Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-11-07:

Екі елдің ынтымақтастығы жаңа сатыға көтеріледі

 

Ақорданың кең залында екі елдің мемлекеттік әнұрандары ойналып, президенттерге құрметті қарауыл салтанатты жағдайда құрмет көрсеткен соң, мемлекет басшыларының жоғары дәрежедегі кездесуі басталды. Алдымен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Армения Республикасының Президенті Роберт Кочерян шағын құрамда кездесіп, екі елдің ынтымақтастығын әрі қарай дамытуға бағытталған мәселелерді талқылады.

 

Қазақстан мен Армения ара­сын­да дипломатиялық қатынас 1992 жылдың тамызында орнаған. Содан бері мемлекеттер әр жыл­да­ры қол қойылған екі жақты құ­жат­тар негізінде байланыстар жасап келеді. Оның ең бастылары – 1993 жылдың қаңтарындағы Қазақстан Республикасы мен Армения Рес­пуб­ликасы арасындағы қатынастар негізі туралы келісім және 1999 жылдың қыркүйегінде Армения Президенті Роберт Кочерянның Қазақстанға ресми сапары бары­сын­­да қол қойылған Қазақстан Рес­публикасы мен Армения Рес­пуб­ликасы арасындағы достық және ынтымақтастық туралы келісім.

Кешегі одақтас, бүгінде тәуелсіз Қазақстан мен Армения КСРО құрамында болған кезеңдердегі өз­ара алыс-берісі, түрлі салалардағы байланыстары жоғары деңгейде болғаны тарихтан белгілі. Ал бүгін­де тәуелсіз екі елдің сауда-эконо­ми­калық қатынастары жоғары қарқынмен дамып келеді деу қиын. Оны Статистика жөніндегі агент­тік­тің мына мәліметтері айғақтап тұрғандай. Өткен жылы Қазақстан мен Армения арасындағы тауар айналымы 45,2 миллион долларды құраған. Оның 43,1 миллион дол­ла­ры экспорт. Бұл сауда-саттық, алыс-беріс мәселесінде Қазақстан­ның үлесі ерекше басым екендігін көрсетеді. Ал екі елдің биылғы жылдың өткен сегіз айындағы тауар айналымы 16,4 миллион долларға ғана жетіп отыр. Бұл мүмкіндіктен әлдеқайда төмен жатыр. Бүгінгі қол қойылған құжаттар екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамытып, жаңа сатыға көтеруге қызмет ететін болады.

Қазақстан мен Армения респуб­ли­каларының ынтымақтастығын жандандыру мақсатында үкімет­ара­лық комиссия жұмыс істеуде. Өт­кен жылдың қазанында Ереванда Қазақстан-Армения үкіметаралық комиссиясының бірінші отырысы өткен еді. Отырыста екі елдің бай­ла­ныстарын нығайтуға, дәлірек айтқанда, саяси, сауда-эконо­ми­ка­лық және гуманитарлық ынтымақ­тастыққа қатысты кең көлемдегі мә­селелер талқыланды. Үкіметара­лық комиссияның екінші отырысы биылғы жылдың 5 қарашасында өткен болатын. Онда бірінші оты­рыста қабылданған шешімдерді жүзеге асыру қорытындылары, сондай-ақ Қазақстан мен Армения республикалары арасында ауыл шаруашылығы, инновация, өнер­кә­сіп, көлік, туризм салалары бой­ын­ша ынтымақтастық жасау перспек­т­ивалары талқыланды.

Мемлекет басшыларының ша­ғын құрамда кездесіп, келіссөздер жүргізулері белгіленген уақыттан біршама ұзаққа созылды. Осыдан кейін екі елдің де­ле­гациялары Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Армения Президенті Роберт Кочерянның қатысуымен кеңейтілген құрамдағы ке­ліссөздер үстеліне отырды. Ал­ғаш­қы сөзді ша­ңырақ иесі Прези­дент Нұрсұл­тан Назарбаев алып, Қазақстан мен Арменияның ынты­мақ­тастығын дамытуға кедергілердің жоқтығын атап өтті. Екі елдің ТМД-да, басқа да мәселелерде ұстанған саясаты бірдей, деді Қазақстан басшысы. Біздердің соңғы ресми сапар ая­сын­дағы кездескенімізге бес жыл­дай уақыт өтті. Осы уақыт ішінде мемлекеттерде тың өзгерістер болды. Жақында Арменияға Қазақ­стан­ның жаңа елшісін тағайын­дадым. Ондағы мақсат – екі елдің ынтымақтастығын әрі қарай дамы­тып, жаңа белеске жеткізу. Бүгінгі келіссөздер табысты өтеді деген сенімдемін.

Армения Республикасының Президенті Роберт Кочерян сөзін Нұрсұлтан Әбішұлына Қазақстанға сапармен келуге шақырғанына алғыс айтудан бастады. Осы жыл­дар ішінде Қазақстанда да, Арме­ния­да да өте үлкен өзгерістер бол­ды, деді Армения басшысы. Қазақ­стан Орталық Азия елдері арасында көшбасшы болып табылады. Біздің мұндай елмен ынтымақтастық жа­сауы­мыз барлық жағынан пайдалы әрі тиімді. Қазақстан іскерлерінің инвестициялық белсенділігін үнемі қадағалап отырамыз. Біздің аймақ­та да қазақстандық бизнес көрініс берсе, жақсы болар еді. Екі елдің гу­ма­нитарлық салада да ынты­мақ­тастық орнатуына мүмкіндіктері мол. Бұл мәселе көптен бері көлең­кеде қалып келеді.

Кеңейтілген құрамдағы келіс­сөз­дер онша ұзаққа созылмады. Нә­тижесінде Қазақстан мен Арме­ния республикаларының ынтымақ­тастығын дамытуға бағытталған бес құжатқа қол қойылды. Біріншісі – Қазақстан Үкіметі мен Армения Үкіметі арасындағы азаматтардың өзара келіп-кетуі туралы келісім; екіншісі – Қазақстан Үкіметі мен Армения Үкіметі арасындағы қо­сар­ланған салық салуды болдырмау және табыс пен мүлікке қатысты салық төлеуден жалтарудың алдын алу конвенциясы; үшіншісі – Қа­зақ­стан Үкіметі мен Армения Үкі­ме­ті арасындағы инвестицияны қор­ғау және көтермелеу туралы келі­сім; төртіншісі – Қазақстан Үкі­меті мен Армения Үкіметі арасындағы халықаралық автокөлік қатынасы туралы келісім; бесіншісі – Қазақстан Үкіметі мен Армения Үкіметі арасында мәдениет сала­сын­дағы ынтымақтастық туралы келісім.

Мемлекеттердің өзара ынты­мақ­тас­тығын нығайтуды көздейтін құжаттарға қол қою рәсімінен кейін Қазақстан Президенті мен Армения Президенті қазақстандық және армениялық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді.

Армения Президенті Роберт Ко­черянның Қазақстанға жасаған бұл ресми сапары екі елдің екі жақты ынтымақтастығының жаңа тарихи беттерін ашып отыр, деді Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде. Шағын құрамдағы кездесуде Қазақ­стан мен Армения ара­сындағы сауда-экономикалық байланыстар, саяси қатынастар, сондай-ақ ТМД жағдайына қа­тысты мәселелер талқыланды. Талқылаудан халық­ара­лық жағ­дайлар да сырт қалған жоқ. ТМД-ны реформалау, ұжым­дық қауіп­сіздік және интеграция мәселелері де қарастырылды.

Қазақстан басшысы кездесуде екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығына баса мән берілгенін де атап өтті. Қазақстан мен Армения арасындағы өзара тау­ар айналымы үстіміздегі жыл­дың сегіз айында 16,4 миллион дол­ларды құраған. Бұл мүмкін­дік­тен көп төмен жатыр. Бүгінде Қа­зақ­станның шет елдерге салған ка­пи­талы 18 миллиард долларға жуық­тады. Ал Армениянікі 30 миллион доллардай. Екі елдің ынтымақтастығын дамыту ғылыми байланыстарға да тікелей қатысты, деді Елбасы бұдан соң. Армения экономикасы көптеген кедергілерге қарамастан, жоғары қарқынмен өсіп келеді. Арменияның мұрағат­тарында ертедегі қыпшақ жазба­ла­ры сақтаулы тұр. Бүгінде Қазақ­стан­ның сол тарихи мұраларды зерттеп, оларды халыққа жеткізуге толық мүмкіндігі бар.

Ал Армения Президенті Қа­зақ­стан мен Арменияның халықара­лық саяси диалогтағы ұстаным­да­ры­ның бір-біріне жақын келетін­ді­гін атап, екі елдің сауда-экономи­ка­лық және гуманитарлық салалар­да­ғы ынтымақтастығының өміршең екендігіне тоқталды. Бүгін біз өте маңызды келісімдерге қол қойдық, деді Роберт Кочерян осы жөнінде. Бұл келісімдер біздің елдердің ынтымақтастығын дамытып, жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді. Қазақстан Грузия экономикасына инвестиция салды. Президентпен болған әңгімеде Таулы Қарабах жағдайынан да хабардар еттім. Бұл мәселені тек бейбіт жолмен реттеуге болады.

Бұдан кейін Мемлекет бас­шы­ла­ры журналистер тарапынан қой­ылған сұрақтарға нақты мысал­дар­мен жауаптар қайтарды. Роберт Кочерянның сапары бүгін әрі қарай жалғасады. Ол қазақ­стандық және армениялық кәсіп­керлердің форумына қатысады деп күтілуде.



Авторы: Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат