Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-02-14:

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:

“Мәдени мұра” – мемлекеттің соны стратегиялық ұстанымы

 

Басталған нәрсенің аяқталаты­нын да ескерсек, кеше елордамыз­дағы Бейбітшілік және келісім сарайында үш жылға арналған “Мәдени мұра” мемлекеттік бағ­дар­ламасын іске асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің қорытынды отырысына Елбасы Н.Назарбаев қатысып, баяндама жасады. Оты­рыс басталмай тұрып, Елбасы бас­таған бір топ зиялылар, мем­лекет­тік деңгейдегі түрлі шенеу­ніктер “Мәдени мұра” мемлекеттік бағ­дарламасының қорытындысына орай арнайы ұйымдастырылған көрмені аралады. Көрменің “Қа­зақстанның археологиялық мұра­сы” атты бөлімінде палеолит дәуірінен орта ғасырларға дейінгі, ал “Сақ қорғанының қазынасы” атты бөлімінде сақ кезеңінің тарихы мен мәдениетіне арналған ескерткіштер қойылыпты. Одан басқа “Тарих және мәдениет ес­керткіштерін жаң­ғырту”, “Қазақ­станның жәді­герлері: кітаптар мен мұрағат құжаттары”, “Ұлттық және әлемдік ой-сана, мәдениет және әдебиет басылымдарының серияла­рын әзірлеу” деген бөлімдерде қайта жаңғыртылған ескерткіш­тердің макеттері, әртүрлі құжаттар, кітап­тар орын алған.

Отырыста Президент Н.Назар­баев “Мәдени мұра” бағдарла­масы­ның халқымыз үшін қан­шалықты маңызды болғанын өз баяндама­сын­да әр қырынан ашып, “Мәдени мұра” ресми түрде аяқталғанымен, бағдарлама жұ­мысы жалғаса бе­ретінін, ол үшін тиісті министр­ліктерге тапсырма беретінін айтты.

 

Жылдар жылжып, уақыт өткен сайын Тәуелсіздігіміздің мәні жарқырай ашы­лып, маңызы арта түскенін бүгінгі өмірдің өзі көрсетіп отыр, деп бастады сөзін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Қол жеткен табыста­рымыз бен жетістіктеріміз туралы сан рет айтылды да, жазылды да. Мен олар­ды тағы да қайталап жатудан аулақ­пын. Тек олардың қатарында еліміздің рухани әлемін дамытуда сүбелі үлес бо­лып табылатын, ұлттық мәні зор “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасын қосар едім. Біз ғана емес, ЮНЕСКО тарапынан да бұл – дүниеде сирек кездесетін жоба, басқа елдерге де өнеге болатын құжат деп белгіленді.

Естеріңізде шығар, біз біраздан бері әр жылға ат беріп, айдар тағуды дәстүрге айналдырдық. Сондай жылдардың бірі – “Ұлттық тарих жылы” болды.  Жадымыз­ды жаңғыртуға арналған сол атаулы жылы қазақтың тарихы мен тағдырына  қатысты қаншама “ақтаңдақтар” ашылып, мұрағат түпкірінде шаң басқан жәдігер­леріміз жарыққа шықты.

Кеңес өкіметі кезінде бізге шығарт­қызбай, көрсеткізбей келген тарихымызды тәуелсіздігіміз кезінде елімізге паш етіп, өзіміздің жастарымызды патриоттыққа тәрбиелеу деген ой болатын.

Ендігі бір жылды “Мәдениетті қолдау жылы” деп, құлдырап бара жатқан мәде­ниетімізді сақтап қалуға жұмыс істедік. Жабылып қалған, шашылып қалған  кітап­ханалардың жер-жерде қайта жан­дануына, шағылып қалған клубтар мен мәдениет ошақтарының қайыра бой көте­руіне мұрындық болдық. Біраз қалаларда қазақ театрларының ашылуына негіз жасадық.

Сайып келгенде, осы жылдар біз бүгін сөз еткелі  отырған “Мәдени мұра” бағ­дар­ламасына дайындық, үлкен істің кіріспесі болатын. Экономиканың өсіп, жағдайымыздың жақсаруына байланысты бұл үлкен жұмысқа да кірісуге мүмкіндік туды.

 Қай халықтың болмасын өзге жұртқа ұқсамайтын бөлек болмыс-бітімін даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын басты белгі –  мәдениеті. Мәдениет –  ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен,  мәдение­тімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғалары­мен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтана­ды. Сөйтіп, тек өзінің ұлттық төл мәде­ниеті арқылы ғана басқаға  танылады.

Осы орайда “Мәдени мұра” бағдар­ламасы – мәдениетке деген мемлекеттік көзқарастың соны стратегиялық ұстаны­мын айқындаған маңызды жоба болды. Ол жаңадан қалыптасып жатқан қазақ­стандық қауымдастықтың әлеуеті мен гуманистік бағыт-бағдарын  танытты, деді Президент.

Бұл Бағдарламаны қабылдағанда біз­дің алдымызға қойған басты мақсатымыз  – халқымыздың өскелең рухани-мәдени сұранысын қанағаттандыру болатын.

Бағдарламаны жүзеге асырушы Қоғам­дық кеңестің алдына бірнеше міндеттер қойылды.

Ең алдымен, білім беру саласын дамы­ту, халқымыздың тарихына қатысты мәдени мұрамызды сақтауды қамтамасыз ету, алыс-жақын шет жұрттағы жәдігер­леріміз бен мұрағаттарымызды іздестіріп, жинақтау керектігі міндеттелді.

Екіншіден, қазақтың тарихи-мәдени ескерткіштерінің көпшілігі кең сахара­мызда шашыла орналасқаны белгілі. Олардың біршамасы бұған дейін тиіп-қашып жөнделсе де, қалпына келтіру, жаңарту жұмыстары жүйелі түрде қолға алынбаған еді.

Оның өзіндік себептері де бар болатын.

Кеңес заманында көне тарихты қопарудың қажеті жоқтай, жасқаншақтап, коммунистік идеологияның жымысқы саясатынан аса алмадық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қолымыз қысқа болды.

Осы жағдайды жан-жақты ескеріп, бағдарлама аясында еліміздің аса маңыз­ды деген тарихи-мәдени және сәулет ескерткіште­ріне зерттеулер жүргізіп, оларды ғылыми негізде  қайта жаңғырту жұмыстарын қол­ға алу туралы тапсырма берілді.

Үшіншіден, қазақ шын мәнінде бір дүниесімен мақтанар болса, ол –  фольк­лорымыздың байлығы ғой. Ежелден сөз өнерін қасиет тұтқан елміз. “Қазақ халқының фольклоры жүз томнан асады” деген әңгімені біз естігелі қанша заман! Сөйте тұра, осы шаруада да істен гөрі сөз көбірек болды. Ертегісі бар, батырлар жыры бар, айтысы мен дастаны бар оннан астам кітапты анау бір жылдары шығарғанымыз есімізде. Сосын оның аяғы да құрдымға кетті.

Осыған байланысты мамандарға ауыз әдебиетінің бар байлығын жарқырата шығарып, қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін зерделеудің тұтастай жүйесін жасау  міндеттелді. Ұлттық әдебиет пен жазуымыздың көп ғасырлық тәжірибесін қорытып, том-том етіп оларды кітап түрінде тарату жүктелді.

Төртіншіден, кеңес дәуірінде баяғыда қазақ тіліне көп шығармалар аударылған сияқты көрінетін және әлемдік класси­каны түгел аударып тастағандай сезінуші едік.

Сөйтсек, бұл шаруада да тындыр­ғанымыз шамалы болып шықты.

Аударма саласында мүлдем жүйе бол­ған жоқ. Әлемдік классика да үзіп-жұлып қана аударылған. Әйтеуір, орыстың клас­сикалық әдебиеті ғана біршама қамты­лыпты. Содан кейінгі аудармалардың баршасы дерлік кеңес әдебиетінің туындылары.

Сондықтан, әлемдік көркем әдебиет­тің де ең үздік туындыларын жүйелі түрде ана тілімізге аудару қажеттігі туды. Оған қосымша әлемдік ғылыми ой-сананың, мәдениеттің озық үлгілерін қазақшалау негізінде гуманитарлық білім берудің мемлекеттік тілдегі толыққанды қорын жасау ойластырылды. Сайып келгенде, осының бәрі мемлекет болып қалыпта­суымыз үшін, ұлт болып топтасуымыз үшін қажет жағдай. Әлемдік ғылым мен мәдениеттің озық жетістіктерін бойы­мызға сіңіре отырып, қазақстандықтардың рухани кемелденуі, өркениет көшінен кейін қалмауы ең негізгі мақсат етілді, деп атап өтті Елбасы.

Өздеріңіз білесіздер, кейінгі жылдарда Қазақстанның Ресейдегі жылы, Ресейдің Қазақстандағы жылы деп атаудың арқа­сында біз Абай бабамыздың ескерткішін Мәскеудің дәл ортасына орнатқыздық. Бұл да үлкен жетістік болып табылады.

Ал рухани-мәдени  таным арқылы, тарихи сана негізінде патриоттық сезім, отаншылдық рух қалыптасатыны белгілі. Әсіресе бүгінгі жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу  – мемлекеттік идеоло­гияның темірқазығы болуы тиіс.

Әлемдік ғылым мен білімнің асыл қазыналарын қазақшалау арқылы біз мем­лекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәсе­лесін негізгі мақсат етіп қойдық. Келе­шекте мектеп, орта арнаулы және жоғары оқу орындарының бағдарламала­рын осы “Мәдени мұра” кітаптары негізінде қайта қарап, толықтыру мәселесі де ойлас­тырылуы қажет.

Мәдениеті жоғары, тарихи танымы орнықты, ойы сергек елдің рухы да биік, деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. Рухы биік халықтың іргесі де берік, әлеуеті де қуатты, ынтымағы да жарасты болмақ деп есептеймін.

Мінеки, бұдан төрт жыл бұрын менің ха­лыққа Жолдауымда айтылған, содан кейін қабылданған және бүгін мәресіне же­­тіп отырған “Мәдени мұра” мемле­кет­тік бағдарламасының алдына осындай мақ­саттар мен міндеттер қойылған болатын.

Менің Жарлығыммен құрылған Қоғам­дық кеңес, оған төрағалық еткен Иманғали Тасмағамбетов, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым министрліктері өткен үш жылда орасан зор қызмет атқарды, дей келіп Мемлекет басшысы осы шараға қатысқан баршаға зор рахмет айтты.

Өткен үш жылда елдің мәдени мұрасын зерттеудің тұтас жүйесін жасау, елеулі тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру жөнінде зор жұмыс жүргізілді. Бүгінде мемлекеттік мұражайларда екі миллионнан астам мәдени құндылықтар сақталуда.

Ұлттық мәдениет пен жазудың санға­сырлық тәжірибесін қорыту, әлемдік ғылыми ойдың, мәдениет пен әдебиеттің үздік жетістіктері негізінде гуманитарлық білім берудің мемлекеттік тілдегі толық­қанды қорын құру жөніндегі жұмыс басталды.

Бағдарламаны іске асыру барысында тарих пен мәдениеттің 35 ескерткішінде қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, Қазақстан аумағындағы 30 қалашықта, қоныста, тұрақта, обалар мен қорғандарда маусымдық археологиялық зерттеулер жүргізілді.

Қытайға, Түркияға, Моңғолияға, Ре­сей­ге, Жапонияға, Египетке, Өзбекстанға, Арменияға, АҚШ пен Батыс Еуропа елдеріне ғылыми-іздестіру экспедиция­лары ұйымдастырылып, Қазақстанның тарихы, этнографиясы, өнері жөнінде еліміздің ғылыми топтарында бұрын белгісіз болып келген бес мыңға жуық қолжазбалар мен баспалық басылымдар табылып, сатып алынды. Тек Қытайға жасалған экспедицияның барысында Қазақстанның тарихы мен мәдениеті бойынша бұрын зерттелмеген үш жарым мыңға жуық дереккөздер табылды.

Осы зерттеулердің арқасында біз енді қазақ хандары мен сұлтандарының Қы­тай­дың, Қоқанның, Хиуаның және басқа іргелес жерлер басшыларымен хат жа­зысуын қамтитын сандаған дереккөздерге ие болдық, бұрын беймәлім болып келген қыпшақ қолжазбалары қолымызға түсті.

Еуропа мемлекеттерінің кітапханалары мен дипломатиялық мұрағаттарынан жүздеген жазу ескерткіштері табылды.

Орталық Азияның ежелгі көшпелі ха­лықтарының шаруашылық болмысы мен антропологиялық тұрпатының ерекшелік­те­ріне, олардың тілдерінің өзара ықпал­да­суы мен араларындағы өзара қатынас­тарға байланысты этнологиялық дерек­көз­дердің шетелдерде анықталуы айрық­ша бағалы.

Жуырда мен Берлинде бірнеше мемлекет басшыларының қамқорлығымен жұмыс істейтін арнайы мұражайда бол­дым, деп жалғастырды сөзін Президент. Мұндағы көрменің мақсаты – Еуропа пен Азия халықтары дамуының тарихи өзара байланысын көрсету екен. Көптеген елдерде Қазақстан аумағындағыдай дәл осындай қорғандар бар. Осының бәрінің терең дүниежаратылыстық мәні бар, ол біздің бәріміздің біртұтас тарихи тамырларымызды танытады. Мұндай тамырларды іздестіру – ұлы ізгі іс және бұл Қазақстан үшін ғана емес.

Елдің облыстары бойынша Ескерткіш­тер тізімін шығаруға әзірлік жұмыстары жалғасуда. Бүгінде Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы тарихтың, археологияның, монументалдық өнер мен архитектураның 35 мыңнан астам жылжымайтын ескерт­кішін қамтиды.

Екі бірегей ескерткіш – Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі мен Тамғалы археоло­гиялық кешені ЮНЕСКО-ның Бүкіл­әлемдік мұрасының тізіміне енген. Осы тізімге кіруге аталған келесі ескерткіш ежелгі Отырар қаласы болып табылады, деді Елбасы.

Мұрағаттық құжаттарды сақтандыру мақсатында көшіру және қайта жаңғырту, музыкалық жазбаларды қалпына келтіру және осы заманғы аудио құралдарға көші­ру жөніндегі жұмыс, ұлттық мәдениет үшін айрықша маңызы бар архитекту­ралық және археологиялық ескерткіш­терді қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізілуде.

Бағдарлама аясында 218 аталым кітап шығарылды, олардың арасында тарих, археология, этнография бойынша бірегей сериялар, жаңа энциклопедиялық сөздік­тер бар. Мәселен, “Бабалар сөзі” сериясы жүздеген жылдар бойы қалыптасқан қазақ халқының фольклорын біріктіреді, ал “Қазақтар құқығының ежелгі әлемі” жинағы біздің халқымыздың құқықтық сана-сезімінің жетілуін ашып көрсетеді.

“Мәдени мұра” бағдарламасы ТМД елдерінде ғана емес, сонымен бірге алыс шетелдерде үлкен үндестік туғызды. 2006 жылдың сәуірінде Париждегі ЮНЕСКО-ның Штаб-пәтерінде оның тұсаукесері табысты өткізілді.

Зор жұмыс жүргізілді. Үш жылдың ішінде бағдарламаға барлығы 2,7 миллиардтан астам теңге бөлінгенін ғана айтайын, мұның өзі әу баста жоспарлан­ғанынан миллиард теңгеге артық.

Осындай ауқымды бағдарлама не үшін ойластырылды, ол бізге не береді? Нұрсұлтан Әбішұлы осындай сұрақ қоя оты­рып, оған өзі былай деп жауап берді: “Мә­дени мұра” бағдарламасы біздің та­рихи-мәдени мұрамызды қалпына кел­тірудің тек практикалық мақсаттарымен тіпті де шектелмейтінін атап көрсеткім келеді. Оның басты міндеті – қоғамдық санада оң қадамдарға қол жеткізу және осы тұрғыда оның жалпымемлекеттік маңызды идеологиялық мәні бар.

Біріншіден, әңгіме ұлттың саяси санасының рөлін күшейту және шектерін кеңейту туралы болып отыр, мұның өзі біздің мемлекеттігіміздің аса маңызды рухани негіздерінің бірі болып табылады.

Ұлттық өрлеу ол санғасырлық мәде­ниеттің құнарлы топырағына түсіп, тарихи өткеніміздің жанды нәрімен қоректенгенде ғана жүре алады.

“Мәдени мұра” бағдарламасын әзірлеу кезінде тарихи диапазон тұғырнамалық тұрғыда анықталып, зерттеулер сол ауқымда жүргізілді. Әңгіме қола дәуірдің аяқталуы мен темір дәуірінің басталуынан тартатын екі мың жылдан астам кезең туралы болып отыр.

Соның нәтижесінде Еуразия кеңісті­гіне аттылы көшпелілердің шығуы секілді тарихтың іргелі оқиғасы және бұл оқи­ғаның “өзекті дәуірдің” – әлемдік дін­дердің пайда болуы, “дала” өрке­ниетінің, қазақ хандықтарының жарқын да қасіретті тағдыры, Ұлы Жібек жолының бойындағы халықтардың пайда болуы, өркендеуі, семуі және жаңа өмірі, отарлау, империя құрамында болу, егемен мемлекет ретінде болашаққа жол іздеу кезеңінің рухани ахуалына ықпалы назарға ілікті.

Қоғам бүкіләлемдік тарих арнасын­дағы аса ірі оқиғалар тұрғысынан өзіңді сенімді сезінуге мүмкіндік беретін ақпарат алды.

Тарихи-мәдени мұраны қалпына келтіру – бұл сонымен бірге болашаққа айқын сұлбасы түсетін уақыт байланысын қалпына келтіру де. Біздің өткеніміздің нақты мазмұны туралы сұрақтар бере отырып, біз қазіргі кездің түсінігін байы­тамыз және біздің болашағымыздың рух­тандырушы бейнесін қалыптастыра ала­мыз, деп атап өтті Нұрсұлтан Назар­баев.

Екіншіден, “Мәдени мұра” бағдарла­масы ұлттық сана-сезім мен біртектіліктің қалыптасуымен және нығаюымен байланысты сұраныстарға жауап болды. Жаһандану дәуірінде тарихи-мәдени мұра – өзін-өзі біртектілендірудің негізі. Оны сақтамасақ, біз жаһандану үстіндегі әлемде тағы да жоғалып кетуге тәуекел етеміз. Біздің артымызда мемлекеттілік дәстүрлерінен бір жарым ғасырлық қол үзіп қалу тұр, сондықтан біздің халқымыз өзін тарихта әрекетшіл тұлға деп қабылдауды үйренуі керек.

Үшіншіден, деп жалғастырды сөзін Мемлекет басшысы, осы бағдарламаны іске асыру жөніндегі күш-жігер елдің жаңа мәдени-тарихи кеңістігін біртіндеп қалыптастыруға жеткізеді.

Бір жағынан, Қазақстан аумағында жай ғана мәдени құндылықтарды қалпына келтіру, сондай-ақ бүкіл әлемге шашыра­ған жәдігерлерімізді жинау және жүйелеу керек болды. Өйткені соңғы уақытқа дейін біздің оларға қолымыз жетпеді.

Екінші жағынан, бізде сансыз “ақтаңдақтар” орын алған Қазақстанның өз тарихының біртұтас бейнесі болмады.

Екі мың жылдық тарих кейде бір-бірі­нен ажыратылған оқиғалардың тізбегі ре­тінде көрініс береді, сондықтан тұтас та­ри­хи кезеңдер қажетті дәрежеде зерттел­меген.

Осыдан келіп өзіңнің мәдени тұтасты­ғың мен өркениеттік маңызыңды сезіну проб­лемасы туындайды, ал сезінудің өзі тарихи жағдайдың әсерінен елеулі бұрма­лауға түскен. Мәселен, біз ұзақ уақыт көш­пелі өмір салты мәдени құнды­лықтар туын­датпайтын тарихи тығырық жолы дейтін сырттан таңылған жалған түсінік пен соқыр сенімнің шырмауында болдық. Бақсақ, біз көшпелі мәдениетті жеріне жете зерттемеп­піз де, содан қазір ғана көшпелі өркениет табиғатын түсінуге қажетті әдістемені игере бастадық, деп атап өтті Президент.

Төртіншіден, “Мәдени мұра” мемлекеттік бағ­дарламасын іске асырудың қазақстан­дықтардың өз тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттыруда зор маңызы бар.

Мәдени мұраны игеру – халық­тың тарихи жадының негізі, онсыз шынайы пат­риотизм болмайды. Тарихи мәңгүрт­тік­­тің осынау екпінін еңсеру жеткіншек ұр­пақты тәрбиелеу үшін айрықша маңызды.

Меніңше, біз бүгін қуатты тарихи және мәдени базистің болуы азаматтылық пен патриоттық құндылықтардың өсуіне нақты жәрдемдесетінін қуаттайтын бұқаралық санадағы маңызды өзгерістерді байқай аламыз.

Бесіншіден, этносаралық өзара тү­сініс­­тік пен елдегі ұлтаралық қатынас жа­рас­­тылығының артуы тұрғысынан бағдар­ламаның әлеуетін атап өтпеске болмайды.

Мен қазақ ұлтының бай тарихи жо­лын, оның мәдени төлтумалығын Қазақ­станның басқа халықтарының танып білуі және осымен бір мезгілде этномәдени өзара айырбастың жүруі – өзара толеранттылық пен құрметті нығайтудың ізгі де тиімді жолы екеніне сенімдімін.

Қазақ мәдениеті біздің даламызға келген көптеген этностардың рухани мұрасымен молықты және толеранттылық секілді қасиет ғасырлар бойы қалыпта­сып, қазақстандықтардың қазіргі ұрпақ­тарына берілген.

Осы бағдарламаны іске асыру қазақ халқының ғана емес, сонымен бірге ел аумағында тұратын басқа да этнос­тардың тарихи және мәдени ескерткіш­терін қайта жаңғырту мен қалпына келтіруді көздейтіні өте маңызды.

Мәселен, өз бойында ұйғыр декора­циялық-қолданбалы өнерінің көптеген өрнектері бар Алматы облысындағы Жар­кент мешітінің ғимараты, ХХ ғасырдың басында ұлы татар ақыны Ғабдолла Тоқай тұрған Оралдағы үй қайта жаңғыртылды. Алматыдағы Вознесенск соборын, Түркістандағы Әскери-Николаевск шіркеуін қайта жаңғырту көзделеді.

Және мұндай мысалдар аз емес. Мұ­ның бәрі Қазақстанның мәдени байлығы, біз оны сақтауға және қазақстандық­тардың болашақ ұрпақтарына жеткізуге тиіспіз.

Тұтастай алғанда, мен “Мәдени мұра” бағдарламасы өте сүбелі нәтижелер берді, ол біздің зиялы қауым арасында жоғары баға алды деп есептеймін.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атқарыл­ған жұмыстарды талқылауға, бірлесе отырып жаңа жолдарды белгілеуге жина­лып отырмыз, дей келіп, елдің тарихи жән мәдени мұрасының қорына зор үлес қосқан археология, тарих, әдебиет, өнер саласындағы жетекші ғалымдар бас қосқанын атап өтті.

Мен болашақ ұрпақ қиын кезде осы жұмысты қолға алғанымыз үшін бізге алғыс айтатын уақыт туатынын жеткізгім келеді, деді Президент. “Мәдени мұра” бағ­­дарламасын іске асыру бізге өз тамыр­ла­рымызды одан әрі зерттеп, бүкіл әлемге біздің ұлан-ғайыр жеріміздің мәдениеті мен тарихын көрсету үшін алға ілгерілеу керек болатын дұрыс бағытты көрсетіп берді.

Елбасы мемлекеттік бағдарламаны іске асырумен тікелей айналысқан адамдарға құлақ салып, пікір алмасуды ұсынды.

 

Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.

(жалғасы)



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат