Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-08-11:

“Еуразия шеҢбері” жас дарындарға жол ашты

 

Қазақ ақпарат кеңістігінің көкжиегі күн санап кеңейе түсуде. Сол кеңістікке талпынған жастардың құлшынысы мен ұмтылысы да көңілге жылылық ұялатады. Шын талант иесі ғана сын өткелінен сүрінбей өтіп, шыңдалып шығады десек, топ арасын жарып шығарлықтай бойға біткен қабілетті байқату үшін алдымен сол сынның мейлінше қатаң болғаны керек. Сондықтан болар, бүгінде жас дарындардың қабілет-қарымын танытып, талабын бағалауға мүмкіндік берерліктей байқаулар деңгейі биіктеп келеді. Болашақтарын сөз өнері әлемімен байланыстыруды мақсат тұтқан сондай жастар жыл сайын “Еуразия шеңбері” атты халықаралық ақпараттық форумның жаңа ережелері мен талаптарына сәйкес шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алуда. Мұны жақсы үрдіс деп қабылдауға болады. Себебі, мұндай байқаулар дарынды деген жастардың бағын ашуға септігін тигізері анық.

Сонымен, биылғы ІV халықаралық ақпараттық форумның көші алғаш рет ел асып, Мәскеуге қарай жол тартты. Ресей халықтар достығы университетінің базасы негізінде және Қазақстанның жастар медиа-бірлестігі, Қазақстан жастары Конгресі, еліміздің Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткен бұл форум сөзсіз халықаралық деуге тұрарлық. Аталған форумға қатысу үшін әр елдің қыз-жігіттеріне небір сындардан сүрінбей өтуге тура келді. Қазақстан, Ресей, Грузия, Германия елдерінің сөз шебер­лері бірнеше ай бойы қатысу­шылардың жұмыстарын сараптап, шын жүйріктерін таңдап алды. Шамамен 300-дей жас форум дирекциясына алдын ала өз туындыларын өткізсе, солардың арасынан 109 қатысушыға қабілет-қарымын байқатуға мүмкіндік туды.

Бәсекеге төтеп берерліктей биік шы­ғар­ма­шылық деңгей мен халықаралық мәдени интеграцияның жандануына жол ашу мақсатын көздеген бұл форум өз қанаты­ның астына еліміздің 60-қа тарта жас журналисімен бірге Қырғызстан, Польша, Қытай, Сирия, Моңғолия, Марокко, Украи­на, Зимбабве, Индонезия сияқты 15 мемлекеттің дарындылары жиналып, шеберлік майданында сынға түсті. Тәжіри­бе алмасты. Форум аясында әлемдік дең­гей­дегі маңызды мәселелерге орайлас­тырылған тақырыптар бойынша өткен дөңгелек үстелдер мен конференцияларда өздерін толғандырып жүрген мәселелерге қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, туындаған сауалдарға жауап алды.

Бүгінде дүние жүзінің әр түк­пірінде белең алып жатқан мем­ле­кет­ара­лық, ұлтаралық, конфессия­аралық түсініспеушіліктер мен қақтығыстардың тым жиілеп кетуі қоғамда алаң туғызып отырғаны шындық. Жастар форумында осы мәселеге баса на­зар аударылып, олардың кө­зімен сын таразысына салынды.

“БАҚ-та ұлтаралық және кон­фессияаралық қарым-қаты­нас­тардың көрініс табуы. Жастар және төзімділік”. Осы тақырып­тағы дөңгелек үстел қызу пікір­таласпен өтті. Оған жас жур­налистермен қатар Қазақ ұлттық-мәдени автономиясының, Ресей халықтары Ассамблеясының, Чуваш аймақтық ұлттық-мәдени автономиясының, “Халықаралық еврей газетінің” және өзіміздің БАҚ өкілдері қатысып, тақырып төңі­регінде келелі мәселелер көте­рілді. Қазіргі таңда мем­лекеттер арасында орын алып жатқан шие­леністі жәйттердің бір дені діндер арасындағы алауыз­дық әсерінен де туындап отыр­ғанын әлемдік қауымдастық сарапшылары жоққа шығара алмайды. Ал қоғамда бо­лып жатқан оқиғалар мен түрлі құ­бы­лыстарға шынайы баға бере келіп, сол жайында дұрыс қоғам­дық пікір қалыптастыру жағына келген кезде журналистердің жауап­кершілігіне көп нәрсе бай­ланысты екені анық. Сол себепті де БАҚ өкілдерінің қоғам­дағы рөлі мен алар орны айқындалып келеді. Аталмыш тақырыпты жас жур­на­листермен талқылау кезінде бірқатар елдерде қалыптасқан жағдай мысалға алынды.

– Бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болып келген бір­қа­тар елдерде миграциялық үде­ріс­тердің туындауы экономикалық қиын­дық­тардың салдары болса, мұның өзі ұлтаралық келіспеушілікті ушық­тыра түскен. Сол себепті бұл мәселе қазірдің өзінде өткір қойы­лып отыр. Мәселен, Ресей мемлекетін бүгінде түрлі ұлттық тұрғыдағы мәселелер алаң­да­та­ты­ны белгілі. Елдегі экономикалық шарықтаудың әсері қазірдің өзінде оған басқа елдерден мигранттардың ағылуына түрткі болуда. Өзбекстанда да осындай жағдай қалыптасқан. Сол себепті ол өз тарапынан конфессияаралық байланысты нығайту мақсатында бірнеше бағытта мемлекеттік бағдарламаларды қолға алып жатыр. Қазақстанның да осындай мәселелермен бетпе-бет келіп қалуы ғажап емес,–деген пікірлерін жеткізді сала мамандары. Тақырыпты талқылау кезінде сөз алған еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің БАҚ жөніндегі басқармасының бастығы Кенжеболат Жолдыбай Қазақстанның ақпарат рыногында қалыптасқан жағдайға тоқтала келіп, мем­ле­кетіміздің, әсіресе, жастар басылымдарының жандануына күш салып отырғанын тілге тиек етті.

Форум аясында сонымен қатар, жас журналистердің сөз қолдану мәде­ние­тіне қатысты түрлі басқосулар өтті. “Тіл мәдениетін дамытуға тәрбие­леу­дегі өзекті мәсе­лелер мен жетістік­тер және Еуразия кеңістігіндегі жас журналист пен фи­лологтың бол­мы­сын қалып­тас­тыру” деген тақы­рып­та өткен ғы­лыми-тәжірибелік конференцияда болашақ журна­лис­тердің шебер­лі­гін қалай шың­дау­ға болады деген сауалға жауап ізделінді. Қа­зіргі таңда жастарға бағыт беретіндей аймақтық және халықаралық форум­дар­дың көбеюі жайлы сөз бола келіп, кем­ші­лік­тердің де кездесіп қалатындығы ай­тыл­ды. Мәселен, кәсіби журналист дайындап шығатын жоғары оқу орындарының азды­ғы, жастарға арналған басылымдардың көп болмауы, болса да, өте аз тара­лым­­мен шы­ғуы, осы кәсіпке маман­дан­ған жас кадр­лар­дың жетіспеу­ші­лігі, тағы басқа мәсе­ле­лер­дің орын алуы сала мамандарының басты на­зарында тұрғандығы атап өтілді. Бұ­ған қоса, жастар бұқарамен байланыс, пиар саласына қатысты кей мәсе­лелер жөнінде де өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды.

4 күн бойы форумға қаты­сушылар бір-бірімен пікір, тәжірибе алмасып қана қоймай, журна­лис­тика саласын­да­ғы танымал маман­дардың дәріс­те­рін тыңдады. Бағыт-бағдар алды. “Жас­тық. Талант. Табыс” деген сөз­дер биылғы форумның басты ұранына айналды.

– Мәскеуге келген әр қатысу­шы, сөзсіз, жеңімпаз деп саналады. Себебі, 300 үміткердің ішінен суы­ры­лып алға шыққан жастардың қай-қайсысы болмасын, өз ізде­ніс­терін шеберлік­терімен ұштастыруы арқасында ғана форумға қатысу мүм­кіндігіне ие болды. Мұны, та­быс демеске болмайды, – дейді фо­рум­ның директоры Светлана Галиева.

Шынында да, форумға келген­дер­дің барлығы да өз қабілеттерін то­лықтай көр­се­тіп, дипломант, лауреат атанды. Қазылар алқасының шешіміне орай, ең жүйрік деп та­нылған­дар, атап айтар болсақ, Ресей ха­лық­тар достығы университетінің шығармашылық тобы (телевизия), Айгүл Аспандиярова, Міржан Баймаханов (веб-дизайн), Оксана Цурик (радиобағдарла­ма­лар), Елена Кали­ни­на (баспасөз), Мадияр Шайкен (фотожур­на­листика), Зәуре Қалықова (жарнама және PR) 6 түрлі номинация бойынша Гран-при иегері болды. Форумның ең жас қатысу­шы­сы – 15 жасар Шәкір Исламбакиевтің фан­тас­ти­ка жанрында жазған еңбегі ерекше деп бағаланып, арнайы диплом мен Шыңғыс Айтматов атындағы ха­лық­аралық қорының арнайы сый­лығы табыс етілді. Еліміздің Мә­де­ниет және ақпарат министрлігі, Қазақстан жастары Конгресі, “Ха­бар” агенттігі, “Қазақстан” телера­дио­корпорациясы, “Егемен Қазақ­стан” және “Казахстанская прав­да” газеттері, Қазақстанның және Қыр­ғызстанның Ресейдегі елші­лік­тері және басқа да ұйым­дар өз тараптарынан сыйлықтар ұсын­ды. Ал Ресей халықтар дос­тығы университеті тағайындаған ең басты сыйлығы Астана қаласының 11 сынып оқушысы Индира Мәмбетоваға бұйырды. Индира Ресейдің аталмыш оқу орнында тегін білім алуға жол­дама алды. Индира – “Қоз­ға­лыс” атты мектепішілік газеттің редакторы. Төрт тілді меңгерген 18 жасар қыз болашақта өзі таңдаған кәсібінің шеберіне айналуды мақсат тұтады.

– Журналистикасыз өмірімді елестете алмаймын. Келешекте өз ісімнің қыр-сырын жетік меңгеріп, кәсіби маман болу жолында бар күш-жігерімді аямаймын. Форумға қатысу арқылы жиған біліміміз өз бағытымызды айқындауға септігін тигізді деп ойлаймын. Өйткені, бұл форум біз үшін үлкен бір мектеп тәрізді,–дейді Индира. Бұл Индираның ғана емес, “Еуразия сақинасы” ке­ңіс­тігіне көтерілген әр жастың жү­ре­гін жарып шыққан сөз секілді. Себебі, қазіргідей бәсекеге толы сөз майданында сананы сіл­кін­дірерліктей құдіретті қаруды дұрыс қолдана білу – осы өнерді өзімен егіз ете білгеннің ғана еншісіне бұйырар бақыт.

 

Суреттерде: Форумның бас жүлде иегері – Индира Мәмбетова; форумға қатысушы жас жур­налистер.

 

 

“Жас журналистердің құлшынысы мен ұмтылысы көңілді марқайтты”

 

Қандай да бір маңызды істің тың идеядан бастау алары анық. “Еуразия шеңбері” форумы идеясын жарыққа шығарудағы мақсат – сөз құдіретін бағалап, өз болашағын осы әлемнің биігінен көруге талпынған жасқа дұрыс жол нұсқап, бағыт беру болды. Міне, осы мақсатты бетке ала отырып, бірқатар пікірлерді сын таразысынан сұрыптай өткізіп, жас журналистерге бағдар боларлық жоба жүзеге асырылды.

Биыл төртінші рет жастардың жанынан шыққан туындыларды сарапқа салып, қабілетін бағамдайтын халықаралық форум несімен ерекшеленді? Біз осы төңіректе идея авторы, Қазақстан жастары медиабірлестігінің директоры Светлана ГАЛИЕВАНЫ әңгімеге тартқан едік.

– Светлана Ахметжанқызы, жыл сайын дәстүрге айналған форум алғаш рет Мәскеу қаласында өтті. Биылғы форумның алдыңғылардан ерекшелігі болды ма?

– Жыл өткен сайын бұл фо­рум­ның маңыздылығы арта түсуде. Осымен төртінші мәрте өткізілген биылғы форумға еліміздің түкпір-түкпірінен және өзге мемлекет­тер­ден келген жастардың құлшынысы, шыны керек, таңдай қаққызды. Өз ісінің шебері болуға деген ұмты­лыс­тары жақсы. Жауапкершілігі мен ауыртпашылығы мол маман­дық­тың қыр-сырына үңіліп, құ­пия­сына қанығып жүрген жастардың көптігін көріп, еріксіз қуанады екенсің. Белгілі бір кәсіби деңгейге көтерілу үшін ізденіс, содан кейін, әрине, тәжірибе керек десек, фо­рум­ның басқа байқаулардан өзге­ше­лігі – мұнда әр жас журналист өзінің қабілетін байқатып қана қоймайды. Тәжірибе алмасуға, аға-апайлары­ның ақыл-кеңесін тыңдап, шебер­лігін шыңдауға мүмкіндік алады.

Жастар форумға ұлкен дайын­дық­пен келіпті. Сөзсіз, бұрынғы форумдарға қарағанда, биылғы форум, тәжірибесі мол жастардың көптеп қатысуымен ерекшеленді. Егер, алғашқы форумда көбінесе ойын-сауық бағдарламаларға орын беріліп келсе, биыл журна­листиканың сараптамалық жанрына бет бұрушылық анық байқалды. Форум дирекциясына түскен материалдардың басым көпшілігінде жас журналистер қоғамдағы келелі мәселелерді көтеріп қана қоймай, оларды шешудің тиімді жолдарын ұсынуға тырысқан.

Осы жылғы форумға біз бұрын болмаған жаңа номинацияны енгіз­дік. Авторлық PR және медиажо­ба­лар түріндегі бұл номинация әлеу­мет­тік мәселелер көрініс тапқан ең­бек­тердің ең үздігіне берілді. Бір бай­қағаным, қоғамдағы кедейлік, ба­лалардың құқығын қорғау, наша­қорлық секілді түрлі өзекті мәсе­лелер туралы материалдардың дені сәтті шыққан. Мені қуантқан енді бір жәйт, биыл веб-сайт саласында маманданып жүрген жастардың Интернет-жобалары жоғары кәсіби деңгейде дайындалыпты. Мұндай жастардың болашағынан көп үміт күтуге болады. Себебі, олар өз идея­лары мен ой-пікірлерін өзін қор­ша­ған ортаға жария етіп қана қоймай, кәсіби деңгейде жүзеге асыруға машықтануда.

– Қазіргі жас журналистердің тілдік қолданысына қатысты не айтар едіңіз?

– Аталмыш форумды дамыту­да­ғы басым бағыттардың бірі – жас жур­налистердің туындыларындағы лингвистикалық құрамға ерекше мән беру. Сол себепті болашағын жур­налистикамен байланыс­тыр­ғысы келетін жастардан әдеби тіл­дің құн­ды­лықтарын мейлінше бойға сіңі­ру­ді бірінші кезекте талап ету керек. Егер бұл талапты толы­ғы­мен орын­дап шықса, оның шебер­лігі де соғұр­лым арта түседі. Өмірдің қай саласы туралы болсын, еркін қалам тербеуге үйренеді. Осы мақсатта біз жас журналист пен филологтың тіл­дік мәдениетін қалай қалыптас­ты­руға болады деген тақырыпта ғылыми-тәжірибелік конференция өткізген едік. Қазір ТМД елдерінде журна­лис­ти­каға мықтап ден қойған және бірден бірнеше тілді меңгерген жаңа ағым пайда бола бастады. Болаша­ғынан көп үміт күттіретін мұндай жастар­ды көріп еріксіз сүйсінесің. Бізге осындай жастар керек. Келешекте БАҚ-тың түрлі саласын басқара­тын­дар осылар болмақ.

Форумның қызықты болғаны соншалық 4 күннің қалай тез өтіп кеткенін байқамай қалыппыз. Сала мамандарымен болған шебер-кластар, пікірталасқа толы бас­қо­су­лар, ғылыми-тәжірибелік конфе­рен­циялар, жас журналистердің қолдарынан шыққан газеттер көрмесі –бұлардың әрқайсысы өз ерекшелігімен жастардың есінде қалды. Себебі, бұл форум жас журналистердің кәсіби деңгейде шыңдалуына жол ашқандай.



Авторы: Әңгімелескен Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат