Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-02-09:

Жұмағұл СААДАНБЕКОВ:

“Қазақ бауырларымыздың бағы зор!”

 

Жұмағұл Сааданбеков 1940 жылы туған. Мамандығы  – физик-математик, философия ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын 1960 жылы ауыл мектебінде физика және математика пәнінің мұғалімі болудан бастаған. Аспирантураны бітірген соң Ұлттық ғылым академиясында жұмыс істеген. 1973 жылдан бастап партиялық қызметте болды. Қырғыз КСР-і Жоғарғы кеңесінің екі шақырылымының депутаты. 1998 жылға дейін Ыстықкөл облысының губернаторы. Сол жылдың сәуір айынан дипломатиялық қызметте. Соңғы жылдары Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі.

Төменде қырғызстандық дипломаттың Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан жолы” кітабына байланысты ой-толғамын жариялап отырмыз.

 

Бұл кітапты оқып шыққаннан кейін қазақтың ақиық ақыны Жұбан Молдағалиевтің “қазақ мың өліп, мың тірілген” деген ұшқыр сөздері есіме түсті. Шы­нында да, бүгін қазақ елі күлден қайта тірілген Феникс құсы сияқты қайта туып, қайта дүркі­реп, өркендеп, бүкіл дүние жүзіне танылып қана қоймай, таңғал­дырып та отыр.

Нұрсұлтан Назарбаевтың аталған кітабын, шын мәнінде, мың өліп, мың тірілген қазақ халқының мыңдаған жылдар бойы армандаған қайта өрлеуінің эн­цик­лопедиясы десем, артық айт­қандық болмайды. Н.Назарбаев кітабында: “Автор өзі жазғанынан қашанда біршама үлкен” деген ойды көлденең тартады. Бұл Н.Назарбаев кітаптың авторы ғана емес, жазылып отырған тарихты жасаушы, Еуразия жүрегіндегі жаңа Қазақстанның бас сәулет­шісі болып отырған тұста жүзде­ген есе айшықтала түседі.

КСРО ыдырағаннан кейін жаңа тәуелсіз мемлекет құру Қа­зақстанның басты мақсаты болды. Ондаған мемлекет егемендікке формальді түрде ғана ие екені, ал тек экономикалық және әскери-саяси тұрғыдан ең қуатты жекеле­ген елдер ғана нағыз егемендікке ие екені ешкімге құпия емес. Өткен ғасырдың бұлыңғыр 90-шы жылдарында, ыдыраған үлкен мемлекет аса ауыр кезеңді бастан кешіріп жатқан тұста Қазақстан да әлеуметтік ауыртпалықтардан ада емес болатын. Міне, сондықтан Н.Назарбаев пен оның команда­сы­ның иығына жауапты да тағ­дыр­шешті міндет – өзімен тең, тіпті зор елдердің мүдделеріне бағынбай, ұлттық мүддені жоғары қоя отырып саяси стратегиясын айқындау міндеті жүктелді. Атал­ған мәселеде қателесу өліммен тең екенін айтып жатудың өзі артық. Г.Киссинджердің жазғанындай: “Мемлекет қайраткеріне бір ғана мүмкіндік беріледі, егер ол қателессе, онда оны түзеуге еш мүмкіндік болмайды”.

Міне, дәл сол кезде Президент Н.Назарбаев бүкіл әлемге Қазақ­станның жалпыға ұғынықты демократиялық қағидаттарды басшылыққа ала отырып, ұлттың тарихи және саяси ерекшеліктері ескерілетін демократиялық жүйе құратынын ашық мәлімдеген еді.

Аталған тұжырымдаманың мәні, содан бері 15 жылдан астам уақыт өтсе де, Ресейдің ішінде де және сыртында да кескілескен пікірталас жүріп жатқан сол “егеменді демократия” болып табылады. Егеменді демократия – бұл қуатты әрі қандай қызметке де қабілетті, әлеуеті зор прези­дент­тік билік болып табылады. Н.Назарбаев саяси, әкімшілік және көп жағдайда жеке эконо­микалық басқару тетігін бір қолға жинақтай отырып, қоғамды ке­зең-кезеңімен демократияландыру және ырықтандыру арқылы елді тү­бегейлі дағдарыс жағдайынан алып шықты. Посткеңестік кеңіс­тіктегі 20 жылдан астам уақытқа созылған саяси реформалардың тәжірибесі тек күшті президенттік институт қана тоталитаризмнен демократияға өту үшін қажетті алаң болып табылатынын көрсет­ті. Осы президенттік институттың арқасында Қазақстан өзге бірқа­тар посткеңестік республика­ларға қарағанда, ешқашан өзінің субъек­тілігін, жұмылдырушы күшін жоғалтқан жоқ. Мұндайда либералды демократияның сыр­тында ешқашан хаос пен крими­нал салтанат құра алмайтыны белгілі еді. Ал классикалық, либералды демократияға қатысты айтатын болсам, өмір транзитті елдердің басым көпшілігі үшін оның қабылданбайтынын біржақ­ты айғақтап берді.

Либералды демократия туы­ның астында “түрлі-түсті револю­ц­ия” дейтін орын алған елдерде не болып жатқанына қараңыздаршы. Мәселен, Қырғызстанда екі жылға жуық уақыт дерлік парламенттік республика үшін күрес жүрді. Шетсіз-шексіз көпмыңдық митинг­тер мен демонстрациялардан сан­сыраған ел парламенттік респуб­ликаның конституциядағы бірнеше нұсқасын көргенімен, тарихтың тәлкегімен ақыр аяғында бұрынғы президенттік-парламенттік респуб­лика жүйесіне қайта оралды. Бы­лайша айтқанда, не үшін күрессе, соған қайта тап болды. Украинада В.Ющенко бұрынғы президент өкілеттігінің тым болмаса бір бөл­шегін өзіне қайтару үшін күресіп келеді, бірақ әзірше нәтижесіз. Ал парламенттік басқарудың алғашқы “жемісі” мынадай, бүгінде онда екі сыртқы істер министрі жұмыс істейді. Президент М.Саакашвили күшті президенттік билік қажет екенін талмай айтып келе жатса, тіпті либералды-батыстық бағытта­ғы Польша президенті Л.Качинь­скидің өзі күшті президенттік билік үшін күрес жүргізуде.

Н.Назарбаев өзінің кітабында мемлекеттің экономикадағы рөлін “экономика саясаттың алдында” формуласы арқылы ашып көрсе­теді. Бұл ұстанымды кезінде “эко­номизмнің” марксистік қағидаты деп іште де, сыртта да сын тезіне алғандар аз болған жоқ. Алайда, іс жүзінде, бәрі де керісінше болып шықты. Яғни, Қазақстан мемлеке­тінің экономикалық саясатының сапасы мен тиімділігі объективті сыртқыэкономикалық факторлар­дың алдында жүрді. Мысал үшін, Н.Назарбаев пен оның командасы­ның “голланд ауруы” деп аталатын басты ортамерзімдік сынақтарға жауабын сараптан өткізіп көрейік. Мұны аса ауқымды көлемдегі шетел валютасының ағынымен және оған дер кезінде тосқауыл қойылғанымен байланыстырған жөн. Өсіп-өркендеу жылдарында Қазақстанның шикізаттық емес секторы есебінен, бірінші кезекте, өңдеуші өнеркәсіп секторындағы экономикалық өсімнің сенімді тетігін құра білудің арқасында осыған қол жеткенін байқау қиын емес. Соңғы жеті жылда   мәшине жасау өндірісіндегі өсім көлемі 600 пайызды құрағанының өзі көп нәрсені аңғартса керек. Бүгінде ел бюджеті тұтасымен экономиканың шикізаттық емес секторынан жи­нақ­талып отыр. Яғни, мұнда мұ­най-газ секторынан түсетін қаржы жоқ. Ұлттық қор құрылып,  оның активтері қазіргі кезде  14 миллиард доллардан асты. Бүгінгі таңда шағын және орта бизнестің ІЖӨ-дегі үлесі 30 пайызды құрайды.

Мұндай табыстың шынайы бағасын Қазақстанмен қатар қоюға болатын, бірақ өзге экономикалық саясат жүргізіп келе жатқан елдер­дегі нәтижелерді салыстыру бары­сында көруге болады. Осындай ел ретінде қазіргі кезде Қазақстанмен әлеуетті экономикасы бар Ресейді ғана қатар қоюға болады. Маған осы екі ел теңдей дәрежеде жақын әрі қымбат және қайсысын болмасын төменшіктетейін немесе ренжітейін деген ниетім жоқ.

Енді мына деректерге назар ау­дарып көрейік. Соңғы 7 жыл бойы­на Қазақстанда жұмыс істейтін экономикалық субъектілерге са­лық­тық жүктеменің жиынтығы Ресей Федерациясындағыдан ша­ма­мен екі еседей төмен. Ал 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық қазақстандықтар өз табыстарынан салықты он пайыз көлемінде төлей бастады. Ал күні кеше Давоста Д.Медведев мәлім­де­­геніндей, Ресей салық жеңілдік­терін ұсыну үдерістеріне енді ғана ден қоймақ. Келесі бір мысал. Қазақстандағы ІЖӨ-нің мемлекет­тік кірістердегі үлес салмағы шамамен 20 пайыз болса, Ресейде – 40 пайыз. ІЖӨ-нің мемлекеттік шығындардағы үлес салмағының арақатынасы да тиісінше – 22 және 39 пайыз. Қазақстандағы тікелей шетел инвестициясы ІЖӨ-нің 8 пайызына тең болса, Ресейде 1 пайызды ғана құрайды.

Бұл салыстырулар экономика­ны тұтастай бәсекеге қабілетті­лікке қарай бағыттаған кезде осын­дай тиімділікке жетуге бола­тынын айқын көрсетеді. Екінші жағынан, экономиканың жоғары қарқынмен дамуы оны шикізат­тық, сондай-ақ өңдеуші салаларда әртараптандыруды қолдауға да септігін тигізеді.

Н.Назарбаевтың кітабында бас­ты орындардың бірін әлеумет­тік-саяси тұрақтылық мәселесі алады. Оның негізінде этносара­лық және конфессияаралық түсіністік пен келісім жатқаны да нақтылана түседі. Өзінің прези­дент­тігінің ең бастапқы кезеңінен бастап Н.Назарбаев аталған мәсе­лені бірінші кезектегі маңызды мемлекеттік идеология деңгейіне көтерді. Оның тарихи тұрғыдан дұрыстығын әлемде күнде дерлік түрлі ұлттық-діни мәдениеттердің қарсы тұрулары салдарынан болып жатқан қантөгістер мен жанжалдар айғақтап отыр.

Мысалы, Париждің негізінен мигранттар қоныстанған аумағын­да көліктер отқа оранды. Шығыс Германияда неонацистер солшыл­дармен жаға жыртысуда. Ислам қалаларының көшелерінде дінге берілгендердің шоғыры пайғам­бар­дың даниялық карикатурасы үшін Еуропа елдерінің өкілдік­терін қиратты. Екінші дүниежү­зілік соғыстан кейін алғаш рет еуропалық “ультралар” құрлықтық парламентте өз фракцияларын жасақтауға қол жеткізсе, бұл саяси тұрғыдан салмақты деген Еуропа­ның өзін есінен тандырды.

Бір сөзбен айтқанда, бүгінде – жаһандану және халықтардың жаңа қоныстануы (миграциясы) дәуірінде әлемдегі жанжалдар са­ны өлшеусіз өсе түсуде. Дүние жү­зі ұлттық-діни қатынастар дағда­рысының ортасында қалса, әзірше бір де бір мемлекет аталған қатер­ге қарсы тиісті деңгейде шара қабылдай қойған жоқ. Сонымен бір мезгілде, қалай дегенде де, Қазақстан түрлі діндер мен сенім-нанымдардың ұғыныстық жағ­дайын­да бейбіт қатар өмір сүріп қана қоймай, дами да алатынын тәжірибе жүзінде көрсетіп отыр. Әлемдегі рухани пастырьлардың өздерінің бірінші және екінші съездерін Қазақстанда өткізу тура­лы шешім қабылдауларының сы­ры да, міне, осында жатса керек.

Қорытындысында, көпшілігі­міздің марксистік тарихи материа­лизмнің шекпенінен шыққаны­мыз­ды және тарихи дамудың “те­мірдей” қатал заңдылықтары ал­дын­да бас июге дағдыланғаны­мыз­ды, сонымен бір мезгілде, тарих­тағы тұлғалардың рөлін толық дең­гейінде бағалай алмай келгені­мізді айтқым келеді. Демек, біз ұлы тұлғалар тарихи кезеңнің тумасы, олар тек уақыт талабына сай ғана пайда болады деп ойлап үйренгенбіз. Бұл ұстанымды ұлы Томас Карлейль былай деп әжуа­ла­ған болатын: “Шақыратын уа­қыт па? Өкінішке қарай, біз ұлы адамды бар дауысымен қатты айғайлап шақырған кезеңді білеміз, бірақ бұл шақыруға ешкім де жауап берген жоқ! Және оны жоғарыдан жіберетіндер де табылмады”.

Түйіп айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаевтай басшысы бар қазақ бауырларымыздың бағы зор!



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат