Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-01-01:

“БАЯН СҰЛУДЫҢ” ЖАҢАЖЫЛДЫҚ СЫЙЫ

 

Қостанайлықтар, әдетте, Жаңа жыл қарсаңында балаларына тәтті сыйлық іздеп көп сабылып, әурелене қоймайды. Бүкіл еліміз бойынша небар­лығы төртеу ғана ірі кондитер фабрикасы болса, оның ішінде ең мықты де­ген екі “тәтті” кәсіпорынның бірі  Қостанайда орналасқандығы оған себеп.

Иә, несін айтасың “Баян сұлудың” биылғы сыйлықтары өткен жылдардағыдан да қомақты. Қостанайлық кондитерлер қазіргі таңда тіл үйірер өнімдердің 200-ден астам түрін шығаруды ойдағыдай игерген. Ал әдейі Жаңа жылға арнаған мерекелік сыйлықтарының өзі биыл 8 жиынтыққа көбейтіліп, барлығы 39 түрге жеткен. Олардың атаулары да әралуан. Дегенмен ең басты ерекшелігі, екі жаңа мерекелік сыйлық жиынтығының орамдары мен қорапшалары балалардың тікелей араласуларымен безендірілген. Нақтырақ айтсақ, Қостанай қалалық өнер мектебінде арнайы байқау өткізіліп, сонда жеңімпаз деп танылған жас суретшілер Ольга Давлетшина мен Евгений Ошмяниннің дизайны бойынша безендірілген сыйлық орамдары мен қорапшаларды нағыз көз құрты дерсің.

Сонымен жұртшылыққа  дәмі бал татитын тәттілерімен танылған Қостанай кондитер фабрикасы жайында не білеміз? Осы мақсат­пен “Баян сұлу” акционерлік қоғамына ат басын тіреген едім. Қоғам пре­зиденті Виталий Андрее­вич Трайбер ілтипатпен қарсы алып, шаруамның мән-жайын білген соң, менің басшылық тізгінін ұстағаныма үш жылдай ғана болды, осы фабриканың ашылғанынан бері жұмыс істеп, оның ыстық-суығына әбден төзіп келе жатқан мамандар баршылық. Қажет болса сол кісілермен әңгіме­лесіп көріңіз, барлығын да жайып саларла­рына мен кәміл сенемін, деп байсал­дылық танытты. Қызмет­керлерді (персоналды) басқару және әлеумет­тік мәселелер жөнін­дегі директор Валерий Владисла­вович Мацты шақырып алып, та­ныстырды да маған қажет адамдар­мен жолық­тырып, әңгімелесуімізге жағдай тудыруын өтінді. Осылайша “тәтті” кәсіпорын­ның өмірімен таныса бастадым.

 Фабриканың жаңадан салынып іске қосыла бастағаны — 1974 жыл. Ал арада екі жылдай уақыт өткесін, дәлірек айтқанда 1976 жылдың жел­тоқсанында фабрика өзінің жоспар­ланған толық қуатында жұмыс істеуге көшті. Әп дегеннен фабри­каны Қостанай сынды астықты өңірге орналастыруды көздеп, ол ойларын жүзеге асыруға мұрындық болған еліміздің тамақ өнеркәсібінің білгірі, осындағы құрылыстың басы-қасында болған Нығмет Танашев өзі ашқан фабрикаға біраз жыл басшы­лық жасады. Одан кейін басшылық тізгінін Анатолий Киселев, Евгений Богер ұстады. Қазір Виталий Трайбер олардың ізімен басшылық­ты лайықты жалғастыруда. 

Еліміздің басынан кешірген ауыртпалық Қостанай кондитер фабрикасына да бар салмағын салып бақты. Дегенмен, сол бір аса қиын тиген жылдары да фабрика ұжымы жұмыс істеуін нақты тоқта­та қойған жоқ. Әйтеуір фабриканы сақтап қа­луға шамалары келді. Содан кейінгі ел экономикасын­дағы түрлі рефор­маларды, қайта ұйымдастыруларды бастарынан өткізген өндіріс орны бүгінгі таңда “Баян сұлу” АҚ ретінде танылып отыр. Соңғы жылдары еңсесін тіктеп, жағдайын біртіндеп түзетіп келе жатқан кәсіпорынның қазірдің өзінде қол жеткізіп отырған жетіс­тіктері айтарлықтай. Жыл өткен сайын өнім өндіру көлемі ұлғайып келеді. Жаңа прогрессивті техноло­гиялар игерілу­де. Атап өтер жайт, мұнда ИСО-9001 халықаралық стан­дарттарына сәйкес сапа ме­недж­менті жүйесі жасалып, енгізілген. Фабрика соңғы жылдары бірқатар республика­лық және халықаралық көрмелерге қатысып, ондаған медальдар мен грамота­ларға ие болған. Мәселен, былтыр, 2005 жылы фабрика Қазақстан Республи­касы Үкіметінің сыйлы­ғын алу мақсатымен “Сапа сала­сындағы қол жеткізген жетістік­тері үшін” байқауына қатысып, үздік деп танылды. Арнайы дипломмен және кубокпен марапатталды.

Фабриканың бас технологы Надежда Ильинична Матрюкованы әңгімеге тартып, өндірістің техно­ло­гиялық жай-күйіне ден қойдық.

— Мен айтар едім, фабрика негізінен бұрыннан қалыптасып қалған технологиясын сақтап отыр. Айрықша қандай да бір жаңа техно­ло­гияға көше қойғанымыз жоқ. Бұ­рынғы дәстүрлерді сақтап, сол әуел­дегі классикалық үлгімен жұмысын жалғастырып, жетілдіру­де. Әрине, жаңа желілер, жаңа құрал-жабдықтар алынды. Соған орай технологиялық үдерістің де өзгеретіні белгілі. Ал бұл өз кезегінде шығарылатын өнімнің сапасын жақсартуға, өнім көлемін молайтуға оң ықпалын тигізуде. Мәселен, шоколад өндірісіне Германияның “Лемо” фирмасының жаңа құрал-жабдықтарын сатып әкеліп, орнат­тық. Соның арқасын­да шоколадтың жаңа — “Юбилей­ный” деген түрін жасап шығаруды игеріп, жұртшы­лыққа ұсына да бастадық. Жалпы бізде төрт ірі цех жұмыс істейді. Олар қажетінше жұмысшы­лармен, басқа да маман­дармен қамтамасыз етілген. Жаңа айтып кеткенімдей, құрал-жабдық­тарды неғұрлым жаңасымен, өнім­дірегімен айырбас­тау өз жемі­сін беруде. Биылдың өзінде фабрика бойынша өнімнің жаңадан бес түрін шығара бастауы­мыз, соның нәтижесі, — дейді бас технолог.

Фабриканың бас инженері Тұрсынбек Тұрсынғалиұлы Шаях­ме­тов кәсіпорынның биылғы және алдағы жылға арналған инвест­жоба­лары жайында біршама мағлұ­матты алдымызға тартты. Оның айтқанда­рына қарағанда, фабрика қазіргі таңда өндірісін қайта жаңғырту мақсатымен біршама жобаларды қолға алып, атқарып жатқан кө­рінеді. Тоңазыт­қыш қондырғыла­рының бірқатары жаңар­тыл­ған, бұл жұмыс әлі де жалғасты­рылуда. Сондай-ақ өнді­ріс­ке қажетті жаңа желілер сатып алынып, іске қосы­луда. Ал мұның сыртында әкімші­лік-тұрмыстық ғимаратта өзіміз көргеніміз­дей құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Тұрсынбек Тұрсын­ғали­ұлы жұмысшылар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатымен  әр қабатта киім шешіп, ауыстыра­тын орындар (барлығы 900 орын­дық) құрылысы жүріп жатқандығын айтты. Шкафтар Германиядан әкелінуде. Бірқатары қа­зірдің өзінде орнатылып, конди­тер­­ші­лердің игілігіне жараты­луда. Қа­рап тұрсаң, шынында да өте қолайлы.

— Фабриканың электрмен жаб­дық­талуын жақсарту мақсатында да бірталай жұмыстар қолға алынып, кабельдер ауыстырылып, жаңарты­луда. Сол сияқты қазандықты да кеңейтіп, жаңғыртудамыз. Алдағы наурыз айында аяқталып қалуға тиіс. Дайын өнімдер қоймасы, шикізат қоймасы құрылыста­ры да аяқталуға жақын. Естіген шығар­сыз­дар, осыдан бірер ай бұрын фабриканың тап алдынан фирма­лық көтерме сауда орталығын салып, пайдалануға бердік. Оның пайдасын жұртшылық та, фабрика да көріп жатыр. Көлік гаражын кеңейтуде де ойға алған жобалар баршылық. Қазірдің өзінде адамда­рымызды таситын бес авто­бусымыз жүріп тұр. Олардың біреуін осы жақында ғана сатып алғанбыз. Дайын өнімді, шикізатты тасымал­дайтын рефрижера­торларымыз да бар. Ауыр жүкті автомашиналарды жуатын орынды салу келесі жыл­дың еншісінде, — дейді бас инженер фабриканың қазіргі жағдайын нақтылай түсіп.

Сонымен, Қостанай кондитер фабрикасының қазіргі кездегі тіршілігі, қадамдары көңіл қуантар­лықтай. Ал осы өндіріс орнында еңбек етіп жатқан адамдардың жағдайлары қандай? Олардың өнікті де алаңсыз жұмыс істеулері­не жағдай туғызылған ба? Міне, бұл басты мәселелердің бірі болса керек. Бұл орайда қызметкерлерді басқару және әлеуметтік мәселелер жөніндегі директор Валерий Владисла­во­вич Мацпен және фабрика кәсіподақ комитетінің төрайымы Людмила Владимировна Радионовамен әңгіме­лескенде біршама жайға қанықтық.

Алдымен кадр жайы. Валерий Владиславовичтің айтуынша, жо­ғарыда да атап өттік, фабрикада тұрақты1450 адам жұмыс істеуде. Ал қазіргідей мереке кездеріндегі қауырт шақта “өздерінің резервте­рі­нен”, нақтылай айтқанда кон­дитершілерді оқытып, даярлау жөнінен фабрика­мен шартқа отырған Қостанай қызмет көрсету саласы лицейінен 100 шақты жасты қосымша жұмысқа тартуға тура келетін көрінеді. Олар дайын өнім­дерді қорапшалар мен орамаларға салумен айналысады. Жалпы, фабрика Қостанай қаласын­дағы екі оқу орнымен мамандар даярлау жөнінен шарт жасасқан. Оның бірі жаңағы лицей де, екіншісі орта буынды технологтарды даярлап шығаратын Қостанай өңірлік агро­экономикалық колледжі. Мұның сыртында М. Дулатов атындағы Қос­танай инженерлік-экономикалық университетінде фабриканың 17 адамы технолог мамандығына кәсіпорын қаража­тымен оқуда.

— Басқа да өндіріс орында­рындағы сияқты бізде де токарьлар мен тағы басқа аса қажетті маман­дық иелері жетіспейді.Лицей биылдан бастап 11-сынып негізінде слесарьлар мен реттеушілерді оқы­тып шығаруды қолға алып отыр, — дейді Валерий Владиславович.

Кәсіподақ комитетінің төрайы­мы ұжымдық шартта қарасты­рылған мәселелерді алға тартты. Кейбір мәселелер жөнінен жұмыс­шылардың ұсыныстары қабыл­данып, шартқа енгізілген көрінеді. Мәселен, зиянды өндірістегілерге сүт беріп отыру әуелден де шартта көзделген көрінеді. Ал басқа да кейбір өндірістегілер өздерінің зиянды жерде жұмыс істеп жүргендіктерін дәлелдеп, сүт бергізуді ұжымдық шартқа енгізген. Сол сияқты, балалар лагерьлеріне жібері­летін балалардың жасы бұрын 12-мен шектелген екен. Жұмысшылардың ұсынысымен ол 14-ке дейін деп өзгертілген көрінеді. Лагерьге бір жолдаманың 14 мың теңге тұратын­ды­ғын ескерсек, фабрика үшін мұның қаншама қаражат екендігін айыру қиын емес. Ата-аналарынан тек әр бала үшін 1000 теңге ғана ұсталады екен. Еңбек адамы ауырып қалып, емделуге, мәселен операция жасатуға тура келсе, онда оның 50 пайыз құнын фабрика төлейтіндігі де маңызды болса керек.

— Біздің өзіміздің денсаулық цехымыз, яғни медпунктіміз бар ғой, — дейді Людмила Владими­ровна еңбеккерлердің әлеуметтік қорғалу жайын толықтыра түсіп. Бүгінгі күндері үш дәрігер: гине­колог (фабрикада негізінен қыздар мен әйелдердің жұмыс істейтін­дігінен), терапевт және тіс дәрігері жұмыс істеуде. Өте жақсы жаб­дықталған физиоемдеу бөлмесінің игілігін көрушілер де жетерлік. Жеңіл-желпі сырқатқа ұшырап қалғандар осындағы күндізгі стационарда жатып, емделіп шыға алады. Бәрінен бұрын, әр тоқсан сайын медици­налық байқаудан өткізіп тұрудың өзі неге тұрады! Еңбек адамы үшін жасалып отырған қамқорлықтың бір парасы осындай.

Иә, “Баян сұлу” АҚ бүгінгі таңда өз жағдайын түзеп алуға бар күш-мүмкіндіктерін жұмылдыруда. Ме­німен әңгімелескен мамандар­дың пікірлерін­ше, қазір шығын көп жұмсалуда. Бірақ олар қазіргі шығынның ертең-ақ қайтарыммен оралатынына, яғни фабриканың болашағына сенімді.

 

Мейраш ЖҮНІСБЕКОВ,

журналист.

Қостанай.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат