Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-12-07:

Тәуелсіздік табыстары

ХҚТУ – Елбасы ашқан тұңғыш университет

 

Халықаралық қазақ-түрік университеті — Қазақстан Тәуелсіздігімен құрдас оқу орны. 1991 жылы “Түркістан университеті” болып ашылған оқу орнында ол кезде небәрі 332 студент оқыса, қазір мұнда 28 мыңдай шәкірт білім алып жатыр. Студенттердің мұндай контингенті республикадағы 70-80 жылдық тарихы бар өзге бірде-бір оқу орнында жоқ.

Елбасы Түркістанды не үшін таңдады? Дәл сол тұста университет ашудың қаншалықты стратегиялық маңызы бар еді? Университеттің бүгінгі ұжымы сан мен сапа мәселесін заман талабына сай үйлестіре алды ма? Осы және басқа да сауалдардың жауабын табу үшін біз ХҚТУ президенті, профессор Серік Жайлауұлы ПІРӘЛИЕВКЕ жолыққанбыз.

 

— ХҚТУ — Нұрсұлтан Әбішұлының ел Президенті ретінде тұңғыш рет ашқан оқу орны. Бүгінде 1991-1992 жылдардағы газет тігінділерін ақтарып отырсаңыз, ақжолтай ақпаратпен қа­тар Елбасы қадамын сынап-мінеген дүниелерді де көптеп ұшыратасыз. Жаңылыспасақ, сіз ол кезде Білім министрлігінде басқарма бастығы бо­лып қызмет атқаратынсыз. Яғни, қазір ел тарихына айналып кеткен оқиғаның басы-қа­сында жүрдіңіз. Сол күндерден есте не қалды?

— Ұмытылған ешнәрсе жоқ, бәрі де бү­гін­гідей көз алдымда. Ол — ел Тәуелсіздігін енді-енді жариялап, экономикалық дағдарыс алқым­нан алып тұрған кезі-тұғын. Бюджетте басы артық бір тиын қаражат жоқ. Жасы­ра­ты­ны жоқ, Елбасының осынау шешімі әдепкі­де көпшілігімізге аспаннан жай түскендей әсер қалдырды. Көңілде үміттен гөрі күдік басым еді. Университет ашу үшін оның заман талабына сай материалдық-техникалық базасы болуы керек. Профессорлық-оқытушылық құрамы жасақталуы тиіс. Мұның бірде-біреуі жоқ. Алыстағы аудан орталығына жұмыс істеу үшін қандай профессор бармақ?!

Сол кездегі Білім министрі, марқұм Шай­сұлтан Шаяхметов бізге Елбасының тапсыр­масын жеткізіп, университеттің құжаттарын әзірлеуді маған жүктеді. Содан жұмысты бастап кеттік. Сіз дұрыс айтып отырсыз, сол кездері Елбасының Түркістаннан университет ашу туралы идеясын сынаған адамдар табы­лып жатты. Тіпті, “Известия” газеті “Аудан орталығындағы ағарту университеті” деген тақырып қойып, сынап-мінеген дүние де жариялады. Менің өз басым 1955 жылғы тың игеру науқаны бұдан ауыр болмаған шығар деп ойлаймын. Ол кездегі бар мақсат – жер жыртып, егін егу ғана еді ғой. Ал, бұл жерде ғы­лыми потенциал жасау керек! Оған жас мем­лекеттің экономикалық әлеуеті жете ме? Міне, көпшілікті ойландырып тастаған осы мәселе еді.

 Бүгінде мұны еске алудың өзі қорқы­ныш­ты, алайда, Елбасы өзінің батыл қадамдары­мен көпшіліктің көкейіндегі күдіктің күл-талқанын шығарды. Мені таңғалдырғаны, Нұрсұлтан Әбішұлының сол тұстағы алдағыны болжай білетін көрегендігі мен батылдығы. Саяси, экономикалық дағдарыстарға қарамас­тан, сол кездегі аудан орталығынан уни­вер­ситет ашу шынында да ерлікке пара-пар іс еді. Елбасы бағытының дұрыстығын уақыттың өзі дәлелдеді емес пе.

– Өзіңіз айтып отырғандай, ел қазынасында сол кезде басы артық бір тиын жоқ. Елбасы бәлкім, туыстас Түркия елінен тартылатын инвестицияға арқа сүйеген болар?

— Олай ойласаңыз қателесесіз. 1991 жылы университет “Түркістан университеті” болып ашылды. Ол кезде түрік ағайындардың еш­қан­дай қатысы болған жоқ. Түркия басшылығы­мен екі жылдан кейін ғана келіссөз жүргізіліп, оқу орны — Халықаралық қазақ-түрік универ­ситеті болып қайта құрылды. Ал, оған дейін барша жұмысты жас қазақ мемлекетінің өзі атқаруына тура келді.

Ең алдымен университет мұғалімдері үшін Түркістаннан коттедждер салынды. Оқулықтар сатып алынды, мұғалімдер тартылды. Сту­дент­тердің қазіргі санын білесіз, оқытушы-про­фес­сорлар құрамы бүгінгі таңда екі мыңға жетті. Оның 670-і ғылым докторлары мен кандидат­тары. М.Мырзахметов, Р.Бердібай, Ә.Саты­балдин, О.Балабеков секілді есімдері елге кеңінен танымал академиктер де бүгінде осы университетте жұмыс істейді. Педагогика, эко­номика, филология ғылымдары салаларынан кандидаттық және докторлық диссертация­лар­ды өзімізде қорғау үшін үш ғылыми кеңес аштық. Көпшілікке белгілі, бүкіл дүние жүзіндегі Түркология орталығы күні кешеге дейін Мәскеуде болатын, қазір Түркістанда.

1993 жылы халықаралық мәртебе алға­ны­мызды айттым. Бүгінде мұнда 29 түркі тектес ұлт мемлекеттерінен 1500-дей студент білім алып жатыр. Қалай болғанда да, Елбасы идея­сымен дүниеге келген Халықаралық қазақ-түрік университеті қазір студенттердің саны жағынан болсын, білім берудің сапасы жағы­нан болсын, республикадағы 188 жоғары оқу орны арасында алғашқы ондыққа кіреді. Бұл — он бес жылдағы жетістік. Ендеше, ХҚТУ-ды тәуелсіз Қазақ елімен бірге дамып келе жатыр деп айтуға толық негіз бар.

– Бізді Елбасының осынау университетті неге басқа қалада емес, нақ Түркістанда ашқаны таңғалдырады...

– Мұның жауабын табу үшін өткен күндерді тағы да ойша шолуға тура келеді. Көпшіліктің есінде шығар, Нұрекең 1991 жылы Президент болып сайлана салысымен Түркістанға келген еді ғой. Себебі, Түркістан — біздің тарихымыз. Тұтас қазақ үшін ең қастерлі мекен. Түркістан — ел бастаған хандар мен билердің, қол бастаған батырлар мен бағландардың, сөз бастаған шешендердің, Құдайдан күні-түні елінің асыл мұратының орындалуын егіліп тілеп өткен әулие-әмбиелерінің мәңгілік тыныс тапқан жері. Міне, Елбасының алғашқы сапарын Түркістаннан бастауында көп адамның көзі жете бермейтін осындай бір рухани сыр, символикалық мән бар. Нұрекең өзінің осынау ұшан-теңіз тарихи миссиясын ата-баба рухына тағзым етуден бастады.

 Түркістан аман тұрса, қазақтың рухы аман тұрады. Ал, рухы сау халық қиындықтың қандайына болса да мойымайды. Міне, Елбасының университетті басқа қалада емес, Түркістанда ашуында, меніңше, осындай сыр бар. Жоғары оқу орнын ашу арқылы қазақтың қасиетті мекені — Түркістанды түлету де жатқан жоқ па, Елбасы стратегиясында!

— Мемлекетаралық алғашқы оқу орны — ХҚТУ еді. Кейін Қазақ-Британ университеті ашылды. Қазір Қазақстан-Ресей оқу орындары қаптап барады. Жекеменшік оқу орындары санынан да алыс-жақын шетелдердің алдына түсіп кеткен сияқтымыз. Осының өзі асыра сілтеушілік емес пе?

— Тоқсаныншы жылдардың басында елімізде банк қаптап кетіп еді ғой. Сол банктер қайда қазір? Оларды ешкім де жапқан жоқ, көпшілігі өзінен-өзі жойылып, ұсақтары ірілеріне жұтылып кеткен жоқ па?! Белгілі бір дәрежеде оқу орындары жөнінде де осыны айтуға болады. Бүгінде жұрт қай жерде заман талабына сай білім береді, баласының құжа­тын сол оқу орнына тапсырады. Тіпті, оқу төлемақысының арзан-қымбатына қарамайды.

Оқу орындарының шынайы рейтингі грант бөлгенде анықталады. Ол кезде сіздің ғима­ратыңыздың жай-күйін, материалдық-техни­калық базаңыздың қандай екендігін ешкім сұрамайды. Бәрі әділ, грант жеңіп алушы қай жоғары оқу орнын таңдайды, өзі біледі. Грант бөлер кезде, барлық ректор министрлікке жиналамыз. Министр қай университет қанша грант жеңіп алғанын ресми хабарлайды. Міне, мықты оқу орны осы арада-ақ анықталады.

 Жасыратыны жоқ, грантты ең көп жеңіп алатындар Қазақ мемлекеттік ұлттық универ­ситеті, Қазақ ұлттық политехникалық универ­ситеті, Алматы мемлекеттік педагогика уни­вер­ситеті сияқты ұлттық университеттер. Ха­лық­аралық қазақ-түрік университетінің де осы топтан табылатыны біз үшін үлкен қуаныш һәм мақтаныш.

Ал, әлгіндей оқу орындарына жұрт неге қаптап бармайды? Қажетті студенттер санын жинай алмаған оқу орнының болашағы бар ма? Ондай оқу орындары болашақта өзі-ақ жойылып кетпей ме?! Ендеше, кез келген нәрсенің табиғи жолмен жүзеге асқаны дұрыс. Оларды бас-көзге қарамай жаба бастасақ, болашағы бар жақсы университеттер де жабылып кетпей ме?!

– Білімді маманға қай кезде де сұраныс жоғары. Кәсіби білігі жоғары талай мықты кадр­лар шетелдерде жұмыс істеп жатыр. Осы­ған мүмкіндік беретін Болонья шарты десек,  Қазақстанның өзі де сапа­лы мамандарға зәру емес пе?

– Біз қалайық, қаламайық, білім берудің дүниежүзілік стандартына жақындауымыз керек. Мына мәселе естен шықпауы керек, шет­ел университеттеріне білім алуға барған қа­зақ­стандық жас, мейлі ол “Болашақ” бағдар­ла­масымен барсын, мейлі басқа бағдарла­ма­мен барсын, бәрін басынан бастауына тура келеді. Тіпті ол Қазақстанда екі курс оқу бағдарламасын бітіріп келсе де. Шетел университеттері бұрынғы біздегідей студентті сынақ-емтиханмен қорқытпайды. Білім алсаң өзің үшін, болашағың үшін аласың!

Қазір шетелдердегідей бізге де кредит технологиясы ене бастады. Бұл тәсілдің ерекшелігі неде? Бала өзінше ізденбесе, білім берудің бұл әдісін бәрібір меңгере алмайды. Сіз бен біз университетте оқығанда қандай еді? Профессор лекциясын оқиды, сосын се­ми­нар сабақтар өтеді. Сессия келгенде сіз сы­нақ немесе емтихан тапсырасыз. Бәлкім, тақырыпты емтиханнан өту үшін ғана жаттап алуыңыз мүмкін ғой. Ал, кредит техноло­гия­сында олай емес. Онда тіпті лекцияны да түгел бермейді, ең негізгі дегендерін ғана береді. Қалғанын студенттің өзінің іздену қабілетіне қалдырады. Сосын ол студент амалсыздан үнемі ізденісте болады. Ізденген адам жаман маман болушы ма еді?! Міне, бұл “Болонья шартының” бір ғана шарапаты.

– Осы он бес жылда университеттің материалдық-техникалық базасы қаншалықты дәрежеде өсті деп ойлайсыз? Атқарылған істерге көңіліңіз тола ма?

— Көңіл тоқмейілсіген тұста даму да тоқтайды. Ұжым мүшелері оқу орны ашылған күннен бастап, университеттің абыройы мен беделі жолында аянбай еңбек етіп келеді. Алайда, “осымен болған шығар” деп ойлап жүрген ешкім жоқ. Әйтпесе, қол жеткен табыстар да аз емес. Мәселен, таяуда ғана сапа менеджментіне көштік. Сертификаттың келгеніне екі аптадай-ақ уақыт өтті, біз енді Еуропаның стандартымен жұмыс істейміз.

Материалдық-техникалық база уақытпен бірге дамып отырады. Білесіздер, күні бүгінге дейін мұндағы жаңа ғимараттардың бәрі туыс­қан Түркия мемлекетінің көмегімен салынған еді. Ел экономикасының өскендігінің бір дәлелі, университеттің тоғыз қабатты бас ғимаратын салу үшін 15 жылда тұңғыш рет биыл Қазақстан бюджеті қаражат бөлді. Мұны Елбасы қамқорлығының арқасы деп түсінеміз.

Сосын бір айта кетер мәселе, бүкіл Қазақ­стан университеттері ішінде медицина факуль­теті бізде ғана бар. Рас, жекелеген медицина институттары бар ғой, бірақ, олар студенттерді бір-ақ бағытта оқытады, ал, біз жан-жақты білім береміз. Соған орай, өзіміздің емдеу кли­ни­камыз бар. Сол клиниканың ғимараты да бітуге таяу. Денсаулық сақтау министрі А.Дер­но­вой мен облысымыздың жаңа әкімі Ө.Шөке­ев таяуда клиниканы аралап көріп, өздерінің оң бағасын берді. А.Дерновой мыр­за­ның айтуынша, Жамбыл, Оңтүстік Қазақ­стан, Қызылорда облыстарындағы ең еуро­па­лық стандартқа сай (мамандары да, ғимараты да, құрал-жабдықтары да) медициналық ор­та­лық осы біздің ХҚТУ клиникасы болмақшы.

— Университеттің бұған дейін бес филиалы бар еді, бүгінде оның саны жетеуге жетті. Соған қарағанда, университеттің қалыптасу кезеңі әлі аяқталған жоқ сияқты.

— Жалпы, өзгерісті өмірдің өзі жасайды. Мекемемізде құрылымдық өзгерістер болып жатса — өмірдің қажеттілігінен туған шығар. Қалай десек те, университет құрамындағы 7 институттың әрқайсысының өзінің атқаратын міндеті бар. Мәселен, Алматы институтын алай­ық. Мұнда біздің қызметкерлер канди­дат­тық және докторлық диссертацияларын қорғайды. Себебі, Алматы — Қазақстанның ғылыми потенциалының шоғырланған жері. Ал, Анкара институтының қашықтықтан білім беру бойынша Еуропада өзіндік орны бар. Мұнда Түркияның 1500 студенті ақылы негізде оқып, ХҚТУ дипломын алып шығады. Тараз институтының да біз үшін орны ерекше. Әлгінде университетте үш ғылыми кеңес жұмыс істейтінін айттық. Ал, ғылыми кеңес құру үшін оның құрамында кемінде 5 ғылым докторы болу керек. Өзі жаңадан құрылған университет оны қайдан алады? Біз Тараздағы жергілікті профессорларды өзімізге қызметке тарттық. Биыл жеті белеске көтерілетін Шымкент институты да ежелден келе жатқан кадрлар ұстаханасы. Таразда да, Шымкентте де студенттердің басым көпшілігі ақылы негізде білім алады. Бұлар өз қажеттілігінен артылған қаражатты Түркістанға аударады. Мақсат — Түркістанды көтеру. Кентау инсти­туты туралы бөлек әңгіме етсек те жарасады. Білесіздер, Кентау — өндірісті қала, республи­када­ғы экологиясы қиын аймақтардың бірі. Сондықтан экологтардың осында даярлануы заң­ды. Сондай-ақ, Кентауда түркі тілдес мемлекеттердің 200 студенті дайындық курсы­нан өтеді. Мұны бір деңіз, екінші, біз шетел­дер­дегі қандастарымызды да естен шығарып отырған жоқпыз. Оларды да Қазақстандағы жоғары оқу орындарына даярлау керек. Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасымен жыл сайын шетелден келген 300 қандасымыз дайындық курсынан өтеді. Республика бойынша осы негізгі міндетті Кентау атқарып отыр. Биылғы оқу жылының басында универ­ситетімізден “Жаратылыстану және меди­ци­на”, “Гуманитарлық және бизнес” деп атала­тын екі институт ашылды. Осы аталған инсти­туттардың барлығы да Түркістанның көркеюі үшін жұмыс істейді. Мақсат — еліміздің рухани орталығы Түркістанды түлетуге, республика ғылымын одан әрі дамытуға қолдан келгенше үлес қосу.

 

Әңгімелескен Бақтияр ТАЙЖАН,Оңтүстік Қазақстан облысы.

 

Қапшағайдың інжу-маржаны

 

Тәңіртаудан тамыр тартып, балығы тайдай тулаған айдынды Балқашқа дейінгі аралықты берекеге бөлеген ІлеЖетісудың алтын арнасы іспетті. Осы Іленің бойында жасампаз жандардың қолымен жаратылған су бөгені игілікке жарағалы қырық жылға жуықтады. Жартасты алаптың қынама тұсын тап басып бөгеп, шалқар айдынға айналдырған адамдар бүгінде оның қызығын көруде. Ең терең тұсы қырық метрге жуықтайтын Қапшағай теңізінің балығы қандай, шөліркеген шөлейтті жазықтарды жазира жұмақтай жайнатқан бал татымды суы қандай, шіркін!

Жасанды су қоймасының жалпы көлемі 3,6 мың шаршы шақырымды құрайды. Маңыздылығы жөнінен ауыл шаруашылығы мен өндірісті дамытуға ересен зор үлес қосып отырған осы өңірдің келешегі нұрлы. Жағалаудан отау тіккен Қапшағай қаласы да күн өткен сайын көркейе түсуде. Қазір бұл өңірдегі 11 елді мекенді біріктіретін екі ауылдық аймақта барлығы 51,1 мың адам тұрады. Таратып айтсақ, оның 37,1 мыңы қалалықтар, қалған 14 мыңы ауыл тұрғындары.

Қала арқылы өтетін Алматы-Өскемен күрежолы автоқатынастың өзегіндей болса, Қапшағайдың өзі Балқашқа, Талдықорғанға, басқа да бағыттарға жол тартқан жүргінші­лер­дің көзайым қуанышындай. Әсі­ресе, түнде оның самалдай жар­қы­ра­ған келбетін көріп көңіл жады­райды.

Соңғы жылдары Қапшағай өңірі болашағы зор көпсалалы және өнер­кәсіптік-индустриялық даму дең­гейі­не көтерілді. Мәселен, жыл сайын өнеркәсіп өнімдерін өндіру­дің айтарлықтай арта түскені бай­қа­ла­ды. Егер 2005 жылы барлығы 12,7 миллиард теңгенің тауарлары шыға­рыл­са, биылғы тоғыз айдың өзінде 12,1 млрд. теңгенің өнімдері өнді­ріл­ген. Бұл көрсеткіш жоспардағы 14 млрд. теңгенің орнына жыл аяғына дейін 16 млрд. теңгеге жетпекші.

Қапшағайдағы ірі өнеркәсіп және құрылыс кешені құрылыс мате­риалдарын өндіру жөніндегі кластерді құрайды. Оның басында немістің ең ірі “KNAUF гипс Қап­шағай” фирмасы тұр. Осы фирма жыл басынан бері 15,6 млн. шаршы метр гипсті картон өнімдерін шы­ғарып үлгерді. Солтүстік корейлер салған инвестицияның есебінен тұрғызылған “ПолимерМеталл-Т” кә­сіп­орны 1 млн. шаршы метрге дейін жылуды жақсы ұстайтын “сэн­двич” панельдерін шығарды. Ал “Изоблок Капшагайстрой” ЖШС болса, жылына 40 миллионға дейін керамикалық кірпіш өндіреді. “Транс­строймост” акционерлік қоғамын­да пенополистирольді тақта шығаратын зауыт іске қосылып, ол жылына 1 млн. шаршы метрге дейін дайын өнім өндіретін қуатқа ие болды.

Ауылға мемлекет тарапынан арнайы қолдау көрсетілген соңғы үш жылдың ішінде бұл өңірге отандық инвесторлар да назар аудара бас­та­ды. Олардың арасында “Жібек жолы”, “Наурыз” жауапкершілігі шек­теулі серіктестіктері, “Витасоя”, акционерлік қоғамы, “Казовощ­пром” және басқалары бар. Сондай-ақ “Полимер” кәсіпорны қысымға төтеп бере алатын полиэтилен құ­быр­ларын шығарумен айналысады. Бұл бұйымдар шаруашылыққа және тұрғындарды ауыз сумен қамтама­сыз ету мақсатына жарамды. Кәсіпорынның құбырлары Қазақ­стан­да ғана емес, шетелдік өнімдер­мен де бәсекелесе алатын дәрежеге жетіп отыр. Бұл үрдіс Елбасы алға қойған дамыған 50 елдің қатарына ену жөніндегі игі қадамның алғаш­қы баспалдағындай.

“КазБестПродукт” компаниясы қазірдің өзінде халықаралық сауда рыногын белсенді түрде игере бастады. Кәсіпорында тәулігіне 550 тонна ұн тартатын қуатты диірмен кешені жұмыс істейді. Ал енді сауда тұрғысынан келгенде, Қапшағай қаласының беделін бел асырып тұрған “БИККО” ЖШС, “Аям” АҚ өнімдері мен “WІMPEX” спирт зауы­тының кең ассортиментті өнім­дері көпшілікке әбден танымал.

Соңғы жылдары қала әкімдігі де инвестиция тарту мәселесіне көп көңіл аударып, ізденісті іскерлікпен ұштастыра түсті. Мәселен, 2005 жылы 2779 млн. теңге мөлшерінде инвестиция тартылса, биылғы жыл­дың тоғыз айы ішінде бұл көрсеткіш 4,5 миллиард теңгені құрады.

Қала мен жағалауға құрылыс салу­дың бас жоспарын жасауға бюд­жеттен 21,7 млн. теңге, жаңа құ­ры­лыс жүргізудің инфрақұры­лымын дайындауға 79,4 млн. теңге бөлінді. Осы қаржыны тиімді игеруді көздеген қапшағайлықтар 9 айда жал­пы алаңы 7,9 мың шаршы метр тұрғын үй салды. Демек, осы тұрғы­да қол жеткізген табыстар өткен жылғымен салыстырғанда 189%-ды құрап отыр.

Бүгінде 8 кәсіпорын менеджмент жүйесінің халықаралық стандарттар сапасына сай жұмыс істейді.

Ауыл шаруашылығы бойынша жалпы өнім өндіру көрсеткіші осы жылғы 9 айда 1052,6 млн. теңгеге жет­ті. Бұл өткен жылдың осы мер­зі­мімен салыстырғанда 117,8 пайыздық көрсеткіш деген сөз. Егер былтыр 8073 гектар алқап игерілсе, биыл диқандар барлығы 9052 гектар жердің игілігін көре бастады.

Өңір тұрғындарының жұ­мыспен қамтылу деңгейі қазір 92,7 пайызды құрайды. Яғни, 23 мыңнан астам қап­шағайлықтардың тұрақты жұмы­сы бар. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы биыл 957 адам орын тапты. Анықталған жұмыссыздық көрсеткіші 1,1 пайыз болып отыр.

Денсаулық сақтау саласы бой­ын­ша қалалық аурухананың техни­калық жарақтандырылуы жақсарды. Соңғы кезде эндоскоп кабинеті, екінші УЗИ кабинеті, иммунофер­мент анализаторы орналастырылған кабинет ашылды. “Симонс” рентген аппараты мен реанимобиль сатып алынды. Бактерия зертханасы, био­хи­миялық анализатор тұратын каби­нет жұмыс істейді. Жалпы айтқанда, аурухананы жаңа техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 20 млн. теңге жұмсалды. Қалалық емханада күндіз жатып қаралатын 10 орындық, Шеңгелді ауылында – 15 орындық, Заречный ауылында – 2 орындық стационар ашылды.

Іле бойының әдемі табиғаты Қап­шағай өңірінде туризмді дамыту­ға қолайлы жағдай туғызатынын жұртшылық жақсы біледі. Содан болар, соңғы жылдары жағалауға жайғасқан демалыс орындары бар­ған сайын арта түсті. Қазірдің өзінде мұнда келгендер дамылдап, рахат­тана демалатын 230 база есіктерін айқара ашқан. Кейінгі жылдары әлемдік стандарттарға сәйкесетін жаңадан салынған “Фридом”, “Ти­таник” атты басқа да тамаша дем­алыс базалары Қапшағай аймағын одан сайын көріктендіре түсті.

Сонымен бірге, Елбасымыз атап көрсеткендей, Қапшағай теңізі жағалауынан қазақстандық “Лас-Вегастың” жобасын жасау жоспар­ланғалы біраз болды. Оны салу үшін Гонконг инвесторларымен келісім-шарт жасауға қол жеткізіліп, бұл жоба қолға алынбақ.

Сонау қола дәуірінен бері келе жатқан, адамзат өркениетінің өсу сатыларын бейнелейтін тарихи жәді­герлер ежелгі Іле бойы жартас­тарын­да аз емес. Және осыны негіз­ге ала отырып, “Көшпенділер” кино­фильмін түсіру кезінде амери­ка­лық арнайы кино мамандары Түркістан қаласының тарихи деко­ративті сұлбасын жасаған болатын. Осы “қала” қазір сол күйінде ес­керткіш ретінде қалды. Оны тамашалау­шылар қатары да барған сайын көбейіп келеді.

Туризмді өрістетудің басты бір нысаны – “Таңбалы тас” пен “Түр­кістан” қамалы республикалық ма­ңыз­дылығы бар туристік бағытта­ма­лар қатарына қосылды. Соның нә­тижесінде 2006 жылғы тоғыз айдың ішінде туристік-экскурсиялық қызмет көрсету барысынан барлығы 158 млн. теңге табыс құйылды.

Міне, бір сөзбен айтқанда, ел Тәуелсіздігінің 15 жылдық мерейіне барлық сала бойынша қарышты қадам жасап, табысты табысқа ұластырған қапшағайлықтар ынтымағын нығайтып, ырыс-берекесін еселей өсіруде. Демек, Іле­ден інжу-маржан терген іңкәр жү­ректі елдің ертеңі де нұрлы бола­рына сенім мол.

 

Күмісжан БАЙЖАН.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат