Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-04-25:

Адам факторы — басты байлық

 

Қуаныш АЙТАХАНОВ, Парламен Сенатының депутаты.

 

Жыл сайын Елбасының Қазақ­стан халқына дәстүрлі Жолдауы еліміздің дамуына жаңа серпіліс беріп, халықты жаңа жетістіктерге жетелейді. Біздер, Парламент депу­таттары Елбасы Жолдауын халыққа терең түсіндіру үшін жақында сайлаушылармен кездесіп қайттық. Барлық кездесулерде халықтың Жолдауды бірауыздан қолдап, Елбасыға, еліміздің жарқын бола­ша­ғына деген сенімінің арта түс­кендігінің куәсі болдық.

Елбасының “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” деп аталатын биылғы Жолдауында “Қазақстан-2030” Стратегиясы шеңберінде еліміздің алдағы 10 жылдық кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының 30 маңызды бағыттары көрсетілген. Биылғы Жолдаудың ерекшелігі халық өмірінің барлық саласын қамтитындығында. Соның бірі еліміздегі ең өзекті мәселе – мемлекеттің демографиялық сая­саты­ның қалыптасуы.

Президентіміздің басшылы­ғы­мен еліміздің экономикасы қар­қын­ды дамуда. Қазіргі кезеңде елі­міз алып құрылыс алаңына ай­нал­ды. Ірі жаңа кластерлік бағыттағы инновациялық кәсіпорындар, жүз­деген шақырым темір және ав­томобиль жолдары салынып, алып үй құрылыстары бой көтеруде. Экономикамыздың жалпы жи­ын­тық көлемі Орталық Азия мемле­кеттерінің экономикасының жалпы жиынтық көлемінен екі есе көп. Әр адамға шаққандағы ішкі жалпы өнімнің көлемі де екі еседен артық. Алайда, еліміздің бай, жеріміздің ұлан-ғайыр үлкендігіне қарамастан, халық санының аздығы, сирек қо­ныстануы, көрші елдерде халықтың тығыз орналасуы және бізге қарай мыңдаған жұмыссыз мигрант­тар­дың ағылып келуі еліміздің демо­графиялық жағдайына кері әсерін тигізуде.

Егер, жуық уақытта біз көші-қон және демографиялық мәселе­лер­ді реттемесек, болашақта көрші елдерден келген жұмыссыз, еңбек мигранттары елмен араласып, ұлты­мызды жұтып жіберуі мүмкін. Уақытысында демографияға өз дәрежесінде көңіл бөлмеген Еуропа қазір жаппай қартаюда. Франция, Германия мемлекеттері халық құ­рамын өзге ұлттардың есебінен ға­на көбейтіп отыр. Ал, Швецияда босанған әйелмен қатар, оның күйеуіне де үш жылға демалыс береді. Қосымша жалақы төлейді. Бұған да мемлекет халық санын көбейту үшін амалсыз барып отыр.

Тәуелсіздікке қолымыз жеткен сәттен бастап Елбасымыздың бас­тауымен біз еліміздегі демография мәселесіне мән бере бастадық. Өт­пе­лі кезеңнің аса ауыр қиыншы­лықтарына қарамастан, халықтың әл-ауқатын арттыру, ана мен балаға қамқорлық жасау күн тәртібінен түскен жоқ. Халқымыздың санын көбейту мақсатында бір кезде тағдыр тауқыметімен дүние жүзіне шашырап кеткен отандастары­мыз­ды елге шақырдық, дүние жүзі қа­зақтарының құрылтайын өткіздік. Осы жылдары елімізге жарты мил­лион­ға жуық қандастарымыз оралды.

Дегенмен, 2000 жылдардың ба­сын­а дейін елімізде некеге тұру, бала туу төмендеп, өлім-жітім кө­бейіп, көші-қон үдерістеріне бай­ланысты халық саны азайа бастады.

Өтпелі кезеңнің аса ауыр дағдарыс жылдарында қабылданған “Қазақстан-2030” Стратегиялық бағ­дарламасында: “Уақыт өтіп, қазына кірісі өскенде мемлекет үшін де, отбасын қолдауға тиімді демо­графиялық саясат үшін де, қо­лайлы нысанда аналар мен бала­лар­ға мемлекеттік қолдау көрсетуге қаржы табамыз”, деп атап көрсе­тілді. Міне, осындай уақыт та келіп жетті. Президентіміз Н.Ә.Назар­баев еліміздің тәуелсіздігі мен қауіпсіз­дігін нығайту үшін 2015 жылға дейін халық санын 20 млн. адамға жеткізу міндетін қойды. Осы мақ­сатқа жету үшін халықтың әлеу­меттік-тұрмыс жағдайын көтеру арқылы бала тууды көбейту, ана мен баланың денсаулығын нығайту бағытында бірқатар кешенді іс-шаралар атқарылды. 2002 жылы күн­көрісі төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек енгізілді. 2003 жылы баланың тууына байланысты 15 айлық-есептік көрсеткіш мөл­шерінде біржолғы жәрдемақы беріле бастады.

2006 жылы балалары бар отба­сы­ларды қолдаудың тұтастай жүйесі жасалды. Ана мен баланың денсау­лығына қамқорлық күшейді. Қа­был­данған шаралар халықтың тұ­рақты өсуіне қол жеткізуге мүм­кін­дік берді. Мәселен, 2000 жылы 220 мың бала туса, олардың саны 2005 жылы 278 мың, 2006 жылы – 290 мың болды. 2005 жылы Қазақстан тұрғындарының жалпы өсімі 145 мың немесе 0,95%-ды құрады.

Жыл ішіндегі ең көп жалпы өсім Астана қаласында – 3,98%, Алматы қаласында – 3,17%, Маңғыстау облысында – 3,5%, Атырау облысында – 1,92%, Оңтүстік Қазақстан облысында  1,82% болды. Алматы, Астана қалалары мен Маңғыстау, Атырау облыстарында жалпы өсім негізі көшіп келушілер есебінен (соның ішінде оралмандар есебінен де) орын алды.

Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Пав­лодар облыстарында өсім болмай, халық саны азайып кетті. Бұл облыс­тарда көшіп кеткендер саны көшіп келгендерден едәуір жоғары болды және бала туу төмен болды.

Енді еліміздегі табиғи өсімге келетін болсақ, ең жоғарғы табиғи өсім Маңғыстау – 1,96 %, Оңтүстік Қазақстан мен Атырау облыс­тарында – 1,92%, Қызылорда облы­сында – 1,51%, яғни қазақтар саны көп өңірлерде болып отыр. Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақ­стан, Павло­дар, Қарағанды облыс­та­рында табиғи өсім небәрі 0,05% – 0,5% аралығын құрады. Ал, 2005 жылы Қостанай, Солтүстік Қазақ­стан облыстарында табиғи өсім болмай, керісінше төмендеп кетті.

Енді өлім-жітімге келетін бол­сақ, ол жалпы республикада және оның барлық өңірлерде өскен. Не­келесу де, ажырасу да 2005 жылы республика бойынша кө­бейген.

Бұл талдау нені көрсетеді. Рес­пуб­ликаның экономикалық-әлеу­меттік дамуына қарамастан, бізде көші-қон және демография мәсе­лелеріне әлі де жеткілікті көңіл бөлінбей келеді.

Елімізде халық санын арттыру үшін табиғи өсімнің бірден-бір қайнар көзі – бала тууды көбейту керек. Бізде жыл сайын 530-540 мың немесе бүгінгіден екі есе көп сәби дүниеге келіп отыруы тиіс.

Ұлттың табиғи өсімін көбейту үшін әр отбасында кемінде 3 немесе 4 бала болуы тиіс. Алғашқы 2 бала әке-шешесінің орнына, 3-ші бала табиғи шығындарды толтырса, 4-ші бала ғана өсім береді. Елімізде халық санын тез арада өсіру үшін әр отбасында 4-5 сәби дүниеге келіп, тәрбиеленуі керек. Ол үшін халқымыздың әлеуметтік жағ­дай­ын, әсіресе, өмірге ұрпақ әкелетін аналар мен балалардың жағдайын жақсарту керек. Олардың денсау­лығы мықты, тамағы мен киімі бүтін болуы тиіс.

Міне, сондықтан да Прези­денті­міздің Жолдауында айтыл­ғандай, елімізде халықтың әлеу­меттік-тұрмыс жағдайын жақсарту бұрынғысынша басым бағыт болып қалады. Бұл сала бойынша Прези­дент алға қойған тапсырмаларды іске асыру үшін 2008 жылға бюд­жеттен 108 млрд. теңге қосымша қаржы бөлінбекші.

Елбасы өзінің Жолдауында Үкіметке бірінші кезекте ана мен баланы әлеуметтік қорғауға ай­рықша маңыз беріп, 2008 жылдың 1қаңтарынан бастап баланың тууы­на байланысты біржолғы мем­лекеттік жәрдемақы мөлшерін 2 есеге немесе 34 740 теңгеге көбе­й­туді, баланы бір жасқа толғанға дейін күтуге төленетін ай сайынғы жәрдемақыны тұңғыш балаға 3276 теңгеден – 5790 теңгеге дейін; екінші балаға 3822 теңгеден – 6369 теңгеге дейін; үшінші балаға 4368 теңгеден – 6948 теңгеге дейін; төртінші және одан көп бала туған­да 4914 теңгеден 7527 теңгеге дейін көбейтуді тапсырды.

Сонымен бірге, жұмыс істейтін әйелдердің жүктілігін, босануы мен аналық кезін міндетті әлеуметтік сақтандыруды енгізіп, декреттік демалыста жүрген кезінде олардың зейнетақылық жинақтаулары жүр­гізіле беруі тиіс. Бұл жәрдем­ақы­ларды төлеу әлеуметтік салықты қайта бөлу есебінен құрылған мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы жүзеге асырылады. Жоғарыда айтылған міндеттерді орындауға мемлекет есебінен 18,7 млрд. теңге бөлінеді.

Жолдауға сәйкес, барлық жұ­мыс істейтін әйелдерге декреттік дем­алыстың әрбір төрт айына ор­таша жалақы мөлшерінде жүктілік және босану жөніндегі жәрдемақы беріледі.

Осы күнге дейін елімізде жүкті­лік пен босануға байланысты дем­алыс жұмыс берушінің есебінен төленіп келді. Сондықтан жұмыс берушілер, әсіресе жеке меншік иелері қыз-келіншектерді барынша жұмысқа алмай, жұмыс істеп жүр­ген­дерін жұмыстан шығаруға әре­кеттенетін. Бұл еңбек қатынасында бала тууға қабілетті әйелдерді кем­сітушілікке әкеліп соғатын, елімізде бала санын көбейтуге кері әсерін тигізетін. Бұл жағдай көбінесе әйелдер жұмыс істейтін орта және шағын бизнес салаларында кезде­се­ді. Жұмыс берушіні де түсінуге болады. Қарамағындағы 5-6 адам­ның 2-3-еуі босанатын демалысқа кетсе, оған өз есебінен әлеуметтік төлем төлеп отырса, ол кәсіпорын банкротқа ұшырамай ма?

Сонымен бірге, Жолдауда ана мен баланы әлеуметтік қорғау, бала мен ана өлімін барынша азайту, өмір сүрудің орташа ұзақтық дең­гейін арттыру, білім беру мен денсаулық сақтауды дамыту үшін тиісті инфрақұрылым жасау мәселесіне көп көңіл бөлінген. Осы мақсатқа байланысты алдағы үш жылда елімізде 100 мектеп пен 100 аурухана салу тапсырылды.

Елбасының Жолдауында айтыл­ған міндеттерді орындау:

1. Балалары бар отбасылардың әлеуметтік қамсыздандыру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Әсі­ресе, көп балалы отбасындағы ба­ла­лар үшін алғашқы мүмкіндіктер жақсарады, бұл елімізде бала тууды ынталандырып, оң демографиялық өзгерістерге алып келеді.

2.Қыз-келіншектерді жұмысқа қа­былдауға шек қоймай және жұ­мыс­тан босатуға деген кемсіту­шілікті жойып, түптеп келгенде, бала тууға жағдай жасайды.

3. Жұмыс істейтін әйелдердің және бір жасқа дейінгі бала күті­мімен айналысатын адамдардың зейнетақы жинақтарын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

4. Әйелдердің еңбек ету бел­сенділігін арттырып, олардың қоғамдағы рөлін көтереді.

Үкімет Президент Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру үшін тез арада бала тууды ынталандыру, отбасы институтын нығайту жөнінде кешенді бағдар­лама жасауы керек. Атап айтқанда, жас отбасыларды баспанамен қам­тамасыз ету, ана мен баланың ден­саулығын сақтау, балалы отбасы­ларды әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі дамыту, т.б. іс-шараларды атқаруы тиіс.

Бүгінгі күні жас, алға қарқынды дамып келе жатқан еліміз үшін белсенді демографиялық саясат ұстану қажет. Кез келген елдің эко­номикалық дамуының ең маңызды құрамдас бөлігі адам факторы. Мысалы, Дүниежүзілік банктің мәліметтеріне сәйкес, өтпелі эко­номикалы мемлекеттерде эконо­ми­калық өрлеудің тек 16%-ы ғана өн­дірістік әлеуетке (құрал-жаб­дықтар, өндірістік инфрақұрылым, т.б), 20%-ы табиғи ресурстарға, ал қалған 64%-ы адам және әлеу­меттік капиталға тәуелді болып отыр. Қалай десек те, адам әрқашан да қоғамдық өмірді жаңарту, алдыңғы қатарлы экономикалық жетістіктер­ге жетуде негізгі рөл атқарады.

Президент Жолдауында меди­цина қызметінің нәтижелігі мен сапасын арттыру, еліміздегі эко­логиялық-санитарлық жағдайларын жақсартып, халықты сапалы ауыз су­мен қамтамасыз ету арқылы адам­­ның орташа өмір жасының ұзақ­тығын арттыру, ана мен бала өлімін төмендету, туберкулезбен сырқаттану және АҚТҚ/ЖҚТБ дертіне шалдығудың етек алуын тежеуге бағытталған бағдарлама­ларды іске асыру керек екендігі айтылған.

Шын мәнінде бізде әлі де болса балалар өлім-жітімі көп. 2006 жылы 1000 адамға шаққанда өлім 10,37 болса, 1 жасқа дейінгі 1000 нәрес­теге шаққандағы өлім 15,15 болды. Қазіргі кезде елімізде орта есеппен ерлер 60 жас, ал әйелдер 71 жас жасайды екен. Әрине, бұл аз.

Адам факторы, адам дамуы – Қазақстан үшін стратегиялық мін­дет екенін басшылыққа алып, біз осы бағытқа баса назар аударуымыз керек. Бүгінде атқарушы орган басшылары көбіне өндірілген өнімдер төңірегінде есеп береді. Ал, облыс көлемінде халық саны өсті ме, өспесе неге өспеді, өскен болса ненің есебінен, көші-қонның ба, әлде табиғи өсімнің есебінен бе? Өлім-жітім азайды ма, некеге тұру мен ажырасудың деңгейі қандай? Бала туу жағдайы қалай? Бала туу жасындағы әйелдердің саны қанша, олардың денсаулық, тұрмыс жағ­дайы қалай деген сұрақтар төңі­регінде есеп алынып отырса. Жас отбасыларды нарық талаптарына сәйкес тұрғын үймен қамтамасыз ету, оларды жұмысқа орналастыру, ана мен балаға медициналық көмек көрсету, балаларының сапалы білім алуы мен тәрбиеленуіне жағдай жасау ең бірінші кезектегі мәселе есебінде қаралуы керек.

Халық санының өсуіне тікелей ықпал ететін мәселе – баспана мә­селесі. Баспанасыз өмір сүру мүм­кін емес.

Осы көкейкесті мәселені шешу үшін Елбасының тікелей бастама­сымен 2005-2007 жылдарға арнал­ған тұрғын үй бағдарламасы қабыл­данып, осы бағдарлама аясында 3 жылда 12 млн. шаршы метр үй салу жоспарланса, екі жылда 11 млн. шаршы метр үй берілді. 2007 жылы 7 млн. шаршы метр тұрғын үй беріл­мекші. Сонда үш жылда 12 млн. шаршы метрдің орнына 18 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, бағдарлама 150% орындалмақшы.

Ал, алдағы үш жылда 2008-2010 жылдары 27 млн. шаршы метр үй са­лынбақшы. Бұл жағдайда 300 мың отбасы немесе 1,5 млн. адам жаңа пәтерге ие болады екен. Сонда 2005-2010 жылдар аралы­ғын­да 500 мың отбасы, немесе 2,5 млн. қазақстан­дық жаңа үйлерде тұра­тын болады. Бұл – республика  хал­қы­ның  16,4%-ы немесе алтыдан бірі 6 жыл ішінде жаңа пәтерге ие болады деген сөз. Бұн­дай құрылыс Қазақстан тарихын­да бұрын-соңды болған емес.

Ендігі мақсат – тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, оның бағасын төмендету. Ол үшін Президент Жолдауындағы аса маңызды 30 серпінді бағыттың 20-шы бағытында атап көрсетілгендей:

– құрылыс индустриясын да­мыту;

– құрылыстың сапасын арт­ты­ру;

– қол жетерлік жалға берілетін тұрғын үй кешендерін салу;

– жер учаскелерін бөлу рәсім­дерін оңайлату, ашықтығын қам­тамасыз ету;

– жеке тұрғын үй құрылы­сының дамуын ынталандыру;

– халықтың тұрғын үй алуына неғұрлым қолайлы жағдайлар туғызатын жылжымайтын мүліктің нақты бәсекеге қабілетті әрі ашық рыногын құру мәселелерін шешу.

Республикамыздың алып құры­лыс алаңына айналуына байла­ныс­ты құрылыс индустриясы қарқын­ды дамуы тиіс. Елімізде құрылыс индустриясы кәсіпорындарының көптеп салынуына қарамастан, құрылыс материалдары әлі де қым­бат, шетелдерден әкелінеді. Сон­дықтан да тұрғын үйдің бағасы өршіп тұр. Құрылыс материал­дарын шығару кәсіпорындарын аудан орталықтарында, шағын қа­лаларда барынша дамыта беру қажет. Ол, біріншіден, жаңа жұмыс орындары, екіншіден жергілікті бюд­жетке кіріс, ең бастысы – құры­лыс материалдарын барынша арзандату жолы.

Алдағы үш жылда елімізде са­лы­натын 27 млн. шаршы метр тұрғын үйдің 17 млн. шаршы метрі жекешенің есебінен тұрғызылады, ал мемлекеттің міндеті тұрғын үй салынатын жерді дайындау, электр желісін тарту, жол, су, т.б. инже­нерлік коммуникацияларды шешу. Өте дұрыс-ақ. Егер жеке меншік үй салуға жер учаскесі берілсе, оның жолы, суы, электр желілерін ше­шу­ге мемлекет көмектессе, құрылыс материалдары өзімізде арзан ба­ғамен шығарылып жатса, үй салуға құштар азаматтар ауылдарда да, қалаларда да өте көп. Ендігі мақсат атқарушы орган басш­ылары Елба­сының Жолдауынан туындайтын міндеттерді сөзбұй­далыққа салмай, ашық түрде тез арада заңға сәйкес орындаса, елі­міздегі ең үлкен проблемалардың бірі – баспана мәселесі тез шешіле бастайды.

Ауылдарда, қалаларда үй салуға берілетін жер учаскелерін бөлуде қатаң тәртіп болуы керек. Көптеген жерлерде жер учаскесін заңсыз алып, қымбат бағаға сату фактілері кездеседі. Осыған қатаң тыйым салынуы шарт.

Президент тапсырмасына сәй­кес жоғары білімді жас мұғалімдер мен дәрігерлерді ауылда тұрақ­тандыру үшін оларға аудандық, ауылдық ауруханалар, мектептер жанынан 3-4 бөлмелі тұрғын үйлер салу мәселесін де қолға алу керек.

Жолдауда айтылған қолжетімді бағамен жалға тұрғын үй салу, әсіресе, жас отбасылардың арзан бағамен пәтер алу мүмкіншілігін ше­шеді. Олар еңбек етіп, келе­шекте қаржы жинап пәтер сатып немесе үй салып алғанға дейін толық баспаналы болады. Еуропа елдерін­де көп отбасылар өмір-бақи жалға алынған пәтерлерде тұрып жатқа­нын ескерсек, бұл – үлкен пер­с­пек­тивалық бағыт. Енді Үкімет жалға тұрғын үй салу мәселелеріне тиісті же­ңілдіктер қарастырып, ол үй­лер­дің, пәтерлердің арзан, әрі тиім­ді болу жолдарын шешкені жөн.

Еліміз үшін демография – ең өзекті, еліміздің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін мәселе. Сондықтан, еліміздегі көші-қон және демографиямен тиянақты айналысып, тікелей Президентке бағынатын Көші-қон және демо­гра­фия жөніндегі агент­тікті қайта құру керек деп есеп­тей­мін.

Елбасының осы жылғы Жол­дауы, бірінші кезекте, елдегі ба­рын­ша маңызды мәселелерді ше­шу­ге арналған. Негізінен бұл мәсе­ле­лер халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Бір сөзбен айтқанда, еліміздің өркендеуінің алдағы 10 жылдық бағыты, бағдары айқын­дал­ды. Бұл – Елбасы көр­сеткен ішкі және сыртқы саясат­тағы негізгі 30 бағыт. Ел болашағы үшін ауадай қа­жетті Елбасының осындай бастама­ларын іске асы­ру­да барлығымыз күш жұмсауымыз қажет.

Ал біз, Парламент депутаттары Елбасының Жолдауындағы мін­дет­терді халық арасында кеңінен түсіндіруге барынша атсалыса отырып, Жолдаудан туындайтын мақсаттарды заңнамалық тұр­ғыдан қамтамасыз етуге жұмыс істейміз.

 

Топ тәжірибесі топшысын сыпырды

 

Серік ПІРНАЗАР.

 

Газетіміздің үстіміздегі жылғы 13 сәуірдегі нөмірінде облыстың Елбасының “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты Жолдауының мән-маңызын көпшілік арасына жеткізу және сол құжаттан туын­дай­тын міндеттерді жүзеге асыру үшін Сырдария ауданында құрыл­ған ақпараттық-насихаттық топтың жасап жатқан оңды жұмыстары жайлы жазғанбыз. “Ауыл адамдары бір жасап қалды” деген тақырып­тағы сол мақалада алыстағы ауыл адамдарын топ құрамында мәдени-үгіт бригадасының болуы қатты қуандырып отырғанын мәлімдеген едік. Міне, сол үлгілі үрдісті облыс басшылығы да қызу қолдап әкетті. Нәтижесінде таяуда ауданда осы іс-тәжірибені танытуға арналған семинар өткізілді. Аудан әкімдігі мен облыстық ішкі саясат депар­таменті ұйымдастырған басқосуға облыстың барлық аудандарынан өкілдер қатысты.

Семинарға қатысушылар Сыр­дария ауданының ақпараттық-насихаттық тобы халыққа әлеумет, мәдени, тұрмыс, медицина, құқық, спорт салалары бойынша көрсетіп жүрген қызметтерінің жайымен танысты. Аудандағы А.Тоқмағам­бетов ауылдық округінің ауқы­мында өткен жиында олар алдымен емхана жұмысын көрді. Ал орта мектепте білім және ішкі істер бөлімдері ұйымдастырған “Жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқықтық тәрбиені жетілдіру жолдары” тақырыбындағы дөңге­лек үстелге араласты. Осында нашақорлық пен СПИД-ке қарсы ак­циялардың куәсі болды. Аудан­дық спорт және денешынықтыру бөлімі өткізген “Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі” атты шара аясын­дағы спорт жарыстары да көңілге жылы ұялады. Олардың қатарында күрес, волейбол, бас­кет­бол, футбол, шахмат, дойбы, тоғыз­құмалақ секілді спорт түрлері бол­ды. Сол сияқты ауыл кітапхана­сын­да өткен “Жасай бер, жайна, менің Қазақстаным!” атты оқыр­ман­дар кездесуі де қатысқандарды баурап әкетті.

Семинар барысында ауылдың мәдениет үйінде Президент Жолдауын насихаттау мақсатында құрылған ақпараттық-насихаттық топ мүшелері ауыл тұрғындарымен және қоғамдық ұйымдар өкілде­рі­мен кездесті. Кездесуде бірінші бо­лып сөз алған аудан әкімі Ибрагим Әбибуллаев соңғы кездері ауданда қолға алынып жатқан индус­трия­лық-инновациялық даму бағытын­дағы жанды жұмыстардың жайын жайып салды. Айталық, Амангелді ауылында керамикалық зауыт қа­тарға қосылғалы тұр. Шіркейлі ауылында мақсары дақылынан май өңдеп шығаратын цех ашылады. Бесарықта гүлдер оранжереясы пай­да болмақшы. Тереңөзек кен­тінде ағаш пен оның қалдықтары негізінде құрылыс материалдарын дайындайтын кәсіпорын қанат қағады. Бұдан басқа бетон өнім­дерін шығаратын зауыттың да ірге көтеретіні айтылды.

Облыс әкімінің аппарат жетек­шісі Мұрат Әбенов сырдария­лық­тар бастандырып отыр­ған жұмыс­тың маңызы жоғары екеніне тоқ­тал­ды. Бүгінгі семинар ақпараттық-насихаттық топтардың қолынан көп нәрсе келетінін көр­сетіп берді. Сонымен бір­ге, бұл іргелі істер Жол­даудың мәнін жұрт­шы­лыққа жеткізудің әдемі бір пішіні болғалы тұр. Осы жерде аудан­да­ғы бір топ “күміс алқа” иегерлеріне куәліктер табыс етілді. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік уни­верситетінің оқы­ту­шысы Ұлжан Жаңбыршиева мұн­дай топтар үшін шешендік өнердің бөтен болмай­тын жақтарын мы­сал­дар арқылы әң­гімелеп берді. Облыс­тық зей­нетақы төлеу орта­лы­ғының ди­ректоры Галина Ганская өз саласы бойынша тұрғындарға көрсетіліп жатқан көмектер жайын түсіндірді. Сырдария ауданы әкі­мінің орынбасары Балшекер Өте­генова бүгінгі күні А.Тоқмағам­бе­тов ауылдық округі тұрғындарына көрсетілген әлеуметтік, мәдени, медициналық, тұрмыстық қызмет­тердің түрлерін саралап шықты. Ал аудан әкімі ауылдағы осы күнге тура келген “Алтын той” иелері мен жарыста жеңіп шыққан жүлдегерлерді марапаттады.

Семинар-кеңес жұмысы көп­ші­лік­тің көңілінен шықты. Оған қа­ты­сушылар бұл тәжірибені өз аудан­дарында кәдеге жарататын болып тарасты.

Қызылорда облысы.

 

Басты нысана — алыс ауылдар

 

Е.Айтбаев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаменті  бастығының орынбасары.

 

Уәлиханов пен Ақжар аудандары облыс орталығынан шалғайда орналасқандықтан, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы тиісті орындар тарапынан ұдайы назарға алынып келеді. Кейбір ауылдардың қашықтығы 700-800 шақырымға дейін жетіп қалады. Сол себепті бәзбір мәселелер бойынша шешімін күткен істер де жоқ емес. Соған қарамастан еліміздегі өрелі өзгерістер шалғай аймақтарды да қамтып, Елбасы Жолдауында қойылған міндеттерді жүзеге асыруға деген ерен құлшынысты байқадық. Ақпараттық-насихаттық топ құрамында болғанымызда оған анық көз жеткіздік.

Екі ауданда да қандастарымыз көп шоғырланған. Негізінен егіншілікпен және мал шаруашылығымен шұғылданады. Ерекше тәнті болғанымыз, аудан орталықтары көп өзгерген. Әсіресе, шағын және орта бизнестің өркен жаюының игілігін қарапайым адамдар да көріп отыр. Жұмыспен қамту деңгейінің өсіп, кедейшіліктің төмендегені байқалады. Кездесуге қатысқандардың қай-қайсысын сөзге тартсаң да Жолдауға қатысты толымды ой топшылап, қолға алынып жатқан игіліктердің ауылдықтарға бағытталып жатқанына ризашылық білдіреді. 50 елдің ортасынан ойып тұрып орын алсақ, мұның бәрі келешек ұрпақ қамы емес пе дегенді айтады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп қана қоймай, ұқсатып пайдалану бағытындағы қам-қарекеттері де қуантты. Мемлекет  басшысының аз шығын жұмсап, көл-көсір табыс алудағы талабын шалғайда тұратындар оң түсінген сыңайлы.

Облыста кедейшіліктің 2,8, жұмыссыздықтың 7,2 пайызға төмендегеніне қарамастан бұл аудандар әлеуметтік көмекке әлі де мұқтаж. Соған қарай тиісті ризықтарын еш бөгеліссіз алып жатыр. Ендігі міндет Жолдауда айтылғандай, жергілікті жерлерде шағын өндіріс орындарып ашып, жұмыссыздар санын барынша  азайту. Осы бір өзекті мәселе жеке кәсіпкерлер тарапынан қолдау тауып отырғанын да анық байқадық. Мәселен, Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөл кентінде екі мәдени-демалыс кешенінің жұмыс істеп тұруы біраз жәйтті аңғартса керек. Ең бастысы, жеке меншік иелері жүзге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Жас аналар бір реттік жәрдемақының екі есе өсуін жақсылыққа баласа, бюджет саласының қызметкерлері де қуаныштарын жасырмайды. Ауданда құрылған ақпараттық-насихаттық топтар өз жұмыстарын алыс елді мекендерден бастап, Жолдаудың әлеуметтік басымдықтарын әр жүрекке ұялатуды басты нысана еткен тәрізді. Оған осы сапарымызда анық көз жеткізіп оралдық.

Солтүстік Қазақстан облысы.

 

Өркениетті қоғамға өрелі мәдениет

 

Күмісжан Байжан.

 

Жаркентте облыстық мәдениет басқар­ма­сының ұйымдастыруымен облыс аудан­дары мен қалаларындағы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері, мәдениет үйлері мен музей басшыларының қатысуымен көш­пелі алқа мәжілісі өтіп, онда Елба­сының биылғы жылғы Қазақстан халқына Жол­дауы және оны жүзеге асыру жөніндегі облыс­тық мәдениет басқармасының алда тұр­ған міндеттері жайлы жан-жақты әңгіме өрбіді.

Жиналғандар алдында облыстық мәде­ниет басқармасының бастығы Е.Жанпейіс, Панфилов ауданының әкімі Е.Келемсейіт, Ұйғыр аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Н.Шаймерден, облыстық халық шығармашылық орталығы директорының орынбасары Н.Жауынбаева және тағы басқалар сөйлеп, соңғы жыл­дар­дағы рухани салаға деген қамқорлық пен Жолдауды насихаттау барысындағы міндеттерге тоқталып, ой-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ қонақтар Ә.Қастеев атын­дағы көркемсурет галереясында, “Жар­кент мешіті” сәулет-көркемөнер біре­гей музейінде болып, тарихы терең, та­би­ға­ты әсем аймақтың құндылықтарымен танысты.

Алқа мәжілісіне арнайы тұсаукесерін жасауға келген “Жетісу” бейнемобилі Жар­кент қаласындағы жаңадан салынған пер­зентхана алдында алғашқы қызметін көрсетті. Ғимаратты көгалдандыруға қа­тыс­қандарға әнмен шашу шашты. Бей­не­мо­биль техниканың соңғы жаңалық­тары­мен жабдықталған, былайша айтқанда, бұрынғы автоклуб қызметін еске салады. Онда экран, бейнепроектор, бейнекамера, бейнемагнитофон, микрофон, акустикалық жүйе, қуаттылық күшейткіш, тағы басқа құрал-жабдықтардың артықшылықтары бар. Олар алдағы уақытта да облыс елді мекендерін аралап, жұртшылыққа өз қызметтерін көрсетпекші.

Алматы облысы.

 

Қазақ барда, қазақ тілі өлмейді

 

Әнуар ЕРАЛЫ, “Тіл және мәдениет” қоғамының төрағасы, Қазақстан халықтары Ассамблеясының мүшесі.

 

Біздің “Тіл және мәдениет” қоғамы тіліміз бен мәдение­ті­мізді өркендету үшін 1989 жылы құрылған болатын. Содан бері талай игілікті істер атқарылды. Ең бастысы, Қазақ елі өз шаңырағын көтерді. Дүние жүзіне беймәлім елді әлем тани бастады. Мем­ле­кет құруда еліміз талай қиын­дықтардан өтті, ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке қол жет­кізді. Еліміз 15 жылда біраз биік­терге көтеріліп, соңғы кезеңде ел экономикасы қарқынды дами түсті.

Президентіміздің биылғы Жол­дауын былтырғы Жолдауын­дағы әлемдегі бәсекеге мейлінше қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясының жалғасы ретінде қабылдаймыз. Биылғы Жолдау көңілден шықты. Халқымыздың болашаққа деген сенімі арта түсті.

Бұл Жолдау қазақ халқының тұрмысын, әлеуметтік жағдайын әл-ауқатының жалпы өмір сүрудің сапасын жақсартуда игілікті іс болғалы отыр. Ана мен баланы әлеуметтік қорғау, медициналық қызмет көрсетудің сапасын жақ­сарту және денсаулық сақтау саласын дамыту, бастауыш және орта жоғары білім беру саласын халықаралық стандарттарға жақын­дату жөніндегі ұсыныстар бізді қуантады. 100 жаңа мектеп салу бүгінгі күннің талаптарына сай деп білеміз.

Бәрімізді мазалайтын басты мәселе — қоғамдық келісім мен тұ­рақтылық. Бұл жерде Қазақстан халықтары Ассамблеясының ат­қаратын рөлі ерекше болуы қажет. Біздің ойымызша, Ассамблея же­тек­шілері жергілікті ұлт проблемалары туралы тереңдеп ой­лан­ғаны жөн болар еді. Сондай-ақ кіші ассамблеяларға да бұл бағытта мықтап жұмыс атқару міндеті тұр. Мемлекетіміз өзге этнос өкілдеріне ана тілдерін дамытуға жағдай жасап отыр. Соған орай олардың да мемлекет құрып отырған ұлттың тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін сыйла­ғаны жөн емес пе. 

Жолдауда айтылған үштұғыр­лы тіл саясаты бүгінгі күннің талабынан туындап отырғанын білеміз. Қазақстанда қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлт­аралық қатынас тілі, ал ағылшын тілі жаһандық экономика тілі болып жатса, оның халқымызға ешқандай залалы тимес деп есептейміз. Өйткені, қазақ тіліне басымдылық беріліп, Ата Заңымызға өзгерістер енгізіліп, “Мемлекеттік тіл” туралы Заң қабылданса, қазақ тілі ертең ақ дамып, өркендеп, көтеріліп кетеріне кәміл сенеміз. Қазақ халқы барда қазақ тілі мәңгілік жасай бермек.

Астана.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат