Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-01-27:

“ДНЕПРДІҢ” ДҮМПУІ НЕМЕН БІТТІ?

 

Былтырғы, 2006 жылғы шілде айының 27-сі күні Байқоңыр аспа­нының аясында “Днепр” зымыран тасығышының, яғни РС-20 ұшқыш жабдығының қанасынан қақ жары­лып, осы маңдағы аумаққа от-жа­лы­нын шашыратуынан кейін іле-шала көтерілген ду-дабырдың дүр­кі­рі қызуы қашқан қоламтаның шо­ғындай бірте-бірте басылып ба­рады. Біздіңше, бұған қаншама даңғаза қағып, дабыра көтерген­мен, содан бергі аралықта тап осы жарылыстың жарғағынан жанын жұлып жейтін жүлгідегі нөпір на­һан­ның бой көрсете қоймағаны бас­т­ы себеп бо­лып отыр. Іншаллаһ, сол зымы­раннан төгілген улы хи­микаттардың зардабынан айрықша ауру тапқан адам баласы Қармақ­шы төңірегінен кездесе қойған жоқ.

Қалай дегенде де, арада өткен бес айдан артық мерзімнің қо­ры­тындысына сай атал­мыш өңірде ненің істеліп, ненің күн тәртібіне қойы­лып отырғанын жалпақ жұртқа жеткізген ләзім. Бұл тұрғыда атал­мыш оқиғаның бір түйінін түю үшін облысқа өткен жылғы күзді күні үкіметтік комис­сия мүше­лерінің тағы да ат басын іріккенін ауызға алар едік. Осы комиссияны облысқа бастап келген Білім және ғылым министрі бұл жол­ғы мәжі­ліс­тің зымыран тасы­ғыштың құлау себебі мен соның салдарынан орын алған залалдарды анықтаудың түп­кілікті қорытын­дысы болмағаны­мен, осыған қатыс­ты көптеген мәсе­лелерге нақты жауап беретін мінбе болғалы тұрға­нын тілге тиек еткен. Расында көш­пелі комиссия­ның сол жолғы сапа­рының барысы көп жәйттің көңіл көлінің бетіне қалқып шығуына мұрындық жаса­ды. Осының нәти­же­сінде Қазақ­стан және Ресей Фе­дерациясы Үкі­меттері комиссия­ларының бірлес­кен хаттамасы дү­ниеге келді. Ол бұған дейін екі жақтың 2006 жыл­дың 4 тамызы, 22 қыркүйегі, 5,11 және 13 қазаны күндері қол қойыл­ған хаттамалары, сондай-ақ 24 қа­зандағы бірлескен есебі, штаб бас­тықтарының 19 тамыздағы шешімі мен осы күнгі қабылдау-өткізу актілері негізінде жасалды. Сөйтіп, өткен жылғы 27 шілдеден 24 қазан­ға дейінгі аралық­та осы төңіректе атқарылған жұмыс­тардың арқасын­да мынадай жәйттер анықталды.

Ең алдымен апаттың орын алу себебі жайында айтқанымыз абзал. Ресей Федерациясының арнайы ведомоствоаралық комиссиясы жүр­гізген талдау апат зымыранның №4 жану камерасының гидротарт­қышы жұмысында қысқа мерзімге ауыт­қушылық болуынан екенін анық­тады. Осының өзі зымыран та­сығыш­тың өз жолынан жаңы­луы­на апарып соқтырған. Бірақ, оның пайдаланылу мерзіміне бай­ланысты ақау бергендігі жөнінде тұжырым жоқ. Сондықтан оны өндірістік апат ретінде бағалаған дұрыс. Осыған орай ведомоство­ара­лық комиссия РС-20 зымыран­дарындағы ғарыш аппараттарын ұшыруға арналған тиісті тұрбалар­дың жылу ұстағыш жағдайына қайта тексеру жүргізуді тапсырды. Бұл комиссияның қоры­тындысы Қазақстан жағына белгі­ленген тәр­тіпке сай дипломатиялық арналар­мен жеткізілді.

Осы күндері Ресей мен Қазақ­станның үкіметтік комиссиялары апаттың зардаптарын жою жөнінде бірлескен штаб құрған болатын. Осы штабтың басшылығымен зы­мыран тасығыш пен космостық аппараттардың құлаған аумағынан оны іздеп табу, жерде қалған қаң­қалары мен сынықтарын жинап алып, сыртқа шығарып тастау жұ­мыстары жүзеге асырылды. Екі ел­дің ғылыми және ғылыми-өнді­ріс­тік ұйымдары апат болған аудан­дағы қоршаған ортаны тексеріп, талдау жасаумен айналысты. Со­ның барысында қоршаған орта ны­сандарына 289 мәрте сынақ жасап көрілді. Атап айтқанда, 197 жерден топырақтың, 64 рет өсімдіктердің, 22 мәрте судың, 6 ауқымды ауаның құрамдары арнайы тексеруден өт­кізілді. Зымыран тасығыштың бөл­шектері екі мәрте тексерілді. Бұ­лардың бәрі Қармақшы ауданының аумағындағы зымыран құлаған Жа­ңа­қала және Қуаңдария ауылдары­ның іші мен маңайларынан жүргі­зіл­ді. Тексерулердің нәтижесінде, сынықтар түскен жерлерде топы­рақ­тың беті зымыран отыны қал­дықтарымен бүлінгені анықталды. Комиссия мүшелері жер қыртысы бү­ліншілікке ұшыраған аумақтар­дың шеңберін де белгіледі. Сонда “Днепрдің” бірінші және екінші кезеңдері құлаған жерлерде бірі айналма радиусы 300 метрді ала­тын, екіншісі 50 метрге баратын шұң­қырлардың пайда болғанына көз жеткізілді. Сосын бүлінген то­пы­рақты тиісті тәсілге сай тазар­тып шығу қолға алынды. Бұл ре­куль­тивация жұмыстарының шы­ғы­нын Ресей жағы толықтай кө­терді.

Әлбетте, бұл жұмыстардың ең басында апат орын алған жерге жақын орналасқан Жаңақала және Қуаңдария ауылдарының тұрғын­дарының медициналық-сани­тарлық ахуалдары тұрды. Осының алдыңғы қатарында мұндағы жұрт­тың ден­сау­лық жағдайлары мұқият тексе­руден өткізіліп шықты. Мұ­ны екі елдің ма­ман­дары қа­тарласа жүр­гізді. Бір қуа­ныш­тысы, бірнеше күн бойына екі елді мекеннен тексеруге жеткі­зілген 2080 адам­ның ішінде зардапқа ұшыраған, дене жарақа­тын алған кісілер кездескен жоқ. Сол сияқты тұрғындар ара­сында зымыран отыны қоспала­рынан қат­ты уланған да ешкім табыл­мады. Бұдан қалды, ауыз су мен ашық су көздеріне жүргізілген зертханалық тексерулер олардың құрамдарында гептилдің немесе оның шашыраған қалдықтарының жоқтығын көрсетіп берді.

Апат болған аймаққа экология­лық және санитарлық-гигиеналық мониторинг жүргізуге де айрықша көңіл бөлінді. Осыған орай ғылы­ми-техникалық кеңес құрылды. Оның міндеті 2007-2009 жылдары аудан көлеміндегі экологиялық жағдайды тексеріп тұру болып табылады. Ал, мониторинг жүргізу барысында РС-20 зымыранының апатқа ұшырауы­на байланысты қосымша шығын көздері анықтала қалса, екі жақ жаңа іс-шаралардың келісімді ке­шенін орындайды. Бұ­лардың екеуі­нің қаржысы да Ресей жағынан шыға­рылады. Бірлескен хаттамада осы апаттың әсерінен келген шы­ғын­ның мөлшері де анық көрсе­тілген. Ол 141 823 110 тең­гені құ­рай­ды. Осының ішінде экологиялық шығын 94 582 416 теңгеге баға­ланса, мемлекеттік ор­ган­дар мен ғылыми ұйымдардың шығыны 47 240 694 теңгені толты­рады. Бұл қа­ражатқа қатысты мате­риалдар қараша айында түгел Ре­­сей жағына өткізілді. Алдын-ала ке­лі­сім бой­ынша бұл ақша хатта­ма­ға қол қой­ылған күннен кейінгі екі ай мерзім­нің ішінде Қазақстан жағына жетуі тиіс. Мұның ішінде экологиялық шығынға көрсетілген сома – Қы­зыл­орда облысының, мемлекеттік органдардың шығын­да­рына бері­летін қаржы республи­каның бюд­жет­теріне, ал ғылыми ұйымдардың сұранымдары “Ин­фра­кос-Экос”, авиалық қызметтің ақысы “Кавиас­пас” мемлекеттік кәсіпорындары­ның есепшоттарына түседі. Соның ішінде Қызылорда облысына эко­логиялық жағынан келген шы­ғын­ның орнын жабу үшін түсетін қара­жаттың қайда және қалай жара­тылатынын алдағы уақытта облыс әкімінің ұсынысы бойынша облыс­тық мәслихат қа­рап, шешетін болады.

 Біз әңгімелеп отырған хаттама екі елдің үкіметтік комиссиясының РС-20 “Днепр” зымыран тасығы­шы мен ғарыштық аппараттары­ның құлауына байланысты жүргі­зіл­ген бірлескен жұмыстары толы­ғымен тәмамдалды деген шешім қабыл­дады. Федеральды ғарыш агенттігі мен ҚР Төтенше жағдай­лар жө­ніндегі министрлігіне “Бай­қоңыр” ғарыш айлағынан ұшы­рыл­ған зымырандар апатқа ұшы­раған жағ­дайда ақпарат алмасудың тәртібін белгілеп алу тапсырылды. Екі елдің өкілетті органдарының өзара үйлесе қызмет жасасуларын жетілдіру мақсатында 2007 жылдың үшінші тоқсанында “Байқоңыр” ғарыш айлағында бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізу келісілді. Бұл жиынға Ресей мен Қазақ­стан­ның мүдделі министрліктері мен ведом­стволарының оперативті топтары, іздеуші және құтқару бө­лімшелері қатыспақ. Сол сияқты ғарыш айла­ғынан ұшырылған ра­кеталардың қоршаған ортаға әсе­рін, соның ішінде апат бола қалған жағдайда келетін залалдың мөлше­рін анықтап тұру мақсатында бекі­тілген екі жақты келісімнің тәртібі­не сәйкес Байқоңыр қаласынан “Инфракос-Экос” мемлекеттік кә­сіп­орнының химиялық талдау зертханасы ашы­латын болды.

Өткен жылғы шілденің аяқ жа­ғында орын алған “Днепр” зымы­ран тасығышының апатынан кейін жасалып жатқан шаралардың жүл­гесі осындай.



Авторы: Серік ПІРНАЗАР. БАЙҚОҢЫР.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат