Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-04-03:

Біз ауылға барамыз

дейді медицина колледжінің биылғы түлектері

 

Адам денсаулығын жақсарту жолында орта буын медицина қызметкерлерінің алар орны ерекше. Олардың жұмысы қарапайым көрінгенмен, халықтың қалың ортасында жүріп, жаны ауырып, көңілі кірбең тартқандардың қасынан табылып отырады. Сол мамандарды дайындайтын еліміздің батыс өңіріндегі ғасырға жуық тарихы бар Орал медициналық колледж заман талабына сай жұмыс істеп жатқан білім ордасының бірі ғана емес, бірегейі деуге болады. Біз бұл білім ордасының ты­ныс-тіршілігімен іс сапарда барған кезде танысқан едік. Жалпы облыс көлеміндегі 26 фельдшерлік-акушерлік, 256 фельдшер­лік пункттерде, жалпы облыс көлеміндегі емдеу профилактикалық мекемелерінде қызмет жасайтын 5755 орта буын медби­ке­лердің дені осы колледждің түлектері. 90-жылдардың ортасында басталған өтпелі кезеңде де колледж ұжымы қиыннан қиыстырып қиындықтан шығыпты. Олардың ең басты алға қойған мақсаты – елдің өрлеу кезеңі басталған тұста орта буын дәрігерлердің қажет болатынын назардан шығармағандығы еді. Енді, міне, сол еңбектің жемісін жұрт көре бастады.

Медициналық оқу орнында теория­лық білім мен практикалық сабақты ұштас жүргізу сапалы маман дайындауға септігін тигізетіні мәлім. Практикалық дағдыларды емханада көзімен көріп, қолымен жасауды әрдайым бірінші кезекке қойған. Ондай жұмыс Орал қаласындағы 27 емдеу мекемесінде жүргізіліп келеді.

– Бұрын училище кейін колледж атан­ған орта оқу орнына мен 1984 жылы басшы болып келдім. Бұл қазақ топырағында бой көтерген тұңғыш орта медициналық колледж екенін айта кетуді парыз санаймын – дейді колледж дирек­торы Мақсот Берген. – Бұл қызметке келердің алдында Алматы мемлекеттік медицина институтынан алған мамандығым бойынша дәріхана меңгерушісі едім. Дирек­торлық жұмысқа ұсыныс жасаған сол кездегі облыстық партия ұйымының жетекшісі, М.Ықсанов болатын. Ол кісі “Менің бай­қауымша, училищеде оқитындардың көпші­лігі ауыл жастары, қазақ мектебін бітірген­дер, ал 98 пайыз мұғалім орыс ұлтының өкілдері. Сабақ 100 пайыз орыс тілінде жүреді екен. Осыны жөнге келтір, ұлтымызға жанашырлық таныт” деді.

Сөз ретіне қарай айта кетсем, бір кездерде 100 пайыз орыс тілінде оқыталатын пәндер бүгінде 60 пайыз қазақ тілінде жүретін болды.

Ол бұдан кейін 15 жыл ішінде еліміздің қарқынды өркендеуі колледжге де мол мүм­кіндік бергенін алға тартты. Бір кездердегі құрқылтайдың ұясындай үйден үш қабатты еңселі ғимаратқа көшкенін, сынып бөлмелері уақыт өлшеміне сай құрал-жабдықтармен жарақталғанын тілге тиек етті.

Колледж бір ғана Батыс Қазақстан облысының аймағындағы емханалар үшін медбикелер дайындамайды екен. Қатар жатқан Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, көршілес Ресей мемлекетінен келіп оқимын дегендерге де есігі ашық. Осы күні сан емес, маман дайындауда сапаға көшу мәселесі аз айтылып жүрген жоқ. Колледж басшылығы ақылы оқуға елеулі түрде шектеулер қой­ыпты. Бұл, әрине, оқу орнының әлеуметтік жағдайына әсер ететіні белгілі. Бірақ бұл қадам жұртшылыққа қызмет ететін білімді де білікті медбике дайындауға кең жол ашары күмәнсіз. Осы жағынан келгенде оқу орны сұранысқа қарай маман дайындауды бірінші ке­зекке шығарған. Соның нәтижесін мына­дан көруге болады. Өткен 2006 жылы бі­тір­ген 196 түлек бірден қызметке орнала­сып­ты. Олардың 100-ден астамы өздері ту­ып-өскен елді мекендерге барып, жұ­мыс­қа тұрғаны да көңілге медеу болғандай.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында медициналық саланы дамытуға ерекше назар аударды. Біз оны тек қана қолдап қоймай, жүктелген міндеттерді мүлтіксіз орындауға күш салып жатырмыз. Сол Жолдаудан кейін Президент алтын бесігі­міз саналатын ауылға арналған алқалы жиында жастарды өздері туып-өскен мекендерге баруға үндеді. Бұл аталы сөз ел-жұрттың үлкен ризашылығын туғызды. Мен басшылық жасайтын колледждің студенттері Елбасы Жолдауында айтылып, аталмыш басқосуда нақтыланған 100 ау­рухана салу жөніндегі бастамаға үлес қоса­мыз деп отыр. Осы жылы бітірген түлек­тері­міз ауылға бет бұруға ниет танытып жатса, олардың ізін басатындар жазғы каникул кезінде құрылыс жұмыстарына ат салысамыз дейді. Осы арада мен мына бір нәрсені баса айтқым келеді. Біз елді-мекендердегі тұрғындардың сұранысына сай, қазақ тілін жақсы білетін сапалы ұлттық кадр дайындауға ден қойдық. Сапа менеджмент жүйесі жақсы жұмыс істеуде. Бұл мемлекетіміздің орта буын медицина қызметкерлеріне мемлекеттік тапсырысты көбейтудің нәтижесі деп білемін. Мемлекеттік тапсырыс болған жерде студентке қойылар талап та көбейеді. Сол талаптың үдесінен шықпағандарды, ақылы білім алып жүргендердің арасын­дағы таланттыларды ауыстыру жағын да назарда ұстаймыз. Өйткені, біздің басты мақ­сатымыз – шәкірттерімізге диплом емес, сапалы білім беру. Сапалы білім алған үміткер елге де жақсы қызмет етеді. Ал студенттерге білім үйрететін ұстаздардың біліктілігі әркез жоғары болуы керек. Бұл тұрғыдан келгенде, біздің білім ордамыз арнайы комиссия құрып, әрбір мұғалімді жыл сайын мамандығына сай ма, сай емес пе деп аттестациядан өткізіп отыруды дәстүрге айналдырған, – деген байламмен Мақсот Қабышұлы әңгімесін түйіндеді.



Авторы: Сүлеймен МӘМЕТ. Батыс Қазақстан облысы.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат