Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-09-06:

Өркениетті өзгерістер өзегі

 

Индустриялық-инновациялық даму стратегиясы болып табылатынын Солтүстік Қазақстан облысындағы жұмыс сапары кезінде Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев ерекше атап көрсетті

 

Негізгі астық өндіруші аймақ болып табылатын Қызылжар өңірінде күзгі орақтың нағыз қызған шағы. Аграршылар биыл да бітік егін өсіріп, шашпай-төк­пей жинап алуға жұмыла кірісіп кеткен. Сарыала күз ерекше мейі­рін төгіп тұр. Әр сәтті тиімді пай­далана білген жанның еңбегі жанатын кез қазір. Егінжай­лар­да­ғы қауырт қимыл қызыл дән са­пырған қырмандарға да ауысқан. 3,1 мил­лион гектар алқапқа орна­лас­тырылған егіннен жиналатын ырыздықтың былтырғыдан асып түспесе, кем болмайтын түрі бар. Қазірдің өзінде гектар өнімділігі 12-13 центнерден айналуда. Жекелеген агроқұрылымдардың көрсеткіші бұдан да жоғары. Берекелі алқаптар алда.

 

Сапалы астықты отыздан астам алыс-жақын шетелдерге сатуды үйреншікті кәсіпке ай­нал­дырған қызылжарлық диқандар майлы дақылдар өсіруге де ерек­ше ден қойып жүр. Нарық тала­бын тез ұғынған олардың егін­шілік мәдениетін арттырып, озық технологияларды қолдануда қа­лып­тасқан іс-тәжірибелері өз­гелерге үлгі боларлықтай. Рес­пуб­ликаның бірқатар облыстарында кеңінен қолданыла бастаған ірілендірудің, сондай-ақ ауылдық лизингті пайдаланудың арқа­сын­да Солтүстік Қазақстандағы шаруа қожалықтары қымбат, алайда қажет техникаларға қол жеткізе бастады. Әсіресе, соңғы жылдары мәшине-трактор паркі ай­тарлықтай жаңарды. 2004 жылы – 8,3, 2005 жылы – 11, биылғы 7 айда 10 миллиард теңгеге соңғы үлгідегі шетелдік техникалар мен егіс кешендері сатып алынды. Осылайша елі­міз­дің әлемдегі ең дамыған елу ел са­пына қосылу талаптарына нақ­ты іспен жауап беруді мақсат тұт­қан диқан қауымы бәсекеге қа­білетті өнім өндірудің жолдарын тынбай қарастырып келеді.

Сарыала күз өнеркәсіп­ші­лер­дің де жыл мойыны жуықтаған сайын табыстарын таразылап, стратегиялық міндеттерін нықтай түсетін шағы. Бұл жүйедегі кәсіпорындар бәсекелестікке қарымы мол басым салаларды дамытуға құлшыныспен кірісіп, айрықша талаптар үдесінен көріне бастауы құптарлық. Мә­селен, “ЗИКСТО” АҚ темір жол саласына тапсырыстар орындауға қысқа мерзімде маманданып алса, “Мұнаймаш” АҚ мұнай өндіру қондырғыларын шы­ғарумен айналысады. Бұлардың алдыңғы легінде Петропавл ауыр мәшине жасау зауыты келеді. Елбасы бұл кәсіпорында бірнеше рет болып, ғылыми-өндірістік әлеуетіне жоғары баға берген болатын. Енді, міне, Мемлекет басшысының тікелей қолдауы­ның арқасында қазақстандық-ресейлік “Бәйтерек” ғарыш бағ­дар­ламасына қатысу мүмкіндігіне ие болып отыр.

Жыл басынан бері өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 22482,1 миллион теңгені құрап, өткен жылға қарағанда едәуір өскені байқалады. Айрықша атап өтерлігі, облыста индустриялық-инновациялық жобалардың қолға алынып, іске асырыла бастауы. Негізгі капиталға инвестицияның құйылуы 10905 миллион теңгеге жетіп, ауыл шаруашылығы шикізатын өндіру мен өңдеу саласында бірнеше кластерлік бастамашылдық қолдау тапқан. Аграрлық өндірісті индустрия­ландыру да қарқын алып келеді.

Тұрғын үй проблемасын же­делдете шешу, жұмыссыздар са­нын азайту, әлеуметтік жағынан әлсіз жандарды қорғау мәселелері де билік басындағылардың наза­рынан тыс қалған емес.

Бүгіндері облыс жұртшылығы ерекше мерекелік күйде. Санаулы күндерден кейін республика өмірінде өзіндік орны бар, өткен жолы тарихқа бай, болашағы нұрлы облыстың 70 жылдық мерейтойы салтанатпен атап өтілмек. Нұрсұлтан Әбішұлының жұмыс сапарын аса ыждаһат­ты­лықпен күтетін қызылжарлықтар Елбасын бұл жолы да зор қуанышпен, көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды.

Мемлекет басшысы жұмыс са­­па­рының алғашқы күнінде Тай­­ын­ша ауданында болып, “Биохим” бірыңғай өндірістік ке­шенінің ашылу салтанатына қатысты.

Тайынша – іргелі аудандар­дың бірі. Егіншілікпен қатар өнеркәсіп те қанат жайған. Бас инвесторы “Тиолайн” компания­сы болып табылатын Обухов титан-цирконий құм өңдеу кен орнын іске қосу жұмыстары жал­ғасып жатыр. Кен орнының бо­ла­шағы зор. Онда өндірілген өнімдер космостық, электротех­ни­калық мақсаттарда қолда­нылады. Ком­пания оны толық игеру үшін 30 миллион доллар инвестиция құйды. Енді “Баско” ЖШС өткен жылы биоэтанол шығаратын кәсіпорын құрылы­сын салуды қолға алып, бір жа­рым жылдың ішінде аяқтап шықты.

Елбасының назарында тұрған нысандар көп. Солардың бірі – осы алып құрылыс Мемлекет басшысының тікелей тапсыр­ма­сымен бой көтеріп отыр. Қазақ­станда ғана емес, ТМД-да теңдесі жоқ бірегей кешенге Президент Қы­зылжарға келген былтырғы жұмыс сапарында: “Биохим” ХХІ ғасырдың технологиясы, бұл шырқауға самғау”, деп баға берген болатын.

Кәсіпорынның ерекшелігі сол, еліміздегі пайдалануға бе­ріл­ген алғашқы кластерлік құрылым болып табылады. Индустриялық-инновациялық даму стратегиясы аясында қолға алынып, құрылы­сы мен жабдықтау жұмыстарына 11,5 миллиард теңге жұмсалды. Мұнда жылына кемінде 300 мың тонна астық жаңа технология негізінде тереңдете өңделіп, жа­нар-жағармайдың октандық са­нын көтеретін биотұнба алынады. Бидайдан басқа дақылдарды да (жүгері, қызылша, т.б.) өңдеп, биоэтанол алуға болады.

Кәсіпорында жылына 58 мың тонна биоэтанолға қоса 20 мың тонна клейковина, 24 мың тонна жемазық ашытқысы, 25 мың тон­на көмірқышқыл газы өндіріледі. Бір тоннасы 700-800 доллар тұратын биоэтанолға қазірдің өзінде сұраныс көп.

Бірнеше өнім бір мезетте шығарылатындықтан, өзіндік құны әлдеқайда арзанға түскелі тұр. Соңғы қалдықтың өзі кәдеге асады. Оны белокпен байытып, жемазық ретінде пайдаланады. Ол үшін 100 мың басқа арналған шошқа фермасы, құс фабрикасы, ет комбинаты салынбақ. “Баско” фирмасының президенті Алек­сандр Сутягинскийдің айтуынша, қазірдің өзінде астық өсіретін ал­қап 100 мың гектарға жеткізіліпті.

Бидайдан бастап биоэтанолға дейін өндіретін мұндай клас­тер­лік кешеннің жобалары келешек­те көбейіп, ел экономикасының сипатына елеулі өзгеріс әкелері сөзсіз. Өнім жоғары экологиялық мақсаттарға сәйкес өңделетін­дік­тен, барған сайын сұраныстың да арта түсері даусыз.

Бірегей кәсіпорын құрамында диірмен кешені, элеватор, клей­ко­вина цехы бар. Қажетті қон­дыр­ғылар мен құрал-жабдықтар Үндістаннан, Германиядан әкелі­ніп­ті. Биоэтанол өнімінің 70 пайызын экспортқа шығару үшін ыңғайлы рынок көзін табу көз­делген. Су құбырын тартуға республикалық бюджеттен жүз миллион теңге қарастырылып, арзандатылған электр қуатымен қамтамасыз етілген.

Президент кәсіпорынның цехтарын аралап, құрылысшы­лар­мен, жұмысшы-қызметкер­лер­мен кездесті.

Н.Назарбаев “Биохим” био­эта­нол өндіретін жаңа өндірістік кешенін салтанатты түрде жұ­мыс­қа қосты. Жиналғандар ал­дында еліміз бойынша жақсы астық өсірілгенін, ендігі мақсат бір кісідей жұмылып, ысырапсыз жинау міндеті тұрғанын айта келіп, бұл кәсіпорын ТМД елдері аумағында алғашқы осындай өн­діріс орны болып табылады, ал оның шығаратын өнімі рынок­тың ең қатал талаптарына жауап беруі тиіс, деді. Жаңа кешен Қазақ­стан­да Индустриялық-ин­новациялық даму стратегиясын жүзеге асыру­дың тамаша үлгісі болып табылады және оны ауылшаруашылық өнімдерін жаңа өнімге қайта өңдеудің жоғары экономикалық секторын дамытудың батыл бастамасына айналдыру енді өзіміздің қолы­мызда.

Мемлекет басшысы Қазақ­стан­дағы алғашқы кластерді өркендете беруге тілектестік білдірді. Енді шаруа адамы рынок көзін іздеп әуре болмайды. Кез келген бидайдан қымбат өнім алу­дың мұндай жобалары алда көбейе түсетін болады. Бидайды осы заманғы технологиямен тереңдеп өңдейтін болашағы зор мұндай өндіріс орындары арқылы биоэтанолдың 70 пайызын экс­портқа шығару мүмкіндігі мол.

Экономикалық, әлеуметтік өміріміздегі жедел жаңару ауыл шаруа­шылығы саласының сипа­тын түбегейлі өзгертіп, жаңа міндеттер қойып отыр. Кеңес кезінде мұндай құрылым тұрғызу үшін ондаған жылдар кетер еді. Ал бұл кәсіпорын бас-аяғы бірер жылдың ішінде іске қосылып, 300 адам жұмыспен қамтылды. Алдағы уақытта мемлекет мұндай жаңа жобаларды қолдап, өнім­ділік, экологиялық мүдделер түбе­гейлі ескеріледі. Облыстың ауыл шаруашылығы жақсы өр­кен­деп келеді. Үш жыл ішінде 14 миллиард теңгенің аса қуатты техникаларын алғандарыңыз өте құптарлық қадам. Біздің мінде­тіміз жаңа рынок көздерін ашу, сіздердің міндеттеріңіз – жақсы да сапалы жұмыс атқару болмақ, деді Елбасы мұндағы жұртшы­лық­пен жүздесуінде.

Көп балалы ана О.Жұма­ғұ­лова Президент тарапынан жасалып жатқан әлеуметтік қамқорлықтарға шынайы алғы­сын білдіре келіп, былай деді: “Ел қам­қоры, ел ағасы Сіздей-ақ болсын. Сіз біз сияқты мейірімді аналардың жылы шуағына бөлене беріңіз”.

Елбасы: Ен далада осындай алып зауыт салынады деп кім ойлаған. Мұның бәрі ауызбір­лік­тің, ұлттар достығының арқасы, деп еді, бұл айтқандары “Қазақ­станымыз гүлдене берсін!”, “Жасасын Қазақстан!”, “Жаса­сын Президент!” деген көпші­лік­тің ұранды сөздеріне жалғасып, ду қол шапалақ көміп жіберді.

– Сіз биылғы Жолдауыңызда биотехнологиялық орталықтар дамыту міндетін алға қойған едіңіз. Бүгін бәріміз соның куәсі болып отырмыз, – деді сөз алған Н.Ғабдуллина.

– Осында істейсің бе?

– Иә. Оператормын.

– Келешек сендер сияқты жастардікі. Бүгінгі күн мереке ғана емес, ол ертеңге деген үлкен сенімнің белгісі де, – деді Ел­ба­сы. – Облыс жұртшылығының қуа­нышын бөлісуге арнайы келдім. Қазір бәсеке басты мәселеге айналды. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Жоғары технологияға негізделген мұндай өндіріс орын­дары Батыста көптен бері бар. Біз де жақсыдан үйренуіміз керек. БСҰ-ға кірген кезде өнім сапа­сы­на айрықша талаптар қойылатын болады. Астықты тереңдетіп өңдеудің тәжірибелері қалып­та­сып келеді. Енді ет, сүт өнімдерін қал­дықсыз пайдалану техноло­гия­сын игеруіміз қажет.

Бұдан кейін Елбасы “Тайын­ша-Победа” ЖШС-ның егін­жай­ын­да болып, орақ науқанының барысымен танысты. Егіс ба­сын­да аграршылармен кездесіп, ашық пікірлесті.

Кездесуде алдымен “Зенченко және К” командиттік серіктес­тігінің бас директоры Г.Зенченко сөз алып, өз тәжірибесімен бөлісті. Шаруашылық 14 жылда астықтың берекелілігін 23,4 цент­нер­ден төмен түсіріп көрген жоқ. Мұның бәрі – озық техноло­гия­ларды қолданудың арқасы. Нұрсұлтан Әбішұлы, Голландияға барғанда мал шаруашылығына қатысты озық әдістерді іске асы­руға кеңес берген едіңіз, деді бас директор. Сол тапсырмаңыздың ойдағыдай орындалғанын шат­тана хабарлаймын. Бұрындары әр сиырдан жылына 3 мың литр сүт сауушы едік. Қазір алты айда осынша деңгейге жетті. Картопты да голландтық тәсілмен өсіріп, мол өнім алып келеміз. Сүт зауы­тымыз да осы заманғы құрал-жабдықтармен жабдықталған.

“Масло-Дел” ЖШС-ның жетекшісі А.Селиванов майлы дақыл – рапс өсірудің тиімділігі туралы әңгімеледі. Президент оның сөзін қолдай келіп, бәсекеге қабілетті экономика үлгісін таңдай білетіндердің қателеспейтінін, кез келген бә­се­ке­ге төтеп беретінін қадай айтты. Ауыл шаруашылығын өркендет­пей, экономикамыз көтерілмейді. Соңғы бес жылда бұл салаға аса мол инвестиция салынып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру екі есе ұлғайды. Ауылдарды жаңғырту бағдарламасына 122 миллион теңге бөлініп, 4200 әлеуметтік-мәдениет нысандары жөнделді. Мұның бәрі сіздер үшін жасалып жатқан шаралар. Ең бастысы, аз шығын жұмсап, сапалы өнімге қол жеткізу қажет. Оған мүмкіндіктеріңіз бар. Соның бір мысалы – бүгін іске қосылған “Биохим”.

Екіншіден, ауылдық аумақ­тарды дамыту мәселесі де Үкімет назарынан тыс қалмайды. Жеке, шағын бизнесті өркендету, кре­дит­тік серіктестіктер ұйымдас­ты­ру мәселелерін оңтайлы шеше отырып, аграрлық азық-түлік бағ­дарламасын одан әрі жалғас­тыра беретін боламыз.

Диқандар Елбасының сөзін зор ықыласпен тыңдап, мем­лекет­тің ауылды өркендету үшін жасап жатқан қамқорлығына ризашылықтарын білдірді. Обл­ыс­ты аралаған кезде Президент­тің қасында Ауыл шаруашылығы министрі А.Есімов және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Т.Мансұров болды.

Бүгін Мемлекет басшысының Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары жалғасады.



Авторы: Қуат БОРАШ, Өмір ЕСҚАЛИ. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат