Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-10-28:

Әуезов әлемі

 

“Мұхтар Әуезов – құбылыс, біздің өміріміздің ұлы символы,

аңыз-адам, жаңа заманның данышпаны, нағыз ақын һәм адам”.

 

Ираклий Андроников, грузин текті орыс жазушысы,  Лениндік және КСРО Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты.

 

Бұл өзі осыдан екі жыл шамасы бұрын болған оқиға еді. Қашанда өзі­не де, өзгеге де биік талғаммен қарай­тын Әбең – Әбдіжәміл Нұрпе­йі­сов ағамыз маған өзі туралы мәс­кеу­лік автор жазған кітапты сыйға тарт­ты. “Небо в чашечке цветка” де­ген әп-әдемі атауы бірден-ақ наза­рымды аударғаны болмаса, бояуы оң­ған, суреттері солған, безендіруі кем­шін кітапты оқып шығуға онша құл­қым бола қойған жоқ.

Мәскеуге барған әр сапарымда басқаға мүмкіндік таппасам да, білім атаулының мәңгі таусылмас қайнар бұлағы саналатын кітап әлемін ар­ман­сыз аралауды әлдеқашан әдетке ай­налдырған болатынмын. Сөредегі­нің  бәрін аларың анық болмаған соң кейде аңдатпасын қайта-қайта оқып, ең болмағанда авторының есімін жадыңда сақтап қалғың келетін кез болады. Кейін аңғардым: маған әуел­гіде аты-жөні тым таныс сияқты көрін­ген кітап авторы талғамы биік Мәскеу оқырмандары ортасында есімі үлкен құрметпен аталатын МГУ-дің профессоры Николай Аркадьевич Анастасьев болып шықты.

Коммунистік жүйе кезінде Батыс­тың аузымен құс тістеген неше алуан жазушыларының шығармалары идео­логиялық шектеулер мен “қырағы көз­дердің” кеселінен кеңестік оқыр­ман­дардың назарынан тыс қалып отыр­ды. Әйгілі америкалық жазушы­лар Нобель сыйлығының лауреаттары Э.Хемингуэй мен У.Фолкнер туралы бұлай айта алмайсың. Олардың “ка­пи­талистік жүйенің бар шындығын жал­ғанның жарығына шығарған” шы­­ғармалары миллиондаған тираж­бен басылып, үлкен-үлкен зерттеулер  жазылды.  Сол жылдарда Н.А.Анас­тасьев жоғарыдағы екі шоянға екі бірдей кітап арнады. Ал идеология­лық шектеуліктер алынып тасталған кезде  бір кездері шығармалары орыс оқырмандарына “самиздат” арқылы ғана жеткен Владимир Набоков тура­лы “Одинокий король” дейтін клас­сикалық монография жазған сабазың да дәл осы Анастасьев еді.

Ертесіне Әбең телефон шалып: “Оқыдың ба?” деген жалғыз ауыз сұрақ қойды.

Мен де қысқа қайырып: “Баста­дым”, – деп жауап қаттым.

“Сен жассың, көзің өткір, жылдам оқисың. Тез бітір. Сосын пікір алы­сайық”, – деп Әбең шегінуге жер қал­дырмастан алдағы атқаратын ша­руаны біржолата шегендеп тастады.

Сол түні мен есімі әлі күнге дейін ашылмаған сан алуан жұмбақтарға то­лы ағылшынның иллюминат-ақыны Уильям Блейктың әдемі бір ғана жолымен аталып, Әбең шы­ғармашылығын қазіргі заман әдебиеті жампоздарымен қатарластыра талда­ған әуелде сүйкімсіздеу көрінген кітапты сүйсіне оқып шықтым.

Әбеңнің бойында бүгінгі қазақ жазушыларының көбінде кездесе бермейтін тамаша қасиеттер бар.

Біріншіден, ол өз шығармасының орыс тіліне аударылуына аса мұқият қарайды. Әрқашан аудармашыны өзі таңдап, әр сөйлем, кейде тіпті әрбір сөзінің аударылуына айрықша мән беріп, кітап басылып шыққанша өзін де, аудармашыны да әбден әлекке түсіріп, шығармасы бар қырынан жарқырап шықпайынша тыным тап­пайтын жазушы. Оның әр туындысы орыс тіліне түпнұсқаның бар бояуын сақтаған қалпында аударылатыны да осыдан болса керек.

Екіншіден, қисынды пікірге құлақ аса білетін қаламгер. Өзі туралы орнықты сөзге де ешқашан бей-жай қараған емес. Қазақ әдебиеті Қарт Қожағының бұғалықты Анастасьевтай америкалық “мустангке” тастауы  осы суреткерлік биік талғамның бел­гі­сі болса керек.

Ертесіне Әбеңе өзім телефон ша­лып, кітаптан алған әсерім мен ав­торға деген ерекше ризалығымды қуа­нышпен жеткіздім.

Телефондағы әңгімеде бұл жоба­ның жүзеге асқаны анау-мынауды жа­лына жармастыра бермейтін тар­паң мінезді қазақ әдебиеті үшін үлкен жаңалық, үлгі боларлық үрдіс екен­дігін білдірдім.

– Ендеше өзің мақтап отырған сол автормен кешке кең отырып сұх­бат құрайық, – деді Әбекең телефон­ның ар жағынан әр сөзіне салмақ түсі­ре сөйлеп.

Жұмысбасты болып отырған мен Әбеңнің аузынан “қазір” емес, “кеш­ке” деген сөзді естісімен бірден-ақ келісе кеттім.

Әбеңнің әрбір әрекеті кәнігі шах­матшының көп комбинациялы жүрісі сияқты. Ағамыздың маған кітапты сыйлап, ізін суытпай пікірімді білуі­нің соңында осындай бір ұсыныстың болатынын ішім әлдеқашан-ақ сез­ген. Оның үстіне “Одинокий король­дің” авторымен жүздесуге өзім де ерекше бейіл таныттым.

Бұл бір естен кетпес ерекше кеш бол­ды. Николай Аркадьевич амери­кан әдебиетінің ғана емес, жалпы әлемдегі ағылшын тілді әдебиеттің терең білгірі болып шықты. Бірнеше сағатқа созылған әсерлі әңгіме үстінде қарт Чосерден бастап, ұлы драматург Шекспир, қайсыбір деректерде Қара теңіз­дің солтүстігін мекен еткен көш­пелі скиф тайпасынан шыққан аты аңызға айналған король Артур бастаған рыцарлар туралы даңқты роман авторы Мэлори (орайы келгенде айта кеткен жөн: ортағасырлық еуропа әдебиетінде барынша дамыған рыцарлық романдар Испания араб билігінде болғанда мы­сыр­лық баһадүр билеушілер Салах ад-дин, Бейбарыс туралы мұсылман шы­ғысында кең тараған халықтық роман­дар әсерімен пайда болды), ағылшын­тілді жаңа романның басында тұрған  Филдинг, Ричардсон, бергі заман ақын­дары Бернс, Байрон, Блейктерден бастап, Уайльд, Шоу, Джойсқа дейінгі ұлы ағылшын әдебиетінің классиктері түгел түгенделіп шықты. Әдебиетті ары кетсе профессор В.Ф.Железнов пен М.В.Мадзигондардың алдын көрген студент, беріде  көзі қарақты оқырман ретінде ғана білетін мені  Анастасьевтің әсіресе осы заманғы американ әдебие­тінің ұлы тұлғалары Хемингуэй, Фолк­нер, Стивенс, Воннегут, Апдайк, Стейн­бек шығармаларын ерекше құш­тар­лықпен талдағаны былай тұрсын, олардың өмір тарихына қатысты айтқан талай-талай қызықты хикаяттары мүлде елітіп әкетті.

Дәл осы кеш бұрындары “Бұл жігіт­тің ар жағы қалай өзі?” деп маған қы­рын­дау қарап жүрген Әбеңмен біржо­лата жақындастырып жіберді.

Кеш соңында Әбдіжәміл аға “Әдетте мен сөйлеп, жастар тыңдаушы еді, бұл жолы сендер сөйлеп, мен тыңдадым”, – деді әзіл-шыны аралас. Шынды­ғында, қызды-қыздымен бірде ойға, бір­­де қырға шығандап кеткен біздерді Әбең қақпайлап, қазақ әдебиетінің қо­ра­сына қайта-қайта қайырумен болды. Қазір бажайлап қарар болсам, ағамыз­дың кейде тату, кейде қату қабағының астында ортағасырлық араб философы Әнуар әл-Арабидің “Өзгені тану өзіңді танудан басталады” дейтін үлкен ұлағаты жатқан екен.

Әбең қанша қайырып салғанымен қазіргі қазақ әдебиетінің жай-күйі ту­ралы әңгімеміз онша мандымады. Анас­тасьев тамырын тереңнен тартқан қазақ әдебиетімен енді ғана таныса бастаған сияқты. Абай, Әуезов шығар­машылығынан аздап хабардарлығы болмаса, бұл тақырыпты арнайы зерт­темегені бірден-ақ көзге ұрып тұрды.

Ертесінде мен Николай Аркадьевич жатқан қонақ үйге соғып, оған “ЖЗЛ” сериясы бойынша М.Әуезов туралы кі­тап жазуды ұсындым. Бірден мәселенің басын аша сөйлеп, оны шығаруға қажетті барлық жағдайды өзім туғызып, бар шығынды өзім көтеретінімді де ашық айттым. Ол ойлануға мұрсат сұ­рап, ертесінде Мәскеуге аттанып кетті.

Бір-екі аптадан соң менің элек­тронды поштама профессордан көптен күткен жауап та келіп жетті. Жаңа та­қырыптың оңайлықпен алдыра қой­май­тынын білген автор өзінің бірқатар талап-тілектерін алға тартып, солар орындалған жағдайда кітапқа кірісуге әзір екендігін білдіріпті. Біз оларды түп-түгелдей хош алып, жобаға Мұхаңның бел баласы, үлкен білімпаз азамат Мұрат Әуезов бастаған бірқатар кеңес­шілерді тарттық. Көп ұзамай Николай Аркадьевич қазақтың ұлы жазушысы жайлы кітапқа кірісіп те кетті. Биылғы жылдың қыркүйегінде қалың оқырман қауыммен  табысқан әйгілі “ЖЗЛ” сериясымен шыққан Мұхтар Әуезов жайлы кітаптың  қысқаша жазылу тарихы осындай болатын.

Сәтімен жүзеге асқан бұл жоба көп­тен көкейімде жүруші еді.
Сексенінші жылдардың орта­сында мен академик Манаш Қозыбаев­тың жетекшілігімен революцияға дейінгі орыс энцикло­пе­дияларындағы Қазақ­стан тарихының проблемаларын зерттей бастадым. Сол кездерде менің қолыма орыс баспагері Ф.Ф.Павленковтың 1899 жылы Санкт-Петербургте басылған бір томдық әмбе­бап энциклопедиясы түсті. Бұл орыс тарихындағы ең ықшам, ең жинақы, барлық мәліметтері бір томға топтас­ты­рылған әрі ең көп тиражбен басылған энциклопедия еді. Тіпті баспа­гер дүние салғаннан кейін тағы да қатарынан төрт рет басылып, энцик­лопе­дияның жалпы тиражы 100 мыңнан асып жығылды.

Төңкеріске дейін жарық көрген 86 томдық “Брокгауз-Ефрон”, 58 томдық “Гранат”, 18 томдық “Жаңа энцикло­пе­диялық сөздік” т.б. көп томдық эн­циклопедиялардың таралымы аз, баға­сы қымбат болғандықтан, қай елде бол­масын қалтасы жұқа келетін қарапайым оқырмандардың игілігіне айнала қой­мады. Осы олқылықтың орнын толты­рып, Ресейдің алыс-жақын өлкесіне бірдей тараған бірден-бір әмбебап анық­тамалық дәл осы Павленков эн­циклопедиясы болды.

Диссертация тақырыбына, Павлен­ковқа қатысты деректер жинай жүріп, оның 1890 жылы “Жизнь замечатель­ных людей” атты кітаптар сериясын шы­ғарғанын білдім. Павленковтың көзі тірісінде басталған бұл жоба ол дүние салғаннан кейін де жалғасыпты.

Павленковтың “ЖЗЛ-і” бүгінгімен салыстырғанда көлемі өте шағын (4-5 баспа табақ), мұқабасы жұқа, бағасы арзан (небары 25 тиын) кітаптар болды. Кейін белгілі орыс баспагері Н.Руба­кин: “Эта библиотека ... незаменима по своей социальной и психологической ценности... Ни одно из павленковских дел, по моим наблюдениям, не может сравниться с тем огромным влиянием, которое оказала на русских читателей всех слоев, классов и рангов изданная Павленковым и почти законченная (ес­ли ее только можно закончить) “био­графическая библиотека” или “Жизнь замечательных людей”, – деп жазды.

Шындығында, Павленков өмірінің тек кейінгі он жылы ішінде (1890-1900) осы сериямен Гюго, Колумб, Фран­клин, Теккерей, Вагнер, Мольер, Ра­фаэль, Данте, Шопенгауэр, Моцарт, Лин­кольн, Конфуций, Будда т.б. тура­лы 212 кітап (қайта басылғандарын қо­са есептегенде) шығарыпты. Олар  ғы­лым-білім мен әдебиетке талпынған Ре­сейдің талай-талай арманшыл жаста­рына қанат бітіріп, ұлы мақсаттарына жол ашты десе де болғандай. Өздерінің жазуы бойынша солардың қатарында Н.Бердяев, В.Вернадский, И.Бунин, А.Толстой сияқты орыс ақыл-ойының ХХ ғасырдағы аса көрнекті тұлғалары болды. Жалпы Павленковтың сериясы­мен 1890-1924 жылдар арасында 193 кітапта 198 өмірбаян жарық көріпті (қайта басылғандарын қоса есептегенде – 244 басылым).

Жас кезінде өзі де қызыға оқыған се­рияны ұлы пролетар жазушы, социа­листік реализм әдебиетінің атасы М.Горь­кий 1933 жылы қайта жалғасты­рып, оқырмандар көз жазып қалған серияға тың тыныс береді, бірақ совет­тік басылымдарда оның төл басында Ф.Ф.Павленковтың тұрғаны мүлде “ұмыт қалдырылып”, серияның негізін салған М.Горький деп қана көрсетілді. Горькийдің зор беделі арқасында басы­лымның тиражы шарықтап өсіп, одан шығатын кітаптар қатары да көбейе түсті.

“ЖЗЛ-ға” еліктеп, барлық одақтас республикаларда осы тектес клон-кі­тап­тар сериясы пайда болды. Қазақ­станда да “Тамаша адамдардың өмірі”, “Өнегелі өмір”. “Ғибратты ғұмыр” деген айдармен әлі күнге дейін шығып келе жатқан кітаптар сол солықтау­лардан туындаған сериялар.

“Молодая гвардия” баспасының деректері бойынша, 2001 жылға дейін “ЖЗЛ”  сериясымен жалпы тиражы 100 мил­лионнан астам тұп-тура 1000 кітап шы­ғыпты. Сондықтан орыс мәдениетта­ну­­шы­лары бұл серияны орыс кескінде­ме өнерінде Третьяков  галереясының ор­ны қандай болса, орыс кітап басу ісін­дегі “ЖЗЛ-дің”  орны да соншалық­ты биік деңгейде деп орынды бағалайды.

Қысқартып айтар болсақ, “ЖЗЛ”    Ресейде, бәлкім бүкіл дүние жүзінде 116 жылдан бері үздіксіз шығып келе жатқан бірден-бір басылым. Егер оның алғашқы кітабы жарық көргеннен бері адамзат тарихында екі дүниежүзілік соғыс өтіп, әлем картасында жүзден ас­там жаңа мемлекеттер пайда болғанын ескеретін болсақ, бұл серияның қадір-қасиеті өзінен-өзі түсінікті бола түседі.

Міне, осындай даңқты сериямен кеңес жылдарында Шоқан Уәлиханов, Сәкен Сейфуллин және кейін зор қиындықпен Қаныш Сәтбаев туралы кітап  жарық көрді.

Әзірбайжан ағайындар өзінің “Ни­за­миын” сонау қырқыншы жылдары, ал татар туғандар “Тоқайды” жетпісінші жылдары шығарды. Сол кітаптарды оқи жүріп, осы қатарда Абай мен Әуезовтің жоқтығына қатты қынжылушы едім.

Мен 2001 жылы министр қызметіне тағайындалдым. Сол жылы дағыстан­дықтар “Имам Шәмілді” шығарды. Мен енді осы сериямен Абай, Әуезов, Абылай, Кенесарыны шығаруды мықтап қолға ала бастадым. Келесі жылы ресейлік әріптесім М.Е.Швыд­койды алға сала жүріп, аталған кі­таптарды шығаруға ресейлік министр­лік­тің де, баспаның да келісімін алып, тақы­рыптық жоспарға енгізіп те қой­дым. Ендігі қиыны автор табу еді.

Жалпы, “ЖЗЛ-дің” кез келген кітап авторына қоятын үш шарты бар: кейіпкердің өнеге болатындай өмірі, деректердің ғылыми дәлдігі және шы­ғарманың жоғары әдеби деңгейі.

Мен енді осы талаптарға жауап беретін авторларды іздей бастадым. Абайды жазуға Әбіш Кекілбай, Әуезов үшін Рымғали Нұрғали ағаларыма қолқа салдым. Бірі – әдебиеттің, екін­шісі әдебиеттанудың айдынында еркін жүзетін екі классиктің екеуі де қай қа­зақ үшін құдіреттей көрінетін ұлылар аруағы алдындағы жауапкершілік жүгінен жүрексінді ме, әлде бауырын жазып, еркін көсілуге әбден үйренген қалам-қарымын “ЖЗЛ-дің” қатаң та­лабымен шектегісі келмеді ме, екі ағам­ның екеуі де менің бастамама батала­рын беріп, ақ тілеумен шығарып салды.

“Наполеондай” ғажайып кітап жаз­ған академик Е.Тарленің үлгісімен Абылай туралы кітап жазу жөніндегі ұсынысымды академик Манаш Қозы­баев қабыл алса да, жобаға кірісуге денсаулық шіркіннің мүмкіндік бер­мей­тінін ашық айтты. Әрі тарихшылы­ғы, әрі бір атаның баласы екендігі бар, әйтеуір Едіге Уәлиханов қана “Кене­са­рыны” жазуға бірден келісіп, уағда­ласқан мерзім ішінде хан Кене жайлы іші де, сырты да жұқалтаң кітапты дайын етті. Амал жоқ, “Кенесарыға” бұған дейін шыққан Шоқан, Қаныш ағаларымыз туралы кітаптардың өңде­ліп, толықтырылған нұсқаларын қосып, 2003 жылы оларды қайта басып шығардық. Бұған сол жылдың соңында дипломат-тарихшы Тайыр Мансұров­тың қазақтан шыққан тұңғыш дипло­мат, қайраткер Нәзір Төреқұлов туралы кітабы қосылса да бір өкініш, бір үміт ішімізде кетті.

Сондықтан Анастасьевпен танысу менің Әуезов жайлы “ЖЗЛ-дан” шыға­руға жос­парлаған кітап туралы ойыма қайтадан қанат бітірді.

Оған ұсыныс жасауымның да өзін­дік себептері бар еді.

Біріншіден, Н.Анастасьев – әде­биетші ғалым.  Ғалым болғанда әлем әдебиетіне оннан астам Нобель сыйлы­ғының лауреаттарын берген ағылшын-американ әдебиетінің асқан білгірі. Әуезовтің бүкіл драматургиясы – Шекс­пирмен, алғашқы әңгіме, повес­тері – Дж.Лондон, Дж. Конрад, ұлы эпопеясы – Дж.Голсуорси, У.Фолкнер­дің әйгілі романдарымен үндесіп жа­тыр. Ал Анастасьев еуроатлантика әдебие­тінің айдынында армансыз жүзіп, жоғарыдағы жампоздардың әр шы­ғармасын жілік майын шаға талдаған зерттеуші.

Екіншіден, Анастасьев қазақ әдебие­ті­нің бүгінгі классигі, Мұхтар Әуезов әдеби мектебінің түлегі Әбдіжәміл Нұр­пейісов туралы тамаша монографиялық кітап жазған адам. Демек, Нұрпейісов шығармашылығы туралы кітап жазу арқылы ол қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихын шолып шыққан әжептәуір дай­ындығы бар ғалым. Егер бұған Анастасьевтың айтуы мен қайтуы, тол­қуы мен шалқуы, қарпуы мен шарпуы қатар келетін әлем әдебиеті алып мұ­хитының ортақ стихиясын он сауса­ғындай білетін хас шебер және  күн  сайын  құбылып  жатқан  әдебиет ай­ды­нындағы тіл, стиль, жүйе, жүлге, тол­қын, ағым сияқты сан алуан құбы­лыстар тылсымын тап басып анықтай алатын  білімпаздығын  қосар  болса­ңыз,  Әуезовтей  алып жайлы кітап­қа бұдан артық автор табудың қиын-ақ екендігі өзінен-өзі түсінікті болады.

Үшіншіден, Әуезов шығармашылығы кеңес заманында түрлі идеологиялық шектеуліктердің кесірінен қазіргі әлем әдебиетінің дамуы контексінде қарас­тырылмай келді. Ол замандастары ішін­де ары кеткенде француздың комму­нист жазушылары Луи Арагон, Андре Стиль, неміс қаламгері Анна Зегерс, беріде Михаил Шолохов шығармалары­мен ғана шендестіріліп зерттелді.  Ал кеңес заманының өзінде әдеби зерттеу­лерінің басты тақырыбы ретінде батыс әдебиетін таңдаған Анастасьев – осы олқылықтың орнын толтыра алатын бірден-бір әдебиетші ғалым еді.

Сөз жоқ, Нобель сыйлығының лау­реаты М.Шолохов орыстың ұлы жазу­шысы. Бірақ кеңес заманы әдебиет­шілерінің қазақ кемеңгерін “Шығыс­тың Шолоховы” деуі оны көтермелеу емес, керісінше, кемсіту сияқты көрі­неді. Әуелі асыл тек, бекзат болмысты бүкіл профессурасы сақталған Импера­торлық Санкт-Петербург университе­тінің шығыстану факультетін, кейін түбі бір түркі зиялылары түгел бас қосқан Орталық Азия университетінің аспирантурасын тәмамдап, елуінші жылдары Кеңестер Одағының бас жо­ғары оқу орны – Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры болған академик Әуезовті небары 4-сы­ныптық білімі бар Шолоховпен салыс­тыруды кемсіту демей не дерсің.

Төртіншіден, және ең бастысы,  біз енді бұрынғыдай “біздерде мынадай бар, мынадай бар” деп өз буымызға өзіміз пісе бергенше, ең алдымен өзі­мізді өзгелерге танытып, “мықтылар­дың” мықтысына мойын­дата білуіміз керек. Сонда ғана біз ұлттық рухтың ұлы тұлғаларын Қазақстанның шеңберінен шығарып, әлемдік биікке  көтеретін боламыз. М.Әуезов туралы кітаптың авторы мәскеулік автор, жай ғана мәскеулік емес, шығармалары көптеген шет елдерде басылып, әдеби жұртшылық­тан өте жоғары бағасын алған әйгілі автор болуының осындай артықшы­лықтары бар.

Әрқашан азаматтық арлы позиция ұстанып, кәсіби кіршіксіз репутация қалыптастырған Анастасьевтей ғалым­ның Әуезовтей ақылман туралы кітап жазуға тартылуының сыры осындай еді.

Міне, қазақстандық оқырмандар тағатсыздана күткен кітап қазір алдымызда жатыр. Әсем мұқабалы, аппақ қағазға басылған, шытырлап ашылған әр парағы әдемі әуездей естілетін кітапты біз де үлкен ықы­ласпен парақтап шықтық.

Қазіргі орыс әдебиеттану ғылы­мында Анастасьев, ең алдымен, Э.Хе­мингуэй, У.Фолкнер және В.На­боков шығармаларын зерттеуші ретінде танылған адам. Бұлардың үшеуіне “ЖЗЛ” үш кітап арнаған. Бір қызығы, үш жазушының өмірі мен шығарма­шылығына үш бірдей моно­графия арнаған Н.А.Анастасьевтей дап-дайын автор тұрғанда баспадағы­лар оны есімі белгісіздеу басқа біреу­лерге жаздырған. Шынын айтқанда, Анастасьев кітаптары олардың қай-қайсысынан болмасын оқ бойы озық тұрған туындылар еді. Демек, баспа мен автор арасында біз білмейтін бір кілтипан бар сияқты. Мұның шет жағасын Николай Арка­дьевич ептеп сездірсе де, мен автор таңдауда алған бетімнен қайтпадым.

Осылайша Н.А.Анастасьев М.Әуе­зов туралы кітаптың авторы ретінде бекітіліп, жаңа жобаға кірісіп кетті. Мәскеу – Алматы – Семей – Бөрілі –  Қарауыл арасындағы талай әсерлі сапарлар мен ізгілікті ізденістердің жемісі ретінде “ЖЗЛ” сериясымен шыққан “Мұхтар Әуезов: триумфатор трагедиясы” кітабы дүниеге келді.

Кітапта ұлы жазушының ғибратты ғұмыры ғылыми дәйектілікпен, әдеби ше­бер­лікпен әдемі өріліп шыққан.

Әуезов, ең алдымен – қазақ, сосын тұтас түркі, бұдан кейін мұсыл­ман Шығысынан шыққан ұлы жазушы. Ұлы тұлғаның ұлтын шексіз сүюі, түркі дүниесінің тұтастығына қызмет істеуі, әлемдік ғылым-білім мен өркениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқан мұсылман ойшылдары, философтары мен ақындары шығар­ма­ларына жиі-жиі жүгініп өтуі осы­ның айқын айғағы болса керек. Сол үшін де ол өмір бойы ұлтшыл, пан­тюркист, панисламист ретінде қудаланып өтті.

Мұхтар Әуезовтің шығысшылдығы – оған ана сүті, ата тәрбиесі, Алла нәсібімен келген қасиет. Анастасьев шығысшылдық жас Мұхтарға ұстаған қалам, оқыған кітап, тоқыған шежіре­мен ғана емес, тіпті ата-бабалардың қанымен дарыған кие екендігін тар­қа­та, тарата жазады. Берісі Омархан, Әуез, арысы Бердіқожа, Саяқыптар­дан басталып, әріде Баб Арыслан, Ясауи, Бақсайыс қожадан бір-ақ шығатын ата-баба шежіресі де автор назарынан тыс қалмаған. Бұл – Әуезов­тің көзі тірісінде өзі де шешіліп айта алмаған, өзгелер де өз биігінде көтере алмаған тақырып. Ислам өркениеті дүниеге қанат жайып, көне араб, парсы, түркі, үнді әдебиеті­нің озық үлгілерімен түрленіп, орта ғасырларда Шығыс пен Батыстың бар әдебиетіне шамшырақ болған мұсыл­ман ренессансы атты құдіретті құбылысты туғызды. Міне, осы мұсылмандық қайта өрлеу батыс пен шығыстың философиялық ой-са­насын жаңа биікке көтеріп, әдебиетін жаңғыртты.

Жас Мұхтар алғашқыда өз атасы Әуездің әдемі әңгімелерінің әсерімен, кейін данышпан Абай шығармалары арқылы, ал қалам ұстап, қара таныған кезде оқыған кітаптарынан, сту­денттік жылдары Бартольд, Самой­лович, Жирмунскийлерден тыңдаған лек­циялары арқылы шығыс әде­биетінің бар құнарын бойына сіңіріп, бал шырынымен сусындады. Шығар­маларын араб, парсы, кейде түркі тілдерінде жазған Ибн әл-Араби, Ибн әл-Фариди, Фирдоуси, Рудаки, Хафиз, Жами, Сағди, Сайхали, Руми, Физули, Шамси, Низами, Науаи сияқты ғажайып ақындардың жыр­лары оның жан-дүниесіне шуақ болып шашылып, шырақ болып жағылды. Бұған мұсылман шығысы ғана емес, Еуропадағы ортағасырлық филосо­фиялық ой-сананың дамуына өлшеу­сіз әсер еткен Ибн Рушд, Әл-Фараби, Әл-Ғазали, Ибн Синалардың шығар­машылық мұрасын қосар болсаңыз, қашанда алып мұхиттай толқып, тасып жататын Әуезовтің телегей-теңіз білімінің сыры түсінікті бола түседі. Профессор Анастасьев осы тақырыпты барынша ашуға талпыныс жасаған және мұнысы өте сәтті шыққан деуге болады. Ол шы­ғыс поэзиясының орыс, батыс ақындары шығармашылығының да шырайын қалай кіргізгенін әдемі мысалдармен әдіптей білген.

Әуезов әлемінің тағы бір тұнық тұмасы – қазақ әдебиетінің көне қайнарлары – фольклор, миф, көк түрік, көне түркі әдебиеті, би-шешен байламдары, ақын-жырау толғаулары. Анастасьев осының бәрінің Әуезов шығармаларында кейіпкерлерінің кесек-кесек сөз тастауларында, образдар жүйесінде қалай көрініс тапқанын шеберлікпен талдай білген. Тіпті, дала данышпандарының ой-толғамдары батыс философтарының еңбектерімен қалай үндесетіндігіне де назар аударуды ұмытпаған.

Әуезов әдебиетінің тағы бір үлкен айдыны – батыс әдебиеті. Бұл та­қырыпқа келгенде профессор Анас­тасьев төрт аяғын тең басқан жорғадай жөнеп береді-ай, дерсіз.

Автор Әуезовтің кез келген туындысын әлем әдебиетінің классикалық шығармаларымен шендестіре зерттейді. Әсіресе, “Еңлік-Кебекті” Шекспирдің “Ромео-Джульеттасымен” салыстыра отырып, Кебек – Еңлік – Есенді  Ромео – Джульетта – Париспен қатар қойып, қабаттастыра қарастыруы, Монтекки мен Капулетти арасындағы күйкі тірлік кикілжіңдерін наймандар мен тобықтылар арасындағы бітпейтін даумен салыстыра суреттеп, типо­логиялық түрлендірудің суреткерлік сырына үңіледі. Автор мұнымен де шектелмей, шығыс әдебиеті үлгілеріне де қайырылып, “Еңлік-Кебектен” Әлішер Науаидың “Ләйлі-Мәж­нүніне” ұқсас қайырым­дар мен ортақ үндесулер іздейді.

Мұхтар Әуезов өмірінің әр кезеңінде Шекспир драматургиясына айналып соғып отырған. Ұлы драматургтың  қазақ тіліндегі ең үздік аудармасын жасаған да дәл осы –  Әуезов. Ендеше Анастасьевтің алтын шыққан жерді белден қазып, Мұхаңның таңдаулы драмалық туындыларынан Шекспир әсерін іздеуі құптауға тұратын ізденіс.

Н.Анастасьев Әуезов драматур­гиясының “Еңлік-Кебектен” кейінгі тағы бір шыңы “Айман-Шолпанды” тағы сол Шекспирдің “Қателіктер комедиясы”, “Асауға тұсау” атты туындыларымен салыстыра талдап, ұлылар үндестігі жайлы тұщымды тұжырымдар жасайды. Автордың “Қарагөз” бен “Гамлет” авторлары арасындағы көзқарас жақындығы, Офелия мен Қарагөз образындағы трагедия төркіні мен табиғаты жөніндегі соны авторлық байламдары кітап оқырмандарын тың ойларға жетелейді.

Мұхтар Әуезов – өзінің 20-30-шы жылдары жазған әңгіме, повестері­мен-ақ сол тұстағы еуропалық проза биігіне көтерілген суреткер.  Егер ХІХ ғасырдағы орыс әдебиеті өзіне дейінгі классикалық ағылшын, француз және неміс әдебиетінің әсерімен бой түзеп, иық теңестірсе, бұл жылдарда Әуезов алдыңғысын кейінгі үшеуіне қоса түгел тауысып, қаламгерлік қолтаң­басын қалыптастырып үлгерген еді. Дәл осы кезеңде Әуезов сияқты әлем әдебиеті алыптарының шеберлік мектебінен өткен мұхиттың арғы-бергі жағындағы әдебиеттің жас бөрілері шығармашылық табыстың қансона­рына шыққан болатын.

Автор Әуезовтің 20-30-шы жылдарда жазған “Қорғансыздың күні”, “Қаралы сұлу”, “Кім кінәлі”, “Ескілік көлең­кесінде”, “Бүркітші”, “Барымта”, “Қи­лы заман”, “Қараш-Қараш оқиғасы”, “Көксерек” шығармаларын талдай келе Мұхтар Әуезовті  даланың ұлы жыршы­сы немесе дала Айвазовскийі деген тосын теңеуді алға тартады. Шынды­ғында Дж.Лондон үшін – солтүстік, Э.Хемингуэй үшін – саванна, Д.Конрад үшін – теңіз, М.Твен үшін – жабайы америкалық батыс, Х.Борхес үшін – пампа қан­дай жақын болса, Мұхтар Әуезовтің жүрегіне дала да сондай жақын. Өйткені, ол – Дала перзенті. Осы ту­ралы ойын Н.Анастасьев: “это пере­даст прежде всего исторический слом степной цивилизации и культуры, который, собственно, и составляет основные содержание, именно содер­жание, а не частные сюжеты, ранних вещей Мухтара Ауэзова”, – деп түйіндейді.

(жалғасы)



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат