Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-08-18:

Өркениет өнегесі

 

 (Аяулы ұстазым Зейнолла Қабдоловқа арнаймын).

 

Белгілі америкалық публицист, өркениеттанушы Элвин Тоффлер өзінің “Болашақ сілкіністері” атты еңбегінде бүгінгі заманның қайсыбір қатпарлы құбылыстарына баға бере келе: “...Мен шамамен адамзат тари­хының бел ортасында дүниеге кел­дім. Сондықтан, осы өмірімде қанша тосын оқиғаларға тап болып, қан­шама ғажайып құбылыстардың куәсі болсам, маған дейін де адамзаттың тура сол көлемде таңғала тіршілік жаратқанына кәміл сенемін”, деген сөздерді мысалға келтіреді (Элвин Тоффлер., Шок будущего.. М., 2004, 26-б.). Шынында да, біз өмір сүріп отырған уақыт адамзат тарихының ең шешуші де белорта кезеңі. Өр­кениеттанушылардың бағамдауынша, тіршіліктің соңғы 50000 жылдай мер­зімінің тек ақырғы онмыңжылдық тарихы тұсында ғана адам баласы үңгірден шығып, негізгі өркениеттік игіліктерді жарата бастады. Әсіресе, тарихтың соңғы екі мың жылдан астам кезеңі шынайы алға басу, өр­кендеу кезеңі болды. Ал адамзат қауымдастығының дамуындағы біз куә боп отырған соңғы ғасыр – өн­дірістік, экономикалық қарқындар­дың биік шыңдарға самғаған жаһан­дану кезеңі ғана болып қоймай, со­ны­мен бірге,  аса ірі рухани, гумани­тарлық сілкіністердің,  яғни, өрке­ниеттік дағдарыстардың да белең алған тұсы болып отыр.

Мұның сыры неде? Өркениеттік дағдарыстардың себеп-салдарлары қандай?  Бұл сұрақтарға жауап беру үшін, алдымен, адамзат өркениетінің жалпы даму заңдылықтарын зерде­леп, оның өсіп-өркендеу баспалдақ­тарын саралап алуымыз қажет. Бұл мақсатта бірнеше ғасырларға терең­деп, қайсыбір еңселі тарихи құбы­лыс­тардың, заманынан оза туған өр­кениеттанушы ғалымдардың рухани әлемін шиырлауға тура келеді.

Бүгінгі әлемдік мәдениеттану ілі­мінде шырмауықтай қаумалап, оңтайлы теориялық шешімін тап­паса, сыздауықтай жарылар халге жеткен бірнеше рухани ұстанымдар бар. Олардың негізі:

 – біз ғұмыр кешіп отырған уақыт – өркениет атаулының ақыр­ғы кезе­ңі, бәлкім, оның жантәсілім  сатысы;

 – қазіргі заман – “өркениеттер дағдарысының, яки, қақтығысының” алаңы;

 – жаһандану – барша ұлт пен ұлысқа төнген бұлтартпас құбылыс дегенге саяды.

Тағдыр тізгінін өз қолына алып, өркениеттер керуенінен тиесілі енші-ырысын айыру үшін ақжолтай ботақанын сол ұлы көшке ұлықты үмітпен қосқан Қазақ елі үшін де бұл ұстанымдардың айрықша мәні бар.

Оның себебі, бүгінгі заманның жалпы құрылымында  барша ел, ұлыс атаулының өз-өзін, ең алды­мен, мә­дени, тарихи феномен ре­тінде түй­сініп, содан кейін біртұтас адам­зат­тық өркениеттің құрамдас бөлшегі есебінде танып-білуіне қа­жетті сұранымдардың маңызы артып отыр. Олай болса, ғасырлар бойы қалып­тасқан ділі мен табиғатына, ұста­ным-аңсарына негізделген жаңа ба­ғыт-бағдар іздеушілік, “жер беті, күн астынан өзіне тән орнын” ен­шілеуге ұмтылу, адастырмас, жаңғы­руға, өркендеуге бастайтын мұраттар табу – кез келген талапты ел үшін қа­быр­ғалы мәселе.

Белгілі америкалық әлеуметтану­шы С.Хантингтон өзінің “Өркениет­тер қақтығысы” атты кітабында: “...В мире после “холодной войны” наи­бо­лее важные различия между людь­ми уже не идеологические, полити­ческие или экономические. Это куль­­турные различия. Народы и на­ции пытаются дать ответ на самый простой вопрос...“Кто мы есть?”. ...Они идентифицируют себя с куль­тур­ными группами: племенами, эт­ни­ческими группами, религиозными общинами, нациями и – на самом широком уровне – цивилизациями. Не определившись со своей иден­тич­ностью, люди не могут ис­поль­зовать политику для преследования собст­венных интересов” (С.Хан­тинг­тон. Столкновение цивилизаций. М., 2003, 17-б.), деген еді. Сол автор аталған кітабының тағы бір жерінде: “Алпауыт елдердің арасындағы бұ­рынғы бәсекелестік енді өркениеттер қақтығысына ұласып отыр”, дейді (24-б.).

Бүгінгі өркениетте қалыптасқан арасалмақ, технологиялардың, эко­но­микалық серпіндердің шарықтау шегі, планетадағы шикізат көздерінің бірте-бірте тапшылану үрдісі, діни дүрдараздық, ғасырлар бойы адам­затты сүттей ұйытқан рухани қағи­далар мен ұстанымдардың тығырық­қа тірелуі, сан түрлі саяси, идеоло­гия­лық, әскери, экологиялық дағдарыс­тарға толы болған “бұрқасын ғасыр­дың” ақтүтегінде көңілге медеу, жанға тиянақ таба алмай шатқаяқтаған адам баласы – осы секілді ғалами құбы­лыс­тардың, қалыптасқан сенім-наным­дардың, рухани ұстанымдардың шаңы­рағын шайқалтып кеткені рас.

Осыны ескерсек, тәуелсіздігінің он бес жылдығына аяқ басқан Қазақ елі үшін қоғамды алға сүйрер, барша ұлт пен ұлысты біртұтас игі серпіндерге жұмылдырып, әлемдегі тұғырлы орнын именбей ізденуге жетелер бағыт-ұста­ным­дардың ауадай қажеттігі көлденең дау туғыза қоймас. Ал ол үшін әлім­сақ­тан қалыптасқан қағидалардан сабақ түзеп, солардың түйінді тұстарын шешіп алғанның мәні артпай ма? Жалпы, есейіп ер жеткеннен соң – оңды-солды танып, көрші-қолаң, ай­на­ла дүниеге көз қырын салып, қира­лаң, күмәнді сүрлеуі аз, даңғыл жолға адастырмай шығарар бағыт-бағдар табу үшін әлемде бүгін болып жатқан оқиға-құбылыстардың тізбегін саралап қоймай, олардың бастау көзін, шыққан тегін де түгендеп алудың маңызы бар. Өйткені, өркениет бүгін таңда, немесе бұдан он бес жыл бұрын оянған жоқ, оның керуен-көші өз қағида-заңды­лық­тарын, ұлы сапарларда бағасын білгізер ырысты аруанадай қастерлеп, тек қана дана қаһармандар, ақылгөй аламандар мен маңдайлы ұлт, жұл­дыз­ды ұлыстар сызған бағыт-бағдармен ғасырлар оздырып келе жатыр.

 

1.  О.Шпенглер және “өркениеттің ақыры”

Бүкіл саналы ғұмырын “Адамзат тарихының қай тілде жазылғанын және оны қалай оқу керектігін” зерттеуге арнаған Освальд Шпенглердің ең аты­шулы еңбегі –  алғашқысы 1918 жылы жарық көрген 2 томнан тұратын “Еу­ро­паның ымырт шағы” (“Закат Европы”) кітабы. Қағидаларының өмір­шеңдігімен, қайсыбір құбылыстар­дың даму барысын ғасырлар бұрын бол­жай білген көрегендігімен ерекше­ленетін бұл кітап әлі күнге дейін құндылығын жоғалтпай, ғасырлармен тайталасып келеді. Жалпы өркениет­тану саласындағы көріпкелдік көсем­дігі жағынан теңдесі жоқ деп айтуға боларлық осы кітабында автор:

– адамзат тарихын зерттеуде қа­лыптасқан қасаң қағидалардың бірі, тауарихты: Ежелгі дүние, Орта ғасыр және Жаңа дәуір секілді кезеңдерге бөліп, оның аясын шартты атаулармен шектеушілікті қолдамай, қайта, тірші­ліктің негізгі кезеңдерімен (сәбилік, жастық шақ, кәрілік; көктем, жаз, күз, қыс) сабақтастырады, сөйтіп, мәдениет атаулының дүниеге келу, көк жай­саңдай құлпыру, даму шегіне жету, қартаю кезеңдерін белгілейді;

– мәдениет пен өркениет деген ұғымдардың аражігін ажыратып, мә­дениеттің дүниеге келу, өсіп-өркендеу кезеңдерін, қайталанбас келбетке ие болып, құлпыру заманын бастан кеші­ріп, қартайған шақта, жантәсілім берер алдында өркениетке ұласатынын айта­ды; яғни, өркениет — мәдениеттердің шарықтау шегіне жетіп, күні еңкейген, зауал шағына тұспа тұс келеді;

– ұлт мәдениеттерінің өркениетке ұласуының тағы бір алғышарты ретінде – жиналған бүкіл өркениеттік құн­дылықтардың саусақпен санарлықтай аздаған ірі қалаларда – мегаполис­терде шоғырланатынын болжайды; яғни, қаншама жауһар мәдениет ұш­қын­дарын, толған айдай келісті көр­кемдіктерді дүниеге әкелсе де, аталған ірі қалалардың қасында басқа жұрт, бөтен мәдениет – провинция.

Жалпы, биік өркениет көкжиегін - әрқайсысының кереге-бесігі берік, уықтары оқтай түзу, шаңырағы биік төл мәдениеттердің алаңы ретінде қарастыратын О.Шпенглер: “...Вместо безрадостной картины линеарной всемирной истории... я вижу нас­тоя­щий спектакль множества мощных куль­тур, с первозданной силой рас­цветающих из лона материнского ланд­шафта, ... чеканящих каждая на своем материале – человечестве —  соб­ственную форму и имеющих каж­дая собственную идею, собственные страсти, собственную жизнь, волне­ния, чувствования, собственную смерть. ...У каждой культуры свои но­вые возможности выражения, которые появляются, созревают, увядают и никогда не повторяются. ...Я вижу во всемирной истории картину вечного образования и преобразования, чудесного становления и прехож­де­ния...”, деп пікір түйеді (Освальд Шпенглер., Закат Европы., М., 1993, 151-б.). Ал, мәдени мегаполистердің тұрғындарын – “жаңа көшпенді, паразит, дәстүр-салт атаулыдан жұр­дай, фактінің құлы, дінсіз, салтсыз, берері шамалы білімдар, дүмше” деп суреттейді (Сонда, 165-б.). Онымен қой­май, барша өркениеттік ырыс- игі­лік­терді бойына жиған сол мегапо­листерден тыс жерде дүниеге келген мәдениеттің бәрін провинция ретінде құлдырау қаупі күтіп тұрғандығын ескертеді. Ал ірі қалаларда шоғыр­лан­ған мәдениет сапасының күрт құл­ды­рап, асылдың сынығындай мәңгілік жауһарларға емес, қарасан тобырдың ғана көңілінен шығатын жаппай қарабайыр, тек күнделікті сұранысқа бейімделетіндігін айтады.

О.Шпенглердің адамзат тарихының даму барысы жөніндегі негізгі бай­лам­дары тағы да бір іргелі тарихшы, мәдениеттанушы, ағылшын А.Дж.Тойн­бидің өркениет ағысы жө­нін­дегі пікір­лерімен үндес, сабақтас болып келеді.

Жалпы адамзат өркениетінің ба­ғыт-бағдарын анықтау, оның даму барысынан мән-мағына табу, өркендеу кезеңдерін саралау, сол арқылы ақтық нысанасын белгілеу секілді ізденістер Гераклит, Платон, Аристотель заманы­нан бастау алып, Кант, Гегель, Тейлор т.б. ойшыл, ғалымдардың еңбектерінде жалғасын тапты.

Осы орайда, О.Шпенглердің өрке­ниет дамуын белгілі биологиялық және физиологиялық кезеңдермен (көктем, жаз, күз, қыс; сәбилік, жастық шақ, кә­рілік) сабақтастырып, ұлт мәде­ние­тінің дүниеге келу, көк өскіндей жай­қала даму сатыларын бастан өткеріп, жантәсілім берерінің алдында өрке­ниетке ұласатыны жөніндегі пікірінің адамзат тарихының бұралаңсыз, тек түзу даңғылмен үнемі алға басып оты­ратындығы жөніндегі эволюциялық пікірмен үйлеспейтіндігін айта кету керек.

 Бұл жерде ескеретін екі жәйт бар. Біріншіден, адамзат қоғамының даму эволюциясы жөніндегі дәстүрлі таған­дап алға жылжу, немесе, әлеуметтік прог­ресс идеясы мен М.Вебер, Э.Дюрк­хайм еңбектерінде дәйектелген толассыз жаңғыру, модернизация идея­ларының ортақ белгісі – олар адам­зат өркениетін ұқсас, біртектес заңдылықтармен дамитын игіліктер жиыны ретінде қарастырады. Ал Шпенглер, Тойнбилер жер бетінде дү­ниеге келген әр мәдениеттің тал жа­пырақтарының түсіндей қайталанбас реңкіне, төл қасиетіне, ең бастысы, өзіндік “өмір жолына”, “тағдырына” баса назар аударады. Екіншіден, ұлт мәдениеттерінің “есейіп, еңкейген ша­ғында өркениетке ұласу үрдісін” жа­риялағанда, О.Шпенглер оларды дү­ниеден баз кештіріп, мүлдем жойып жі­беруден аулақ, қайта олардың өз дамуының шарықтау шегіне жеткенде бірте-бірте ұсақтап, қарабайырланып, “өмірлік қажыр-қайратының өсіп-өркендеу мұраттары емес, автомат­тан­дырылған, қан-сөлсіз – құдіретсіз, ағымдағы  сұраныстардың жетегінде кететіндігін” толғайды: “...Современ­ная эпоха – эпоха цивилизации, а не культуры... Мы цивилизованные люди, а не люди готики и рококо; нам при­хо­дится считаться с суровыми и холодными фактами закатывающейся жизни (сонда, 174-175-бб.). ....Культура рож­дается в тот миг, когда из пра­ду­шевного состояния вечно-младен­ческого человечества пробуждается и отслаивается великая душа... Культура умирает, когда эта душа осуществила уже полную сумму своих воз­можностей в виде народов, языков, вероучений, искусств, государств, наук...”(264-б.).  Бажайлап қарап отыр­сақ,  Шпенг­лердің мәдениет атау­лы­ның өрке­ниетке ауысар тұсына берген баға­сының бүгінгі жаһандану зама­нының алға тартып отырған талап-мүдде­лерінен пәлендей айыр­ма­шы­лығы жоқ екендігін байқауға болады. Бірақ, бұл алдағы әңгіменің талшығы.

Шпенглер әр мәдениеттің өсіп-өркендеп, өзіндік салт құруына 1000 жыл кеседі де, ал оның өркениетке ұласқан ақырғы кезеңіне 200-300 жыл береді. Ол сонымен қатар, сан салалы адамзат өркениетін негізгі 8 ұлы мә­дениет үлгісіне бөледі: египет (мысыр), антикалық, үнді, вавилон (бабыл), қытай, араб, батыс, мексика.

Араға жарты ғасыр сала, өзінің 12-томдық “Тарихты таразылау” (“Пос­тижение истории”) кітабында Ар­нольд Тойнби өсіп-өнген 7, мүлдем өшкен 14 өркениет жөнінде толғайды. Аталған жетеуге: батыс, христиан, иран, араб, сирия, үнді, қытай мәде­ниеттерін жатқызады. Тойнби өрке­ниеттердің дүниеге келуін “сaуал-жауап” (“вызов-ответ”) қағидатымен түсіндіреді. Мәселен, жан-жақтан ша­буылдаған африкалық құм-дауылдардың ек­пінінен құрып кетуге шақ қалған Ніл, Тигр, Ефрат өзендерінің бойында өмір сүрген тайпалар, жағалаудағы батпақты, сорлы жерлерді құрғатып, жасанды су қоймалары, арықтар ар­қылы суландыру жүйелерін ойлап тауып, египет, шумер өркениеттерін дүниеге әкелді дейді ол. Сол сияқты, майялардың тағдырына – тропикалық орманның зауал шақ боп төнген ке­зінде – “табиғаттың қаныпезер қыспағына адам баласының бірлескен, ұйымдасқан тегеуріні қарсы тұрып”, жаңа өркениет құралғанын айтады (А.Дж.Тойнби., Постижение истории. Избранное. М., 2004, 122-б.).   

Қайсыбір ұлт пен ұлысты “адамзат­тың элитасы” деп есептеген Фернан Бродель 9 өркениетті бөліп-пішсе, замандасымыз Самюэль Хантингтон өзінің “Өркениеттердің қақтығы­суында”: қытай (синь), жапон, үнді, ислам, православие, батыс, латын­америкалық, африкалық секілді 8 өркениеттің ара-жігін ажыратады.

Жалпы, Қазақстанның ұлан-бай­тақ өрісінде өркениет нышан­дарының алғаш пайда болуы сонау қола замандарына тіреледі. Қаратау­дағы, Таңбалы шатқалындағы тасқа салынған суреттер — петроглифтер б.з.б. 2000 жылдықтардан бастау алады. Андроновтықтар деп аталатын мәдениет өкілдері қола заманында Қазақстанның орталық аймақтарын­да өмір сүріп, б.з.д. VІІ-VІ ғғ. Тасмола мәдени аймағын құрады.

Алайда, осы өлке ажарының әлемдік аренада жарқырай ашылып, уақыт сынды алпауытпен теке тірес­тірер жауһар құндылықтарды дүниеге әкелуі көшпелілер заманына саяды. Қазақстан жерінде өмір сүрген көшпелілердің сан-салалы тарихы жөнінде ұлттық ғылыми ой шама-шарқының жеткенінше зерделі әңгіме құрап келеді. Алайда, бөтен елге құпиялау көрінер өмір салты мен келісті салтанаты кезінде Геродотты таң қалдырған көшпелі­лердің мәдениетінде басын ашып алатын бірқатар мәселелер бар. Олардың негізі мыналар:

– жалпы көшпелілер мәдениеті жөнінде айтылар әңгіме – аспанға шапшыған асау тұлпарлардың ап­шысын қуырта ырқына көндірген, мұрындық-жүген, ер-сайман, ат-әбзел, дөңгелек, арба секілді адамзат өркениетінің шешуші құндылық­тарын ұлы санасы жарық дүниеге әкелген біздің ата-бабаларымыз жөнінде айтылар әңгіме. Сонау Ал­тай, Сібір, Моңғолиядан Алдыңғы Азия, Еуропаға дейін созылған Ұлы далада, жалпақ сары далада дүниеге келген көшпелілер мәдениеті деге­німіз – бүгінгі заманға жеткені бар, жетпегені бар, әйтеуір, осы ендік­терде өмір сүрген басқа да ірі тай­палық бірлестіктермен бірге жаса­сып, бірге өркендеткен біздің ата-бабаларымыздың төл мұрасы, солар­дың аманат-игілігі;

– орта ғасырларда бүкіл Азия құр­лығының қалың жұрты мойын­дап, мызғымастай қалыптасқан қағида бойынша — дүниенің төрт бұ­ры­шын тіреп тұрған 4 әлемдік монархия: оңтүстікте — піл патшасы (Үндістан), батыста – інжу-маржан, асыл тас падишахы (Иран, Визан­тия), солтүстікте — арғымақ баһадүрі, сәйгүлік патшасы (Түркі қағанаты), ал шығыста – адам патшасы (Қы­тай) билік құрған болатын (К.Бай­пақов., Диалог культур, Культурные контексты Казахстана: История и современность, А., 1998, 73-б.). Осы­лардың ішінде әсіресе, көшпелілер мәдениеті – әлемдік экожүйеге үй­лесімділігі мен қоршаған ортаға бейімділігі жағынан барынша алға басқан, төрткүл дүниеде өз жөні, жосығы бар өміршең өркениет ре­тінде белгілі еді;  

– көпшілік тарихшы ғалымдар, тіл­шілер (әсіресе, ресейлік, қала бер­ді отандық) көшпелі прототүрктер­дің, әсіресе, сақтардың мәдениетін әлі күнге дейін үндіирандықтармен сабақтастырады, оларды иран диа­лектісінде сөйлеген дегенді айтады. Мұндай қағиданы дәлелдейтін дәй­ек­тер де аз, жоқтың қасы, ал, бұлтартпайтын дәлел болмағаннан кейін, ана халық мына мына тілде сөйлеген деп көзбен көріп, құлақпен естігендей үй ішінен үй тігудің қа­жеті қанша? Шын мәнінде, сараптап-саралай келсек, Есік қорғанынан табылған Алтын адам (Ататүрік деп атаса да болғандай) кешеніндегі күміс тостағандағы жазу – көне түркі руникалық емлесімен жазылған Қазақ жеріндегі ең көне (б.з.д. V ғ.) жазу үлгісі ғана емес, сонымен қа­тар, көшпелілер әлемінде кең қолда­ныста болған, солардың мемлекет­тігіне қызмет етіп, біртұтас дүниета­нымын құруға негіз болған бірден-бір бағзы емле – көне түркі руни­калық жазуының бастау алар көзі, соның ең байырғы нұсқасы деп есеп­теуге негіз бар. Ол былай тұр­сын, бүгінгі таңда, тек Қазақстан же­рінде табылған көне түркі алфави­тімен жазылған мәнді-мағыналы жазба ескерткіштердің ұзын саны 100-ге тарта. Олардың ішінде: Талас бойынан табылған таяқшадағы, кезінде Шығыс Қазақстанда архео­логиялық экспедиция қазған көне түркі қорғанынан табылған қола айнадағы (осы айнаның тағдыры белгісіз, кезінде С.Кляшторный оқимын деп Ресейге алып кеткен, ізі жоғалды), Орталық мұражайдың арнайы көрмесінде тұрған белгілі түрколог А.С.Аманжолов оқыған қола айнадағы, Тараз қаласының мұражайындағы ақтастағы жазулар, кезінде өзіміз сол Тараз мұра­жайы­нан арнайы алып келген, бүгінде Орталық мұражайдың көрмесінен заңды орнын еншілеген яшмадан жасалған сақина-мөрдегі жазу, т.с.с. бар (толығырақ – А.С.Аманжолов., История и теория древнетюркского письма., А., 2003,). Таралу ареалына, графикалық, мазмұндық сапаларына қарағанда, бұл жазба ескерткіштер – біріншіден, жалпытүркілік, клас­сикалық Орхон, Енисей жаз­баларымен түбірлес, рулас, солармен бірге біртұтас руникалық емлені құ­райды; екіншіден, мазмұны жағынан көшпелілер мәдениетінің рухани негізі саналатын – ортақ мифо­логиялық, дүниетанымдық жүйемен үндес құндылықтар. Осы жәйттерді ескерсек, ата-бабаларымыз         мұра еткен осынау ұланғайыр кеңіс­тікте – б.з.д. соңғы мыңжылдықтар аумағында ресми тілі, ділі, мемлекет нышандары, ғасырларға созылған рухани ізденістерінің уыздай жемісі – емлесі (емле ондаған жылдарда қа­лыптаса қоймайды), айнала әлем, дүние жөнінде космогониялық көз­қарас-жүйесі қалыптасқан көшпелі­лер мәдениеті сайран құрды:

– Ұлы даланы мекен еткен бай­ырғы арийлер мен кейінгі сақ, ғұн, түркілердің наным-сенімдері, діни нышандары жөнінде де керағар пі­кір, керенау қағидалар жоқ емес. Көпшілік ғалымдардың айтуынша, б.з.д. 2000-жылдықтан шамамен б.з. VІІІ ғасырына дейінгі аралықта осы топырақта табиғаттың тылсым күш­теріне,  жер-су иелеріне, түрлі тотем­дерге сенуден басқа зороастризм, шаманизм және тәңірлікке қатысты наным-сенімдер өмір сүрген. Өз за­манының данышпаны, ұлы ақылгөйі саналған, дүниежүзілік негізгі дін жүйелерінің қалыптаспай тұрған шағында, адамзаттың балаң ақыл-ой санатына қыруар әсер еткен Зара­тустраның ілімі алғаш Сырдария өзенінің сағасында, яғни, Қазақстан жерінде сақ тайпаларының арасында дүниеге келген деген де болжамдар жоқ емес.  В.И.Абаев, В.В.Струве, Г.Виденгрен секілді ғалымдар Зара­тустра ілімінің бастауын Орта Азия, Арал жағалауынан, скифтер мен сақ тайпаларының арасынан іздейді (Қ.Затов, Культурные контексты Ка­захстана: История и современность, А., 1998, 159-б.). Сонымен қатар, аталған қазақстандық ғалым зоро­астризм­нің мазмұндық, ритуалдық жағынан шаманизмге жақындығы жөнінде А.Клосс, Г.Виденгрен се­кілді ғалымдардың пікірлері барлығын айтады. Ал, В.И.Абаев Заратустраны сақтардың (скиф­тердің) Спитама тайпасынан шыққан десе, Авестаның білгірі Л.А.Лелеков сол құдіретті кітаптан – оның хаома атты қасиетті шырынды алғаш сығып шығарған Пурушаспаның ұлы екендігі жөнінде мәліметтер ұсынады (Лелеков Л.А., Авеста в современной науке, Мифы народов мира, 1-том, М., 1992, 460-б.). Лелеков Заратустра ілімін ұстанушылардың жоғарғы құдайы Ахурамазданың, алдымен Заратустраның рухани болмысын жа­ратып, содан кейін оны 6000 жыл­дай тіршілік бәйтерегі (дерево жизни) – Хаоманың діңгегінде шыңдап, ерекше ақыл-айла, парасат сыйла­ғандығын және көп өнерге, соның ішінде шамандардың (бақсылардың) құс қауырсынына қарап болжам айту дағдысына баулығандығын айтады (Мифы народов мира, 142, 460-бб.). Осы орайда, сақ тайпаларының негі­зі: тиграхауд (“тікұшты баскиімді­лер”), массагеттер және хаома сусынын дайындаушылар болып үш бұтаққа бөлінетіндігін ескерсек, ғалымдардың жоғарыда айтылған пікірлері жандана түскендей. Қайт­кен күнде де, көшпелілердің, про­тотүркілердің наным-сенімі жөнінде әңгіме-дүкен құрған кезде, осы үштағанды – зороастризм, тәңірлік, шаманизмді айналып өту мүмкін емес. Сонымен қатар, осы үштаған­дағы бүкіл көнетүркілік әлемге кеңі­нен таралған тәңірлік мифоло­гиялық жүйесінің әлі күнге тиісті дәре­жесінде зерттелмей жүргендігін баса айтқымыз келеді. Қайткен күн­де де, классикалық көне түркілік мәтіндерде қомақты, жүйелі түрде көрініс беретін тәңірлік идеоло­гияны — зороастризммен тығыз байланыста қарастырып, олардың ортақ құдайлар пантеонындағы Ахурамазда – Хормуста – Көк тә­ңірі — Қорқыт параллельдерін сабақ­тастыра зерттесе, талай жаңалық­тардың ашылатындығы сөзсіз. Қоры­та айтқанда, мұндай наным-сенім, жоралғылардың біздің топырақта орын алуы – ата-бабаларымыздың да, басқа өрендес, туыстас, замандас ұлт-ұлыспен бірге, жалпы адамзат өркениетінің барша даму баспал­дақ­тарын бірге аттап, бірге өткеріп келе жатқандығын айғақтайды. Сонымен қатар, адамзат тарихында бірнеше дүркін қайталанған дүние жүзі ха­лықтарының көшіп-қону, алмасу үдерісінің бірден бір себепкері бол­ған көшпелілер мәдениетінің  О.Шпенглер, А.Тойнби, С.Хантинг­тон, т.с.с. ғалымдардың жасаған кестесіндегі өркениеттер керуенінен еншілес орнын ойып алатындығын мойындатады. Олай болса, көшпе­лілер мәдениеті де, жоғарыда Хан­тингтон тізбелеген православие, батыс, латиноамерикандық, африка­лық секілді, адамзат тарихына өз үлесін қосқан қанатты, қабырғалы өр­кениет болып табылады. Бірақ, оның бұрын өркен жайып, бүгінде құрып кеткен басқа (мысалы, майя, ацтектер секілді) өркениеттерден айырмашылығы — қайсыбір ишарат-жоралғылары мен наным-сенімдері­нің біздің заманымызда да өмір сүріп отырған өміршең өркениет екендігі.

Осы орайда, көшпелілер өрке­ние­тінің мән-мағынасын басқаларға қарағанда, тереңірек ашса да, оны та­рихи феномен ретінде мойындамаған   Тойнбидің: “...Кочевники направили свои усилия на проедоление вызова степи... Кочевники не смогли бы одержать победу над степью, выжить в столь суровом естественном окру­жении, если бы не развили в себе интуицию, самообладание, физи­чес­кую и нравственную выносливость.

Не удивительно, что христиан­ская церковь нашла в повседневной жизни номадической цивилизации символ высшего христианского идеала (образ “доброго пастыря”)...” деген жолдары еріксіз еске түседі (Постижение истории., 193-б.).

Қайткен күнде де, байырғы Қа­зақстан жерінде көшпелілер мәде­ниетінің төрткүл дүниеге өзінің қай­таланбас өмір салты мен дүние­та­ны­мын паш ете салтанат құрғандығы көлденең дау туғызбайды.

 

2. С.Хантингтон және “өркениеттер қақтығысы”

Өркениеттің жалпы даму заң­ды­лықтары, оның ұлттық мәдениет­термен арадағы қарым-қатынасы, адам тіршілігіне тигізер ықпал-шапағаты жөнінде өркениеттанушы ғалымдар, философтар мен тарихшылар мың­даған жылдардан бері ізденіп келеді. Адам шіркіннің өзінің пендешілік тағдырынан мағына-қайыр іздейтіні секілді, адамзаттың ақыл-ойы да өр­кениет жаратылысынан мән-мағына, баян іздеумен келеді. Ал мұндай ізде­ніс­тің терең танымдық, философиялық астары бар.

Адамзат өркениетінің тарихы - әу баста, Табиғат-ананың ақ сүт-уызын еркін емген адам баласының, тірші­ліктің қайсыбір жұмбақ ақиқаттарынан (Жақсылық пен Жамандық секілді) дәм татам деп жұмақтан қуылған кезе­ңінен басталады. Өз тағдырындағы ең шешуші сол қадамынан бері адам баласы – пенде тірлігінің барлық тал­қысын тартып, небір “тар жол, тайғақ кешуден” өтіп келеді. Сол сәттен бері жұмақ деген ол үшін – тек хор қыз­дарының салған әні бұлақ боп сың­ғырлайтын мамыражай, ағыл-тегіл молшылық мекен ғана емес, сонымен бірге, Табиғат-ананың күнәдан ада, мөл­дір заңдылықтарымен үйлесім тау­ып, уайымсыз-қайғысыз ғұмыр кешкен бақытты кезең, алтын ғасыр. Жұмақ­тан қуылу табиғаттың шуақты гармо­ниясынан аластатылу еді. Содан бері өркениет өзінің алтын ғасырын іздеу­мен келеді...

Нәрестенің, ананың ыстық алақа­нынан босанып, ер жетіп, есейгеннен соң өз алдына шаңырақ көтеретіні секілді, адам баласы да күнделікті күйбең тірлігін күйттегеннен басқа, айнала әлемге қанат жая өркендеу үшін өз мәдениетінің отауын тігеді. Қоршаған ортаны игеріп, талғажау етер азық табудың қамымен отын-ошақ, құрал-сайман, қару-жарақ қол­дан­са, ұрпақ өсіріп, тірлігін жалғас­тыру үшін тілін, ділін, наным-сенімін қалыптастырады. Өзіне тән тұрмыс-салтын құрады. “Мәдениетін дамыту – адам баласының үнемі жетіле түсуі­нің  қажетті алғышарты” деген еді белгілі әлеуметтанушы Э.Фромм (Эрих Фромм., Здоровое общество., М., 2005, 86-б.). Табиғат-ананың бауырындағы уыз үйлесімділіктен ажырап, өз түтінін енді дара түтеткен адам баласы үшін тіл мен діл, мәдениет тек қоршаған дүниені рухани тұрғыда игеріп, әлем жөнінде өз түсінігін, көзқарастар жүйе­сін қалыптастыру үшін ғана емес, со­нымен бірге, өз тіршілігінің де баянды­лығын ақтап, оның өткіншілігіне ұрыс ашу үшін керек. Осы тұрғыдан келген­де, кез келген ұлт мәдениетінің даму деңгейі – оның өркениеттілігінің көрсеткіші болады. Ал, өркениет – барша ұлт пен ұлысқа ортақ, біртұтас адамзаттық ұғым. Оны жалқы ұлттың не санаулы қауымдастықтың ен тағып, еншілеуі мүмкін емес. Өркениет – О.Шпенглер айтқандай, мәдениет­тер­дің “қабірі” емес, қайта, барша мә­дениеттің жетсем деп талпынатын, өз орнымды тапсам деп қарманатын аң­сарлы алаңы. Ол — барша мәдениет­тер­­дің үнемі жетіліп, дамып, өркендеп отыруының басты кепілі де. Бірақ, бір­тұтас адамзаттық өркениет деңгейіне көтерілу үшін мәдениеттің алдымен өзінің қажетті даму сатыларынан өтуі қажет. Ол қандай сатылар?

Бүгінгі заман – мәдениеттердің жаһандану кезеңі… Жаңа сапаға көшер алдындағы, яғни, өз дамуының ең биік сатысы — біртұтас адамзаттық өрке­ниетке құйылар алдындағы қарбалас шағы. Жаһандану – өркениеттің ке­зекті даму сатысы. Олай болса, қайсы­бір кереғар пікірлерге қарамас­тан, өркениеттің демі әлі таусылған жоқ, керісінше, ол ұлы өзгерістердің, қайта өрлеу заманының қарсаңында тұр. Осы орайда, өркениеттің жалпы даму бағыттарын анықтау үшін алдымен оның типологиялық құры­лымын қарастырып көрелік.

Біріншіден, өркениет – біреу. Ол – адамзат өркениеті. Өркениет – мәдениеттердің түбірлі тамыры болса, мәдениеттер – оның жайқалған жасыл бұтақтары. Мәселен, Хеопс пирами­дасы, Тәж Махал – белгілі бір ұлттың рухани табысы ғана емес, сонымен бірге, жалпы адамзат өркениетінің ор­тақ игіліктері. Осы тұрғыдан келгенде,  бүгінгі заман – С.Хантингтон айтқан­дай, “өркениеттер қақтығысының” алаңы емес, өркениеттің құрамдас бөліктері – мәдениеттердің, мәдени ұстанымдардың арасындағы текетірес, солардың жаһандану кезеңі.

Екіншіден, өркениеттің даму кезең­дерін бүгінгі заманның биігінен сара­ласақ, қайсыбір жаңа өрістерді бай­қаймыз. Әрине, бұл жердегі басты жаңалық — өркениеттің нәрі мен сөлі – мәдениеттердің өз дамуының ең жоғарғы сатысы — жаһандану кезеңіне аяқ басқандығы, яғни, өркениеттің өз дамуының кезекті айналымына кір­гендігі. Мәдениеттер дүниеге келеді, өсіп-өркендейді, содан кейін, өзінің барша құнды ризықтарын біртұтас адамзат өркениетіне құйып, жаһандану кезеңін бастан кешіреді. Шынтуайтына келгенде, бұл кезең – адамзат тари­хын­дағы ең күрделі кезең болып отыр. Жиырмасыншы ғасырдағы идео­ло­гиялық текетірестердің салдарынан тұтанған дүниежүзілік әскери, саяси катаклизмдер, мыңжылдықтар ауысқан шақтағы түрлі мәдениет ұстанымдары – діндердің арасындағы дүрдараздық­тан шарпыған өркениеттік дағдарыс­тың от-жалыны... Бір сәт көз алды­мыз­ға әлемдік діндердің алғаш таралу кезеңін келтіріп көрейікші. Олардың қай-қайсысы да, алдымен бір елде, бір топырақта дүниеге келіп, кейін басқа ел, бөтен топыраққа таралар тұста қыруар қарсылықтарға тап болмап па еді? Басқаны былай қойғанда, алға­шында өз елі, өлең төсегінде қолдау таба алмай, небір тобырлар мен шо­дыр­лардан қағажу көріп, кейін, бір­жолата орныққан заманында қаншама алыс-жұлыс қантөгістер мен мазмұн­дық бейімделулерді қажет етпеп пе еді? Міне, қазір де өркениет сол толғақ үстінде. Түрлі мәдени ұстанымдардың, діндердің арасындағы бүгінгі текеті­рестің сыры да осында. Бұл өркениет­тік дағдарыстан шығудың біз көріп отырған екі жолы бар. Біріншісі – ымы­расыз қантөгістен адамзат өрке­ние­тінің мүлдем жойылып кетуі, не­месе, бәз-баяғы алғашқы қауымдық қоғамға қайта құлдырап, тарих шығыр­шығының теріс айналуы. Екіншісі – сан салалы мәдениет ұстанымдарының қыр астынан төніп келе жатқан нағыз зауал шақ – жаһандық тапшылықтар заманының алдында бір арнаға тоғы­сып, өркениетті аман сақтап қалатын ортақ мүдделерге иілу жолы. Ол үшін адам тегінің жер бетіндегі тіршілігін — ғаламдық экологиялық жүйе мен Жер планетасының шикізат ресурстарының мүмкіншілігі тұрғысынан үйлестіретін жаңа құндылықтар, жаңа мәдениет ұстанымдары, қысқасы, өркениеттің жаңа сапасы керек. Әлемдік ұлы мәде­ниет ұстанымдарының бойындағы ортақ рухани өзектерді тереңірек аршып, біртұтас адамзаттық үйлесімнің негізінде жаңа өркениеттің негізін қалау керек.

А.Тойнби мұндай заманды: “...К то­му времени единство человечества, вероятно, будет восприниматься как одно из фундаментальных условий человеческой жизни – как бы часть природного миропорядка, и историкам той эпохи, возможно, будет трудно представить со своей стороны локаль­ное местническое мировоззрение пио­неров цивилизации в первые шесть, или около того, тысячелетий своего существования...” деп суреттейді (А.Тойнби., Цивилизация перед судом истории., М., 2003, 401-402 бб.).  Ал, Эрих Фромм өзінің “Салауатты қоғам” атты кітабында: “...И действительно, для тех, кто видит в монотеистических религиях лишь один из этапов эво­люции человеческого рода, не так уж противоестественно поверить в то, что в течение следующих нескольких сотен лет появится новая религия, дух кото­рой будет соответствовать разви­тию рода человеческого. Важнейшей чер­той подобной религии был бы ее уни­версализм, отвечающий происхо­дящему в нашу эпоху обьединению человечества. Эта религия включила бы в себя гуманистические доктрины, общие для всех великих религий Вос­тока и Запада”, дейді (Эрих Фромм., Здоровое общество. Догмат о Христе., М., 2005, 400-б.). Әрине, бұл көкірегі ояу, көңіл сарайы кең, ақжүрек ой­шылдардың өркениет тағдырына ала­бөтен алаңдап, тығырықтан шығарар сара жол іздегендегі жүрекжарды сыр­лары. Қайткен күнде де, өркениеттің тағдыр-талайын зерделегенде олардың пікірлерін айналып өту мүмкін емес.

Өркениеттің жаһандану кезеңі адамзаттан ұшан-теңіз қажыр-қайрат, салқынқанды шыдамдылық пен парасат айбынын талап етеді. Бұл “тар жол, тайғақ кешуден” тұратын қиын да күрделі өткел бірнеше жылдарға емес, тіпті, ғасырларға созылуы мүмкін. Өйт­кені, аманатшыл ата-бабалары­мыз­дың мыңдаған жылдар бойы қарлы­ғаштың қанатымен су сепкендей тір­нек­теп жиған асыл мұрасы, бірер жылдың не жалқы ғасырдың көлемінде басқа да өзі тектес мәдениет ұстаным­дарымен қоян-қолтық бірігіп кетіп, ортақ өріске жайыла қоймайды. Ол үшін ғасырлар безбені Жер планетасы­ның тіршілік ресурстарын сарқып, күн тәртібінің алдыңғы легіне барша адам­затқа ортақ, өркениеттің аман қалу, қалмауына байланысты көкейкесті мәселелерді шығаруы қажет. Оның бер жағында осы уақытқа дейін адамзатты сан-саққа бөліп, ымырасыз дүрдараз­дықтан жер-жаһанды қантөгіс алаңына айналдырған мәдени ұстанымдар да жаһандану, уақыт талқысына сай бейім­делу, яғни, мазмұндық сапасы жа­ғынан өзгеру сатысын бастан ке­шіруі қажет.

Өркениеттің қадыр-қасиеті жөнін­дегі әңгімеміздің үшінші тиегі оның өзіндік нысаналы бағыты жөнінде болмақ. Біртұтас өркениетке бағыт тү­зеп, үздіксіз алға озған мәдениеттердің барар жер, басар тауы жөнінде белгілі американдық философ, болашақтану­шы Фрэнсис Фукуяма өзінің атақты “Адамзат тарихының соңы және ақыр­ғы адам” атты еңбегінде былай дейді: “...Человечество будет казаться ... длинной цепью фургонов на одной дороге. Некоторые будут двигаться к городу быстро и резко, другие встанут на отдых в прерии, а то и застрянут в колее на горном перевале... Кое-кто из погонщиков, оглушенный битвой, потеряет чувство направления и какое-то время будет гнать фургон не туда, а в паре-другой фургонов народ уста­нет от езды и решит встать постоян­ным лагерем, вернувшись для этого назад в удобное место. Но подавляю­щее большинство фургонов медленно будет продвигаться к городу, и почти все они в конце концов туда приедут.... Имеется в виду, что въедет в город число фургонов достаточное, чтобы любой разумный человек, поглядев на ситуацию, согласился, что было только одно путешествие и только одно место назначения...” (Фрэнсис Фукуяма., Конец истории и последний человек., М., 2005, 504-505 бб.). Біздің ойымыз­ша, бұл – жаһанданудың негізінде біртұтас өркениетке (бұл мысалда — қала) бет алған сан жағынан да, сапа жағынан да әртектес мәдениеттер шеруінің таза америкалық көрінісі.  Ал, шын мәнінде, кез келген жүрегінің түгі бар, саралы болашақтан үміті бар ұлт пен ұлыстың тіршілік идеалда­рының өміршеңдігінің, тіпті, тарихи тұрлаулылығының да жарқырай көрі­нетін тұсы осы. Ол үшін, әсіресе, қазақ елі, алда килігер талай сын сағаттар мен ұрымтал тұстарда сүттей ұйыған ынтымағын адалбақандай ардақтап, тарихи қырағылығы мен арманшыл жүрегін қосақабат жанып, өркениеттегі өз орнын еншілеуге бағытталған ұлы жорығын қамдауы керек. Өйткені, қаншама қиямпұрыс қиыншы­лық­тарға, кереғар қайшылықтарға тап болып отырғанымен, бүгінгі заман өркениеттің тың өрісін, жаңа тынысын ашып отыр.

Иә, адамзат тарихының бүгінгі биігі өркениет дамуының жаңа тынысын ашты. Тіпті, өркениеттің мәңгілік құбылыс екендігін дәлелдеп отыр. Бұл жаңа түйіннің терең оптимистік, өміршең мағынасы бар. Оның басты сыры – адамзат өрке­ниетінің ішкі даму заңдылықтарынан туындауда. Ол қандай заңдылықтар?

Біріншіден, бүгін біз бастан кешіріп отырған мәдениеттердің жаһандану дәуірі – өркениеттің кезекті, бәлкім, жоғарғы сатысы.    

Екіншіден, адамзат өркениеті дегеніміз,  ең алдымен, Жер ша­рында өніп-өркендеп отырған өрке­ниет, адам баласының өз қолымен, парасат  санатымен жасаған игілігі. Сондықтан, толыққанды адамзат өркениетін басқа планеталармен сабақтастыру әзірге мүмкін емес. Олай болса, біртұтас адамзат өрке­ниетінің бірте-бірте планеталық, яки, жаһандық өрке­ниетке ұласатыны көлденең дау туғыза қоймас. Бұдан шығатын қорытынды –өркениеттің келесі даму кезеңі оның планеталық, жаһандық сапасымен тығыз бай­ланысты.

Үшіншіден, планеталық өркениет дегеніміз – табиғи шикізаттардың, жалпы тіршілік ресурстарының күннен-күнге еселей сарқылып, шегі көрініп, түбі сақырлай бастайтын бүкіләлемдік тапшылық заманында өмір сүретін өркениет. Адамзат ақыл-ойының шын сыналар тұсы. Өйткені, ол кезде жан сақтап, аман қалу, тіршілік нәрін тауысып алмай, мәңгі­лікке жалғасу секілді А.Камю айтқан “қыңыр да қырсық” сауалдар өрке­ниеттің алдына бұрын-соңды бол­маған тегеурінмен шығады. Алайда, адамзат өркениетінің бұл тығырықтан да аман-есен шығатынына күмәніміз жоқ. Себебі, қажетті жағдайда үнемі жаңғырып, алға басып, бір сападан екінші сапаға ауысып, бір ендіктен екінші ендікке көшіп отыру — өрке­ниеттің өмір салты ғана емес, бірден-бір тіршілік ету амалы.                   

Осылайша, талай “тар жол, тайғақ кешуден” аман өтіп, жаңа сапаға көш­кен өркениет, өзінің ең соңғы сатысына – ғаламаралық, көшпелі кезеңіне аяқ басады. Олай болса, адамзат өркение­тінің жаһандану кезе­ңінен кейін аттайтын соңғы баспал­да­ғы – көшпелі ғаламаралық, яки, галактикалық өрке­ниетке ұласу сатысы.

Бүгінгі жаһандану дәуірінің негізгі қырлары да, сырлары да осы.

Алайда, өркениеттің даму кезең­деріне қатысты осынау құрылымдық, типологиялық ізденістердің аса ма­ңызды, бәлкім, өркениеттану­шылардың арасында қызу пікірталас тудырар философиялық астарлары бар. Ол қандай мағына-астарлар? Соған келейік:

 а) Өркениет мәңгі. Ол әртектес ұлт мәдениеттерінің ұласуы арқылы біртұтас адамзат өркениетіне, ортақ адамзат өркениетінен ғаламдық өркениетке, одан тапшылықтар зама­нын артқа тастай отырып, ғаламара­лық көшпелі өркениетке ұласып, мыңдаған жылдарға озады. Адам ойының, оның ұшқыр қиялының бүгінгі жетіп тұрған көкжиегі осы. Одан әрідегісі – келер ұрпақтардың еншісінде.

ә) Өркениеттің мәңгілік құбылыс екендігі ақиқат шындық болса, тіршілік те – мәңгі. Олай болса, пенде тіршілігінің мәні де ризығы да – осы мәңгілік қозғалыста, басқаша айтқанда, адам баласының өмірінде мағына бар. Барша ұлт пен ұлыс­тар­дың, осынау “жер-жаһанның алты алашының”, өз тіршілігінің баян­дылығына деген аңсарлы үміті мен ортақ мүддеге ұмтылуына негіз бар.

б) Тіршіліктің мәңгілік екендігі рас болса, “ақырзаман”, “дүниенің ақыры” жөніндегі түсінік-ұғымдар тұрлаусыз болып шығады. Немесе, бұл ұғымдардың мәні бұрынғыдан басқаша мазмұнға көшеді. Негізі, “дүниенің ақыры”, “ақырзаман” деген ұғымдар, бір жағынан, жер планетасының, өзінің барша тіршілік ресурстарын тәмамдап, өркениеттің жаңа ғаламаралық, көшпелі сапасына ауысатын тұсына байланысты айтыл­ған болуы керек. Екінші жағынан, таза дүниетанымдық тұрғыдан ке­летін болсақ, классикалық мәдениет ұстанымдарында айтылатын “ақыр­заман” идеясы – өркениет сапасы­ның жаһандану заманындағы бүгінгі халіне, яғни, өркениеттік ұстаным­дардың бірте-бірте ұсақтау, жаппай­лану, адамның ақыл-ой, парасатынан гөрі оның табиғи инстинктеріне негізделіп, азғындау үрдісіне қатысты болуы мүмкін. Қайткен күнде де, “ақырзаман”, “дүние ақыры” секілді ұғымдар жалпы тіршіліктің мүлдем өшіп-сөніп, құрдымға кетіп, құруы жөнінде емес, өркениеттің бір сападан екінші сапаға, бір ендіктен екінші ендікке көшуі жөнінде айтылған деуімізге толық негіз бар.

 в) Қорытындылай келе түйілетін түйін – адамзат өркениеті – көш­пелілер өркениеті. Көшпелілік –өр­кениеттің бірден бір өмір сүру өзегі. Аман қалу амалы. Осы күні түсін түстеп, тегін түгендеп жүрген мәде­ниеттердің, С.Хантингтон айтқан “өркениеттердің” бір де біреуі адам­зат өркениетінің көшпелі, яки, транзиттік мән-мағынасын жеткілікті деңгейде аша алмайды. Олай болса, көшпелі өмір салты – алдымен жер шарындағы, қала берді, ғаламдық не ғаламаралық тіршіліктегі бірден бір мүмкін, бірден бір өміршең заңды­лық. Адамзат өркениетінің түпкі де түпкілікті мәні, негізгі мағынасы һәм табиғаты. Осылайша, тұтастай алып, түбегейлі қарастырғанда, адамзат өркениеті көшпелілер өркениеті болып шығады.



Авторы: Ермек АМАНШАЕВ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат