Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-10-17:

Әулиеата суы

 

Әулие десе әулие шығар. Жүз ауруға ем болар. Өттегі, бауыр­да­ғы, бүйректегі тасты ерітетін керемет.

Тұрар Рысқұлов атындағы ши­пажайға келген адам, ең ал­ды­мен, осы заманғы өте қатерлі дерт — “қант диабеті” деген аурудан құ­лан таза жазылады екен. Осы сыр­қаттан кезінде көптеген адам жапа шекті. Жазылмайтын қыр­сық ауру атанды. Енді, міне,  960 метр тереңдіктен шығып жатқан шипа су сол жа­зыл­майтын дерттің өзін жеңіп шықты.

Алқым бездерінің ауруын да Тараз суы құлан таза жазады екен. Бұдан басқа асқазан, бүй­рек, бауыр ауруларын емдеп, қар­тай­ған­ды жасартатын, кедей адамды бай қылатын әулие атан­ған су осы екен. Әуелгі байлық – денсаулық десе, сол байлықты сыйлайтын осы зәмзәм.

Сондықтан да болар, сонау алыс­тағы Маңғыстаудан, Атырау­дан, Жезқазғаннан, Қарағандыдан Тараз­ға, Тұрар Рысқұлов атындағы шипа­жайға адамдар ондап, жүздеп келіп жатқанын осы шипагер ме­кенде өзім болған кезде көзіммен көрдім.

Шипажай басшыларының айтуы бойынша, қазір Тараз ша­һары­ның әкімі Ілияс Тортаев қалалық қордың қар­жы­сымен жетім балаларды тегін емдетті­ре­тін көрінеді.

Ауру мүжіп әлсіреген, қуаты кеткен, дүниеге көзқарасы енжар адамдардың өзі өмірге қайта келгендей, көздерінде үміт оты ойнап, жүздері нұрлана жайнап шыға келетіні, міне, осы әулие судың арқасы.

Жаратқанның, табиғаттың тар­­туы. Құрамында адам тірші­лігіне аса қажет йод, бром, фтор, мар­га­нец, темір, сульфат, хло­рид, натрий, кальций сияқты қа­жет­ті эле­менттер түгел осы судан та­былады. Енді ел бас­қар­ған азаматтар шипажайды жүдетпей, қамқорлығын аямай, берекесін кетірмей күтсе, адамдардың сансыз алғысына бөлене бермек.

 

Шерхан МҰРТАЗА.

 

Өткенге тағзым – салауатты іс

 

Фарида БЫҚАЙ.

Баянауылдың қалың таулары арасында елінің өткенін мұрадай сақтап, бүгінгі тірлігіне қазық еткен қазақ ауылдары көп. Жаңажол ауылына таяу жерде Мәшһүр Жүсіп бабамыздың зираты басына салынған үйі алыстан ақшаңқан тартып көрі­ніп тұрады. “Өлі разы болмай, тірі байымайды”, дейді халқы­мыз. Биыл облыс әкімі Қайрат Нұрпейісовтің қолдауымен ағар­ту­шы, философ, ақын, жазу­шы, ауыз әдебиетінің білгірі атан­ған Мәшһүр Жүсіп бабамыздың жатқан жеріне ғұламаның атақ-даңқына лайық кесене тұрғызу қолға алынды. Ал кесене тұрғызу жөнінде ұсыныс жасаған – Сұл­танмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің ректо­ры Ерлан Арын. Ол осы істі тікелей өз міндетіне алды.

Қазір кесене құрылысы қарқын алуда. Құрылыс жұмыстарын Бағ­дат Апаханов басқаратын “Рем­строй” құрылыс компаниясы жүр­гізуде. Қасиетті Рамазан айының соңына қарай, айт күндері Мәшһүр Жүсіп кесенесінің ашылу салтанаты болады. Ерлан Арынның ұлағатты ісі өткеннің қадір-қасиетін танытуда өнеге болар деп ойлаймыз. “Егеменге” де жанашырлық танытып, студенттері мен оқытушыларын ел газетін оқып, елдік мақсатқа үнқосуға шақырып жүрген Сұл­танмахмұт Торайғыров атындағы университеттің ректоры, про­фессор Ерлан Арын жақында 45 жасқа толды. Көненің көзін қадірлеп, Мәшһүр Жүсіптей ғұламаның кесенесін тұрғызған рухани қызметіңіздің жемісті болуына тілектеспіз.

Павлодар облысы.

 

Рухани келісімнің өмірлік ұлағаты

 

Конгресс-Холлда Рухани келісім күніне орай Ресейдің халық әртісі Иосиф Кобзонның ән кеші болды

 

Осыдан біраз бұрын 16-18 қазан аралығында елор­дамызда Рухани келісім күндері өткізіледі деп жарияланған еді. Оны ұйымдастыруға Астана қа­ла­сының әкімдігі, Әділет министр­лі­гінің Дін істері жөніндегі ко­ми­теті, Қазақстан халықтары Ассам­блеясы мен “Рухани келісім  конгресі” қоғамдық қоры, сон­дай-ақ Парламент Мәжілісі қол­дау көрсететіні де белгілі болған.

Кеше рухани келісім күнде­рі­не қатысуға келген Ресей Феде­ра­циясы Мемлекеттік Думасының делегаттары Халықаралық баспа­сөз орталығында елордадағы бұ­қа­ралық ақпарат құралдары өкіл­дерімен кездесті. Басқосудағы беташар сөзінде делегация бас­шы­сы, РФ Мемлекеттік Думасы мәдениет істері жөніндегі ко­ми­тетінің төрағасы Иосиф Кобзон Қа­зақстан Президенті Н.Назар­баев­тың халықтар арасындағы дос­тық пен ынтымақтастықты нығайтуда атқарған істерін Ресейдің оң бағалайтынын нақты мысалдармен айтып берді.

Ал кешке қарай атақты халық әртісі Когресс-Холлда дербес кон­церт берді. Концертті тамаша­лау­ға Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев келді. Мұнда да Кобзон негізінен патриоттық бағыттағы, отанды сүюге шақыратын өз ре­пер­­туа­рын­дағы халық ұйып тың­дайтын әндерін шырқамас бұрын  жиыл­ған көпшілікке ресейлік делега­ция­ның осында келу мақ­са­тын түсіндіріп, рухани ке­лісім мен бірлікке үндеуде лидер атан­ған Қазақстан Президентінің алдында ән шырқауды үлкен абырой деп есептейтінін жеткізді. Сонымен қатар өзінің 1956 жылы  Қостанай облысына қарасты Орд­жоникидзе ауылында тың игеруге қатысқанын, сондықтан Қазақ­стан­ды ешқашан жатсын­бай­ты­нын жасырмады.

Рухани келісім күні ең алғаш Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­тамасымен 1992 жылы Алма­тыда ұйымдастырылған болатын. Бүгіндері дәстүрге айналған осы шараның негізгі қонақтары ре­сейлік делегаттар екенін жоғарыда айттық. Олар бүгін Қазақстан ғалымдарымен бірлесіп “Руханият пен мәдениет экстремизм мен лаң­кестікке қарсы” деген тақы­рып­та халықаралық ғылыми-тә­жірибелік конференция өткізбек. Ал 18 қазанда Күләш Байсейітова атындағы опера және балет теа­трын­да гала-концерт ұйым­дас­ты­рылып, ресейлік және қазақстан­дық әртістер өнер көрсететін болады.   

 

Айгүл СЕЙІЛОВА, Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат