Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-11-21:

Майор М.И.Акуевтің заңсыз сотталғаны төңірегінде

 

Жастардың Алматы қаласындағы және басқа да аймақтардағы Желтоқсан шеру-көтерілісіне қатысушыларға күш қолда­ныл­ды, олар соққыға жығылды, қанды жазаға душар болды. Қаза тапқандары да кездесті, жүздеген жас әртүрлі дәрежеде жарақат алды. Алайда, оларға дер кезінде әрі сапалы меди­циналық жәрдем көр­се­тілген жоқ. Көтерілісшілерді әрбір отбасы өз үйлерінде жасырып ұстады. Өйткені, бәрімізді топ-тобымызбен, отбасы мүше­лерімізбен бірге қуғын-сүргінге ұшыра­та­тын шығар деп қорықты. Респуб­ликада жүгенсіз кеткен империялық оспадарсыз әрекеттердің ауыр ахуалы қалыптасты. Билік орындарының алдындағы үрей күшейе түсті.

1986 жылғы желтоқсанның екінші жартысы мен 1987-1988 жылдары кең көлемді қуғын-сүргін науқаны жүргізілді. Ол 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырушыларды, оны бастап бе­ру­шілерді, көтерілісшілерге қолдау көрсету­шілерді және жалпы арандатушыларды іздестіру мен жазалау ұранымен өткізіліп жатты. Мекемелерді, ұйымдарды көтері­ліс­шілерге бүйректері бұратындардан, сондай-ақ күдікті деген сенімсіз адам­дардан тазарту қатар қолға алынды. Ресми түрде жарияланған деректердің өзі бойынша ғана, “шеруге қатысты” деген күдікпен Алматы қаласындағы ішкі істер органдарына 2366 адам жеткізілген. Ал қалалық партия комитетінің 24 желтоқсан күнгі мәліметі бойынша: “Ұлтшылдық пиғылдағы арандатушы элементтер ұйымдастырған тәртіпсіздіктерге қатысты деген күдікпен 2335 адам ұсталды... 30 коммунистің дербес ісі қаралды, олардың 25-і СОКП қатарынан аласталды. Сондай-ақ 591 БЛКЖО мүшесінің дербес ісі қаралып, 245 жас комсомол мүшесі қатарынан қуылды” деп атап көрсетілді.

Көтеріліске шыққан жастарға қолдау көрсетті, тіпті көтерілісті ұйымдастыруға өзі де қатысты деген күдік СОКП Орталық Комитеті Саяси Бросының бұрынғы мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы Д.А.Қонаевқа да келтірілді. Сол бір сұрапыл оқиғалар кезінде “Правда” газетіне берген бір сұхбатында Г.В.Кол­бин Д.А.Қонаевты былай деп айыптауға дейін барды: “Алматыдағы оқиғалар үшін ол көп жағдайда ар-намысымен жауапты” (Дәйексөз Мырза Акуевтің “Біріншімен бірге” деген кітабынан алынды. Алматы, 2004, 72-бет). Мәскеу тергеушілерінің белсене қатысуымен Д.А.Қонаевқа қарсы қолданылып, оның беделін түсіретін материалдарды іздестіру және жинастыру барысында оған жақын жүрген бірқатар адамның үйлеріне тінту жүргізілді, өздері тергеуге алынды, түрмеге қамалды. Солардың қатарында Д.А.Қонаевтың көмекшісі Д.Бекежанов та, Орталық Комитеттің Іс басқарушысы А.Г.Статенин де, республика Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысына ере жүретін арнаулы қорғаушы дивизион тобының бастығы М.И.Акуев те бар болып шықты. Бұлардың бәрі де қамауға алынды және сотталды. Оларға көтеріліс жасау туралы бастама көтерушілердің қатарында болыпты-мыс деген жала жабылды. Кейіннен Д.А.Қонаев өзінің “Өтті дәурен осылай” деген өмірбаяндық кітабында Республика Компартиясы Орталық Комитетінің тапсыруы бойынша әрекет жасаған жазалаушы органдар “қамауға алынғандардан мені қаралап, айыптайтын жауап ала алмады”, деп жазды.

Төменде менің 1988 жылғы 31 қазанда Г.В.Колбиннің атына жазған хатымның толық мәтіні келтіріліп отыр. Онда мен М.И.Акуевтің заңсыз қамауға алынып, 4 жыл бойы қатаң тәртіп жағдайында түрмеде отыруға сотталғаны туралы айттым. Бұл кез партияның сара жолынан “тайғандарды” қудалаудың өрттей өршіп тұрған кезі болғанын айта кеткім келеді.

Хат мәтіні мынау:

“Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің

Бірінші хатшысы Г.В.Колбин жолдасқа

Аса құрметті Геннадий Васильевич!

Өзіңізге жолданып отырған осы хат ең алдымен Сіздің жоғары мәртебелі беде­ліңізге және зиялы ақыл-парасатыңызға деген сенімді үмітке негізделіп жазған шағым-арыз болып табылады. Мақсат – аяққа басылған әділеттілік пен заңдылықты қалпына келтіруге Сіздің жеке өзіңіздің тікелей араласуыңызды өтініп сұрау. Менің кәміл көз жеткізген және мені шағым-арыз жолдауға мәжбүр етіп отырған жағдай мынау: құқық қорғау органдарының қасиетті құқықтарды аяқасты етуге әбден әдеттеніп алып, жүгенсіздік танытқан іс-әрекетінің, басқа да бірқатар жағдайлардың салдарынан Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінің арнаулы дивизионының бұрынғы командирі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы Д.А.Қонаевқа ере жүріп, оны кездейсоқ қауіп-қатерден қорғауға адал қызмет еткен офицер М.И.Акуев ешқандай кінәсі болмаса да соттың әділетсіз үкімімен ауыр жағдайда 4 жыл бойы түрмеде отыру жазасына кесілді. Соттың бұл үкімі заң тұрғысынан да, адамгершілік тұрғысынан да әділеттілікке жатпайды. Менің жоғары деңгейдегі сот орындарына шағымданбай, Сіздің тікелей өзіңізге хат жолдап отыруымның себебі бар: Акуевтің ісіне о бастан-ақ республика партия органдары, жұмсарта айтқанда, арсыздықпен орынсыз араласты. Сондықтан да әділдік орнатпақ болған өзге каналдардың бәрінің де жолдары іс жүзінде мықтап жабылып қалды. Бүгінгі таңда мұның өзі нағыз масқара, жексұрын нәрсе саналады. Бірақ, бұл – шындық. Ал шындықтан қашып құтылу мүмкін емес.

М.И.Акуев 1987 жылы сәуір айында Қазақ КСР Қылмыстық істер кодексінің 144-бабының ІІ бөлімі бойынша, яғни, өзінің қызмет бабындағы билігін күш қолдана отырып асыра пайдаланғаны үшін деп сотталды. Ал оның қылмысты ісі деп саналып отырған оқиға содан 6 жыл бұрын орын алған еді. Акуев ол оқиғаға тікелей емес, жанама түрде қатысты болғаны үшін кезінде партиялық және әкімшілік жолмен тиісті жазасын алған болатын. Сонымен іс біржола бітіп кеткен еді.

Ал ол оқиға былай болған. Осыдан 6 жыл бұрын капитан М.И.Акуев пен арнаулы дивизион құрамында болған, қызмет бабында Акуевке тікелей бағынатын жол-патруль қызметінің инспекторы Төребаев өздерінің әдеттегі кезекшілік қызметін атқару барысында Алматының орталық көшелерінің бірінде жол қозғалысы ережесінің “Волга” автомәшинесінің жүргізушісі Телғараев­тың тарапынан өрескел бұзылғанын байқап қалады. Ереже бұзушы бұлардың жарықпен және дауысты күшейткіш құралмен бірнеше рет берген белгілері мен ескертулеріне құлақ аспай, тоқ­та­маған бойы кете берген. Ал оның соңына түскен қуғыншылар “Волга” автомәши­несін жолдың тас қаланған бордюрлі жиегіне тықсыра түсіп, әзер дегенде тоқтатқан. Бірақ мәшиненің жүргізушісі бұларға сонда да бағынғысы келмей, мәшинеден өз еркімен шықпай, қасарыса отырып алған. Телғараевты қалалық милицияның кезекшісіне табыс ету үшін осы кезде көмекке жетіп үлгерген қала­лық әскери комендатура жауынгерлерінің араласуымен бұлардың ереже бұзушыны сыртқа күшпен сүйреп шығаруына тура келген. Осы кезде қасарыса қарсылық көрсеткен Телғараевқа инспектор Төре­баев қол жұмсаған, жүргізушінің мұрны қанап қалған. Болған қолайсыз оқиғаны қалалық милиция бөлімі бастығының кезекшілік қызметте отырған орынбасары подполковник Балабаевтың бөлмесіндегі талдау барысында жәбірленген жүргізуші Телғараев Акуевке ешқандай да кінә тақпаған. Қайта бір-бірінен кешірім сұрасып, қол алысып қоштасқан.

Алайда, сол күннің ертеңіне бұл іс мүлде басқаша сипат алып, ушыға шиеленісіп кеткен. Алматы облыстық партия комитетінің кезекші қызметкері обком мәшинесін МАИ қызметкерлерінің ұстағанын білгеннен кейін бұл туралы обкомның қаржы-шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Майлыбаевқа хабарлаған. Ұсталған мәшине соған қызмет етеді екен. Болған оқиғаға объективті тұрғыдан талдау жасау, міне, сол сағаттан бастап командалық-әкімгершілік билікке жол босатады. Обкомның “беделін түсіруге, оның қызметкеріне қол жұмсауға” батылы барған милиционерлердің сазайын тарттырып, сыбағасын беруге ұмтылған­дар бұл жұмысқа барлық ынты-шын­тымен белсене араласқан. Айып тағудың бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі тәсілдері мен дайын тұрған тетіктері жедел түрде іске қосылған. Істің мән-жайына байыпты қарамаудың салдарынан Акуев кезекшілік кезіндегі жетекші ретінде жауапты деп саналып, СОКП мүшелігінен шыға­рылады және оның үстінен қылмысты іс қозғалады. Соның артынша жалған сот-медицина сараптамасы дүниеге келе қалады. Онда Акуев пен Төребаевтың Телғараевты соққыға жығуы салдарынан оның “бас сүйегі мен миына зақым келген, миы шайқалған” деп көрсетіледі.

Сонымен, 1982 жылғы 11 ақпан күні Алматы қаласының Совет аудандық соты Төребаевты Қазақ КСР Қылмыстық істер кодексінің 144-бабы бойынша 3 жылға шартты жазамен соттап, халық шаруашылығы саласында жұмыс істеуге үкім шығарады. Ал Акуевтің қылмыстық ісі ешқандай қылмыс құрамы жоқ болғанына байланысты тергеу барысында-ақ қысқартылған болатын. Соңынан оның партия мүшелігі қайтадан қалпына кел­тірілді – оған партиялық сөгіс берумен шектелді.

Ал содан бері арада 6 жыл өткеннен кейін, жаңадан ашылған ешқандай тың деректердің жоқтығына қарамастан, Акуевтің “қылмысты ісі” қайтадан еске алынды. Ол істің қысқартылып кеткені туралы сот шешімі біреулердің ықпалды ерік-жігерімен бұзылып шыға келді. Сөйтіп Акуев 1987 жылғы сәуірде осыдан 6 жыл бұрынғы аталмыш оқиға кезіндегі іс-әрекеті үшін қайта сотталды.

Арада 6 жыл өткеннен кейін Акуевтің әбден ескірген, тіптен ұмыт болған дерлік, оның үстіне бәлендей мән беруге де тұрмайтын болмашы “қылмысты ісінің” қайта көтерілуінің себебі неде? Менің кәміл сенімім бойынша, бұл істі шектен тыс даурықтыра дабырайтып көрсетіп, Акуевті соншалықты қатаң жазаға кесу – ауыр жағдайда еңбекпен түзеу колониясына 4 жылға бас бостан­дығынан айыру – әлдебір ықпалды бі­реулердің арсыздықпен араласуы арқылы ғана әбден мүмкін болатын нәрсе. Мұндай жазаның шектен тыс сәйкессіздігі бұл ретте бастама көтеріп, ынта-жігер танытқан мүдделі біреулердің беттерін тым болмаса бүлк еткізбегені таңғал­дырады. Немесе негізгі кінәлі Төребаев оқиғаның кезек күттірместей неғұрлым маңызды кезінде 3 жылға шартты жазаға сотталғанын, ал қылмысты ісі қысқарып кеткен соң, оның үстіне, кезінде тиісті партиялық және әкімшілік жазасын алған Акуевтің енді арада 6 жыл өткеннен кейін мынадай қатаң жазаға кесілуінде өзара салыстыруға келерлік ешқандай сәйкестік жоқ. Оның үстіне, Акуев соңғы алты жылда бұрынғы кезіндегідей, өзінің қызметін үлгілі атқарғаны, өзін тек жақсы жағынан көрсетіп, әрқашан белсенді, бастамашыл, өз ісіне шын берілген адал қызметкер ретінде танытқаны ескеріл­меген.

Сонда бұл сұмдықтың сыры неде? Мұның “сыры” мынада: 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы бойынша іле-шала басталған жазалау отрядының одан әрі жалғаса түскен күресі барысында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың бұрынғы көмекшісі Д.Бекежановты жауапқа тарту керек болды. Ал Д.Бекежановтың жасаған қиянат істеріне қатысты тізімге Акуев те ілігіп кетті. Сөйтсе, Бекежанов Акуевті 1981 жылы қылмысты жауапкершілікке тартылатын жерінен құтқарып жіберіпті-міс. Бұл деректің шындыққа қаншалықты жанасатынын мен білмеймін. Егер ондай жағдайда Бекежанов өзінің тікелей бастығының атынан әрекет еткен болса, оныкі шын мәніне келгенде дұрыс қой. Республиканың бұрынғы басшысы берген нұсқаулардың, қызмет бабында орын алған қайшылықтардың барлығын бірдей жіпке тізіп, оның тек “бұрынғы басшы” болғандығы үшін ғана дұрыс емес дей салуға болмайды. Мен осылай деп білемін. Ал істің шынтуайтына келсек, ол кезде Акуев Бекежановпен таныс та емес еді, онымен ешқандай туыстық немесе жерлестік қарым-қатынасы да жоқ болатын. Ол кезде, 1981 жылы, шынында да Акуевке ара түскен, сөйтіп оған байланысты әділ шешімнің қабылдануына қол жеткізген адам Қазақ КСР Ішкі істер министрі А.Г.Платаев еді. Мен және басқа да адамдар оның Акуев туралы: “Ол біздің ең жақсы офицеріміз, аузына арақ алмайды, темекі де тартпайды. Мен оны соттатып жібере алмаймын” (Бұл сөзді ол 1982 жылғы ғылыми-практикалық конфе­ренция кезінде айтқан болатын) дегенін өз құлағымызбен естіп, куә болғанбыз.

Мәселенің мән-жайына түсінбей жатып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Әкімшілік бөлімі Акуевтің ісін Бекежановтың ісіне қосақтай салуға кең жол ашып берді. Бұл жерде Акуевтің болашақ тағдырының қандай болатыны мен жеке басының мүдделері мүлде ескерілмеді. Сол бір негізсіз айыптауда Сіздің 1987 жылғы 9 наурызда “Правда” газетінде жарияланған жауабыңыз шешуші рөл атқарды. Онда Сіз, атап айтқанда, былай деп жазған болатынсыз: “Кезінде Бекежановтың қанатының астында қамқор қорғаушылыққа бөлен­гендер қатарында кеңшарлардың бірінің бұрынғы қызметкері Д.Туровтың, жазушы Т.Есімжановтың, “Қазақфильм” студия­сының бұрынғы директоры К.Ахметовтің, Ішкі істер министрлігі жүйесінің қызметкері М.Акуевтің, бұрынғы бірқатар шаруашылық басшылары А.Смыковтың, Д.Ковиньконың және басқалардың болғаны рас. Қазір Статенин мен Акуев қамауда отыр. Олардың істері сотқа тапсырылды”. Міне, мұндай жағдайда бұрыннан қалыптасқан дағдылы әдеті бойынша Орталық Комитеттің Әкімшілік бөлімі істі жалма-жан “қатаң бақылауға” ала қойды. Ал сол бақылаудың астында жұмыс істеген тергеу орындары, проку­ратура мен сот органдары Сізді “ұятқа қалдырмау үшін” барлық күш-жігерлерін аямай жұмсады, Республика Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы­ның сөзі дұрыс екенін қайтсе де дәлелдеп шығуға тырысып бақты. Мен Сіздің жеке басыңыз бұл істің тап осылай ушығуына әлдебір мүдделілік таныта қойған шығар деп тіпті де ойламаймын. Алайда бұған дейін ондаған жылдар бойы осындай “партиялық тәртіп рухында” тәрбиеленіп келген құқық қорғау органдарының тап осы бағытта тағы да “мінсіз жұмыс істегеніне” кәміл сенемін. Солай болды да. Әрине, ондай жағдайда заңдылықтың және бұра тартпайтын турашылдықтың, тергеуді және сот ісін жан-жақты да толық көлемінде жүргізудің, әділеттілік қағидаларының, сондай-ақ кінәсіздік жорамалының қайдағы бір дерексіз, мән-мағынасын жоғалтқан бос сөздерге айналатыны белгілі.

Тергеу және сот ісі біржақты бұрма­лау­мен жүргізілді. Социалистік заңдылық­тың нормалары мен қағидаттары алдын ала көзделген қиянатты мақсатпен аяқ басқан сайын қасақана бұрмаланумен, бұзылумен болды. Солардың кейбіреулері мынадай:

1. Көше қозғалысы ережесін бұзушы­ны – жүргізуші Телғараевты қалалық ішкі істер басқармасының кезекші қызметкері отыратын бөлмесіне алып келген және қалалық басқарма бастығының орынба­сары А. Балабаевтың, облыстық партия комитетінің сол күнгі кезекші қызметкері Ұмбаевтың қатысуымен істің ізін суытпай, жедел түрде жүргізілген талдау барысында ол жәбірленуші ретінде өзінің Акуевке тағатын ешқандай кінәсі жоқ екенін, оның ұрып-соғуға қатыспағанын, өзіне екі рет жұдырық жұмсаған Акуев емес, инспектор Төребаев екенін ашық айтқан. Мұны Балабаев та, төрт әскери қызметші де растайды. Алайда аса маңызды бұл дерек алдын ала тергеу және 1987 жылғы сот ісінің барысында “ұмыт қалып” кеткен.

2.1981 жылы болған жол жүру ережесінің бұзылу оқиғасына байланысты облыстық партия комитетінің қаржы-шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, ол кезде өзін “қолынан бәрі де келетін аса мықты адам” санайтын Е.Майлыбаевтың тас-талқан болып ашуланған шамшылдық әрекеттері, сөйтіп Акуевтің ісіне қисынсыз араласқаны сияқты бірінші дәрежелі маңызы бар деректердің назарға ілікпей, мүлде тексерусіз қалғаны кімнің де болса көзіне бадырая көрініп тұр. Телғараев “құдіретті басшы” Майлы­баевтың ауызекі берген бұйрығы бойынша ауруханаға жатқызылады. Оған “миы шайқалған” деген диагноз қойғызылады. Тіпті, оның еңбекке жарамсыздығы жөнінде жалпы мерзімі 21 күнге жететін бюллетень де беріледі. Мұның өзі оның соққыдан жеген зардабын орта дәрежелі зақым деп тану үшін әбден жеткілікті болуын көздеу еді. Телғараев ауруханаға жатқызылған күннің ертеңіне оған өзінің тікелей бастығы Майлыбаевтың барғанын айтады. Ол қалалық прокуратура қызметкерін өзімен бірге ерте келген еді. Сөйтіп, олар Телғараевқа жалған арыздың мәтінін өз ауыздарымен айтып тұрып жаздырып әкеткен болатын. Онда Телғараевтың өзін инспектор Төребаевпен бірге М.И.Акуевтің де ұрып-соққанын, екі рет қол жұмсағанын жазуына тура келген. Алайда, жәбірленуші Телғараев ақырында адал азамат болып шықты. Ол өз қолымен былай деп жазып берді: “Мен ауруханада жатқан күннің ертеңіне маған өзімнің тікелей бастығым, обкомның қаржы-шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Майлыбаев жолдас пен қалалық прокуратураның бір қызметкері келді. Олар маған мені Төребаевпен қоса Акуев те ұрып-соқты дегізіп, өздері айтып тұрып арыз жаздырып алды. Мені “Акуев мені ұрып-соққан жоқ қой, бұлай деп жазудың не керегі бар?” деген сұрағыма құлақ асқан жоқ, “істің ақ-қарасын анықтау үшін қажет” деді де қоя салды”. Ал Май­лы­баевтың бұдан да сорақы қылықтарға қымсынбай бара беретіні оның кейіннен өз қызметінен партиялық қатаң жаза алып қуылғанынан да айқын көрінді.

1987 жылы Акуевтің үстінен қылмыстық іс қайта қозғалған кезде тергеуші де, сот та мұндай “ескірген” және жаңадан табылған деректерді “назар аударуға тұрмайтын” ұсақ-түйек нәрселер деп санады. Өйткені, олардың ойынша, ол кезде, 1987 жылы облыстық партия комитетінің шамшылдығына жан шы­дамас кезде, Телғараевтың “мені ... МАИ-дың екі қызметкері – Төребаев пен Акуев ұрып-соқты” дегені бейнебір не­ғұрлым объективті және терең ойлас­тырылған нәрсе сияқты болып көрінген еді.

3. Жәбірленуші Телғараевтың 1981 жылы Майлыбаевтың үйретуімен берген өтірік жауаптары Акуевтің қылмыс жасады деп айыпталуына бірден-бір дерлік “дәлел” болды. Онда ол “Акуев мені сырт жағымда тұрып пистолеттің тұтқасымен ұрды, ішіме теуіп жіберді” деп көрсеткен еді. Ал кейін, сот мәжілісі кезінде, ол бұл жалған жауабынан үзілді-кесілді бас тартып, оны өзінің обкомдағы тікелей бастығы талап етіп үгіттеуімен бергенін мойындаған болатын. Бұл жағдай ескерусіз қалдырылды.

4. 1981 жылғы берілген сот-медицина сараптамасына келетін болсақ, оның мазмұны құжаттың ақиқат шындыққа сай келетініне күмән тудырады. Қарапайым логиканың өзі оның қайткен күнде де айып тағу үшін жәбірленушінің облыстық партия комитетіндегі бастығы Майлы­баевтың тікелей араласуымен және күшті ықпал етуімен жасалғаны тайға таңба басқандай айқын көрсетіп тұр. Алайда, бұл жағдайға тергеу кезінде де, сот мәжі­лісін­де де назар аударылмай, тексерусіз қалды. Былайша айтқанда, оны керек қылған ешкім де болған жоқ. Тіпті сот мәжілісіне қатысқан екінші жақтың сот-медицина сарапшысынан жауап алу, оның берген құжатының қаншалықты дұрыс екенін тексеру керек екендігі туралы енгізген ұсы­нысына құлақ қойған ешкім табылмады.

5. Оқиғаның басы-қасында болған куә­лерден – әскери автоинспекция қыз­меткерлерінен (ал олар біреу-екеу емес, төрт адам болатын) сот мәжілісі кезіндегі тергеу барысында ешқандай жауап алынбаған. Ал олар алдын ала тергеу ке­зінде берген жауаптарында Акуевтің Тел­ғараевты ұрып-соқпағанын айтқан болатын.

6. Өз сөзімен айтқанда, “нағыз шындықты айтып берген” жәбірленуші Телғараевқа құқық қорғау органдарының тарапынан ашықтан-ашық қысым жасалып, оның берген жауаптарын Акуевті айыптау арнасына қарай бұрмалау орын алған. Жәбірленушінің өз қолымен жазып берген жауабына назар аударайық. Ол былай деп жазады: “1987 жылы Акуев­тің ісі бойынша тергеу жүргізіліп жатқан кезде республикалық прокуратураның қызметкері Калоянов жолдас мені Акуевке қарсы жауап беруге мәжбүр етпек бо­лып, бірнеше күн үгіттеді. Ал мен “Акуевке тағатын ешқандай кінәм жоқ” дегеннен танбадым”. 1987 жылы 9 сәуірде болған сот мәжілісінде судья жәбірлену­шіге жалған жауап бергені үшін жауапқа тартылатыны туралы шегелеп тұрып бір емес, екі рет ескерткен. Алайда ол, Тел­ғараев, өзінің әлгі соңғы жауабын қайта-қайта растап берген. Телғараев өзінің 1981 жылғы берген алғашқы жауабын неге өзгерткенін неғұрлым еркін әрі толық түсіндіріп беру үшін, өзінің орыс тілін нашар білетінін айта келіп, жауапты қазақ тілінде беруді соттан қайта-қайта өтініп сұраған. Бірақ оның бұл заңды талабы жөніндегі өтініші ешқандай дәлелді себеп келтірілместен қабылданбай қалған.

7. Акуевтің ісі бойынша оны айыптау үшін бұра тарту бұдан басқа мынадай жағдайлардан да айқын көрінеді:

– болған оқиғаның басы-қасында жүріп, Телғараевтың қалай ұсталғанын өз көзімен көрген куәгер Багировтен тергеу­ші де, сот та жауап алмаған, одан жауап алу туралы өтініш аяқ асты елеусіз қалды­рылған;

– сот мәжілісінің хаттамасына Акуев­тің пайдасына шешілуі тиіс бірқатар эпи­зодтар мен жауаптар қасақана енгізілмей қалған, тіпті атап та көрсетілмеген. Мысалы, Телғараевтың орыс тілін нашар білетіні себепті өзінің қазақша жауап беру жөніндегі өтініші туралы сот хаттама­сында ештеңе айтылмайды. “Акуевтің жәбірленуші Телғараевтың ішіне тепкенін көрдіңіз бе?” деген сұраққа инспектор Төребаевтың: “Жоқ, көрген жоқпын” деген жауабы да жазылмаған. Ішкі істер ми­нистрлігінің офицері Ивановтың Акуев­ке командир және жолдас ретінде берген оңды мінездемесі де сот мәжілі­сінің хаттамасынан көрініс таппаған.

Сот органдарының сот мәжілісінің хаттамаларын мәжіліс өтіп кеткен соң бірнеше күннен кейін жазуы немесе бұрынғысын қайта жазуы, олардың мазмұнын сот шығарған үкімге сай келетіндей етіп өзгертуі сияқты әділетсіз әрі зиянды практикасы бұл жолы да орын алғаны күмән тудырмайды.

8. Сот әдеттегі қателік болып сана­латын “ұсақ-түйек заңдылықтардың” сақталуына көңіл аудармаған. Мысалы, Акуевтің автомобиль кабинасының ішінде жүргізуші Телғараевты пистолеттің тұтқасымен ұрғаны жөніндегі біріне-бірі қайшы келетін, яғни, әлі анық-қанығы белгісіз жауаптарды негізге алған сот Акуевті “қару қолдануға дейін барған” деп айыптаған.

Бұл жерде Акуевке қайткен күнде де айып тағу үшін көпе-көрінеу қателікке жол берілген: оқ ататын қару қолдану дегеніміз оқтан жарақат алу деген сөз. Ал бұл жағдайда ешқандай да оқ атылмаған. Тергеу ісі мен сот мәжілісінде де тап осы тәріздес “қателіктер” жіберілген. Олар Акуевке Қазақ КСР Қылмыстық істер кодексінің екі бірдей бабымен – 144-баптың ІІ бөлімі бойынша және 149-бап (өкімет билігінің беделіне нұқсан келтіру) бойынша айып таққан. Заң саласының мамандары 144-бап бойынша айыпталған адамға онымен бір мезгілде 149-бапты қатар қолдануға тіпті де болмайтынын, өйткені, оның біріншісі екіншісінің тала­бын толық қамтитынын өте жақсы біледі. Олай болса, заң тұрғысынан алғандағы бұл қателіктер заңды білмегендіктен емес, қайта жасалған “қылмыс” санын неғұр­лым көбейте түсеміз бе деген әрекеттің салдары болып табылады. Рас, бұл істі сот үкімін бұзу туралы шағым-арыз бойынша қараған кезде Алматы қалалық соты 149-бапты біржола алып тастады. Бірақ соттың бұрынғы үкімі мен жаза мөлшерін күшінде қалдырды.

Акуевке қарсы алдын ала ұйымдас­тырылған қаскөй әрекеттердің және бір дәлелі деп 1987 жылы жергілікті баспасөз бетінде: “Акуев аса ауыр қылмыс жаса­ғаны үшін қазір қамауда отыр” деген жал­ған хабардың жарияланып кетуін айтуға болады. Шындығына келгенде, бұл кезде Акуев ешқандай қамауда емес еді, өзінің тиісті қызметін атқарып жүрген болатын, тіпті құқық қорғау органдарына шақы­рылған да емес.

Акуевті қайткен күнде де айыптаудың қызығына құлшына түскен тергеу ісі де, сот мәжілісі де оның жеке басының қандай адам екеніне мүлде назар аудармаған. Акуев олардың көз алдында бейнебір жансыз, рухсыз қарапайым зат сияқты болып көрінген. Ол өзінің жеке басының табиғи жаратылысы мен мінез-құлқы жағынан алып қарағанда, сот үкімінде атап көрсетілгендей, біреуді “әдейі ұрып-соғуға”, “Телғараевқа саналы түрде асыра күш қолдануға” және еңбек­ші көпшіліктің көзінше милиция орган­дарының ар-намысы мен беделіне нұқсан келтіруге баратын адам ба еді деген сұрақ ешкімнің де ойына кіріп-шықпаған. Өте өкінішті! Акуевтің өмірбаянын кіршіксіз таза, ешқандай міні жоқ деуге әбден болатын еді. Оны білетін қызметтес адамдардың бәрі дерлік осындай пікір білдіреді, оның өте жақсы, үлгілі адам саналғанын айтады. Ол өзін мейлінше адал, едәуір зиялы еңбеккер ретінде көрсете білген болатын. Қызмет бабында қол жеткізген табыстарының бәрі де өзінің адал еңбегімен келген еді. Оған ешқандай жақындары да, “ықпалды ағалары” да қол ұшын созып, көмек көрсеткен емес. Ондай жақын туыстары жоқ, жеке жігіт болатын. Ол 1944 жылы сонау Сібірдегі Қорған облысында қарапайым бақташы мен сауыншының отбасында дүниеге келіп, сонда тәрбиеленген еді. Отан алдындағы азаматтық борышын армия қатарында абыроймен өтеп қайтқаннан кейін Акуев Сібірдегі автобазада, одан соң Қазақ КСР Ғылым академиясында шофер болып істеді. “Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 20 жылдығы” медалімен (1965) марапат­тал­ды. Сырттай оқып жүріп екі жоғары оқу орнын – Алматы Ауыл шаруа­шы­лық институтының механикаландыру факуль­тетін және Қазақ мемлекеттік уни­вер­ситетінің заң факультетін бітірді. Өзінің еңбексүйгіштігімен, сондай-ақ қыз­мет бабында барынша адал ниеттілі­гімен көзге түсті. Милиция органдарында, атап айтқанда, МАИ-да қызмет істеген 16 жыл ішінде өзінің мақтауға, мадақтауға лайық екенін талай рет көрсетті: “Ми­лиция үздігі” белгісімен (1978), БЛКЖО-ның “Қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі белсенді жұмысы үшін” Құрмет белгі­сімен (1982), КСРО Ішкі істер министрлігінің “Мінсіз қызметі үшін” медалімен (1982), Қазақ КСР Ішкі істер министрінің “Қауіпті қылмыскерді қолға түсіргені үшін” деген арнайы жазуы бар қолсағатымен (1985), Алматы қалалық Ішкі істер басқармасының Құрмет грамотасымен (1987) марапатталды, Құрмет тақтасына жазылды, талай рет алғыс алды, ақшалай сыйлықтарға ие болды. Оның милиция органдарында атқарған белсенді әрі мінсіз қызметі туралы “Ленинская смена” (1984 жылғы 12 желтоқсан), “На страже” (1985 жылғы 6 сәуір), “Литературная газета” (1985 жылғы 23 тамыз), “Вечерняя Алма-Ата” (1987 жылғы 26 қаңтар) және басқа да газеттерде жазылды. Сот мәжілісі үстінде республика Ішкі істер министрлігінің қызметкері офицер Иванов былай деді: “Акуев әрқашан үлгілі командир және жанашыр жолдас бола білді. Оның үстінен бір де бір рет шағым түсіп көрген емес”. Міне, мұның бәрі де Акуевтің жеке өміріндегі және қызмет бабындағы бет-бейнесін айқын көрсетеді. Оның ісін жеке басының осындай жақсы жақтары мен қасиеттерінен бөліп алып қараудың өзі – нағыз қылмыс.

Акуев сотта өзінің қылмысын былай деп қана мойындады: “Мен тәртіп бұзушыны ұстау кезінде белгілі бір мөлшерде өзімнің салқынқандылығымды сақтай алмадым, инспектор Төребаевтың тарапынан оған қол жұмсалуын тоқтатуымның сәті түспеді”. Сөйтіп ол өзіне тапсырылған жауапты қызметті адал атқаруға ұмтылыс үстінде өз өмірінде бірінші рет қателік жібергенін байқамай да қалды. Ал ондай қызметкерді, еңбеккер азаматты қайта тәрбиелеу үшін 4 жыл бойы, оның үстіне ауыр тәртіп жағдай­ын­да түрмеге отырғызудың шынымен-ақ қажет болғаны ма?

Тергеу барысы мен сот мәжілісі үстінде бір ғана мақсат – Акуевті айыптау көзделді. Осы мақсаттың шеңберіне сыймайтын нәрселердің барлығы да басы артық, қажетсіз нәрсе деп саналды. Мұның өзі – өте қауіпті жол және заңды­лық­ты тұрпайылықпен белден баса бұрмалау.

Сөйтіп, Акуевтің қылмыстық құрамы жағынан елеусіз дерлік қарапайым ісі тым “күрделі” болып шыға келді. Оған жоғары партия органдары араласып, айып тағуды белсенді түрде талап етіп отырған жағ­дайда бірде-бір сот немесе қадағалаушы орган істің шын мәнісіне терең ене алмайды. Бұл жолы да тап солай болды. Құқық қорғау органдарының ондаған жылдар бойы әдетке айналдырып алған стереотипті, жаттанды да тозығы жеткен ойлау жүйесі міне, осындай. Бұл әдеттің әлі де жаны сірі. Іс жүзінде бұрынғы күшті қалпында қалып келеді.

Мен Акуевтің “қылмыстық ісінің” мән-жайын жан-жақты түсіндіруді және мейлінше адал азаматтың, өмірінде бір-ақ рет қателескен еңбеккер жас маманның тағдырына мұншалықты қатыгездікпен қарау әділеттілік идеялары мен заңдылықтың беделін түсіріп, орасан зор зиян келтіретінін Сізге арнайы айтуды өзімнің азаматтық және заңгер ретіндегі кәсіби борышым деп санадым. Сіздің әр іске барынша сергектікпен мұқият қарайтын қасиетіңізге және жоғары деңгейдегі ақыл-парасатыңызға үміт артқандықтан да осы хатты жазып отырмын және М.И.Акуевтің ісіне жеке өзіңіздің тікелей араласуыңызды, сөйтіп, адал азаматтың абыройлы атының қайтадан қалпына келтірілуіне көмек­тесуіңізді өтініп сұраймын.

Сізге деген құрметпен, заң ғылымдарының докторы

Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі С.З.ЗИМАНОВ.

1988 жылғы 31 қазан. Алматы қ.”

Мен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Г.В.Кол­бин­нің атына жолдаған бұл хатымның партия-кеңес құрылымдарында, империя­ның сойылын соғушы, оның итаршы малайы болған құқық қорғау орган­дарын­да қолдау тауып, дұрыс қарсы алына қоятынына сенген жоқпын. Бірақ негізгі көздеген мақсатымнан үмітімді үзбедім. Ең бастысы – заңдылықтың сақталуы үшін қасқая қарсы тұрып, іс-қимыл көрсетуді өзімнің азаматтық борышым әрі заңгер-ғалым ретіндегі борышым деп білдім. Ал М.И.Акуев өзінің жөнсіз жазасын түрмеде түгел өтегеннен кейін, 1991 жылы бостандыққа шықты. Қазір ол отставкадағы полковник шенінде.

 

Ләззат Асанова туралы

Ләззат Асанова – Желтоқсан көтері­лісіне белсене қатысушы қазақ қыз­дарының бірі. Мен басқа да азаматтармен бірге Ләззат Асановаға қазақ жастарының көтерілісіне белсене қатысқан және еліміздің тәуелсіздігі жолында өзінің жас өмірін қиған қыз ретінде республика­мыздың батыры – Халық Қаһарманы атағын беру туралы екі рет ұсыныс жасап, әрекеттеніп көрдім. Ол – мұндай құрметке әбден лайық қыз. Алайда, біздің бұл ұсынымыз жоғары деңгейдегі билік органдары тарапынан қолдау таппады, нәтижесіз қалып қойды. Менің қолымнан келгені – оның анасының өтініші бойынша Ләззаттың сіңлісін (атын ұмытыппын) 2002 жылы сол кездегі Білім және ғылым министрі Ш.Беркімбаеваға айтып жүріп, қолқа салу арқылы Қазақ мемлекеттік медицина университетіне оқуға түсуіне жәрдемдескен болдым. Өтінішімді аяқсыз қалдырмағаны үшін сол министрге ризашылығымды білдіріп, осы күнге дейін алғыс айтумен келемін.



Авторы: Салық ЗИМАНОВ, академик.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат