып қайтады. Сонымен екі жақты мүдделілік негізде 1757-1758 жылдары көрші алып Қытаймен Орта және Ұлы жүз қазақтары арасында ресми қарым-қатынас орнатылады.

Ал Кіші жүз қазақтары ше? 1755 жылы Жоңғар хан­дығы талқандалып, 1756 жылы таққа таласқан Әмір­сананың Орта жүзге қашып келуіне байланысты оның ізіне түскен Қытай әскерлері қазақ жеріне іш­ке­рілеп енеді. Чиң патшасына 1757 жылы 9 қыр­күйек­те жеткен хабарда, Шұндыңа бастаған оншақты адам Абылайға келіп, Әмірсананы ұстауға ниет білдірген.

Кездесуде Абылай: “Мен – Орта жүз ханымын, Кіші жүз бен Ұлы жүзді де менің тумалас бауырларым билейді”, деген. Қытай елінің қаупі мен Жоңғар қол астындағы жерлерді қайтару жоспарын талқылау үшін 1757 жылы қыркүйек, қазан айларында Орта жүзде үш жүздің өкілдері қатысуымен үлкен кеңес өтеді. Кіші жүз­ден бұл кездесуге Әбілқайыр ханның ұлы Ерәлі сұл­тан арнайы шақырылады. Тілмәш С.Қасымовтың орыс әкімшілігіне жазған мәлімдемесінде қазақтар үшін басты мәселе жоңғарларды түпкілікті талқандау бол­ған. Кеңесте Абылай орыс бағытына көбірек маңыз берсе, Ерәлі Қытай бағытында әрекет жасап, жоңғарларға соққы беруді ұсынады. Көп ұзамай Кіші және Орта жүз қазақтарының біріккен күштері жоң­ғарларға екі жақтан күйрете соққы береді. 1758 жылы 3 сәуірде Чиң патшасы жарлығында “Шерінің жалғыз өзі Цесыхнарадан Сарыбелге қашқанын, қазақ Кіші жүзінің ханы Нұралының және оның інісінің сарбазы екіге бөлініп, олардың ізіне түскені” көрсетіледі. Қа­зақ­тар жоңғарларды талқандамайынша, жерімізде ты­ныш­тық орнамайды, тіпті біржола жойып жібере ал­ма­ған күннің өзінде оларды қалайда Жаркент, Қашғар, Бұрұтқа қарай асырып тастау қажет деп шешеді. Сол мақсатта Кіші жүзден Ерәлі сұлтан 10000 адаммен Шу бағытына, Орта жүзден Солтүкен батыр 2000 сарбазбен Ақтай-Үкітаудан шығып, Қабанбай батырмен Керейбұлақта кездесіп, Шеріні талқандауға аттанады.

Орыс үкіметі де осы тұста Қытайдың империялық пи­ғылдарынан алдын-ала сақтануға ұмтылады. Орыс­тар бүгін ол Жоңғарды жұтса, ертең қазаққа келсе, соңы Ресей шекарасына жетіп жығылатындығын қатаң ескереді. Сондықтан Ресей қазақтарды Жоңғарға емес, керісінше, Қытайға қарсы айдап салуға әрекеттенеді. Сол үшін Нұралы ханға капитан О.Тевкелев жі­бері­ле­ді. Ал 1759 жылы 15 наурызда генерал-майор А.Тев­ке­лев пен П.Рычков Сыртқы істер коллегиясына бер­ген есебінде, сонымен бірге Орынбор әкімшілігінің де өз ойларын жүзеге асыру жолында түрлі амал-ай­ла­ларды пайдаланып жатқаны айтылады. Бірақ орыс­тың бұл ойыны жүзеге аспады. Оған басты кедергі болған Абылай саясаты еді. Абылай әу бастан-ақ алып Қытай­мен жауласуды емес, керісінше, келісімге келе оты­рып, Жоң­ғардағы атамекенді қайтаруды, тиімді сауда-сат­тық­ты орнатуды көздейді. Біздіңше, Кіші жүзден Нұра­лы ханды, өзге де билеушілерді Қытаймен бейбіт қатынасқа шақырған да Абылай. 1763 жылы 1 қаңтарда Нұралы хан, Батыр хан, Қайып хан өз елшілерін Қытайға жіберген. Чиң дерегінде елшілер мақсаты сый-сияпаттар алу деп түсіндіріледі. Қытай пат­шасы жар­лы­ғында олар “өз елінің мал-жанының біздің тара­пымыздан ұсталып жатқанын тұтқиылдан естісе, бұл топас дүлейлер күдіктенер, тіпті шошынар” делініп, шекаралық басшыларына сақ болуды тап­сыр­ған. Батыс қазақ Үргеніш елшісі Сейітқұл, Кіші жүз елшісі Үкібаш Болат, т.б. 11 ақпанда Қытай аста­на­сы­на жетеді. Нұралы ханға арнайы жолданған хатта Қытайдың түпкі саясаты байқалады. Бұдан шығатын қорытынды — Абылай Қытай мұрағаттарында 1755 жылдан бастап аталатындығы. Міне, осыдан соң заңды сұрақ туады.

1738-1740 жылдарға дейінгі Абылай тарихын қалай жазып жүрміз? Неліктен ол осы кезеңде орыс мұ­ра­ға­тында аталған белді тарихи тұлғалар — Әбіл­қайыр, Ба­тыр, Барақ, Әбілмәмбет, Нұралы, Ерәлі, Жәнібек сұл­тан, Жәнібек батыр, Бөкенбай, Бөгенбай, т.б. қа­та­ры­нан көрінбейді?

Тарихшы ғалымдар осы уақытқа дейінгі Абылай­дың ерлік істерін қандай деректерге сүйеніп жазып жүр? Кезінде Шоқан Уәлихановтың өзі “Абылай” атты мақаласында: “Қалай болғанмен де, 1739 жылы біз оны (Абылайды-Ә.М.) Орта жүздің ең ықпалды, ең күшті билеушісі деп таныдық” деген пікір айтқаны белгілі. Жоғарыдағы мағлұматтарға қарағанда, мұның өзі орыс деректеріне сүйене отырып жазылған сияқты. Онда 1711 жылдан 1738 жылға дейінгі кезең жөнінде қазақ халқының ауыз әдебиеті не айта алады? Бұқар жырау “Ақтабан шұбырынды” жылдары (1723 жыл —Ә.М.) Абылай әке мен шешеден айырылып, Семеке хан мен Әбілмәмбетке жеткендігін жырлап, 25 жасында: “Бақты берді басыңа, Тақты берді астыңа, Отыз жасқа келгенде, Дүниедей кең едің”, деп суреттесе, Үмбетей жырау Бөгенбай батырдың өлімін Абылай ханға естірте барғанда: “Жиырма жасың толғанда, Қалмақпен соғыс болғанда, Алғашқы бақты тапқанда, Шарыштың басын қаққанда”, деген жолдармен Абылай тарихынан сыр шертеді.

Бұқар мен Үмбетей жырлары XVІІІ ғасырдың қиын-қыстау кезіндегі Абылайға қатысты деректердің негізі болып, Шоқаннан бастап, бүгінге дейін кәдемізге жарап келеді. Бірақ жырларды әр зерттеуші өзінше бұрып, Абылай тарихын аңызға айналдыруға үлесін қосқанын мойындауымыз қажет. Р.Сүлейменов, В.Моисеев (Из истории Казахстана XVІІІ века. (О внешней и внутренней политике Аблая) А-А, 1988, С. 24), М.Қозыбаев (Абылай хан — Кенесары: Ұлт-азаттық қозғалыс мәселелері. — А., 1993, 22-б.), К.Абуев (Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің хабаршысы. № 1-2(3). Көкшетау, 2001, 7-б.). Абылайды 13-15 жаста атқа мінгізеді, ал К.Абуев тіпті Аңырақай шайқасында жоңғар Шарышты жекпе-жекте өлтіртеді. М.Тынышбаев өзінің “Қазақ халқының тарихы” деген еңбегінде 1727 жылы Абылай 16 жаста болып, Төле бидің түйесін бағып жүрген-ді (180-б.) деген қорытындыға келеді. Мұрағат деректері бойынша Абылай сұлтан Шарышты 1741 жылдың көктемінде өлтірген (XVІ-XVІІІ ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастары, 243-б.). Осы деректі И.Ерофеева да (Сим­волы казахской государственности. Позднее средневековье и новое время. Алматы, 2001, -С. 124) растайды.

Адам баласының ержетіп, күш жинап, барша қазақпен бірге ортақ жауға қарсы көтеріліп аттануы мен ел алдына жарқырап шығып, батыр, қолбасшы атанып, артына мыңдаған қол жинап, әскер бастау аралығы бір жылда келмейтіндігін ескерсек, Абылайдың Әбілқайыр, Семеке, Бөкенбай, Жәнібек, Есет, Бөгенбай тәріздес тұлғалар қатарына қосылуы не болғанда да XVІІІ ғасырдың 30-шы жылдарының аяғы болса керек. Осы пікірімізді сол тұстағы Кіші және Орта жүздегі жағдайды қалт жібермей, оның ел басқарған азаматтарын тізбектеп, бақылап отырған орыс үкіметінің деректері де растайды.

Абылай есімі бүгінде тарихи әдебиеттер мен оқу­лық­тарда Әбілмансұр ретінде де беріліп жүр. Шынында ол қазақ фольклорынан алынған. Абылай туралы аңыздарды арнайы зерттеген ғалым А.Әбсадықтың (Абылай хан: аңыз және ақиқат. Қостанай, 1999) “Абылайдың шын есімі Әбілмансұр болған дейтін деректің нақты дәлелдері, толымды айғақтары жоқ... Әбілмансұр есімі алғаш рет Шәкәрімнің “Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресінде” тілге тиек етіледі”, деген пікірін нақтылай түскен жөн. Себебі, Әбілмансұр есімі бір де бір тарихи құжатта және Шоқан жазбаларында кездеспейді.

Абылай тарихындағы оқырман қауымның көңіл аударар тұсы – оның Жоңғар билеушісі Қалдан-Сереннің тұтқынында болу уақыты мен одан босау мәселелері. Сұлтанның тұтқынға түскен уақыты 1741 жылдың қысында ойраттардың 30-35 мың қолының Ұлы жүз, Орта жүзге шабуылы кезінде болғаны анық. Ол жөнінде орыс мұрағатында Ямышев комендатурасының Сібір губерниясы кеңсесіне 1741 жылы 1 маусымда жеткізілген мәлімдемесінде: “...Сыптан әскерімен Есікте, Шілік пен Ші­дерті өзендерінің бойында болғанда оларға, қалмақ­тар­ға Абылай сұлтан қазақ ордасының екі жүз адамдық қолымен шабуыл жасады. Қалмақтар оларды талқандап, сұлтан Абылайдың өзін қолға түсірді”, – делінеді. Тарихшы К.Абуевтің Ресей империясының Сыртқы істер мұрағатынан тапқан дерегінде Абылай 35 қазақ жауын­герлерімен бірге қолға түседі (Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің хабаршысы. № 1-2(3). Көкшетау, 2001, 19 б.). Яғни сұлтанның 1741 жыл­дың мамыр айында Жоңғарияға айдалып кеткені белгілі. Ал тұтқыннан босатылған уақыты 1743 жылдың шілде айының шамасында. Өйткені, орыстың шекара бас­шы­ларына 1743 жылы 30 тамызда қазақ даласынан түскен мәліметте Абылай еліне аман-есен оралады (АВПРИ. ф.122, 1743 г., 3 іс, 122 п.). Ерәлі сұлтанның қарамағындағы керей руында болған И.Лапин мен М.Асаков 1743 жылдың шілде айының екінші жартысында Әбілмәмбет ханға Абылай сұлтаннан бес елші келіп, “оның тұтқыннан босап, елге бағыт алғандығын және жанында 30 жоңғар елшілері бар екендігін” хабарлағандығын Орынбор комиссиясына жеткізеді (АВПРИ. ф.122, 1743 г., 3 іс, 122  п.). Бұл мәлімет И.Ерофеева, К.Абуевтердің сұлтанның тұтқыннан 1743 жылы көктемде босады деген пікірлерін жаңаша саралауға итермелейді. Сонымен қолда бар деректер мен зерттеулерді қорыта отырып, сұлтанның тұтқында болуы уақытын 1741 жылдың мамыры мен 1743 жылдың шілде айлары аралығы деп болжаймыз.

Тұтқындағы Абылай сұлтанды елге қайтару мәселесі сол кезеңнің өзінде-ақ қолға алынады. Оған Әбілқайыр, Әбілмәмбет хандар, Барақ сұлтан, Қазыбек би, Жәнібек тархан, Бөгенбай, Малайсары батырлар және басқа да белгілі тұлғалар белсенді түрде араласады. Олардың барлығының мақсаты – қайткенде де Жоңғардың екпінді шабуылын тоқтату, соның жолында елдігімен, ерлігімен көзге түскен, көптің сенімін ұялатқан Абылайды сақтау арқылы Қалдан-Серенді бітімге келтіру болады. 1742 жылы Әбілқайыр ханға келген Қалдан-Серен елшілері Қошке мен Бұрын 28 тамызда Орынбор комиссиясы басшысы И.Неплюевпен кездесуінде Абылайдың “Жоңғарларда атақты және Қалдан-Сереннің жекжатын” өлтіргені үшін арнайы қолға түсірілгені, бірақ қазақ сұлтанының “ізетпен ұсталуда” екендігін жеткізеді. (Казахско-русские отношения в XVІ-XVІІІ веках). Әрине, өш алу мақсатында Абылайды өлім жазасына қия салу Жоңғар билеушісі үшін ешқандай қиындығы жоқ екендігі түсінікті. Қаншама туысын жоқтағанымен, Қалдан-Серен үлкен саясаткер еді. Жоңғария елшілері қазақтар қолында “атақты жоңғарлардың қыздары, әйелдері қалғандығын” және оларға қоса көптеген тұтқындардың бар екендігін алға тартып, қазақтардың жиі-жиі шабуылдарын тоқтату қажеттігін ұсынғанымен, түпкі мақсат – қазақ халқын Жоңғарияға бағындыру, соған мәжбүрлеу, боданы ету сияқты жоспарларын бүркемелей біледі. Қалдан-Серен Абылай арқылы қазақтың хандары мен би, батырларын өзіне бағындыру сәті түскендей сезінеді. Ол алдымен, Әбілқайыр ханның 1740 жылы күзде Құтылымбет батырды Жоңғар әскерінің оңтүстік бағытының басшысы Сары Манджаға жіберіп, жоңғарлар Түркістан мен Ташкентті қайтарса, ұлы Айшуақты аманатқа беретіндігін хабарлағандығын еске алады. Оны Қошке ноян Әбілқайырға келген тұста, 1742 жылы 10 қаңтарда поручик Д.Гладышевке ескерткен. Қошке ноянның айтуынша, Ұлы жүздің 8 жылдан бері Жоңғарияға аманат беретіндігін, 1741 жылдың күзінде Әбілмәмбет хан, Барақ сұлтан, Жәнібек батырдың Қалдан-Серенге елші жібергенін айтады. Аталған кезеңде Ұлы, Орта, Кіші жүз басшылары үнемі өзара кеңестер өткізіп, ақылдасып, Жоңғар билеушісімен келіссөздер жасауды жақтайды. Әбілқайыр ханның айтуынша, 1741 жылы Әбілмәмбет хан мен Барақ сұлтан өзімен “Ресей бағыты жөнінде” ақылдасса, көп ұзамай 1742 жылы көктемде өзі, Әбіл­мәм­бет, Күшік, Барақ, Есет, Жәнібек, Алтабай, Терек, Жа­пақ, Төле батыр, т.б. бірігіп, төменгі қалмақтар билеушісі зайсанг Будансюкпен келісімге келіп, соғысты тоқтатады.

1742 жылы сәуірде қыпшақ, арғын рулары арасынан келген башқұрт А.Күсебаев Қалдан-Серенге жіберілген Ақшора батырдың Орта жүзге оралғандығын хабарлайды. Ақшора батырмен 3 жоңғар елшісі ілесе келіп, қазақтар ара­сынан белгілі 10 адамды, соның ішінде Барақ сұл­тан­нан, Жәнібек батырдан аманатқа ұлдарын сұрайды. Қал­дан-Серен талап орындалмаған жағдайда күш көрсетуден тайынбайтындығын ескертеді. Хабарға сенсек, қазақтар келгеннен кейін Абылай сұлтан бұғаудан босатылып, жеке үйге шығарылып, қарауыл қойылады. Мұндай хабарларды 1742 жылы сәуірдің 14-де Батыр сұлтанда болған ағылшын көпесі Гок та жеткізеді. Жоңғар елшілері әкелген грамотаны көрген Гок Қалдан-Сереннің Әбілқайырдың ұлын өзіне жіберуін талап етіп, Орта және Кіші жүз басшыларын Түркістанға шақыртты дейді.

1742 жылы көктемде Ұлы, Орта, Кіші жүз қазақ­тары­ның қатысуымен үлкен кеңес өтеді. Оған қатысқан 1500 адам, И.Ерофееваның пікірінше, Әбілқайыр ханға Қал­дан-Сереннің сұраған аманатын беру қажеттігін ұсынады. Бірақ Әбілқайыр бұл мәселеде орыс әкімшілігімен алдын-ала ақылдасып алатындығын хабарлайды.

Жоңғар әскерлерінің сақадай сай болуы, қонтайшы­ның аманатты талап етіп, қайта-қайта елшілік салып, Абы­лайды босатып, Түркістанды қайтарамын деген уәде­лері, Ресей тарапынан тыңшыларын Орта, Кіші жүзге бірінен соң бірін жіберіп, Әбілқайыр, Әбілмәмбет хандар мен Батыр, Барақ сұлтандардың іс-әрекеттерін қатаң ба­қылауға алуы Қазақ жеріне деген империялық саясаттың астарын анықтаса керек. Бұл жағдайды қазақ хандары мен ел игілері білмеді дей алмаймыз. Орыс деректерінің, оны жинақтаған тыңшыларымен, қазақ даласынан өткен көпестердің әрқашанда Ресей шекара шебінде тапсырған есептерінің Ұлы даладағы ішкі қатынасты толық аша алмайтындығын түсінетін кез жетті. Олар, алдымен, орыс шенеуніктеріне қажетті мәліметті солардың ыңғайына қарай береді. Өкінішке орай Жоңғарға қарсы күресте, ел азат­тығын сақтауда бір болған елдің игілері жоғарыдағы хабар­ламаларда үнемі талас-тартыста көрінеді. Бірақ қазақ­тардың Абылайды құтқаруда, шығыстан төнген қауіпті тоқтатуда бірауыз болғандығын атап өтеміз. Территориялық жағынан Орта жүз Жоңғариямен шектесіп жатқандықтан, олар бірден өзге жүздердің келісімін алып, аманат мәселесін шешіп, Абылайды босатуға батыл қадам алса, Кіші жүз Ресей арқылы Жоңғарияға ықпал жасауға ұмтылады. Алдағы оқиғалар біздің ойымыздың дұрыстығын дәлелдейді.

1742 жылғы 20 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында Орск қорғаны маңында қазақ-орыс келіссөзі басталады. Қазақтар жағынан оған Әбілқайыр хан, оның ұлы Ерәлі сұлтан, Жәнібек, Дербісәлі сұлтандар, Шақшақ Жәнібек батыр, Абылай сұлтан інісі Сұлтанбет, т.б. қатысады. Кездесуге Әбілқайыр хан арнайы өзіне келген жоңғар елшілері Қошке мен Бұрынды ерте келеді. Жоңғарияның қазақтарды өзіне қосуға деген саясатын сезінген орыс патшасы да империялық пиғылынан бас тарта алмады. Кездесу соңы қонтайшыға майор К.Миллер бастаған елшілік жіберуге ұласты (АВПРИ. ф.122, 1742г., д 2. 23-69 пп.). Елшілік 3 қыркүйекте Ерәлі сұлтанның жол бас­тауы­мен қазақ даласы арқылы қонтайшыға аттанды. Со­дан Ерәлі сұлтан К.Миллерді Ұлы жүздегі үйсін руларына дейін шығарып салады. Одан әрі орыс елшісі қазақтар бастауымен Шу бойына жетіп, ноян Сары Манджамен кездеседі. Қонтайшының орыс елшісін қабылдамағаны белгілі. Міне, осы елшілік бүгінге дейін Абылай сұлтанды босатуда шешуші күш болды деген пікір үстем болып келеді. Негізінен оны кезіндегі орыс ғалымдары, қазіргі В.Моисеев, И.Ерофеева сияқты тарихшылар насихаттап бағуда (Моисеев В.А. Джунгарское ханство и казахи. XVІІ-XVІІІ вв. Алма-Ата, 1991. -С. 140-161; Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик. -С. 252-253). К.Миллерге алдын-ала берілген 18 пункттен тұратын құпия нұсқауды мұқият сараласақ, Ресейдің империялық саясатын бірден аңғаруға болады. Абылайды босатуға “тырысу” бір ғана пунктте айтылады. Қазақ даласы арқылы өткен К.Миллер елшілігінің мақсаты – қазақтарды Ресей бағытына, оның қамқорлығына сендірумен қатар, Жоңғарияны барлап қайту болатын.

Орыс елшілігі Жоңғарияға аттанған тұста, Әбілмәмбет хан, Барақ сұлтан, Қазыбек би т.б. қазақтар арасында өткен кеңес қорытындысы бойынша аманат мәселесін іс жүзіне асырады. Орыс үкіметі қаншама оған кедергі жа­сау­ға тырысқанымен, Әбілмәмбет хан ұлы Әбілпейіз сұл­тан­ды Нияз батырымен бірге аттандырып жібереді. Олар­ды арғын Бәсентиін Малайсары батыр бастап барған. Мұны естіген И.Неплюев 1742 жылы 18 қарашада Сырт­қы істер коллегиясына Әбілмәмбет ханның кіші баласын Жоң­ғарияға жібергенін, ал үлкені үйінде қалғанын, мүм­кін болса соны қолға түсіріп, Ресейге алдырту қажеттігін ұсы­нады. Орынбор комиссиясы басшысы осындай әрекет жү­зеге асса, Әбілмәмбет хан тек бір бағытта Жоңғарияға ғана тәуелді болмайды, бізбен де есептесуге мәжбүр бо­лады дегенді (АВПРИ. ф 122, 1742г., д 4, 223 п.) айтады.

Сонымен Әбілмәмбет хан ұлы Әбілпейіздің, оның жанындағы 6 қазақтың Жоңғарияға жетуі қазақ-жоңғар қарым-қатынасының жаңа кезеңі болды. Осы елшіліктен кейін екі жақ та тұтқындарды алмастыра бастады. Қалдан-Серенге қазақ игілері мойын ұсынғандай көрінеді. Әбілқайырдың 1731 жылғы орыс патшасымен келісіміне, Ресейдің Кіші жүзді “боданымыз” деп есептегеніне қарамастан, жаңа жағдайдағы саяси ахуал жоңғарларға қазақтарды толық өз жағына көндіргендей болып көрінеді. Оның үстіне Орынбор комиссиясы тағына И.Неплюев бекітілгеннен кейінгі Әбілқайыр ханның орыс үкіметіне қарсы әрекеттері жиіленеді. Міне, осыны ескергендіктен де Қалдан-Серен К.Миллерді қабылдамады және Жоңғарияға ішкерілей енгізбеді де.

Соңғы өзгерістерді қатаң қадағалап отырған қонтайшы Абылай сұлтанды бір деректерде туысы Хочу Мергеннің қызына, бір деректерде Кенже сарттың қызына үйлендіреді. Башқұрт Т.Балтасаев жазбасында Абылай мен Малайсары Ташкент сартының қызына үйленген делінеді. Осындай нақты қадамдар жүзеге асырылғаннан соң ғана Қалдан-Серен Абылайды еліне аттандырып, Әбілпейізді аманатқа алып қалады. 1743 жылы тамыз айында Абылай елге оралған кезеңде Қазыбек би бастаған ел игілері жиналып, алдағы жылдың көктемінде Әбілпейіз орнына келісім бойынша Барақ сұлтан ұлы Шығайдың Жоңғарияға жіберілуі жөніндегі шешімге келеді (АВПРИ. ф.122, 1743г., д. 3, 124-125 пп.). – Абылай­дың тұтқыннан босауы туралы Үмбетей жырларында, Шәді Төре Жәңгірұлы дастанында, Мәшһүр Жүсіп жинаған әңгімелерде де айтылады. Үмбетей жырау “Тоқсан жақсы үш жүзден, сені сұрай барғанда”, Шәді төре жоңғарлар атынан “Өлтірсек Серіш үшін біздер оны, Қаншама қан төгіліп соғыс болар, Қазақтың қарап қалмас өзгелері” деген жолдармен жауласқан екі халықтың бітімге зәру екендігін дәлелдейді. “Абылай хан. Тарихи жырлар” (т.1. 1993) еңбегінде жазылған “Абылай асуында” белгілі ғалым Р.Бердібай: “Бұл кезге дейінгі бірсыпыра еңбектерде Абылайдың жау қолынан босап шығуы Ресей елшісі К.Миллердің араласуы арқасында ғана мүмкін болды деген тұжырым басым айтылатын еді. Сырт қарағанда мәселенің осылай болғаны рас... Қазақтың шашыраңқылығын, әкімдерінің алауыздығын пайдаланып, тұтқиылдан шабуыл жасап, елеулі табыстарға жеткенімен, ұшы-қиыры жоқ сахараны жайлаған, ішкі қуаты сарқылмаған елдің қауқарын Қалдан-Серендер де сезіп, кейде осы халықпен күш біріктіруді, Абылай сынды айрықша дарынды жандарға “кешірім жасап”, өзіне тартуды да көздегені анық. Абылайдың 1743 жылы жоңғар түрмесінен аман-есен оралуына негізгі себеп осы деп қарауға болады”, деп қорытуы қазақ фольклорының мұрағат деректерімен үндесіп, бірін-бірі толықтырып жатқандығын көрсетеді.

Қорыта келгенде, Абылай сұлтан қазақ-жоңғар келісімі нәтижесінде босатылды деп анық айта аламыз. Ал К.Миллердің Жоңғарияға келуі Ресейдің империялық саясатының жалғасы, қазақ даласы үшін күрестен туындағаны тарихи шындық деп түсініп, Абылай сұлтанды босатуға көп ықпалының болмағандығын нақтылы айтуға болады.

Ендігі күрделі, бүгінге дейін талас-тартыс тудырып жүрген мәселе — Абылай ханның қайтыс болған жылы. Мұрағат деректері ханның 69 жасында дүниеден өткендігін айғақтағанымен, зерт­теу­ші­лер тегі бір шешімге келе алмай қой­ды. Ханның қайтқан уақытын орыс зерттеушісі, заманында Орын­бор губерниясы құжаттарымен та­ныс­қан А.Левшин, Абылай хан неме­ресі Ш.Уәлиханов, ғалымдар Б.Сү­лей­менов, В.Басин, Ж.Қасымбаев 1781 жылдың көктемі деп анықтаса, Р.Сүлейменов, В.Моисеев, И.Еро­феева 1780 жылды ұсынады. Соңғы кезде жарық көрген академиялық “Қазақстан тарихының” ІІІ томында Абылай ханның 1781 жылы қайтыс болғанына тоқталынады. Дегенмен, Орынбор мұрағатында жұмыс жасау барысында кездескен жаңа құжаттар, ханның қайтқан жылын нақтылауға мүмкіндік береді. Мұрағат деректері Ресей патшасының Абылай хан өлімі жөнінде 1781 жылдың 17 сәуірінде хабарланғанын көрсетеді. Ондағы бір құжатта сотник Турсанның бауыры Айтуған деген “ханның былтырғы күзде қайтыс болғандығын” жеткізеді. Осындай хабарды сәуір айында Отар Жолбарысов та хабарлайды. Отар ханның Түркістанда жерленгендігін айтып, алдыңғылардың мәліметін толықтырады. Мұндай хабар содан сәл бұрын 17 наурызда Әулие Петр қорғанына Күлебай батыр арқылы да жетеді. Әскери қорған басшылары түскен мәліметті тексеріп алған соң ғана патшаға хабар салады. Мамыр айы басында Сібір әскери шептері Абылайдың Әділ атты ұлының Уәли және Шыңғыс ағаларына арнайы Күлебай батырды жіберіп, ел игілерін тез арада жинап, Кеңес өткізу қажет­тігін ұсынғандығымен хабарланады (ОрОММ 3 қ. 1 т., 176 іс, 400-409).

1781 жылдың көктем айы басында Абылайдың жанында болған діни адамдар елге оралып, Уәли сұлтанға келіп, ханнан қалған дүние-мүлікті жеткізеді. Араға уақыт сала Орта жүздегі кеңеске қатысқан 5000-ға жуық сұлтан, би, батырлар дала тәртібімен Уәлиді хан көтереді. 1781 жылы тамыз айының соңында Петропавл қорғанынан 250 шақырым жердегі Уәли жайлауына келіп, бар жаңалықпен қаныққан Троицк шекаралық кеденінің директоры Чучалов деген “патша үкіметінің Абылай орнына лайықты жаңа хан сайлау, оны Ресейге бекіттіру қажеттігі ұсынысының кеш қалғандығын”, қазақтардың Уәли сұлтанды “өткен көктем басында хан сайлап жібергендігін” жазады.

“Көктем”сөзін нақтылағанда, солтүстік Қазақстанның табиғат жағдайын ескерудің қажеттігін, яғни Уәли сұлтан 1781 жылы сәуір-мамыр айларында хан тағына отырған деп айтуымызға болады.

Сонымен, жоғарыдағы 1781 жылдың наурыз, сәуір айларындағы деректер Абылай ханның “былтырғы (1780 жыл-Ә.М.) күзде қайтыс болғандығын” дәлелдейді.

Бұған қосымша 1781 жылдың көктемінде Абылай ханға берілген асты да айтып өтуге болады. Қазақы дәстүрде ас қайтқан адамға бір жыл болғанда берілетінін білеміз. Дегенмен қазақтар мемлекеттік, ұлттық мәселелерді шешуге келгенде және Абылай сынды ұлы тұлғалардың орнына сайланар ханды ұлықтауда асты арнайы мерзімінен 3-4 ай бұрын да ұйымдастырып отырған. Оны этнографтар Ж.Артық­баев, Е.Смағұлов дәлелдеп жүр.

Абылай ханның қырғыздармен соғыстан кейін көп ұзамай қайтыс болғаны тарихи шындық. Қырғыз зерттеушісі Т.Асанов соңғы шайқас 1780 жылы күзде болды деп есептейді. Аудармашы М.Бекчуриннің жазбасында Н.Огаревке 1780 жылы 16 маусымда берген рапортында Абылай Ташкентке 6 күндік жердегі Талас өзені жағалауында орналасып, Қытайға елшілікке жі­бер­ген ұлын күтіп жатыр делінеді. Осы кезеңде қырғыз билері Садыр мен Момокон Ботбай руына соққы бе­ріп, ханның бір серігін өлтірген. Осы оқиға Абылайдың қырғыздарға шабуылына негізгі себеп болған.

Бұл текетіресте қырғыздар жеңіледі. Осы шайқасқа байланысты Уәли сұлтанның 1781 жылғы 23 ма­мыр­дағы Сібір шебі басшысы генерал-майор Г.Огаревке жолдаған хатында: “Что он (яғни Абылай - Ә.М.) будучи в походе от приключившейся ему болезни умер на шестьдесят девятом году”,  дегенін қосалық. Мұның барлығы ат үстінде жүріп, елі мен жері үшін күрескен Абылай ханның 1780 жылдың қоңыр күзінде орын алған жұмбақ өлімін дәлелдейді. Бірақ Абылай соңғы соғыста жарақат алды дегенді нақты айту қиын.

Абылай хан тарихындағы қырғыздар және өзге елдермен қақтығысқан күрделі кезеңдер өз зерттеушілерін күтеді. Өйткені, ұлы хан елдің оңтүстік-шығыс шекарасын бекітуге 20 жылдан астам уақытын сарп етті. Сол үшін сан мәрте атқа қонды.

Бүгінгі Қырғызстан Республикасының жоғары оқу орындарына арналған “История Киргизов и Кыргызстана” (Бишкек: Илим, 2003) деген академиялық ең­бек­тегі қазақ-қырғыз байланыстары тарихын да назар­дан тыс қалдырмаған дұрыс. Мәселен “1764 жылдың күзінде қырғыздар үш қайтара шабуыл жасап Іле өзені бойын жайлаған көптеген Ұлы, Орта жүз қазақтарын тұтқындады. Осы жорықтарда қазақтардың атақты қолбасшысы (кейін 1771 жылы барлық қазақтар ханы сайланған) Абылай сұлтан 17 қазақ сұлтандарымен бірге қырғыздар қолына түсті, тек үш айдан соң олардың барлығы қырғыздардың ханы Жайылдың қайырымдылығымен босатылған” (150-бет) деген жолдарының өзі оқырманның ойын сан-саққа жүгіртуі мүмкін. Қырғыз ағайындардың арқа сүйер дерегін қайдан тапқанын (мүмкін “ойдан болуы”) білмеймін. Өзім қараған Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор мұрағаттарында, тіпті орыс зерттеушілері еңбектерінде де мұндай пікір атымен кездеспейді. Дегенмен, Абылайдың қырғыздардың қолына түскендігін Шоқан да жоққа шығармайды. Бірақ қазақстандық тарихшылар бүгінге дейін оны ашық жазбай жүр. Біздіңше қырғыз тұтқынында болу мәселесі нақты зерделенуі қажет. Одан босау және елге оралу тарихы да Абылайтанудың ақтаңдақтарын ашуға үлесін қосады.

Авторы: Әбілсейіт МҰҚТАР, Атырау мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат