Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-02-21:

Ата ЗаҢҒа Өзгеріс енгізу АСҚАН САРАБДАЛДЫҚПЕН ЖҮРУІ КЕРЕК

  

Елбасы дүйсенбі күні Ақордада өткен Демократиялық реформалар бағдарлама­сын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында сөйлеген сөзінде  Консти­туцияға өзгерістер енгізуді соза берудің реті жоқ екенін айта келе, өз Өкімімен еліміздің Негізгі Заңына өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарды әзірлеумен айналысатын жұмыс тобын құру жөнінде пікір білдірген болатын. Мемлекет бас­шысы айтса-айтқандай-ақ, ел тарихынан орын алар осынау жауапты шараның сөзбұйдаға айналмауын  қаперге ала отырып, келесі күні бірден іске кірісіп кетті. Үш сағатқа жуық өткен отырыста кәсіпқой заңгерлер еліміздің саяси жүйесін жаңартуға қатысты қадау-қадау ойларын ортаға салды.

Жұмыс тобы Мемлекеттік комиссия­ның шешімі бойынша құрылды. Алғаш­қы отырыста Президент топ өз қыз­ме­тінде негізге алатын басты қағидаттарды атап көрсетті. Конституцияға өзгерістер енгізу Негізгі Заңды толық қайта қарау деген сөз емес. Біздің Конституциямыз өзінің іске қабілеттілігі мен тиімділігін дәлелдей алды. Соның арқасында елімізде тұрақтылық қамтамасыз етіліп, билік тармақтары арасындағы сындарлы өзара әрекеттестікке, еліміздің серпінді экономикалық дамуына қолдау жасалды, деді Мемлекет басшысы.

Президент еліміздің саяси құрылымы­ның тактикалық қырларына қатысты көптеген мәселелер Конституциядан тыс, заңдармен рет­телуі қажеттігін алға тартты. Жанды пі­кір­талас ауанын­да өрбіген алғашқы оты­рыс­тың соңында Елбасы қатысушыларға қарата былай деді: сіздердің міндет­теріңіз Мем­ко­миссия ұсыныстарын зер­де­леп, олардың құ­­қық­тық жақтарын қарау және ел Конс­титуциясына өзге­рістер енгізу жөнінде ұсы­ныс­тар әзірлеу болып табылады, Қазақ­стан­ның табысты саяси жаңаруы сіздердің жұ­мыс­тары­ңыздың сапасына байланысты болмақ.

Жұмыс тобының алғашқы оты­рысы аяқталғаннан кейін жур­налистер алдына шыққан Конституциялық Кеңес төрағасы Игорь Рогов, Орталық сайлау комиссия­ның төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов пен Мемлекет және құқық институтының директоры Ғайрат Сапар­ғалиев алқалы басқосуда талқыланған мәселелер жөнінде түсінік берді.

Конституциялық Кеңес төрағасының айтуынша, жұмыс тобының бірінші отырысында президенттік басқару фор­масы аясында Парламент өкілеттігін кеңейту жөніндегі мүмкіндікті барынша пайдалану қажеттігі негізгі талқылау та­қырыбына айналған. Топ мүшелері демо­кратия ұғы­мын сыртқы сипаттарымен өлшей отырып, өкілетті билік орган­дарына басымдық беру деп теңдестіруге болмайтыны және демократия дегеніміз барлық мемлекеттер парламенттік рес­публика схемасымен жүруі тиіс дегенді білдірмейтіні туралы байлам жасаған. Сондай-ақ қатысушылар  бір­ауыздан мемлекетті, мемлекеттік билікті сақ­тау қажеттігі, қалыпты басқару тетігінен айрылып қалмау жөнінде толғақты пікірлер білдіре отырып, Парламент өкілеттігін барынша кеңейту қажеттігіне қатысты ұсыныстарды да сарапқа салды. Соның ішінде бірінші кезекте, Парла­менттің Үкіметті жасақтауға қатысуы басты әңгіме өзегіне айналды. Бұған дейін Мемлекеттік комиссия Премьер-Министр тек төменгі палата – Мәжіліс­тің келісімі арқылы тағайындалса деген ұсыныс білдірген болатын. Президент кешегі отырыста Үкіметті жасақтау және Премьер-Министрді тағайындауда парламенттік көпшіліктің қатысуын қарастыруды ұсынды. Осыған байла­нысты бұдан былай Мәжіліс Үкіметті жасақтау үдерісіне тікелей қатысатын­дықтан да Елбасының Парламентті тарату құқығы негізінен төменгі палатаға  қатысты болғаны жөн деген ұсыныстар айтылды. Игорь Роговтың айтуынша, бүгінде Парламент тұтастай таратылып жіберілуі мүмкін, ал негізгі салмақ Мәжіліске түсіп тұрғандықтан, бұл дұрыс па деген мәселе туындамақ. Сон­дықтан да топтың алдағы отырыстарында палаталар арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі мәселелер тыңғылықты қаралатын болады.

Отырыста сайлаудың қай жүйесін таңдау қажет деген мәселе де сарапқа салын­ды. Жиналғандар арқылы таразы­ла­нып келе жатқан мажоритарлық, про­порционалдық немесе аралас жүйенің ішінде көпшілік пропорционалдық сай­лау жүйесіне көшу қажет деген пікірге келді.

Бастапқы басқосуда сондай-ақ сот жүйесін реформалау мәселесі қаралды. Басым көпшілік еліміздің Ата Заңы мейлінше нақтыланып әзірленгенін, әсіресе сот жүйесіне қатысты таратыла айтылғанын жеткізе келе, дамыған мемлекеттерде мұндай нақты тетіктер Негізгі Заңға енгізілмей, конституциялық заңдармен реттелетінін алға тартты. Өз кезегінде нақты көрсетілген ережелер тиісті реформаларды қолға алуға қайшы келуде. Бұған қоса, жұмыс тобы мүшелері тарапынан саяси жүйені жаңартуда екі бағыт бойынша жұмыс істеу ұсыныл­ған­мен, Президент реформаларды кезең-кезеңмен емес, бір мезгілде, яғни қол­даныстағы Конституцияның әлеуетін іске асыра алатын және Негізгі Заңға өзге­рістер енгізе алатын заңдар қабылдау қажеттігін атап көрсетті.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері­не өз кезектерінде сұхбат берген Орталық сайлау комиссияның төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов пен Мемлекет және құқық институтының директоры Ғайрат Сапар­ғалиев отырыста Ата Заңға ішінара өзгерістер енгізу қарастырыл­ғанын, қыр­күйекте “Сайлау туралы” Заңға өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу” жөніндегі заң жобасы Үкімет қа­рауына ұсынылатынын айтты. Заңгерлер отырыста Мәжіліс пен Сенат депутат­тары­ның санын арттыру мәселесі де талқыланғанын жеткізді. Заңгерлер бірқатар халық қалаулыларының Пар­ла­мент отырыстарына қатыспайтынын айтып, депутаттар санын өсіру қосымша мемлекеттік шығын көлемін өсіру деген пікірлерін де ортаға салған.

Сонымен бірге алғашқы отырыста сөз алған Д.Қонаев атындағы универ­ситет ректоры Өмірәлі Қопабаев қол­даныстағы Конституция аса үлкен өзгерістерді қажет етпейтінін, тек біздің қазіргі қоғамдық қатынастарға сәйкес келмейтін бірқатар жекелеген нормалар өзгеріске ұшырайты­нын айтса, Абай атындағы ұлттық педа­гогикалық универ­ситеті конституциялық құқық кафедра­сының меңгерушісі Виктор Малиновский  саяси партиялар дамыған демокра­тия­ларда дәстүрлі қолданылатын функция­ларды сіңірулері тиіс деген пікір айтты.

Жұмыс тобы төрағасының орынба­сары болып  Конституциялық Кеңес төр­ағасы Игорь Рогов бекітілді. Конститу­циялық реформалар мәселелері жөніндегі топ әр ай сайын бас қосып отырмақ.



Авторы: Қуат БОРАШ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат