Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-11-15:

Мұхтартану – сарқылмас бұлақ

 

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде М.Әуезов әлемін тануға қосылған жаңа еңбек авторы, Ресей ғалымы Н.Анастасьевпен кездесу өтті

 

РесейдіңМолодая гвардиябаспасынанЖизнь замечательных людейсериясы бойынша Мұхтар Әуезов жайлы жаңа кітаптың жарық көргенін естіген сәттен бастап-ақ әдебиетсүйер қауымның тынышы кеткені рас. Оның үстіне Мұхаң жайлы ғұмырнамалық шығарманы МГУ-дің профессоры Николай Анастасьев жазғаны да зор қызығушылық тудырған. Жұртшылықтың бұлайша елегізуін де бір есептен түсінуге болады. Неге десеңіз, 116 жылдан бері үздіксіз шығып келе жатқан осынау “ЖЗЛ” сынды даңқты серия бойынша Кеңес заманында Шоқан Уәлиханов, Сәкен Сейфуллин, кейіннен Қаныш Сәтбаев жайлы шығармалар жарық көрген еді. Енді міне, араға біраз жылдар салып, М.Әуезов жайлы жаңа дүние жарық көріп отыр десек, бұл шығармада Мұхаңның дара тұлғасы, шығарма­шылық ізденісі, өре биігі өз дең­гейінде көріне алды ма деген ой­дың қылаң беруі де заңды еді. Сондықтан да шығар, өткен айдың аяғына қарай, нақтылап айтсақ, 28 қарашада газетімізде жарық көрген Мұхтар Құл-Мұхаммедтің “Мұхтар Әуезов: триумфатор трагедиясы” атты еңбектің туу тарихы, кітап авторының осы шығарманы жазу барысындағы ізденістері жайлы егжей-тегжейлі баяндаған “Әуезов әлемі” атты мақаласы қолдан-қолға тимей кеткен болатын.

Иә, көпшілік осынау кітап жайлы мақаланы оқығаннан кейін барып көңілді бір демдеген. Автордың әлемдік әдебиет айды­нында Мұхаңның өзіндік орнын көрсетуге ұмтылысы, қазақтың ұлы классигіне берген “Даланың ұлы жыршысы”, “Дала Айвазовскийі” дег­ен дәл де жүрекке жақын теңеу­лері, әсіресе “Быть может, он вооб­ще последний классик в литературе ХХ века, последний законный на­с­ледник Золотого века романа” деген тамаша тұжырым жасауы оңды-солды сөзді шашу емес, автордың бұл тақырыпқа терең дайын­дықпен келгендігін, әлем әдебиетінің тұнығын сүзіп, ондағы Мұхаң әлемінің өзіндік болмысына өре биігінен қарап ой қорытқаны деп білеміз.

Әйтсе де “мың рет естігеннен, бір рет көрген артық”, – деген ғой, фи­лология ғылымдарының док­то­ры, МГУ-дің профессоры, әдебиет­ші, сыншы Николай Анастасьевтің Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұстаздар қауымымен, студенттерімен өткен кездесуі әдебиетсүйер қауымға М.Әуезов жайлы бұрыннан қалып­тасқан ой-пікірлерінің шеңберінен шығып, оның шығармашылығына әлем әдебиеті биігінен, тың көз­қарас­пен қарауға мүмкіндік берді десек, бұл артық айтқандық емес.

Осы арада бір айта кететін жәйт, М.Әуезов сынды ардақтымыз жайлы өзіміз айта бергеннен гөрі, жазушы болмысына өзгенің де көзімен қарау, өзгеге мойындату күні бүгінге дейін өз дәрежесінде іске аспай келгенін ескерсек, Мұхтар Құл-Мұхаммед сынды азаматтың осындай өрелі іске бастамашы болғаны қуантады. Ендеше, мың алғыс азаматқа!

Енді негізгі әңгіме желісіне оралсақ, кездесуде Николай Аркадье­вич өз сөзін қазақстандық достары мен осы еңбекті жазу үшін қажетті мәлімет жинауына көп көмек көрсеткендерге рахмет айту­дан бастады.

– Егер осы кітапты жазу жөнінде Мұхтар Құл-Мұхаммед ке­ңес бермеген болса, Мұрат Әуезов және ол басқаратын Ұлттық кітап­хана ұжымы, Алматыдағы М.Әуе­зовтің музей-үйі мен Семейдегі қорық мұражайдың қызметкерлері көмек көрсетпесе, бұл шығарманың жазылуы да екіталай еді. Жинақ­талған материалдарды қарап, ой қорыту барысында Әуезов фено­мені әдебиет пен мәдениеттің көп­теген проблемаларына көңіл ауда­рып қана қоймай, оған басқаша көзбен қарауыма әсер етті. Әрине, ол ойлардың бірқатарын осы еңбекті жазу барысында қамтуға тырыстым, – деді ол.

Одан әрі ғалым ғұмырнаманы жазу барысындағы қиындықтар мен өзін еліктіріп әкеткен қызық­тар, Алматы, Семей, Бөрілі, Қа­рауыл арасындағы жолдардың же­місті болғаны жөнінде сөз қозғады.

Онысы рас, “ЖЗЛ” негізінен кез келген кітап авторына үш шарт қояды. Ол – кейіпкердің өнеге болатындай өмірі, деректердің ғылыми дәлдігі және шығарманың жоғары әдеби деңгейі болса, Н.Анастасьев бұл үдеден тамаша шыға білген. Ол өзінің осынау шығармасында шытырманға толы Мұхаң өмірінің әр кезеңдерін сол дәуірдің шындығымен, өмірде, өнер­де болған нақты кейіп­кер­лер­мен бірлікте қарастырады. Яғни, М.Әуезов әлеміне терең бойлап, жауһарын тере білгенін, классиктің ғибратты ғұмыры ғылыми дәйекті­лік­пен, әдеби шеберлікпен өрілге­нін айтуымыз керек.

– Мұхтар Әуезов шығармашы­лығында үш мәдени дәстүр өзара тоғысып жатыр, – деді сөзін әрмен қарай жалғастырған Николай Арка­дьевич. – Бұл Мұхтар Омарханұлы ана сүтімен бойға сіңірген Ұлы Дала мәдениеті, яғни Шығыс мәдениеті, Ресейдің, оның ішінде, Мұхтар Әуезов университетте оқып жүр­ген­де Ленинградта әлі де сақталған күміс ғасырдың, сондай-ақ Батыс­тың, яғни еуропалық дәстүрлер оның шығармашылығында қатар өріліп жатады. Әрине, осыншама терең де жұмбақ әлемді өз мәнінде, өз деңгейінде ашу үшін өзің де қаражаяу болмауың шарт – дей келіп, ол одан әрі Мұхаң шығармашылығынан сол тоғысып жатқан үш дәстүрге байланысты нақты мысалдар келтірді.

– Мен Николай Анастасьевтің қолжазбасын ерекше толғаныспен оқып шықтым, деді Мұрат Әуезов. – Өйткені, терең де нақтылы зерттеулер жүргізілгеніне қара­мас­тан, қазақстандық ғалымдар әлі де қаузай қоймаған ойларды автор­дың осы еңбегінен таптым. Қазақ әдебиетінде Мұхтар Әуезовтің қа­дір-қасиеті өте жоғары болуынан да шығар, бұрынғы айтылған пікірлер мен ойларға жаңа бір қырынан қарауға кез келген адам­ның тәуеке­лі жетпегені де анық. Ал Николай Аркадьевич болса қалың жұртшы­лық­қа белгілі сол жәйт­терді тың көзқарас тұрғы­сы­нан бере білді.

Кітап авторы бұл жұмысты жазуға отырмас бұрын ол жазушы туған мекенге барып, мұрағаттарда болып, Әуезовтің хаттарымен танысып, оның көзін көргендермен кездесті, терең зерттеулер жүргізді. Ақиқатын айта кету керек, мұх­тартануға қатысты бірқатар мате­риал­дар осы кезеңде алғаш рет ғылы­ми айналымға түсті десе де болады. Осылардың бәрін зерттеп, зерделеу барысында Ресей ғалымы бізге “Абай жолы” романының орыс тіліндегі жаңа нұсқасын жа­са­туды ұсынған еді. Тіпті, бұл жұ­мыс­ты бірқатар қазақ жазушы­лары­ның шығармаларын орыс тіліне сәтті аударып жүрген Анатолий Кимге тапсыруға болады деген пікірін де айтқан болатын.

Иә, жақсы ой жалғасты болып, бүгінде бұл жұмыс қолға алына бастаған екен. Еңбектің алғашқы 150 бетін оқыған кезде өзіне жаңа­ша әсер еткенін де Мұрат Мұх­тар­ұлы өз сөзінде айтып өтті. Құдай бұйырса, келесі жылы жазушының ту­ған күні қарсаңында бұл кітап қолға тиіп қалар деген үміт те жоқ емес.

Ресей ғалымы кездесуде жұрт­шы­лықтың бірқатар сұрақтарына жауап бере келіп, Әуезовтің ғұмыр­намасын жазу барысындағы өзі тұшынған өзгеше сәттерді де тілге тиек етті.

– Мұхтар Әуезовті зерттеу барысында мен оның ішкі әлемін зерделей отырып, жаңа бір биікке көтерілгендей сезіндім. Бұл ізде­нуші үшін зор бақыт. Тіпті Әуезов туралы бұл шығарманы жазу үшін мен өзімнің өмір бойы іштей дай­ындалғанымды ұқтым. Сондықтан шығар, бұл шығарманы жазу маған тез әрі оңай болды. Бұл кітап менің шығармашылық жолымдағы үлкен табыстарымның бірі деп білемін, – деді ғалым.

Ал академик Рымғали Нұрғали болса “ЖЗЛ” сериясымен шыққан жаңа туындының мұхтартануға қосылған сүбелі үлесі екенін, бұл шығарманың орыс, қазақ әдебиеті ара­сындағы рухани байланыс­тар­дың беки түсуіне де елеулі әсер ететініне тоқталды.

Кездесу соңына қарай Л.Н.Гу­ми­лев атындағы ұлттық универси­тет­тің ректоры Сәрсенғали Әбді­манапов ұлттық мәдениеттің өрісін кеңейтуге зор үлес болып қосылған кітап авторына жұртшылық атынан рахмет айта келіп, Н.Анастасьевке университеттің құрметті профес­соры атағы берілгенін жеткізді. Сондай-ақ, ол қадірлі мейманға универ­си­теттің мерей-тойлық медалін тапсырды.



Авторы: Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат