Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-01-17:

ТОЙЫМСЫЗДЫҚҚА ТОСҚАУЫЛ ТАБЫЛАДЫ

 

Елімізде қандай бағытта немесе нендей салада бол­ма­сын орын алатын кез келген қылмыс атаулыға берік тос­­қауыл қоюда көп жұмыс атқарылуда. Бірақ, “Бір құ­малақ бір қарын майды шірі­теді” дегендей, қызметтік лауазымын жеке бас мүддесіне пайдаланып өзгенің құқын таптауда, мемлекет меншігін талан-тараж қылуда не бір айла-шарғыға барып алдына жан салмайтындар әлі кездеседі. Ға­лым­дар­дың зерттеуінше, олардың ара­сын­да қоғамға аса қауіп төндіретін экономикалық және қаржылық сала­дағы қылмысты туғызатын қылмыс­кер­лер­дің зияны мен зардабы шаш-етектен. Соның ішінде, банк, құрылыс, агро­өнеркәсіп кешенінде, жалған кә­сіп­керлік, эконо­ми­ка­лық салық қылмыстары, жалған және әдейі бан­крот­тық, контрафактілік өнімдердің заңсыз айналымы секілді қылмыстардың қарқын алуы алаңдатады.

Аталған қылмыстармен елімізде барша құқық қорғау органдары белсенді күрес жүргізуде. Солардың ішінде өз атына сай Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің атқарып жатқан қызметі осы қылмыс атаулыға нақты бағытталған. Осы орайда Агенттік төрағасының орынбасары Сәттібек ОҢҒАРБАЕВҚА жолығып, бірнеше сұрақ қойған едік.

— Сәттібек Оңғарбайұлы, елімізде эконо­ми­калық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қанатын кеңінен жайғаны белгілі. Соған қарамастан небір ұйымдасқан қылмыстардың көбейе түскені оның жаппай әшкере болып жат­қандығынан-ақ байқалады. Мемлекет бас­шы­сы Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отыры­сын­да жемқорлықпен күресті қолға алу керек­ті­гін баса айтқан болатын. Осы орайда, Агент­тік та­ра­пынан нендей шаралар тындырылып жатыр?

— Қауіпсіздік кеңесінің өткен жылдың 1 маусымындағы отырысында Елбасының алға қойған тапсырмасына байланысты Агенттік жемқорлықпен күресті күшейту жөніндегі және қаржы полициясы органдарының өкілеттігін кеңейту мен қызметін жетілдіру жөніндегі елі­міздің кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдардың жобасын дайындаған еді. Мақсат қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық және әкімшілік заңнамаларына өзгертулер мен толықтырулар енгізу арқылы оларды жетілдіре түсуді көздейді.

Осындай заңдылық тұрғыдан берілген өкілеттіліктерді орынды қолдана білген қаржы полициясы органдары 2006 жылдың он айы ішінде ғана 9101 экономикалық және қаржылық қылмыстарды анықтауға қол жеткізді. Бұл айына мыңға тарта қылмыс ашылып отыр деген сөз. Қызметтік лауазымын пайдаланып, өзгенің дүниесін жатып алып ішіп-жеу алдыңғы жыл­дың осы уақытымен салыстырғанда 1,4 есеге артқан. Тіпті жемқорлықтың ұйымдасқан түрі 5 есеге ұлғайып отыр. Ал мұндай қылмыстық істердің өндірісте қаралып, аяқталғаны 6,2 пайызға көбейді. Өндірісте аяқталған қылмыстық істер бойынша анықталған зиян 53 пайызға артып, 45,9 млрд. теңгеге жетіпті.

– Сонда қалай боп кетті өзі? Сыбайлас жем­қорлықпен күрес күшейген сайын сыбайлас жем­қорлықтың өзі де өрши түскен болып шыға ма?..

– Олай емес. Күрес күшейген сайын қыл­мыстың ашылуы көбейіп отыр. Ал негізінде Елбасымыз бастаған бұл күрес қарқын алып, қадағалау, әшкерелеу арта түскені қолы лас адамдардың аяғын тарта жүруіне септесіп жатқандығы талас тудырмайды.

— Мемлекетке келтірілген осыншама шығынның орны толтырылып отыр ма?

— Егер шығындарды талдай алып қарасақ, мемлекетке нақты зиян келтірген экономика­лық қылмыстардың басым екендігін бай­қай­мыз. Олар негізінен бюджеттік қаражатты та­лан-таражға салу мен иемдену, жалған кәсіп­кер­лік және салық пен кедендік төлемдерден жалтару болып табылады. Ал Агенттік мұндай қылмыстарды анықтап ашқан соң, оның шы­ғынын қайтаруды да қадағалайды. Мәселен, 2004 жылы 12,3 млрд, 2005 жылы 31 млрд., ал өткен жылдың сегіз айында 40,9 млрд. теңге шығынның орны толтырылды. Осы орайда бір айтарлық жәйт, эконо­ми­ка­лық және қар­жы­лық қылмыстарды жасаған адам қолданыстағы заңдардың олқы тұстарын дөп басып, соған сай қимыл әрекет жасайды. Сондықтан қандай да бір қылмысты істі жа­сар­да ұстатпай кетер амалдарын ойластырып отырады.

— Бұл орайда қандай мәселеге жете көңіл аудару қажет деп ойлайсыз?

— Әлі күнге сот-тергеу тәжірибесі экономикалық салада жасалған қылмыстарды дәрежелеуде тікелей материалдық зиянның келтірген нақты түрін алға тартады. Мүм­кін мұндай дәрежелеу мемлекеттің, қоғам­ның және жеке экономикалық мүддеге нұқсан келтіретін жалпы қылмыстарды тексеруде өзін ақтайтын да шығар. Де­ге­нмен, экономикалық қылмыстарды сара­ла­ғанда, оның ішінде олардың экономи­калық зардаптарын анықтау барысында, біздің ойымызша, “тиімсіз”, “дәлелден­бе­ген”, “мақсатсыз” ақшалай қаражат­тарды пайдалану ұғымдарын және эконо­ми­калық дәрежелерді басшылыққа алған дұрыс. Осылайша дәрежелеу барысында ғана, егер қаржылық заң бұзушылық қылмыстар адамгершілікке жатпайтын азаматтық-құқықтық келісімдермен бүркемеленген болса, заңның мәртебесі артады. Өйткені, ондай қылмысты жасаған тұлғалар әлі күнге тиісті қылмыстық, соның ішінде материалдық жауапкерші­лікке тартыл­майды.

Қылмыстық істерді тергеу барысында мемлекет белгілі мөлшерде процес­суалдық шығындарға барады. Ол сома процеске қатысушыларға байланысты (куәлер, жәбірленуші, сараптаушы, мамандар, аудармашы, айғақтар), атап айтқанда сараптау өткізуге, заттай айғақты жолдауға және сақтауға, айыпкерді іздеуге, оны алдыртуға және тағы басқаларға төленеді. Бұл мәселеге осы күнге дей­ін көңіл ауда­рыл­май, атал­ған сомалар тө­ленбеген күйін­де қалып жата­ды. Қазіргі уа­қытта қаржы полициясы ор­ганы әр қыл­мыс­тық іс бой­ынша процес­суал­дық шы­ғын­дардың ор­нын толтыру жө­нінде шара­лар қол­данылуда.

— Өзіңіз айтқандай, азаматтық-құқықтық келісімдермен бүркемеленген қаржылық заң бұзушылықтарды Агент­тік­тің анықтаған кездері бар ма?

— Болғанда қандай! Мұның қатарына Қорғаныс министрлігінің 218,8 млн. теңгеге жұмыс істемейтін медициналық жабдықты сатып алғанын айтуға болады. Сіз дүкеннен не базардан қажетті құралды сатып аларда бұзылғанын қалар ма едіңіз? Жоқ. Ендеше, бұл ақша табу жолындағы қасақана сыбайлас жемқор­лықтың нағыз өзі. Сол сияқты “Қазақ­стан темір жолы” ҰК” ЖАҚ тауарлардың бағасын әдейі асыра көбейтіп, 45 млн. долларға сатып алған. Неліктен? Тексермесе, артық ақша біреудің қалтасына түседі. Ал мемлекет одан зиян шегеді. Оны ойлап, қиналып жатқан лауазымды тұлғалар жоқ. Әйтеуір ұйымдасып жеп қалса болғаны, соны іскерлік деп санайды. Мұны айтасыз, Индустрия және сауда министрлігінің техникалық рет­теу және ме­тро­логия жө­ніндегі комитеті 53 млн. теңгеге өлшеу құрал­да­ры бар жыл­жы­малы зертхана сатып алған екен. Бірақ, 1,5 жылдан бері ол пайдаланусыз тұр және пай­да­ға аспайтын кө­рінеді. Өйткені, алынған дүние заң талаптарына сәйкес келмейді. Мұны о баста тиісті адамдар білмеді емес, білді...

— Мемлекеттің “қалтасын” қағуда кө­леңкелі экономика да зардабын айтар­лық­тай тигізіп отыр. Мәселен, салықты төлемеу проблемасын алайықшы.

— Салық қылмыстары кесірінен бюджет кіріс қаражатынан қағылады. Оның әсері нарықтық бәсеке үрдістері мен әлеуметтік әділдікке нұқсан келтіреді. Салықтан жалтару арқылы мемлекет бюд­жетіне қаншама зиян келіп жатқандығын 2003 жылдан бері қарай ғана саралап айтып берейін. Мәселен, 2003 жылы ҚК 221 және 222 баптары, яғни азаматтар мен ұйымдардың салықтан жалтаруы бойынша 354 қылмыс тіркелсе, 2004 жылы – 574, 2005 жылы – 615, ал өткен жылдың 10 айында ғана 565 қылмыс тіркелді. Сотқа 105 қылмыстық іс жіберілді. Салық бойынша төленбеген шығын 38,1 млрд. теңгені құрады. Соның 16,2 млрд. теңгесі 2003 – 2005 жылдары Агенттіктің араласуы арқасында қайтарылды.

Салықтан жалтару, мейлі ол кім бол­сын, қылмыс жасағандық болып табы­лады. Бірақ, сот оларға көбіне айыппұл салу­мен ғана шектеледі. Салық төлемеу арқылы мемлекетке келтірілген шығын­ның орнын толтыру кезінде қылмыстық іс тоқтатылады. Тіпті мұндай құқық бұзушылыққа барғандар қоғам алдында ұятты іс қылдық-ау деп қымсынбайды да. Сондықтан да біз Қаржы министрлігінің салық комитетімен бірлесе салықтық заң­намаларды одан әрі жетілдіруге барынша ат салысып келеміз. Сол сияқты жалған кә­сіпкерлік, трансфертті бағаларды қол­дану, жасанды алкогольді ішімдіктерді өндіру қылмыстары жоғарыда айтқаны­мыз­дай, көлеңкелі экономиканы өршітіп тұр.

— Жалпы халық құқық қорғаушыларға бұрын сенімсіздікпен қарайтын еді. Бірақ, мына Қаржы полициясының нақты атқарып жатқан істері, оның нәтижесі көзқарасты түбірімен өзгертіп келеді. Осыған орай, бірқатар адамдарды зар қақтырған құрылыс, банк саласындағы алаяқтықтар туралы айтып берсеңіз.

— Иә, жұртшылықты тұрғын үй құ­рылысы төңірегіндегі алаяқтық пен жем­қорлық барысы толғандырып отырғаны жасырын емес. Оның себебі де бар, өйткені құрылыс индустриясын өркендету саласында заңды бұзушылық үлкен орын алған. 2006 жылдың 9 айы ішінде ғана атал­ған салада 473 қылмыстық іс қозғал­ды. Бұл цифр былтырғыға қарағанда екі есеге өсіп отыр. Солардың ішінен бөле-жара айтарымыз, “Заңғар ХХІ ғасыр” ЖШС-нің бұрынғы басшысы И. Ким жайнатып, тұрғын үй саламын деген жал­ған уәдемен салымшылардың 426 млн. теңгеден артық ақшасын жинап алып, өз мақсатына жұмсап жіберген. Өзінің ЖШС-не жылжымайтын мүлік сатып алған. Содан не ақша жоқ, не баспана жоқ көп­теген адам алақан жайып далада қалды. Бірақ, салымшылардың обалына ұшыраған И.Ким оны сіңіріп кете алмай, дер уақытында ұсталды. Ісі сотқа беріліп, он жылға бас бостандығынан айырылды.

– Екінші бір дәл сондай елді шулатқан құрылыс Астанадағы “Москва” деп аталатын тұрғын үй кешені ғой...

– Оның да жағдайы сол. “Нұра Холдинг” ЖШС-нің директоры Нұрма­ған­бетов “АН Риэлти” ЖШС-нің ди­ректоры Сағындықов­пен алдын ала сөз байласып “Москва” тұр­ғын үй кешенінің құрылысы кезінде көптеген салым­шы­лардың 1,3 млрд. теңгеге жуық қаражатын қымқырып, талан-таражға салған. Оларға қатысты да қыл­мыстық істі тергеу аяқталды.

Сол сияқты “Болид Қа­ра­ғанды” ЖШС-нің басшысы үс­ті­нен де қыл­мыс­тық іс қоз­ғалып отыр. Ол өзінің бұрынғы бас есепшісі Ера­лиева және қазіргі бас есеп­шісі Әбуова­ның қатысуымен 2004 – 2005 жыл­дар ара­лығында жар­на­мада бірнеше үйді тұр­ғызып тастадық деген жалған ақпарат беруі­мен жұрт­ты шатас­тырып, “Жәмихан” тұр­ғын үй кешеніне арналған жалпы со­масы 212,1 млн. теңгені қалтасына басып алыпты. Бір­ақ, өтіріктің аты өтірік, ешқандай үй тұрғы­зыл­маған соң бәрібір шындық шығады. Олар тіпті тұрғын үй кешенін салуға өкілетті мем­лекеттік орган­дар­дан рұқсат ал­ма­ған көрінеді. Енді қазір Қожа­бергеновтің үстінен қозғалған қылмыстық істі тергеу барысы аяқталып та қалды.

Сонымен қа­тар банк сала­сын­дағы қыл­мыс­тарға қатысты 451 қыл­мыстық іс қоз­­ғал­ды. Соның бірі “Наурыз банк Қазақстан” АҚ-қа байла­ныс­ты іс. АҚ төраға­сымен бір­лесе ұй­ым­дас­қан топ банк­ке түс­кен ақшалай қара­жат­ты сұ­рауы жоқ екен деп су­дай сапы­рып, оң­ды-сол­ды ша­шып­ты. Соның сал­дары­нан олар мем­ле­кетке 4,5 млрд. тең­ге зиян кел­тір­ген. Сөй­тіп, АҚ төрағасы Ер­жа­новқа және бас­қа да банк қыз­меткер­ле­рі­нің 11-не, туыс­тарының бір­қа­тарына айып тағылды. Ержановтың өзіне және басқа да алты адамға халық­аралық іздеу жарияланды.

Соңғы кезде өз өкілеттігін теріс пай­­да­лану мен жал­ған кәсіпкерлікпен айналыс­қан деген дақпыртпен елді шулатқан “Валют Транзит Банк” АҚ болып отыр. Оларға да өз іс-әрекет­терін­де жалғандық пен алаяқ­тық­қа бар­ды деген айып тағылып, қыл­мыс­тық іс қозғалды. Алайда, АҚ прези­денті Белялов бұл іске менің қатысым жоқ дейді. Әрине, біреуді айыптау үшін оның кінәсін көрсету керек. Сол мақсатпен тексеріс жүргізгенде банктен қолды болған 1,7 млрд. теңгенің ең соңында қайда тұрақтағаны табылды. Сонымен бұл қитұрқылық айла қалай жүргізілген дейсіз ғой?

Аталған банк займның бұрмаланған шарт­тарын және ақшалай қаражаттар кепіл­дігін қолдана отырып “Сантория” жалған кәсіпорнының есеп шотына 1,7 млрд. теңге ақша аударады. Оны одан  көзтүрткі болмасын деді ме, тез арада “Ньютек-Плюс” ЖШС-нің есеп шотына асырып жібереді. Бірақ, қо­мақ­ты ақшаны онда да көп кідіртпей “Омега-Плюс-НВ” ЖШС-ға, одан “Кристал-Юниос” ЖШС-не, одан “Парус” ЖШС-не, одан әрі... қайда дейсіз ғой, сол баяғы Беля­ловтың жеке шотына, яғни қалтасына келіп “қо­нақтайды”. Тергеу барысында анықтал­ған­дай, аталған банктен “Сантория” ЖШС-не және басқа да бірқатар ұйымдарға не­сие­лік мәліметтер берілмеген. Мұны банк бас­шы­лары аталған несие мәліметтері басқа ғи­маратта орналасқан мұрағат қорына сақтауға жіберілген кезде оны су басып, соның сал­дары­нан жоғалып кеткен деп түсіндіреді. Алайда, мұрағатты тексере келгенде ешқан­дай топан судың ізі де байқалмады.

Содан біздің қызметкерлер прокуратура органының санкциясымен банк ғимараты мен банк тобына тінту жүргізді. Нәтижесінде банктің несие қызметіне қатысты және банктен несие алғаны туралы құжаттар, АҚ жүзеге асыратын қаржылық тізіміне қатысқан ұйымдардың жарғылық және бухгалтерлік құжаттары­ның түпнұс­қалары табылды. Мәселен, “Созвездие” халықаралық бильярд орталығына тінту жүргізу барысында Беля­лов­тың ағасының кабинетінен банкпен аф­фи­лирленген фир­маларға қатысты есептік құжаттар алынған. Сол сияқты, ғимараттың шатырында ұйым­дардың бухгалтерлік құжат­тарының түп­нұсқалары салынған әкетуге даяр екі дәу қолсөмке табылды. Бірақ, ондағы кейбір құжаттар жыртылып қалыпты. Оны айта­сыз, құжаттарды ғимараттың 7 қабатындағы жылу беру бөлігіне де жасырып тастапты. Ал банк басшылары бұл ұйым­дар­мен арада еш құжат жоқ деп мәлімдеген еді.

— Мемлекеттің мүддесіне сай халықтың игілігі үшін сеніп берілген қызметтік лауа­зымын майлы жіліктің басына айналдырып, жеке басының қамын күйттеп жалмауыз­дай жалаңдайтын жемқорлар қай елде де болмасын кездеседі екен. Сондықтан ондай сыбайластардың өзгенің нәпақасын сыпы­рып жеуде еш айырмашылықтары жоқ се­кілді. Демек, олармен күресудің де жолы ортақ болуы керек. Бұл орайда, қандай ел­дердің озық немесе тиімді дейтіндей үлгі­лері мен тәжірибесін пайдаланып жатыр­сыздар?

— Осы мәселе Қауіпсіздік кеңесінде де көтерілді. Ол Агенттік алдына тапсырма ретінде қойылған соң жемқорлықпен күре­судегі халықаралық тәжірибенің қайсылары Қазақстан жағдайында қолдануға жақын келетінін білу үшін, яғни олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізілетін саясатының ерекшелігін анықтау мақсатында әлемнің 45 елінің тиісті заңдылықтарына талдау жасалды. Әрине, оның бәріне бірдей тоқталып жату мүмкін емес, дегенмен соның ішінде АҚШ, Малайзия, Оңтүстік Корея, Жапония, Сингапур, Ұлыбритания, Германия, Франция, Израиль, Канада және ТМД мен Балтық елдерінің тәжірибелері бар екенін атап өткен жөн.

Сонымен бұл саралау бізге не берді дейсіз ғой. Біз жемқорлықпен тиімді күрес жүргізіп жатқан бірқатар елдердің тәжірибе­сіне қанықтық. Соның арқасында мемле­кетімізде қолдануға болатын жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясын пайдалана аламыз. Мәселен, мемлекеттік органдардың пікіріне сүйенсек, малайзиялық тәжірибе біз­дің елге жақын келеді. Несімен? Бірін­шіден, сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізудің тұтастығы, яғни тек мемлекеттік секторда ғана емес, басқа жемқорлыққа жол беретін салалар да қамтылады. Екін­шіден, сы­байлас жемқор­лыққа қарсы сая­саттың тоқ­тау­сыз, дамыл­сыз жүргізілуі. Үшіншіден, сол күрес жүр­гі­зе­тін органның жетілдірілуі.

Біз көптеген шет мемле­кет­тердің аталған бағыттағы тә­жі­ри­бесін тек зерттеп қана қойған жоқпыз, сонымен қатар олардың қай­сысын қай салада қолдануға болатындығына да мән бердік. Соның арқа­сын­да мәселен, Астана мен Ал­маты әкімдігі жемқорлықпен күрес бары­сын­да өздерінің қыз­меткерлері арасында Сеул тә­жірибесін пай­далану­лары­на бо­лады. Сол сияқты Ха­лық­қа қызмет көр­сету орталық­тарында Ұлы­бри­тания тәжірибесін қолданса дейміз. Ресей мен Корея­ның тәжірибесіне сүйене отырып, барлық қылмыс түрлерін, оның ішінде жемқор­лық­ты да зерт­тей­тін Криминологиялық зерттеу институтын құруға болады. Нидерланд пен Израильдің тәжірибесін негізге ала отырып, барлық министрліктер мен ведомстволарда ішкі қауіпсіздік қыз­меті институтын енгізсе, онда қыз­меткерлердің тек жемқорлық ісі ғана ашылып қой­май, сонымен қатар олардың жем­қорлық қыл­мысқа бейімділігі бар-жоғын анық­тауға қол жет­кі­зіледі. Ал Жапо­ния мен Нидер­ланд тәжірибесіне сәйкес мемле­кеттік органдарға қызметкерлердің адал және тиімді қызмет етуге ұмтылулары үшін лауазымды тұлға­лардың жағымды істеріне сәйкес мара­паттау жүйесін енгізуді ұсынар едік. Жал­пы, бұл тұрғыда біздің берер кеңестеріміз жетеді.

— Қазіргі таңда ең өзекті де және халықты алаңдатып отырған мәселелердің бірі — жер қатынасына байланысты жасалған қылмыстар. Президент жақында Парламентте сөйлеген сөзінде: “еліміздің кейбір өңірлерінде жер сату шенеуніктердің заңсыз баю жүйесіне айналған”, деп ашық айтты. Бұл тұрғыда Агенттік жер учаскелерін бөлу және сату мәселесіндегі заң бұзушылықты анықтау мақсатында құзырлы және жергілікті атқару органдарында тексеру жұмыстарын жүргізе ме?

— Қаржы полициясы органы атқарған іс-шаралардың арқасында өткен жылдың 10 айы ішінде тиісті мемлекеттік қызметкер­лер­дің лауазымын пайдаланып жер учаскелерін жеке және заңды тұлғаларға бөлуіне қатысты 55 жемқорлық қылмыс ашылды. Сонымен бұл теріс сипатты көрсеткіштің алдыңғы жылмен салыстырғанда 96,4 пайызға артып отырғаны анықталды.

Осы салада қозғалған қылмыстық істерді сараптайтын болсақ, көбінесе жер қатынасы саласындағы қылмыстар мемлекеттік қыз­меткерлердің қыз­меттік лауазымын пайда­ланып немесе берілген өкілеттілігін асыра сілтеу, жасанды кедергілер туғызу арқылы азаматтарды пара және заңсыз сый­лықтар беруге мәжбүр ету көріністері байқалды.

Мәселен, осы жылдың қаңтар айында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Мамлют қаласының әкімі Баюаков жер учас­кесін уақытша қолдануға азамат Беспаевқа беру туралы заңсыз шешім қабылдағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Нәтижесінде “Мамлютский машинострои­тель­ный завод” ЖШС-ға 15 млн. теңге залал келтірілген. Баюаков сот үкімімен 5 жыл 6 ай мерзіміне бас бостандығынан айрылды. 2006 жылдың маусым айында Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі Литвинов өз қызметіне салғырттықпен қарап, жауапты мекемелердің жұмысын өз дәрежесінде бақыламауының нәтижесінде жер учаскелері жеке меншікке заңсыз өткен. Қыр­күйек айында қылмыстық іс өн­дірісте аяқталып, сотқа жол­данды.

Екінші кезекте жер учаске­леріне құжаттар дайындау және жерді шаруа қожалықтарына немесе заңды тұлғаларға өткізу кезінде жем­қорлыққа бейім шенеуніктер Жер қатынасы жөніндегі комитет қызметкерлері арасынан да табылады. Мысалға, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті Сарыағаш ауданы бойынша жер қатынасы бөлімінің бастығы Б. Сләмовке қарсы қылмыстық іс қозғады. Ол “Дин Голд” ЖШС директоры Н. Динтаевтан 80 гектар жер учаскесінің қолдану мерзімін 49 жылға созуға көмектескені үшін 500 000 теңге пара алу үстінде ұсталып, ісі тергеліп сотқа жолданды.

— Салық төлеуден жалтару мем­лекетіміздің экономикасына едәуір нұқсан келтіретін қасақана жасалатын қылмыстың бірі болып табылады. Оның ішінде жалған кәсіпкерлік арқылы пайда табу да етек алды. Осы төңіректе ашылып жатқан істерге тереңірек тоқтала кетсеңіз.

— Егер 2001 жылы бұл салада 110 қылмыс тіркелген болса, өткен жылдың 9 айында оның саны 345-ке жетіп, анықталған қыл­мыс­тардың салдарынан келтірілген залал құны 92 млрд. теңгені құрап отыр. Атырау өңірінде жалған кәсіпкерлікті тіркеп, 1,1 млрд. теңге көлемінде салық төлеуден жал­тарған М.Әбуге, Г.Бабашеваға, Т.Құрманға­лиев­ке және А.Дүсіповке қарсы қозғалған қылмыстық іс аяқталып, сотқа жолдан­ды. Жалған кәсіпкерлікті тіркеп, 3,6 млрд. теңге көлемінде салық төлеуден жал­тарған А.Осипов жауапкершілікке тартылып, сотталды. Бірақ материалдық залал орны толтырылған жоқ.

Жалған кәсіпкерліктің нәтижесінде мемлекет экономикасына орасан зор залал келтіріліп отыр, бірақ мемлекеттік органдар осы қылмыстың алдын алуда жеткілікті шаралар қолданбайды. Сараптау нәтижесі жалған кәсіпкерліктің кеңінен тарауына бірден бір себеп болып отырған жайт заңдардың талапқа сай жетілдірілмегендігі екенін көрсетіп отыр. Бұл қалай жүзеге асады? Мәселен, банктер кедергісіз қомақты ақша берсе, Әділет министрлігі беймәлім мекемелерді белгісіз тұлғалардың атына тіркеп оты­рады. Ал салық органдары болса жауап­кершілігі шектеулі серіктестіктерді ұзақ уақыт бойына көзден таса қылып, тексеру жұмыстарын жүргізбеулерінің салдарынан олар есеп шоттағы ақшаны қолма-қол қаржыға айналдырып, қыл­мыс жасауға бейім орта калыптастырып үлгереді.

Сонымен, камералдық бақылау кезінде қосымша құн салығы бойынша тапсырылатын салық есебінде есеп-фактураларын түзеп-күзеген 3614 қожа­лық  субъектілері  анықталып,  оның 380-і заңды мекен-жайы бойынша табылмаған. 3088-і салық есебін мүлдем тапсырмай, 146-сы салық есебін нөл көрсеткішімен белгілеп тапсырған. Нәтижесінде бюджет қалтасына 97 млрд. кө­ле­мін­де ақша түс­пей қалды.

— Осыған байланысты, қазіргі таңда жалған кә­сіп­кер­лікке жау­ап­­кершілікті қатаңдатып, мемлекеттік ор­гандар жа­ғы­нан бақы­лау­ды күшей­ту­ге бағытталған заңдарға өз­гертулер мен толықтырулар енгізу қа­жет­тігі туып отыр дейсіз ғой.

— Иә, осы тұрғыда қазіргі қол­да­ныс­тағы заңдарға толық­тыру­лар мен өз­гер­­тулер ен­гі­зу қажет деп санай­мыз, нақтылы айт­қанда, банктерге, ақшалық опера­цияларды өткізу кезіндегі бақылауды қада­ғалап, жауап­кер­шілікті күшейту, мекемелерді тіркеу кезінде құжат тексеру тала­бын қатайтып, міндетті түрде Қа­зақстан Республи­касы азаматтары­ның жеке тұлғасын тіркеу реестрі арқылы анықтап, оны қаржы полициясы қызметкерінің қаты­суы­мен атқару; жалған кәсіп­керлікке жауапкершілікті күшейту, жалған кәсіпкерлердің есеп шо­тына ақша аударған мекеме бас­шыларына қатысты жауапкер­ші­лік­ті қатайту, есеп-шоттан қолма қол ақшаға ай­налдыру опе­ра­ция­ларына шектеу қою, салық орган­дары тарапынан бақы­лауды күшейту сияқты қажеттіліктер туғызу қажет.

— Мазмұнды әңгімеңізге рахмет.



Авторы: Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат