Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-03-12:

Қазақстан-Катар:

Қарым-ҚатынастыҢ Қарымды ҚаҒидаты

 

Қадым замандардан қазыналы тарихы, қабырғалы мемлекеттілігі қалыптасқан Қазақ елін енді жас сәбидей құндақтай берудің қажеті жоқ десек те, республикамыздың жаһан назарына көк байрақты мем­лекет ретінде жаңа ілінгенін жа­сыр­­мауымыз керек. Тәуелсізді­гіміздің жылдарын ғана емес, тәу­ліктерін де ауызша санай алатын осы­нау аз ғана мерзім ішінде мәр­те­бе биігіміздің соншалықты өске­ніне Елбасының әлемнің әр түкпі­ріндегі мемлекеттерге жасап келе жатқан сапарлары барысында барынша көз жеткізе түскендейміз. Сенбі күні  Катар уақытымен түскі үште Доха әуежайына келіп қонған Қазақстан басшысын Катар мемлекетінің Әмірі шейх Хамад бен Халифа әл Тани бастаған аса жоғары лауазымды топ айрықша құрметпен қарсы алды. Салтанатты сап түзеген қарауыл алдында екі елдің әнұрандары орындалды.

Араб түбегінің шығыс бөлігінде орналасқан, оңтүстігінде дін ис­ламның діңгегі саналатын Сауд Арабиясымен шектесетін Катар елі мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынаста өзара құрмет пен тарап­тық мүдделестік сипаты басым деп бағалауға болады. Өзара құрметке тоқталсақ, Қазақстан мен Катар көптеген маңызды халықара­лық және өңірлік мәселелер бойынша ұстанымдары ұқсас елдер. Айталық, Катар да Қазақстан секілді араб-израиль қақтығыстарының әділ әрі толық шешілуін, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті түйіндемелерінің орнықты орындалуын, сол өңір халықтарының заңды құқықтары­ның жүзеге асуын жақтап келеді.

Саяси салада Қазақстан баста­масы болып табылатын Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің негізгі қағидаттары Катардың сыртқы саясатының басты ұстанымдары­мен толық үйлеседі. Сонымен бір­ге, екі елдің де өркениет және дін­аралық үнқатысуды қолдаудағы қызметі Астана мен Доха саяси мүдделерінің тағы бір тоғысатын нүктесі саналады. Қазақстан Катар мемлекетін араб және мұсылман әлеміндегі маңызды әріптесі деп қарайды және онымен саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда жан-жақты байланыстар орнатуға, өзара ықпалдастықты одан әрі терең­детуге үлкен мән береді.

Енді тараптық мүдделестікке келсек, Катар — Қазақстан сияқты қойнауы мұнай мен табиғи газға толы қазыналы ел. Осыған орай қазіргі уақытта осы елдің әлемдік газ рыногында орнықталу тәжіри­бесі Қазақстанның қызығушылы­ғын тудыруда. Катарда сұйытылған газды өңдеудің әлемдегі ірі зауыты салынды, зауыт өнімдері Еуропа және Оңтүстік-Шығыс Азия елде­ріне экспортталуда. Катар мемле­кетінің мұнай және газ өңдеу саласында жұмыс істейтін компа­ния­ларымен ынтымақтастық орнату еліміз үшін тиімді болмақ.

Бұған қоса, Катар таяу бола­шақ­та өзінің қаржылық мүмкін­діктерінің арқасында әлемнің тартымды мемлекеттерінің біріне айналады деп күтілуде. Осыған орай аталған елмен қалыптасқан әріптестікті одан әрі нығайтып, оның Орталық Азия мен ТМД кеңістігінде стратегиялық әріптеске айналуының маңызы зор болмақ.

Қазақстан мен Катар арасын­дағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы шілде айында қол қойылған бірлескен ком­мюникеден бастау алады. Ал екі жақты ынтымақтастықтың іргетасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1998 жылы осы елге жасаған ресми сапары кезінде қаланды деуге болады. Сол сапар барысында Елбасы Катар Әмірі шейх Хамад бен Халифа әл Танимен кездесіп, тараптар өзара саяси іс-қимыл жасасуға, сауда-экономикалық байланыстар мен инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға баса назар аударды. Нәтижесінде ал­ғашқы сапар аясында екі ел ара­сындағы сауда-экономикалық ын­тымақтастық туралы, жоғары деңгейдегі бірлескен комиссия құру туралы, екі елдің сауда-өнеркәсіп палаталары арасында ынтымақ­тастық орнату туралы және Қазақ­стан-Катар кәсіпкерлерінің кеңесін құру туралы бірнеше келісімге қол қойылды. Өз кезегінде 1999 жыл­дың сәуірінде Катар Әмірі Қазақ­станға сапармен келді. Кезекті келіссөз барысында халықаралық мәселелер мен екі жақты қатынас­тарды дамытудың жолдары талқы­ланды. Хамад бен Халифа әл Тани Қазақстанға сапарында Астана қаласында салынатын Ислам орталығын қаржыландыруға дайын екендігін жеткізді.

Екі жақты ынтымақтастықты дамытудың маңызды құралы ре­тінде Қазақстан-Катар үкімет­аралық комиссиясының қызметін атауға болады. Аталған комиссия 2000-2001 жылдары тиісінше До­хада және Астанада кезекпе-кезек отырыстарын өткізіп, екі ел арасындағы құқықтық шарттың негізін қалады.

2005 жылы Астанада Катардың қаржыландыруы арқылы салынған “Нұр Астана” Ислам мәдени орталығының құрылысы аяқталып, оның ашылу салтанатына Катар Әмірінің арнайы өкілі қатысты.

Тағы бір атап өтер жәйт, былтырғы жылдың аяғында Катар астанасында Азия ойындары өтіп, сол байрақты бәсекеде еліміздің құрамасы жалпы есепте төртінші орынға табан тіреп, Дохадан мәртебесі тасып оралғаны есімізде.

Ақ шыңылтырдан әлі арыла қоймаған Астанадан шыққан бізді Дохада аңызақ қарсы алды.  Доха – 1916 жылдан бері аталған елдің әкімшілік орталығы. Бас қаласында 690 мың тұрғын бар, бұл – ел тұрғындарының 80 пайызы. Қала сәулеттік жағынан арабтық кескіндес болғанымен, жаңадан салынып жатқан биік ғимараттар жалпыға ортақ үлгімен үндеседі екен. Доханың бір шеті Есілдің сол жағалауындағы елорданың жаңа орталығына ұқсайды.  Қала көпте­ген мәдениет және демалыс бақтарына, көз сүйсіндірер көрікті жағалауларға толы.

Катардағы халық саны 886 мыңға жуық. Олардың 40 пайызы арабтар, қалғандары Пәкстан, Үндістан, Иран елдерінен келген жалдамалы жұмысшылар. Бұл ел ұзақ жылдар бойы, яғни төрт ғасырға жуық португалдықтар мен Осман империясының қол астында болған. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде түрік билігінен босап, Әмірлік британ протекто­ратын қабылдады. Сонымен қатар, көп жылдар бойы Катардың сыртқы саясаты толығымен Сауд Арабиясының ықпалында болып келді.

Мемлекеттік құрылымы – мо­нар­хия. Мемлекет басшысы Әмір болып табылады. Елді ХІХ ғасыр­дың ортасынан бастап әл Тани әулеті билейді. Катар мемлекетінің қазіргі Әмірі шейх Хамад бен Хали­фа әл Тани 1995  жылы әкесі Хали­фаның орнына билікке келді. Бекі­ген дәстүрге байланысты Катарда билік әкеден балаға мұрагерлік жолымен беріледі. Қазіргі Премьер-министр Әмірдің бауыры шейх Абдалла бен Халифа әл Тани. Шейх Хамад бен әл Тани елде либералды реформалар жүргізіп келеді. Катардың “Әл-Жазира” телеарнасы Таяу Шығыстағы ең танымал әрі беделді ақпарат агент­тігі саналады. Бір атап өтерлігі, мақаланың басында айтқанымыз­дай, Катардың даму бағыты Қазақ­станға ұқсас. Атап айтсақ, Әмір өзінің халыққа жыл сайынғы жолдаула­рында қоғамды саяси және әлеу­меттік-экономикалық жағынан демократияландыруға баса назар аударады. Мемлекет пен қоғамды дамытудың басты шарты ашық экономика саясаты, инвестицияны ынталандыру, жеке секторға қолдау көрсету және білім саласын дамыту екеніне екпін салуда.

Катар экономикасының негізін мұнай мен газ құрайды. Елдегі мұнай қоры 15 млрд. баррель, ал табиғи газ қоры 22,77 трлн. текше метр деп болжанған. Ел көгілдір отын қоры бойынша әлемде үшін­ші орында тұр. Мұнай өндірісі ел табысының шамамен 85 пайызын құрайды. Өткен жылы Катардың ішкі жалпы өнімі 30,76 млрд. дол­ларға жеткен. Елдің энергетика және экономика министрлігінің болжамына сәйкес, былтырғы жылдың соңына таман сұйытылған газды өңдеу көлемі 40 млн. тон­наға, ал 2012 жылы 88 млн. тоннаға жетпек.

Парсы шығанағындағы мемле­кет­тің экономикасы мұнай-газ секторына тәуелді болса да ел үкі­меті ауыр және жеңіл өнеркәсіпті дамыту арқылы экономиканы әр­тараптандыруға басымдық беруде. Елде мұнай-химия кешені, хи­миялық тыңайтқыштар зауыты, металлургиялық кешен, цемент зауыты, сондай-ақ органикалық тыңайтқыш өндіретін зауыт жұмыс істейді. Былтыр Катардағы ішкі жалпы өнімнің жан басына шаққандағы көлемі 29 мың АҚШ долларынан асқан.

Кеше таңертең Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев Катарға ресми сапары аясында Дохадағы Білім қалашығына келді. Қалашықтағы “Уэйлл Корнелл” медицина кол­лед­жінің алдында Қазақстан бас­шысын “Катар Фаундэйшн” төраға­сының орынбасары Саиф Әли әл Хаджари қарсы алды. Осында Президент мәртебелі мейманды күтіп отырған оқу ордасының оқытушы-профессорлар және ұстаздар құрамымен жүздесіп, әлемдік озық үлгіде салынған білім шаңырағын аралап көрді.

Жалпы, Катардың Білім, ғылым және даму қоры 1995 жылы Әмір жарлығымен құрылып, академия­лық бағдарламалар 2001 жылдан бастап қызмет ете бастады. Қордың ұйытқы болуымен 2002 жылы осын­да АҚШ-тың Корнелл меди­цина колледжінің филиалы ашылса, 2003  жылы Техас универ­ситеті мен РЭНДА саяси инсти­туты, ал 2005 жылы Вашингтонның әйгілі Джорджтаун университетінің бөлімшесі іске қосылды.

Ел басшылығы Дохадағы қала­шықтар қаласы арқылы бірегей университеттер қауымдастығын құруды көздеген екен. Атап айтсақ, қалашықтағы Карнеги-Меллона студенттерді бизнес пен информа­тика саласына оқытса, Джорджтаун университеті жастардың сыртқы саясаттағы сауаттарын ашады, ал Корнелл университеті кіші меди­циналық персоналды даярлайды, сондай-ақ Техас университеті ауыл шаруашылығы мен политехника­лық іске, Вирджиния достастық университеті дизайн өнеріне үйре­тіп келеді. Мұндағы барлық ғима­рат бір-бірімен іргелес орналасқан. Осыған байланысты студенттер қоңсы университеттердің курста­рына жазылып, қалауларынша қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік мол. Сондықтан да Доханың жоғары білім берудегі осы өзіндік тәжірибесі әлемде бірегей санала­ды. Қалашық жас буынның терең білім алып қана қоймай, әлемдік деңгейдегі зерттеу жұмыстарын жүргізетін орынға айналған. Мұндағы білікті ғалымдар дүние жүзіндегі барлық әріптестерімен ынтымақтаса жұмыс істеуіне тиімді жағдай туғызылыпты. Ел үкіметі Катар Білім қорының мақсаты өскелең ұрпақтың өзгеріске толы замандағы жаңа қыр көрсетулерге қарсы тұрудағы қабілетін ұштау және Катарды инновациялық білім мен зерттеу жұмыстарында көш­басшылыққа жеткізу екенін жасырмайды. Қалашық құрылысы аса қарқынмен өсіп келеді екен, соның ішінде клиникасы сандық құралдармен жабдықталған ғылым мен техника паркі бой көтеруде.

Нұрсұлтан Назарбаев Білім қа­ла­шығындағы таныстыру рәсімінен кейін сөй­леген сөзінде Қазақстан нақ осы бағыттағы жобаларды іске асыра бастағанын, еліміздің оңтүс­тік және солтүстік өңірлерінде орын тебетін танымал жоғары оқу орын­дар орталықтары бүкіл өңір­дегі бірегей білім шаңырақтарына айналатынын атап көрсетті. Пре­зидент бұл тұрғыда Катардың білім қалашығын құрудағы тәжірибесі еліміз үшін құнды екенін айта келе, өзара ақпарат алмасу үшін таяу аралықта Қазақстаннан өкілдер жіберілетінін жеткізді. Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев қалашықтағы тілек кітабына өз қолтаңбасын қалдырды.

Бұдан кейін Қазақстан басшы­сы Катар мемлекеті Әмірінің сарайында Әмір шейх Хамад бен Халифа әл Танимен кеңейтілген және шағын құрамда келіссөз жүргізді. Кең құрамдағы келіссөз­ге   Қазақстан тарапынан Сырт­қы істер министрі Марат Тәжин, Ауыл шаруашылығы министрі Ахметжан Есімов, Энергетика және минерал­дық ресурстар министрі Бақтықожа Ізмұхамбетов және басқа да лауа­зым иелері қатысты. Келіссөз­дер барысында бірлескен жобалар мен қадамдарды жүзеге асыру, Катарға ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде бидай және мал ша­руашылығы өнімдерін экспорт­тау мүмкіндіктерін қарас­тыру, инвес­тицияларды өзара тарту, газ кен орындарын игерудегі тәжірибемен алмасу, қауіпсіздік саласында өзара әрекеттесу, әскери-техникалық, туризм және спорт, білім салаларында ынты­мақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Жылы шырайлы кездесулер кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев Катар мемлекетінің Әмірі шейх Хамад бен Халифа әл Таниді еліміздің бірінші дәрежелі “Достық” орденімен марапаттады, өз кезегінде Катар Әмірі Қазақстан басшысына “Тәуелсіздік” алқасын табыс етті. “Тәуелсіздік” алқасы шетелдердің басшыларына беріле­тін ең жоғары орден болып табылады. Кездесуде сондай-ақ Катар мемлекетінде Қазақстан елшілігі ашылатыны жария етілді.

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың Катарға ресми сапары аяқталып, Президент араб әле­міндегі аса ірі мемлекеттердің бірі – Египетке ұшып келді. Қазақстан басшысының Мысыр еліне сапа­рына газетіміздің алдағы санындағы мақаламызда кеңірек тоқталатын боламыз.



Авторы: Қуат БОРАШ – Дохадан. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат