Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-03-20:

Елдер ынтымақтастығы тату көршілестікте дамып келеді

 

 

Кездесуде мемлекет басшылары екіжақты әріптестікті дамытуға бағытталған кешенді мәселелерді талқылады. Оның ең негізгісі – сауда-экономикалық ынтымақтас­тықты әрі қарай тереңдету. Екі ел арасындағы тауар айналымы өткен жылы бұрын-соңды болмаған жоғары көрсеткішке жетті. Мемле­кеттер тиімді ірі жобаларды жүзеге асыру мақсатында Еуразия даму банкін құрды.

Президенттер сон­дай-ақ отын-энергетика саласын дамыту мәселелеріне де баса назар аударды. Оның ішінде Орынбор мұнай өңдеу зауыты базасында бірлескен кәсіпорынды іске қосу, электр энергиясын тасымалдау, Каспий теңізі қайраңын бірлесе игеру мәселелері бар. Мемлекет басшылары гуманитарлық пробле­ма­ларды, оның ішінде осы жылға жоспарланған ТМД елдері шығар­машылық интеллигенция өкіл­дерінің екінші форумын өткізу мәселесін талқылады.

Президенттер кездесу барысындағы әңгімеде Қа­зақстан мен Ресей мүше болып табылатын  ТМД, ЕурАзЭҚ, Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы ара­сында іс-қимылды терең­дету жөнінде де пікір алмасты. Қазақстан мен Ресей президенттері өткен жылы 13 рет кездескен екен. Мемлекет басшы­ларының бұл кездесуі биылғы жылы бірінші рет өткізіліп отыр. Кездесуде со­ны­мен қатар екі елдің ынты­мақ­тастығын дамыту және өңірлерде қауіпсіз­дікті нығайту мәселелері де сөз болды. Кездесу соңында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путин Бірлескен мәлімдеме жа­сады.

Мемлекет басшысы келген күні кешкісін қаланың ең көрікті орталығында жаңадан бой көтерген “Ритц-Карлтон” қонақ үйін аралап көрді. Қазақстан Президентін ғимарат алдында Мәскеу қаласы­ның мэрі Юрий Лужков бастаған ресми адамдар қарсы алды.

Жаңадан салынған бұл қонақ үйдің орнында сонау ХVІІІ ғасырда “Цареград трактирі” болған екен. Кейін, яғни ХІХ ғасырда трактир “Париж” қонақ үйіне айналды­ры­лып, 100 жыл бойы қала қонақ­тары­на қызмет көрсеткен көрінеді. Қонақ үй басшыларының айтуын­ша, бұл үйде орыстың талай атақты адамдары – жазушылар мен ком­позиторлар тоқтаған. 1970 жылы оның орнына 22 қабатты “Ин­ту­рист” отелі бой көтерген. Ал 2002 жылы Мәскеу қаласы үкіметінің шешіміне орай “Интурист” отелі толықтай бұзылып, оның орнына осы “Ритц-Карлтон” қонақ үйі салынған.

Тверь көшесінің бойына орна­ласқан қонақ үйге талай тарихи оқиғаларға куә болған Қызыл алаң, Кремль, Үлкен театр мен Василий Блаженный соборы тиіп тұр. Қонақ үйдің жалпы алаңы 59331 шаршы метр, онда 334 нөмір бар. Бұған қоса дүкендер, мейрамханалар, сондай-ақ бизнес-форумдар мен конференциялар өткізетін залдар өскелең заман талабына сай жаб­дықталған. Ғимарат маңында жер үстінде 11 қабатты, жер астында 6 қабаттан тұратын автотұрақ, тағы басқалар орналасқан. Құрылыс жұ­мыстарын 1996 жылы Қазақстанда құрылған “Capіtal Partners” инвес­ти­циялық компаниясы қаржылан­дыр­ған екен. Оған жұмсалған қар­жының жал­пы көлемі 250 мил­лион долларды құрайды. Қонақ үй үс­ті­міздегі жылдың маусымынан бас­тап қонақтар қабылдай бас­тайды.

“Capіtal Partners” компаниясы жылжы­майтын құрылыс нысан­дары­на қатысты жобаларды дай­ын­дайтын және жүзеге асыратын жетекші компаниялардың бірі бо­лып табылады. Компания соңғы жылдары Мәскеуде, Атырауда және Алматыда бірқатар ірі құрылыс нысандарын салып, пайдалануға берді. Ал компания Мәскеу рыно­гында 2001 жылдан бастап жұмыс істеуде. Қазіргі кезде компания “Метрополис” кешенін, “Пуш­ки­но” және “Домодедово” логистика­лық парк­терін салуға қатысқалы отыр. Мәскеу қа­ла­сының мэрі Юрий Лужковтың атап өткенін­дей, Қазақстан бүгінде ТМД елдері ішінде экономикасы жедел қар­қын­мен дамып келе жатқан мем­ле­кеттердің көш басында тұр. Қазақ­стан компаниялары шетелдік ірі жобаларды инвестициялауға ұмты­лып отыр. Оның жарқын мысалын “Ритц-Карлтон” отелін инвести­ция­лаудан көруге болады.

Бүгінде Қазақстан мен Ресей барлық салаларда тығыз ынты­мақ­тастық орната білді. Ресей Қазақ­станның сенімді әріптесі болып табылады. Өткен жылы екі ел арасындағы өзара тауар айналымы 12,8 миллиард долларды құрады. Бұл 2005 жылмен салыстырғанда 34,5 пайызға көп. Ресейлік капи­талдың қатысуымен Қазақстанда 3,5 мыңға жуық бірлескен шағын кәсіпорын жұмыс істейді. Екі елдің қарым-қатынастары мұнай-газ саласында ойдағыдай дамыған. Мысалы, өткен жылы Ресейдің құбыр жүйелерімен Қазақстанның 52,3 миллион тонна мұнайы жақын және алыс шетелдерге тасымал­дан­ды. Алдағы жылдары мұнай тасы­малдау көлемін бұдан да арттыра түсу жоспарланып отыр. Ол Каспий құбыр консорциумына қа­тысты. Сондай-ақ Қазақстан мен Ресей Каспий теңізі қайраңын бөлуге байланысты проблеманы шешіп алды.

2002 жылы “ҚазРосГаз” бірлес­кен кәсіпорны құрылған болатын. Ондағы басты мақсат – Қазақстан газын Еуропа мен ТМД елдеріне экспорттау еді. Бүгінде осы мәселе өз нәтижесін көрсетіп отыр. Соның арқа­сында 2006 жылы 7,6 миллиард текше метр Қа­зақстан газы экс­порт­қа шығарылды. Алда­ғы жыл­дар­да тасымалданатын газ көлемін жылына 15 миллиард текше метрге дейін жеткізу жоспарлануда. Со­нымен қатар екі ел Қарашығанақ кен орнынан өндірілетін газды Орынбор газ өңдеу зауытында өңдеуден өткізуге байланысты келісімге келді.

Қазақстан мен Ресей арасын­дағы ынтымақтастық аясы электр энергетикасы және атом энергиясы салаларында да қанат жайып келеді. Осыған байланысты өткен жылы атом энергиясы жөніндегі қазақстан­дық-ресейлік бірлескен жұмыс тобы құры­лып, жұмыс істеп жатыр. Екі елдің ғарыш саласын­дағы байланыстарының көкжиегі кең. Соңғы жылдары Ресей “Бай­қоңыр” ғарыш айлағын жалға ал­ғанына төлейтін төлемдерін уақ­ты­сында қайтарып жүр. Төлем көлемі жылына 115 миллион долларды құ­райды. Мұның сыртында “Қазсат” жер серігінің табысты ұшырыл­ғандығы бар.

Екі елдің шекаралас аймақ­тарын­дағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жаңа сатыға көтерілді. Ресейдің шекаралас 88 өңірінің 74-і Қазақстанмен сауда-экономикалық байланыстар орнат­қан. Шекаралық өңірлерде 340-тан астам бірлескен кәсіп­орын жұмыс істейді. Бұл өңір­лерде “Қаз­Рос­хром”, “Коксохим”, “УралАза” авто­көлік кешені базасы және Қостанай дизель зауыты секілді ірі өндіріс орын­дары бар. Мұндай ынтымақтастық пен тығыз қарым-қатынастарға мемлекеттер басшы­ларының қатысуымен жыл сайын өткізіліп келе жатқан шекаралас өңірлер басшылары форумының негіз қалағанын атап өткен жөн.



Авторы: Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ – Мәскеуден. Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат