Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-12-21:

ЕЖЕЛГІ КӨРШІ, ЕТЕНЕ ЕЛ

 

Қытаймен  ХХІ ғасырдағы ынтымақтастық стратегиясына қол қойылды

Тәуелсіздіктің 15 жылдық торқалы тойынан кейін, яғни 19 желтоқсан, сейсенбі күні түс ауа Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шығыстағы ұлы көршіміз Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен келді. Кеше Елбасы ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаомен кездесіп, тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге негіз қалайтын бірқатар құжаттарға қол қойды.

 

 

Ғасыр төрінде төрткүл дү­ние­ге өзін алпауыт ел ретінде таныта ал­ған Аспан асты елімен қазіргі уа­қытта әлемнің қай мемлекеті бол­ма­сын тығыз қарым-қатынас ор­нат­қысы келетіні анық. Осын­дайда ресми Пекин дүниенің түкпір-түкпірінен алма-кезек келіп жататын талай саясаткер­лер­ді келісілген кесте бойынша тігісі жатқызылған дипломатия­лық кездесулер шең­бе­рін­де шы­ға­рып салуды дәстүрге айнал­дыр­ған. Бұл орайда еларалық сая­са­тын ежелден екшеп-елеп оты­ратын қоңсымыздың қозыкөш жер­де тұрған тұрлаулы страте­гиялық әріптесі Қазақстанға, соның ішінде тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Прези­денті­не деген ықы­ласы ерекше. Айталық, ал­дын ала жасалған келі­сімдер бой­ынша ресми кездесулер кешеге, яғни 20 желтоқсанға бекі­тіл­геніне қарамастан, сейсенбі күні кеш­кісін Пекинге келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты ҚХР Төр­аға­сы Ху Цзиньтао арнайы қонақ­асыға шақырды. Етене көршілердің ежелгі дәстүріндей достық пейілдің кең дастарханы жайылды.

Ежелгі дәстүр демекші, Шы­ғыс­тың көне де көсегесі көгерген мем­лекеті — Қытаймен еліміздің ара­сын­дағы қарым-қатынас тарихы­ның тамыры да тереңде жатқаны ақиқат. Тылсым тарихқа көз сал­сақ, осы дәуірдің басын­дағы Хань әулеті мен біздің ата-бабаларымыз — ғұндардың ара­ласуы, VІ ғасырда Қытайдың солтүстігіндегі Вэй, Чжоу, Ци және Суй пат­ша­лық­тары­мен ық­палдасқанымыз көне шежіреден белгілі. Табғаш Таң пат­­ша­лығы­ның дүниеге келуі, даму­дың шыр­қау шыңына жетуі, одан кейінгі басынан кешірген қилы тағдыры да біздің тарихымызға, қарым-қатынасымызға тікелей қатысты, ал оның бер жағында Юань әулеті кезеңінде көшпен­ді­лер Қытаймен дипломатиялық қарым-қатынаста болғаны да мә­лім. Сондай-ақ біздің дәуірімізге дейінгі XXІ — XVІ ғасырлардағы Ся пат­ша­лығы, “Үш патшалық” кезеңін­дегі жылнамаларда көш­пен­ді ба­ба­ларымыз бен Қытай секілді көне отырықшы елдің сол кез­дегі бай­ла­ныстары мен өмір-тіршілігі жай­ын­да толық мағлұ­маттар келтірілген. 

 

Енді осы заманғы өзара бай­ла­ныс­тарға ойыссақ, Қазақстан мен Қытай 1992 жылғы қаңтар­дан дип­ло­матиялық қарым-қатынас орнат­қан­нан бері өз экономикаларының дамуында айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп келеді. Екі ел бір-бірі­не етене жақындай түсіп, бүгін­ге дейін келісімдік-құқықтық қа­рым-қатынастарға негіз қа­лайтын 140-қа жуық екіжақты құжаттарға қол қойылды. 2002 жылдың желтоқсан айында Қа­зақстан мен Қытай арасындағы Тату көр­ші­лік, достық және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды, бұл екіжақты қа­тынастарды әрі қарай дамы­ту­дың тарихи іргетасына айналды. Кезінде Кеңестер Ода­ғымен ара­дағы бірде суып, бірде жылып тұратын са­н-а­луан ше­кара­аралық байланыстар Қазақ­стан дербес ел атанғаннан кейін бір ретке келтірілді. 90-жыл­дар­дың басынан бері шекара бой­ын­дағы әскери қосындар азай­ты­лып, шекаралық аймақтарда өзара сенім ахуалы орнады. Одақ кезінде тарқатылмаған түйін күйінде қалған мем­ле­кеттік шекара нақты бел­гіленді.

Екі ел арасындағы эконо­ми­калық ынтымақтастық нығай­ты­лып, өзара сауда-саттық жыл өткен сайын өсіп келеді. Жалпы алғанда, екі елдің арасындағы тауар айна­лымы көрсеткішін алдағы уақытта 10 миллиард долларға жеткізу қа­рас­тырылған. Осындай жоғары қар­қын сақтала берсе, болашақта Қытай еліміздің саудадағы негізгі серіктестерінің біріне айналмақ. Екі елдің шекаралық аймақтары ара­сын­дағы қатынастардың нығаюы­на, өзара алмасудың, барыс-келіс­тің, мәдени-гуманитарлық, ғылы­ми-техникалық және басқа сала­лар­дағы байланыстардың одан әрі дамуына толық негіз қаланған. Қа­зақстанның Алматы облысы және Шыңжаң арасында, оның ішінде Іле-Қазақ автономиялы облысымен бұған дейін құрған тығыз байла­ныстар нақты дәлел бола алмақ.

Былтырғы жылы құрылысы аяқ­талып, алтын арнаға айналған Атасу-Алашаңқай бірлескен құбы­ры, Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы аясындағы өзара сенім­ді­лік, тең­дік, бір-бірінің мүдделері мен пі­кірлеріне деген құрметке құрыл­ған өзара түсіністік, тағы­сын та­ғы­лар қос көрші арасын­дағы ынтымақтастық ауқымы­ның аясы кең екенін айқындай түседі. Сон­дай-ақ Қытай Қа­зақстанның Бүкіл­әлемдік сауда ұйымына кіруі тура­лы екіжақты келісімін аяқтаған бесінші ел саналады.

Елбасы кеше Қытайдағы мем­ле­кеттік сапары аясында әуелі Пе­кин­ді жоспарлау жөніндегі аста­на­лық мұражай және көрме орталы­ғын аралап көрді. Қытай­ша Бейжің аталатын бас қала сонау біздің дәуі­рімізге дейінгі 770-жылдары билік құрған батыс Чжоу әулеті тұсынан бері шаһар мәртебесін иеленіп, ол кезде Цзи атанған екен. Цзи елдің солтүстік өңіріндегі стратегиялық маңызды әрі сауда орталығы ре­тінде мың жылдан астам сақталып келді. Ал X ғасырдың басында қала Яньц­зин деген атпен Ляо әулетінің екінші астанасына айналған. Қазіргі Пекиннің тұрғындар саны шамамен 15 миллион адамды құрай­ды. Сондықтан да мұражай келушілерді Қытай астанасының терең тарихымен сусындатып, оның қазіргі заманғы бірегей сәу­леттік жаңа жобаларымен егжей-тегжейлі таныстыру үшін са­лын­ған. Қытай астанасы мұражайы­ның ғимараты биылғы жылдың 18 ма­мы­рында ашылған. Биіктігі 40 метрлік, жеті қабаттан тұратын нысанның жалпы алаңы 24800 шаршы метр. Құны 125 миллион АҚШ долларын құрайды.

Нұрсұлтан Назарбаев мұра­жай­­ды аралап көргеннен кейін көрме орталығындағы экспонат­тар­мен та­ныс­ты. Төрт қабаттан тұ­ратын атал­ған орталықтың жал­пы алаңы 16 мың шаршы метрді құрайды, соның 8 мың шаршы метріне тү­гелдей экспо­нат­тар қойылған. Көз­бен көр­ге­німізді сөзбен жеткізсек, орта­лықтың бірінші қабатына “Пекин бұғазы” атты қоладан жа­салған жарты шар пішініндегі ма­кет ор­натылған, онда жан-жа­ғын­дағы алып таулардың ортасындағы жазық далада орын тепкен қала кескіні бедерленіпті. Ал екінші қа­батқа көрме залы мен қала аудан­дары мен округтерінің жос­па­­ры кескінделсе, үшінші қабатта шаһардың ежелгі карталары, Хань әулеті билеген тұстағы шағын елді мекеннің еңселене келе ел орта­лы­ғына айналуы ай­шық­талады. Соны­мен қатар төр­тінші қабатта ор­на­лас­қан экран арқылы Пекиннің 850 жылдық тарихы он минөттік фильм аясында көрсетілді. Пре­зидент көрме залында 2008 жылы Пекинде өтетін қысқы Олимпия ойындарына арнайы салынып жатқан нысандар жобаларын көріп, орталықтағы ізгі тілектер кітабына қолтаңбасын қалдырды.

Қазақстан басшысы кеше, сәр­­сенбі күні түстен кейін Қы­тай­ға мемлекеттік сапары ая­сын­да ҚХР Төрағасы Ху Цзинь­тао­мен кездесті. Қытай Халық жи­налысы үйінде Елбасын сал­танатты сапқа тұрған қарауыл қарсы алып, екі елдің ән­ұран­дары орындалды. Салтанатты қабылдау рәсімінен кейін екі ел басшылары екеуара және кеңей­тіл­ген құрамда кездесулер өт­кізді. Екеу­ара кездесу бары­сында мем­ле­кет басшылары өзара байла­ныс­тар өзегін арада­ғы мәңгілік достық бекітіп жат­қанын және қарым-қа­тынастар деңгейі жоға­ры сатыға көтеріл­генін айтты.

Содан кейін кеңейтілген құ­рам­да өткен келіссөздер кезінде екі­жақ­ты сауда-экономикалық, мәде­ни-гуманитарлық, энер­гетика, ғы­лыми-зерттеу сала­лары бойынша байланыстар, сондай-ақ шекара­ара­лық ын­ты­мақ­тастыққа қатысты кең ауқымдағы мәсе­лелер талқы­ланды. Тараптар өзара байла­ныс­тар мен стра­тегиялық әріп­тестікті нығай­ту­ға деген екі­жақ­ты ықылас-ниеттің зор екенін атап көрсетті.

Ху Цзиньтао екі ел арасында­ғы дипломатиялық қарым-қа­тынас­тың орнағанына он бес жыл толар тұста Қазақстан бас­шы­сын өз жерінде қарсы алға­нына қуанышты екенін атап айтты. Сіз біздің үлкен досы­мызсыз. Қытай халқы Сізді жақсы та­ниды және құрметтейді. Біз Сіз­дің еліңізбен арадағы қарым-қа­ты­насты дамытуға ұдайы көңіл бөліп, барлық сала­дағы ынтымақтастықты кеңейтуге белсенді атсалысып келе жат­қаныңызды жоғары бағалаймыз, деді Қытай Төрағасы. Өз кезе­гінде Елбасы меймандос қытай жеріне тағы қадам басып отыр­ғаны зор қа­нағат сезімін тудыра­тынына, әрі бұл кездесу страте­гиялық әріп­тес­тік­ті бекіткеннен кейінгі бірінші кез­десу екеніне тоқталды. Сондай-ақ Қытай Қа­зақстанның сыртқы саясатының басым бағыты болып табылаты­нын және орныққан осы тығыз байланыстарды бағалай отырып, мақтан тұтатынымызды атап көрсетті.

Кездесулер қорытындысында екіжақты он құжатқа қол қойыл­ды. Қазақстан басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев пен Қытай Төрағасы Ху Цзиньтао Қазақстан мен Қытай ара­сындағы ХХІ ға­сырдағы ынты­мақ­тастық страте­гия­сына және Екі­жақты ынты­мақ­тастықты дамыту­дың тұжы­рым­дамасына қол қойды. Бұдан кейін қос мемлекет басшы­лары­ның қатысуымен екі елдің тиіс­ті салалық министрлік басшы­ла­ры Қазақстан-Қытай шекара­сын­дағы ынтымақтастық режімі туралы келісімге, Білім, ғылыми дәре­же­лер мен ғылыми атақтарды өзара мой­ын­дау және эквиваленттеу, Қазақ­стан-Қытай шекарасы арқылы тұрба құбыры көлігімен өтетін энер­гия ресурстарына кедендік бақылау жасау туралы, Мұрағат ісі саласындағы ынты­мақ­тастық ту­ралы, Негізгі трансшекаралық өзен­­дердің шекаралық су бекеттері жөніндегі гидрологиялық өзара ақ­парат (мәліметтер) алмасу жөнін­дегі, трансшекаралық өзендерде ғылыми-зерттеу ынтымақ­тас­ты­ғын дамыту туралы үкіметаралық келі­сім­дерге қол қойды. Тараптар со­ны­мен қатар 2005 жылғы 4 шіл­дедегі “Қорғас” шекаралық ынты­мақ­тас­тықтың халықаралық орта­лы­ғының қызметін реттеу жөнін­дегі үкіметаралық келісімге өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізіп, Қа­зақстан мен Қытай темір жолдарын Қорғас (Қазақ­стан) және Хоргос (Қытай) ар­қылы жалғау жөніндегі меморан­думға қол қойды.

Көршілес мемлекеттер тату-тәтті өмір сүрген кезде ғана бе­реке орнап, әлеуметтік-эконо­микалық, мәдени-гуманитарлық қатынастар арқылы қосымша саяси және мәдени әлеует пен бай қазына көзі ашылатыны ежел­ден мәлім. Қазақ­стан бас­шысының Қытайға мем­лекеттік сапары бүгін одан әрі жал­ғасып, Елбасы Пекиндегі Қоғам­дық ғылымдар академия­сында ға­лым­дармен жүздеспек. Сондай-ақ осы күні Қазақстан бас­шысының Бүкілқытайлық халық өкілдері жи­на­лысының төрағасы У Бан­гомен және ҚХР Мем­лекеттік кеңесінің Премьері Вэнь Цзя­бо­мен кез­де­су­лері жос­парланған.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай еліне мемлекеттік сапары одан әрі Гонконг және Макао қалаларында жал­ғасады деп күтілуде. Бұл жө­нін­де алдағы репортаждарымызда әң­гімелейтін боламыз.



Авторы: Қуат БОРАШ – Пекиннен.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат