Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-04-07:

Кәсіби білім  қажеттілік

 

Елена ӘБДІХАЛЫҚОВА, Білім және ғылым министрлігінің қызметкері.

Отанымыздың экономикасын өркендетуде шағын және орта бизнес өкілдерінің қосып отырған үлесі аз емес. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында ерекше атап өткені мәлім. Жолдау жолдарына үңілер болсақ: “Білім беру реформасы табысының басты өлшемі – тиісті білім мен білік алған еліміздің кез келген азаматы әлемнің кез келген елінде қажетке жарайтын маман болатындай дең­гейге көтерілуі болып табылады”, дейді Елбасы. Шынында, білім мен біліктің жөні бөлек. Егер заман талабына сай кәсіби мамандар дайындай алсақ, бұл шағын және орта бизнестің өрістеуіне жол ашары анық. Әсіресе, көптеген проблема­лар­­­дың құрсауында қалып отырған ауыл жұртшылығына тигі­зер көмегі мол болмақ.

Елбасының биылғы жылдың 10 қаңтарында Парламенттің бірлес­кен отырысында сөйлеген сөзінде “...ең бастысы – білім беру мен денсаулық сақтаудың жоғары са­палы қызметі. Бүгінгі күш әлемдік экономиканың сұраныстарына жауап бере алатын қазіргі заман талаптарына сай келетін жоғары білікті жұмыс қолын даярлауға жұмылдырылуы қажет”, – деп атап көр­сеткені де тегіннен тегін бол­ма­са керек. Ал оған біздің қоғам Ел­ба­сы атап көрсеткеніндей: өкінішке орай, бұл бағытта біз әзірге шабан­дық танытып келеміз.

Десек те, Білім және ғылым министрлігі аталған бағытта жаңа серпілістерге қадам басты. Алды­мен, биылдан бастап, бірнеше жыл­дардан бері сөз болып келе жат­қан министрліктің ішкі құры­лымында техникалық және кәсіптік білім департаменті құрылды. Бұрын бар-жоғы 11 маман ғана, жалпы орта білім департаментінің құ­рамын­да қызмет атқаратын басқар­ма бүгінде 21 адаммен толығып, өз алдына департамент шаңырағын көтерді. Бұл, ең алдымен, елімізде кәсіптік білім берудің заңнамалық негізін, нормативтік базасын қа­лыптастыруға, жан-жақты сала­лар­дағы сұраныстар мен күннен күнге дамып бара жатқан экономиканың талаптарын қанағаттандыруға бағытталған алғашқы қадам десек, қателеспейміз. Өйткені, сонау кеңес заманындағы өз алдына дербес комитет деңгейіне көтеріл­ген техникалық және кәсіптік саланың бүкіл кеңес үкіметі эко­номикасы­ның барлық кем-кетігін толықтыра алғанын ұмытқамыз жоқ. Енді кәсіптік білім саласында бар-жоғы 2-3 маманмен ғана шектеліп отыр­ған жергілікті жер­лердегі білім депар­таменттерінің құрамын кеңей­те түсу жергілікті биліктің құзы­рында. Олар, әрине, аймақтардағы клас­терлік жүйенің дамуын, эко­номи­каның басқа да салаларының өсуін ескеріп, министрліктің бағы­тын ұстанса, құба-құп болар еді.

Иә, бүгінгі уақытта сөз бағып отырудан гөрі, ел болып іске кіріс­кенде ғана ұтарымыз көп. Ел бола­шағы – жастарды ойын-сауыққа емес, ойлы техниканы меңгеруге ұм­тылдырсақ ұтарымыз көп бол­мақ. Бұл елдік мүддеге, мемле­кет­тік идеологияға айналуы тиіс. Өкінішке қарай, бұл мүддеге барлық дең­гейдегі биліктің де өресі жетің­кіремей келеді. Оған еліміздегі кәсіптік мектептердің материал­дық-техникалық базасының төмен деңгейі, кәсіби білім алуға барлық халықтың қолы жете бермейтіндігі, тіпті, қолында білімі бар маман­дар­дың іс жүзінде сұранысқа ие бола алмайтындығы, жергілікті биліктің өз мамандарын жұмыспен қамтама­сыз ететін әрекеттерге бара алмауы, олардың немқұрайды көзқарастары дәлел. Сонымен бірге, аталған саланың дамуына кедергі келтіріп отырған бірнеше факторлардың барын атап көрсетуіміз керек. Ол: елімізде жоғары білікті инженер кадрлардың аздығы, барларының төменгі айлық табысы, балаларын техникалық мамандықтарға оқытуға біздің ұлтымыздың ынта-ықы­ласының төмендігі, жастарды техникалық білім алуға кәсіби бағыт беретін жергілікті ұйым­дар­дың болмауы, т.б. сол секілді біз­дің қоғамдағы жұмысшы маман­дарға деген көзқарастың бұрынғы сипаты – оларды дәріптеп, ма­рапаттау сияқты мәселелерді ұмыт қалдырғанымыздың әсері мол. Бір сөзбен айтқанда, жас техник маман бірінші өзінің қоғамға қажеттілігін сезінуі тиіс, ол еліміздегі шетелдік компанияларда, өндіріс орын­дарын­да бүгінгі құрал-жабдық­тардың тілін еркін меңгеруі абзал. Олай болса, мәселе тек білім саласының деңгейін ғана өсіріп қоймай, әлеуметтік тұрғыдан да, Үкімет пен жергілікті билік тарапынан да жан-жақты жұмыс жасауды қажет етеді. Бұл мәселе бойынша да Мем­лекет басшысы 2006 жылдың 8 желтоқсанында Шет­елдік инвесторлар кеңе­сінде сөйлеген сөзінде нақ­ты тапсырмалармен атап көрсетілген болатын. Онда Елбасы Қазақстанда техни­калық және кәсіптік білім берудің маңыздылығына тоқтала келіп, аталған сала­дағы кемшіліктерді де сынға алған еді. Бұл мәселелер бойынша Үкі­метке, басқа да құзырлы органдарға нақты тапсырмалар берген бола­тын.

Елбасының тапсырмаларын іске асыруда Білім және ғылым ми­нистр­лігінде енді ғана құрылған департамент төмендегідей қызмет­терді атқаруды жоспарлап отыр. Ең алдымен, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2010 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын жасау ісі қолға алынуда. Бұл мем­ле­кеттік бағдарламада бүгінгі таң­дағы кәсіптік білім берудің бола­шағы мен оны дамыту факторлары қамтылатын болады. Аталған бағдарламаны әзірлеуге Шетелдік инвесторлар кеңесі де қатыспақшы. Өйткені, бүгінгі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, оларды соңғы үлгідегі жаб­дықтармен жабдықтау, маман­дардың біліктілігін арттыру, сол арқылы шетелдік инвесторлардың талаптарын қанағаттандыру ісі жолға қойылмайынша мамандары­мыздың деңгейі де көтеріле алмай­ды. Білім сапасы да жоғарыла­майды.

Қазіргі таңда инженер кадр­лар­дың біліктілігін арттыру мақса­тын­да өткен жылдан бастап Корея, Германия, Норвегия сияқты елдер­мен келісім-шарт жасалды. Еліміз бойынша бірнеше инженер-кадрлар шетелде біліктілігін арттырып қайт­ты. Бұл мәселе бойынша алдағы уа­қытта да іргелі істер жоспарлануда. Себебі, бүгінгі таңда ел экономи­касын, елдің әлеуметтік жағдайын көтеруге талаптанған жас мемле­кет­тің сүйенері де, сенері де осы өз Отанымызда даярланған жоғары білікті жұмысшы, өзіміздің ұл-қыз­дарымыз екені даусыз. Олай болса, кәсіби білім алу – өмір талабы.

 

Шарапат шырағы сөнбесін

 

Айтбай ТАСИЛОВ, дәрігер.

Елбасы биылғы Жолдауында медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуды дер кезінде атап көрсетті. Осыған орай, денсаулық сақтау саласының қызметкері болғандықтан мен де дәрігер ісінің сапалы болуы үшін қойылар негізгі талаптармен, сол талаптар деңгейінен табылу үшін оған жасалар жағдайлардың кейбіріне тоқталып өткенді жөн санадым.

Сырқаттың көрсетілген көмекке қанағаттан­бауы қазіргі кезде көбейіп тұрған арыз-шағым­ның 80 пайызының басын құрайды екен. Көпшілігінде бұйрықпен реттеле бермейтін “түсі­ніс­тікке” жету сияқты жағдайдың бір жағында – дәрігердің біліктілігі­мен қабат, сырқат­тың тән жарасына да, жан жарасына да дауа таба білудегі сарабдалдығы, яғни міндетті мінез мә­дениеті тұрса, екінші жа­ғында – сыр­қат­тың тал­ғам-танымы, әдет-ғұр­пы және мінез ерекше­лік­тері, емделу мәде­ниеті тұрса керек. Оған медицинаның бұрыннан қалыптасқан этикалық, деонтологиялық қағидаларына бүгінгі нарық қағидаларынан орын алған әлеуметтік-пси­хо­логиялық жағдайларды қосса, мәселе күрделене түседі.

Әлжуаз болса да кешегі кеңестік кезеңде медициналық көмек тегін еді. Ол кездің па­циент­терінің бүгінгі атына сай емес ақылы емге көңілі толмай: “Есігін қақсаң – ақша, еденін бассаң – ақша, қаралғаның – ақша, дәрі алға­ның – ақша” деуі де орынды. Кейбір басылым­дардан “нарыққа бағынған Гиппократтың анты” дегенді де оқып жатырмыз. Қалай десек те, денсаулық сақтау саласы сын желінің өтінде тұр. Ол керек те шығар. Екінші жағынан, медицина сияқты өз ерекшеліктері бар нәзік салада сын кәсіби, объективті, атаулы болса дейсің. Жалпылама жазғырып, атойлата айыптай беру “сенім жібін” үзіп, “түсіністік ауылын” алыстата түседі. Басқа саланың мамандары қанша зерделі болғанымен, “нәзік салада” кесімді сын айтуға әуес болмағаны мақұл. Мәселен, соғыс білгірі Наполеонның саз өнерін “Шудың ең қымбат түрі” дегені тасқа басылып жазылып қалды.

Қазір ешкім де ақша таппа, игілікті іс жа­сама демейді. Нарықтың талабымен дәрігердің ұятына салмақ салмай-ақ дәрігерді “сатушы”, денсаулықты “тауар”, пациентті “тұтынушы” деп, ағылшындарша айтқанда “күректі күрек деп атауға” бейімделіп келеміз.

Солай болғанның өзінде, уақыт ырғағы өзгертуге дәрменсіз, дәрігер үшін мәнін жой­май­тын асыл қағидалар да ұмытылмақ емес. Жа­сыратыны жоқ, сирек болса да кейбір әріп­тес­теріміздің рухани жұтаңдығы, “қарынның қамынан” аспауы аңғарылып, “бетімнің қа­лың­дығы бақытым” дейтіндердің қатарынан табылуы өкінішті-ақ. Рас, дәрігерде біліктілікпен ұштасқан зергердің ептілігіндей әрекетшілдіктің болуы – басты шарт. Дегенмен сырқаттың “жыртық” көңілін жамайтын ізеттің, жабық­қан­ға демеу, қамыққанға сүйеу бола алатын мейі­рімділіктің де, ізгіліктің де иісі шығып тұрса, парасат-пайымы кәсіби біліктілігінен қалып қоймаса дейсің. Қабілетті дәрігерден сан түрлі байланыстың жібін үзіп алмай одан басқаның қасіретті шағын жан жүрегімен сезініп, таңды-таңға ұрып өзгенің мүддесі үшін өтеусіз, бақай есепсіз жақсылық жасауды күтетініміз тағы бар. Мұндай қасиеттерді үлкендердің тілімен айт­қанда: “Алла ар жағына беруі” керек. Әріректен сөз қозғасақ, Қожа Ахмет Ясауи: “Безбүйректің сенің ішіңдегі дертіңде еш жұмысы болмайды”, депті.

Осыдан бір ғасырдан астам бұрын А.П.Че­хов­тың “Профессия врача – это подвиг. Она требует самопожертвования, чистоты души и чистоты помыслов. Не всякий способен на это” дегені белгілі. Беріректе поляк Беганьски: “Адам­дардың қайғы-қасіреті толғандырмайтын, жұмсақ мінез көрсетуге қабілетсіз, еркіне иелік ете алмайтын жан басқа мамандықты қалағаны жөн. Өйткені, ол ешуақытта жақсы дәрігер бола алмайды” деп мінез мәдениетінің аса қажетті­лігін ескертеді.

Бұл ретте медициналық оқу орындарына ақылы оқуға түскендердің “жан тазалығын” таразылайтын механизм бар ма екен және моральдық-этикалық тұрғыдан қандай да бір “сүзгі” қойылуы ойластырылған ба деген сұрақ­тар туындайды. Дәрігерге қойылар талаптардың бірегейлері деп жауапкершілікті сезінуді, ұқып­тылыққа ұмтылуды айтуға болады. Мектепті үздік бітірген әке-шешесі дәрігер танысымның ұлына: “Неге дәрігер мамандығын меңгермей­сің?” десем: “Жауапкершілігім төмен” деуі сол сәт­те-ақ оның шешімінің дұрыстығына иландырды.

Дәрігердің жауапкершілік жүгінің аса ауыр екені жөнінде Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың 2005 жылғы Алматы дәрігерлерімен кездесуін­дегі: “Инженер өз ісінен кемшілікті жіберсе – кейін оны түзетуге мүмкіндігі бар. Ал, дәрігердің қолында адамның өмірі”, дегені көңілге қо­ным­ды қағида.

Ауру айтып келмейді, уақыт белгілемейді. Соны білетін дәрігер сырқатқа қажет болып қа­лар­мын деп жауапкершілік жібіне байланып, өзінің дәрігерлік жұмысынан бос уағында басқа шаруамен айналыспайды. Айтпағым, тағы бір істен қосымша табыс табу шалағайлыққа ұрын­ды­ратынын ұғынып, тек дәрігерлік жалақыны қа­нағат тұтады. Бұл да жақсы дәрігерге тән қасиет.

Дәрігерлік істе ұсақ-түйек жоқ. Ол аса ұқып­тылықты қажет етеді. Тәртіп пен ұқыптылық қанына сіңген неміс елінің ірі клиницисі: “Егер ауырсам, мені данышпан дәрігерден гөрі ұқыпты дәрігердің емдегенін қалар едім. Ұқыпты дәрігерде емделу әлдеқайда артық”, деген екен.

Өмір бойы үзбей үйрену, іздену, сол арқылы шеберлікке жетуді мұрат тұту – жақсы дәрігер­дің ішкі сұранысы, тіршілігінің негізгі арқауы.

Жоғарыда жазылған талаптарға сай, қиын болса да қисынын тауып, “барға ырза, жоққа шыдап”, жанын салып өзінің қасиетті міндетін атқарып жүрген дәрігерлер біздің елімізде мыңдап саналады. Оларды бағалай, рухани демей білуіміз де қажет. Турасын айтқанда, күн сайын адамдардың қасіретті, қайғылы сәттерін көріп, өмір үшін арпалыста жүрген дәрігердің еңсесі түспеуі – іс мүддесі үшін де маңызды. А.С.Пушкинді еске алсақ: “Вдохновение нужно в геометрии не меньше, чем в поэзий”, деген ғой.

Дәрігерлердің материалдық жағдайын қолдау Елбасының өткен жылғы және биылғы жолдауларында нақты айтылып, оған жергілікті жерлерде жедел көңіл бөліне бастағаны құптар­лық және қуанарлық жәйт. Өйткені дәрігер­лердің басым көпшілігі атқарған шаруасын міндетсініп, “анау жоқ, мынау жоқ” деп бай­балам с­алудан аулақ, өзгенің қамымен жүріп, өз жағдайын ұмы­татын қауым. Ажалға айла тауып, күн демей, түн демей, керекті кезде керекті жер­ден табылып, күйбең тірлікке көп алаңдамай, сапалы жұмыс атқару үшін дәрігер жағдайының дұрыс болуының қажеттілігін ұғынған жандарға мың алғыс айтқың келеді. Әсіресе, ауылдық жер­лердегі жас маман­дарға. Ауыл дегенде аралары ат шаптырымдай-ақ, жолдары жақсы, инфрақұрылымдары мол Батыс Еуропа елді мекендері емес, ұланғайыр шөл далалардағы, орталықтан жүздеген шақырым қашықтықтағы біздің ауылдарды көз алдыңызға елестетіңіз. Ондағы жалғыз дәрігердің жәй-күйін де бір сәт еске алыңыз. Жәй-күйі дегенде, бастысы баспана екені мен айтпасм да белгілі. Бірақ сол баспана кеңестік кезеңдегідей сұрықсыз болмаса екен. Мәселе түсінікті болуы үшін өз басымнан кешкенімді еске алайын. 1974 жылы Алматы мединститутын бітірушілерді бөлу кезінде ректор С.Қарынбаевтың: “Қайда барғың келеді?” деген сұрағына: “Қайда болса да барамын, тек баспана болса болды. Отбасымда екі қызым бар еді”, деп жауап қатқанмын. Ректор облыс өкілі Шәкі­ровке, маған үй берілуін міндеттеп, оң сапар тіледі. Мұның алдында терапия кафедрасының меңгерушісі, профессор Р.Сәтбаеваның екі жылдық клиникалық ор­динатураға қалуыма ұсы­ныс жасағанда да баспа­наға байланысты бас тарт­қанмын. Қысқасы, ауыл­да­мын. Уәделі пәтер жоқ. Ауыл басшысы аурухана шаруашылық меңгеру­ші­сінің сиырханасының жанындағы жемшөпке арналған бөлмеде тұра-тұруға үгіттеді. Қанша көнбіс болсам да, келіс­педім. Одан кейін бір жалғызілікті кемпірдің бөлмесін жалдап тұрдық. Түн сайын ауруханаға шақырт­қан “жедел жәрдемнің” ысқырығынан мезі болды ма, үй иесі: “В своем доме нет покоя”, деп бөлмесін босатуды талап етті.

Біраз жыл тарығып, жабыққанымыз есте. Сонда хирург Иса екеуміз: “Шіркін, аурухана жа­нында бір-екі бөлмелі үй болса, қажет кезде жұ­мысқа барып, ісімізге барымызды салып атқарар едік-ау”, деп мұң шағысқанбыз. Бұл бір ғана ме­нің басымда болған жағдай емес. Кезінде Сталин­нің “Хорошего врача прокормит народ, а плохому так и надо…” дегенін басшылыққа ала­тын заман ба еді, әйтеуір әркім өз жағдайын күйттеп кетіп, одан өмірдің өзі пайдакүнемдікке тәрбиелеп, соңында сырқат мүддесі ойсырып жататын.

Қазірде денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушыларынан оқу бітірген жас мамандардың ауылға баруға құлықсыз екенін естиміз. Ол – күтетін жағдай. “Сананы тұрмыс билеп”, әр бұрыштан “өз күніңді өзің көр” деп айқайлап тұрғанда, жас маманның демеу таппай тек энтузиазм жетегінде ауылға бара қоймаға­ны­на таң қалмайсыз. Жуырда Мемлекет бас­шы­сының ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кеңесінде әкімдерге қалалардан ауылға қайтқан жас дәрігерлерге қандай әлеуметтік қолдау шараларын ұсынуға болатынын мұқият зерттеуді жүктегені отыз жыл бойы ойымда жүрген бір ұсынысты айта кетуге итермеледі. Ол ұсыныс, сы­ғымдап айтқанда мынадай. Аудандық ауруха­налардың жанынан әрі кеткенде он отбасы тұратын (мүмкін жағдайын түзеп, орныққанға дейін тұратын) бір-екі бөлмелі, көп пәтерлі бір үй салынып, оны барлық іске жауапты аудандық аурухананың бас дәрігерінің жеке шешімімен келешегіне үміт артуға болатын, адамды, кәсібін сүйетін жас мамандарға берсе және ауылдық амбулаториялар жанынан да екі-үш бөлмелі өмір сүруге қажеттіліктермен жабдықталған шағын үйлер салынса, барлық мәселе түгелімен шешіл­месе де, едәуір ілгерілеушілік болар еді.

Ауылға барған жас мамандар өз бетінше шешім қабылдауға үйреніп, ысылып, оқу орнынан алған білімін сіңіріп, болашақ ғылым жолына түсуге де мүмкіндік табады. Дамыған елдер дәрігерлері меңгеріп жатқан техноло­гия­лық денсаулық сақтау жүйесін де игереді. Сонымен екі қоғамда да он бес жылдан қызмет ат­қарған дәрігер ретінде, кеше мен бүгіннің талаптарын ескере отырып, дәрігер ісінің сапалы болуына байланысты бөліспек ойларым осылар еді.

Сөз соңын осыдан үш жарым ғасыр бұрын өзін балауыз шыраққа теңеген Голландия дәрігері Ван-Тульп Николостың: “Өзгеге сәуле шашып, өзім жанып барамын”, деген бүкіл әлем дәрігерлерінің бағдаршамына айналған қанатты қағидасымен аяқтап, әріптестеріме жан-дүниеміздің шарапат шырағы сөнбесін демекпін.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы.

 

Саннан сапаға көшу

 

Мейрамбек ШЕРМАҒАМБЕТ, Қызылорда облыстық білім беру департаментінің директоры.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бұл жолғы “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” деп аталатын кезекті Жолдауында да әдеттегідей елдегі білім беру саласына айрықша көңіл бөлді. Бұл, әлбетте, бізді бек қуандырады. Әрбір жоғары білімді қазақстандық маманның әлемдік стандарттың талаптарына сай келуі үшін білім саласының халықаралық кеңістіктегі орнын анықтап алудың алатын орны үлкен.

Амандық болса, еліміздің мек­теп­тері 2008 жылдан бастап жаңа са­тылы жүйе – 12 жылдық оқу мерзі­міне көшкелі отыр. Осыған орай мемлекеттік білім беру стандартын өз деңгейінде жүргізу үшін қосымша қаржы қарастырылатын болады. Осы маңызды құжатта “Үздік оқыту­шылардың жұмысын бағалау мен оларға сыйақы төлеу жүйесін өте мұқият зерделеген жөн” деп тай­ға таңба басқандай етіп көрсетілген. Жолдауда білім ордаларының мате­риалдық базаларын нығайту мәсе­ле­сіне көңіл бөлінетіні де айтылған. Бұл ретте біздің облыстың мек­теп­те­рі үшін жыл басынан бері 500  жаңа буын компьютерлер алынға­нын айтуымыз керек. Қазіргі таңда облыстағы әрбір 31 оқушыға орта есеппен бір компьютерден келіп тұр.

Бізді Қазақстан өңірлерінде 100 жаңа мектеп салынатыны да сүй­сін­діреді. Жолдауда айтылған, оқушы­ларға 3 ауысым бойынша білім беріп келе жатқан мектептер біздің облыс­та да баршылық. Аймақ аумағында жыл сайын қаншама жаңа мектеп­тер салынып жатқанымен, демо­гра­фиялық дүмпудің жоғарылығынан сол білім ошақтарына оқушылардың сыймай қалатын жағдайлары бар. Дәл қазір өскелең өңірімізде 11 мек­тептің құрылысы жүруде. Олардың 8-і республика және 3-уі облыс бюд­жеті есебінен қаржыландырылып жатыр. Биылғы жыл басталғалы Жаңақорған ауданында – 2, Қы­зыл­орда қаласы мен қалған аудан­дарда бір-бірден балабақшалар ашылып, бүлдіршіндерді қабылдауға кірісті. Бұлардан бөлек, 6 шағын орталық, 43 топ құрылды. Алдағы уақыттарда бұл бағыттағы жұмыстар жандана түсетін болады.

Осы жерде айта кететін бір нәрсе, біздің аймақта егемендік алғалы бергі мерзім аралығында асар әдісімен мектеп ғимараттарын салу ісі кең етек алып кетті. Мұндай әдіс, әсіресе, Жаңақорған және Арал аудандарында көп. Ендігі кезекте типтік жобаға келмейтін мұндай білім ұяларының салынуына қатаң тыйым салынуы керек. Не болғанда да, мектептер мемлекеттің нақтылы қаржы бөлуі арқылы, белгілі бір жоба-сметалық құжаттамаға сай соғылып, пайдалануға берілуі тиіс. Сонда ғана олар осы заманның халықаралық стандартына жауап бере алады.

Білім сапасын жақсарту үшін кез келген сатыдағы білім беру мекемелерін аттестациядан өткізіп тұру қажеттілігі де туындап отыр. Мәселен, Қызылорда қаласының өзінде 18 колледж жұмыс істейді. Сондай бір колледж Байқоңыр қаласында бар. Ал жеке арнаулы білім беретін оқу орындарының материалдық-техникалық базалары­ның маман даярлауға сәйкестігі осы кезге дейін сараптан өткізілмеген. Сондықтан келешекте осы колледж­дер түгел арнаулы тексерулерден өткізіліп, болашақ мамандардың білімі мемлекеттік стандарттарға сәйкес келмейтіндерінің жұмысы тоқтатылуы керек. Жастардың на­рық сұранысына сай білім алула­ры­на жол ашқанның да маңызы зор. Бұлай етпейінше, білімді мамандар­дың жұмыссыздығы мәселесін шешу оңайға соқпайды. Осылайша саннан сапаға қарай бетбұрыс жасай беретін уақыт жетті.

Қызылорда.

 

Халық көңілінен шығып отыр

 

Ж.КЕҢЕСОВ, Приозерск қаласы мемлекеттік мұрағатының директоры, мәслихат депутаты.

Біз Елбасы Жолдауымен таныс­қан кезде халықтың әл-ауқаты көте­рі­летінін және демократиялық ре­фор­малар жүйесі одан әрі жалғасын тауып дамитынын түсіндік. 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап бюд­жет саласының қызметкерлеріне еңбек демалысына шыққан кезде сауықтыру үшін 1 айлық лауазым­дық жалақысы мөлшерінде жәрдем­ақы төлеу енгізілетін болды. Мен, депутат ретінде өзім көтеріп жүрген осы мәселенің Жолдауда шешім тапқанына қуандым және қара­пай­ым мұғалімдер мен дәрігерлердің қуан­ғанының куәсі болдым. Бюджет саласының қызметкерлері халық ал­дындағы жауапкершіліктерін арт­ты­рып, тың серпінмен өз міндеттерін жалғастыруда. Елбасы Н.Ә.Назар­баев­тың жергілікті өкілетті орган­дардың рөлін күшейту, сот-құқық жүйесін жетілдіру және саяси пар­тиялардың рөлін арттыру жөніндегі тұжырымдамасы да көңілден шықты. Жолдауда жергілікті мәслихатқа келешек қосымша өкілеттіктер  бері­летіні нақты айтылды. Сонымен қатар, уақыт өте жергілікті мәсли­хат­тар өзін-өзі басқаруды қалып­тастыруға негіз салатын болды.

Демократиялық реформалардың алғашқы қадамдары өткен жылдан бастау алғанын барша халық біледі. Бұған өткен жылы елімізде аудан, қала әкімдерін жергілікті мәслихат депутаттары сайлағанын және жыл басынан бастап алқа билер соты енгізілгенін айтуға болады. Бұл үрдіс жалғасын табатын болады. Бұған дәлел, Жолдауда жергілікті мәсли­хат­тардағы тексеру комиссиялары­ның өкілеттігін одан әрі өсіру ту­ралы айтылған. Келешек тексеру комис­сиялары жергілікті бюджетті бекітумен қатар, оның тиімді пай­даланылуын қадағалайтын болады. Бұл, әрине, бюджет қаражатының орын­ды, дұрыс жұмсалуына пайда­сын тигізеді деп есептеймін. Жер­гі­лік­ті өкілетті органның рөлін күшей­ту мәслихат депутаттарының беделін көтереді, халық алдындағы жауап­кер­шілігін сезіндіреді. Сондықтан Жолдауда көрсетілген бағыттар мен міндеттерді орындауға, жүзеге асыруға әрбір қазақстандық азамат атсалысуы  керек деп ойлаймын.

 

Көп тарапты ынтымақтастық

еліміздің жаңа өңірлік және геосаяси жауапкершілігімен қоса, рөлі мен беделін де нығайта беретін болады

 

Өмір ЕСҚАЛИ.

Достық тамыры әріден басталатын Ресеймен жан-жақты қарым-қатынас көп бағытты сыртқы саясаттағы басты бағдар болып қала беретіні биылғы Жолдауда айрықша атап өтілді. Бүгінгі таңда халықара­лық лаңкестікке, діни экстремизмге, есірткі саудасы мен басқа да осы заманғы қатер­лер­ге қарсы күресте Қазақстан халықаралық ауқымды ынтымақтастықтың белсенді мүшесіне айналды. Бұл орайда стратегиялық серіктестікке деген мүдделіліктің арта түсері заңды. Оның үстіне алып көршімізбен көп­те­ген мәселелердің шешілуі шекарааралық сипат алып отырғаны жасырын емес. Түйін­ді проблемалар тату-тәтті көршілікті, ғасыр­лар бойы қалыптасқан үлгілі дәстүрлерді сақтай отырып, өзара түсіністік жағдайда ғана оң шешім табатынын Елбасы үнемі ай­ты­п келеді. Мұның бәрі біз үшін басым­ды­лық­ты болып табылатын Ресеймен көп та­рап­ты байланысты дамыта беруге жетелері сөзсіз.

Екі ел президенттерінің 2005 жылғы ма­мыр айында Челябі қаласында, 2006 жылғы қазан айында Орал қаласында Қазақстан және Ресей шекаралас өңірлері басшы­лары­ның қатысуымен өткізген кездесулері өңір­лік ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге көтеріп, шекаралас байланыстардың маңыз­дылығын тағы бір айқындап берді. Елбасы алға қойған Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіру жөніндегі стратегиялық міндетін жүзеге асы­ру­да екіжақты іскерлік қарым-қатынасты да­мы­та берудің маңызы зор. Ресейдің үш облысымен шектесетін Қызылжар өңірі был­тыр сыртқы сауда айналымын 642,7 миллион АҚШ долларына жеткізді. Оның ішінде экспорт 82,7 миллион, импорт 560 миллион долларды құрады. Мемлекет бас­шысының тапсырмасымен Солтүстік Қазақ­станның 350 мың тонна сапалы астығы жыл сайын Мәскеуге жеткізіледі. Орал қаласында өткен шекаралас облыстардың форумында “Биохим” кешені таныстырылып, ТМД аумағындағы ең ірі инновациялық жоба ретінде жоғары баға алды.

Ресейдің шекаралас өңірлерімен ынты­мақ­тастық одан әрі жалғасып, өзгеше мән-маз­мұнға ие бола түсуде. Ол ерекшелік Жол­дауда ерекше мән берілген Қазақстанның жаңа өңірлік және геосаяси жауапкершілігі мен тұрлаулы дамудың шекаралық аймағын құруға деген ұмтылыстан туындайды. Алда тұрған ауқымды міндеттер Түмен облысы де­легациясының өңірімізде жалғасқан жұ­мыс сапары кезінде де жан-жақты талқы­лан­ды. Делегацияны облыстың губернаторы Владимир Якушев бастап келді. Оның құрамында өнеркәсіп, ғылым, білім, мәде­ниет, медицина салаларының басшылары, ірі инвестициялық жобалардың, іскерлік кәсіп­орындардың өкілдері болды.

Делегацияның жұмыс сапары Н.Погодин атындағы орыс драма театрында ұйым­дас­ты­рылған сауда-өнеркәсіптік көрмесін та­машалаудан басталды. Онда көршілес екі облыс кәсіпорындарының жоғары техно­ло­гия­ларға негізделген және инновацияларды қолдауға бағытталған өнімдері қойылып, көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Қай-қайсысы болсын өздерінің бәсекелестік артықшылықтарын дәлелдеп, технологиялар алмастырудың тиімді жолдарын насихаттап жатты.

– Жолдауда Қазақстан бизнесінің ин­нова­циялық белсенділігін көтермелеу, тех­нологиялық секторды дамытуға жәрдемдесу қажеттігіне үлкен мән берілгені белгілі. Көр­ме­ні сол үшін ұйымдастырып отырмыз, – деді оны ашарда сөйлеген сөзінде облыс басшысы Т.Мансұров. – Екі жақтың тауар өн­дірушілері арасында дәйекті іс-қимыл орнайтынына сенімдіміз.

Түмен губернаторы В.Якушев Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың сындарлы да ұстамды сая­саты­на жоғары баға бере келіп, үйренерлік жақсы дәстүрлердің қалыптасқанын ризалық сезіммен атады. Екі елдің одан әрі жа­қын­даса түсуіне осындай өңірлік басқосулар үлкен пайдасын тигізеді, деді ол. Бірінші келісім-шартқа қол қойылғаннан бері обл­ыс­тар арасындағы сауда айналымы 20 пай­ыз­ға артқан. Бұл жолғы сауда-өнеркәсіптік көрмеге түмендіктердің елуден астам ірі фир­малары келіпті. Мәселен, Сібір кілем тоқу фабрикасының өнімдері ерекше ықы­лас аудартты. Жоғары сапамен жасалған үй жиһаздары да өте-мөте қызықтырды. Биыл жазда облыс орталығында жиһаз сататын дүкен ашылмақшы көрінеді.

Бизнес-форумда түмендік кәсіпкерлер солтүстікқазақстандық әріптестерін ағаш өңдеу кәсіпорындарын салу жөніндегі ин­вестициялық бағдарламалармен таныстыр­ды. Бұл жобалар Мәскеуде, Санкт-Петер­бург­те, Германия қалаларында көрмелерге ұсынылып, жоғары баға алыпты. Енді, міне, көрші өңірден де инвесторлар табуға ұмты­лып отыр. Оның себебін қазақстандық на­рықтың кемел болашағымен байланыс­тыра­ды. Форумға жүзге жуық жергілікті кәсіпкер қатысып, өз ойларымен бөлісті.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Т.Мансұров пен Түмен облысының губер­на­­торы В.Якушев екі мемлекет арасында қа­лып­тасқан достық, ынтымақтастық негізінде әзірленген екі жақты келісімге қол қою ба­ры­сында да үлгі аларлық жарқын істер мы­сал­ға келтірілді. Түмен мемлекеттік уни­вер­ситеті филиалының Петропавл қаласында ашылғанына бірнеше жыл екен. Сондай-ақ Түмен облыстық клиникалық ауруханасы хирургтерінің қайырымдылығы ілтипатпен аталды. Олар туа бітті жүрек ауруына шал­дық­қан 181 балаға операция жасап, ажалдан арашалап қалған. Бөлім меңгерушісі К.Гор­ба­тиковтың “Шапағат” медалімен мара­пат­талуы достықта шекара болмайтынын айғақтаса керек. Жыл сайын осы мақсат үшін облыстық бюджеттен 22-23 миллион теңге бөлініп келсе, биыл 29 миллион теңге қарастырылды. Облыс басшылары бәсекеге қабілеттілікті жаңа деңгейге көтерудің барлық алғышарттары бар екенін, енді бірлескен бағдарламалар бойынша жұмыс істеу ғана қалғанын айта келіп, мүмкін­діктерді тиімді пайдалануға уағдаласты.

Түмендік меймандар қаланың көрікті жерлерін аралап, Ш.Уәлиханов пен Ф.Достоевскийдің барельефіне, Абай мен Пушкиннің мүсіндік композициясына гүл шоқтарын қойды. Погодин театрында екі облыс өнерпаздарының концертін тамаша­лады.

Солтүстік Қазақстан облысы.

 

Мәдениетіміз де өркендеуі керек

 

Президенттік мәдениет орталы­ғында Елбасының 2007 жылғы “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты халыққа Жолдауы талқыланды және осыған орай арнайы көрме ұйымдастырылды.

Талқылауға Орталықтың бас­шы­ларымен бірге, ғалымдар, ғы­лы­ми қызметкерлер және басқа да белгілі адамдар қатысты. Жиынды Орталық директоры, белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков жүргізді. Онда Елбасы Жолдауының Қазақ­станның қа­рыштап да­муы­на тигізер зор әсері және еліміздің экономи­калық, саяси, мәдени, рухани да­муы­ның негізгі бағыттары сөз бол­ды. “Біз бәсекеге қабілетті елу елдің қата­рына кіру үшін эко­но­мика, қаржы сала­ларын ғана емес, мәдениетімізді де өркен­де­туі­міз қажет. Біз қандай ел­дермен бол­са да озық өнерімізбен, кемел мәдениетімізбен, бай ті­лімізбен, терең тарихымызбен иық теңестіре аламыз. Біз жаңа ғасырда атадан қалған асыл мұраларымызды қайта жаңғыртып, келер ұрпаққа сол саф таза, құнды қалпында жеткізуі­міз қажет”, – деді Мырзатай Жолдас­бекұлы.

Жолдауды талқылаған ғалымдар Қазақстан халқының әлеуметтік жағдайының жыл өткен сайын қарқынды жақсарып келе жатқа­нына тоқталды. Оның ішінде бала­лы әйелдерге, зейнеткерлерге мем­лекет және Елбасының тарапынан әрдайым қолдау тауып отыраты­нын атап өтті.

Орталық жанындағы Прези­дент­тік институтты зерттеу орта­лығының мамандары Жолдауда көрсетілген демократиялық даму жөніндегі Елбасының бастамалары Қазақстан­ның әлем алдындағы кел­бетін, жағымды имиджін бұ­рынғыдан да аша түсетінін тілге тиек етті.

Орталық мамандары, ғалым­да­ры Елбасының Жолдауын жүзеге асыруға, онда көрсетілген мақсат­тар­ға жетуге өз үлестерін қоса­тын­дықтарын жеткізді, деп хабарлады Президенттік мәдениет орталығы­ның баспасөз қызметі.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат