Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-01-11:

БЕЛЕСТІ ЖЫЛДАҒЫ БЕРЕКЕЛІ ІСТЕР

 

2006 жылдың басы бүкіл еліміз үшін аса маңызды тарихи оқиғадан бастау алды. 11 қаңтарда “Ақорда” резиденциясында Қазақстан Республикасының Президентін салтанатты ұлықтау рәсімі болып өтті. Оған әлемнің 70-тен астам елінен деле­га­циялар қатысты. Қонақтардың қатарын­да Ауғанстанның, Грузияның, Қырғыз­стан­ның, Ресейдің, Тәжікстанның, Өзбек­станның, Украинаның, Хорватияның пре­зиденттері, Қытай Халық Республикасы төрағасының орынбасары, Болгарияның вице-президенті, парламент, үкімет жетек­шілері, ірі халықаралық ұйымдардың өкіл­дері, көптеген елдердің көрнекті мемлекет қайраткерлері болды. Салтанатқа осын­ша­ма жоғары деңгейдегі делегациялардың қатысуы Қазақстанның әлемдік ауқым­дағы маңызы мен оның басшысының биік беделінің айқын көрінісі болды.

Елбасы Астанаға келген жоғары мәр­­тебелі қонақтармен – мемлекет бас­шы­­ларымен және шетел делегация­лары­ның жетекшілерімен бірқатар кездесулер өткізді.

Қазақстан Президентін ұлықтау рәсімі аяқталысымен Ресей Президенті В.Пу­тин­нің біздің елімізге сапары басталғанын айрықша бөліп атаған жөн. Соның ба­ры­сында тар аяда және кеңейтілген құрам­дар­да келіссөздер жүргізілді, бірсыпыра екіжақты құжаттарға қол қойылып, жур­налистерге арналған баспасөз мәслихаты өткізілді. Сапардың қорытындысы Қа­зақ­стан – Ресей қарым-қатынастары барлық бағыттар бойынша берік негізге сүйеніп әрі кең көкжиекті бетке алып, серпінді әрі екпінді дамып отырғандығын көрсетті.

Көрші мемлекеттермен ынтымақтас­тық­ты, алыс шет елдермен өзара тиімді, алуан са­лалы қарым-қатынастар мен байланыс­тар­ды одан әрі нығайтып, дамыту үшін Қа­зақ­стан Президентінің 2006 жылы Бель­гияға, Ұлыбританияға, Египетке, Иорда­ния­ға, Қытайға, Латвияға, Малайзияға, Бірік­кен Араб Әмірліктеріне, Ресейге, АҚШ-қа, Түркияға, Өзбекстанға, Хорватияға жасаған мемлекеттік, ресми және жұмыс сапарлары мен көпжақты 11 жоғары мәртебелі жиын­дарға: ТМД-ның 2 отырысына, ЕурАзЭҚ-тың 3 отырысына, ҰҚШҰ, ШЫҰ, АӨСШК саммиттеріне, Түркі тілдес мем­ле­кеттердің VІІІ саммитіне, “G-8”-дің сам­ми­тіне және Орталық Азия басшыларының бейресми саммитіне қатысуы ықпал етті.

Нұрсұлтан Әбішұлының ұлықтаудан кейінгі алғашқы шетелдік сапарын Ресей Федерациясына жасауы да назар ауда­рар­лық жайт. Қаңтарда ол Санкт-Петербург қаласында өткен ЕурАзЭҚ Мемлекет­ара­лық Кеңесінің кезектен тыс отырысына қатысты, онда басқа да маңызды құжат­тармен бірге қауымдастыққа жаңа мүше — Өзбекстан Республикасын қабылдау тура­лы хаттамаға қол қойылды. Осы Санкт-Петербургте Н.Назарбаевтың Ресей Пре­зи­денті В.Путинмен жоғары деңгейдегі кез­десуі болып, онда екі ел қарым-қаты­настарының ахуалы мен түрлі салалардағы ықпалдастықты одан әрі ұлғайтудың келешегі бар бағыттары талқыланды.

Сондай-ақ Елбасымыздың Ресейге сәуірде жасаған ресми сапарының қоры­тын­дылары да жемісті болды, ол Қазақ­стан-Ресей қарым-қатынастары жоғары сенімділік пен стратегиялық әріптестік деңгейінде екендігінің айқын дәлеліне айналды. Бұған жоғары деңгейде өткен келіссөздердің барысында қол жеткізілген сол жаңа келісімдер мен шарттар да куә бола алады. Н.Назарбаевтың Мемлекеттік Дума депутаттарының алдында сөз сөй­леуі, Ресейдің ең ірі жоғары оқу орын­дарының бірі – Мәскеу құрыш және қо­рыт­палар институтының оқытушылары­мен және студенттерімен кездесуі, ұлы  Абай ескерткіші ашылуының рәсіміне қатысуы — осы сапардың маңызды іс-шараларына айналды.

Қа­зақ­стан мен Ресей президенттерінің кезек­ті кездесуі мамырда Сочи қаласында өтті, онда саяси және экономикалық сала­лар­дағы екі жақты қарым-қатынастардың мәселелері талқыланды. ТМД-ға мүше Мемлекеттер басшылары кеңесінің бұрын қабылдаған шешіміне сәйкес, осы Достас­тықтың жоғары органы төрағалығының өкілеттілігі Қазақстан басшысына берілді.

Қазан айында Орал қаласында Қазақ­стан және Ресей президенттері Қазақстан мен Ресей шекара бойы облыстары үшінші Форумының жұмысына қатысты, оның барысында екіжақты ынтымақ­тас­тық пен көкейкесті аймақтық мәселе­лердің кең ауқымы сөз болды.

Шанхай қаласында маусым айында болып өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйы­мына (ШЫҰ) мүше Мемлекеттер бас­шы­лары кеңесінің мерейтойлық мәжілісі “Шан­хай бестігінің” құрылуының он жыл­дығы мен ШЫҰ құрылуының бес жылды­ғына арналды. Оның қорытындысы бой­ынша ШЫҰ-ның Декларациясы, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Халықаралық ақпараттық қауіпсіздік ту­ралы мәлімдемесі, ШЫҰ-ға мүше мем­лекеттер басшылары кеңесінің: ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің лаңкестікке, сепа­ра­тизм және экстремизмге қарсы күрестегі 2007-2009 жылдарға арналған ынтымақ­тастық бағдарламасын бекіту; ШЫҰ-ның бас хатшысы туралы; ШЫҰ-ның Хатшы­лығы туралы ереже жөнінде, тағы басқа да шешімдер қабылданды. Журналистерге арналған брифингте Н.Назарбаев қол қой­ылған келісімдер, осы ұйымға мүше мем­ле­кеттер іс-қимылының кешенді бағдар­ламасы мен қорытынды декларация өздері үшін таяу келешектегі іс-әрекетке бас­шылық болып табылатынын атап көрсетті. Осы Шанхайда Қазақстан басшысының Қытай Төрағасы Ху Цзиньтаомен, Иран Президенті Махмуд Ахмадинежадпен, Моңғолияның Президенті Намбарын Энхбаярмен екіжақты кездесулері болды.

Елбасымыз маусымда Мәскеуде ЕурАзЭҚ Мемлекет басшылары деңгейін­де­гі Мемлекетаралық кеңестің отырысына, сондай-ақ Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіз­дік кеңесінің сессиясына қатысты.

Тамызда Н.Назарбаев Сочи қаласында өткен ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер бас­шыларының бейресми саммитіне қатысты. Ондағы келіссөздердің тақырыбы Кеден одағын қалыптастыру идеяларын нақты іске асыру, ортақ энергетика рыногын құру, Орталық Азия елдері су-энергетика қорларын реттеу және бірлесіп пайдалану, атом энергетикасындағы ықпалдастықтың келешегі мәселелері болды. Өзбекстанның Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына қосылу мәселеcін заңдық ресімдеу саммиттің маңызды оқиғасына айналды.

2006 жылдың жазғы саяси оқиға­ларын­да ТМД-ның төрағасы ретінде Қазақстан Президенті тұңғыш рет қатысқан “Үлкен сегіздіктің” Санкт-Петербургтегі саммиті айрықша орын алады. Форумда аса ірі мемлекеттер басшылары саммиттегі энер­гетикалық келісімдердің негізгі ережелерін жүзеге асырудағы Қазақстанның маңызды рөлін атап өтіп, аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үдерісіндегі Қа­зақстан көзқарастарының маңыздылығына мән берді. Н.Назарбаевтың саммит шеңберінде АҚШ Президенті Дж. Буш­пен, Франция Президенті Ж.Ширакпен, Германия канцлері А.Меркельмен, Үндіс­танның Премьер-министрі М.Сингхпен кездесулерінің үлкен маңызы болды.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттер басшыларының шілдеде Мәскеуде өткен бейресми саммитінің жұмысына атсалыса отырып, Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде Достастықты реформалау бағдарламасы жобасының негізгі ережелерін жария етіп, ынтымақтастықтың аса маңызды бес бағытын айқындап берді. Олар: көші-қон саясатын жетілдіру, көлік саласындағы байланыстарды нығайту, білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты жандан­дыру, қазіргі заманғы қатерлер мен қыр көр­сетулерге бірлесе қарсы тұру, гума­ни­тарлық мәселелерді шешу еді. Осылардың іске асуы посткеңестік кеңістіктегі инте­гра­циялық үдерістерді жаңа сапалық деңгейге көтеруге ықпал етіп, қабылданып жатқан шешімдердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік берер еді.

Қарашада Минск қаласында ТМД-ға қатысушы мемлекеттер басшыларының кезекті саммиті болды. Қазақстан Пре­зи­денті ондағы сөйлеген сөзінде осы кез­де­су­де Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы­ның тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды мәселелердің талқы­лануы ең алдымен гуманитарлық ықпал­дастыққа, заңсыз көші-қонға қарсы күрес­тегі өзара іс-қимылды жандандыруға және маңызы бұдан кем емес басқа да мәсе­лелер бойынша өзара келісілген саясат жүргізуге қатысты екенін атап көрсетті.

17 қарашада Н.Назарбаев Түркияның Анталья қаласында өткен Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының VІІІ сам­миті­не қатысты. Форумның күн тәртібін тарихымыздың, мәдениетіміз бен тілдері­міздің, сеніміміздің ортақтығы мен өзара мүдделіліктерімізді ескерудің негізінде жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері құрады. Оның қоры­тындысы бойынша қабылданған Анталья Декларациясында трансшекаралық қатер­лерге, жаппай қырып-жоятын қару­ды таратуға, лаңкестікке, сепаратизм мен экстремизмге қарсы күресте бірлесе күш-жігер жұмсаудың қажеттілігіне сенімділік білдірілді. Құжатта сауда-экономикалық байланыстарды дамыту қажеттігіне, соның ішінде энергоресурстарды тасымалдаудың баламалы жолдарын ойластыруға, Азия мен Еуропаның арасында жолаушылар мен жүк ағынын жедел жеткізуді қамта­масыз етуге маңыз берілді. Саммиттің шең­берінде Нұрсұлтан Әбішұлы Әзір­байжанның, Қырғызстанның, Түркияның президенттерімен кездесті.

Н.Назарбаевтың АҚШ-қа қыркүйектегі сапары екі елдің қарым-қатынастарындағы шын мәніндегі тарихи оқиға болып, Амери­каның Қазақстанды танып-білуіндегі ерек­ше серпіліске айналды. Көптеген кездесу­лер мен келіссөздер америкалық және әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен сөз болды. Әсіресе Елбасымыздың АҚШ Президенті Джордж Бушпен достық рәуіш жағдайында өткен кездесуі ерекше атап өтілді. Қазақстан басшысы сондай-ақ АҚШ-тың экс-президенті Дж.Бушпен, АҚШ вице-президенті Р.Чей­нимен, сауда министрі К.Гутиерреспен, энергетика министрі С.Бодманмен, ЦРУ-дың директоры М.Хайденмен, Дүние­жүзі­лік банктің президенті П.Вульфовицпен, бірқатар ірі компаниялардың жетекшілері­мен кездесті. Президентіміздің Вашин­гтон­ның 400-ге тарта ығайлары мен сы­ғай­ларының қатысуымен өткен “Ядролық қауіпті сейілту бастамасы” қорының мүшелерімен және АҚШ Конгресі мүшелерінің үлкен ықпалды тобымен кездесуі де үлкен ықылас туғызды.

Сапардың қорытындысы бойынша Қазақстан – Америка бірлескен мәлім­демесі қабылданды. Онда екі жақ та Қазақстан мен Америка Құрама Штат­тарының стратегиялық әріптестікті ілге­рілетуде қол жеткізген үдеріске қана­ғат­танушылық танытып, екі тараптың да Орталық Азия мен одан тысқары жер­лер­дегі тұрақтылықты, өркендеу мен демо­кратиялық реформаларды қабылдаудағы көзқарастары ортақтығының үйлесі­м­ді­лігін мәлімдеді.

Н.Назарбаев АҚШ-қа бара жатқан бойда, жол-жөнекей Испанияға қысқа мерзімді жұмыс сапарын жасағанын айта кеткен жөн. Мұнда ол екі жақтың өзара түсіністігінің жоғары деңгейін аңғартатын сенімділік жағдайында Король Хуан Карлос І-мен кездесті.

Жылдың маңызды оқиғаларының бірі Мемлекет басшысының қарашада Ұлыбри­тания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіне жасаған ресми сапары болды. Оның Королева Елизавета ІІ-мен, Премьер-министр Т.Блэйрмен және елдің басқа да жоғары мәртебелі адамдармен кез­десулері, “Қазақстан – ілгерілеу жолы” конференциясына қатысуы, келіссөздердің қорытындысы бойынша британ жағымен ұйымдасқан қылмысқа және халықаралық лаңкестікке қарсы күресте өзара түсіністік туралы меморандумға, сондай-ақ халық­аралық автомобиль тасымалы жөніндегі үкіметаралық келісімге қол қойылуы сенім мен өзара тиімділікке негізделген ынты­мақтастықты дамытудың жаңа сапалық кезеңінің негізін қалады.

Желтоқсанда Бельгия Корольдігіне жа­сал­ған жұмыс сапары екіжақты қарым-қатынастардың дамуына жаңа жемісті серпін берді. Осында аса ірі халықаралық ұйымдар штаб-пәтерлерінің елеулі саны­ның шоғырлануы сапар бағдарламасының екпінді әрі толымды болуына маңызды әсер еткенін айта кету керек. Бельгиялық­тар Королі Альберт ІІ-мен, елдің Пре­мьер-ми­нистрі Ги Верховстадтпен, Люк­сем­бургтің Премьер-министрі Жан-Клод Юнкермен, Бельгия Парламенті өкілдер па­латасының төрағасы Херман де Кроо­мен, Еуропалық парламенттің төр­аға­сы Хосе Боррел Фонтельеспен, Еуропалық Одақ Кеңесінің бас хатшысы Хавьер Со­ла­намен, Еуро­палық Комиссияның пре­зи­денті Жозе Мануэл Баррозумен, НАТО-ның бас хат­шысы Яап де Хооп Схеффер­мен кездесу­лер болды. Бельгия Король­ді­гінде болған кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы­на екіжақты қарым-қатынастарды дамы­туға қосқан елеулі үлесі үшін І дәрежелі Король Леопольд ордені табыс етілді.

Ел Президентінің Қытай Халық Рес­публикасына желтоқсанда жасаған мем­ле­кеттік сапары екіжақты қарым-қатынас­тарды одан әрі дамытудың тұжырым­дамалық негіздерін нығайтуға арналды. Бұл Н.Назарбаевтың ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаомен кездесулерінің, кеңейтілген құрамдағы келіссөздердің қорытындылары бойынша қол қойылған құжаттарда көрініс тапты. Солардың арасындағы бас­ты саяси құжат – Қазақстан мен Қытай­дың ХХІ ғасырдағы ынтымақтастығының стратегиясы. Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастардың келешегін айқындайтын тағы бір бағдарламалық құжат –эконо­микалық ынтымақтастықты дамыту тұжырымдамасы қабылданды.

Мемлекет басшысы елімізге ресми және жұмыс сапарларымен келген Армения Пре­зиденті Р.Кочарянды, Египет Президенті Х.Му­баракты, Қырғызстан Президенті Қ.Бакиевті, Ресей Президенті В.Путинді, Тәжікстан Президенті Э.Рахмоновты, Өзбекстан Президенті И.Каримовты, ҚХР төрағасының орынбасары Цзэн Цинхунды, АҚШ вице-президенті Р.Чейниді, Грузия Премьер-министрі З.Ногаиделиді, Иордания Премьер-министрі М.Бахитті, Корея Рес­публикасының Премьер-министрі Хан Мен Сукті, Украина Премьер-министрі В.Яну­ковичті, Жапония Премьер-министрі Д.Коид­зумиді қабылдады. Біріккен Араб Әмірліктері Президенті Шейх Халиф бен Заид әл-Нахайян Қазақстанға жеке сапарын жасады. Сондай-ақ министрдің деңгейіндегі шетелдік меймандармен, елшілермен, парламентарийлермен, саяси және қоғам қайраткерлерімен кездесулері де жемісті болды.

17 маусымда Алматы қаласында болып өткен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) екінші саммитінің жұмысы өз елімізде де, одан тысқары жерлерде де жұрт­шылық пен БАҚ-тың ерекше наза­рын­да болды. Оған Әзірбайжанның, Ауған­стан­ның, Қытайдың, Қырғызстанның, Ресейдің, Тәжікстанның, Өзбекстанның мемлекет басшылары мен Таиландтың Премьер-министрі қатысты. Қатысушы өзге мемлекеттерді, сондай-ақ Вьетнам, Индонезия, Малайзия, АҚШ, Украина, Жапония бақылаушы елдері мен БҰҰ, ЕҚЫҰ және Араб мемлекеттері лигасы бақылаушы ұйымдарын жоғары деңгейдегі ресми адамдар өкілдік етті. Форумның қорытындылары бойынша АӨСШК-нің Хатшылығы жөніндегі Келісімге қол қойылып, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің екінші саммитінің Декларациясы қабыл­данды. Онда, атап айтқанда, АӨСШК-нің 2004 жылғы Сенім шаралары каталогында белгіленген шараларын іске асырудың нақ­ты тетіктері мен сол үдерісті одан әрі дамытудың қажеттігі мәлімделіп, мүше мемлекеттердің Азия мен тұтас әлемдегі қауіпсіздік пен ықпалдастықтың маңызды проблемаларын түйсінуі көрініс тапты, шешілмейтін проблемаларды еңсеру қадамдарын дамыту жөніндегі ұсыныстар баяндалды.

Н.Ә.Назарбаев форумды қорытынды­лай отырып, Кеңеске қатысушылардың барлығының соңғы төрт жылда жұмсаған күш-жігері қалаулы нәтижеге қол жет­кіз­діргенін атап өтті. АӨСШК Хатшылығы туралы келісім мен Екінші саммит дек­ларациясы Кеңестің өзінің де, бүкіл Азия құрлығындағы қарым-қатынастардың дамуындағы да жаңа кезең болып қалды.

Президент “Ақорда” резиденциясында Арменияның, Ауғанстанның, Беларусьтің, Бельгияның, Болгарияның, Бразилияның, Ұлыбританияның, Израильдің, Италияның, Канаданың, Нидерландтың, Палестинаның, Ресейдің, Сауд Арабиясының, Украинаның, Францияның Төтенше және өкілетті елшілерінің сенім грамоталарын қабылдады.

Мемлекет басшысы маусымда және жел­тоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік ин­вес­торлар кеңесінің он бесінші және он ал­тыншы пленарлық отырысының жұмысына қатысты. Онда шетелдік инвесторлар мен қаржы институттарының қызметіне қолайлы жағдайлар жасау, ұйымдасқан жемқорлыққа қарсы күрес, Қазақстан экономикасының сұранысына жауап беретін ұтымды білім беру жүйесін құру мәселелері қаралды.

Елбасының Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚҚД) президенті Ж.Ле­мьермен, “ЭНИ”, “Би Джи Групп”, “Кре­дит Свис Групп”, “Машрекбанк”, “Эк­сон­Мобил”, “Миттал Стил”, “Интеко”, “Гленкор”, “Джей Пи Морган Чейз”, “Хал­либертон”, “Окан Холдинг”, “Шев­рон”, “Тоталь”, “Шкода-Авто”, “Ахсель Холдинг”, “Ренессанс Капитал”, “Аксесс Индастриз Инк”, “Бейкер и МакКензи СНГ Лтд”, “Хок”, “БАЕ Системз”, “Рено­ва”, “Лукойл” ААҚ, тағы басқа да белгілі компаниялардың жетекшілерімен кездесуі экономика саласында өзара бірлесе іс-қимыл жасау мәселелеріне арналды.

8 маусымда ел Президентінің қатысуы­мен Қазақстанның үшінші инвестициялық саммиті ашылды. Оны әлемдегі ірі ба­сылымдардың бірі “Интэрнешнл геральд трибюн” газеті мен Қазақстан Үкіметі ұйым­дастырды. Саммит жұмысына еліміз­дің Үкімет мүшелері, шетелдік жетекші инвестор компаниялардың басшылары, сондай-ақ бірқатар мемлекеттердің са­рапшылары қатысты. Форумның жұмы­сында сөз сөйлеген Н. Назарбаев шетелдік серіктестерімен өзара тиімді ықпалдастық жасау үшін Қазақстанның елеулі әлеуеті бар екендігін атап көрсетті. Оның үстіне бизнес үшін қолайлы ахуал туғызу мемлекеттің басым міндеті болып сана­лады, ол капиталдар мен инвестициялар тартудың, аймақтық өндіріс пен ірі әлемдік компаниялардың филиалдарын, жоғары технологиялар мен ноу-хауларды орналастырудың орталығы бола алады, болуға тиісті де.

Мемлекет басшысының қатысуымен Үкіметтің бірнеше кеңестері мен кеңей­тілген отырыстары өтті. Атап айтқанда, қаңтарда, Үкіметтің 2006 жылғы жаңарған құрамдағы бірінші отырысын аша келіп, Н.Назарбаев қатысушылардың назарын олардың алдында тұрған басым бағыттарға аударды, Үкіметке биліктің орталықтағы да, жергілікті жерлердегі де атқарушы орган­дарындағы қолда бар бағдарламалар мен жобаларды қайта қарап, оларды сәй­кестікке келтіру жөнінде тапсырма берді.

Әкімдердің халық алдында есеп беру кездесулерінің қорытындылары мен 2006 жылы билік органдарының алдында тұрған міндеттер Нұрсұлтан Әбішұлының сәуірде облыстардың, Астана және Алма­ты қалаларының әкімдерімен, Үкіметтің, Президент Әкімшілігінің, бірқатар негізгі министрліктердің басшыларымен өткізген кеңесінің тақырыбына айналды.

Елдің қаржылық-экономикалық жағ­дайы, инфляцияға қарсы күрес, 2006 жылға арналған бюджетті нақтылау, монетарлық және фискалдық саясат мәселелері сол айда Үкімет пен Президент Әкімшілігі басшыларымен өткізілген кеңеске арқау болды. Оның қорытын­дылары бойынша Мемлекет басшысы тиісті тапсырмалар берді.

Шілдеде облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен өткізіл­ген кезекті кеңесте Президенттің Қазақ­стан халқына Жолдауынан туындайтын тапсырмаларының орындалу барысы, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы талқыланып, алдағы кезеңге нақты міндеттер белгіленді.

Тамызда Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет басшылығымен өткізген кеңесте 2007 жылға арналған мемлекеттік бюджет жоба­сы қаралды, ал қарашада Үкімет мүшелерімен, республикалық ведом­ство­лардың жетекшілерімен, облыс және Аста­на, Алматы қалаларының әкімдерімен өткізілген селекторлық кеңестің тақырыбы “Мүлікті жария етуге байланысты рақым­шылық жасау туралы” Қазақстан Респуб­ли­касы Заңының орындалу барысына арналды.

Экономиканы дамытудың маңызды мәселелерін талқылау үшін Елбасы бірне­ше рет Премьер-Министрді, Үкімет мү­ше­ле­рін, облыстардың, Астана және Алма­ты қалаларының әкімдерін, министр­ліктер мен ведомстволардың басшыларын қабыл­да­ды. Ол Ұлттық Банктің, Қаржы рыногын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қа­дағалау агенттігінің, Республикалық бюд­жеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, “Атамекен” Қазақстан кә­сіп­керлері мен жұмыс берушілерінің жал­пыұлттық одағы” басқармасының, “Қа­зақстанның инвестициялық қоры” АҚ-тың, “Самұрық” мемлекеттік актив­тер­ді басқару жөніндегі қазақстандық хол­дингі” АҚ-тың, “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ-тың есептері мен ақпаратын тыңдады.

Қазақстанның қаржылық секторын жаңғырту, оның республиканың БСҰ-ға кірер алдындағы бәсекеге қабілеттілігін арт­тыру жолдары қарашада, ел қаржыгер­лерінің алтыншы конгресінде талқыланды. Форумдағы өз сөзінде Президент қаржы саласы қызметкерлерінің және оның дамуына жауап беретін органдардың алдында тұрған бірқатар міндеттерді белгілеп берді.

Өткен жылы Н.Назарбаев елдің депу­таттар корпусымен бірнеше рет кездесті. Атап айтқанда, 18 қаңтарда Парламент палаталарының біріккен отырысында ол “Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стра­тегиясы” атты бағдарламалық сөз сөйледі, онда осы стратегиялық мақсатқа қол жет­кізуді қамтамасыз ететін басымдықтарды нақты белгілеп, жаңа Үкіметтің алдына міндеттер қойды.

1 наурызда Парламент палаталарының біріккен отырысында Мемлекет басшысы ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауын жариялады, ал 2 қыр­күйекте Парламенттің үшінші сайланымы­ның үшінші сессиясының ашылуында депутаттардың назарына “Корпоративтік басқару, ашықтық және қоғам алдында есеп беру қағидаттарының негізінде мемле­кеттік басқаруды жаңарту” атты баяндама­сын ұсынды, оларда мұның алдындағы өзінің бағдарламалық сөзін қисынды жалғастырып, нақтылай түсті.

2 наурызда ел Президенті Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жалпы отырысында депутаттарға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қыз­метіне тағайындау үшін А.Шабдарбаевтың кандидатурасын ұсынды.

Н.Назарбаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңе­сінің төрт отырысы, сондай-ақ Кеңестің арнайы тобының мүшелерімен кеңес өткізілді, оларда орташа мерзімге арналған Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіп­сіздік стратегиясының жобасы, мемлекет­тік органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі, Қазақстан Респуб­ликасының көші-қон саясатын жетілдіру, мемлекеттік активтерді басқарудағы кейбір проблемалар, тұрғын үй құрылысын дамыту, жол қозғалысының қауіпсіздігі, ойын бизнесін реттеу, ел аумағында АҚТҚ-инфекциясы таралуының алдын алу жөніндегі шаралар туралы мәселелер мен “Астана – есірткісіз қала” бағдар­ламасы, тағы басқалар қаралды.

Ақпанның басында Президенттің елдің әлеует құрылымдары мен құқық қорғау органдары басшыларымен кездесу бары­сында қылмысқа қарсы күрес, сондай-ақ қауіпсіздік пен құқық тәртібін нығайту мәселелері талқыланды. Сәуірде Мемлекет басшысы Алматы облысында “Іле - 2006” ірі ауқымды жедел-тактикалық коман­да­лық-штабтық жаттығуларға қатысты.

2006 жылы Президент ел өңірлеріне 14 жұмыс сапарларын жасап, соның бары­сын­да оның қатысуымен 60-тан астам өңірлік іс-шаралар өткізілді. Нұрсұл­тан Әбіш­ұлы бірқатар өнеркәсіптік, ауыл ша­руа­шылығы және әлеуметтік мақсаттағы объектілердің жұмысымен танысты, жер­гілікті тұрғындардың отбасы­ларында бол­ды. Жаңа өндіріс орындары­ның тұсау­ке­се­ріне қатысты. Қазақстанның бәсекеге қа­білеттілігін көтеруге бағыттал­ған бірқа­тар ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға сәт сапар тіледі. Атап айт­қанда, Солтүстік Қазақстан облысында – бүкіл кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте ба­ла­ма­сы жоқ “Биохим” өндірістік кеше­ні, Қа­рағанды қаласында – қазіргі заман­ғы неміс технологиясы бойынша құры­лыстық және керамикалық кірпіш шығару жөнін­де­гі зауыт, Ақтөбе облысында – мыс ке­нін қайта өңдеу жөніндегі байыту фаб­ри­касы, Атырау облысында – қайта құрыл­ған мұнай өңдейтін зауыт, Орал қаласында – газ құбыры стансасы, Алма­ты қала­сын­да – ақпараттық техноло­гиялар паркі, Ақмо­ла облысында – “KazSat” ғарыш ап­параттарын басқарудың жер үсті кешені іске қосылды. Ақтөбе облысында Нұрсұл­тан Әбішұлы аяқталуы 2008 жылға жос­пар­ланып, елдің батыс өңірлерін энергия­мен қамтамасыз етуді айтарлықтай жақ­сар­туға және тарифті төмендетуге мүм­кін­дік беретін “Солтүстік Қазақстан – Ақтө­бе облысы” өңіраралық электр беру желісі құ­рылысының басталу салтанатына қатысты.

25 тамызда Президенттің опат болған кеншілерге Қарағанды қаласында қойыл­ған ескерткіштің және 18 қыркүйекте 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларын есте қалдыру үшін Алматы қаласында орна­тылған “Тәуелсіздік таңы” ескерткішінің ашылуына қатысуы қазақстандықтардың бойында ерекше толғаныс туғызды.

Қазан айында өңірлерде болудың қо­ры­тындыларына арналған кеңес өткізіліп, оған Үкіметтің, Президент Әкімшілігінің, бірқатар министрліктер мен ведомство­лардың, сондай-ақ “Қазына”, “Самұрық” мемлекеттік холдингтерінің, “ҚазМұнай­Газ” ұлттық компаниясының және “Ақ­тау” теңіз портының басшылары қатысты.

Сапарлардың қорытындылары барлық өңірлерде өзін жарқын жүз, жылы құшақ­пен қарсы алған ел халқының алдындағы Нұрсұлтан Әбішұлының шексіз беделін тағы бір дәлелдеп берді. Халықтың әр алуан топтарының, әлеуметтік санаттары­ның және ұлттарының өкілдері жүргізіліп отырған саясаты үшін, Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіруі жөніндегі Қазақстан халқына наурыз айындағы Жолдауындағы бастамалардың практикалық нәтижелері бүгіннің өзінде елеулі сезіле бастағаны үшін шынайы алғыстарын білдірді.

Президенттің төрағалық етуімен Елде демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның екі отырысы өткізілді. Комиссия құрамына түрлі саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің басшылары, Қазақстан халықтары Ассам­блеясының, Кәсіподақтар федерациясы­ның өкілдері, Парламент депутаттары енді. Комиссияның маусымдағы отыры­сын­да сөйлеген сөзінде Н. Назарбаев “Қа­зақ­стандағы демократиялық үдерістер елдің ерекшеліктері мен азаматтардың мен­талитетін ескере отырып, дамуымыз­дың өзіндік жолына бағытталуы тиіс, бірақ таңдалған бағыттағы әрбір қадам мұқият өлшенуі тиіс. Өйткені мәселе азаматтар­дың тағдыры туралы, Отанның тағдыры туралы болып отырған жерде кез келген қателіктің өзі тым қымбатқа түсуі мүмкін” екенін атап көрсетті.

12 маусымда Н. Назарбаев Алматыда ЕҚЫҰ-ның “Мәдениетаралық, дінаралық және этносаралық түсіністік” кеңесінің ашылуында сөз сөйледі. Форумның жұмы­сына ЕҚЫҰ-ға мүше 55 елден 300-ден астам өкіл, Қазақстанда тіркелген дип­ломатиялық корпус, Қазақстан халықтары Ассамблеясының, үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялардың өкілдері қатысты.

2006 жылдың басты саяси және қоғамдық оқиғаларының бірі қыркүйек айында Астана қаласында Президенттің қатысуымен өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің екінші съезін өткізу болды. Саясаткерлер, діни қайраткерлер, сарапшылар бүгінгі таңда мұндай жоғары деңгейдегі форум өткізудің ерекше маңызын атай отырып, бүкіл әлемде бейбітшілік пен келісім орнату үшін түрлі діндер өкілдері арасында бастауынан-ақ ортақ түсіністікке келуге ұмтылдыратын нақ осындай оң үндесу қажет екенін атап көрсетті. Форумның “Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік” атты басты тақырыбын талқылап, оның шеңберінде түрлі проблемалар бойынша пікір алысқан әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Екінші съездің декларациясын қабылдады.

Қазақстандық патриотизм мен елдегі барша этностардың достығын нығайту сала­сындағы аса маңызды міндеттер Мемлекет басшысының Қазақстан халықтары Ассамблеясының кезекті, он екінші сессия­сында сөйлеген сөзіне арқау болды. Өз сөзінде ол “егер біз беделді да бәсекеге қабі­летті ел болғымыз келсе, біртұтас ұлт – ортақ құндылықтарға біріккен, үйле­сім­ді тілдік ортасы бар ұлт, өткенге емес, бо­лашаққа ұмтылатын ұлт болуымыз керек” деп атап көрсетті.

Жыл барысында Президенттің Қазақ­стан Республикасы ардагерлер кеңесінің өкілдерімен, әдебиет пен өнердің көрнекті қайраткерлерімен, Отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық коми­сия мүшелерімен, мемлекеттік тілді жете меңгерген ұлты қазақ емес жас мемле­кет­тік қызметшілермен және ұлттық ком­па­ниялардың қызметкерлерімен кездесулері болды. Мамыр айында Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінде “Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы білім экономикасына” тақырыбында дәріс оқыды, қазан айында Қазақстан Респуб­ли­касы Ұлттық ғылым академиясының мерекелік отырысына қатысты, 15 желтоқсанда ел тәуелсіздігінің 15 жыл­дығына арналған салтанатты жиналыста Мемлекет басшысы “Қазақстандық жол: тұрақтылықтан – жаңару арқылы – өркендеуге” атты баяндама жасады.

Отан қорғаушылар күні мен Қазақстан тәуелсіздігінің 15 жылдығы мерекелері қар­саңында Президент бірқатар әскери қыз­метшілер мен құқық қорғау құрылым­дары­ның қызметкерлеріне жоғары әскери атақ­тар, сыныптық шендер беру мен ерек­шелік белгілерін, еліміздің дамуы мен гүл­денуіне елеулі үлес қосқан қазақстан­дық­тардың үлкен тобына мемлекеттік наградалар тап­сырды. Қараша айында ол “Алтын сапа” республикалық конкурс-көрмесі сый­лықтарының лауреаттары мен дипло­мант­тарын марапаттау рәсіміне қатысты.

Елорда әкімдігі мен “Астанабас­жос­пар” МКК-де Н.Назарбаев өткізген кеңестер Астана қаласының дамуы мен құрылысының мәселелеріне арналды. Елбасының қатысуымен бірегей иннова­ция­лық жобалардың тұсаукесері өтті, ара­сында Эталон орталығы, “Radіsson SAS” отелі, Бейбітшілік пен келісім сарайының ғимараты секілді қаланың бірқатар нысандары пайдалануға берілді. Сарайдың ашылу рәсіміне Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан президенттері қатысқаны есте қаларлық жәйт. Наурыз айында Алматы қаласының басшылығымен және инвес­тор­лармен кездесуде Президент қала дамуы­­ның бас жоспарымен, оңтүстік аста­наның әлеуметтік, инженерлік, көліктік инфрақұрылымның және энергиямен жаб­дықталуының жаңа нысандарының ма­­кеттерімен және схемаларымен танысты.

2006 жылы ел Президенті 2200-ден астам әртүрлі жоспарлы материалға, соның ішінде 98 заңға, 239 жарлыққа, 86 өкімге, 14 кеңестер хаттамасына, Елбасының 132 алғысы мен 18 құттықтау хаттарына қол қой­ды. 1500-ден астам қызметтік құжат­тық, талдау және ақпараттық-анықтамалық материалдарды қарап, 157 азаматтар хатымен және арызымен танысып, тиісті өз шешімін қабылдады.

Бұл кезеңде Н. Назарбаев 90 күн, оның ішінде шет елдерде 48 күн, Қазақстанның өңірлерінде 42 күн іссапарларда болғанын атаған жөн.

Авторы: Махмұт Қасымбеков, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат