Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2005-12-13:

Жаһандану және қазақтар

 

МЕМЛЕКЕТ басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақтау мен Аты­рау қалаларында айтқан екі сөзі көңіліме ұялап, біраз ойға жетеледі. Ақтаудағы зиялылармен кездескенде Елбасы: “Я люблю “Мастера и Марга­риту” и “Томирис” я люблю. Но сколько можем жить в музее, в истории? Смот­рите, какие перемены происходят вокруг. Вы сами сказали, люди изменились, страна изменилась, история изменилась. И наши драматурги, писатели не могут написать произведения на современную тему. Какие на наших глазах происходят величайшие события” – деп, сонда отырғандарға ой тастай қарады. Ал, Атырауда жастармен кездескен жиында: – “Мен сонау 18 жасымда Украинаға барып, сонда оқып, Қарағандыдағы металлургия комбинатында жұмыс істе­дім. Қиын болды. Кейбіреулер “қазақ­тардың қолынан қой баққаннан басқа ештеңе келмейді” – деп жүрді. Мен өзіме “өлсем де осы жұмысты істеп, метал­лург болам” – деп ант еттім” деп жастық шағын еске алды.

Президенттің осы екі сөзінде өте терең сыр, аса маңызды проблема жатыр. Екі сөз де қазақтың болмысы мен болашағына қатысты деп ойлаймын.

Осы ойымды тарата айтайын.

Қазіргі заманда бүкіл әлем жаһандану үдерісіне еніп, мемлекеттер бір-бірімен тығыз байланыс орнатып жатыр. Әсіресе, экономика мен саясат салалары айрықша жаһанданып жатқаны белгілі. Техника мен ғылым да бұл үрдістен қалып жатқан жоқ. Соңғы екеуінің жалпы табиғаты – жаһандық. Олар бір ұлттың немесе бір қоғамның, яки бір мемлекеттің шең­берінде қала алмайды. Бұл салалардағы жетістіктер бүкіл адамзат кәдесіне жарайды. Олай болмаған күнде өркениет дамымайды. Міне, осы ғылым мен тех­ни­кадағы табыстарды қазақ елі де пайдалануда. Бүгінгі өмірімізде қолданып жүрген техникалық бұйымдар мен өнімдер, мініп жүрген көлігіміз, үстіміздегі киімдеріміз бен жеп жүрген тағамдарымыз, тұрып жатқан үйіміз бен ондағы алуан түрлі заттар (телефон, телевизор, тоңазытқыш, жиһаз, люстра, т.б.) – бұлардың бәрі қазақтың ежелгі дүниесі емес, сырттан келгендер, яғни жаһанданудың нәтижесі. Бірақ осыдан біз жамандық көріп отырмыз ба? Жоқ. Қайта қуана-қуана сатып аламыз, пайдаланамыз. Қалайық, қаламайық, бұл үрдіс толық енді біздің тіршілігімізге, еніп қана қоймай, әрі қарай тереңдей бермек, жайыла түспек. Ал сол нәрселер­дің бәрін қазақ өзі жасай ма? Жоқ. Неге? Себеп көп.  Ең басты себеп, әрине, ұзақ уақыт отарда болғандығымыз. Империя бұрын да, Кеңес кезінде де қазақты ұлттық езгіге салды. Өзінің мемлекеті, басшысы, зиялысы болмаған соң қазақта білім мен ғылым қалай дамысын? Батыс елдері ХV-ХVІ ғасырлардан бастап индустрия мен техниканы дамытып, ерте заманда-ақ өркениетке жеткен Шығыс мемлекеттерін басып озды. Олардың соңынан Ресей ілесті, бірақ жете алмады. Өзі Еуропадан қалып отырған мемлекет өзінің боданына түскен елді қайбір жарылқасын? Қазақстанның жер байлығын алуды ғана көздеген Кеңес өкіметі де техника мен технология саласында ұлттық кадр даярлауға құлқы болған жоқ, ал әскери-ракеталық ғылымға басқа ұлт өкілдерін жолатқан да жоқ. Сол себепті қазақ халқы озық техникалық, технологиялық, әскери-ракеталық ғылымдардан шет қалды. Қазақтар, негізінен, шикізат өндіру мен гуманитарлық салалар бойынша ғана маманданды. (Мұны 1992 жылы ВАК-ты құрған кезде байқаған едім). Міне, біздің техникаға, үлкен индустрияға ене алмай жүргеніміздің, тіпті қырымыздың жоқтығының бір себебі – осы.

Екінші себеп – қазақ менталитетінің бір парасы. Ғасырлар бойы сайын далада ғұмыр кешкен бабаларымыз табиғатпен үндес болған, үйлесімді өмір сүрген. Задында, қазақ – табиғаттың перзенті. Табиғат аясында тіршілік етіп, оған еш зардап тигізбей, экологиялық мәселе туғызбай, керісінше, табиғатты аялаған, мәпелеген, табиғатты – ана деп ұққан. Осындай таза табиғатта өсіп-өнген халық­тың жаны да, рухы да таза болып қалып­тасты. Тіпті отарланған кездің өзінде қазақ жан тазалығын, ар тазалы­ғын өзін қоршаған табиғатымен бірге сақтай алды. Алайда, бұл оңай болған жоқ.

Шетсіз де шексіз сахарада күн кешу – жекелеген бір адам үшін мүмкін емес, сондықтан қазақтар ұжымдасып, руласып өмір сүрген. Осы жағдай халық тағдыры мен тарихына әсерін тигізген, оның өзіндік менталитетін қалыптастырған: дүниеқоңыз болмау, байлықтан гөрі ар­лы­лықты жоғары қою (малым – жаным­ның садағасы, жаным – арымның сада­ғасы), қанағатшылдық (қанағатсыздық жалғыз атын сойғызар), төзімділік, күй таңдамау, тәубешілдік, ру мүддесін жеке бастың пайдасынан жоғары қою (у ішсең руыңмен), қонақжайлылық. Бұл қасиеттер қысы-жазы табиғат аясында мал бағып, көшіп-қонып, жыраққа, жақынға сапар шегіп, үнемі қозғалыста болған өмір салты мен географиялық-климаттық жағдай қалыптастырған ерекшелік еді. Яғни, бұрынғы көшпелі-малшылық өмір қазақтың мінез-құлқын, әдет-ғұрпын, мәдениетін дүниеге әкеліп, ғасырлар бойы тіршілігіміздің бар саласын реттеп, мәнін асырып, сәнін келтірген болатын.

ХІХ ғасырдан бастап, әсіресе, ХХ ғасырда осы қасиеттердің біразынан айырылдық. Өйткені қазақ елі отар­лықтың қамытын толық киген-ді. Со­ның салдары­нан ежелден келе жатқан салтымыз, дәстү­ріміз бұзылды. Ал ХХ ғасырда түгелдей отырықшылыққа көштік, сонымен бірге көшпелі өмір қалыптас­тырған рухани құндылықтардан ада бола бастадық, бірақ бәрінен бірдей айырыл­ғанымыз жоқ, біразын өзгерте пайдаланып, дамыта алдық.

Енді, міне, ХХІ ғасыр қазақ жұртын тағы да сынаққа түсірді. Бабаларымыз армандап өткен тәуелсіздікке қолымыз жетті. Дербес мемлекет ретінде өз еркіміз­бен өмір сүріп жатырмыз. Тәубе! Алайда, бұған тоқмейілсімеуіміз керек. Алдымызда үлкен проблема тұр: Тәуелсіздігімізді сақтап, баянды ету, яғни қазақ елі әлем картасында, тарих сахнасында мәңгі болуын қамтамасыз ету. Ол үшін не істеу керек? Міне, Президенттің әлгі екі сөзінің арғы түкпірінде жатқан мағына енді ашылмақ.

“Музей мен тарихта қашанғы өмір сүре­міз?” деген сөзі біздерді, әсіресе, зиялы қауымды қатты ойландыруға тиіс деп есептеймін. Егемен ел болғалы біз тарихымызға, өткен жолымызға, дінімізге, әдет-ғұрпымызға, дәстүрімізге қатты мән беріп келеміз. Бұл дұрыс та, өйткені бірнеше ғасыр езгіде болып, ұлттық құн­дылықтарымызды толықтай біле алмадық, бағалай алмадық, жинап-теруге, жария­лауға, зерттеуге мүмкіншілігіміз болмады. Соның есесін қайыру керек болды. Өз мемлекетін қайта құрып жатқан елге тарихи жадын қалпына келтіріп, өзінің ерте заманғы, орта ғасырдағы, бергі дәуірдегі өмірін, мәдениетін білдіру қажеттігі туды. Бұл тұрғыда айтарлықтай істер атқарылды әрі атқарылуда және атқарыла бермек. 1996-2000 жылдар арасында өткен “мәдениет жылы”, “тарих жылы” аясында біраз дүние жинақталып, жарыққа шықты, насихатталды. Табылған жаңа деректер мен тың мағлұматтар ғылыми тұрғыдан зерделеніп, оқулықтарға еніп те жатыр. Ал 2004 жылдан бері “Мәдени мұра” атты Мемлекеттік бағдарлама бойынша қаншама жұмыс істеліп жатыр? Осы бағдарламаның орындалу барысын Президенттің өзі тікелей бақылап, есеп алып отыруы – бұл игі істің толығымен жүзеге асатынының кепілі деп білеміз. Аталмыш бағдарлама ойдағыдай орындалғанның өзінде де халқымыздың тарихы, фольклоры, әде­биеті, әдет-ғұрпы, мәдени мұрасы көзден таса болмай, зерттеле бермек, өйткені олар жас ұрпақты отаншылдық рухта өсіруге баға жетпес құнды құрал болып қалатыны сөзсіз.

Сонымен қатар қазақ мемлекетінің мәңгі сақталуы үшін тарихты, рухани мұраны білу мен зерттеу жеткіліксіз. Ол үшін біздің мемлекет өркениетті болуға тиіс. Ондай болмаған жағдайда біз адамзат өркениетіне ілесе алмаймыз. Ылғи артта қала берген ел басқа мықты жұрттармен тең сөйлесе алмайды, бірте-бірте тарих сахнасынан ысырылады. Кейбір халықтар осылай жоғалған. Олар өмір өзгерістеріне бейімделе алмай, бәсекеге жарамай, күштілерге жем болған, сөйтіп үні де өшкен, өзі де ғайып болған. (Құдай оның бетін ары қылсын!). Осындай күйге түспеу үшін тарихты білумен бірге, одан тағылым алып, пайдалана білу қажет. Ендеше біз тек өткенді сөз ете бермей,  бүгінімізді таразылайық, келешекті ойлайық. Жұрттың санасын енді тек бұрынғыға емес, алға бұру қажет. Біздер, зиялылар, осы бағытта не істеп жүрміз? Өкінішке қарай, шынын айтқанда, тындырғанымыз шамалы-ау. Көбіміз сол ескі ауылды айтып, бұрынғы жақсылықтарды ғана әңгімелеп, жастарға баяғы, өзіміздің жас кезіміздегі әндерді, салт-дәстүрлерді үлгі етіп жүрміз. Эко­номика, саясат, ғылым жаһанданса жаһандансын, бірақ рухани мәдениет жаһанданбауға тиіс, әйтпесе ұлттық сипаттан айырыламыз. Қазақты сақтайтын ауыл, ауыл – алтын бесігіміз, сондықтан ауылды көркейту керек деп мақала жазамыз, баяндама жасаймыз. Бұрынғы заман тұрғысынан қарағанда бәрі дұрыс, солай болуға міндетті. Алайда, осымыз  бүгінгі жедел дамып отырған қоғамға қаншалықты сай, осыны ойланайықшы. Қайтсек қазақ мемлекетін дамыған елдер­мен теңдестіреміз,  ол үшін не істеуіміз керек? Бұл сауал бүкіл қазақ жұртын мазалауға тиіс. Қалың қазақ болып, бәріміз бірігіп, мемлекетіміздің мәңгі жасауын қамтамасыз ету үшін ең алдыңғы қатардағы ғылым мен техниканы, технологияны, білім мен мәдениетті меңгеруіміз керек.

 

ТӘуелсіздік баянды болуы үшін мемлекет күшті болуы тиіс. Ол үшін мемлекетті нығайту керек, оны барлық жағынан дамыту қажет. Бұған, ең алдымен, ғылым мен білімді жетілдіріп, озық техника мен технологияны меңгеру арқылы ғана қол жеткізуге болады. Президент пен Үкіметтің бүгінгі таңда дәл осы салаларға қатты көңіл бөліп, реформа жүргізіп, нақты іс-шаралар атқарып жат­қаны – сол келешектің қамы.

Зиялы қауым мен БАҚ-тың өкілдері осы бағытта жұмыс істеп, қоғамдық пікір қалыптастыруы орынды болар еді. Жұртты тек өткенді ойлауға емес, болашақты болжауға шақырып, перспективалық істерге жұмылдыру міндеті тұр. Өткенімізді, бүкіл тарихымызды, бұрынғы өмірімізді мансұқтамай, соларды айта, біле отырып, алға қарау, озық өркениетке жету мәселесін көтеру, бұқараның ниетін, көңіл-күйін соған бұру және сендіру – өте маңызды әрі қиын шаруа. Мұны атқару дегеніміз – бүкіл халықты жаңа бағытқа, дәлірек айтқанда, бір жағынан, қазіргі өмірімізді  жан-жақты таразылап, оның күнгей де, көлеңкелі де жағын көре біліп, оны жетілдіру болса, екінші жағынан, қазақ ұлтын техника мен технологияны меңге­руге шақырып, халқымызды индустриялық ұлт дәрежесіне көтеру деген сөз.

Тәуелсіздік алғанымызға биыл, мінеки, он төрт жыл болды. Құдайға шүкір, макроэкономикада, ішкі және сыртқы саясатта жеткен табыстарымыз орасан. Рухани тіршілігімізде де жетістік жоқ емес. Бірақ осының бәрі оңайлықпен келіп жатқан жоқ. Нарық басталғанда қаншама байлығымызды өзіміз игере алмай, шетелдіктерге беруге мәжбүр болдық. Осы тұста біздің қаракөздердің жағдайы онша болған жоқ. Біріншіден, техника мен технологияны қажетті дәрежеде меңгерген қазақ кадрлары, инженер-техникалық мамандар жетіспеді. Осыны сылтау еткен шетелдіктер қазақ жұмысшыларының заңды құқықтарын аяқасты етті. Екіншіден, Кеңес өкіметі кезінде мемлекетке сеніп, масылдыққа бой алдырған жұрт нарыққа тез бейімделе алмады. Біразы әлі күнге дейін қиналуда. Ауылда жұмыс таба алмай, қалаға келгендер де олжаға батып жүрген жоқ.

Қоғамымызда болып жатқан осындай күрделі үдерістер, адамдар санасындағы өзгерістер – әдебиет пен өнер қайрат­керлеріне өте қызық шығармашылық мате­риал екені күмәнсіз. Экономика­мыздың алға басуы кезіндегі нарық талабына бейімделіп жатқан жұрттың жай күнделікті тіршілігі ғана емес, өмірдегі қайшылықтар, адамдардың психологиялық, әлеуметтік, рухани жай-күйі, ішкі толға­ныстары, олардың ойындағы  күдік пен сенімнің арпалысы, арманы мен  үміті, мақсаты мен тілегі – бәрі ақын-жазушы­лардың, драматургтер мен режиссерлердің, театр қайраткерлері мен кино шеберле­рінің, теледидардың небір әдемі көркемдік ізденістерін, талантты туындыларын өмірге әкелері сөзсіз. Он бес жылғы тәжірибе үлкен көркемдік жинақтауға молынан жететіні де күмәнсіз. Мемлекет басшы­сының Ақтаудағы сөзі көркем шығарма­шылық адамдарын осыған міндеттеп отыр.

Шынын айту керек, біздің ақын-жазушыларымыз бен драматургтеріміз бүгінгі құбылыстардан гөрі бұрынғы жәйттерді, әсіресе, ауылды, әрі кетсе аудан өмірін суреттеуге бейім. Тіпті кейде ауылды идеализациялап та жібереді. Әлбетте, ауылды жек көрмейміз. Бәріміз ауылдан шықтық. Балғын балалық шағымызды сағынып, ауылды аңсаймыз. Ауыл – алтын бесігіміз екені де рас. Бірақ қашанғы бесікте жата береміз?! Бәріміз де өстік, біразымыз ауылдан кетіп, қалада тұрып жатырмыз. Ал біздің аңсап жүргеніміз қай ауыл? Кеңес өкіметіне дейінгі ауыл ма, әлде Кеңес кезіндегі ауыл ма? Кеңеске дейінгі ауыл бүкіл өзінің болмысымен енді қайтып келе қоймас, себебі өзінің классикалық түріндегі көшпелі-малшылық өмір тарих сахнасынан кетті. Кеңес тұсындағы ауыл да енді қайтып келмейді. Нарық ол жүйені бұзды, ауылға бұрын­ғыдай үнемі дотация берілмейді. Демек, ол ауыл жоқ. Сонда біз нені аңсап, жастарға нені насихаттап жүрміз?

Ауылды қалай көркейтеміз? Меніңше, жаңа ауыл жасауымыз керек! Ауылды индустрияландыру шарт. Ауыл жыл­дарында бұл бағытта жасалған істер туралы хабардармыз. Шағын ауылдарды бір жерге шоғырландырып, ірілендіріп жатырмыз. Бұл дұрыс. Рас, кіндік қаны тамған жерін адам қимайды, бірақ ары қарай даму үшін бұл қажет. Іріленген ауылдар мен аудан­дарды индустрияландыру тиімдірек.

Индустриялық даму ауылға ғана емес, қалаға да керек, бүкіл қоғамға, әсіресе, қала қазақтарына қажет. Қазіргі кезеңде урбанизация қатты жүріп жатыр. Нарық осыған әкелді, қазақтар қалада көбейе бастады. Бұл жақсы, алайда осы үдеріс өз бетінше, стихиялы түрде жүріп жатыр. Оны бір жүйеге түсіру жағын ойластырсақ, жаман болмас еді.

Қалаға келген қазақтарды жұмысқа орналастыру өте қиын, өйткені олардың қажетті мамандықтары жоқ. Демек, ең алдымен оларды мамандандыру қажет. Ол үшін, меніңше, орта техникалық білім беретін оқу орындарын ашып, бір жылда электрик, дәнекерлеуші, сантехник, краншы, кірпіш қалаушы, шойыншы сияқ­ты қалаға, өндіріске, қала тұрғындарына өте қажетті мамандар дайындауына болатын сияқты.

Жалпы, ХХІ ғасырда қазақ халқы қалалық ұлт болатыны көрініп тұр. Олай болса, жастарымызды қала өміріне, оның барлық саласын қамтитын мамандарды меңгеруге қазірден бағыттауымыз керек. Қалалық ұлт болған соң үлкен индуст­рия­ны да меңгеру қажет. Қарағанды, Балқаш, Өскемен, Павлодар сияқты қалалардағы индустрия алыптарында қатардағы жұмысшыдан бастап, цех жетекшісі, инженер басшыға, директорына дейін қазақтар болатын жағдайға қол жеткізуге тиіспіз. Сонда біз “қой бағуды ғана білетін қазақ” дегенді жоққа шығарып, қолымыз­дан бәрі келетінін дәлелдер едік.

 

Қалалық  ұлт болу үлкен ин­­дустриямен қатар ауқымды сауда-саттықты, қомақты капитал жинау тәсілдерін де жетік меңгеруді талап етеді. Қазақтың арасынан әлемдік деңгейдегі олигархтар шығып, миллиардер атанып жатса, олар ұлттың мүддесіне қызмет етсе, білімді де білікті инженер-техникалық кадрларымыз көбейсе, олар өндіріс пен ғылымды ұштастыра отырып, озық технологияға қол жеткізсе, қазақ мемлекеті дамыған елдер қатарына қосы­лары сөзсіз. Бірақ мұның бірі де оңай­лықпен жүзеге аспайды. Оған ұзақ уақыт бойы мақсатты түрде қажырлылықпен жұмыс істеп, бүкіл қазақ болып атсалысуымыз керек.

 

Қалалық ұлт болу біздің мента­литетімізге де өзгеріс енгізеді. Табиғаттың аясында емін-еркін өмір сүріп, уақыт пен кеңістіктен шектеуді білмей өскен халық енді жайбарақаттықты қойып, ширауға тиіс, қаланың сан-салалы тіршілігін игеруі керек, өзінің іскерлік мүмкіндігін арттыруы қажет. Өзгелер айтып жүрген “аңқау, болбыр, бос, жалқау қазақ” деген сөздерінен құтылып, енді “іскер, еңбекқор, білгір, ақшалы, ауқатты қазақ” деп мақтайтын жағдайға жету – ең алдымен осы қалалық өмірде өзімізді қалай көрсете аламыз, қалай қалаға бейімделеміз – соған байланысты.

Қалалық өмір адамдардың ара-қатынасына, мінез-құлқына, болмысына да өзгеріс әкелетіні белгілі. Қалалық ұлт болсақ, біздің бұрынғы ұғым-түсінігіміз де, мәдениетіміз де басқа сипат алады. Бұл бізді шошытпауға тиіс. Тарихтан белгілі, бүгін өркениеттің шыңына жеткен халықтар өздерінің ежелгі мәдениетін сол қалпында сақтап қалған жоқ, өйткені олар қоғам ретінде өсу, даму барысында мәдениетін де өзгертіп, дамытып отырды. Оның үстіне басқа халықтармен аралас-құралас болған соң, ауыс-түйіс болып жататыны табиғи. Тіпті тілдің өзі де осындай құбылысты бастан кешіреді. Мәселен, өлі тілдер немесе көне заманғы тілдер бүгінгі тілдерден бөлек. Ежелгі грек, парсы, араб, қытай тілдері бүгінгі тілден мүлде басқаша. Тіл де мәдениеттің бір саласы болғандықтан, үнемі даму үстінде болады.

Қазақ тілі де солай. Біздің ең ескі тіліміз – көне түрік тілі, содан соң орта ғасырдағы түркі, кейін шағатай тілдері мен қазіргі тіліміз бірдей емес. Тіпті ХІХ ғасырдағы “Түркістан уалаяты” мен “Дала уалаяты” газеттеріндегі тілдің өзгешелігі аз емес. Қазақ тілі бүгін де даму үстінде. Тілімізге нарық пен жаһандану енгізіп жатқан сөздер баршылық. Өмірдің ағымы оған тосқауыл бола алар емес, керісінше, оны күшейтуде. Қазақ тілі үшін қауіптісі бұл емес. Қазақ тілі үшін ең басты мәселе – бүкіл Қазақстан сөйлейтін, жазатын тіл болу. Біз неғұрлым тезірек қалалық ұлт болсақ, қазақ тілі соғұрлым жылдамырақ барлық салаға енеді, өзінің қолданыс аясын барынша кеңейтеді. Басқаша айтқанда, қазақ халқының 65-70 %-ы қала тұрғыны болып, қалалық тұрмыс-тіршіліктің, өндіріс пен сауда-саттықтың, техника мен технологияның амалдарын, әдіс-тәсілдерін меңгеріп, маманданса, олар күнделікті жұмысында қазақ тілін пайдаланар еді, сөйтіп өз салаларына да тілімізді енгізер еді. Ал мұның өзі осы күні жете алмай жүрген мақсатымызды жүзеге асырар еді. Сол сияқты қалада қазақ басым болса, көшеде де, дүкенде де, театрда да, мекемеде де қазақ тілі үстем болмас па еді? Міне, қалалық ұлт болудың тағы бір ұтымды жағы осы ма деймін.

Әрине, қалалық өмір салты мәдениетті де өзгертпей тұрмайды. Тұрмыс мәдениеті өз алдына, ал рухани мәдениет, әсіресе, ұлтымыздың дәстүрлі өнері, фольклоры, ән-күйі, әдет-ғұрпы қандай күйде болмақ? – деген сұрақ бәрімізді мазалайды. Жаһандану тұсында бұл сауал тіпті өткір тұр. Осыған орай, бір нәрсені анықтап алу керек тәрізді. Дәстүрлі рухани мәдениетті еш өзгеріссіз, дәл бізге жеткен күйінде пайдалану ма, әлде оны өзгерте, жаңарта кәдеге жарату ма – осы екеуінің қайсысы тиімді?

Меніңше, екеуін бір-біріне қарсы қоймай, оларды бірлікте қолдана білген жөн. Қазіргі әлемдік біртұтас ақпарат кеңіс­тігінде мәдениетімізді еш ықпалсыз да­мыту мүмкін емес және дәстүрлі мәде­ниетті сол күйінде сақтап қалу да қиын, ол да өзгеріске ұшырайтыны күмәнсіз. Әңгіме сол өзгеріс қандай және қаншалықты бола­тынында. Сонымен қатар сыртқы ықпал қай жақтан, қандай дәрежеде болып жат­қанын жақсы біліп, соны ескеру қажеттігі.

Бүгінгі таңда бізде қайшылықты екі үдеріс жүріп жатыр. Бірі – тәуелсіздікке жеткеннен кейін өзіміздің көне тарихи, мәдени мұрамызды білуге ден қойдық. Жетістігіміз аз емес. Кемшілігіміз де бар. Әр ауылдан бір-бір қолбасшы батыр мен ұлы ақын шығардық, сансыз той өткіз­дік. Кейде ойлайсың, оу, соншама баты­ры­мыз көп болса, біз неғып отарлыққа түскенбіз? – деп. Маман еместер тарих жазып, жұртты шатастыруда. Бірақ, бір жақсысы – халқымыздың тарихи жады оянды, қазақ өзінің ежелгі мәде­ниетін білді, соны пайдаланып жүр. Демек, дәстүрлі мәдениетіміз әлі сақталуда, өмір сүруде.

Екіншісі – жаһандану мен ақпарат кеңістігінің ашық болуына байланысты шетелдік төмен сапалы “тобырлық мәде­ниеттің” дендеп енуі. Әлбетте, шетелдің классикалық мәдениетінен қашуға болмайды. Алайда, бізге келіп жатқаны - өте сүреңсіз, қай жағынан болса да сын көтермейтін нәрселер, оларды мәдениет туындысы деудің өзі қиын.

Міне, осы екінші үдерістің ықпалын азайтып, оны Қазақстан мәдени кеңісті­гінен ысыруды ойластырған абзал. Ол үшін не істеу керек? Кеңес өкіметі уақы­тындағыдай “темір шымылдық” құру мүмкін емес, қатал цензура да қоюға бол­майды, тыйым салып, қатаң бақы­лауға алудың да реті жоқ. Ендеше, бір-ақ қана жол бар. Ол – мәдени-творчестволық бәсекеге түсу.

 

ҚазаҚ халқы талантқа кенде емес. Біздің өнер қайраткерлеріміз сол сырттан келіп жатқан кез келген видеоклиптен, телесериалдан, т.б. дүниелерден артық болмаса, кем туынды жасамайтыны күмәнсіз. Оның бір дәлелі – осы күні жастардың сүйіп қабыл­дай­тын “Ұлытау”, “Мұзарт”, “А-студио” сияқ­ты музыкалық топтардың, А.Ең­се­пов, Ж.Серкебаева, Лана, Беркут тәрізді орындаушылардың шеберлігі. Олардың кейбіреуі Еуропада, Америкада үлкен табысқа жеткені де белгілі. Осындай та­лантты өнерпаздар тобын көбейтіп, олар­ға қолдау жасасақ, материалдық жағынан көмек берсек, олар бірте-бірте бөтен жұрттың “тобырлық мәдениетін” ысырар еді, жастар соларды ғана тамашалар еді.

Қалалық ұлт болған соң қоғамда дәс­түр­лі өнермен бірге қалалық мәдениет те пайда болары хақ. Ондай мәдениет тақыр жерде тумайтыны белгілі. Ол өзіміздің ежелден келе жатқан мәдениетке сүйе­ніп, соған негізделеді, әрі әлемдік мәде­ниет­тен де алады, сөйтіп жаңа мәдениет дүниеге келеді. Дәл осы жолмен жүрер болсақ, өзіндік сипаты бар, ешкімге ұқсамайтын қазақы қалалық мәдениет жасар едік. Ол бұрынғы көшпелі дәуір­дегі мәдениеттің үнін, мәнін сақтай оты­рып, осы күнгі үрдіске сай оны жаңғырта пайдалануға тиіс, жаңа заманның талап-талғамына сай өңдеп, әрлеп, дамытуға міндетті. Әлбетте, бұл басқа жұрттың да мә­дениетінен нәр алу арқылы жүзеге ас­пақ. Демек, біз қанша бой бермейміз де­сек те, мәдениетіміз жаһандануға түседі. Мәселе соны дұрыс бағытта жүргізе білуде.

Қоғамның келешегі – жастар. Олар өз дәуіріне сай өмір сүргісі келеді, өз ұғым­дары мен түсінік-пайымдары бойын­ша тірлік етуге тырысады. Аға ұрпақ­тың міндеті – жастарға жалаң үгіт айтып, оларға өзінің жастық шағындағы құндылықтарды тықпалай бермеу. Олай болмаған жағдайда жастарды өзімізден алшақтатып аламыз да шетелдік ұста­нымдардың құшағына енгізіп жібереміз. Көркем шығармашылық адамдары, БАҚ-тың өкілдері, әсіресе, теледидар мен ра­дио қызметкерлері сол жастар үшін жұ­мыс істеуі керек деп ойлаймын. Жастарға ұнайтын, бүгінгі ағымға сәйкес бағдарла­ма мен шығармаларды көбейту ләзім. Оларды, бір жағынан, индустрия­лық ма­ман болуға бағыттасақ, екінші жағынан, тамырымыздан қол үзбеген, бірақ жаңа­ша өрнектелген мәдениетке ұмтылдыруға міндеттіміз. Сонда ғана олар қазақтың заман талабы мен сына­ғына төтеп бере алатын күшті мемлеке­тін, оның мәдение­тін әлемдік деңгейде дамыта алады. Қазақты қалалық, индустриялық ұлт ететін де, қазақтың қалалық мәдениетін жасайтын да, қазақ мемлекетін әлемнің өркениетті елдерімен бар жағынан теңес­тіретін де – қазіргі  жастар мен келер ұрпақ. Сондықтан оларды осы бастан жан-жақты тұлға болуға дайындауымыз шарт. Елбасы жүзеге асырып отырған “Болашақ” бағдарламасы – осы бағыт­тағы үлкен бастама. Ендігі мақсат – сол бастаманы тереңдете, кеңейте жалғасты­ру, дамыту. Қазіргі таңда “Болашақ” ең алдымен техникалық мамандықтар бойынша дайындауға басымдық беріп отыр, бұл – өте дұрыс бетбұрыс. Менің ойымша, ұлтымызды, мемлекетімізді жедел ин­дустрияландырудың тағы бір жолы бар сияқты. Ол – “Болашақтан” өзгеше. Индустриялы дамыған елдерге тех­ни­калық, технологиялық университет­терді бітіріп, үлкен өндірісте еңбек етіп жүрген қазақ (басқа да ұлттың) жігіттерін 1-1,5 жылға оқуға, стажировкаға жіберсе, қалай болар еді? Ол жігіттер – даяр ма­ман, өндірісте істеген тәжірибесі бар. Сол себепті олар барған елдің өндіріс орын­дарындағы озық технологияны тезірек меңгеріп алар еді. Сол үйренгенін өзіміз­ге әкеліп, қажетінше іске қосса, индустриялану тезірек әрі сапалырақ болар ма еді? Әрі қазақтың инженері көбейіп, өзіміздің техникалық біліміміз бен ғылымымыз жетіле түсер еді және жаңа техникалық, индустриялық интел­лигенциямыз да қалыптасып, қоғамға игі ықпал жасар еді. Бұрыннан қалыптасқан техникалық интелли­генциямыз, өкінішке қарай, үлкен өндірістен қол үзіп қалды. Жаңа буын оларға да жаңа серпін берер еді.

Әрине, бұлардың бәрін жүзеге асыру – оңай шаруа емес. Менің айтып отырғандарым – тілек қой. (Тілек деген жаман нәрсе емес екені бесенеден белгілі). Тілекпен бірге ойымдағыны айттым. Сөздерім, бәлкім, зиялы қа­уымға, азаматтарға, мемлекет қызмет­керлеріне ой тастар деп жаздым. Бір нәрсені есте ұстасақ деймін. “Бүгінімен мақтана алмаған халық өткенін ғана сөз етеді” деген сөз бар. Өткенімізді саралайық, бүгінімізбен мақтанайық, келешекті ойлап, барлайық, соған жұмыс істейік. Армандайық

Авторы: Сейіт ҚасҚабасов, академик.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат