Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-12-12:

Шарын шатқалында

Мойнақ су электр стансасының құрылысы басталды

 

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН.

Қазақстанның оңтүстік өңірінде электр қуатының тұтыну деңгейі жылдан-жылға өсіп келеді. Бұған күнгейдегі бас қала – Алматыда зәулім үйлер мен еңселі ғима­раттардың көптеп салына бастауы, сондай-ақ Жетісу өңірінде де тұрғындар санының күрт көбейіп, ірі өндіріс орындарының кең қанат жайып келе жатқаны секілді әлеуметтік-өндірістік тұтынуға қажеттілікті қосып айтуға болады.

Электр қуатының тапшылығы осы се­беп­ті соңғы жылдары анық сезіле бастады. Қазақстан Үкіметі келешекті көздеген басым бағыттарды жүзеге асыру кезінде осы мәселені ерте бастан шешуді қолға алды. Атақты Шарын өзенінің тау қойнауындағы таудан құлап ағатын тасқынды суы Қарқара, Шалкөдені ұзына бойлай созылып, ондаған өзендер мен өзеншелердің сағасы әрі тоспасы секілді мәні бұрыннан белгілі болып келген. Су электр стансасын салуға өте ыңғайлы. 1980 жылдардың бедеріне Алматының “Гидропроект” институтының жобалаушы-ғалымдары мен мамандары Мойнақ су электр стансасы құрылысының сызба-жобасын да жасаған. Арада бес жыл өткенде бұл алып құрылыстың іргетасы Бестөбе су қоймасын жасаумен қолға алынған. Қат-қарбалас жұмыстың ақыры 1992 жылғы қаржы тапшылығына байла­ныс­ты тоқтап, ұзақ кідіріске тап болған.

Бұл өткен тарихы.

 

Ал енді 2005 жылы Үкімет бұл ұмыт қалмаса да, қозғаусыз жатқан мәселеге қайта оралды. Ел еңсесін тіктеп, етек-жеңін жиған уақытта республикамызда су энергетикасын дамыту жөнінде қосымша іс-шараларды қарастыру кезінде географиялық картаға түскен Мойнақ су электр стансасының құрылысын салуға тоқтам жасап, шешім қабылдады.

Алдын ала кесіп-пішілген жоба бойынша бұл су электр стансасының қуаты – 300 МВт болуы керек. Сонда жыл сайын 1027 миллион КВт – сағат электр қуаты өндіріліп, ол әлгінде айтып өткеніміздей, республи­каның оңтүстік өңірінің электр қуатына деген қажеттілігін біржолата толық өтемесе де көп зәруліктің салмағын жеңілдетеді. Жарық шамға деген сұранысты тұрақты қамтамасыз етудің көзіне айналады.

Сонымен назарда тұрған бұл нысанның құрылысы 2009 жылы аяқталып, амандық бол­са, ол 2010 жылдың ба­сында толық іске қо­сылады. Ірі құры­лысқа техникалық эко­но­мика­лық негіздеу бойынша жұмсалатын қаржының көлемі 33860,1 миллион теңге немесе 250,8 мил­лион АҚШ долларын құ­райды.

Тәуелсіз Қазақстан­ның тарихында тұңғыш рет осындай құрылыс салу жобасын қаржы­лан­дыру мәселесі ше­шілген. Қазақстанның Даму банкісі 50 мил­лион АҚШ долларын займ есебінде қаржы­лан­дырса, қалған бө­лігін, яғни 200 миллион АҚШ долларын өзара екіжақты кредиттік келі­сімге сәйкес Қы­тай­дың мемлекеттік Даму банкі береді.

Бұл жаңа іске бірінші болып үстіміздегі жылы 2 мамыр күні Қазақстанның “Kerneu Lіmіted”  компаниясы кірісіп, Бестөбе су қой­масының құрылысын монтаждау жұмы­сын бастап кетті.

– Бұл күндері құрылыс алаңында 200-ден астам адам және 105 әртүрлі техникалар жұмылдырылған, – дейді “Мойнақ СЭС” АҚ бас директоры Оразалы Қантаев, – су жиналатын бөгеттерін жасау, су қоймасының табанын тегістеп, нығыздау секілді құрылыс-монтаж жұмыстары барысында 1 миллиард 320 миллион теңге қаржы игерілді.

Қазақстан өзінің тәуелсіздігінің 15 жылдық тарихында ел экономикасының дамуы мен әлеуметтік мәселелерді шешуде орасан жұмыстарды атқарып, халықтың игілігіне көп тірлік жасалса, ал енді Мойнақ СЭС-і мемлекетіміздің индустриалды-инно­вациялық бағдарламасын жүзеге асыруда әрине, маңызды рөл атқарады. Бұл маңда тек су электр стансасы салынып қоймайды. ХІХ ғасырда атақты саяхатшы, ғалым Шоқан Уәлихановтың өзі тамсанып жазған Үшмеркі жайлауының төрінде, мөлдір бұлақтың тұнығы саналатын Шарын өзенінің жазиралы жағалауында 90 коттеджден тұратын жаңа қалашық (Энергетиктер ауылы) бой көтереді. Бестөбе су қоймасының көк майса таулы қыратында жаңа заманның үлгісін көрсететін көрікті демалыс үйлері де болады.

Мұның бәрі жергілікті тұрғындарды қатты қызықтырады.

Алматы облысы, Райымбек ауданы.

 

Суреттерде: Мойнақ су электр стансасының құрылыс алаңдарында.

 

Серіктестік өнімі — әлемдік стандартқа сай

 

Күмісжан БАЙЖАН.

Мемлекет басшысының бәс­екеге қабілетті елу елдің қатарына кіру стратегиясын басшылыққа алған Қаратал ауданы Үштөбе қала­сындағы Александр Егай бас­қаратын “Прогресс-СМ” жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігі Лондон қаласындағы бри­тандық “Адвент ЮК ЛТД” ком­паниясының марапаттау рәсіміне Қазақстаннан  барған бір топ кә­сіп­орын арасынан жеңімпаз деп танылып, халықаралық жүлдеге ие болды.

 

Нарықтық қатынастың алғашқы қарлығашы – “Прогресс-СМ” жыл өткен сайын өндіріс ауқымын кеңейтіп, өнім сапасы әлемдік стандартқа сай болуы жолында тынымсыз тер төкті. Ұжымдағы мамандарды қайта даярлау, кәсіби шеберліктерін шыңдау бағытын­дағы ұйымдастыру жұмыстарының тиянағын келтіруде де дамыл таппа­ды. Ізденіс өз жемісін беріп, өткен жылы аталмыш кәсіпорын Француз өндірістік ассоциация­сының (SPІ) президенті Бернар Мусонның қолынан алтын медаль алып, халықаралық ІSO 9001-2000 стандартына ие болған.

Мамандығы инженер Алек­сандр Егай биылғы жылдың өткен мерзімінде кәсіпорынның іркіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, 190 млн. теңгенің өнімін тиісті орын­дарға жіберді.

Қазіргі кезде ұжымдағы инже­нерлер мен металл өнімдерін жасайтын мамандардың орташа айлық жалақылары 51-52,5 мың теңге. Сонымен бірге инженер-тех­ник қызметкерлер мен жұмысшы­ларға демалыс орындарына тегін жолдама беру де қалыптасқан.

– Біз өз тұтынушыларымызды жоғары бағалаймыз, олардың сұранысын қанағаттандыруды мақсат етеміз. Кәсіпорын мы­рыш­пен қапталған 150 түрлі болат өнімдерін шығарады. Осы өнімге деген сұраныс ІSO стандартымен жұмыс істейтіндер арасында өте жоғары. Кейде өте күрделі тап­сырыстар түседі, қиын болса да одан бас тартқан емеспіз. Әріп­тестер арасындағы биік беделге ие болуымыздың бір сыры осында болар, – дейді Александр Дмит­риевич Егай әңгіме арасында.

Міне, қарапайым қараталдық кәсіпкер А.Егай Лондондағы та­рихи ғимарат-директорлар инсти­тутының штаб пәтерінің әсем за­лында “Кәсіпорынды басқару­дағы жоғары жетістіктері үшін” атты халықаралық жүлдені алып, арнайы диплом мен төсбел­гіні өңіріне тақты. Бизнес сала­сының өкілдерін қамтитын ағыл­шындық жоғары ассоциация ірі компания­ларды ғана біріктіреді екен.

Кәсіпорын сонымен бірге отандық өндірісті дамытуға да өз үлесін қосуда. Республикадағы мырышпен қапталған болат өнімдерін тұтынатындарға 58 млн. теңгенің, көршілес Өзбекстанға 40 мың доллардың өнімін сатып, өткен жылдармен салыстырғанда едәуір алға басқан. Өнімге деген сұраныс Астана мен Алматы қаласынан да көптеп түсуде.

Ол тұманды Альбионда 5 күн бол­ғанда Англия, Ресей, Украина­да­ғы әріптестерімен тәжірибе алмасты, музейлер мен галерея­ларды арала­ды. Тәжірибе, ашық пікір алысу­дың соңы — әлемдік стан­дартқа сай өнім өндірудің қыр-сырына ұласты. Осылайша “Прогресс-СМ”-нің өнімі әлемдік рыноктан өз орнын тапты. Бұл тәуелсіздік әкелген  табыс.

Алматы облысы, Қаратал ауданы.

 

Отаншылдық — туған жерге деген қамқорлықтан бастау алады

 

Сүлеймен МӘМЕТ, Темір ҚҰСАЙЫН.

 

Иә, расында да біз өзі отан­шыл немесе патриот ұғым­дарын қалай түсі­ніп, қа­лай бағалап жүрміз? Бұл сауал­ға әлбетте: ол әр азамат­тың өзінің туған же­ріне деген сүйспеншілігі, оны ардақ­тауы, қадыр тұта білуі деп жауап қай­таруға әбден болар еді. Әрі осылай деу­дің өзі қате емес екеніне де сенім мол. Деген­мен толыққанды отаншыл аза­мат атану үшін тек туған жер­ге деген сүйіс­пеншілік аздық етеді, кемшін соғады десек ше? Бұл ой да қисынға келеді.

Тұтас елге, мемлекетке деген құрмет — әр азаматтың кір жуып, кін­дік кескен жері­нен бастау алатынына күмән келтіруге болмайды. Ал ол қа­зақ­тың кәдімгі қасиетті ауылы емес пе? Қалада туып, қала­дан шығып қайрат­кер болған­дар некен-саяқ, тіпті жоқ де­се де болғандай. Болса енді бо­латын шы­ғар. Ал бұған дейін шешенді де, кө­семді де, ақынды да, әкімді де шыға­рып келген сол қазақтың қасиетті ауылы еді ғой.

Осы ауыл тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біраз қиыншылықтарға тап болға­ны белгілі. Оның үстіне өтпе­лі кезеңде оңтайландыру ба­ғыты ұсталған, кешегі тоқ­саныншы жылдар­дың бел ортадан ауған тұсында рес­пуб­­ликаның көптеген аудан­да­ры жабылып тынды. Ал бұдан сол өңір тұрғындары­ның әлеуметтік-тұрмыстық деңгейі тө­мендемесе, жоғары­лай қоймағаны тағы да аян. Мұны неге айтып отырмыз? Сол тұста жүрегі елім деп, же­рім деп соқ­қан, қалада тұра­тын, мұнда әжеп­тәуір қызмет тізгінін ұстаған азамат­тардың өздерінің туған ауылына көмектерін беруге ұмтылған мәрт мінездері ұмытыла қойған жоқ.

Міне, содан бері де біраз жыл өтті. Осы уақыт ішінде ел еңсесін тіктеді. Ауылдың ажары қайтадан кіре бастады. Ондағы мал басы өсті. Деген­мен, ел ішінде қамқорлыққа зәру отбасылар әлі де бар екенін жасырып қайтеміз. Осы  тұрғыда оларға нақты көмек беру жолдарын тауып жүрген облыс орталы­ғындағы басшы азаматтардың бірі – Батыс Қазақстан облыстық дене тәр­биесі және спорт басқармасы­ның бастығы Мүсілім Оңдаға­нов деп білеміз.

Өткен аптада оның тікелей мұрын­дық болуы арқасында Ақжайық ауданы­н­а қарасты Алмалы, Базартөбе, Сарто­ғай, Базаршолан, Тайпақ ауылдық ай­мақ­тары тұрғындарына ірі көлемде қайырымдылық көмегі көрсетілді. Атап айтқанда, олар­ға 12 тонна ең қажетті азық-түлік пен тағам түрлері, еуропалық үлгі мен сападағы 90 қап киім-кешек, спорт құ­ралдары тегін таратылды. Осынау қайырымдылық көмегі қаражат­қа шаққанда 2 мил­лион теңгеден асып түскен көрі­неді. Бұған қоса Тайпақ ауы­­лындағы мәдениет үйінде Қазақ­стан­ға танымал өнер ше­берлерінің қатысуымен тұр­ғын­дар үшін тегін концерт қойылды. Бастама иесі газет тілшілеріне аталған шараларды Тәуелсіздіктің 15 жылдығы құрметіне арнағанын айтты.

Мүсілім Оңдағанов – мем­лекеттік қызметкер. Солай бол­ғандықтан да ол елге қан­ша­ма жаны ашыса да, қанша­ма көмектескісі келсе де оған жеке қалта­сы­нан, мемлекет немесе өзі басқарып отыр­ған бас­қарма есебінен көк тиын көмек көрсете алмайды. Сон­дық­тан ол аталған қайырым­ды­лық шараларына демеушілік жасау үшін облыс орталы­ғын­дағы ірі жекеменшік фирмалар мен компания­лардың жетек­шілерін тарта біліпті.

Сонымен бірге, қайырым­дылық ша­ралары кезінде Орал қаласындағы Х.Исаев, С.Има­шев сынды фирма же­тек­шілері мен ауыл кәсіпкерлерінің келелі кездесуі өткізілді. Ол екі жаққа да пайдалы болды деген ойдамыз. Өйт­кені, онда нақты ұсыныстар мен пікір­лер айты­лып қана қоймай, ауылда кә­сіпкерлікті одан әрі дамыту, оған қала­лық компания жетек­шілері тарапынан нақты қол­дау көрсету тетіктері бел­гіленді.

Айталық, Хамзат Исаев басқаратын Орал қаласындағы “Приуралье” фир­масы бүгінгі заманға сай құрал-жабдық­тар­мен жарақталған, әрі автомат­тан­ды­рылған өндірістік кәсіп­орын болып табылады. Мұнда­ғы шығарылған азық-түлік өнімдері бағасы да қымбат емес. Мы­салы, мұнда 1 қап жоғары сортты ұн­ның бағасы 1600 теңгеден аспайды. Бұл ай­маққа танымал дән индус­триясы кәсіпорны Желаев ААҚ белгілеген бағадан төмен.

 

Фирма жетекшісі осындай қолже­тімді ыңғайлы бағамен Тайпақ ауылдық аймағы тұрғындарына астық жеткізуге болатынын айтты. Өзге азық-түлік түрлерін де осындай фирмадан жіберілу бағасымен әкелуге мүмкіндік бар екенін алға тартты. Бұл ең алдымен өнім өндіруші мен оны тұ­тынушылар арасындағы дел­далдар мен алыпсатарлардың жолын кесуге ықпал жасайды. Тек ол үшін екі арада өзара се­німділік ахуалы орнаса бол­ғаны. Мұны Тайпақтан тұрақ­ты өкілдік немесе шағын көтерме сауда базасын құру арқылы реттеуге болады,– деді Хамзат Хатуұлы.

Тайпақ ауылында наубай­хана жоқ екен. Сондықтан да мұндағы жер­гілікті кәсіпкер Жұмазия Жа­рыл­ғасова осын­дай елге қажетті шағын орын ашқысы келетінін айта келіп, оған “оралдық” жекеменшік кә­сіпорын жетекшілері тара­пынан қандай көмек болатыны жөнінде сауал тастады. Бұған Х.Исаев пен С.Имашевтар тарапынан төмендегідей жауап қайтарылды:

– Бұл қадамыңыз өте құп­тар­лық іс екен. Біз де қолдай­мыз. Ол үшін қажетті құрал-жабдықтардан көмек беруге де әзірміз. Тек ол үшін сіз болашақ нау­бай­ха­наның нақты есебін беріңіз. Қатып қалған ештеңе жоқ. Соны ой елегінен өткізейік. Содан соң наубай­хананың ыңғайлы үлгісін табу қиынға түспейді.

Сөз соңында Батыс Қазақ­стан об­лыстық дене тәрбиесі және спорт бас­қар­масының бастығы Мүсілім Оңда­ғанов өзі туып-өскен ауылдың тұрғын­дарына: біз бұл азаматтардан сіздер тікелей байланыс ор­натсын, үйренсін деп Тайпаққа әдейі келіп-кетуін өтінген едік. Мұндай іскерлік байланыстар ор­нығып жатса, мақсаты­мыз­дың орын­далғаны, – деген түйін жасады. Біздің де бұл ойлы пікірге алып-қосарымыз жоқ.

Балық сұраған адамға балық берме, оны аулаудың жолын үйрет деген қағида бар. Бұл қағида әсіресе Жайық өзе­нінің жағалауында орналасқан Тайпақ ауы­лының тұрғында­ры­на тіптен жақсы та­ныс бол­са керек. Сол айтқандай, шал­ғай­­дағы Тайпақ ауылында өткі­зіл­ген осы­нау кездесу орал­дық өндіріс жетек­ші­лерінің ауыл кәсіпкерлеріне өндірісті жолға қоюдың жолын көрсе­туімен құн­ды болғаны анық. Біз бұл мақаланың атауын “Отаншыл­дық – туған жерге деген қам­қорлықтан бастау алады” деп қойған едік. Мүсілім Оңда­ғановтай отаншыл азаматтың іс-әрекетін мысалға келтіру арқылы бұл тақырыптың мәнін ашуға тырыстық деп санаймыз.

Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы.

 

Жалғаса берсін ұлы көш

 

Даниял ҚЫЗЫРҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. 

“Көп қорқытады, терең батырады”. Осы бір нақыл сөзді ата-бабаларымыз бізге өсиет ретінде қалдырғандай. Зер сала қарасақ, шығысынан батысына, оңтүстігінен солтүстігіне дейін ұлан-ғайыр алқапты алып жатқан қазақ жері үшін халық санының көп болғанына не жетсін. Егер де халықтың саны қазақ­тардың саны есебінен өсіп жатса, тіптен нұр үстіне нұр болар еді. Құдайға тәубе! Қазақтың саны өсіп келеді. Көбейе берсін деп тілейік.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі өрелі істердің бірі – шет елдердегі қазақтардың тарихи отаны – Қазақстанға көше бастауы еді. Содан бері 15 жыл өтті. Қарқынмен басталған көш күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Демограф ғалымдардың мәліметіне назар аударсақ, шет елдерде әлі де 5 миллионға жуық қазақтар тұрады екен. Осыған қарағанда, алыстағы ағайынның атажұрт­қа бет алған көшінің әлі де жалғаса беретіні анық. Лайым солай болғай. Орта тола берсін. Қазақтың елінде байырғы ұлттар қазақтардың көп болғанынан зиян көрмесіміз анық. Аштық пен зобалаңнан еңсесі түскен қазақтардың саны өз елінде барша халықтың 30 пайызын ғана иеленген кезі де болды. Қазіргі кезде бұл кемшіліктің орны тола бастады. Ел халқының 60 пайызға жуығын қазақтар құрайды. Бұл межеге жету үшін  қазақтардың атажұртқа келуінің қомақты үлес қосқаны баршаға мәлім.

Шет елдердегі қазақтарды атажұртқа көшіруді ең алғаш рет Мемлекет басшысы Н.Назарбаев бастап, бұл игі іс 1991 жылы қолға алын­ды. Алыстағы ағайынға арнап үндеу жариялады. Бұл ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Барлығымызға белгілі, 1991 жыл ел тарихындағы ең бір аласапыран кез еді. КСРО-ның іргесі шайқалып, одақтас республикалар тәуелсіз мемлекет болу­дың жолын іздеді.  Одақтас республика­лармен қатар Қазақстан да өз тәуелсіз­дігін жариялады. Осылайша еліміз дамудың жаңа жолына түсіп, нарықтық экономикаға көшу шаралары қолға алынды. Анығырақ айтсақ, шет елдердегі қазақтардың ата­мекенге бұрылған көші ел экономикасы нарықтың қыспағына түскен кезде басталды. Қаны бір қарға тамырлы қазақтың барлығы көшті қолдады. Алайда,  ел экономикасы қиыншылыққа түскен кезде шет елдегі қазақтарды ата­жұртқа көшіріп, қосымша шығын шығарудың қанша қажеті бар деп айтушылар да болды. Бұл ой-өрісі бір күндік күйбең тірліктен аса алмайтын­дардың айтқан сыңаржақ сөзі еді. Алай­да, ұлттық мүддені әлеуметтік мүддеден жоғары қойған Мемлекет басшысының батыл шешімі бірден жүзеге асырыла бастады. Бірде қарқындап, бірде бәсеңдеген көш қазірге дейін жалғасып келеді. Көші-қон жөніндегі мәліметтерге назар аударсақ, осы жылдар ішінде елімізге жарты миллионға жуық қазақтар көшіп келген екен. Бұл аз емес. Ең бастысы, еліміздің ұлттық өсіміне, үлес салмағына ерекше екпін берді.

Шет елдегі қазақтардың атажұртқа оралуы қазақтың санын өсіріп қана қоймай, оның рухани дамуына, тілі мен мәдениетіне, салт-дәстүріне серпіліс берді. Ұлтымыздың ұлық дәстүрін, қаймағы бұзылмаған салтын, ешкімге ұқсамайтын қолөнерін қара шаңырағы – Қазақстанына сол қалпында жеткізді. Ал, өнер мен мәдениет саласында табысты жұмыс істеп жүрген оралмандар да аз емес. Артық айтқандық болмас, шетел қазақтарының ата жұртта табысуы аз да болса олқы тұстарымызды толтырып, осал жерлерімізді бекемдей түсті.

Көші-қон мәселесі еліміздің ішкі және сыртқы саясатының өзекті саласы деп айтса болады. Соның ішінде шетел­дердегі қазақтарды Қазақстанға көші­рудің маңызы айрықша жоғары. Себебі, Бұл мәселеге Мемлекет басшысы тиянақты назар аударып келеді. Тіпті бұл мәселені еліміздің ұзақ мерзімді страте­гиялық бағдарламасына енгізіп, атқа­рушы биліктің алдына нақты міндеттер жүктеді. Мәселен, “Қазақстан -2030” стратегиялық бағдарламасында ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың кепілі ретінде мән берілгенін айта кеткен жөн. Мұнда ұзақ мерзімді басым мақсаттарды атай келе, ең алдымен ұлттық қауіпсіздікке назар аударылған.

“Қазақстан – 2030” стратегиясында: “Ұлттық қауіпсіздік басымдықтарының деңгейіне мықты демографиялық және көші-қон саясаты шығарылуға тиіс. Егер біздің мемлекеттік органдарымыз бұған бұрынғысынша немқұрайдылықпен қарайтын болса, онда біз ХХІ ғасырдың қарсаңында Ресейдің артынан адам саны сыртқы көші-қон процестерінен ғана емес, табиғи жолмен кеми беретін “демографиялық оппа” жағдайына тап боламыз. Бұл тенденция дереу тоқтаты­луға тиіс” деп көрсетілген.

“Ұлт қауіпсіздігі жоқ жерде – мем­лекеттілік жоқ” (“Егемен Қазақстан” газеті 17.04.2003 ж. №91) Бұл қауіп пен қатері көп жұмыр жердің үстінде мәң­гілік ел болып қалу жөнінде Мемлекет басшысының айтқан өзекті ойы. Бұл арада жай ғана айтып отырған жоқ, мемлекеттіліктің тірегін ұлт қауіпсіз­дігі­мен ұштастырады. Яғни, ұлттық қауіп­сіздікке төнетін қатерлердің алдын алу үшін демография мен көші-қон мәселе­сін стратегиялық мақсаттардың бірегей саласы ретінде қадап айтып, атқарушы биліктің алдына жүктеген басты міндеті.

Атамекеніне қоныс аударған қазақ­тар­дың бір бөлігі Шарбақты ауданына қоныстанды. Қазіргі кезде ауданның 7 селолық округінде оралмандар тұратын болса, соның ішінде Галкин, Шегірен, Хмельницкий және аудан орталығы Шарбақты кентіндегі оралмандардың саны басымдыққа ие. Мәселен, Галкин селолық округінде 40-тан астам отбасы болса, мұндағы адам саны 230-ға жуық.

Моңғолия қазақтары бастаған көш Өзбекстан мен Ресейден қоныс аударған қазақтардың саны есебінен өсе түсті. Оралмандарды жұмысқа орналастыру мәселесі де біртіндеп шешіліп келеді. Жасыратыны жоқ, алғашқы жылдары оралмандардың көбі ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін болса, қазіргі кезде мемлекеттік қызметтерге орналаса бастады. Аудан әкімшілігінде, аудандық мәслихатта, мектептерде сонымен қатар мәдениет пен өнер саласында табысты жұмыс істеп келе жатқан оралмандар аз емес. Барлығы да өздерінің қызметтегі белсенділігімен танылды. Айталық, Моңғолия Республикасынан келген апалы-сіңлілі Хабайқызы Гүлнәр мен Гүлім аудандық мәдениет үйінің жанынан “Керуен” ұлттық аспаптар үйірмесін құрып, ұлттық өнердің жанашыры болып келеді. Орыс тілінде білім алғанымен, ұлттың рухани байлығынан ажырамай өскен Өзбекстан Республикасынан келген оралмандар мемлекеттік қызметке орналасты. Атап айтқанда, аудан әкімінің көмекшісі Құттымұрат Шәмшиев, аудандық мәслихаттың бас маманы Бақыт Темірбаев, Абай атындағы орта мек­тептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Насыр Диқанбаев және т.б. оралмандар табысты жұмыс істеп келеді. Соның ішінде білім беру саласында жұмыс істеп келе жатқан оралмандардың үлес салмағы жыл санап өсіп отыр.

Көші-қон және демография мәселесін сөз еткенде, бұл салаға жете назар аудара бастаған әлем елдерін де атап өткен жөн. Мұндай елдер саусақпен санарлық қана. Олар: Қазақстан, Германия және Израйл. 2007 жылдан бастап бұл елдердің қатарына Ресей қосылады. РФ-ның демограф ғалымдары мен саясаткерлері де халық санының жылдан жылға кемуіне алаңдаушылық білдіріп, мұның соңы демографиялық дағдарысқа апаратынын түсінді. Қазір РФ-ның халқы 140 млн. төңірегінде болса, БҰҰ-ның сарапшылары бұл көрсеткіш 2050 жылға қарай 100 млн-ға дейін күрт кемиді деген болжам айтып отыр. БАҚ-тар таратқан мәлімет­терге назар аударсақ, 2002 жылдың өзінде РФ-да 13 мыңға жуық елді мекен қаңырап бос қалыпты. Қазіргі кезде РФ демографиялық дағдарысқа апаратын жолға тосқауыл қою үшін бар күшін салуда. Тіпті Жириновский бастаған саясаткерлер: “Бірде-бір бала тумаған орыс әйелге төлқұжат бермеу қажет. Шет елдерге шыға алмас үшін” деген ұсыныс айтуда. Ал Дума депутаттары бұл мәселені заңдық тұрғыда шешіп беру үшін атсалысуда. Осыған орай әрбір екінші балаға (бір отбасыда өмірге келген) 10 мың АҚШ доллары көлемінде жәрдемақы беретін заң жобасын дайындады. Сонымен қатар шет елдердегі отандастарын еліне шақыруға бағытталған бағдарлама 2007 жылдан бастап жүзеге асырылады деп күтілуде. Бұл шаралардан көші-қон мен демография мәселесінің ел дамуындағы алатын орны айрықша жоғары екенін түсінуге болады.

Міне, ел тәуелсіздігімен қатар бас­талған көшке де 15 жыл толды. Бұл жөнінде БАҚ-та жарияланып жатқан мақалалар да аз емес. Бірі естеліктер жазса, енді бірі  көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмектердің тізбесін жазады, сондай-ақ оралмандарға қарата айтылған сын мақалалар да бар. Алайда, оралмандар туралы сөз қозғағанда, олардың өнерімізге, мәдениетімізге, сондай-ақ қазақтың көбеюіне қосып жатқан үлес салмағының маңызы айрықша екенін атап өткен жөн. Ең бастысы, шетелдегі қазақтардың атамекеніне ағылған ұлы көші жалғаса берсін. Дүбірге толы заманда ірілік танытып, барша қазақтың басы бір шаңырақтың астында бірігіп, мақсат-мүддесі бір бағытты көздесе, ел үшін бұдан артық бақыт болмас.

Павлодар облысы, Шарбақты ауданы.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат