Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-12-06:

Ерге ҚҰрмет – елге ҚҰрмет

 

Тарихы бай, тамыры терең Бельгия Корольдігінде ресми сапармен жүрген  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы елдің мәртебелі орденімен марапатталды

 

Сапарының екінші күнін Қа­зақстан Президенті Бельгия Королі ІІ Альбертпен кездесуден бастады.

 

1934 жылы 6 маусымда Брюс­сельде король отбасында дүниеге келген Альберт туа салысымен Льеж провинциясының бекзадасы мәртебесіне ие болды. 1962 жылы бекзада Альберт Бельгия сыртқы сауда ведомствосы әкімшілік кеңесінің құрметті президенті болып тағайындалды. Осы қызметті 31 жыл атқарғанда әлем бойынша жүзден астам экономикалық комиссияны басқарды.

1993 жылы ағасы Король Бо­дуэн қайтыс болғаннан кейін Бельгия Парламентінің алдында ант қабылдап, бельгиялықтардың алтыншы Королі атанды.

Король Премьер-министр кан­ди­датурасын бекітеді. Елдің ішкі және сыртқы саясатының басшы кадрларын тағайындайды.

Қазақстан Президентінің Бель­гия Королі ІІ Альбертпен кездесуі барысында (сол жақтағы суретте) екі ел арасындағы қа­рым-қатынастар талқыланды. Бай­ла­ныстар арнасын кеңейте түсуге екі жақ та пейілді екендігін та­ныт­ты.

 

Бельгия Королі ІІ Альберттің Жарлығымен Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев І Леопольд орденімен марапатталды. Бірінші Леопольд ордені — Бельгиядағы ең жоғары награданың бірі. 1932 жылы тағайындалған бұл орден ерекше жағдайда ғана тапсыры­ла­ды. Ерге құрмет – елге құрмет деген осы.

Мұнан кейін Елбасы Бельгия­ның Премьер-министрі Ги Вер­хов­стадтпен кездесті. Осы кездесу барысында Қазақстан мен Бельгия Корольдігі арасындағы сауда-экономикалық қатынастар келіссөз өзегіне айналды.

Біз осы арада әңгіме желісін үзе тұрып, Бельгия туралы нақты мәліметтер бере кетелік.

Бельгия (Бельгия Корольдігі) Еуропаның солтүстік-батысында орна­ласқан. Солтүстік-шығы­сында Нидерландымен, шығы­сында Гер­ма­ниямен, оңтүстігінде Люк­сем­бургпен, батысында Фран­циямен шектеседі. Елдің Атлант мұхитына тікелей шығу мүмкіндігі де бар.

Әкімшілік тұрғыдан 9 тарихи провинцияға бөлінген. Жалпы жер көлемі – 30,5 мың шаршы шақы­рым, халқының саны 10 мил­лион­нан астам. Оның 95 пайызын қала халқы құрайды. Этностық тұрғыдан фламандықтар (50 пайыздан астам) мен валлондықтар (40 пайыздан астам) болып бөлінеді. Сондай-ақ мұнда итальяндықтар, немістер, француздар, испандар, голлан­д­тар да тұрады.

Ел астанасы Брюссель қала­сын­да 1 миллионнан астам тұрғын бар. Сондай-ақ Антверпен, Гент, Шарлеруа, Льеж, Брюгге секілді үлкен қалалары бар.

Мемлекеттік тілі – фламанд, француз тілдері. Халықтың 85 пайызы — католик. Протестанттар 10 пайыз шамасында.

Бельгия — терең тарихы бар және сол тарихтан қалған ескерт­кіш­­тердің бірсыпырасы бүгінге дейін аман жеткен, көненің бел­гісін көздің қарашығындай сақ­та­ған өркениетті ел. Осыдан төрт мың жыл бұрын бұл өлкеде кельт тай­­палары өмір сүрсе, біздің зама­ны­мызға дейінгі елуінші жылдары Юлий Цезарь басып алып, Рим империясының құрамына қаратты.

Осыдан бес ғасыр кейін Франк мемлекетіне қараса, 843 жылы Флан­дрия графтығы қалыптасты. Мұнан кейінгі ғасырларда бұл жерге француз, испан, австралия­лық жаулаушылардың табаны тиді. 1815 жылғы Вена конгресінің шешімі оны Нидерландының құрамы­на қосты.

Бельгия өз тәуелсіздігін 1830 жылы 10 қарашада жариялады. Дүниежүзілік соғыстар тұсында неміс әскерлері басып алғанымен, артынша азат етіліп отырды. Сон­дай-ақ, өзі басып алған Африкадағы отар елдерге де азаттық берді.

Бельгия экономикасы жақсы дамыған ел, соған сәйкес тұрмыс та жоғары. Мұнда көмір, темір ру­дасы, қорғасын, мырыш, мыс, су­рь­ма, гранит пен мәрмәр өндірі­леді. Өнеркәсібі алдыңғы қатарлы технологиямен жарақтанған. Болат балқытудан әлем бойынша алдың­ғы ондыққа кіреді. Автокөлік, теңіз, өзен кемелерін, темір жол вагон­дарын, локомотивтер, станок­тар, то­қыма мәшинелерін, ауыл шаруа­шы­лығы техникаларын шығарады. Шетелдік шикізатпен жұмыс істейтін бірнеше мұнай өңдеу зауыттары бар.

Бельгия шыны мен айна шы­ға­ру­дан дүние жүзі бойынша бірін­ші орын алады. Антверпен қаласында бриллиант саудалайтын әлемдегі ең ірі орталықтардың бірі орналасқан.

Бельгия — тарихи ескерткіш­терге бай ел. Брюссельдегі орталық алаң құрылыстары готикалық сәулет өнерінің ескерткіштері болып табылса, осындағы Король сарайы ХV ғасырдан бері тұр. Антверпен­дегі корольдер мұражайы мен “ал­маз орамы”, Брюггедегі мұражай қалашық орта ғасырдың туынды­лары. Ал Льеждегі Әулие Павел шіркеуіне мың жылдан астам уақыт болыпты.

Көне замандардан бері келе жатқан осындай айшықты да сал­танатты ғимараттар қазіргі заманның сәулет өнерімен таласып, қалаларға керемет көрік береді. Сондықтан бұл елге туристер қысы-жазы ағылып жатады.

2005 жылы Бельгия экономи­касының өсімі 1,4 пайызды құрады. Халықаралық экономикалық зерт­теу институттарының мәліметі бойынша, Бельгия инвестиция үшін әлемдегі неғұрлым тартымды елдердің бірі болып табылады. 2005 жылы оның экономикасына 34 мил­лиард АҚШ долларының ин­вес­тициясы құйылған. Мұнда ішкі жалпы өнім көлемі мен жалақы жоғары. 2005 жылы жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі 24 мың еуродан айналса, төменгі жалақы 1210 еуроны құрады.

Ал енді екі жақты қарым-қа­тынастарға келетін болсақ, Бельгия Қазақстанның тәуелсіздігін 1991 жылдың 31 желтоқсанында таныды. 1992 жылдың 25 тамызында екі ел арасында дипломатиялық қатынас орнады. 1993 жылдың 15 сәуірінде Бельгия Корольдігінде еліміздің елшілігі ашылды. Ал Бельгия өз елшілігін Орталық Азия мен Кавказ елдерінде бірінші болып 2006 жылы Қазақстанда ашты.

Қазіргі күні екі ел арасындағы қарым-қатынас жақсы жағдайда дамып келеді. Ал оған негіз Ел­ба­сы­мыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылдың ақпан айында Бель­гияға жасаған ресми сапары тұ­сында қаланған болатын. Қазақстан басшысы сол сапарында Король І Бодуэнмен және Премьер-министр Ж-Л.Деанмен кездесті. Сапар қо­рытындысында екі ел ара­сындағы өзара қатынастың негіздері туралы Декларация қабылданды.

1998 жылы сәуір айында Қазақ­стан­ға ресми сапармен Бельгияның Премьер-министрі Ж-Л.Деан келді, осы сапар барысында инвестиция­ларды өзара қорғау мен ынталан­дыру туралы келісімге және қосар­ланған салық салуды болдырмау туралы конвенцияға қол қойылды. Бұл құжаттар екі ел арасындағы сауда-экономикалық құқықтық базаға негіз қалады.

2000 жылдың 26-27 маусы­мын­да Елбасы Бельгияда екінші рет ресми сапармен болды. Король ІІ Альбертпен, Антверпен провин­ция­сының губернаторы К.Паулюспен, елдің іскер топтарымен кездесіп, Антверпен портының жұмысымен танысты.

2002 жылдың қараша айында Бельгияның мұрагер бекзадасы Фи­липп Қазақстанға келіп, Еуропа ғарыш агенттігінің астронавты бель­гиялық Ф. де Винненің “СоюзТМЛ-1” кораблі экипажы құрамында Қазақстан жеріне қонуын тамашалауға қатысты.

Бельгия ТМД мен Орталық Азия республикалары арасында Қазақстанға өте көп көңіл бөліп, онымен ынтымақтастықты арт­тыру­ға ынта танытып отырған ел. Мұның өзі екі ел арасындағы ба­рыс-келістің тұрақты сипат алуы­нан, соның ішінде парламентара­лық байланыстардың да нығая түсуінен байқалады. 2005 жылы наурыз айында ҚР Парламенті Се­натының Төрағасы Нұртай Әбі­қаевтың Бельгияға жасаған сапары тұсында Брюссельде Қазақстандағы ұлтаралық татулықты насихаттау және тәжірибе алмасу мақсатында “Этносаралық, мәдениетаралық және дінаралық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етудің тетіктері” деген тақырыпта халық­аралық коллоквиум өткізіліп, оған ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сенаттары­ның, Брюссельдегі елшіліктердің өкілдері, ғалымдар мен журналис­тер қатынасқан болатын. Бұл коллоквиумды өткізуге Бельгия тарапы айрықша ниет білдірді. Осының мәнісін және Бельгияның Қазақстанға ауып отырған ынта-ықыласының себебін Бельгия Сенатының Төрайымы Анн Марии Лизин ханымнан сұрағанымызда:

– Мен 2004 жылдың қараша айында Қазақстанда болып, Астана мен Алматыны, Атырау өңірін, Байқоңырды, ұлан-байтақ Қазақ­стан даласын, астықты алқаптарды, бұл елде көптеген ұлттардың тату-тәтті өмір сүріп жатқанын көрдім. Содан кейін Қырғызстанның Бат­кенінде болдым. Міне, осы сапар барысында мен Қазақстанның қандай ел екенін ұқтым. Мұндай ел­мен дос болу, ынтымақтастықты дамыту Бельгия үшін қажет деп ойлаймын. Ал осы ынтымақтың не­гіз­дері мемлекет басшыларының кез­десіп, келісімдер жасасуы ар­қы­лы қаланып отыр, – деген болатын.

Қазақстан мен Бельгия ара­сын­дағы сауда-экономикалық қатынас, жыл өткен сайын дами түсуде. Мә­селен, екі ел арасындағы сауда ай­налымы 2003 жылы 66,9 миллион, 2004 жылы 118,8 мил­лион, 2005 жылы 154,7 миллион долларды құ­ра­са, 2006 жылдың 8 айы ішін­де131,2 миллион долларға жетті.

Қазақстан Бельгияға түсті ме­тал­дар, жүн, тоқыма бұйымдарын, хи­мия және сонымен аралас өнер­кәсіптер өнімдерін экспорттаса, Бельгия Қазақстанға мәшинелер мен құрал-жабдықтар, электр-техникалық құралдар, минералдық өнімдер, оптикалық, фотография­лық аспаптар, тамақ өнеркәсібі өнім­дерін және басқа да заттар жөнелтеді.

Қазақстаның Ұлттық банкісінің мәліметі бойынша, бельгиялық компаниялардың біздің ел эко­но­микасына 1993 жылдан бастап 2005 жылдың үшінші тоқсаны арал­ы­ғында салған инвестицияларының кө­лемі 186,3 миллион долларды құ­рай­ды. Қазақстанда қазір Бельгия­ның бірнеше компаниясы жұмыс істеуде. Олардың қызметі негізінен фармацевтика, мұнай-газ сала­сы­ның инфрақұрылымдары, көлік логистикасы, теңізбен тасымалдау салаларына бағытталып отыр.

 Бельгия Премьер-министрі Ги Верховстадтпен кездесу барысын­да екі ел арасында қалыптасқан осы сауда-экономикалық қаты­нас­тар­ды дамытудың жолдары қарас­ты­рылды. Келіссөздер нәтижесінде төмендегідей құжаттарға қол қойылды. Олар:

Қазақстан Республикасы Үкіме­ті мен Бельгия Корольдігі Үкіметі арасындағы халықаралық автокөлік тасымалдау туралы келісім;

Қазақстан Республикасы Үкі­ме­ті мен Бельгия Корольдігі Үкіметі арасындағы кеден ісіндегі ынты­мақтастық және өзара әкімшілік көмек туралы келісім.

Бұл келісімдерге Қазақстан жағынан Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев, Бельгия жағынан Пермьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Д.Рейндерс қол қойды.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев уа­қытының тығыздығына байла­нысты сол күні таңғы ас үстінде Люксембург Премьер-министрі Ж.К.Юнкермен кездесіп, екі жақты қатынастарды талқылады (суретте).

Осы күні кешке Вице-премьер Кәрім Мәсімов пен Энергетика және минералдық ресурстар министрі Бақтықожа Ізмұханбетов журналистермен баспасөз мәс­лихатын өткізіп, Елбасының сапары және кездесулері мен келіссөздері жайында әңгімелеп берді.



Авторы: Сұңғат ӘЛІПБАЙ – Брюссельден. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат