Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-02-27:

Орман қорғау – ортақ міндет

 

Әдетте экологтар мен жазушылар орманды алқаптарды табиғаттың өкпесіне теңеп жатады. Дәл айтылған сөз. Өкпенің атқаратын қызметі бәрімізге белгілі. Адам онсыз бір сәт те өмір сүре алмас еді. Егер өкпе ауруға шалдығар болса, қалған күннің бәрі қасіретпен өтті дей беріңіз. Құдайдың берген кең ауасын еркін жұту мұң болып, көкірегі сырылдап, таяқ тастам жер жүре алмай, нағыз ғаріпке айналған болар еді. Ал енді сол өкпеге суық қолдың сұғы тисе не болды?! Міне, осы тұрғыдан алғанда ормандардан аяусыз ағаш кесіп, табиғатқа ғана емес, әрбір адам баласына үлкен залал келтіріп отырғандар әрекетіне бүгінгі көзі ашық қоғам мүшелерінің төзімділікпен қарайтын ешбір реті жоқ. Оның үстіне мұндай қылмыстың залалы бүгінгі күнмен ғана шектелмейтіні белгілі. Ол біздің болашақ ұрпағымыз үшін де зардапты әсерлерін қалдыратыны анық.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылық комитетінің төрағасы Наурызбай Хадыркеев журналистермен өткізген брифингін нақ осы тақырыпқа арнады. Онда ормандарды өрттен және заңсыз ағаш кесуден қорғаудың жай-күйі мен проблемалары туралы ашық әңгіме болды.

 

Әңгімеміздің басында соңғы жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан ормандарды өрттен қорғау мен ағаштарды заңсыз кесудің алдын алу және еліміздің ор­манды алқаптарын жас өскіндермен толық­тыру мақсатында көптеген шаралар белгіле­ніп, жүзеге асу үстінде екендігін айта кетке­ні­міз орынды. Ең алдымын заңдық база за­манға сай жетілдірілді. Орман кодексі, Үкімет қаулылары мен көптеген нормативтік актілер жарық көрді. Солардың нәтижесінде мате­риа­л­дық-техникалық базаны кезең-кезеңімен нығайту жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылық комитетінің қарауына жатқызылған ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшін мемлекеттік тапсырыс негізінде 2004-2006 жылдар аралығында 54 өрт сөндіру мәшинесі, 108 патрульдік мә­шине, 80-ге жуық трактор, басқа да көптеген техникалар мен байланыс құралдары сатып алынды. Ерекше қорғалатын аумақтарды қорғау мәселелерімен шұғылданатын мем­лекеттік инспекторлар штаты нормативке сәйкес толықтай қамтамасыз етілді. Ағашты шетелдерге экспорттауға тыйым салынып, ағаш кесетін орындардың қызметі бақылауға алынды.

Өткен жылы республикалық бюджет қар­жысы есебінен 5639 гектар орманды алқап, соның ішінде ерекше қорғалатын аумақтар ұшақ арқылы әуеден бақылауда ұсталды. Ұшақтардың әуеде болуы 6049 сағатты құраған. Соның нәтижесінде қорғалатын аумақтағы пайда болған өрттердің 67 пайызы “Қазәуеорманқорғау” мемлекеттік кәсіп­орны­­ның қызметі негізінде анықталған. Яғни мемлекет өз тарапынан орман қорғау мәселе­ле­ріне бұрыңғыға қарағанда анағұрлым көңіл бөле бастады.

Міне, осындай шаралар негізінде бір кез­де­рі жаппай етек алып кеткен орман отау, өртке жол беретін абайсыздық пен жауапсыз­дық секілді келеңсіз құбылыстар едәуір дә­режеде саябырсығанымен бірден тоқтамай­тын­дай сынайы бар. “Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады” дейді халқымыз. Сол айт­қандайын, Ауыл шаруашылығы минис­трлігі орман қорғау, олардағы өрттің, заңсыз ағаш кесудің алдын алу секілді шаралармен мықтап шұғылданып, осыған байланысты қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанымен, ендігі қолдан келмес шаралардың бір парасы адамдардың сана-сезімі мен қалыптасқан дағдысына қатысты болып отыр. Ал санаға өзгеріс енгізу оңай іс емес. Заман түзеліп, заң күшейген қазіргі тұста кейбір жергілікті құқық қорғау органдарының заңсыз ағаш кесушілер ісіне бұрынғысынша жайбарақат қарауы соны аңғартады және қоғамдағы эко­ло­гия­лық мәдениет пен жауапкершіліктің тө­мен екен­дігін анық байқатады. Орман қорғау заң­дылықтарының сақталуына кедергі кел­тіріп отырған қазіргі кейбір келеңсіздіктердің орын алуын нақ осымен түсіндіруге болады.

Өткен жылғы жазғы маусымда мемлекет­тік орман қоры аумағында 959 өрт шығу оқиғасы тіркеліп, оның залалы 46160 гектарды шарпыды, соның ішінде 21929 гектар жерде өскен биік ағаштар өртке шалдықты. Әсіресе, Ақмола, Қостанай облыстарының орман шаруашылықтары мен “Ертіс орманы”, “Семей орманы” резерват­тарындағы өрттер үлкен аумаққа жайылды, Осы оқиғаға байланысты Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстарындағы Ауыл шаруашы­лы­ғы министрлігіне қарайтын орман және аңшылық шаруашылық аумақтық басқарма­ларының, “Ертіс орманы”, “Семей орманы” резерваттарының басшыларының есептері тыңдалып, оларға сөгіс берілді. Істе жауап­сыз­дық пен салақтық танытқан бірқатар бөлім­шелер мен филиалдардың директорла­ры қызметтерінен босатылды.

– Өткен жылғы орман өрттерінің туындау себептеріне талдау жасаған кезімізде олардың басым көпшілігі, атап айтқанда 62 пайызы далалы жерлерден бастау алып, бірте-бірте ормандарды шарпығанына көзіміз жетті. Ал 20 пайызы орманға барған адамдар­дың кінәсінен, 8 пайызы жәй түсуден, 3 пайызы басқа да ұйымдар мен орманшылар кінәсінен орын алғандығы анықталды, – деді осы жөніндегі әңгімесінде Орман және аң­шылық шаруашылық комитетінің төрағасы.

Осымен қатар бүгінгі күні комитет бас­шылығын толғандырып отырған мәселелер­дің арасындағы бастыларының бірі – ағаш кесіп ұсталғандарға жергілікті құқық қорғау органдары мен тәртіп сақшылары тарапынан жеткілікті шаралар қолданылмайтындығы, ағаш кесушілердің әртүрлі желеулермен жа­задан босатылатындығы. Осы мәселе төңіре­гінде ашына әңгіме қозғаған Н.Хадыркеев Павлодар облысының Лебяжі, Шарбақты аудандық ішкі істер бөлімдерінің заңсыз ағаш кесіп ұсталғандарға қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан 200-ден астам фактіні жур­налистер алдына тартты.

– Осы ретте жергілікті ішкі істер бө­ліміндегілер Жоғарғы Соттың 2004 жылдың 18 маусымындағы “Кейбір экологиялық қылмыстар үшін жауапкершілік жөніндегі заңдылықтарды соттардың қолдануы туралы” нормативтік қаулысының 6-7 пункттерін есепке алмастан, көбінесе заңсыз ағаш кесушілердің келтірген залалы қылмыстық іс қозғауға келмейді дегенді желеу етеді. Осы мақсатта келтірілген залал көлемі төмендетіп көрсетілетіндігі де байқалып жатады. Соның салдарынан көптеген адамдар жауапкершілік­тен құтылып кетеді немесе болар болмас қана айып арқалайды, – дейді төраға.

Жоғарыдағы жағдайға қарап ағаш кесушілердің барлығы қарапайым адамдар екен деген ой туып қалуы кәдік. Шын мәнінде солай ма? Жоқ, қарапайым адамдар арнаулы техникалары мен құрал-жабдықта­рын сайлап орманға бара бермейді. Мұндай жағдайға, көбінесе, ағаш сатуды бизнеске айналдырған­дар, жазасыз кететініне әбден сеніп, мейманасы тасығандар барады. Олар ағашты қайда апарып өткізуі керек екендігін жақсы біледі. Оны жеткізу үшін жалған құжаттар да жасай алады. Яғни талап пен тәртіп күшейіп отырған қазіргі уақытта орманға барып алаңсыз ағаш кесіп, оны КамАЗ-дарға тиеп алып тартып тұру әбден дәніккендердің әрекеті. Осыған орай Орман және аңшылық шаруашылық комитетінің бастығы мына бір оқиғаны алдымызға жайып салды.

– Үстіміздегі жылдың 30 қаңтары күні комитет тарапынан болатын тексеру шарала­рын жүргізу кезінде тексеруші топтағы бес адам Павлодар облысы аумағындағы “Ертіс орманы” резерваты Сейтен орманшылығы­ның жерінде алаңсыз ағаш кесуге кіріскен 40-тан астам адамға кез болған. Бұл үлкен топ 15 “КамАЗ”, 4 трактор, “Джип”, “Нива” секілді бірнеше жеңіл көлікпен әбден жарақ­танған екен. Олар тексеруші шағын топтың айтқанына көнбей құжаттарын көрсетуден бас тартады. Көліктеріне мініп, жан-жаққа тарап бара жатқан топтың белсенділері соңдарынан ермек болған тексерушілерге күш көрсетіп, қорқытпақ болған. Осы іс Шарбақты аудандық ішкі істер бөліміне тапсырылды. Тағы да аяқсыз қалмай тиісті шара белгіленеді деп үміттенеміз, – дейді Н.Хадыркеев.

Заңсыз ағаш кесушілердің жазадан құтылып кетуі жаппай сипатқа айналып бара жатқан соң Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздің Бас прокурорына, Ішкі істер министріне, Павлодар облысының әкіміне және басқа да тиісті органдар басшыларына хат жолдады. Нәтижесі жоқ емес. Кейбір іс қайтадан қолға алынып, енді бірі жергілікті жерлерден алынып, облыстық органдарға қайта тексеруге тапсырыла бастады.

Әрине, мәселе жазалауда емес. Алайда орман қорғау заңдылықтарын аяқ асты етіп, ескі әдеттерін жалғастырмақ болушылар көп қылмысқа көзжұмбайлықпен қараған тоқса­ныншы жылдардың өткенін, қазір талап та, тәртіп те басқаша қойылатындығын ұғуы тиіс. Себебі, жерге бай Қазақстан орманға өте зәру. Еліміздің бас орманшысының айтуына қарағанда, 270 миллион гектар жеріміздің 4 пайыздайы ғана орманды алқаптар қатарына жатқызылса, соның басым көпшілігін сексеуіл секілді өсімдіктер құрайды. Ал даламызға сән беріп, табиғат тамашасына айналған биік ағашты ормандар қатары тым аз. Оның үстіне, орманға деген жыртқыштық көзқарас басталған сонау тоқсаныншы жылдан бері Қазақстан өз ормандарының төрттен бір бөлігінен айырылған екен.

Демек дәл қазіргі сәтте экологтар айтатын табиғат өкпесінің – орманды алқаптардың ара мен балта жүзі тимеген сау тамтық жері жоқ. Ол сол жарадан жазыла алмай зорға тыныстап тұр. Мұның өзі өсіп тұрған әрбір түп ағашты аялай күтімге алатын, оны өрттен, бас пайдасына асырмақ болған суық қолдардан қорғайтын кездің жеткендігін білдіреді.



Авторы: Сұңғат ӘЛІПБАЙ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат