Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-12-06:

Әлем елдері және әскери ынтымақтастық

 

Әубәкір СМАЙЫЛОВ, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жөніндегі басқарма бастығы, подполковник.

 

Қазақстан Қа­рулы Күштері – тәуелсіздіктің бел баласы. Оны бізге сырттан бі­реу келіп құрып берген жоқ. Өт­пелі кезеңдегі өте күрделі экономикалық-саяси жағдайға, әскери құрылысты жүзеге асыру тәжірибесінің жоқтығына қарамас­тан қысқа мерзім ішінде Қарулы Күш­теріміз қаз тұрып қана қоймай, ел қауіп­сіз­дігінің сенімді кепіліне айнала білді. “Өз тәуелсіздігін жариялаған сәттен бас­тап мемлекет шешкен аса маңызды міндеттердің ара­сында негізгілердің бірі қазіргі заманғы және ұрысқа қабілетті армия құру мәселесі болды. Президен­тіміз – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы елдің қорғаныс жүйесін нығайту процесінің авторы және белсенді бастамашысы болып табылады”, деген Қорғаныс министрі армия генералы М.Алтынбаевтың пікірімен кез келген қазақстандық келіседі деп ойлаймын.

Аталған кезеңді егжей-тегжейлі зерт­теу және төл әскеріміздің басы-қасында болған азаматтардың еңбектеріне баға беру әрине, тарихшы мамандардың енші­сіндегі дүние.

Ал бүгінгі әңгіме әлем елдерімен әс­кери ынтымақтастықтың жай-күйі мен дең­гейі және даму бағыттары жөнінде болмақ. Бұл — он жылдан астам уақыт­тан бері осы қорғаныс саласында еңбек етіп, әскери қызметші және әскери журналист ретінде көргендерім мен көңілге түй­гендерім.

1997 жылдың қыркүйек айы. Оң­түс­тік Қазақстан облысы Сайрам ауданы­ның аумағында тұңғыш рет кең көлем­дегі халық­аралық “Ортазбат” жат­тығуы өткізілді. Оған Қазақстан, Ре­сей, АҚШ, Өзбекстан, Қырғызстан және т.б. (бар­лы­ғы алты мемле­кеттің) елдердің әскери қызмет­шілері мен әскери атташелері қатысты. Жаттығу әлем қауым­дастығы тарапынан үлкен қызы­ғушылық туғызды. Оқиға ортасынан табылу мақсатында тоқсанға тарта шетел­дік журналистердің артынып-тартынып келуінің өзі көп жәйтті аңғартса керек. “Шымкент” қонақүйінде орналасқан баспасөз орталығы тәулік бойы жұмыс істеп, шетелдік әріптестер “ұрыс даласы­нан” тікелей хабарлар таратып жатты.

Жаттығудың шешуші кезеңінде Қазақ­стан мен АҚШ-тың десантшы жау­ын­­герлері жай оғындай жарқылдап, көк­тен түскен бойда бірден “ұрысқа” кіріс­кен болатын. Бұл олардың Форт-Брэк әскери-теңіз базасынан (АҚШ) ұшып шығып, еш жерге қонбастан, ұшақ­тарын аспанда “жемдеп”  19 сағат дегенде қазақ топыра­ғына  жеткен беттері еді.

Сол жаттығу барысындағы өрімдей қазақ офицерінің ерлікке пара-пар мына бір ісі журналистердің назарынан тыс, үлкен оқиғаның тасасында елеусіз қалып қойған еді. (Қысылтаяң кезде нартәуе­кел­­ге барып, бірден-бір дүрыс шешім қа­был­дауға сөз жоқ, жігіттің жігіті ғана қабі­летті). Капитан Алмаз Жұмакеев пара­­шют­пен секірген уақытта аса сал­қын­қан­дылық танытып, өзінің ғана емес қара­мағындағы жауынгердің де өмірін сақтап қалыпты. Кейін жолдастары ай­та­ды: әуеде парашюттері шатысып, жерге санаулы метрлер қалғанда Алмаз қан­жа­ры­мен арқандарды қиып жіберіп, екеуі бір парашютпен аман-есен қонған көрінеді...

Сөйткен А.Жұмакеев бүгінде Аэроұт­қыр әскерлер құрамындағы үздік десант­тық бөлімнің командирі, әскери қызмет сатыларынан абыроймен өткен, әбден ысылған офицер. Кеудесінде “Айбын”  орденімен қатар бірнеше мемлекеттік наградалар жарқырайды.

Мұны қазақстандық әскери қызмет­ші­­лердің халықаралық деңгейдегі ірі жат­ты­ғуларға қатысуының басы деуге бо­лады.Бұдан кейін де біздің жігіттердің елден тысқары (АҚШ, Германия, Ресей, Өзбек­стан, Қырғызстан, Тәжікстан, т.б.) жер­лерде өткен оқу-жаттығуларда шет­ел­дік әріптестерімен терезесі тең, кейде олардан озық нәтижелер көрсеткенінің талай рет куәсі болдым. Жалпы бірлес­кен жаттығу­лардың тәжірибе алмасу, кәсі­би шебер­лікті шыңдау және жедел үйлесімділікке қол жеткізу тұрғысынан пайдасы зор.

Бұл мәселенің маңызы туралы Ел­ба­сы Қазақстан халқына Жолдауында: “Лаң­­кестікке, ұйымдасқан қылмысқа, заң­сыз қару-жарақ таратуға, есірткі саудасы мен басқа да осындай қатерлерге қарсы күрестегі халықаралық ынтымақ­тас­тық­ты нығайту және кеңейту Қазақстан­ның тиісті халықаралық шарттар мен келі­сім­дерді әзірлеуге және нақты іске асыруға белсене қатысуын қарастырады. Біз қазір­гі заманның осындай қыр көрсетулеріне қарсы тұру үшін ҰҚШҰ және ШЫҰ шең­берінде бірлескен оқу-жаттығу шара­лары­на, сондай-ақ лаңкестікке қарсы НАТО-мен бірлескен бастамалар мен операция­лар­ға қатысу арқылы Орталық Азия өңірі мемлекеттерінің ынтымақтас­тығын нығайтуға тиістіміз”, деген еді.

Қазіргі таңда халықаралық әскери ынтымақтастық еліміздің сыртқы саясаты аясында және Қарулы Күштерімізді модернизациялау мақсатында бірнеше бағыттар бойынша табысты дамуда.

Ең алдымен екіжақты әскери және әс­кери-техникалық ынтымақтастық туралы бірер сөз. Бұл ретте жақын көршіміз Ресей Федерациясымен қарым-қатынастың басымдыққа және стратегиялық сипатқа ие екені даусыз. Қазақстан мен Ресей прези­денттерінің сынақ полигондарын жалға беру және біздің әскери қызметшілерімізді сол елде оқыту мәселелерін реттеу жөнін­дегі өзара уағдаластықтары іске асырылуда. Көктемде осы мәсе­лелер бойынша мем­лекетаралық және үкіметаралық деңгейдегі 9 құжатқа қол қойылды. Қазіргі уақытта Ресейде біздің 900 әскери қызметші даяр­лықтан өтіп жатыр.

Қытай Халық Республика­сы­мен ынты­мақтастықтың негізгі ба­ғыттары ортақ шекара ауданын­да­ғы сенім шаралары мен қауіпсіз­дікті қамтамасыз ету және әскери-техникалық сала болып табылады.

Қазақстан мен Америка Құра­ма Штат­тары арасындағы әскери ынтымақтастық  болса 2003 жылдың қыр­күйек айында қол қойылған бесжылдық жоспар негізінде жүзеге асырылуда.

АҚШ Конгресі Хьюи-2 тікұшақтарын жеткізуді мақұлдады, сондай-ақ С-130 “Геркулес” әскери-көлік ұшақтарын жеткі­зу мәселесі де пысықталуда. Әскери қыз­метшілеріміз Американың таңдаулы әскери оқу орындарында білім алуда. Біздің Әске­ри-теңіз күштеріміз үшін су ығыстыру мөлшері 1000 тонна болатын кеме жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Америкалық тарап Каспий аймағының инфрақұрылымын дамытуға белсенді түрде қолдау көрсетіп келеді.

 Бұл аталған бесжылдық жоспардың негізінде атқарылған шаруалардың кейбірі ғана. Таяу уақыттағы шешуші жобалардың қатарында Қазбриг базасында бітімгерші­лік әлеуетті дамыту, Хаммер автомобиль­дерін жеткізу, Техникалық қызмет көрсету орталығын құру және т.б. мәселелер бар.

Бұдан бөлек Түркия, Ұлыбритания, Германия, Франция, Оңтүстік Корея, Үндістан, Пәкстан және басқа да 30-дан аса мемлекетпен екіжақты әскери ынтымақтастық жемісті дамуда.

Қазақстан Әріптестік іс-қимылдарының жеке жоспарын қабылдай отырып НАТО-мен ынтымақтастықты жаңа сапалы әрі мазмұнды деңгейге шығарған Орталық Азиядағы алғашқы және жалғыз ел.

Бұл ретте Аэроұтқыр және инженерлік әскерлерді қазіргі заманғы техникамен жабдықтау, Әскери-теңіз күштерімізді да­мыту және “Бейбітшілік жолындағы әріп­тестік” аймақтық Оқу орталығын құру — перспективалық жобалар қатарына жатады. НАТО-ға мүше мемлекеттердің әскери бөлімдерімен бірлесе “Дала қыраны” оқу-жатт­ығуын жыл сайын өткізу дәстүрге айналды.                                                                                            

Әскери ынтымақтастықтың белсенді дамуының нәтижесінде Қазбат түгелдей НАТО стандарттарына сай жабдықта­лып, оның бітімгершілік әлеуеті арта түсуде. Қаз­баттың ұлғайып, Қазбригке (қазақстан­дық бітімгершілік бригадасына) айналуы соның айғағы. Беделді халықаралық сарапшылардың пікірінше Қазбриг қазір өзінің тиісті дайындығы мен жедел үйлесімділік деңгейін дәлелдеді.

Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйен­сек, бітімгершілік күштері мемлекетке аймақтық және жаһандық қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін шешуге белсенді қатысу мүмкіндігін беретін маңызды құрал болып табылады. Сондықтан біз бітімгершілік мәселесіне кең тұрғыдан қарап үйренуіміз керек. Әзірге әлем қауымдастығы отты нүктелер мен қақтығыс ошақтарындағы бейбіт тұрғындарға қол ұшын беру және сондағы бейбітшілікті баянды ету үшін бітімгершілік миссиясынан артық ештеңе ойлап тапқан жоқ.

2003 жылдың 30 мамырында ел Парла­менті бітімгершілік миссиясын орындау мақсатында біздің инженерлік-саперлік жасақты Иракқа жіберу туралы қаулы шығарды. Бұл шешім әрине, бірауыздан қабылданған жоқ. Қызу пікірталас болып, бөтен елде және ондағы  соғыста не жо­ғалт­тық деген орайдағы пікірлер де айтыл­ды. Халық қалаулыларының алаң көңілін түсінуге болады. Бірақ, біздің жігіттер со­ғысуға емес, қайта соның зардаптарын жою­ға және бейбіт елге көмектесуге аттанған еді.

Расында сол уақыттан бері қазақстан­дық жауынгерлер 4 миллион жарылғыш заттарды жойып, қаншама адамдардың өмірін сақтап қалды.  Қисапсыз снарядтар мен миналардың құрбандары — бейбіт тұр­ғындар, негізінен балалар мен жасөспірім­дер. Біздің әскери дәрігерлерге күніне ондаған хирургиялық операциялар жасауға тура келді. Ал оларға деген жергілікті халықтың алғысы шексіз.

 Біздің дәрігерлер барлығы 2,5 мыңнан астам Ирак азаматтары мен Коалицияның әскери қызметкерлеріне медициналық жәрдем көрсетті. Қазір қазақстандықтар осы елдің қарулы күштерінің мамандарын оқытумен айналысуда. Бүгінге дейін Ирак қауіпсіздік күштерінің 228 маманын (инже­нерлік-саперлық іс бойынша 208 және су тазарту бойынша 20 адам) дайындап шығарды. Бір сөзбен айтсақ, қазақстандық жасақтың Иракта атқарып жатқан шаруасы қай жағынан алсақ та сауапты іс.

Әлбетте, бұл миссия әлем қауымдасты­ғы тарапынан жоғары бағаға ие болды және егемен Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттыруға оң ықпал жасады деп  нық сеніммен айтуға болады.

Елбасының жуырдағы Ұлыбританияға сапары барысында жаһан­дық және ай­мақтық қауіп­сіздік мәселесі де тал­қы­ла­нып, оның барысында қазақстандық әскерилер­дің Ирактағы игілікті іс­те­рі айрықша аталып өтілді.

Осындайда біздің бітім­гершілер турасындағы белгілі саясаткерлер мен білікті сарапшылардың лебіздері еске түседі. Бұр­нағы жылы Қазақстанға қысқа мерзімдік сапармен келген АҚШ-тың сол кездегі Қорғаныс ми­нис­трі Д.Рамсфельд  Ирактан оралған  кезекті жасақпен кездесуінде: “Ержүрек жауынгерлер­дің қолын қысу үшін ар­найы кел­дім!” деген еді. Бұл — қа­рапайым қазақ жігіт­те­рінің ерлік істерін мұхит­тың ар жағындағы алпау­ыт мемлекеттің сөзсіз мойындағаны!

Қорғаныс министр­лігі халықаралық ынты­мақ­тастық аясында қа­зір­гі за­ман талабына сай әскери қызметшілердің тіл даяр­лы­ғына зор мән беріп отыр. Олар оқуға немесе білімін әрі қарай жетілдіру үшін шетелдер­ге жіберіл­мес бұрын дайындық курс­та­рынан өтіп, тиісті сынақтар тапсырады. Бұл жұмыс Қорғаныс ми­нистр­лігінің Шетел тілдері әскери институты базасында және оның жергілікті филиалдары арқылы жүзеге асырылуда. Аталған институт Орталық Азия аймағындағы жалғыз оқу орны  болып табылады және оған таяу болашақта аймақтық мәртебе берілмек.

Қазіргі таңда қазақстандық әскери қызметшілер әлемнің жетекші 55 әскери оқу орындарында 160-тан астам мамандық­тар бойынша білім алуда. Жыл сайын шетелдерге оқуға 500-ден астам адам жіберіледі. Бұл жерде шетелдерде әскери мамандар даярлаудың негізгі мақсаттары мен міндеттеріне тоқтала кеткен жөн. Біріншіден, біздің Қарулы Күштерге аса қажет, бірақ әзірше елімізде дайындалмай­тын мамандықтар бойынша сыртта оқыту. Екіншіден, халықаралық міндеттемелерді орындау үшін әлемдік стандарттар (оның ішінде НАТО стандарт­тары) бойынша маман­дар даярлау. Үшінші­ден, жаңадан алынған қару-жарақ пен әскери техникаларда жұмыс істейтін мамандарды әзірлеу. Төртіншіден, әлемнің жоғары әскери оқу орындарымен ты­ғыз байланыс орнату, озық технологиядан тыс қалмау, әскери ғы­лым­ды дамыту тұрғы­сында тәжірибе алмасу және т.б. игі мақсат­тарды көздейді.

Сөз реті келгенде АҚШ-тың әскери жур­налистерімен де тығыз әріптестік байланыстың орнағанын айта кету керек. Бесжылдық жос­парға сәйкес біздің делегация Пентагонда болып, әскери журналистерді дайындайтын “Динфос” мектебінің жұмысымен танысып қайтты. Қазір  әскери тілшіміз, майор М.Махамбет  ІMET бағдарламасы бойынша АҚШ-та білім алуда.

Бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс саласындағы бірлескен іс-шаралар Қазақстан мен НАТО қабылдаған Әріптестік іс-қимылдарының жеке жоспарында да қарастырылған.

Біздің әлем елдері армияларымен ха­лық­аралық ынтымақтастығымыз бұдан әрі де дамып, нығая береді деген сенім мол.

Жалпы өз елің мен оның жетістігіне деген мақтаныш сезіміне жететін не бар екен?! Бір ғана мысал, жоғарыда айтыл­ғандай ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер қатыс­қан “Рубеж-2006” жаттығуы биыл Каспий­дің қазақстандық жағалауында өтті. Оған Мәскеудің өзінен жиырмадан астам беделді бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келді. Қонақтар, ішінде ресейлік сарапшы­лар санасатын аузы дуалы әскери шолушы Виктор Литовкин және басқалар бар бір апта бойы жаттығуға қатысушы жауын­герлермен қоян-қолтық жұмыс істеді. Біздің әскери қызметшілерімізбен емін-еркін әңгімелесіп, қазақстандық армия­ның нақты жай-күйін өз көздерімен көрді.

Кейін В.Литовкиннің жазған дүние­лерін оқудың сәті түсті. Онда әскери шолушы Қазақстан Қарулы Күштерінің ке­зең-кезеңмен кәсіби негізге көшіп жатқа­ны, кәсіпқой сержанттар институтының қалыптасқаны және Кадет корпусының рөлі туралы риясыз көңілмен, тамсана жаза­ды. Автордың мына бір пікірін аудар­масыз түпнұсқада оқып көрейікші: “Сло­вом, конкурс в армию как на актерский факультет ВГИКа. Командиры расчетов в артбатареях 152мм “Мста - Б”, в самоход­ных батареях “Гвоздики” и “Акации”, в батареях реактивных систем залпового огня “Град”, “Ураган” и “Смерч”, все вычис­лители этих подразделений имеют высшее образование. Таким качеством призывного контингента может похвас­таться далеко не каждая армия. В том числе и очень развитых стран. Быть офицером и солдатом в Казахстане — престижно!”

Сырт көз — сыншы деген, бұл пікірге менің алып-қосарым жоқ.

 

Суреттерді түсірген Қайыр Дінбаянов.

 

КӨкарал бӨгеті

 

Серік ПІРНАЗАР.

Жұртшылық бүгінде “ға­сырға салмақ боларлық ғала­мат жоба” ретінде атап жүрген Көкарал бөгеті құрылысының бітуі өңір өрнегін өзгертетін нышанды нысан болып отыр­ғаны уақыт ұзаған сайын ай­қын­далып келеді. Толайым бө­геттің тұрғызылуы Арал теңі­зінің теріскей бөлігін түс­тігінен бөліп тастап, кіші теңіз­ді немесе Солтүстік Арал­ды қатарға қосты. Осы ар­қылы аймақтың экологиялық ахуалы біртіндеп сауыға баста­ды. Сырдарияның те­ңізге құяр­лығындағы он­шақты ірі көл­дің бәрі суға толып, жаға­лары жайқалған жасыл желек жамылды. Су қоймаларындағы балықтың саны арта түсті. 

Енді ептеп тарихқа көз жүгіртсек, Көкаралды қалыпқа келтірген “Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүс­тік Арал теңізін сақтап қалу” деген ұлы жобаның 1994 жыл­дың көктемінде Өзбекстанға қарасты Қарақалпақстанның астанасы Нөкіс қаласында Орта Азия дәулеттері мен Ре­сей Федерациясы басшылары­ның қатысуымен өткен алқа­лы жиында пайда болғанын айтар едік. Аталмыш бағдарла­маға сәйкес Арал теңізі мен оның айналасының экология­лық, экономикалық және әлеу­меттік жағдайларын жақ­сартуға басты бағыт ұсталды. Ғаламдық деңгейдегі ғаламат шара бойынша Сырдың жо­ғарғы ағысындағы Шардара су қоймасынан еңістегі Арал теңі­зіне дейінгі аралықтың ахуалы түзетілмекші болып белгіленді.

Көкарал түбегінің бергі мүйісіндегі бұрынғы Берг шығанағын байлаудың алғаш­қы қадамы келесі, 1995 жыл­дың жазында қолға алынды. Әдепкі әрекетте Арал ауданы­ның басшылығы дарияны аты­рауынан байлап, арғы басынан тоған тұрғызудың қамын өз беттерінше жасап көрді. Бұл іске 1996 жылдың көктемінен бастап облыс басшылығы араласты. Осы екі жыл Берг шығанағын топыраққа толты­рып, оның бергі бетіне су жинауға жұмсалды. Өкінішке орай, домбайлап соғылған сол тоған 1997 жылдың 30 сәуірі күні жоғарыдан түскен мол судың нөпіріне шыдамай, бір түнде бұзылып кетті. Осыдан кейін сол 1997 жылдың жазында теңізге екінші мәрте шабуыл басталды. Бұл жолы бөгетті тұрғызуға Аманөткел­дегі балық шаруашылығына қарасты жылжымалы механи­каландырылған колоннаның барлық техникасы жұмылды­рылды. Бұдан бөлек бірнеше құрылыс мекемесі ортақ тір­ліктің оябын келтіруге тар­тылды. Құмырсқадай қыбыр­ла­ған тіршіліктің тінінде тоған тағы да тұрған орнынан бой көтерді. Келесі, 1998 жылы еңсесін тіктеген тоған 1999 жылдың 19 сәуірі күні тағы да жығылып, кіші теңізге жинал­ған бар судың тасқыны ұлы теңізге қарай жөңкіле жөнелді. Осы реттегі бөгет бұзылуының зардабы айрықша ауыр тиді. Ол көптеген техниканың су айдыны астында қалып, кісі өліміне апарып соқтырды. Ғылыми негізде тұрғызыл­маған тоғандар осылайша бірінің артынан бірі толқын­ның толқуына төзбестік танытып, еткен еңбектің бәрін зая кетірді.

Осыдан кейінгі 4 жылдай уақыт Көкаралды көтеру туралы толғамның тоқтаған кезеңі болды. Ақырында Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсыруымен 2003 жыл­дың наурыз айында атал­мыш бөгетті салу ісінің үшін­ші әрекетіне дем берілді. Мем­лекет басшысының тапсыр­масына сай енді өз еліміздің шеңберінде қабылданған “Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу” бірден қызу жүргізілуге көшті. Ол екі кезеңге бөлініп қарас­тырылды. Мұның бірінші ке­зеңін 2003-2007 жылдар ара­лығында жүзеге асыру жоспар­ланса, екінші кезең 2008-2012 жылдар ауқымын қамтитын болып бекітілді. Бірінші кезеңдегі жұмыстардың жалпы құны 85,79 млн. АҚШ долла­рын құрады. Жоба Бүкілә­лем­дік банк заемы (64,9 млн. доллар) мен Үкімет бюджеті (21,29 млн. доллар) есебінен қаржы алды. Осынау ауқымды жұмыстарға техникалық жа­ғынан бақылау жасауға “Мотт Мак Дональд Темелсу” атты ағылшын-түрік біріккен кәсіпорны тартылды. Ал жұ­мыс­тың қоршаған ортаға әсерін бағалап, экологиялық мониторинг жүргізуге ағыл­шын­ның “Скотт Вилсон” кеңесу компаниясы қатысты­рылды. Жобаның бірінші кезеңінде Сыр өңірі­нің бүгіні мен келе­ше­гі үшін үлкен орны болатын маңызды ны­сандар – Әйтек, Көк­арал, Қараөзек және Ақлақ су құрылыс­тары жүргізілді. Қазір­гі таңда бұлардың арасындағы Көкарал бөгеті мен Әйтек тоспасы пайдалануға берілсе, Қараөзек құрылғысының құры­лысы толық бітіп, іске қосылудың қарсаңын­да тұр. Ал Ақлақ тос­пасы алдағы жылғы күзде қатарға қосыла­ды деп күтілуде. Со­ны­мен бірге бұл соң­ғы құрылыс ныса­нын­­д­а жобаның екін­ші кезеңінде 50 мегаватт электр қуатын өндіретін су электр стансасы салынып, төмендегі Қазалы және Арал аудандарының сұранысын өтейді. 

Қазіргі таңда Кіші Арал­дағы су деңгейі екі метрге дейін көтеріліп, Балтық жүйесі бойынша 42 метрлік белгіге жетті. Оның теңіздегі көлемі бұрынғы 11 миллиардтан 25 миллиард текше метрге дейін көбейді. Осының арқасында су Арал қаласына 20 шақырым­дай ғана жерде тұр. Айдыны суға толған Кіші Арал ел игілігіне жаратылуда. Биылғы жылдың өзінде ғана теңізден 2,3 мың тонна балық ауланды. Бұл өткен жылдармен салыс­тырғанда он еседен де артық көрсеткіш. Келешегінің кемел екенін түсінген отандық ин­вес­торлар енді Арал теңізінде балық шаруашылығын дамы­туға мүдделілік таныта бас­тады.

2005 жылдың сәуір айы­ның соңында Қызылорда об­лысына келген сапа­рын­да Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаев аттың басын алдымен Арал ауданына бұрып, Сыр бойында ХХІ ғасырдың ба­сын­дағы ең алып құрылыс болып табылатын Көкарал бөгетіне аялдап еді. Құрылыс нысанындағы жұмыстың жай-күйімен жан-жақты танысқан Президент сол жолы бөгет басында тұрып: “Аралға кө­мек­тесу мәселесі ешуақытта жа­дымнан шыққан емес. Сырдарияның су жүйесін қалпына келтіру жұмыстарына қыруар қаржы бөлінді. Сонау Шардарадан Аралға дейін 85,8 млн. долларға атқарылатын орасан зор тірлік осындағы ха­л­ықтың қуанышына айналға­лы тұр. Мұның көрінісі Әйтектен бастау алып, Ақлақ пен Кіші Аралға дейін барады. Осы қаржының игерілуіне орай Әйтек су құрылғысы іске қосылды. Таяу арада Көкарал бөгеті пайдалануға беріледі, көлдер жүйесіне су жинала бастайды. Аралдан 80 шақы­рымға қашықтап кеткен теңіз 10-12 шақырымға дейін жақындайды. Арал қаласына таза су жеткізілді, енді көлдер суға тола бастағаннан балық шаруашылығы өркен жаяды. Ел экономикасының дамуы Арал проблемасын белсенді­рек шешуге мүмкіндік береді. Сондықтан да мемлекет ай­мақтағы экологиялық жағдай­ды қалыпқа түсіру үшін бар­лық күш-жігерін жұмсайды”, – деген еді тебіреністі үнмен. Арада бар-жоғы үш ай уақыт өткесін, шынында Көкарал бөгеті салынып бітті. Маман­дар болжамы бойынша, алда­ғы 2-3 жылда Кіші Аралға 29 млрд. текше метр су жиналып, оның қойнауы түгел суға тола­ды. Бұдан қалды, Көкарал мен Ақлақтың арқасында жалпы көлемі 60 мың шаршы шақы­рымға жуық көлдердің арна­лары толығады. Соның нәти­жесінде балық шаруашылығын дамытудың мүмкіндігі артады. Алда теңіздің 60 мың гектар табаны суға толғанда бұл ай­мақ­тың ауа райы күрт жақса­рып, табиғаты жайнап-жасара түсетіні анық.

Құдай қаласа, келер жыл­дың соңында бірінші кезеңі тұйықталатын “Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлі­гін сақтап қалу” (САРАТС) бағдарламасының екінші кезеңі 2008 жылдың басында сөреден шығады. Осы кезеңге әзірлік жүріп жатқан қазіргі шақта республика су маманда­ры Кіші теңізден, яки Солтүс­т­ік Аралдан тағы бір бөгет салу туралы идеяның ұштығын шығарып отыр. Мәселенің түбіріне түптеп қарағанда, мұның тектен-тек көтеріліп отырмағанын байқау қиын емес.

Күні бүгінге дейін Бүкіл­әлемдік банк пен Қазақстан Үкіметі жобаның осы екінші кезеңін қаржыландыру жөнін­дегі келісімге қол қойып қойды. Осыған орай аталмыш әлемдік қаржы ұйымы жапон үкіметі бөлген 800 мың доллар қаржыны жобаның осы фазасының техникалық құжат­тарын дайындауға бергелі тұр. Сол қағаздарды әзірлеуге жұмсалатын қаржының 700 мың долларлық қалған бөлігін республика бюджеті төлейді. Осы жұмыстар жоғары сапалы деңгейде атқарылып шыға қалған жағдайда, банк жоба­ның басты негізгі бес шарасын жүзеге асыру үшін 120 мил­лион доллар мөлшерінде қара­жат бөледі. Бұл бес шараның бастысы да, маңыздысы да Солтүстік Арал теңізіндегі судың деңгейін Балтық жүйесі бойынша 46 метр биіктікке көтеру болып табылады. Ма­мандардың пікірінше, судың деңгейі осы мөлшерге жеткен­де ғана Аралдың солтүстік бөлігі өзінің баяғы 60-шы жыл­дардың басындағы қалпы­на жетіп, Арал қаласы қайта­дан портты мойнаққа айнала алады екен. Осы жерде еске сала кету керек, “САРАТС” бағдарламасы бірінші кезеңі­нің жұмыстары қолға алынған 2001 жылы теңіздің осы аумақтағы деңгейі 38 метрде тұрған еді. Жағалау Арал қа­ласынан 110 шақырым қа­шық­та болатын. Ал жобаның бірінші кезеңі аяқталуға қараған дәл қазіргі таңда бұл мөлшер 42 метрге көтеріліп, теңіз қалаға қарай 70-80 шақырымға дейін жақындады. Енді деңгейді тағы 4 метрге көтеріп, 46 метрлік белгіге жет­­кізетін күн туса, Арал қа­ла­сының дәл іргесін  толқын ұрып жататын бағзы заман қайта оралады.

Бірақ, өмірдің бүгінгі шындығы тап қазір олай жасауға болмайтынын көрсет­ті. Себебі, ондай биіктіктегі судың нөпіріне жаңадан салынған Көкарал бөгеті төтеп бере алмайтын болып шықты. Екі жылдың ішінде жиналған судың өзі бөгетке қауіп төн­дір­гесін, мамандар қазір он­дағы бес қақпалы плотинаның үшеуін ашып тастап, артық суды түстіктегі Ұлы теңізге жіберуге мәжбүр болып отыр. Енді не істемек ләзім?

– Теңіздің жағалауын Арал қаласына дейін жеткізу­дің екі түрлі техникалық шешімі бар, – дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Анатолий Рябцев осы ретте. – Біріншісі, бұ­рын­ғы Берг шығанағының орнынан салынған Көкарал бөгетін тағы 4 метрге көтеруі­міз керек. Екіншісі, Арал қаласына қарай мойнақ болып кіретін Сарышығанақтан тағы бір бөгет тұрғызуымыз керек. Бұл жағдайда жаңа плотина алдыңғысынан 4 метр биік тұруы тиіс. Осылай Солтүстік Арал екі жоннан тұратын теңіз болып шыға келеді. Мамандар бұлай жасауға әбден болатынын айтып отыр. Мұның артықшылығы болатын да түрі бар. Бірін­шіден, Көкаралды тағы 4 метрге көтергеннен бұл жоба едәуір арзанға түседі. Себебі, жаңа бөгеттің ені одан әл­деқайда қысқа, сосын Көк­аралдың жіңішке жондарын­да жүріп оған топырақ үю қиынға соғады. Екіншіден, теңіздің ащы суы мен дарияның тұщы суы мұнда жақсы араласып, соңғысы­ның үлес салмағы барған сайын көбейе түседі.

– Шындығын айтқанда, әу баста Кіші теңізді сол Сарышығанақ шығанағынан тоған тұрғызу арқылы жасап көру идеясы көтерілген бола­тын, –  дейді осы бағдар­лама баян етілген сәттен соның басы-қасында жүрген Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Айтбай Көшер­бай әңгіменің ауаны осылай қарай ойысқанда. – Бірақ, кейін келе бөгесінді Берг шығанағынан салу жобасы басымдық алып кетті. Сөй­тіп, “САРАТС” жобасы қа­зір­гідей реңк алды. Ал Сол­түстік теңізді жоғары жақтан, атап айтқанда, жаңағы Сарышығанақтан тағы бір мәрте буып, екі ярус жасау ту­ралы тұжырым сол кездің өзінде-ақ алға қойыл­ған еді. Өйткені, жердің релефтік өз­гешіліктерін екшеп келгенде, осылай етпей, Арал қаласына дейін су жеткізудің мүмкін емес екенін бәріміз де білдік. Бұл жерде Көкарал бөгетін тағы 4 метрге көтеру жөнінде сөз етудің өзі артық. Себебі, біз олай ететін болсақ, те­ңіз­дің шығыс жағалауындағы 40 шақырымға дейінгі аралық­тың жағалауын да көтеруге мәжбүр болар едік. Олай етіл­месе, Көкаралды көтеру арқылы бұл айдында су ұстап тұру тіпті де мүмкін болмай қалады. Сондықтан Кіші те­ңіз­дің әлгіндегі мойнағы­нан плотиналы тоспа салу ке­рек­ті­гі еш күмән туғызбаса керек.   

Су мамандарының айту­ла­рынша, бүгінгі таңда те­ңіз­дің солтүстік бөлігінде не­гізінен ащы су қалып қойып, дариямен ағып кел­ген тұщы су Көкаралдың ашы­лып тасталған плотина­лары арқы­лы Ұлы теңізге қарай жөң­кі­ліп жатқан көрінеді. Маман­дар бұл өзекті мәселеніің түйінін Сырдариядан Сары­шы­ғанақ­қа қарай секөнтіне 100-150 текшеметр су өткі­зетін қабілеті бар, ұзындығы 50-60 шақырымды құрайтын жана­ма канал қазу арқылы шешуге болатынын айтады. Оның бойымен арқырап аққан тұщы су теңіздің Арал қаласы маңындағы аумағына дейін еркін жетпек. Осының қатарында Көкарал плотина­сы арқылы Ұлы теңізге қарай кетіп жатқан балықтардың жолына тосқауыл болатын арнайы тор салу жөніндегі бастама да осы шамада жүзеге асатын түрі бар.

Кіші теңіздің айдынын күн санап толтырып келе жатқан Көкарал төңірегінде атқарылар ауқымды істер әлі де жетерлік.

     

Қызылорда. Суреттерде: Көкарал көрі­ністері.

 

Суреттерді түсірген Игорь Титенюк.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат