Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-12-21:

МЕМЛЕКЕТІМІЗДІҢ ЖАҢА БЕЛЕСТЕГІ АЙҚЫН ТҰЖЫРЫМЫ

 

Қазір біз тарихи кезеңді бастан өткеріп жатырмыз. Ел тәуелсіз­ді­гі­нің талабы мен талғамы қоғамы­мыз­дың сан саласына өз әсерін ти­гізіп отыр. Осы ретте Қазақ­стан­ның білім мен ғылым саласы да тарихи кезең жауапкершілігін жақ­сы сезінеді. Бұл жөнінде үстіміздегі жылы 26 мамырда ЕҰУ-де Қазақ­стан студенттеріне арнап оқыған “Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы – білім эконо­ми­касына” атты тарихи дәрісінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: “Бү­гінгі алдымызда тұрған міндет­терді терең түсіну үшін қазіргі жаһандық әлемнің мәні неде деген сұраққа жауап беруіміз керек”, деп атап көрсетті. Расында да еліміздің ендігі дамуын жаһандық дамумен са­лыстыра байыптау, немесе үй­лес­тіре өркендету мемлекетіміздің ба­сым бағыттарының қатарына кіреді.

Ел тәуелсіздігінің 15 жылдығы қар­саңында жарық көрген Пре­зи­дент Н.Ә.Назарбаевтың “Қазақстан жолы” атты кітабы осы мәселені жаңа қырынан қарастыруға мүм­кін­дік береді.

Елбасы осы еңбегінде: “Қа­зақ­стан жолы тек экономикалық мо­дель­ді таңдау­мен ғана шектелмеді. Бұл орайда консти­туциялық ере­же­лерді, сондай-ақ саяси инфрақұ­ры­лым­ды, дінаралық қарым-қаты­нас­ты қамтитын саяси модельді де таң­дадық. Қазіргі әлемде Қазақ­стан­ның осы жолы халықаралық тұрғыда лайықты баға­сын алып отыр”, – деп жазғандай, бүгінде еліміздің жаңа бағдары айқындала түсті.

Президент Н.Ә.Назарбаев үсті­міз­дегі жылғы халыққа Жол­дауын­да әлемнің бәсекеге барынша қа­бі­летті 50 елінің қатарына кіру мін­детін қойды. Айтылған меже отан­дық жоо жүйесін бәсекелестік пен біліктілік сынына даярлап отыр. Елбасы тұжырымы – жалпы жо­ға­ры мектепке, соның ішінде Пре­зи­дент өзі негізін қалаған Еуразия ұлттық университетіне қашанда темірқазық.

Президент кітабындағы: “Бәсе­кеге қабілетті ұлт деп – оның әрбір өкілінің бәсекеге қабілеттілігін, даярл­ық деңгейін, білімдік және дара­лық даму дәрежесін айтамыз”, делінген жолдардың мән-мағы­на­сы, сөз жоқ, мемлекеттік бағыты­мыз­­дың негізгі арнасымен ұшта­сады. Елбасы айқындаған жедел жаңару жолы елдікті ойлаған отандастарымыздан жаңа әрі серпінді ізденістерді талап етеді.

“Қазақстан жолы” кітабында автор “Қазақстан-2030” Стратегиясын қайта бір сараптап, мемлекетіміз үшін маңызды құндылықтарды айқындайды. Осы орайда “Қазақ­стан-2030” Стратегиясының негі­зін­дегі қағидаттар біздің алдағы жос­­пар­ларымыздың ұдайы бағда­рын анықтайды және өзінің көкей­кестілігін жоғалтпайды”, – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Мемлекетіміздің сындарлы сая­сатын толық қолдайтын Қазақстан жоғары мектебі даму жолында еш­қа­шан тоқыраған емес. Әрине, қо­ғам мен уақыттың 90-жылдардағы қиындығы оған өз ізін салды. Сөй­те тұра, осы саланың жалпы жү­ріп өткен жолы, бейнелеп айтқанда, оқуға шөлдеп, тоқтаусыз білім ізде­ген жас азаматтың үздіксіз жетіл­геніндей, аз білімін табандылықпен әрі тез, әрі көп етіп толтырғанын­дай елестейді.

Уақыт – бәріне сыншы. Сон­дықтан бүгінгі отандық 175 жоо-ны қатаң бәсекелестіктің алдындағы 175 талап, 175 ізденіс деп қараған орынды. Бұл ретте біз Білім және ғылым министрлігіне және университеттерге қарайтын ғылыми-зерттеу институттарының еңбегін де қазіргі еліміздің инновациялық дамуынан бөлек қарай алмаймыз.

Білім айдыны – қауқарлының айдыны, талап пен ізденістің айдыны. Сол себепті Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың: “Меніңше, мемлекеттің бәсекеге қабілетті­лігі оның әрбір азаматқа бәсекеге қабілетті жағ­дай туғызуымен ерекшеленеді. Австрия экономисі Иозеф Шумпетер айтқандай, іс­кер адам тек басқармайды, ол басқару мә­селесінде жаңа, қайталанбайтын шешімдер табады. Іскер адамның барлық ісі ин­но­вацияға сәйкестенеді және ол экономи­ка­лық тәуекелшілдікті мойнына алады. Мен қазақстандықтарды осындай өреде көргім келеді. Отандастарым жаңаға талпынса, экспериментке, жасампаздыққа ұмтылса, ең бастысы, тәуекелшілдік пен жау­апкершілікті мойнына алса деп ой­лай­мын” деген сөзі отандық жоо-ларды жа­һандық білімнің нартәуекеліне жетелейді.

Жаһандық маңызға ие сапалы білім – қал­талылар ғана қол жеткізетін білім емес, мәдениет пен ғылымның, жалпы­адам­зат­тық сенім мен дәстүрдің біте қайнауынан өрбіп жататын өсу мен өркендеуді қалаған таңдаулы білім жиынтығы. Бұл – Елба­сымыз көрсеткен білім экономикасының кілті. Ол – көшіре салатын форма да емес, ол маңдай термен табатын, іші де асыл, сырты да асыл мазмұн. Сондықтан Елбасы Қазақстан білімінің бәсекеге қабілетті болуын, иннновация мен оқу-білімнің білім экономикасына қатыстылығын тікелей сапамен байланыстырады.

Сапа тәжірибе мен үлгілі білімнің ар­қа­сында келеді. Қазақстанның жоғары мек­тебінде тәжірибе жоқ деп айта алмаймыз. Оның 86 жылдан астам тарихы үзіліссіз ізденіс пен еңбектің болғанын дәлелдейді. Сонымен қатар, үлгілі білімнен де құ­р­ала­қан қалмадық. Әлемнің алдыңғы қатарын­дағы кеңестік іргелі ғылымдардың бір пұш­пағы Қазақстанмен байланысты болды. Алай­да, дүниежүзілік технология, жараты­лыс­тану-техника ғылымы, қолдан­ба­лы ғы­лым бізден көш бойы озып кетті. Ке­ңестің әскери кешенге бағытталған ғы­лым-білімі ағымдағы, тұрмыстағы тірші­лік­тің мың сан қалтарыс-бұлтарысына жарамай қалды.

Міне, еліміз тәуелсіздік алғалы бері Батыс пен Шығысты қатар шолып, жо­ғы­мызды тауып, кемімізді толтырып жатқан жайы­мыз бар. Мысалы, осы аяда Нұрсұл­тан Әбішұлы көтерген Еуразия одағы идея­сына на­зар салайықшы. 1994 жылы М.В.Ло­­мо­но­сов атындағы Мәскеу мемле­кеттік уни­вер­ситеті шаңырағында айтылған Елба­сы­мыздың осы тұжырымдамасы ке­ңес­тен кейінгі кеңістіктің екінші тынысын ашты. Ай­мақ­тағы, шектес елдердегі дағда­рыс­тар бітім­герлік пен меймандостыққа орын беріп, мемлекеттер тәуелсіздігі құр­метте­летін саяси-экономикалық, мәдени қарым-қатынастың жаңа кезеңі басталды. Пре­зидент Н.Назарбаевтың жаңа тұжы­рым­дамасы білім мен ғылымға да ерекше серпін әкелді. Бұл серпіннің жарқын көрінісі – биыл 10 жылдық мерейтойын табыспен атап өтіп отырған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті.

Университетіміздің Елбасы айқындап берген негізгі мақсаты – Қазақстанның жаңа кезеңдегі сұранымын қанағаттан­дыра­тын жоғары білікті, биік парасатты маман даярлау, дүниежүзілік ықпалдастық үдерісінде мемлекетіміздің мүддесін лайықты көрсету, Еуразия және әлем құндылықтарын зерделей отырып даму. Осы бағытта біз “Қазақстан-2030” Страте­гиясы мен “Қазақстан Республикасында 2015 жылға дейін білім беруді дамыту тұ­жы­рымдамасын” басшылыққа ала отырып, “Қазақстан Республикасында элиталық университеттік білім беру тұжырымдама­сы­ның (2005-2015)” жобасын даярлап, мемлекет пен үкімет басшылығына ұсын­дық. Мұнда Еуразия ұлттық универси­тетінің мамандары отандық тәжірибе мен әлемдік тәжірибені оңтайлы ұштастыруды көздейді және Қазақстан білімінің болашақ таңдаулы бағдарын анықтайды. Елбасының жаңашыл PhD докторларын даярлау жө­ніндегі тапсырмасын ЕҰУ жауапкерші­лікпен орындай бастады. Мысалы, 2006 жылы Әйгерім Қалабай есімді ізденушіміз математика саласынан Швецияда мерзімі­нен бұрын докторлық диссертация қорғады.

Бүгінде өркениетті негіздегі әлем тәжі­рибесін игеру – отандық білім саясатының басым бағыты болып қала бермек. Бұл мәселе Президентіміздің биылғы Жолдау­ын­да да айтылды. Қолымыздағы “Қазақ­стан жолы“ кітабынан да аталған бағыттың жаңа міндеттері туралы ой-тұжырымдарды байқаймыз. Осы ретте соңғы жылдары Еуразия ұлттық университеті әлемнің 70-тен аса жоғары оқу орындарымен білім және ғылым саласында іскерлік байланыс орнату келісім-шартына қол қойғаны бізге мол мүмкіндік береді деп ойлаймыз.

Мысалы, 2004 жылы біз Еуропалық жоғары оқу орындары ассоциациясына қабылдандық. Сондай-ақ осы мезгілде Ха­лық­аралық университеттер ассоциациясына да мүше болдық. Бұл, әрине, Еуразия университетіне үлкен міндет жүктейді. Осыны ескеріп таяуда халықаралық аккредитациядан өтуді жоспарлап отырмыз. Қазір ИСО-9001 сапа менеджменті жүйесін тиісінше игердік дей аламыз.

Қазақстанға ресми сапармен келген шет­елдік жоғары мәртебелі мемлекет, үкі­мет, парламент басшылары, халық­аралық беделді ұйымдардың жетекшілері хаттамаға сәйкес Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-ге со­ғады. Университетіміздің оқытушы-про­фес­­сор қауымымен кездесіп, олардың ал­дын­да дәріс оқиды. Ретінде қарап осы оқу орнының құрметті профессоры дәрежесін алып та жатады. Ал енді осы жағдай екі жақ­ты университеттік байланыстарға тіке­лей жол ашады. Мұның қазіргі заманға сай іскерлік те, жарнамалық та қуаты айрықша.

“Қазақстан жолы”  кітабының қоғамы­мызға тигізер пайдасы ретінде мұнда соңғы жылдардағы қол жеткізген табыстары­мыздың негізі мен мән-мағынасын орнықты түсіндіріп беретіндігін айтуға болады. Әсіресе, еңбекте тәуелсіздіктің тарихи орны, заңдық-құқықтық іргетастың қалыптасуы, экономикалық жетістіктердің жүйелілігі, әлемдік бәсекедегі Қазақстан жолы жан-жақты байыпталады.

Президенттің саяси-экономикалық са­ра­птамалық жаңа туындысындағы: “Қоға­мы­мыз бірте-бірте білімге негізделген жаңа тұрпатқа ауысып келеді” деген ой-тұжы­рым – біз үшін табыстың дәлелі ғана емес, жауапкершіліктің де үлкені деп білеміз.

Еңбектің алғысөзінде де, қорытын­ды­сын­да да автор бұл еңбектің жастарға ар­нал­ғанын атап айтқан екен. Соған орай, кітап­пен студенттерді танысуына жағдай туғызып, өз әсерлерін қағазға түсіруді тап­сырған болатынбыз. Сол пікірлерді назарға ұсына отырып, алдағы кезде “Қазақстан жолы” кітабы бойынша арнаулы лекция­лар, дөңгелек үстелдер, оқырмандар конфе­ренциясы өтетінін айтқым келеді.

 

Жастарға арналған кітап — жастар көзімен

 

Тәуелсіз экономиканың бастауы

 

Ұлан ОРАЗТАЕВ, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің 5-курс студенті.

Мен тәуелсіз еліміздің экономикалық тарихына байланысты шыққан кітаптарды қалт жібермей, қадағалап отырамын. Осы тұрғыда таяуда ғана қолыма тиген Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың “Қазақстан жолы” кітабы менің білім көкжиегімді кеңейте түскенін айтқым келеді.

Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары біз мектеп жасында едік. Көп мәселеге байыпты көз жібере қоймайтынбыз. Енді Елбасының кітабынан аңғарғаным, Қазақстан үшін өткен ғасырдың соңғы он жылдығы қиын-қыстауға толы болған екен. 1989-1990 жылдары Қарағанды, Шахтинск, Саран, Абай қалаларында кеншілердің ереуілі болыпты. Оның басты себебі, кеншілерге еңбекақы дер кезінде төленбеген. Тек кеншілер ғана емес, осы жылдары елдің экономикасы күрделі дағдарысты бастан өткереді. Дүкен сөрелері босап, адамдар айлап еңбекақыларын ала алмай, өндірістер бірінен соң бірі тоқтап, Қазақстанда ақша қорының жетіспеушілігі өткір байқала бастайды. Қазақстан экономикасы үшін 1993 жыл ең қиын жыл болған екен. Бұл уақытта Қазақстан өз алдына тәуелсіз мемлекет болғанымен, Ресейдің рубліне тәуелді еді. Ресейдің үкіметі Қазақстанға нақты ақшаны жеткілікті бөлмей, кешіктіре береді. Елбасының “Қазақстан жолы” кітабында айтылғандай, көктемге қарай біздің елімізге ақша келу мүлдем тоқтатылады. Сөйтсек, қиындықты алдын-ала болжаған Қазақстан басшылығы теңге ендіру жөнінде шұғыл жоспар қабылдаған екен. Бұл жағдайларды сол кезде билік басында жүргендер болмаса, көп адамдар біле бермейді. Сондықтан да сол кездегі қиын-қыстау жағдайға байланысты анық-қанық мәселелерді білгісі келген адам, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың “Қазақстан жолы” кітабын оқыса, көп жәйтке қанық болар еді.

Қазақстандық теңгенің жарық көруінің бастауы осында жатыр. 1993 жылдың 15 қарашасында Қазақстан аумағында өзінің валютасы – теңге енгізілді. Сондықтан да теңге тәуелсіздігіміздің ең басты кепілі ретінде бағалануы тиіс. Сондай-ақ теңге – тәуелсіз экономикамыздың бастауы да.

 

Он бес жылдың шежіресі

 

Индира ӘЛІМБАЕВА, заң факультетінің 4-курс студенті.

Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев “Қа­зақстан жолы” атты кіта­бында “Тәуелсіз мемлекет құрылысының іргетасы – біздің ашық демократия­лық қоғам құру мақсаты­мыздың ұстанымдары қамтылған Конс­титуция болуы керек”, – деп орынды атап өткен.

ҚР Конституциясының мазмұ­ны әлеу­меттік-тарихи прогрестің алғышарттарын қалыптастыруға қызмет ететін нақты мақсаттарды көздейді. Әлеуметтік және саяси өмірдің шарттарымен сәйкес келетін Конституцияның ғана қызметі баянды болатынында дау жоқ. Бұлай болмағанда Конституция қоғамның даму қарқынын жедел­дету орнына, кері тартуы мүмкін. Әрине, Конституцияның сипатын болашақтың көркем бейнесін суреттеп берумен шектеуге бол­май­ды, мұнда бүгінгі күннің қажет­тілік­тері мен ертеңгі күнге дұрыс қадам жасаудың ба­ғыт­тары қамтылуы керек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан үшін оның болашағына кепілдік беретін осындай сипаттағы Конституция қажет болатын.

Мұндай деңгейдегі Конституцияны қабыл­дарда көптеген күрделі мәселелермен байла­нысты еліміздің көреген ойлы азаматтарының алдында ұзақ әрі ауыр жұмыстар тұрды. Осы уақыттағы мемлекеттік ізденістер туралы “Қазақстан жолы” кіта­бында жан-жақты баяндалған.

Осындай жауапты жұмыстарды жүзеге асыру барысында Нұрсұлтан Әбішұлы өткен күндердің қасаң қағидаларынан бас тартыпты. Елдің болашақ әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы оның көптеген ой-тұжырымдары сол кездегі қазақстандық саяси элитамен бір тоқтамға келе алмаған тұстар аз болмаған екен. Кітапта тәуелсіз даму конституцияларының қабылдану тарихы қызықты баяндалыпты. Солардың ішінде Елбасының қазіргі қолданыстағы Конституцияға көп үміт артқаны байқалады. Кітапты оқып, өмірім­нің кепілі болып табылатын Конс­ти­туциямның қалай әзірленіп, қа­лай қабылданғанын білетін болдым.

Сол кезде Конституцияны қа­былдау Қазақстан халқы үшін та­ри­хи оқиға болды. Конституция бір партиялық басқарудан, монополия­лық экономикалық жүйеден, тарихи күштеу идеологиясынан бас тарту арқылы белгілі дәрежеде қоғамның ілгерілеуіне үлкен кеңіс­тік ашты. Сонымен қатар, Негізгі Заңның республикамызды әлемдік мемлекеттер қауымдастығында жаңа тәуелсіз мемлекет ретінде танылуы­на мүмкіндік бергенін атап айтпауға болмайды. Бұл жөнінде “Қазақстан жолы” кітабы терең түсінік бере алады.

Президенттің белсенді түрде ат­салысуымен дайындалған ҚР Конс­титуциясы еліміздің дамуы үшін аса қажетті көптеген мәселе­лерді ше­шу­ге арналған заңдар дайындауға мүм­кіндік берді. Қазіргі кезде елі­міз­дің экономи­ка­лық және рухани-мәдени қарқын­ды дамуы оның маз­мұнында қамтылған тұжырым­дар­дың жемісі болып табылады.

 

Өмір оқулығы

 

Рауан РАХЫМБЕКОВА, халықаралық қатынастар факультетінің 2-курс студенті.

Арнайы әдебиеттердің көптігіне байла­нысты бүгінде кітап өнім­де­рінің базарында байыпты еңбек­тер­ді іздеп жатамыз. Осы орайда Пре­зи­дент Н.Ә.Назарбаевтың “Қазақ­стан жолы” кітабы – танымы кең, тәуелсіз Қазақстанның өткені мен болашағы қызық­тыратын оқырман­ға ұсынылып отырған еңбектердің ішіндегі бірегейі. Өйткені, онда оқырмандардың назарын өзіне аударатын тағдыршешті мәселелер қамтылған.

Өмір сүру әрекеті жүйесін тал­дау кезінде “негіз қалаушы – ұй­ым­дастырушы – жандандырушы” секілді үш түрлі негізді басшы­лық­қа алғаны орынды. “Қазақстан жо­лы” кітабында республика эконо­микасының жаңа реформа­лық кезеңін сараптайтын, түсін­діре­тін ой-тұжы­рым­дар молынан берілген.

Автор біз үшін өмір оқу­лығы бо­ла­тын еңбе­гін­де елдегі жас кәсіпкер­лер­дің, шенеуніктердің және сая­сат­керлердің реформа кезінде қара­пай­ым азаматтармен бірігіп қоғамдық құндылықтарды қалыптастырғанын жан-жақты баяндайды.

Мұнда Қазақстан ұлттық қаржы жүйесінің қалыптасу мен даму барысын түсіндіретін ойлар ғана емес, сонымен қатар, Қазақстанның әлемдік жүйедегі қазіргі рөлін, халықаралық кеңістіктен лайықты орын алуы мен оған ену үдерісін қарастыратын тұжырымдар да ұсынылған. Кітапта сондай-ақ, Қазақстан экономикасының ілгерілеуіне қолайлы жағдай жасауға қажетті ұлттық қаржы жүйесі, оның базалық институттары, тетіктік ерекшеліктері де қамтылған.

Автор зерттеу нысанының бар­лық жаңа әдістемелік аспектілерін, ел экономикасының құбылысын бү­гінгі кезең аясында көрсетеді, жеке­леген идеялар мен әдістерді әлемдік тәжірибеге сүйеніп саралайды.

Өзіндік баяндау стилі экономи­ка саласының күрделі негіздерін тез әрі жеңіл қабылдауға мүмкіндік бе­ре­ді және күнделікті өмірде жиі кез­десіп тұратын көптеген қайшы­лық­тарды шешудің жолын алдымызға тартады.

Талдауда тек бұрынғы ұстаным­дар негізге алынбаған, сонымен қатар әлемдік экономикалық кеңіс­тікке республиканың ықпалдасуы мен әлемдік шаруашылықтың даму­ын­дағы жаңа үрдістер де басты на­зар­да ұсталынған. Еңбекті оқи оты­рып, біз әлеуметтік-экономикалық дамудың үлкен мәселелерін шешуде қоғам болып бірлесіп жұмыс істеудің қажеттігін ұғындық.

 

Бізге бағыт береді

 

Мұратжан ҚАЖҒАЛИЕВ, жаратылыстану-техникалық факультетінің 4-курс студенті.

Қазақстан тәуелсіздік алып, нарықтық экономикалық қатынастар қалыптаса бастағаннан кейін елдің әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсарту мақсатында оңтайлы қадамдар жасалғаны белгілі. Бұл ретте ТМД елдері арасында Қазақстан Республикасында жер қатынастарына байланысты мәселелер ойдағыдай шешілгендігін осы салаға тікелей қатысы бар мамандар кезінде баспасөзде кеңінен жазған болатын.

Тәуелсіз мемлекетімізде жер реформасы бірнеше кезеңдерден өтті. Оның ең соңғысы 2003 жылы қабылданған Жер кодексіне тікелей байланысты. Бұл заңдағы ең басты ерекшелік – ауылшаруашылық жерлеріне жеке меншік институтының енгізілуі дер едік.

Осы мәселені мен мектепте жүрген кезде-ақ үлкен қызығушылықпен қадағалаған болатынмын. Әрине, алғашқы уақытта жерге жеке меншік енгізілуін адамдардың көбі қабылдай қойған жоқ. Дегенмен, Қазақстан нарықтық қарым-қатынастарға қадам басып отырғандықтан, уақыт өткізбей, өндірістік салалармен бірге жерге жеке меншік енгізу өте қажет болған еді. Себебі, мұны шешпейінше, ауыл-селодағы құрылымдардың нарыққа көшуі екіталай болатын. Бірінші кезекте бұл – адамдардың жеке меншікке деген көзқарасын қалыптастыру мақсатындағы қадам еді. Әрине, алғашқы жылдары бұл мәселеге үлкен сақтықпен қарағандар да болғаны шындық. Сондықтан да олар үшін ауылшаруашылық жерін иемденудің басқа түрін таңдауға да ерік берілді. Мәселен, фермерлер мен кооперативтерге жаңа Жер кодексіне сәйкес, жер телімдерін 49 жылға жалға алуына мүмкіндік туды. Былайша айтқанда, Қазақстанда жерді жалға алу институты сақталды. Осының нәтижесінде тәуелсіз мемлекетімізде ауыл шаруашылығын өркендету бағытындағы жеке кәсіпкерлік те жаңа нарықтық экономикаға сай арнаға түсті. Бүгінде бұрынғы екі жарым мыңнан астам кеңшарлар мен ұжымшарлардың орнына 150.000 фермерлік шаруашылық, 3.700 шаруашылық серіктестігі мен акционерлік қоғам, 1.500 өндірістік кооператив жұмыс жасауда екен. Алдағы уақытта бұл құрылымдардың бәсекеге қабілетті өнімдер дайындауға мүмкіндігі болатыны айдан анық. Өйткені, егемен елімізде өнеркәсіп орындарымен бірге ауыл шаруашылығына да заман талабына сай жаңа технологиялар келе бастады. Мұның өзі Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіргелі отырған Қазақстанның экономикалық әлеуетін жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жақында ғана баспадан жарық көрген “Қазақстан жолы” кітабын оқығанда, осындай жәйттерге қанық болдым. Өзім Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқығандықтан, студент қауымы үшін бұл кітаптың маңызы ерекше екендігін баса айтқым келеді.

Мен кітаптың жер қатынастарына қатысты бөліміне ғана тоқталдым. Ал онда тәуелсіз Қазақстанның он бес жыл ішінде жүріп өткен жолына байланысты, көп адамдарға қажетті заңдық-құқықтық, тарихи-танымдық ақпараттар бар. Сондықтан да замандастарымның осы кітапты оқығанын қалар едім. Ол жастарға жігер беретіні, бағыт сілтейтіні анық.

 

Өткен кезеңді жаңаша байыптау

 

Тимур ӘШІМОВ, экономика факультетінің 3-курс студенті.

Тарих үшін қас-қағым 15 жыл уақыт ішінде Қазақстан басқа елдермен терезесі тең, керегесі кең іргелі мемлекетке айнал­ды. Бұл, сөз жоқ, Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұйытқы бол­ған ұлан-ғайыр жет­іс­тік.

Мемлекет басшысының жа­қын­да ғана жарық көрген “Қазақстан жолы” деген кітабын оқыған адам егемен еліміздің осы 15 жыл ішінде жүріп өткен жолын тайға таңба бас­қандай көз алдына елестете ала­ды. Тәуелсіз Қазақстанның та­рихы­нан тәмсіл тартқан кітап ал­да­ғы күннің белес-бедерлерін де бей­нелейді. Мұнда ұлт тағдыры мен баянды болашақ, ел, жер тарихы, жекешелендіру мен оңтайландырудағы оң шешімдер мен “әттеген-айлар”, басқа да мем­ле­кеттік, халықтық маңызы бар көкейкесті мәселелер бүге-шігесіне дейін баян­далады. Кітаптың жеңіл әрі түсінікті тілде жазыл­ғандығынан болар, оны оқи отырып “апыр-ай, шынымен осылай болған екен-ау”, деген ойға қаласың.

Бүгінгі күн – ертең тарих. Сон­дықтан да мұндай мәселеге бей-жай қарай алмайтын мен кітапты қызыға оқып шықтым.

Рас, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мен мектеп жасындағы оқушы болатынмын. Әйтсе де, сол кездегі саяси оқиғалар мен өзгерістердің бір парасы менің де есімде.

Қазір мен Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универси­тетінің студентімін. Білімді әрі білікті маман болу үшін көп ізденіп, көп оқуға тура келеді. Бұл ретте Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың “Қазақстан жолы” кітабы – таптырмас үлкен еңбек. Өйткені, онда тарих та бар, экономика да бар, толғауы тоқсан әлеуметтік мәселе де – бәрі-бәрі талданған. Керегіңді табасың. Мәселен, Қазақстандағы жекешелендіруге байланысты кезінде түрлі қарама-қарсы пікірлер айтылғаны мәлім. Дегенмен, сол уақытта жеке мем­лекет болған елдердің көбі Қазақ­стандағы жекешелендіру тәжіри­бесіне ерекше ынта-ықылас білдір­гені жайдан-жай болмаса керек.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстанға жоспарлы экономикадан бас тартып, нарықтық қатынастарға бет бұру керек болды. Бұл үшін жекешелендіру іске асты. Бұған дейін бұл үрдіс Шығыс Еуропада жүргізілгені тарихтан белгілі.

Нарықтың жолына түскен тәуелсіз еліміз тез арада мемлекеттік меншіктен жеке меншікке көше бастады. Алғашында көптеген өндіріс орындарының экономикалық дағдарыста болуына байланысты едәуір қиындықтардың кездескені рас. Мұның бір себебі – Кеңес кезінде жұмыс жасаған жүйенің жаңармауына байланысты болды. Кейбір басшылар жаңа жағдайға бейімделе алмай, өндіріске инвестиция тарту былай тұрсын, жаңа технологияларды енгізудің өзіне дәрменсіз еді. Осының салдарынан және сауатты менеджменттің жоқтығы себепті өндірілген өнімдер сапасыз, бәсекеге қабілетсіз болды. Бұл туралы Елбасының кітабында жан-жақты айтылған.

Жалпы, Қазақстанда жекешелендіру төрт үдеріс бойынша жүргізілгені мәлім. Олар: бастамашылдық жекешелендіру, ИЖК (купон) жекешелендіру, ақшалық жекешелендіру, мемлекет меншігін басқару. Осылардың ойдағыдай жүзеге асуы нәтижесінде Қазақстан нарықтық экономиканың даңғыл жолына түсіп, қарышты дамып келеді. Қазір Отанымыз ТМД елдерінің ішінде көшбасы саналады. Халқымыз әлеуметтік-экономикалық өрістеу үстінде. Біз, жастар, мемлекет жүктеген міндетті жауапкершілікпен атқарамыз деп санаймын.



Авторы: Сәрсенғали ӘБДІМАНАПОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ЖОО ректорлар кеңесінің төрағасы.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат