Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-12-02:

ЕЛІМІЗДІҢ ІСІ ҚАРҚЫНДЫ, БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН

 

Қуаныш АЙТАХАНОВ, Парламент Сенатының депутаты.

Қазақстан және Тәуел­сіздік туралы сөз бастау, ой толғау оңай іс емес. Қазақ елі дербестікке ие болған 15 жыл беделінде жетіге келгенше жерден таяқ жейтін бала сияқты талай қиындықты бастан кешсе де, сол сәбидің өміріндегі қуанышты жаңалықтарды саусақпен бүгіп санап, тәубе-тәубе дегендей жағдайымыз бар. Алғашқыда сәбидің дүниеге келгеніне мәз болдық, сонан соң былдырлап ана тілінде сөйлей баста­ғанына қуандық, сонан соң ай санап, жыл санап емес, ертегілердегідей сағат санап, күн санап ержетіп, бірер жылда санадан қалтарыс қала бастаған есімдер мен атауларды қайтарып қана қоймай, елінің қамын жеп атқа қонған, сөйтіп, мемлекеттің іргетасын қалауға кіріскен атпал азаматты көргендей болдық.

Қысқасы, елдің тізгіні қолға тигеннен кейін біткен жұмыс, сүйсініп еске алар тірлік баршылық. Бұл ретте Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіздіктің санаулы жылдарында рес­пуб­ликамызда 100 жылға татырлық іс­тердің атқарылғанын атап өтуі тегін емес.

Шынында да қазақы жыл санаумен қайыра отырып, бір мүшел жастан онша көп ұзай қоймаған уақыт аралығын ой­мен шолар болсақ, еліміздің тәуелсіздігін нығайтып, іргесін бекіткен, Кеңес үкі­меті жылдарында елдің санасы босаң­қы­рап, ұнжырғасы түсіңкіреп қалған жұрттың кеудесін тіктеген, халқымызды қуанышқа кенелткен, шабытына шабыт қосып жігерлендіре түскен, бұрын-соңды түсімізге де кірмеген, досты сүйіндіріп, дұшпанды күйіндіретін, бейнелеп айтсақ, талай ғажайыптардың куәсі боларымыз анық.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен бүгінгі таңда республика халқы қол жет­кізген толайым табыстарды сөз еткенде, өткен тарихты еске түсірмей тұра алмайсың. Сол арқылы тәуелсіздіктің қаншалықты қымбат, баға жетпес ұғым екенін, оның ұдайы жасампаздыққа жетелейтінін ұғына түсесің. Отарлық бұғауының халықтың егемен ел болу арманын ешуақытта өшіре алмайтынын 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы да дәлелдеп берді емес пе?! Осы оқиғадан кейін араға төрт жыл салып еліміз Егемендік декларациясын жария етті. Көп ұзамай бүкіл дүние жүзі мойындаған тәуелсіз елге айналдық.

Тегінде республика өміріндегі осынау тарихи кезеңнен бастау алған мемле­кет­тігіміздің шежіресі мәңгі есте қалар небір айтулы оқиғаларға тұнып тұр. Сол кезде Жоғарғы Кеңестің депутаты ретінде республика егемендігін бекемдеген талай тарихи шешімдердің куәсі болғанымды бүгінде мақтанышпен еске аламын.

Егемендікке қадам басқан алғашқы жылдардан бастап республиканың тәуел­сіз елге тән болуға тиіс нышандарына қатысты, Қазақстанның егемендігін бекемдей түсетін және басқа заңдар бірінен кейін бірі қабылданып жатты.

Жалпы он екінші сайланған Жоғарғы Кеңес Қазақстан тарихында ерекше рөл атқарды.

1990 жылғы 24 сәуірде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі республикада президенттік билік инс­титутын енгізу туралы заң қабылдады, өз сессиясында ел Президенті етіп Н.Ә.Назарбаевты сайлады.

Осы жылғы қазан айында қызу пікірталастан кейін “Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік егемендігі туралы” декларация қабылданды.

1991 жылдың 1 желтоқсанында қазақ­тың мың жылдық тарихында Қазақстан халқы бірауыздан тұңғыш рет өз Прези­денті етіп Н.Ә.Назарбаевты сайлады.

Ал 1991 жылғы 16 желтоқсанда кешкі сағат 18-ден өткенде “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы” Конституциялық заңы қабылданғандағы бәріміздің қуанышымызды айтсаңызшы.

Заң қабылданғаннан кейін еліміздің әнұраны орындалып тұрғанда сессияға қатысушы барша депутаттар мен Үкімет мүшелерінің көздеріне жас алғаны менің есімнен еш уақытта кетпес. Иә, бұл кеу­демізді кернеген үлкен шаттық, тебіре­ністен шыққан қуаныш көз жасы еді.

Жоғарғы Кеңес азаматтық институт­тың маңыздылығын түсіне отырып, еліміздің тәуелсіздігі жарияланғаннан кейінгі санаулы күндерде “Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы” Заң қабылдады. 1992 жылы республи­каның Қарулы Күштері, Республикалық ұлан, ішкі және шекара әскерлері құ­рылды. 1993 жылы сәуір айында еліміз­дің Әскери-теңіз күштері жасақталды. Сөйтіп, жас мемлекетіміздің қорғаныс және қауіпсіздік жүйесі толық іске кірісті. Елдің мемлекеттік жаңа нышан­дары, мемлекеттік наградалары қабыл­дан­ды. 1993 жылы қараша айында Қа­зақстанда ұлттық валюта – теңге ен­гізілді. Бұлар мемлекеттігімізді қалып­тастырудың ең қажетті алғышарттары еді.

Сөз ретіне қарай тәуелсіздікті, еге­мендікті баянды ететін заңдар қабыл­даудың оңайға түспегенін айта кеткен жөн. Бұған дейін қандай шешім қа­былдаса да, алдымен Мәскеуге жалтақ­тап, солардың ығына жығылып үйрен­ген­діктен болар, республиканың еге­мендігіне байланысты мәселелер қозғала бастаса-ақ өре түрегеліп, әлдеқандай бір апатқа тап болғандай немесе тап болатындай мінез танытып, өрекпіп кететін депутаттар басым еді. Ондай халық қалаулылары даурықпалыққа са­лынып, күн тәртібіне қойылған мәселе­ден қандай да бір астар іздеп, әріп­тестерін мезі қылатын. Және ондайлар әдетте жалғыз-жарым емес еді. Сондық­тан өздерінше шеп құрып алып, әрбір отырыс сайын бүйректен сирақ шығару­мен шұғылданды. Мұның өзі егемен­дігіміз үшін ауадай қажет заңдардың дер кезінде қабылдануына айтарлықтай кедергі келтірді.

Міне, осындай қиын жағдайда депутаттық корпуста Салық Зиманов, Жабайхан Әбділ­дин, Сұлтан Сартаев, Әбіш Кекілбаев, Өмірбек Жол­дасбеков сияқты және басқа үлкен ғалым, білікті мамандардың болуы ортақ іске оң әсерін тигізді деп батыл айтуға болады. Өйткені, әлгіндей жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты дей­тін­дей бөстекі даурықпа­лық­тарға олардың бұлтартпас дәлелді пікірлері қарсы қойылып, буынсыз жерге пышақ ұрушылардың кө­ңіл­дері су сепкендей басы­лып отырды. Соның нә­тижесінде республика­мыз­дың егемендігін баянды ететін көптеген заңдар дер кезінде қабылданып, өмірге жолдама алды. Қазір сол кезде осындай заңдардың қабылдануына қарсы дауыс берген депутаттар санының едәуір болғанына көп адамдардың сенбеуі мүм­кін. Бірақ ол солай болды. Біз оны көзімізбен көрдік. Қоғамның ала-құлалығы, басым көпшіліктің кеңестік кезеңде бауыр басқан әдет­терден арыла алмай жүрге­ні анық байқалатын.

Өкінішке қарай, ел егемендігінің алғашқы жылдарында қауырт жұмыс істеп, халқымыздың ертеңі үшін қажетті заңдарды дер кезінде әрі біліктілікпен қабылдай білген Жоғарғы Кеңес депутаттары жоғары­да айтылғандай, берекесіз айтыс-тар­тыс­тардың кесірінен бірте-бірте қоғам дамуын тежеуші күшке айналып келе жатқанын өздері де байқамай қалды. Бұған олардың Кеңес үкіметі жылдарындағыдай айттым – бітті дейтін кеудемсоқтығы, дамудың нарықтық жолына түсудің талаптарын ескермей, қаржыны өз өңірлеріне тарта­тындардың жетегіне ілесіп, кірісті өз пайдасына қайта бөлушілерге айналуы қосылып, мәселені одан әрі ушықтырып жіберді.

Бұл елдің тәуелсіздікке ие болғанына бірер жыл ғана өткен, Одақ ыдырап, зауыт, фабрикалар жұмыс істеуін тоқтатқан, жұртшылық жаппай дағдарысқа ұшыраған, айналысқа енгізілген ұлттық валютаның құны күрт түсіп кеткен қиын кезең еді. Мұндай тығырықтан Жоғарғы Кеңестегі бітпейтін айтыс-тартыстар емес, түбегейлі реформа жасау алып шығатынын Президент Н.Ә.Назарбаев жақсы түсінді. Өз ойын депутаттармен де бөлісті.

Ақыры ымыраға келу жөніндегі ұзақ ізденістерден кейін 1993 жылғы 28 қаңтарда республика егемендігінің қалыптасуын заң жүзінде аяқтаған алғашқы Конституция қабылданды. Соның негізінде республикада ұлттық қауіпсіздікті, азаматтық құқықтар мен бостандықтардың нақты кепілдіктерін, демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құруды қамтамасыз етудің жаңа сапалы кезеңіне көшу басталды.

1993 жылғы Конституция бір партиялық саяси басқарудан, монополиялық экономи­калық жүйеден, тарихи күш көрсету идеологиясынан бас тарту арқылы қоғам дамуына оң серпін берді.

Әлеуметтік бағдарланған нарықтық экономикаға көшудің өтпелі кезеңінде Негізгі Заң республиканы дүниежүзілік қоғамдастықтағы тәуелсіз мемлекет ретінде заңдастырды.

Алайда Конституцияда Жоғарғы Кеңес­ке бұрынғыдай көп өкілдік берілген еді. Бұл биліктің бөліну қағидасын жүзеге асыру мен тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін құруды қиындатып жіберді. Реформалардың одан әрі жүргізілуі республикалық билік орган­дарының, бірінші кезекте, өкілді орган­дардың тиімсіздігін анықтады, өйткені, олар жедел өзгеріп жатқан оқиғаларға шұғыл түрде әсер ете алмады және осыған орай баламалы шешімдер қабылдауға дәрменсіз болды.

Жоғарғы Кеңестің тұрақты негізде жұмыс істеген жекелеген органдарының жұмыс нәтижелері де кәсіби парламент құрудың қажеттігін барған сайын дәлелдей түсті. Тежемелілік пен тепе-теңдік тетік­терінің жұмыс істемеуі салдарынан Жоғарғы Кеңес Үкіметтің қызметіне араласып, оны ауыстыруға дейінгі мүмкіндікке ие болды. Мұндай тартысты жағдайлардың үнемі қайталана беруі түптің түбінде жақсылыққа апармайтынын түсінген халық қалаулы­ларының біраз бөлігі өз өкілеттіктерін тоқтататындықтары туралы мәлімдеме жасап, әріптестерін де осыған шақырды. Жер­гілікті өкілді органдар да өз өкілет­тіктерін тоқтата бастады.

Осындай жағдайда депутаттар ұзақ пікірсайыстардан кейін Сайлау туралы кодексті, республика Президенті мен жергілікті әкімдерге уақытша қосымша өкілеттіктер беру туралы заңды және Жоғарғы Кеңестің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы заңды қабылдады. Республиканың жоғары өкілді органының соңғы екі заңнамалық актіні қабылдауының маңызы іс жүзінде Конституцияға түзетулер енгізумен бірдей болды.

Егемендігімізді бекемдей түсу жолын­дағы бұдан кейінгі тарихи оқиғалардың барысы бүгінгі күні қолданыстағы Конституцияны 1995 жылғы 30 тамызда өткен бүкілхалықтық референдумда қабылдауға ұласты. Өйткені, ескі және жаңа саяси құрылыстардың өзіндік тұрғыда ымыраға келуінің, ғасырлар бойы құрылған батыс демократиясының үлгісін кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте енгізуге тырысудың көрінісі болған Қазақстан Республикасының осының алдындағы тұңғыш Конституциясы егемен еліміздің аяғынан қаз тұруына септігін тигізгенімен, қоғамда туындайтын қайшылықтарды заң жүзінде дер кезінде реттеп отыруда әлі де қайшылықтардан толық арылмаған еді.

Жаңа Конституцияда осы кемшілік бірінші кезекте ескеріліп, заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарының тұрақтылығын, тиімді жұмыс істеуін және өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін билікті бөлу қағидасы жарияланып қана қоймай, тежемелілік пен тепе-теңдіктің нақты жүйесі баянды етілді. Ал ол өз кезегінде елде саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпалын тигізді.

Мұның бәрін тәптіштеп айтып отырған себебім – тәуелсіздікті баянды ету кім-кімге де оңай тиген жоқ. Қи­налған кезде тығырықтан шығар жол іздеу бары­сында әртүрлі келіспеу­шіліктер орын алды. Ең бастысы – осындай келіспеушіліктерді дағда­рыс­қа ұластыр­май уақ­ты­лы шешіп отыру, ел бо­лашағына қатысы бар дұрыс шешімдер қабыл­дай білу көрегендікті, әбжілдікті талап ететіні сөзсіз. Бұл орайда Пре­зи­дент Н.Ә.Назарбаевтың саяси ұпай жинаудан гөрі экономиканы жолға қою­ды бірінші орынға шы­ғарып, қандай істі қолға алса да осы бағытты ұстана отырып іс-қимыл жасауы жасан­ды кедергі­лерден ойда­ғы­дай өтуге мүмкіндік туғызды.

Мәселен, 1994-1995 жылдардағы шиеленісті жағдай салдарынан ел экономикасы күрт төмен­деп, инфляция 3000 пай­ыз­ға жеткен еді. Ішкі жалпы өнімнің жылдық көлемінің құлдырау қар­қыны 25,4 пайыз болды. Н.Ә.Назар­баев тәуелсіз­ді­гіміз енді қолға тиген алғашқы жылдары былай деген еді: “Заман тыныш­тығын берсе, бүгінгі дағдарыстан да шы­ғар­мыз. Тәуелсіз Қазақстан дәулетіне сәулеті сай қуат­ты мемлекетке айна­лар. Қазақ халқы әлемдік өркениетке қазіргіден де қомақ­ты үлес қосар. Даламызда да, қаламызда да шат тірлік орнар”. Көреген басшының айтқаны айнымай келіп, ауыр қиыншы­лықтарды бастан кешірген еліміз Елбасымыздың басшылығымен 90-жылдардың соңынан бастап тұрақты даму жолына түсті. Бұл Қазақстанның тәуел­сіздіктің алғашқы күндерінен бастап либералдық экономика құра білуінің нәтижесі еді.

2000 жылы Қазақстанға нарықтық экономикалы ел мәртебесі берілді. Ал соңғы жылдар ішінде ел экономикасы тұрақты түрде өсе түсуде. Соңғы 5 жылда ел экономикасы жыл сайын 10% өсіп келеді. Қазір Қазақстанның ішкі жалпы  өнімі Орталық Азия мен Кавказдағы 7 елдің ішкі жалпы өнімінен асып түсті. Қазақстан экономикасына осы жылдары 50 млрд. АҚШ долларына жуық инвес­тиция тартылды.

Жақында ғана қабылданған 2007 жылға арналған республикалық бюд­жет­тің кірісі мен шығысы 1 триллион 955 миллиард теңге болды. Бұл елімізде ұлттық валюта енгеннен кейінгі 1994 жылмен салыстырғанда 22 есе көп.

Осыдан 2 жыл бұрын ғана тұңғыш рет бюджетіміз триллионға жетті деп тақия­мызды аспанға лақтырып қуансақ, қазір триллион жәй көрсеткіш сияқты жиі айтылатын болды.

Қазіргі кезде Қазақстан үшін басым міндеттердің бірі бәсекеге қабілетті эко­номика құру болып табылады. Ел БСҰ-ға кіруге және өндірісті әртараптандыруға ниеттеніп отыр. Орта мерзімді перспек­тивада Қазақстан әлемдегі бәсекеге ба­рынша қабілетті 50 елдің қатарына кіруге ұмтылуда.

Бұл кеуделі міндеттердің қуатты экономикалық негізі бар, ол нақты және оған қол жеткізуге болады. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен біз басқаға жалтақтайтын күннен кеттік. Бар байлығымызды өзімізге бұйыратындай еттік. Қоғамның саяси тұрақтылығы мен бірлігіне жеттік. Қысқасы, егемен ел болудың ең ауыр белесінен өттік.

Иә, еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстары қомақты. Саусақ бүгіп санар болсақ, көңіл марқаяр сәттер баршылық. Заман зобалаңы салдарынан бір кездері мемлекеттігінен көз жазып қалған ел едік. Енді қара­ңыз­шы, 14,5 мың шақырымдық шекараны шегендеп, Қытай, Ресей сияқты алып мемлекет­тер­мен, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркімен­стан тәрізді бауырлас елдермен тату көршілік қатынасты жолға қойыппыз.

Саясатта болсын, экономикада болсын, әлеуметтік салада болсын Қазақстан өзгелерге үлгі болатындай дәрежеде даму үстінде. “Қазақстан-2030” атты стратегиялық бағдарлама қабылдап, еліміздің 2030 жылға дейінгі дамуын алдын ала белгіледік. Нәтижесінде Қазақстан экономикалық реформаны жүзеге асыруда кешегі Кеңес Одағы республикаларының ең алдына шығып, біз ұстанған экономикалық модель дамушы елдерге үлгі-өнеге ретінде ұсыныла бастады.

Қоғамның саяси жүйесін, заң шы­ғарушы билікті, атқарушы билікті реформалаудың нәтижесінде халық­аралық, демократиялық талаптардың үдесінен шыға біліппіз. Елімізде өмір сүретін сан ұлт өкілдерінің тең дәрежеде дамуына қолайлы жағдай туғыза отырып, қазақ халқының өз жерінде тілінің, дінінің, мәдениетінің өр­кендеуіне қол жеткізіппіз. Бір кездері өз еліндегі саны 29 пайызға дейін құлдыраған хал­қымыздың саны қазіргі кезде республика тұрғындарының 60 пайызын құрайды. Мемлекеттік тілдің дамуына қамқорлық жасалып отыр. Ұлттық мәдениетімізді қайта түлету үшін “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы жасалды. Осының бәрі халқымыз 15 жылдығын көтеріңкі көңіл күйде атап өткелі отырған тәуелсіздіктің арқасы.

Осы орайда Елбасымыз Н.Ә.Назар­баевтың “Дүниеде тәуелсіз қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көп ұлтты, тату, ынтымақты халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйе­сі бар. Ең бастысы – бүгіннен нұр­лы, бүгіннен жемісті болашағы бар”, – деген сөздері еске түседі. Кеудеңді қуа­ныш пен шаттық, өз еліңе деген, Ел­ба­сыға деген мақтаныш сезімі кернейді.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат