Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-12-12:

Орман әлемінің ғылыми ордасы

 

Ғасырлар сырын түйген орманның жан-дүниесіне үңіле білеміз бе, оның ағыл-тегіл көңілінен құлағымызға не жетеді, қымбатымызды құлпыртудың қам-қарекеті қай деңгейде? Сұрақ салмақты. Біз осы орайда Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, АШҒА академигі Б.М.МҰҚАНОВТЫ сыр-сұхбатқа шақырған едік.

 

– Болат Мәжитұлы, сіз басқарып отырған Орталық Қазақстанда қайта­лан­бас ізі бар ғылыми әрі өндірістік ұйым. Орманның тағдыршысы демесек те, та­мыр­шысы екендеріңіз анық. Әңгімеңізді халық жүрегіндегі әлгіндей толғамға қатысты пікіріңізден, ұжымның мақсат-мүддесінен бастасаңыз.

– Ел газеті – “Егемен Қазақстан” бұл мәселені үнемі назарда ұстайты­ны­на разымын. Бүгінгі өскелең талаппен айтылатын көңіл ауанын түсінуге болады. Алаңдатарлық проблемалар бар, атқарылып жатқан жұмыстар да жоқ емес. Республикамыздың салалық жетекші ғылыми ордасы ретінде орта­лығымыздың бұл іспен айналысып жат­қанына жарты ғасыр толғалы отыр. Осы жылдар аралығында үш жүзге жуық ұсыныс, тұжырымдамалар, нор­ма­тивтік актілер қолданысқа енгізілді. Мұның басым көпшілігі әлі де құн­ды­лығын жойған емес.

Ұжымның көп жылдық қызметінен өрбітіп, төмендегідей жайларды айтуға болар еді. Қазақтың орман шаруа­шы­лығы ғылыми-зерттеу институтының (КазНИИЛХА) мұрагері саналатын орталығымыз кешегі бұралаң-белде сыр бермей, кадрлар құрамын сақтап, мемлекеттің қолдауымен материалдық-техникалық базасын нығайта білді. Бұл бізге ғылыми ізденістерімізді жоғары деңгейде жүргізуге, оның көпсалалы нәтижелерін өндірістік тәжірибеге ен­гізуге мүмкіндік берді. Орталығымызда 12 докторлық, 111 кандидаттық дис­сер­тация қорғалғанын айтулы табыс санаймыз.

Мақсат-мүддеміз белгілі. Ол қазақ жерінің жасыл жамылғысын қалыңдата құлпырту, орман байлығын молайта оты­рып, табиғаттың үйлесім тепе-тең­дігін сақтау. Республикамыздың орман қоры туралы көп айтылып жүр ғой. Қайталап жатпайық. Еліміздің қазы­на­сы көл-көсір. Бірақ, бізде орман аз. Бар­ша жеріміздің 4,5 пайыздайы ғана. Міне, алаңдайтын тұс осы. Орман атау­лының дүние жаратылысына, тыныс-тіршілігімізге, табиғат тарам­дары­на ық­па­лы мен әсері жетекші орын­да тұрға­ны­мен, сол табиғат салауатымен, ға­сыр­лар пәрменімен кері өзгерістерге түскен қиындықтары да көп. Бұл жерде қолдан жасалған қиянпұрыстарды қо­сып тұрған жоқпын. Ендеше, орта­лық­тың қызметі төмен­дегідей негізгі ба­ғыт­тармен жүргізіліп жатқанын айтқым ке­леді: орман орамының ерекшеліктерін, ағаштардың өсімтал әрі қоршаған ортаға қолайлы тұқымдары мен түр­ле­рін сараптап зерттеу, шаруашылықты жүргізудің бү­гінгі талаптарымен үй­лес­тіріп, өндіріске енгізу. Орман байлы­ғы­ның қолданыс аясын кеңейтіп, сарқыл­мас қорын жасау оңай шаруа емес. Ол үшін ор­ман­ның өзін қорғау керек, бұған қосымша, орманның айналамыздағы әлемді қорғау қабілетін қуаттан­дыру қажет.

– Орман өзінен-өзі өсіп жатқандай көрінеді. Үңіл­сек, мүлдем олай емес­тігін байқаймыз. Іл­ге­рілер айтады екен: “Ата­дан не тал қал­сын, не там қалсын” деп. Ертеңін ойлайтын еліміз қазір осының екеуін де қолға алып жатыр. Мәселе ағаш еге салуда емес шығар. Бұл орайда ғылым не істеп жатыр, қандай кеңес береді?

– Солай көріне­ті­ні табиғаттың жо­март­тығынан. Бірақ, кең қолтық қойнау­лар­дың тіршілігінде алаңдатардық жағ­дайлар баршылық. Ғылымның тікелей араласуын талап ететін мәселелер шоғыры көбейді. Орталық ғалымдары ұзақ жыл­дарғы ізденістердің нәтижесінде Қа­зақстанның бірыңғай әдістемелік негіздегі типтік классификациясын қолданысқа енгізді. Бұл бүкіл жұмыстар тізбесіндегі аса маңызды шарт.

Соңғы бес жылда Ауыл шаруашылығы министрлігінің салалық комитеті біз ұсынған жиырмадан астам нормативтік құжатты бекітті. Атап өтсек, алдымен, өртке шалдыққан алқапты қалпына келтірудің перспективалық амал-тәсілдері. Тәжірибеде сыналған тұжырымдамаға сүйенсек, орманды қалыптастырушы бас­ты түрдің 58-60 пайызы төртінші жылда толық қайта нәрленіп шығады. Орман өскіндерін баптау, талшыбықтарды отыр­ғызу тәсілі, тұқымдық сұрыптау мен аудан­дастыру, оның агротехникасы мен қорғаныштық технологиясына қатысты зерттеу нәтижелеріне жақсы бағалар берілді. Бізде гендік қорды сақтау нысан­дарына сипаттама түріндегі ақпараттық банк құрылған. Ерінбегеннің бәрі келіп танысып, игілігіне жаратып жатыр. Бұл жұмыстағы талғам талаптарын күшейтеді. Орталықтың ойлап тапқан, зерттеп жатқан ағаш түрлері көп. Екшеп еккен дұрыс. Сондықтан, біз республикамыздың үш табиғи аймағына қатысты перс­пек­ти­валы түрлер ассортиментін ұсындық. Мә­селен, Көкшетау қыраты — дала аймақ­тарында зерттеліп жатқан 175 түрдің 87-сін Солтүстік Торғайға – 62, Еділ-Жайық шөл-дала ойпаттарына – 74, сортаң төске 20 түрін отырғызу барлық жағынан тиімділік беруде. Оның үстіне, бұрынғы ассор­тиментке 47 түр мен тұқым қосыл­ды. Әлгі банктің деректері үнемі толық­тырылып отырылатыны белгілі. Бұл орай­да, әкімшілік облыстар тара­пынан қолдау бар. Қосымша 600 мың гектарлық геноқор нысанын іріктеп алу жө­нін­дегі ұсы­ны­сымыз түсіністік табатынына сенімдіміз.

Орталығымыз толыққан­ды және тұрақты өскіндердің экологиялық шаруашылық тұрғыдан бағалы белгілері мен қасиеттерінің генети­ка­лық шарттылығын анықтауда біршама жұмыстар атқарды. Жоғары өнім беруші тұқым­дардың 16 клоны іріктелді. Осының тең жартысы эли­та­лық талапқа толық жауап береді. Ал, “Бурабай - 30” , “Ұрымқай - 53” тұқымдарына сорт-клон куәлігі бе­ріл­ді. Осы клондар жиырма жылдық жасын­да, арнайы бақылау барысындағы біз күткен көрсеткіштен асып түсті. Биіктігі 20 пайыздық, аумағы 16 пайыздық, нәрлік қоры бойынша 58 пайыздық нәтижедегі клондық құрылым биылдан бастап республика аумағында аудандастырылуда.

Қарағайдың жасыл желегі үшкір пи­ра­мидалы морфотиптері мен аласа бойлы саялы түрлеріне сұраныс ұлғаюына орай, ор­талығымыз “Бұланды” және “Сымбат­ты қарағай” сорттарын айналым­ға қосты. Аудандастырылғанына екі жыл­дан асқан аты да, заты да әдемі өніміміз қазақ­стан­дық­тардың көзқуанышына айналды де­сем, артық кетпеспін. Сондай-ақ “Көк­ше­тау”, “Моншақты” кәдімгі бал­қарағай­ла­рын Қостанай, Шығыс Қазақ­стан облыс­тарының самырсынды орман­дары мен шоқ тоғайларында орналас­тыруға бөлу мөлшері нақтыланды. Бұл аймақтарда бұған дейін өсірілген Шығыс Сібір және Қиыр Шығыс түрлік топтары тұқым дайындаушы бола алмайтыны анықталды.

Сөз ретіне қарай айтайын, жоғарыда аталған жаңа қарағай түрлерінің автор­лары, ауыл шаруашылығы ғылымдары­ның кандидаттары Алла Бреусова, Владимир Шульга, Владимир Мосиндер биыл академик А.И.Бараев атындағы сыйлыққа ұсынылып отыр.

– Шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа дегендей, орманның өзегін кеміріп жатқан зиянкестермен күрес туралы не айтасыз? Ауырып тұрған ағашты көру ауыр тиеді екен…

– Орман да тірі жан секілді. Өседі, өне­ді, тіршілік үшін жанталасып өтеді. Кә­рілік жеңіп жантаяды. Санитарлық отау деген бар. Оталады. Биыл жазда осындай істің үстінен түскен біреу өз-өзі­нен байбалам салып, интернет арқылы жал­ған дақпырт таратып жіберді. “Аудан әкі­мі не қарап отыр?” деп тиіседі. Бұған әкім­­нің не қатысы бар? Жасыл желекке бұ­­лай жанашырлық жасамайды. Жарайды. “Зиянкестер” дегенге айтып жатқаным ғой.

– Ол оқиғаны біз де жазғанбыз. Әрі қарай жалғастырсаңыз.

– Зерттеу жұмыстарынан аңдап баққанымыз, ормандардың күйреуінің 55 пайызы өрттен, зиянкестер келтіретін кеселден – 31,5, жайсыз ауа райынан 13,5 пайыз екен. Қалыптасқан экожүйені әл­сі­ретіп, қоршаған ортаға кері әсерін тигі­зе­тін ауру ошақтары тез тарайды, айталық 40 мыңнан 140 мың гектарды қамтып үлгіреді. Жыл сайын 10 мың гектар орман қуа­рып, солады. Соған қарамастан, кеса­пат­тың беті қайтып, азая бастады. Егер 2001 жылы зиянкестер мен ауру жайылған алқап 314 мың гектар бол­са, 2004 жылдың ба­сында 198,3 мың гек­тар­ды құрады. Яғни, 1,6 есеге төмендеді. Бұлар көбінесе қарағай, шырша, қайың, самырсындарға өш. Қарағай көбелекше­лері Шығыс Қа­зақ­станда, Семей өңірінде жиі ұшы­ра­са­ды. 2001 жылы Павлодар облысында 91 мың гектар алқапта қарағай жапалақ­ша­ла­ры күрт жайылып, орман алқабының 30 пайызында ораушы-тоқымашы құрттар пайда болды. Жұпсыз жібек құрттары Батыс Қазақстанда 2550 гектар жерде бай­қа­лып отыр, оның жаппай тарауы Ақмо­ла, Солтүстік Қа­зақ­стан облысында да тіркелді. Алтай мен Ертіс өңіріндегі жағ­дай біршама түзеліп келеді. Ғалым­дары­мыз кең көлемдегі ор­ман патологиясы мониторингін жүргізді. Солтүстік Қа­зақ­станның өзінде қылқан жа­пырақты орман­дарды қамтитын фито­фаг интроду­цент­терінің 14 түрі анық­талды. Біздің қызметкерлер қарағай жібек құртының пайда болу кезеңіндегі жоғары патогендік бактериялармен күрестің әдіс-тәсілін қам­титын нұсқаулықтар таратты. Оны тиімді пайдаланған ретте, көбелек­шелер қуыр­шағының 97 пайызын жоюға болатын­дығы дәлелденді. Бұдан басқа да игі қайтарым беріп жатқан ізденістеріміз бар.

– Жұмыс ауқымының көптігін аңғардық әрі ол еселене беретін сияқты. Қарымды орталық қызметінің бүгінгі басым бағыттары қандай?

– Бурабайда орналасқан орталығы­мыздың Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында филиал­да­ры бар. Оның үстіне бес негізгі бөлім, “Арал” тобы, екі зертхана мен тәжіри­белік орманшылық жұмыс істейді. Ұжым уақыт тынысындағы жаңа ғылыми жо­баларды іске асыруға кірісті. Оның мақ­саты орман шаруашылығы мен қорға­ныштық орман тарамдарын ұлғайтудың ғылыми негіздемесін жетілдіру, антро­по­гендік кері ықпалды әлсірету, биотехно­логиялық тәсілдерді қолдана отырып тарам­дық селекция мен тұқым дайын­дауды дамыту, үздік технологиялық ұстанымдарды қалыптастырып, деректер банкін толықтыру, тағы басқалар. Ғы­лы­ми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде оннан астам ұсыныстар мен нұсқаулықтар дайындалып, өндіріске енгізіледі, қарағай мен қайыңның өнімді тұқымдары өлкемізге көрік қосады деп жоспарлануда. Щучье қаласы мен Жәнібек стацио­нарында табиғи тыл­сымға мейлінше жақындатылған ай­рық­ша дендропарк пен арборетум жұмыс істейді. Онда 1400 шамасында түр мен тұқым сынақтан өткі­зілуде. Мұндағы са­налуан мақсаттағы ағаштардың жасы 40-50 жылдан асып отыр. Оларды қайта құру, қалпына келтіру ісі қыруар жұмыс пен қаржыны қажет етеді. Көп жылдардан бері аталған нысандарға ерекше мәртебе беру мәселесін көтеріп жүрміз. Жәнібек стационарының 228 гектарлық ресейлік бөлігі 1994 жылдан бастап федералдық маңыздағы табиғат ескерткіші ретінде қамқорлыққа алынған.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың баста­ма­шылдығымен жасыл белдеулерді мо­лайту қозғалысы республикамызды тұтас қамтып жатыр. Мұнда біз көшет тұқым­дарын ұсынып қана қоймай, оны отыр­ғызу мен баптау әдістемелерін ұсынып отырмыз. Негізгі тапсырыс берушілеріміз республикалық орман және аңшылық шаруашылығы комитеті, “Астаназелен­строй” АҚ, “Астана орманы” мемлекеттік кә­сіпорны, “Көкшетау” мемлекеттік таби­ғат бағы және басқалар. Елдігіміздің сим­волына айналған Бәйтерек гүлдесе, бұл жақсылықтың, берекенің белгісі. Жалпы қала мен елді мекендер аумағының 20-25 пайызын жасыл желекпен көмкеру мақсаты өркениеттігімізге өріс ашады. Осы ретте орманшылар мен халықтың мүддесі біріктіріліп отырғандығы ғанибет. Бір мысалды үлгі етейін. Ақан сері атын­дағы орман шаруашылығы (Солтүстік Қазақстан облысы) Жаңасу ауылының тұрғындарымен келісім-шартқа отырып, 900 гектар орман алқабы ортақ күтімге алынды. Байқағанымыз, үш-төрт жылдан бері бей-берекет ағаш кесу, ең бастысы, өрт шыққан жоқ. Өзгелер де екі жақты тиімділігі бар осындай әрекетке барғанын қалаймыз.

Арал аймағына қатысты ұсыныстары­мыз, ғылыми тұжырымдамаларымыз мамандар тарапынан кеңінен қолдау тапты. Теңіздің құрғаған табанына жыл сайын 2 мың гектарға сексеуіл егілуде. Осындағы 400 гектарлық 26 тәжірибелік нысандарымыз игі істерге жол ашты деуге тиіспін. Осындағы жұмыстардың басы-қасында жүрген орталық дирек­торының орынбасары В.С.Кавериннің бақылау есептеріне қарағанда, тәжі­рибелік нысандағы өскіндер топы­рақты құнарландыру қасиетінен тысқары, шаңды желдің жылдамдығын 3,8 есеге дейін азайтып отыр. Бұған Техни­ка­лық ынтымақтастық жөніндегі гер­мандық қоғам (GTZ) қызығу­шылық танытуда. Олар былтырдан бері теңіз табанындағы 1000 гектарлық алқапқа қара сексеуіл отырғызып, 30 гектар ауқымдағы питомник жасауда.

– Болат Мәжитұлы, сізге Бүкіл­ресейлік ғылыми кеңестің шешімімен А.В.Альбенский атындағы медальдің тапсырылуымен құттықтаймыз. Бұл марапат іргелі ізденістеріңізге ғана емес, еліміздің ғылыми әлеуетіне де берілген баға болса керек.

– Республика Президенті Н.Ә.На­зарбаевтың биылғы Жолдауында еліміздің әлемнің барынша дамыған 50 елінің қатарына қосылу тапсырмасы қойылды. Халық шаруашылығының Тәуелсіз жылдарындағы бүкіл қызметі мен тәжірибесі осынау тарихи мә­лімдеуге негіз болды. Бұл орайда ғылым, оның ішінде біздің саламыз да алда жүруі қажет. Орталықтың көп­теген зерттеулері халықаралық дең­гейдегі соны жаңалықтармен өзектес атқарылуда. Оған сегіз бірдей өнер­тапқыштық куәлікті иеленуіміз дәлел. Қарағайдың жаңа екі тұқымына қа­тысты материалдарымыз Ұлттық зияткерлік меншік институтының (НИИС) қарауына жіберіліп, пәтер алу жөніндегі өтінішіміз оң шешім тапты. Таяу және шалғай шетелдердің жетек­ші ғылыми ордаларымен халықаралық байланысымыз жанданып келеді. Негізгі әріптестеріміз ресейдің Ормантану институты, Бүкілресейлік агроорман мелиорациясы ҒЗИ, Бүкілресейлік орман шаруашылығы және механизация ҒЗИ, Орынбор және Алтай аграрлық университеттері, Орал орман техникалық академиясы, Өзбекстан мен Қырғызстан ғалымдары болып отыр. Сондай-ақ, Германия, АҚШ, Ұлыбритания, тағы басқа мемлекеттер тарапынан ынтымақты байланыстар қалыптасып келеді.

Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың көмегімен ғылыми ізденістер ауқымын кеңейтуге, материалдық-техникалық базамызды нығайтуға, заманалық кадр құрамын толықтыруға мүмкіндіктер тудырылды. Орталық мемлекеттік лицензия бойынша білім береді. Қазір бізде 8 аспирант оқып жүрсе, оның екеуі күндізгі бөлімде дәріс алады. Орталық ғалымдарының араласуымен С.Сей­фуллин атындағы Қазақ мемлекеттік агротехникалық университеті Щучье қаласында өзінің филиалын ашты. Талантты жастарды ғылыми ізденіс­терге тарту мақсаты да орындалатын күн жақын деп сенемін.

– Әңгімеңізге рахмет.



Авторы: Әңгімелескен Бақберген АМАЛБЕК.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат