Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-11-11:

Саяси күштер кемелдігі — ел бірлігінің кепілі

  

Еліміздегі сан мыңдаған өнер­кәсіпшілердің саяси бірлестігі сана­латын Азаматтық партия 1998 жылы құрылды. Қазақстан еге­мен­діктің елең-алаңындағы күйзеліс­тер­ден арылып, алға қарай аршын­ды қадам жасай бастаған сол жыл­дар­дан бері партия мемлекеттің әлеу­меттік-экономикалық, саяси дамуына бағытталған саясатына қолдау білдіріп, ел тұрақты­лығы­ның бір тұтқасы болып келеді. Пар­тия өз тарихында өркениетті елдерде орныққан саяси тәжіри­белерді ел өміріне енгізуімен де ерекшеленді. Айталық, 1999 жылы жүр­гізілген сайлауалды сайысы ба­ры­сында Азаматтық партия Қазақ­стан қоғамында тұңғыш рет бұқа­рамен байланыс орнатудың қазіргі за­манғы технологияларын пайда­лан­са, 2000 жылы партияға мүше депутаттар өз округтерінде алғаш ашылған қоғамдық қабылдаулар арқылы сайлаушылардың мұң-мұқтажымен жете танысуына мүмкіндік алды. Бұған қоса, 2002 жылы құпия дауыс беру арқылы партия жетекшілігі баламалық негізде жасақталды. Ал 2003 жылы барлық деңгейдегі депутаттардың партиялық конгресі шаңырақ көтерді. Сонымен қатар, саяси ұйым съездері бас қалаларға шақырылмай, өнеркәсіпшілер көп қоныстанған Павлодар, Өскемен, Теміртау, Ақтөбе сияқты индус­трия­лық қалаларда өткізілді. Бұл негізгі электоратпен қоян-қолтық жұмыс істеуге кең жол ашты. Сон­дай-ақ Азиядағы саяси партия­лар­дың 4-ші бас ассамблеясының вице-президенттігіне Азаматтық партия өкілінің тағайындалуы Қазақстандағы саяси партиялардың халықаралық деңгейге көтерілуіне сеп болды.

Азаматтық партияның VІІ съезін ашқан саяси ұйым жетекшісі Азат Перуашев жиналғандарды күн тәртібіндегі Қазақстан Азаматтық партиясының “Отан” республика­лық саяси партиясына бірігуіне қатысты мәселемен таныстырды.

Съезд делегаттары алдында сөйлеген сөзінде Азаматтық партияның қоғамымызда жүргізіліп келе жатқан саяси реформаларға қосқан үлесі мен алдағы міндет-межелері туралы баяндады. Біз алдағы уақытта ел өнеркәсіпшілері мүдделерін қалай қорғай аламыз, саяси билікке қол жеткізуде қанша­лықты күшке иеміз? Үкімет құрамы жасақталғанда біздің мүмкіндік­те­ріміз қаншалықты болмақ? Партия жетекшісі съезд шақырылымы алдында осындай сұрақтарға жауап ізделгенін жеткізді. Осыған дейінгі саяси науқандар барысында жи­нақ­таған тәжірибелерімізді сараптай келе, біз салалық және таптық буын­дағы партиялардың заманы өткенін бағамдадық. Қазіргі қоғам­да, ең әуелі, жалпыұлттық, жал­пы­азаматтық мүдделер бірінші кезекке шыға бастады деп ойын сабақтаған партия басшысы қазір Қазақстанда шамамен 8,5 млн. сайлаушы бар екенін, ал өз есептері бойынша сайлау науқандарында партияның негізгі электораты жалпы дауыстың 12 пайызын ғана иеленетінін айтты. Ал саяси тартыста толыққанды же­ңіске жету үшін сайлаушылардың кем дегенде 50 пайыздан астам дауысына ие болу керек. Ол мұндай жағдайда саяси құрылымға өмір бойы екінші орынды місе тұту тағдыры бұйыратынын, ал саясатта “күміс жүлде” қағидаты мүлдем болмайтынын атады.

Азат Перуашев партия мүшелері саяси сайыстарда жеңіске жету жол­дарын іздестіре келе, тек түрлі әлеу­меттік топтардың топтасуы және көшбасшы командаға кіру жолымен дамудың реформаторлық жолдарын әзірлеп, жүргізуге тікелей атсалысу арқылы ғана табысқа жету мүмкін болады деген тоқтамға келгенін жасырмады. Ол бұл бірігуді былтырғы Қазақстан Пре­зидентін сайлау кезінде құрыл­ған Халықтық коалициядағы одақ­тас­тарымызбен бірге өзара іс-қи­мыл тәжірибесін жүзеге асырудың оң жолы деп бағалап, “Отан” пар­тиясының ең қуатты индустриялық қанатын құру арқылы республи­ка­мыздың Индустриялық-иннова­ция­лық даму бағдарламасын іске асы­рудағы, экономиканы жаңарту мен әртараптандырудағы, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешудегі мүмкіндіктері бұрынғыдан да арта түсетінін атап көрсетті. “Отанмен” біріге отырып біз күш-жігерімізді ғана емес, ел келешегін кемел етер өршіл міндеттерімізді де тоғыс­тыр­мақпыз, деді Азаматтық партия же­тек­шісі сөзінің соңында.

Бұдан кейін жарыссөзге шық­қан Алматы қалалық мәслиха­ты­ның депутаты, Азаматтық партия мүшесі Амантай Біртанов қазіргі уақытта оңтүстік астанамыздан Парламент Мәжілісі депуттағына сайланған 5 депутаттың 3-і, ал қа­лалық мәслихаттағы 37 депу­тат­тың 14-і аталған саяси ұйымның мүшелері екенін, сондай-ақ был­тыр­ғы Қазақстан Президентін сайлау барысында көзқарастары ортақ өзара мүдделес партиялар бір тудың астына біріге алатынын іс жүзінде дәлелдегенін атады. “Елу жылда ел жаңа” дегендей, Кеңестер Одағы кезіндегі комсомол, партия жиналыстарында сөйлейтін шешен­дердің сөздері жоспар орындаудың жасанды баяндамаларынан құралса, қазіргі іргелі саяси күштердің жиындарында ұлт, тіл, дін мәсе­лелері талқыланатын болды, бұл тәуелсіз еліміздің демократиялық бағытқа бет бұрғанының айғағы, деді А.Біртанов.

Өз кезегінде мінберге көтеріл­ген Рудный қалалық мәслихатының депутаты, съезд делегаты Констан­тин Смирнов екі партия бірігуі нә­ти­жесінде қоғамның барлық буын­дарын топтастыра алатынын жет­кізді. Соның нәтижесінде біз нағыз халықтық партияға айналып, біздің бастамаларымыздың ықпалдылығы бұрынғыдан екі есеге күшейіп, нә­ти­жесі де екі есеге артпақ деген пі­кір білдірді. Ал Қызылордадан кел­ген делегат Нұрлан Құдайбергенов Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қата­рына кіруі үшін іргелі саяси ұйым қажет екенін, іргесі одан әрі беки түс­келі отырған “Отан” партиясы келешекте кез келген бәсекелес-тік­ке төтеп бере алатынын айтты. Ал ақтаулық Жаңбырбай Матаев Қазақстан экономикасы қарышты дамып, ел кіндігінен әсем елор­да­ның бой көтеруі және басқа да то­лымды табыстарға ел бірлігінің ар­қасында қол жеткізіп отырғаны­мыз­ды айта келе, саяси құрылым­дардың бірігуі осы бірліктің кезекті жарқын көрінісіне айналатынын көлденең тартты. Парламент Мәжілісінің депутаты Амангелді Айталы жаңа мүшелермен толысып жатқан “Отан” алдағы уақытта ішкі партиялық ой бөлісулерді орнық­ты­ру арқылы қоғамдағы құрылым­дық негізін бекіте түспек деген ойын білдірді.

Жарыссөз аяқталғаннан кейін Азаматтық партияның “Отанға” бірігуі мәселесі дауысқа салынып, съезд делегаттары саяси күштердің шоғырлануын бірауыздан қолдады.

Азаматтық партияның VІІ съезіне қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саяси құрылымдардың бірігуі жөніндегі шешімін оң бағалады. “Отан” партиясының ІХ съезінде мен еліміздегі саяси күштердің бірігуі жөнінде бастама көтергенім естеріңізде болар. Осы ретте Қазақстанның Азаматтық партиясы мемлекетіміздің алдында тұрған өскелең міндеттерді түсініс­тікпен қабылдап, өзінің айқын ұстанымын бүгін баршамызға паш етіп отыр. Осы жылдар ішінде Азаматтық партия прогресшіл күштердің көш басында жүрді. Елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуы жолына бағыт­тал­ған мемлекеттік саясатты ба­рын­ша қолдап отырды. Өткен жыл­ғы сайлау кезінде “Отан” партия­сымен қанаттаса отырып, бірлесе жұмыс істеді. Бұл партияның мен үшін де әрдайым сенімді тірек бол­ғанын ашық айтқан жөн. Сон­дық­тан да Қазақстан Азаматтық пар­тия­сының жаңа ғана өздері жария еткен “Отан” партиясымен қосы­луы туралы шешімі ел өміріндегі үлкен саяси маңызы бар оқиға демекпін. Бұл шешім елдің бірлігін көрсететін, саяси күштердің кемелдігін танытатын нақты қадам деп білемін, деді Елбасы.

Президент биылғы жылы Қа­зақ­станның жетекші саяси партия­ларының біріге бастауы еліміздегі партиялық жүйе дамуының жаңа бетін ашып бергенін атап көрсетті. Үстіміздегі жылдың шілдесінде өткен “Отан” партиясының съе­зін­де Мемлекет басшысы ел дамуында стратегиялық маңызы зор, бұқара­ның жалпы қолдауын иеленетін, қуатты, ұйымдастырушылық және интеллектуалдық әлеуеті мол жалпыұлттық партияның құрылуы қажеттігі жөнінде айтқан болатын. Кешегі съезде Елбасы қоғамдағы салауатты, болашаққа құлаш ұрған іргелі саяси күштердің бірігуі жөніндегі ойларын ортаға салды. Біріншіден, партиялардың бірігуі Қазақстанның алдында тұрған жаңа стартегиялық міндеттеріне сай келеді дей келе Президент еліміз өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ бас­қанын, ал ендігі мақсатымыз елді жедел жаңарту екенін ескертті. Оның бірінші сатысы Қазақстан­ның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стра­тегиясы болмақ. Елбасы тәуел­сіздіктің 15 жылы ішінде еліміз айтулы табыстарға қол жеткізіп, халықаралық қоғамдастық тарапы­нан мойындалғанын, бірақ біз осы жетістіктерімізге тоқмейілсіп қалмау керектігін қаперге салды. Әлем аса жедел қарқынмен дамып келеді, біз осы қарқыннан қалып қоймауымыз керек. Индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыруда бізге барынша көп күш-жігер салу талап етіледі, бұл — күштерді топтастыру қажет деген сөз. Барша қоғамның күш-жігерін шоғырландыру, бұқараның көш­бас­шылық психологиясын айқындау арқылы ғана біз межелі мақсаттарға қол жеткізе аламыз. Елбасы сондай-ақ жаңару тұсындағы серпінділікті арттыруда қоғамның барлық жасампаз күштерінің топтасу маңыздылығына тоқталып өтті. Бірігіп жатқан біртұтас партия елімізде одан әрі жүргізілетін іргелі өзгерістердің негізгі қозғаушы күшіне айналатынын жеткізді.

Екіншіден, екі партияның бі­рі­гуі Қазақстанда қуатты, осы за­манға сай, тиімді әрі бәсекеге қабілетті партиялық бірлестіктің жаңа үлгісінің құрылуына мүм­кін­дік туғызбақ. Бұл тұрғыдан алғанда, мақсаттары мен идеологиялық ұстанымдары жақын партиялардың бірігуі – заңдылық. Біздің пар­тия­мыз жалпымемлекеттік мүдделер аясында қызмет етуі керек. Саяси бәсекелестік, бұл ең әуелі, идеялар тартысы. Осылай дей келе Пре­зи­дент қоғамға дамудың мейлінше тиімді стратегиясын ұсына алған пар­тия ғана көшбасшы бола алатынын атады. Осы тұста Елбасы дамыған елдердегі саяси күштердің топтасу тәжірибелерінің нәтиже­лерін де ортаға салды. Атап айтсақ, Шве­цияның 56 жыл үкімет билі­гінде келе жатқан, миллионға жуық мүшесі бар Социал-демократиялық партиясы, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдардың барлығында Жапония үкіметін басқарып отырған Либерал-демо­кра­тиялық партиясы, Малайзия мен Сингапурдың ұзақ жылдар бойы елдің алға басуының ұйыт­қысына айналған ірі партиялық жүйелері сол елдер қоғамдарын топтастырып, ортақ мақсатқа жұмылдыруда екен.

Өздеріңіз байқап отырғандай, саяси күштерді біріктіру үдерісінде жаңа ештеңе жоқ. Біздің партиямыз Парламент пен мәслихаттардағы ба­рынша тиімді жұмыстары ар­қы­лы өзінің бағдарламалық мақ­сат­тарын іске асыруға қол жеткізуі керек, деді Елбасы.

Үшіншіден, қоғам өмірін одан әрі демократияландыруда жалпы­ұлт­тық партияның құрылуы үлкен маңызға ие болмақ. Президент Демократиялық реформалар бағ­дар­ламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссия шеңберінде партиялардың рөлін арттыру жөніндегі түрлі ұсыныстар талқыға түсіп келе жатқанына, со­ның ішінде партиялық тізім бой­ын­ша сайланатын депутаттардың санын ұлғайту, Парламенттегі пар­тиялық фракциялардың өкілеттік­терін кеңейту, саяси партияларды мемлекеттік қаржыландыру, Үкімет жасақтауда Парламенттегі партия­лық фракциялардың қатысу тетігін жасау жөнінде пікірлер айтыла­тынына және мұндай ұсыныстар тыңғылықты зерделеуге әбден лайық екеніне назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Қазақ­станның жетекші партия­лары­ның бірігу үдерісінің басталуы екі міндетті шешуге мүмкіндік ту­ғызатынын айтты. Яғни, пар­тия­ларға елеулі өкілеттіктер жүктеле отырып, олар жаңа міндеттерді атқаруға дайын екендіктеріне қоғам сенімді болуы керек. Саяси күш­тердің бірігуі жөніндегі шешім нақ осындай бұқаралық, жауапты, халықтың қолдауына ие болған және тиісті ресурстары орныққан партиялардың құрылуын жедел­дет­пек. Екінші жағынан, алдағы уа­қытта жүргізілетін демократиялық реформалардың маңыздылығын ескере отырып, ықпалды біртұтас партияның құрылуы реформа барысында қоғамдық-саяси тұрақ­тылықтың сақталуына мүмкіндік беріп қана қоймай, алдағы стра­те­гиялық келешекте жүргізіліп жат­қан саяси бағыттың сабақтастығын қамтамасыз етпек. Мемлекет бас­шысы саяси партиялар азаматтық қоғам мен мемлекет арасын бай­ланыстыратын арна екенін айта келе, күшті партиялар “халықтың үні мен көзі” ғана емес, өз кезе­гін­де қоғамдық бақылау институттары да екенін, сондықтан да партиялар қоғамда орын алған олқылықтарға қарсы белсенді түрде күресуі керек екенін көлденең тартты.

Мемлекет азаматтық қоғамды да­мытуға және қолдауға бағыт­тал­ған кешенді қадамдар жасауда. Ел­басы саяси партиялар, бұқаралық ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіподақтар азаматтық қоғам мен қоғамдық бақылау инсти­туттары болып табылатын, олар өздерінің негізгі міндеттері ретінде сыбайлас жемқорлыққа, қазақстандықтардың құқықтары­ның бұзылуына және басқа қо­ғам­дағы орын алған жат әрекеттерге қарсы ымырасыз күрес жүргізуі керектігін айтты. Әлбетте, мұндай міндетті кез келген партияның орын­дай алмайтынын, тек қоғам­дық беделге ие, алдына нақты мақ­сат қойған және оны орындай алатын саяси ұйымдар ғана еңсере алатынын және де “Отан” пар­тия­сы осындай маңызды міндеттің үде­сінен шыға алатынына сенімді еке­нін жеткізді. Жетекші партия­лардың бірігуі еліміздегі барша партиялық жүйенің дамуы үшін серпін беріп, Қазақстандағы пар­тия­лық құрылыстың дамуын да ынталандыра түспек.

Мемлекет басшысы қазіргі уа­қыт­та “Отанның” айналасына бірі­гу үрдісіне орай біздің партиялық жүйеміз қандай болады деген әңгі­мелердің де бар екеніне тоқталды. Мәселен, бәзбіреулер Қазақстанда бірпартиялық жүйе болуы керек деген пікірлер айтып қалатынын, бірақ біздің бұл жолдан өткенімізді, ондай қадам тұйыққа әкеліп тірей­тінін Елбасы нақты айтты. Сондай-ақ енді біреулер екіпартиялық жүйе тиімді болады десе, келесі біреулері нақты өмірден мүлдем алыс экзо­ти­калық схемаларды ұсынған. Менің көзқарасымша, мұндай әңгімелерді саяси үдерістер мен партиялық алаңның құрылуын жасанды шеңберлермен шектеуге болмайтынын ескермейтіндер шығарып жүр. Бізге демократиялық стандарттар мен нормаларға сай келетін партиялық жүйе керек. Біз осындай анық та айқын қағидатқа тоқтам жасауымыз керек. Прези­дент түптеп келгенде, бізде бірнеше қуатты, бәсекеге қабілетті, көш­бас­шы партиялардан құралған демо­кра­тиялық көппартиялы тұрлаулы жүйе құрылуы тиіс деп есептей­тінін, еліміз басшылық жасауға жауапты әрі реформаларды жүргізе алатын, халықтың мүдделерін қорғай алатын бірнеше іргелі саяси партиялар болуына қадам жасауы керектігін, жаңа ұйым негізінде біз шын мәнінде бұқаралық халықтық партия жасай алатынымызды ашып айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Азамат­тық партия жаңа бірлестікте өз қызметін жалғастыра беретінін және “Отанның” құрамында ол өзі­нің жаңа өмірін бастайтынын атап көрсетті. Сауалнамалар қорытын­ды­лары көрсеткендей, әрбір алты қазақстандықтың бесеуі басқа партияларды қоса есептегеннің өзінде “Отан” ұлт мүдделерін ба­рынша тиімді түрде алға жетелеуге қабілетті деп есептеген. Халықтың басым көпшілігі “Отанды” сайлау­ларға қатысуды ғана мақсат тұтып қоймай, әлеуметтік проблемаларды шеше алатын саяси құрылым ретінде бағалаған. Осы орайда Президент “Отан” ендігі жерде Аза­маттық партияның өңірлік филиалдар жұмысын ұйымдастыру, әсіресе партияның қоғамдық қабыл­даулар ашу мәселелеріндегі тәжірибелерін пайдалана алатынын және жаңа қосылған саяси ұйым­ның кадрлық әлеуетінен айрылып қалмау керектігін айта келе, өңірлік филиалдар жтекшілері мен орталық партия органдарының мүшелері “Отанда” тиісті лауазымдарға тар­ты­латынын атады. Барынша лайық­ты әрі тәжірибелі кадрлар Саяси кеңес Бюросының құрамына енгізілмек.

2006 жыл Қазақстан үшін табысты жыл болып отыр. Біз осы жылды экономикадағы 10 пайыз­дан кем емес өсіммен аяқтағалы отырмыз. Егер 1994-1995 жылдары жан басына шаққандағы ІЖӨ кө­лемі 400 долларды ғана құраса, ке­лесі жылы біз 6000 долларға жете­тін боламыз. Бүгінде Қазақстанның алтын-валюталық қоры 25 мил­лиард долларды құрайды, дей келе Елбасы бұл халқымыз осы ара­лық­та атқарған ерлікке барабар ең­бе­гінің нәтижесі екенін қадап айтты.

Мемлекет басшысы сондай-ақ өзінің таяуда Америка Құрама Штаттарына жасаған сапарында Президент Буштың осы кезең ішінде жас тәуелсіз елдердің бірде-бірі қол жеткізе алмаған таңданар­лық табыстарға жеткенімізді атап өткеніне, ал әлемдік деңгейдегі саясаткер Хосни Мубарак осы ап­тада елімізге жасаған ресми сапары кезінде Қазақстаннан қуатты, сер­пінді дамып келе жатқан мем­лекетті көретінін айтқанына, біздің мұндай биікке көтерілуімізге елдегі саяси бағыттың дұрыстығы және тұрақтылық пен қоғам бірлігінің арқасы екеніне екпін түсірді.

Қазақстанның Азаматтық пар­тия­сының “Отан” партиясымен бірігуі жөніндегі қабылдаған шешімінің маңыздылығын тағы да атап айтқым келеді, деді сөзін қоры­тындылай келе Елбасы. Біз осылайша күш-қуатымызды, қай­рат-жігерімізді саналы түрде ортақ мақсат жолына жұмылдырып отырсақ, шықпайтын асуымыз, алмайтын қамалымыз болмайды.

Елдік мұраттарды бірлесіп, кеңе­сіп, келісіп шешкеннен әр­дайым ұтатынымызды естен шы­ғар­майық. “Келісіп пішкен тон келте болмас” деп атам қазақ тегін айтпаса керек. Бүгіндері қатары толығып, тәжірибесі толысқан партия Қазақстанның келешегі, ел игілігі жолындағы қарышты дамуы­мыздың басты саяси күші бо­ларына сенімдімін, деді Мемлекет басшысы.

 

Делегаттар лебізі

 

Қажымұрат НӘСИЕВ, Астана қаласы білім департаментінің қызметкері, Азаматтық партияның мүшесі:

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ұсақ-ұсақ көптеген партиялардың құрылғаны есімізде. Олар қоғамымыздағы ықпалды күшке айнала алмады. Қазіргі уақытта елімізде саяси ұйымдардың бірігу үдерісі басталды. Ең әуелі “Асар” партиясы “Отанға” біріксе, енді Азаматтық партия өзінің VІІ съезінде осы бас партияға бірігу жөнінде шешім қабылдады. Мұның саяси мәні зор. Партия неғұрлым ірі болса, елдегі саяси-экономикалық және әлеуметтік мәселелерді дұрыс әрі әділ шешуге мүмкіндік алады. Бұл – әлемде өзін-өзі ақтаған тәжірибе. Сондықтан да еліміздегі оннан астам партияның орнына қуатты екі-үш партияның болғаны қоғам үшін пайдалы болар еді дер едім.          

 

Мұстафа КӘРІМОВ, Қызылорда аграрлық-техникалық колледжінің оқытушысы:

– Қазақта “ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды” деген сөз бар. Баршамыз Елбасының сарабдал саясатын қолдап жүргендіктен де ортақ мақсатта бірлесе жұмыс атқарғанымыз абзал. Әрине, жергілікті жерлерде кейбіреулер “Отан” барлығын өзіне қосып алып жатыр деп түсінбестік танытуы да мүмкін. Меніңше, Азаматтық партия басшылығы дұрыс қадам жасады. Біз осы шешім арқылы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, еліміз дамуына сүбелі үлес қоса аламыз.

 

Танаш МЕҢДІБАЕВ, Азаматтық партияның батыс облыстардағы үйлестірушісі:

Бұл жасанды қадам емес. Біздің партия сегіз жылдың ішінде еліміздегі зауыттар мен фабрикалар жұмысшыларының басын біріктіре алды. Ал “Отан” партиясының құрамына негізінен қоғамымыздағы зиялы қауым өкілдері тартылды. Енді өмірдің өз талабы бойынша саяси күштердің бірігуі керек болып отыр. Бөлек-бөлек өмір сүрудің өзі мемлекетімізді нығайтуға және Президенттің алға қойған “Қазақстан – 2030” стратегиясын іске асыруға кері әсер етпек. Екі партияның негізгі бағдарламалық жоспарында аса үлкен айырмашылықтар болған жоқ. Енді саяси құрылым бір жүйеге түскеннен кейін ел жағдайын жақсартуға бірге атсалысатын боламыз.



Авторы: Қуат БОРАШ, Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат