Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-03-17:

Еліміз жаңа даму сатысына аяқ басты

 

Сергей ДЬЯЧЕНКО, Мәжіліс Төрағасының орынбасары, Қазақстан халықтары Ассамблеясы Төрағасының орынбасары. 

Тәуелсіздік алғанына он бес жылдан енді асқан еліміз эконо­ми­калық-әлеуметтік және саяси же­тістіктерін нығайтып, өз дамуының жаңа кезеңіне шықты. Қазақстан әлемнің бәсекеге барынша қабі­лет­ті 50 мемлекетінің қатарына қо­сы­луын жоспарлап отыруы осы сөз­де­ріміздің нақты мысалы болып табылады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың Қазақстан халқына биылғы Жолдауында бұл бастаманы іске асыру үшін бірқатар ауқымды мін­деттер қойып, алдағы 10 жылға елі­міз бен қоғамымыздың даму перс­пективаларын белгіледі. Аталған міндеттерді орындау үшін Прези­дент ішкі және сыртқы саясаттың ең маңызды  30 бағытын анықтап берді.

Бұл – жаңа Қазақстанды жаңа әлемде танытуға бағытталған даму стратегиясы.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстанды “Экономикалық дамудың өңірлік локомотивіне” айналдыруды, өндіруші сектордың тиімділігін арттыруды, экономи­ка­ны әртараптандыруды қамтамасыз етуді, инфрақұрылымды және білім беруді дамыту мен халыққа әлеу­меттік қолдау көрсетуді тапсырды. Бүған қоса, мемлекет жүргізіп отыр­ған экономикалық саясат болашақта жалақыны, зейнетақы мен жәрдемақыны  арттыруға бар­ған сайын көбірек қаражат жұмсай отырып, бюджеттің әлеуметтік бағдарлануын ұлғайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Келесі жылдың 1 қаңтарынан бас­тап іргелік зейнетақыны тұр­мыс­тық ең төменгі қажеттіліктің 40 пайызына дейін ұлғайту және бол­жанған инфляциядан асып түсетін екі пайызға индекстеуді сақтау көзделіп отыр. Сонымен қатар, бюджеттік саланың, соның ішінде білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларының қызметкер­леріне қосымша төлемдер қарас­ты­рылған. Еліміздегі демографиялық жағдайды жақсартуды ынталан­ды­ратын жәйттің бірі – ана мен бала мәселесіне ерекше назар аудару ат­қару билігінің жетекшілеріне тап­сы­рылды. Таяудағы үш жылдың ішінде мұқтаж өңірлерде 100 ауру­хана мен 100 мектеп салу көпшілік көңілінен шығып отыр. Мұны, Елбасы Қазақстанның болашағы – жас ұрпаққа қамқорлық мәселесін бір сәт те назардан тыс қалдыр­май­ды және оны даму үрдістерімізбен ты­ғыз байланыстырады деп түсінген жөн.

Жоғарыда айтылғандай, мұның барлығы халықтың тұрмыстық жағдайын көтеруге, елдің еңсесін биіктетуге бағытталған қадамдар, демек, еліміздің бәсекеге қабілет­ті­лігін арттыруға арналған. Осы тұр­ғы­дан жаңа қазақстандық стратегия ұлттық идеяға айналып, бүкіл қазақ­стандықтарды біріктіруге тиіс деп ойлаймын.

Нұрсұлтан Назарбаев билік бір­неше саяси партиялар өкілдерінің қатысуымен бір жылға жуық жұмыс істеген Мемлекеттік комиссияның ұсыныстарын пайдалана отырып, саяси реформалар жүргізетінін айтты. Біз бөтеннің тәжірибесін көшіруге ұмтылғанымыз жоқ. Қазір саяси жүйемізді жаңғырта жаңар­ту­дың өзіндік “Қазақстан жолы” қалыптасу үстінде. Бұл жолдың ерекшелігі – Қазақстанда прези­денттік билік формасы сақталады және Парламенттің өкілеттілігін кеңейтуге, саяси партиялардың рөлін арттыруға және сот-құ­қық­тық жүйесін жетілдіруге бағыт­тал­ған демократиялық реформалар жалғасады.

Демократиялық реформалар бірқатар бағыттар бойынша жүретін болады. Біріншіден, бұл Парламент өкілеттігінің кеңейтілуі: Парла­мент­тің Конституциялық Кеңесті, Орталық сайлау комис­сиясын, Есеп комитетін жасақ­тау­дағы, сондай-ақ Үкімет қалыптастырудағы өкі­лет­ті­лігі күшейтілетін бола­ды. Екіншіден, саяси пар­тиялардың рөлін арт­ты­руға бағытталған ша­ралар. Атап айт­қан­да, саяси пар­тиялардың рөлін арт­ты­ру, өкілді органдар мен партия фракция­ларының өкілеттіктерін күшейту, саяси партияларды респуб­ли­калық бюджеттен қаржылан­ды­ру­ды ұл­ғайту, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқаруды қалыптасты­ру­дағы мәслихаттардың рөлін кеңейту мәселелері бар. Сол сияқты Жол­дау­дағы ауқымды міндеттердің бірі – Қазақстан халықтары Ассам­блея­сының рөлін көтеруге байла­ныс­ты. Өйткені, бүгінгі таңда рес­публикада қоғамдық ке­лі­сім мен тұрақтылықты одан әрі нығайтудың қажеттілігі ерекше. Жолдауда ата­лып өткен міндет­терді толығымен іске асыру үшін тиісті нормативтік-құқықтық база қажет. Парламент алдында Жаңа стратегияны заңна­ма­лық тұрғыда қамтамасыз ету міндеті тұр. Елу­ден астам заң қа­был­дау жоспар­лануда.

Қорыта айтқанда, Елбасы Жол­дауын жүзеге асыруға қуатты серпін беруіміз үшін оларды жан-жақты қарастырып, қабылдауымыз қажет. Мен Президент Жолдауын толық қолдаймын. Елбасының бастама­ла­ры­на заң шығару арқылы нақты істермен қолдауды басты міндет деп есептеймін.

 

Ел мүддесі бәрінен биік

 

Жұмабек АХМЕТОВ, Петропавл жоғары әскери училищесінің бастығы, полковник.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев биылғы Жолдауында кешенді жаңару үдерісі еліміздің күллі халқының, қоғамның барлық топтары мен институттарының мүддесі үшін, әрі солардың тікелей қатысуымен жүргізілетінін атап көрсетті. Бұл талаптар құрылғанына он жыл толып отырған Петропавл жоғары әскери училищесіне де іске жаңаша қарап, биік мақсаттарға жетудің ұтымды жолдарын талмай іздестіру­ді міндеттейді.

Біздің оқу мекемеміз ішкі әс­кер­дің кадр мәселесін шешу мақ­сатында Қазақстан Республи­ка­­сы­ның Президенті Н.Назарбаев­тың қолдауымен 1997 жылы ашыл­ған бо­латын. Осыған байланысты Үкі­мет 18 наурызда қаулы қабылдап, содан бері бұл күн бәріміз үшін ай­рықша ыстық. Бұрынғы техникум­ның базасы негізінде шаңырақ көтерген училищедегі қайта құры­лым жұмыстары әлі күнгідей көз алдымызда. Оқу корпустары түгел жаңартылып, қазармалар салынды. Кедір-бұдыр алаңның орнында саптық плац  пайда болды. Жергі­лік­ті атқарушы органдар қолдан келген көмектерін аяған жоқ. С.Із­ғұттин, В.Колесников, С.Титов секілді құрылыс ұйымдарының басшылары училищенің ірге­та­сын бірге қаласты. Оқу кабинеттері, дәріс­ханалар, әлеуметтік-тұрмыстық нысандар, бір сөзбен айтқанда, материалдық-техникалық база ойдағыдай қалыптасты. Кафедра оқытушылары, бөлімше командирлері іріктеліп алынды.

1997 жылы желтоқсанда еліміздің Қарулы Күштерінің Жоғары Бас қолбасшысы Н.На­зар­баев училищеде болып, Жауынгерлік Туды сал­танатты түрде табыс етті. “Мен солтүстік кли­мат­тық жағдайда тәрбиеленген және білім алған курсанттар әскери жағынан шыңдалып, бо­лашақта Қазақстан Республикасының офицерлік құрамының негізін құрайтынына сенемін”, дей келіп, биік әскери талаптар деңгейінен көрінуге жігерлендірген болатын. Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлері жоғары әскери училищесінің құ­рылуы – 2030 жылға дейінге арналған Даму стра­тегиясын, оның бірінші басымдығы – ұлт­тық қауіпсіздікті жүзеге асырудың нақты айғағы дер едік. Жолдауда атап көрсетілгендей, қоғам­дық келісім мен тұрақтылықты одан әрі нығайту арқылы ғана еліміздің серпінді дамуын қам­та­масыз ете аламыз. Бұл жолда және азаматтардың конституциялық кепілдіктерінің сақталуына өз үлесімізді қоса беретін боламыз. Ішкі әскерлер қолбасшысы генерал-полковник Қ.Сүлейменов Бүкілармиялық кеңесте жасаған баяндамасында ел Президентінің Петропавлда Ішкі әскерлердің жоғары әскери училищесін құру туралы шешімі тарихи шешім болып табылады. Біз бүгін ішкі әскерді училищеден бөліп елестете алмаймыз, деп екпін түсіре айтуы оқу орнының мәртебесін биіктете түсері анық.

Тарих үшін қас-қағым сәт саналатын мерзім ішінде училище өмірбаяны жан-жақты байып, барынша кемелдене түсті. Оның құрылуы мен әскери оқу орны ретінде қалыптасуына басшы­лық жасаған генерал-майорлар А.Дүйкенов, Р.Фаткуллин, полков­ник­тер С.Ахметов, М.Қа­­ра­қойшиев, қолбасшының бірінші орынбасары, генерал-майор Б.Жа­на­саев, тағы басқалары үл­кен еңбек сіңірді. Учи­лищенің оқу тәрбие, ұйымдас­ты­рушы­лық-штаттық құ­ры­лымдары за­ман та­лабына бей­ім­деле түсті. Осы жылдары ІІМ ішкі әскер­ле­рін рефор­малауға орай қайта өзгеріс­тер жүзеге асырыл­ды. Он жыл ішінде бір мыңға жуық офицерлер қанатта­нып ұшты. Жүзден астамы үздік, он бесі “Әскери училищені үздік бітіргені үшін” кеуде белгісімен аяқтады. Бірқатар түлектеріміз Ресейдің әскери академияларында оқып жүр. Қай-қайсысы болсын Отан алдындағы анты мен парызына адал. Кәсіби біліктілігін жоғарылату факультет­терінде төрт жүзден астам офицер өз білімдерін жетілдірді. Үш жүздей офицер мен оқытушымыз АҚШ-та, Германияда, Үндістанда, Ресейде, Қыр­ғызстанда әскери тағылымдардан өтті. Кур­сант­тарды даярлау мемлекеттік білім беру стан­дарттарының, біліктілік талаптарының шең­бе­рінде жүргізіледі. Олар бүгінге дейін ракеталық-артиллериялық, инженерлік-техникалық қамта­ма­сыз етудің командалық-тактикалық, тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар маман­дық­тары бойынша әзірленіп келсе, енді бака­лавриат бойынша толыққанды білім алып шы­ғады. Алда магистратура, әскери-ғылыми орта­лық ашу көзделіп отыр. Қазіргі кезеңде учили­щенің әлеуеті әскери институттардан кем емес. Сондықтан қазіргі мәртебесін өзгертудің жол­дарын ойластырудамыз. Компьютерлік база, мульти­медиалық және тестілік технологиялар, электронды оқулықтар оқу сапасын арттыруға зор мүмкіндіктер туғызады. Ғылыми-теориялық, практикалық конференциялар, семинарлар өткізу игі дәстүрге айналған.

Училищеде елді, жерді сүю, Қазақстанды ар­дақ тұту, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу бағы­тындағы патриоттық тәлім-тәрбиелерге ұдайы көңіл бөлі­неді. Курсанттардың әскери-ғылыми орталығы жұ­мыс іс­тейді. Облыс әкімі тағай­ын­­да­ған шәкірт­ақы­ға төрт кур­сан­ты­мыз ие. Кур­сант А.Би­ке­нев республикалық жастар фо­ру­мын­да “Жылдың жас сар­ба­зы” номинациясын жеңіп алды. Е.Бейімбетов пен М.Бірім­жа­нов кикбоксингтен ел жеңім­паздары саналса, Ә.Тінәлин спорттың осы түрінен әлем чемпионы болды.

Курсанттарға сапалы білім беру жолында оқытушылар құрамы да еселі еңбек етіп ке­ле­ді. Қоғамдық жұмыстарға да белсене қаты­са­ды. Ғылыми ізде­ніс­тері үлгі тұтарлық. Тарих ғы­лымдары­ның кан­ди­даты, под­полковник А.Мұсыр­ман “Қа­зақстан Республикасының білім беру ісі­нің құрметті қызметкері” белгісімен, подпол­ков­ник В.Нилов “Ыбырай Алтынсарин” медалімен марапаттал­ды. Полковник В.Сироткиннің омы­рауында жеке батылдығы мен ерлігін айғақ­тай­тын “Жауын­герлік ерлігі үшін” медалі жарқы­рай­ды. Капитан П.Рябинин спортта мәртебе­міз­ді асқақтатып жүр. Халықаралық спорт шебері шаң­ғыдан Азия ойындарының 4 мәрте жеңім­пазы болып оралды. Тәжірибелі оқытушылар, полковниктер А.Юдин, А.Жанболатов, В.Дитюк, Б.Досжанов, Д.Жолбаев, подполковниктер В.Нилов, А.Сербин, Б.Қожахметов, кафедра меңгерушілері Ж.Жабатова, Ғ.Қожағұлова, тағы басқалары білікті мамандар болып саналады.

Елбасы  биылғы Жолдауында жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның орнын белгілеп, әлемдегі бәсекелестікке қабілетті 50 елдің санатына қосылудың аршынды қадамдарын нақтылап берді. Тәуелсіздікке қолымыз жеткен алғашқы күндерден ел ішіндегі геосаяси тұрақтылық  пен қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып өркениетті мемлекетке айналуға ұмтылып келеміз. Оған жетер күн де алыс емес. Ол үшін “Қазақстан-2030” Стратегиясын дәйектілікпен орындауға әркім өз үлесін қоса білуі тиіс. Ел мүддесін бәрі­нен де жоғары қоя білсек, ұлық мұраттары­мыздың іске асарына еш күмән жоқ. Петропавл жоғары әскери училищесінің ұжымы Жолдаудан туындайтын талаптар биігінен көрінуге бар күш-жігерлерін жұмсай беретін болады.

Солтүстік Қазақстан облысы.

 

Жаңа бастамалар сәттілікке бастайды

 

Еліміздің басқа өңірлеріндегідей павлодарлықтар да Елбасының биылғы Жолдауына айрықша назар аударып, жақсы ой-пікір, ыстық ықыластарын  білдіруде. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға, ел эконо­ми­касын өркендетуге бағытталған стратегиялық маңызға ие бағдар­ла­малар мен жобалар жұптаса жүйе­сін тапқан Жолдаудың қай салада болмасын алдағы атқарылар істер­дің айнасы болары сөзсіз.

Ел ішін осындай жақсы жаңа­лыққа бөлеген Жолдауға өз қол­дауларын білдіруге ауыл-аудан әкім­дері, кәсіпорындар мен ұйым­дар өкілдері, ардагерлер облыс ак­тивінің алқалы жиылысында бас қосты. Алдымен сөз алған облыс әкімі Қайрат Нұрпейісов Наурыз мерекесі қарсаңында Жолдау жолдарын осылай бірлесе отырып талқылап, ой бөлісуге жиналып отырғанымыз бәрімізге де көтеріңкі көңіл күй, қуаныш әкеле берсін, ең бастысы, әлеуметтік салада болай­ын деп жатқан жағымды жаңа­лыққа толы өзгерістер қарапайым халықты қатты қуантып отыр, деді. Ал, ана мен баланы әлеуметтік қолдауды жақсартудың басты қамқорлығы – енді бала бір жасқа толғанша ай сайын жәрдемақы төленді. Бұл күндегі мәлімет бойынша, облыс көлемінде жәрдемақыны он мындай адам алатын болады. Облыс бойынша жүз мыңға жуық зейнеткердің базалық зейнетақылары артып, отыз мыңға жуық зейнеткердің зей­нетақысы 15-тен 25 айлық есептік көрсеткіш деңгейіне дейін өседі. Алдағы үш жылда 13100 жаңа жұ­мыс орындары ашылатын болса, биылғы жылы 4500 адам жұмысқа орналасады. Жергілікті ха­лықтың көкейінде жүрген бала­бақ­ша мен мектеп, аурухана мәселесі еді. Бұған жауап ретінде 2009 жылға дейін облыста 15 балалар бақшасы, 12 жалпы  білім беретін орта мек­теп, 3 кәсіби мектеп, 9 аурухана салу жоспарланып отыр. Өткен жылы облыста 64 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Мем­лекеттік тұрғын үй бағдар­ла­масын  жүзеге асыру мақсатында осы үш жылдың ішінде үш мыңнан астам отбасы жаңа пәтерге ие болды.

Алайда, деді Қайрат Нұрпейісов, қарапайым халықтың қолындағысын тартып алатын пәтерлерді бөлуді жеке бастарына пайдаланатын шенеуніктердің ор­тамыздан ойып шығып жатқандары өкінішті. Тұрғын үй бөлуді сы­байлас жемқорлыққа айналдырған бірқатар шенеуніктер жұмыс­та­рынан босатылды.  Алдағы уақытта оларға қатаң шара қолданылып, бақылауда болатынын жеткізді. Ал, өндірісті өңірдің халқы жақсы жағдайда өмір сүру үшін еңсемізді көтеріп отырған алып кәсіп­орын­дардың тынысын кеңейтіп, ел игі­лігіне пайдалануды қолға алатын кез келді.

Бұл күндері құрылысы қарқын­ды жүргізіліп жатқан осы жылы алғашқы кезегі іске қосылады деп күтіліп отырған “Қазақстан элек­тро­лиз зауыты” негізінде алюми­ний және алюминий қорытпаларын өндіретін өнеркәсіптік алаңдар кешенін құру жоспарда тұр. Яғни, бокситті өндіру, глинозем, таза алюминий шығару үдерістерін іске асырудағы толық өндірістік циклға айналған металлургиялық кешеннің қызметі жүзеге асатын болады. Биылғы жылдан бастап “Кастинг” жауапкершілігі шектеулі серіктесті­гінде мұнай-газ секторына арнал­ған үлкен диаметрлі құбырлар жа­салынады. Индустриялық-ин­но­вациялық даму бағдарламасына орай С.Торайғыров атындағы Пав­лодар мемлекеттік университетінде және Екібастұз қаласында ғылыми-техникалық орталықтар қызмет етеді. Бұл Елбасы Жолдауында айтылғандай, жаңа технологияларға негізделген технологиялық транс­ферт­тер механизмі арқылы шағын және орта бизнестің дамуына ықпал жасай алады әрі өңірімізде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора­ция­ларды құруға септігі тиеді. Осы жүйенің арқасында жуырда Ертіс өзені бойынан орын тепкен мак­ро­аймақта орталығы Семей қала­сында орналасатын “Ертіс” атты әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация құрылды. Облыс әкімі Павлодар облысының Ресей­дің үш облысымен шекаралас орналасуын, өңіраралық экономи­калық байланыстарда бұрыннан бар тәжірибені жетілдіріп, тиімді пайдалануға тиісті екенімізді айтып өтті. Электр қуатын экспорттаудың болашағы Екібастұз ГРЭС-2 стансасы базасындағы Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорнымен байланысты болады.

Еліміздің алдағы болашағы жайлы Жолдауда айтылған осындай асқаралы бағыттарға орай Ертістің өндірісті Павлодар өңірінің өкілдері жерлесіміз, Мәжіліс депутаты В.Бо­бров, “Айренник” армян ұлттық мәдени орталығының төрағасы К.Бадоян, “Болат” шаруа қо­жа­лығының басшысы С.Сүлей­ме­нов, Екібастұз қалалық мәслихаты­ның депутаты С.Рамазанов сөз сөйледі. Олар әр жыл сайын сәт­тілікке бастайтын жаңа баста­малардың жаңа әлемге жаңа ел болып енгелі отырған еліміз үшін әрқашан да сәтті орындалатынына сенімді екендіктерін жеткізді.

Облыс активінің алқа жиы­лысынан соң, Елбасы Жолдауының мән-маңызын ауыл-ауылдарға барып жете түсіндіріп шығу үшін облыстық деңгейде құрылған 13 ақпараттық-насихат тобы аудандарға аттанып кетті.

Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.

 

Дамыған экономиканы басқару кезеңі

 

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың рес­публика халқына кезекті Жолдауын талқылау жиналысы Ақмола облы­сында іскерлік жағдайында өтті. Облыс әкімі Мәжит Есенбаев өз сө­зін Жолдаудың “Жаңа әлемдегі жа­ңа Қазақстан” деген терең маз­мұн­ды тақырыбынан өрбітіп отырды.

Бүгінгі міндет еліміздің даму нә­тижелерін саралау арқылы оны өркендету бағыттарына жол ашу, деді Мәжит Төлеубекұлы. Елбасы өз Жолдауында Қазақстанның әлемдік қауымдастықтан абыройлы орын алуы үшін жаңа кезеңде бас­шылыққа алынатын ауқымды 10 тап­сырманы атап көрсетті. Олар­дың барлығы да азаматтарымыздың әл-ауқатын, өмір сапасын арт­тыруды көздейді.  Еңбекақы мен зей­нет­ақы жыл санап еселеп артып келеді. Биылғы жыл да желпініспен басталды. Жалпы, 2008 жылға қа­рай әлеуметтік төлемдердің көлемі 6 миллиард теңгеден асып түспек. Бұл бір кездердегі облыс бюд­же­ті­нің жылдық көрсеткішін құрайды. Жалақы төлеу жүйесі үнемі жетіл­дірі­ліп, қызметкерлердің кезекті еңбек демалысына шығу уақы­тын­дағы үстемесі үшін ғана 1 миллиард теңге қосымша қаржы қарас­ты­рылып отыр.

Облыста айына орта есеппен 940 бала дүниеге келеді. Ендігі жер­де бір жолғы мемлекеттік жәрдем­ақы мөлшерін екі есеге көтеруге жұмсалатын қаржы 207 миллион тең­геге жетпек. Бір жасқа дейінгі баланы күтуге арналған ай сайынғы үстеме өтемді 9000 адам алатын болады. Бұл мақсатқа 227 миллион теңге бөлінбекші. Өңірде демо­гра­фиялық жағдай анағұрлым жақсар­ған. Былтыр 2000 жылға қарағанда бала туу көрсеткіші 1,5 мың сәбиге артық болды. Оның үстіне, табиғи өсім 1,8 есе көбейді. Ауыр және зиян­ды еңбек жағдайында жұмыс істеген 1812 адам есепке алынып, арнайы жәрдемақы төлеу үшін 201 миллион теңге қарастырылуда. Мемлекет басшысының 100 мектеп пен 100 аурухана салуға қатысты тапсырмалары Ақмола өңірінде де құлшыныспен жүргізілетіні атап көрсетілді. Өмірлік маңыздағы инфрақұрылымдар жүйесі бүгінгі талаптарға сәйкестендірілмек.

Елбасы Жолдауында жария­лан­ған 10 міндет пен 30 тапсырма да­мы­ған экономиканы сауатты бас­қа­руды талап етеді. Тіршіліктің тұт­қа­сы боларлық бағдарламаларға қолдау көрсетіледі. Осы ұстаным тұрақты дамуға бастады. Әкім эко­номикалық өсімді “жинақталған” түрінде пайдаланып қоймай,оны жаңа сапалық деңгейге көтерудің оң мысалдарын келтіріп, алдағы бағыттарға талдау жасады. Мәсе­лен, 2007-2010 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму тетіктерін тиімді іске қосу өнер­кәсіптің жыл сайынғы орташа өсу ырғағын 22-25 пайызға, ал өңдеуші саланы 24-30 пайызға арттыратыны мәлімделді. Бұл үшін 2015 жылға дейінгі кезеңді қамтитын кең алымды жоспар түзуге тапсырма берілді. Онда дамудың негізгі бағыттары: мамандану, жаңа өнді­рістік қуаттар ашу, “экономикалық өсу орталықтарын құру”, инвес­ти­циялық тартымдылықты қамта­масыз ету және басқа тармақтар жан-жақты салмақталған күйінде есепке алынады.  Басты ұстаным – әлемдік және өңірлік экономика жүйесіндегі қазақстандық жолды іздеу, оны іске асырып, игілігін көру болып қала бермек. Ірі астық өндіруші аймақтың аграрлық сая­саты да осы мақсаттарды көздейді. Саладағы бүгінгі серпін өнер­кә­сіп­тің жаңа буындары – биоөнімдер өрісін кеңейтуге септік жасайды. Қа­зірдің өзінде биоэталон шы­ғарудың мүмкіндіктерінен қомақты қайтарым күтілуде.

Облыс әкімі М.Есенбаев жо­ға­рыда айтылған міндеттердің жүзеге асырылуы қоғам мүшелерінің ин­теллектуалдық ой-қарымын, демо­кра­тиялық институттардың күш-қуатын, барлық бағыттағы маман­дану мен біліктілікті сынға сала­ты­нын атады. Жергілікті басқару ор­гандарын демократияландыру оған халықтың ықыластана араласуынан көрініс беруде. Биылғы жылы әкім­дердің 290 есепті кездесуі өткізіліп, оған 53 мыңнан астам адам қа­тысты. Сайланып қойылған әкім­дердің жұмысында сабақтастық бар. Партиялар мен қоғамдық бірлестік­тер­дің, үкіметтік емес ұйымдардың іс-қимыл белсенділігі орнықты. Ел­басының жаңа Жолдауынан туын­дайтын міндеттер қазірдің өзінде барлық еңбек ұжымдарында, елді-мекендерде талқыланып жатыр. Үгіт-насихат жұмыстарын жандан­ды­ру үшін 58 адамнан тұратын ведомствоаралық алты ақпараттық-насихат тобы құрылып, медиа-жоспар бекітіл­ді. Істің тиімділігін арттыруға облыс­тың жуырда іске қосылатын электронды картасы елеулі серпін бермек.

Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.

 

Пәтер әділ бөлінуі тиіс

 

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.

Елімізде былтырғы жылы мемлекет­тік бағдарлама бойынша қаншама отбасы пәтерлі болып, қоныс тойын тойлады. Со­ларға қызыға қарағандар биыл бақтарын сынап, құжаттарын дайындап, арзан баға­мен берілетін пәтерлерге үміттеніп отыр.

Өткенде Елбасы пәтер бөлудегі кейбір келеңсіздіктер туралы айтып, “Нұр Отанның” осы шетін мәселеге араласып, қоғамдық бақылау жасауына кеңес бергелі  “Нұр Отан” халықтық-демокра­тия­лық партиясының Орталық аппараты мен  Астана қалалық филиалының қоғамдық қабыл­дау бөлмелеріне 25 азаматтан  пәтер алу жөнінде өтініш түсіпті. Олар ұстаздар мен мемлекеттік қызметкерлер, мүге­дек­тер, медицина саласының мамандары және жас отбасылар болғандықтан, ар­найы бағдарлама бойынша салынған пә­тер­лер әділ бөлінсін деген мақсатты алға қой­ған қалалық мәслихат депутаттары мен “Нұр Отан” халықтық-демократиялық пар­тия­сының мүшелері түскен өтініштерді мұ­қият қарау керек деп шешкен. Сөйтіп, тұр­ғын үй комиссиясының кезекті бір оты­рысында жоғарыдағы өтініштер қаралды.

Комиссия мүшесі, “Нұр Отан” ХДП қалалық партия ұйымы саяси кеңесінің мүшесі Сайлаубек Байболов журналистерге берген сұхбатында бүгінгі күні пәтер алуға 14 мың азаматтан өтініш түсіп отырғанын, ал биылғы бөлінетін пәтер саны 3 мың, сондықтан әрбір өтініш мұқият қарала­тындығын, пәтердің әділ бөлінуі кім-кімге де сын екенін айтты. Комиссия құрамын­дағы 13 адамның біразы “Нұр Отанның” мүшелері. Негізгі мәселе баспанасы жоқ адамды үймен қамтамасыз ету.

Жоғарыда айтылған 25 өтініштен басқа да жалпы келіп түскен өтініштерді зер сала қараған комиссия кейбір күмәнді деген құжаттарды қайта тексеру, сараптауға ұсынса, көпшілігін қанағаттандыру қажет деген ұйғарымға келді. Ал нақты шешім кейінірек қабылданатын болады.

 

50.000 данамен алыс ауылдарға таратылды

 

Облыс жұртшылығы Елбасының жыл сайын Қазақстан халқына бағышталатын дәс­түрлі Жолдауын жүзеге асыруға өз үлес­терін қал-қадерінше қосып келеді. Бұл орай­да жергілікті билік орындары тарапы­нан атқарылатын жедел де әбжіл ұйым­дас­ты­ру шараларының игі ықпалын айта кет­кен жөн. Биыл да тарихи маңызы зор құжат жария етілісімен екінші күні жасампаздық Жол­дауы жергілікті баспадан қазақ және орыс тілдерінде 50.000 данамен басылып шық­ты. Іле-шала алдымен шалғай аудандар мен елді мекендерге таратылды. Осылайша Пре­зиденттің жасап жатқан  қамқорлық­тары­мен бірге, алда тұрған өрелі міндет­тер­мен дер кезінде танысуына облыс тұрғын­да­ры үшін жан-жақты жағдай туғызылып отыр.

Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.

 

Әңгіме арқауы — Президент Жолдауы

 

Жақында Венада ЕҚЫҰ жа­нын­дағы Қазақстан Республи­ка­сының Тұрақты өкілі Рахат Әлиев ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің оты­рысына қатысып, онда Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың 28 ақ­пан­дағы Қазақстан халқына Жол­дауы­ның мазмұны туралы хабарлама жасады.

Қазақстан дипломаты Прези­дент Жолдауының шешуші тұс­та­рына егжей-тегжейлі тоқталып, ел­дің одан әрі саяси, экономикалық дамуы үшін бұл құжаттың елеулі маңызын атап көрсетті.

Рахат Әлиев былай деді: “Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ-ның қызметінің барлық бағыттары бойынша халықаралық міндеттерін толық көлемде орындап келеді. Президенттің сөзінде сапаның халықаралық стандарттарына баса назар аударылды, бұл стандарттар Қазақстан үшін саяси, экономи­калық және әлеуметтік салалардағы басты бағдар болып табылады”.

 

Ауылға біз бармағанда, кім барады?

 

Елбасының “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” Жолдауын және биылғы жылдың 5 наурызындағы агроөнеркә­сіп­тік кешен мәселелері бойынша өткізілген республикалық кеңестегі сөзін басшылыққа алған Ақтөбе мем­лекеттік педагогикалық институтының 4-курс студенттері, яғни алдағы түлектер үндеу қабылдады. Олар қаладағы жоғары оқу орындарының биылғы бітірушілерін ауылда еңбек етуге шақырды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылғы Жолдауында да елі­міз­дің әлеуетін барлық салада арттырудың сан-қилы жолдарын нақтылап берді. Жолдаудан туындаған міндеттерді ат­қару енді халықтың өз қолында. Бой­ларын жастық жігер, жүректерін отан­сүйгіштік сезім кернеген, көздерінде қайсарлықтың оты бар ақтөбелік студенттер Президенттің Жолдауына іспен жауап беруге құлшына кірісті.

Біздің есімізге 1974 жылғы Семей облысының Шұбартау ауданының мектеп бітірушілерінің қой бағуға шақырған үндеуі түсті. Алайда, ол кезде мал бағуға, қиналса да өз “ерік­тері­мен баруға” тура келген еді. Сту­дент­тердің игі бастамасы қуанарлық-ақ жағдай. Дегенмен, қатар-құрбы­ларына үндеу тастау қалай туындады екен деп институт басшылығынан, ұстаздардан сұрағанымызда, бастама иесі сту­денттердің өздері, біз тек осылай бас қосуларына мәжіліс залын беріп, қажет деген адамдарын шақы­рып, жағдай жасадық, деді. Студент­тердің өздерінен сұрастырғанымызда қай-қайсысы да ауылдарға өз еріктері­мен баратынын, ал қаламаған адамға зорлық жоқ екенін білдірді. Жастарға тән осындай бастама көтеру педаго­ги­ка және психология факультетінің сту­дент­терінен басталып­ты. Үндеу инс­титуттың “бес минөтсіз” мамандары­нан бірден қолдау тапты. Енді болашақ ауыл ұстаздарының өздеріне сөз берейік.

Саманта Ізтілеуова, педагогика және психология факультетінің студенті:

— Мен өзім білім алған ауыл мек­тебіне барғым келеді. Елбасы Жолдау­ын­да көрсетілгендей, алдағы үш жылда ауылдарда 100 мектеп, 100 аурухана са­лынбақшы. Ал ешнәрсенің мамансыз жүзеге аспайтыны белгілі. Нұрсұлтан Әбішұлы ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі республикалық кеңесте мұғалімдерді, дәрігерлерді, жалпы жастарды ауылға баруға, көмектесуге шақырған болатын. Біз өзіміздің білі­мі­міз арқылы ауыл мен қала арасын­дағы білім беру айырмашылығын жоюға бейімбіз. Сондықтан біз, педа­гогика және психология факультетінің үш топ түлектері, еңбек жолымызды ауыл мектебінен бастауды ұйғардық.  Біз Президенттің саясатын қолдаймыз! Ауылға біздер, жастар бармағанда кім барады?

Эльвира Мадиярова, шетел тілдері факультетінің студенті:

— Біздің факультеттің студенттері де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жастар­ға артқан сенімін ақтау үшін игі бастамаға қосылады. Барынша дамыған 50 елдің қатарына ену үшін білімді, білікті ұрпақ тәрбиелеу керек. Болашақ мұғалім ретінде бұл біздің парызымыз деп ұғынамын. Елбасы өз сөзінде “...Өйткені, бәрі де мектептен, ал Қазақстан үшін бәрі ауыл мектебінен басталады” деген болатын. Қазақстанның болашағы ауылмен тығыз байланысты екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан да шетел тілдері факультетінің студенттері ауыл мектебіндегі шетел тілі пәнінің сапасын арттыруға, ауылды көркейтуге атсалысуға дайынбыз.

Кеңшілік Батырхан, тарих факультетінің студенті:

– Елбасы қоғам үшін, болашақ ұрпақ үшін аса маңызды “Мәдени мұ­ра” бағдарламасын ұсынған болатын. Бағдарлама аясында халықтың рухын көтеретін тыңғылықты істер атқа­рыл­ды. Қазақ жерінің қай өңірі де тарихқа бай. Зерттеуді қажет ететін қаншама рухани мол мұрамыз жатыр. Ал, мұ­ның бәрі тарихшыларды, этно­граф­тарды, басқа да сала мамандарын күтуде.

Мен өзім туып-өскен өлкеде де та­рихи-мәдени мұралар жеткілікті. Сон­дықтан Темір ауданындағы Теректі орта мектебіне барып жұмыс істеуді жү­рек қалауымен таңдап отырмын. Мек­тепте оқушыларға білім бере жү­ріп, зерттеу жұмыстарына өз үлесімді қоссам, шәкірттердің де бойларына патриоттық сезім отын жақсам деймін.

Гүлзира Құрманова, филология факультетінің студенті:

– Дәл қазіргі кезде ауыл мектебі жас кадрларды асыға күтуде. Біздің қызметіміз өте қажет. Біз де ауыл кадрларын бойларында қуат бар жас мамандармен толықтыруды жөн көрдік. Қазақтың бетке ұстар азаматтарының бәрі де ауылдан шыққанын жақсы білеміз. Туған ауылымызды жүдетпей, қайта оның көркеюіне әрқайсымыз өз үлесімізді қосуға тиіспіз.

Гүлнара Дүйсенғалиева, педагогика және психология факультетінің студенті:

– Мен институтты педагогика және бастауышта оқыту әдістемесі мамандығы бойынша тәмамдағалы отырмын. Бұл мамандықтың өзіндік ерекшелігі бар. Сондықтан да ауыл мектебі үшін осы мамандық қажет деп ойлаймын. Өйткені, елімізде білім беру 12 жылдық жүйеге ауыспақшы. Бұл жүйенің білім талаптары да өзгеше болмақ. Терең білім берудің жаңа әдіс­те­мелері, жаңа технологиялары қолда­нылатын бола­ды. Менің мамандығым бастау­ыш сыныпқа байланысты бол­ғанымен, біз шетел тілін де қоса оқып шықтық. Енді бастауыштың оқушы­ларына да шетел тілінен дәріс беретін боламыз. Ал, халықаралық қатынастар тіліне айналған ағылшын тілін меңгеру заман талабы болып отыр. Біз осы үдеден шыға аламыз.

Ауылда еңбек ету ғажап деп ойлай­мын. Ондағы тірлік те басқаша. Өзім таң­дау жасағаннан кейін ауыл мекте­біндегі жұмысым өте қызықты болады деп білемін. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың шақыруын қолдап, ісімізбен дәлел­де­сек, біздің перзенттік парызы­мыздың орындалғаны.

Институт ректоры Ғалымжан Нұ­ры­шев студенттер арасында осындай бастама көтеріл­генін естігенде, бойын қуанышты сезім билегенін айтты. Әрине, жастардың отансүйгіштік сезі­міне риза болған­дықтан. Көтерілген игі бастамаға қол­дау көрсету үшін өзінше сараптама жа­са­ғанда биыл диплом алатын 543 түлек­тің 70 пайызға жуығының ауылға баратыны анықталған. Облыстың барлық аудандарынан сұраныстар түскен. Тіпті, көрші Қызылорда, Атырау, Маңғыстау облыстарынан да ша­қырулар бар екен. Әрине, шақы­ру­шылар үй-жай мәселесін де шешуге уәде етіп отыр.

Іске сәт, жас достар!

Бердібай КЕМАЛ, Ақтөбе.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат