Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-08-18:

Тыныштық күзетінде

 

Дүние жүзінің барлық елдерінде мемлекеттіліктің мызғымас белгісі ретінде қаралатын мемлекеттік шекара  мәселелеріне әрдайым маңызды орын беріледі.  Пре­зидент Н.Назарбаевтың да 1992 жылғы 18 тамызда ең бірінші қол қойған құжаты “Қазақстан Республикасының Шекаралық әскерлерін құру туралы” Жарлығы болды. Осы сәттен бастап қазақстандық шекарашылар Қызыл тулы Шығыс шекара округі  негізінде Шекара әскерлері, кейіннен  ҰҚК Шекара қызметі болып құрылды. Шекара  органдарының қалыптасу тарихы – шекарашылардың бар­лық буындарының Отанына  адал және риясыз қыз­мет ету шежіресі десек, артық айтпаспыз.

Дүние жүзі мемлекеттері арасында Қазақ­стан аумағы жөнінен 9-шы орында тұр. Кейінгі жылдары шекара сақ­шы­ларының міндеттері, олардың ел қауіпсіздігіне жауап­кершілігі едәуір артты. Егер тәуелсіз Қазақстанның қа­лып­­тасу тарихының басында шекара күзетіндегі жауын­герлеріміз Қазақ­стан-Қытай шекарасының 1700 кило­метр­лік учаскесін ғана күзететін болса,  қазір Ресей, Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан шектесіп жатқан мемле­кеттік шекараның 15 мыңнан астам километрін, сондай-ақ Каспий теңізінің су айдынындағы теңіз шекарасын бақылайды.

Осынау ауқымды аумақтың сенімді күзетінде тұрған шекарашылардың кәсіби мерекесі қарсаңында  біз  ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара  қызметінің дирек­торы, генерал-лейтенант Болат Зәкиевке арнайы жолығып,  әңгімелескен едік.

 

– Болат Сейітқазыұлы! Осыдан 14 жыл бұрын егеменді еліміздің сенімді кү­зетінде тұрған ҰҚК Шекара қызметі құрылды. Оның қалыптасуы жайлы әңгімелеп берсеңіз?

– Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері мем­лекеттік шекараның мән-маңызы арта түсті. Елдің мызғымастығы – мемлекеттік шекара­ның беріктігімен тығыз байланысты. Ата-бабаларымыз қаншама ғасыр бойы ақ найза­ның ұшымен, ақ білектің күшімен сыртқы күштерден қорғаған жерімізді бе­кемдеу үшін Қазақстан Респуб­ликасының Пре­зиденті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қол­бас­шысы, Нұр­сұлтан Назар­баев­тың Жар­лы­ғымен 1992 жылғы 18 тамызда Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің Шекара қызметі дүниеге келді. Осы жерде сәл шегініс жасап, мем­лекеттік реформаларды жүзеге асыруды қолға ала бастаған 1992 жылға ойша көз жүгіртіп көрелік. Бұл тұста ең ал­дымен, тұрғындардың әл-ауқатының төмендеуі мен тұрмысқа қа­жетті тауарлардың өте қат болуы, өндіріс ошақ­тарының уақытша тоқтауы секілді жағдайлар ойға оралады. Осындай уақытша қолбай­лауларға қарамастан, мем­лекеттік институт­тарды құру жұмыстарының қарқын­ды жүр­гізілгенін жақсы білесіздер. Былайша айтқанда, жаңа, тәуелсіз мемле­кеттің негізі сол бір өтпелі кезеңде қаланды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің Шекара қызметі шаңырақ көтерген уақыттан бері қыруар жұмыстар жүзеге асы­рылды. Жасыратын несі бар, қа­лыптасу кезеңі оңайлықпен өткен жоқ. Өтпелі кезеңдегі бол­май қоймайтын қиын­шылықтар Шекара қыз­метін де айналып өтпеді. 1992-1993 жылдары, шекара құрылым­дарында қа­ра­пайым ғана жанар-жағар майдың өзі жетіс­пей жататын. Мұның өзі белгілі бір деңгейде қиындықтар туғызды. Шекарамыз­дың Түркі­менстан учаскесінде бәрін басынан бастауға тура келді. Ауыз су мен электр жары­ғының тап­шылығы бар, жүздеген километрге созыл­ған Үстірт шо­қы­сында бірде-бір елді мекен қоныстанбаған. Сол сияқты, еліміздің оңтүс­тік шептерінде де біраз қиындықтар бол­ды. Ол жерде біз тұрақты контрабандалық жол­дар­ды жауып, 1999 жылдың күзінен бас­тап шекаралық бөлім­шелерді қоя бастадық. Бү­гін сол қиындық­тардың барлығы артта қалды.

– Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын жайластыру жөніндегі бағдарламаның орындалу барысы қалай?

– Еліміздің тек қана құрғақтағы шекара­сының жалпы ұзындығы 14 мың шақырымды құрайды. Ал оны күзету – айтуға ғана оңай. Мемлекетіміздің шекара саясаты ішкі және сыртқы саясаттың құрамдас бөлігі ретінде ше­кара қауіпсіздігін қамтамасыз етудің біртұтас жүйесін құруға, мемлекеттің аумақ­тық тұтас­тығына қол сұғудың алдын алуға және оған тосқауыл қоюға бағытталған. Оның үстіне көр­шілес елдермен мемлекетаралық қатынас­тар қарқын ала бастаған сайын еліміздің ше­ка­расында экономикалық және саяси мүдде­лерді қорғау қажеттігі туындап отыр. Осынау міндет­терді орындау мақса­тында Қазақстан Респуб­ликасы Президен­тінің 2000 жылғы 3 шіл­де­дегі Жарлығымен Мемлекеттік шекара­ны қалып­тас­тырудың және жайластырудың 2004-2006 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Еліміздің мемле­кеттік шекара­сын күзетуді ұйымдастыруда Шекара қызметі осы құжаттарды басшылыққа алуда. Аталған бағ­дар­ламаны жүзеге асыру шеңберінде “Шығыс”, “Оңтүстік”, “Батыс”, “Солтүстік” өңірлік бас­қармалар құрылды. Осы аймақтық басқарма­лардың құрамында бірнеше шекара отрядтары бар. Алғы шептегі шекара заставаларына қа­жетті ғимараттарды бөлуде жергілікті әкімшілік органдары түсі­нушілік­пен көмек беріп отырды. Шекара қыз­метінің құрылымдарына қолдан келген кө­мек­терін аямаған облыс әкімдеріне ризашы­лы­ғымды білдіремін. Қорыта айтқанда, Мемле­кет­тік шекарамызды қалыптастыру мен жай­лас­тырудың мемлекеттік бағдарламасының талаптары рет-ретімен орындалу үстінде.

– Шекара қызметінің әскери кадрлармен қамтамасыз етілуі мен жетістіктері жайлы не айтар едіңіз.

– Жасыратын несі бар, Кеңес Одағы та­рап, көптеген білікті де тәжірибелі офицерлер тарихи атамекендеріне қарай ат басын бұрған кезде мамандарға зәру болғанымыз рас. Бұл күндері Шекара қызметін әскери қызметші­лер­мен қамтамасыз ету толықтай шешілді деп нық сеніммен айта аламын. Шекарашы-офицер­лерімізді даярлауды ондаған жылдық тарихы бар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Әскери институты жүзеге асырып келеді. Осы оқу орны кешегі Кеңестер Одағы көлеміндегі санаулы оқу орындарының бірі болатын. Бү­гін әскери институттың материалдық-техни­ка­лық базасы жақсы деңгейде. Шекара қыз­ме­тіндегі офицерлер құрамының барлығы дер­лік осы оқу орнының түлектері. Шет мемле­кеттерден елімізге арнайы сапармен келетін азаматтарды бірінші қарсы алып, құжаттарын тексеретін де шекарашылар екені белгілі. Сол себепті, еліміздің жоғары оқу орындарының шет тілі факультеттерін үздік бітіріп, шекара қызметінде еңбек етуге ниет білдірген жігіттер мен қарындастарымызды арнайы тексеріп, Әскери институттың бір жылдық курсында оқытып, қатарымызға қабылдаймыз. Шекара құрылымдарын мамандармен жинақтау мәсе­ле­­сінде саннан гөрі сапаға баса мән беріп жа­тырмыз. Мереке қарсаңында шекара­шылардың жыл басынан бергі қол жеткізген жетістіктеріне қысқаша болса да тоқтала кете­йін. Алғы шеп­тегі шекара құрылымдары 8700-дей мемлекеттік шекараны бұзушыны ұстады. Контрабан­далық тауар тасудың 970 оқиғасы тіркеліп отыр. Бұл мәліметтердің 90-ға жуығы заңсыз есірткі тасымалдаушылар екендігі анықталып, тосқауыл қойылды. Олардан жүздеген кило есірткі заттары тәркі­ленді. Ел аумағына заңсыз қару-жарақ тасып әкелудің 20-дан ас­там фактісін анықтап, дер кезінде тоқта­та білдік. Офицерлер Дәурен Бек­жанов, Артур Вишняков, Жәнібек Қанаев, Марат Дүй­се­баев, Дә­урен Әбілов, Ақыл­бек Ис­лам­ғалиев және Ардақ Рақымбеков өз ісі­нің озаттары қа­та­рында. Соны­мен қатар, кә­сіби білік­тілігі жо­ғары келісім-шарт қызметкерлері прапорщик Александр Соболев пен старшина Андрей Кулаковты ұжымдары мақтан тұтады.

– Шекаралық заставалардың құрылысын жүргізу, жоғары техникалық құрылымдармен жабдықталуы және әскери қызметшілердің кәсіби дайындықтары қандай?

– Республика Президентінің Жарлығымен өмірімізге енген Мемлекеттік шекарамызды қалыптастырудың және жайластырудың мем­лекеттік бағдарламасында бұл мәселелер айқын көрсетілген. Шекара заставаларының құрылы­сын жүргізу – өте ауқымды жұмыс. Оған заставаның ғимараты, әскери қызмет­шілердің тұратын үйі, ақыр аяғы мемлекеттік шекара күзету ісінде жиі пайдаланылатын қызмет аттары мен иттерінің қораларына дейінгі жөн­деу, жаңадан салу жұмыстары кіреді. 2001 жылдың басында Үкіметтің ке­ңейтілген мәжі­лісінде Елбасымыз Н.Ә.Назар­баев облыс басшыларына Шекара қызметінің құрылым­дарына барынша көмектесу жөнінде нұсқау берген. Қазіргі таңда Мемлекеттік бағдарлама бойынша қажетті шекара жасақта­ры мен заста­ва­ларының ғимараттары толық­тай тұрғызылды. Ал кейбір застава ғимарат­тарына жыл сайын жөндеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеміз. Сондай-ақ әскери қыз­метшілердің тұр­ғын үйін осы за­манға лайықтап салу жұмыс­тары басталып кетті. Алғы шептегі заставаларда уақытпен са­нас­пай қызмет атқарып жүрген шекара­шылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайла­рына баса назар аударудамыз.

Шекара қызметінің құрылымдарын жо­ғары технологиялық құралдармен жаб­дықтау шаруасы жыл өткен сайын жақсарып келе жатыр. Мемлекеттік бюджеттен Шекара қыз­метінің материалдық-техникалық базасын ны­ғайта түсу мақсатында қомақты қаржы бөлініп келеді. Теңіз шекара дивизиясы құрылған бо­латын. Осы жылдар аралығында теңіз шекара­шылары Каспий теңізінің қазақстандық бөлі­гінен еліміздің аумағына заңсыз кірген онда­ған кеменің жолын кесті. Биылғы маусымның өзінде ғана браконьер­лерден 800 килоға жуық бекіре тұқымдас балық уақытында тәркіленіп, тиісті орындарға өткі­зілді. Каспий теңізіндегі жағ­дайды бақы­лайтын күштер мен құрал­дарды кешенді пай­да­лануды қамтамасыз ету үшін автоматтан­дырылған радиолокациялық жүйені толықтай іске қостық. Бұл теңіз бетін жүздеген шақы­рымға дейін бақылауға мүм­кіндік береді.

25 шілде күні Премьер-Министр Даниал Ах­метов Маңғыстау облысына жұмыс сапары­мен келгенде Шекара қызметінің “Батыс” аймақтық басқармасына соғып, аталған жүйе­нің жұмысымен танысты. Бүгіндері Теңіз шекара дивизиясында шекара кемелері мен катерлерінің қатары жеткілікті. Мамыр айының соңында Орал қаласындағы “Зенит” зауытында жасалған “Сардар” кемесін Шека­ра қызметі қабылдап алды.

Тәуелсіз ел болған соң дүние жүзінің көп­теген елдерімен алыс-берісіміз жандана түсті. Шетел азаматтары әртүрлі мақсаттармен еліміз­ге ағылып келе бастады. Олардың ара­сында лаңкестік ұйымдармен байланысы бар азамат­тар бар ма, жоқ па деген сауалдарды түпкілікті зерттеу мақсатында “Бүркіт” деп аталатын біріккен ақпараттық жүйені іске қостық. Шетелдік азаматтың еліміз аумағына енген бойда бақылау-өткізу бекетіндегі шека­рашылар құжатын тексеру арқылы әлгі аза­маттың лаңкестік, басқа да қылмыстық топтармен байланысы бар- жоғын түпкілікті тексереді. Үш жылда бір рет өткізі­летін аттес­тацияда әрбір әскери қызметкердің кәсіби даярлығының деңгейі анықталады.

– Кейінгі уақыттарда қазақ-өзбек шека­расында біршама шиеленіскен оқиғалар орын алып, біраз алаңдаушылық туғызғаны белгілі…

– Қазақ-өзбек шекарасында шиеленіскен оқиғалардың орын алғандығын бәріміз біле­міз. Ондаған жыл көрші отырып, қыз алысып, құдандалы жекжат болған екі ел азаматтары мемлекеттік шекараның күзетіле бастағанына алғашында абыржып қараған­дары рас. Екі елдің мемлекет басшылары шекараны дели­ми­тациялау мен демаркация­лау мәселесін басты назарда ұстады. Орын алған шиеле­ніскен жағдайлардан саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Шекаралы аймақ тұрғын­дарының санасына шекара режімінің талап­тарын, ережелерін сіңіргенше де бірталай уақыт керек. Ал енді орын алған жағдайлар екі мемлекеттің дипло­матиялық арналары арқы­лы түпкілікті тексерілуде.

 Маусым айының басында Парламент Мәжілісінің депутаттары “Оңтүстік” өңірлік басқармаға қарасты әскери бөлімдерде болып қайтты. Халық қалаулыларының әскери даяр­лығымыздың жоғары екендіктеріне көздері жетті.

Бүгінгі шекарашылар күніне орай, тағды­рын мемлекеттік шекара күзетіне арнаған бар­ша шекарашылар қауымын төл мерекелерімен құтықтаймын. Отанымыз тыныш, отбасымыз аман, аспанымыз ашық болғай деймін!

– Әңгімеңізге рахмет!



Авторы: Әңгімелескен Нұрбек ЖАҚАНОВ, ҰҚК Шекара қызметінің кеңесшісі.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат