Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-04-27:

Орындауға жұмылу түсіндіруден басталады

 

Ел Президентінің биылғы халыққа Жолдауын ұғындыру жөніндегі жұмыстарды ақпараттық-насихаттық тұрғыдан қамтамасыз ету туралы

 

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, Самат МҰСА.

Жолдау іс жүзінде елдің өз дамуындағы бетбұрысты кезеңге аяқ басқанын білдіреді, деді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ержан Бабақұмаров өз сөзінде. Біз тәуел­сіздіктің онбесжылдық жолын табысты жүріп өттік.

Бүгінде бүкіл әлем, сонымен бірге Қазақ­стан да жаңа жаһандық технология­лық толқынның легінде тұр. Соған бай­ла­нысты дәл көз алдымызда қалыптасып жат­қан жаңа әлемде технологиялық кейін қалу­шылыққа ұшырау егемен еліміз үшін басты қауіпке айналып отыр. Сондықтан да Мем­лекет бас­шысы Қазақстанның  жаңа әлемге – жоғары дамыған мемлекеттер әлеміне қосылу міндетін алға қойып отыр.

Осындай жаһандық өзгерістер аясында бірінші әлем қатарына қосылу – Жолдауда алға  қойылып отырған жалпыұлттық мақ­сат болып табылады, біз оны әрбір қазақ­стан­дыққа тиісті дәрежеде жеткізуге тиіспіз.

Бүгінде биліктің қолында, бүтіндей алғанда, іс-қимылдың айқын жүйесі бар, деп жалғады ойын вице-министр. Таяу мерзім­нің күн тәртібі белгіленген. Біз не істеу керектігін және оған қалай қол жеткізуге болатынын білеміз.

Алға қойылған мақсаттарға біздің адами ресурстарымызды, егемен ұлттың ерік-жі­герін қаншалықты жұмылдыра алатын­ды­ғымыз ендігі жерде көбіне-көп идеоло­гия­лық корпусқа байланысты болмақ. Бұл қиын міндет, бірақ бүтіндей алғанда қол жеткізуге болады.

Тәуелсіздік жылдары ішінде мемлекеттік органдар ішкі саясат саласында айтарлықтай тәжірибе жинақтады. Ақпараттық-насихат­тық жұмыста оны барынша пайдалану қажет. Ең алдымен, бізге ел дамуының жаңа сатысының талаптарына сәйкес биліктің идеологиялық базасын дамыту қажет.

Бүгінде “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан. Қазақстан – тек алға” формуласы бойынша орташа мерзімдегі біздің идеологиялық жұмысымыздың негізі бола алатын бірнеше түйінді идеялар айқындалды. Олардың алғашқысы инновациялық даму идеясы. Сөз жоқ, ол идея тәуелсіздіктің барлық жыл­дарын­да бойға сіңірілген біздің қоғамы­мыздың базалық идеялары арнасында дамуға тиіс. Қазірде идеологтардың алдында осы және өзге де мүмкін деген идеяларды кешенді ғылыми талдамалау міндеті тұр.

Тиесілі іргелі және қолданбалы зерт­теу­лер өткізуге деген мемлекеттік тапсырыс те­тік­терін кеңінен пайдаланып, бүкіл ғылыми орталықтардың, жоғары оқу орындарының, интеллигенцияның әлеуетін іске қосу қажет. Орталық және өңірлік БАҚ-тар, мемлекет­тік радио және теледидар арқылы ол идеологияларды кеңінен түсіндіру ісі ұйым­дастырылуға тиіс.

Біздің Жолдауға ақпараттық-насихаттық қолдау көрсету жөнінен үйлестірілген және келісілген ұзақ мерзімді жұмыс жүйесін құруымыз қажет, деп атап өтті Е.Баба­құм­аров. Бірінші сатыда министрлік Жолдауды ақпараттық тұрғыда ілгерілетуде ұйымдас­тыру шараларын жүзеге асырды. Жолдауды жұртшылыққа таныстыруға және оның негізгі қағидаларын таратуға бағытталған   шұғыл ақпараттық науқан іле-шала-ақ өріс алды. Ұйымдастыру-тәжірибелік және әдіс­темелік сипаттағы іс-шаралар сериясы жүр­гізілді. Ол – БАҚ-тардың бас редактор­лары­мен, мәдениет қайраткерлерімен, республикалық үкіметтік емес ұйымдармен, өңір активімен өткізілген кездесулер.

Жолдау мәтіні көп тиражбен басылып, таратылды. Қажетті медиа-жоспарлар жа­сал­ды, мемлекеттік тапсырыстарды орын­дайтын БАҚ-тарға арналған әдістемелер жүйесі қалыптастырылды, ақпараттық-насихаттық топтар жұмысы ұйымдас­тырылды. Телеарналарда бірінші күннен бастап Жолдаудың негізгі басымдықтарын түсіндіретін 35 бейнероликтер іске қосылды. Жолдау жарияланған екі ай ішінде респуб­ликалық және өңірлік баспа және элек­тронды БАҚ-тарда, мемлекеттік ақпараттық тапсырыстар орындайтын ақпаратты таспаларда 1200-ге тарта материал жарыққа шықты. Бүтіндей алғанда Жолдаудың ба­сымдықтарын халыққа кеңінен жеткізу мін­детіне қол жеткізілді деп сеніммен айтуға бо­лады. Сұрау салынғандардың 75 пайы­зынан астамының Жолдау мазмұнымен таныс екендігін социологиялық зерттеулер көрсе­тіп отыр.

Ендігі жерде насихаттық жұмысты екін­ші сатының міндеттеріне бейімдеу шара­лары­ның маңызы зор болмақ. Көзқарас­тар­ды өзгертетін, белсенділікті сақтай отырып, мәселенің сапалық жағына назар аударатын кез туды. Ақпараттық-насихаттық жұмыс­тарға біздің сыни тұрғыда  жасаған  тал­дауы­мыз келешектегі идеологиялық жұмыс­тарға кедергі келтіруі мүмкін бірқатар проб­ле­малық тенденциялардың бетін ашты. Әсі­ресе ол жергілікті жерлердегі ахуалға қатыс­ты. Бірінші кезекте жалпы хабарламалық бағдарға ие болып, ақпарат сапасының босаңсығанын атап көрсету қажет. Ойлы, терең, ең соңында қызықты мақалалар мен сюжеттердің жетіспеушілігі сезіле бастады. Жұмыстың талдамалылық құрамын күшейту қажет.

Екіншіден, насихаттық жұмысқа деген формальдылық пен таптауырындық көрініс бере бастады. Сондықтан БАҚ-тарда мате­риалдар жариялауда Жолдаудың стратегия­лық міндеттеріне үндесетіндей әрі оған деген мүдделілікті арттыратындай жаңа формалар қажет.

Үшіншіден, белгілі бір қиғаштықтар, Жолдау басымдықтарын түсіндіруде тепе-теңсіздіктер орын алуда. Мәселен, Жолдау­дың кешенді құжат болып табылатынына қарамастан 5-7 тақырыпқа ғана назар аудару­шылық басым.

Төртіншіден, бүтіндей алғанда Жолдауға қолдау көрсетуде елдегі партиялық-саяси жүйе­нің тиімділігі төмен. Үкіметтік емес ұйымдар әлеуеті жеткілікті пайдала­ныл­май­ды.

Бесіншіден, халықаралық жағдай мен біздің сыртқы саяси мүдделерімізді де мұ­қият ескеру керек.

Біз Мемлекет басшысының Жолдауын насихаттауда және жүзеге асыруда белсенді жұмыс жүргізіп келеміз, деп бастады өз сө­зін Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Виктор Супрун. Елдің эко­номикасы мен әлеуметтік өмірінің барлық салаларын жедел түрде модернизациялау, сондай-ақ қоғамымыздың әлемнің дамыған 50 елінің қатарына қосылу жолындағы қадамын жеделдету біз үшін алғашқы кезекті міндеттердің бірі болып табылады.

Министрлікте “Егемен Қазақстан” және “Казахстанская правда” газеттерінде жа­рия­ланатын мақалаларды дайындау кестесі бекітілді. Айына екі рет Жолдауды насихат­тау жөнінен атқарылған жұмыстар туралы Мәдениет және ақпарат министрлігіне ақ­парат жіберіліп тұрады. Жолдау министр­ліктің веб-сайтына орналастырылған. Мәселен, веб-сайттың “Стратегиялық жос­пар­лау” деп аталатын бөліміне Қазақстан­ның бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде үстіміздегі жылдың 1 тоқсанында жүр­гізілген жұмыстар туралы есеп орналасқан. Ол мемлекеттік органдар ұсынған ақпарат­тар негізінде құрастырылады.

Әлемнің неғұрлым бәсекеге қабілетті және ырғақты дамыған мемлекеттерінің біріне айналу мақсатында Қазақстан Рес­публикасы экономикасын 2015 жылға дейін бәсекеге қабілеттілік пен экспорттық мүм­кіндіктердің жаңа сапалық деңгейіне жеткізу стратегиясы жасалатын болады. Бұл құжат нақты нәтижелерге бағытталмақ және қыз­метті нақтыландыру мақсатында онда мақ­сатты индикаторлар мен аралық көрсет­кіштер орын алатын болады.

Аталмыш стратегияның тұжырымда­ма­сына сәйкес жаһандық бәсекелестікті арттыру жөніндегі жұмыстар Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігіне ықпал ететін жүйелі үдерістердің сапасын арттыруға бағыттала­тын болады, деп жалғады сөзін одан әрі вице-министр. Бұл санатқа мемлекеттік басқару, заң шығарушылық, ақпараттық, білім беру, саяси, азаматтық, экономика­лық, әлеуметтік, мәдени, экологиялық үде­ріс­тер, сол сияқты ресурс үнемдеуші және өміршеңдік қауіпсіздігін арттырушы үдеріс­тер жатады.

Вице-министр атап өткендей, экономи­каны жедел модернизациялау шеңберінде Премьер-Министрдің төрағалығымен Эко­номиканы модернизациялау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, жұмыс істеуде. Министрлік аталмыш комиссияның жұмыс органы болып табылады.

Сонымен бірге, қазіргі уақытта Мем­лекет басшысының экономиканы модерни­зациялау жөніндегі жарлығына сәйкес жұмыс жоспары бекітілген. Ол құжат елдің инвестициялық әлеуетін дамыту, серпінді макрожобаларды іріктеп, жүзеге асыру, сондай-ақ “30 корпоративтік көшбасшы” мемлекеттік бағдарламасының жобасын жасау жөніндегі қажетті мәселелерді талдап, әзірлеуді қарастырады. Онда 2015 жылға дейінгі кезеңге арналған нақтылы мақсаттар мемлекеттік құрылымдар алдына қойылатын болады. Осы нақтылы серпінді жобаларды жүзеге асыру Қазақстан экономикасын әр­тараптандыруды қамтамасыз етіп, 2015 жылы еліміздің жоғары  бәсекелестікке қол жеткізуіне және әлемнің дамыған елу елінің қатарына қосылуына жағдай жасайтын болады.

Одан әрі вице-министр Жолдаудың басты қағидаларын жүзеге асыруға бағыт­талған Жалпыұлттық жоспардың, Үкімет бағдарламасының және оларды іске асы­руды көздейтін іс-шаралар жоспарының дайын екенін мәлімдеді. Әкімшілік реформа ілгері басуда, қазірдің өзінде ведомство­ара­лық комиссияның жеті отырысы өткен.

Президент Жолдауының негізгі қағи­даларын жүзеге асыру шеңберінде сәуір айында министрлік “Қазақстан Респуб­ли­касын аумақтық дамыту стратегиясын жүзе­ге асырудың 2015 жылға дейінге арналған негізгі бағыттары” деген тақырыпта Парламент Сенаты өткізген дөңгелек үстелдің ұйымдастырылуына атсалысқан.

Холдингтер мен акционерлік қоғам­дарда мемлекеттің қа­ты­суымен кор­по­ративті басқару прин­циптерін ен­гізу жөнінен жұ­мыстар жүргі­зілуде, сол үшін корпоративті бас­қарудың бір үлгідегі жобасы әзірленді.

Қазіргі кездегі не­гізгі құжат­тар­дың бірі Мемле­кет бас­шы­сы Нұр­сұлтан На­зар­баевтың Қазақ­стан халқына ке­зек­ті Жолдауы, деп баста­ды өзінің сөзін Г.Әбдіхалықова. Жолдауда жаңа ішкі және сыртқы жағдайларға, өсе түсіп отырған қаржы-экономикалық мүмкіндіктерге сәйкес өтпелі кезеңнің негізгі қорытын­дылары шығарылып, Қазақстанның бә­секеге қабілеттілігін арттырудың міндеттері нақтыланған.

Жолдауда тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен жолдың реформалардың әлеуметтік бағытын күшейтуде берік іргетас қаланғаны атап көрсетіледі. Бұған әлеуметтік қолдау үдерістері ауқымының айтарлықтай кеңейе түсуі дәлел бола алады. “Бізге ең бастысы, – деп атап өтті Н.Ә.Назарбаев, – қазақ­стандықтар үшін өздерінің маңызды және түсінікті өмірлік қағидаларын жүзеге асыруға қажетті барлық жағдайды: отбасын қамтамасыз етуді; баспаналы болуды; бала­ларын оқытуды; денсаулықтарын нығай­ту­ды; зейнетақы қорын қалыптастыруды жасау болып табылады”.

Осы мақсат үшін, деп жалғастырды сөзін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, біріншіден, әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруды айтар­лықтай арттыру көзделіп отыр. Мұның барлығы Жолдауда жан-жақты айтылған. Мәселен, алдағы жылы Мемлекет басшысы ұсынған әлеуметтік шараларды жүзеге асыру үшін ғана қосымша 108 млрд. теңге бөлу қарастырылған.

Екіншіден, отбасылы балаларды әлеу­меттік қолдау жүйесін дамыту бағытының мызғымастығы сақталған. Мысал үшін айтсақ, үш түрлі балалар жәрдемақысы, көп­балалы аналарға арнайы мемлекеттік жәрдемақы мен аз қамтамасыз етілген от­басыларына атаулы әлеуметтік қолдау бала­лы отбасылардың материалдық жағдайын айтарлықтай жақсартып, бала туу санын арттырды. Егер 2000 жылы Қазақстанда 220 мың нәресте өмірге келсе, 2006 жылы жаңа туғандардың саны 290 мыңды құрады.

Отбасын, ана мен баланы әлеуметтік қолдау бағытында атқарылып жатқан және атқарылатын шаралармен қатар, Үкіметке бала және ана өлімін азайту үшін нақты жұмыс жүргізу; білім беру мен денсаулық сақтау инфрақұрылымдарын дамыту үшін қажетті жағдайлар жасау (еліміздің аса мұқтаж өңірлерінде 3 жыл ішінде 100 мектеп пен 100 аурухана салу) тапсырылды.

Мемлекет басшысы ұсынып отырған шараларды жүзеге асыру демографиялық оң өзгерістерге септігін тигізетіні де сөзсіз.

Үшіншіден, Жолдау зейнетақымен қам­тамасыз етуді жүйелі түрде қайта қа­рауды жалғастыруды міндеттейді. Бұл міндеттің жүзеге асатынына зейнетақы төлемдерінің жыл сайын дәйектілікпен арттырылып келе жатқаны көз жеткізе түседі.

Төртіншіден, Мемлекет басшысының 1998 жылдың 1 қаңтарына еңбек өтілі денсаулыққа зиянды және ауыр еңбек жағдайында (№2 тізім) толған адамдарға 8 ең төменгі төлем көлемінде  арнайы мемлекеттік жәрдемақы енгізу туралы ұсынысы зор қанағат сезімімен қабыл алынды. Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек дами түсетін болады. Бұл туралы Елбасы бұрынға Жолдауында да нақтылаған еді. Сондықтан бұл қағидат болашақта да қаперде ұсталатыны анық.

Жолдауда осыған байланысты былай делінген: “Мемлекет бұл көмекке шын мә­нін­де мұқтаж адамдарға – ал бұлар, бірінші ке­зекте, балалар, көпбалалы аналар, арда­герлер мен мүгедектер – жауапкершілікті өз мойнына алуға және іс жүзінде алып та отыр, міндетті”. Ал басқаларға нарық қағидаттарына сәйкес өз беттерінше дамып, еңбек белсенділігін арттыру үшін жағдай туғызу қажет.

Мемлекет басшысы еңбек өнімділігін арттыру мен жұмыспен қамтуға ықпал етуді “Ең керекті әлеуметтік саясат” деп атайды. Осы мақсатта: біріншіден, жоғары тех­нологиялы және жоғары сапалы жаңа жұ­мыс орындарын құру; екіншіден, еңбек ресурстарының бәсекеге қабілеттілігін дамыту мен арттыру (іс жүзінде барлық бү­гінгі жетекші мемлекеттер “ақылды эко­номика” мен өзінің адам капиталын дамы­туға салмақ түсірген); үшіншіден, жұ­мыс­сыздарды әлеуметтік қорғаудың белсенді тәсілдерін басым қолдану; төртіншіден, жоғары білікті шет ел жұмыс күшін пайдалану мен олардың жаңа технологиялар енгізуге және сол технологиялармен жұмыс істеу үшін қазақстандық персоналды оқытуға міндеттілігі қарастырылады.

Г.Әбдіхалықова сөзін қорытындылай келе әлеуметтік проблемаларды шешу алда тұрған міндеттерді жүзеге асыруда негізгі факторлардың бірі екенін атап көрсетті.

 

Интерактивті мектеп

Жастардың терең білім алуына мүмкіндік береді

 

Смағұл РАХЫМБЕК,  журналист.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баев биылғы халыққа арнаған “Жаңа әлемдегі-жаңа Қазақстан” атты Жолдауында: “Біз білім берудің сапалы қызметін көрсетуде әлемдегі он-лайн тәсілінде оқыту тәжірибесін дамытып, елімізде оқу теледидарын құруымыз қажет... Он-лайн тәсілінде оқыту практи­ка­сын дамытуды, ғылыми жаратылыс тану бейіміндегі арнаулы сыныптар жүйесін құруды қарастырған жөн” — деп атап көрсетті.

Білім және ғылым министрлігі Елбасымыздың алға қойған осы мақ­саттарын тиянақты жүзеге асыруға кірісті.

Білім беру орындарының оқу үрдістеріне жас ұрпақты оқытудың жаңашыл осы мультимедиялық тех­нологиясына арналған “Инте­рак­тивті мектептің” ақпараттық-бағ­дарлама­лық кешенін енгізудің ал­ғашқы қадамын Астана қаласын­да­ғы №1 математикалық-экономика­лық лицей мен Алматы қаласын­да­ғы республи­калық білім беру ақ­па­раттандыру орталығының базасы негізінде он-лайн тәсіліндегі және қазіргі заманғы білім беру техно­логияларының сынағы “Интерак­тив­тік мектеп” пилоттық жобасын енгізуден бастады.

Сонымен, интерактивті мектеп дегеніміз не? Интерактивтік мектеп бес интерактивтік пәндік каби­нет­тер кешендерінен тұрады. Оның екеуі әмбебап кабинеттер. Бұларда мате­ма­тика, тарих, география, астрономия пән­дерінен сабақтар өткізуге, соны­мен қатар, жараты­лыс­тану-ғылыми бағытындағы физика, химия және биология бойынша – үш пәндік кабинеттер жасақталған. Әңгімемізді Астана қаласындағы осы №1 ма­тематика­лық-экономикалық лицей тә­жіри­бесімен және оқу орыны мұғалім­дерінің, оқушыларының пікірлері аясында сабақтас­тыралық.

Тәжірибелі де, білікті ұстаз Свет­ла­на Повеквечнова басқаратын Аста­надағы №1-ші лицейге осы күндерде келетін меймандар көп. Бәрі де “Ин­терактивті мектеп” пилоттық жоба­сының Астанадағы осы оқу орындағы алғашқы қадам­дарына қызығады, өз көздерімен көргілері келеді.

– Бұл қадам әлемдік білім өрі­сіне, ғылым биіктеріне апарар жол екені рас. Президентіміз Нұрсұлтан На­зар­баевтың елімізде он-лайн тәсіліндегі оқу теледидарын құру жө­ніндегі идеясының кереметтігі сонда, бұл біздің әлемнің ең да­мы­ған, бәсекеге аса қабілетті 50 елінің қатарына, тіпті келешекте алғашқы 20 елдің сапына шығуға мүмкіндік беретін әлеует қайнары деп ұғамыз. Кезінде Үкімет басшысы болып тұр­ғанда Даниал Ахметов Елбасы­мыз­дың тапсы­рысымен интерак­тив­ті мектептің еліміздегі тұңғыш жобасының біздің лицейде жүзеге асырыла бастауына себепкер бол­ған еді. Сондықтан, Білім және ғы­лым министрлігінің осындағы игі қадамдары Қорғаныс министр­лігі­нің оқыту салаларының қызмет­керлерін де қызықтырып отыр десем, осы сала мамандары да бұл тә­сілді өздеріндегі білім орын­дарында қолдануды көксейді. Несі бар, елімізде  оқы­тудың бұл әдісі жалғыз білім мен ғылым аясында ғана емес, өзге де салаларда қанаттаса іске асы­рылып жатса, кемелдене түсеріміз та­лассыз, — дейді лицей директоры Свет­лана Анатольевна шын ықы­лас­пен.

Лицей басшысының бастауы­мен осындағы Қазақстан тарихы мен қазақ тілінің интерактивті кабинетіне келдік.

Интерактивті технология­лар­дың, құралдар мен әдістердің қол­данылуы сабақтарын Қазақстан та­рихы мен қазақ тілі кабинеттерінде сынып ұстаздары Бағаш Шарбиева мен Галина Масюковалар жүргізді. Шәкірттер мен меймандар интер­ак­тивті тақтаның мүмкіндіктерін қызыға көрді. Дыбыстық және бейнелік файлдарды іске қосу, бірнеше сөзге ғана бейнелерді ор­наластыру, нысан­дарды қабылдап, орналастыру, су­рет­тер салу, “кітап­хана” ресурстарын пайдалану секіл­ді интерактивтік мүмкіндіктер сараланды.

Келесі кабинетте де “Ақпарат­тық технологиялар негізі” тақы­ры­бына мобильдік компюьтерлік ке­шеннің мүмкіндіктері — кәдімгі сынып бөл­ме­сін сымсыз компью­тер­лік сыныпқа айналдырып, мек­тептің серверіне қосу, “Вертуальды мектепте ” орна­лас­қан мектеп серверіндегі тестіні пайдалану және тестілеу нәтижелерін мектептің өз серверінде сақтап қалу тәсілдері көрсетілді.

Математика, биология, физика, хи­мия кабинеті де интерактивті үрдіс­ке көшкен.

Қысқасы, бес интерактивті және пәндік әмбебап кабинеттер орта мектептің бағдарламасына сәйкес эксперимент-сынақтар мен көрсетілім өткізуге арналып жаб­дық­талған. Олар­дың нәтижелерін мұғалімдер ком­пьютерлеріне сан­дық үлгімен ала­ды және бұл жерде қажетіне қарай өң­деуге мүмкіндік беретін арнаулы ком­пьютерленген зертханалық құрал­дар жабдық­тал­ған.

Мобильді компьютерлік сынып­тардағы мұғалімнің компьютері оқу­шылардың 14 компьютерімен желісіз байланыс арқылы сабақ­тасып, кез келген бөлмедегі локальды желісіз жүйе аясында жеңіл, әрі тез айналатын “жылжымалы сыныпты” құрайды.

— Еліміздің өсіп-өркендеп келе жатқанын танытатын бұл виртуаль­ды мектептің кереметтерін енді игерудеміз. Менің қарапайым қа­зақ­стандық ретінде Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа риза бо­ла­тыным, Елбасы не айтса да, қандай мақсаттар белгілесе де жүзеге асырады. Интерактивті оқыту жүйе­сі де Президентіміздің Жол­дауында мұрат етілген ме­­же­лердің бірі. – дейді қазақ тілінің мұғалімі Бағаш Шәрбиева.

Өзіміз сөз етіп отырған пилоттық жоба Астанадағы № 1 математикалық-эконо­ми­калық лицейдің материал­дық-техникалық базасы мен ақ­парат­тық білім беру ре­сурс­тарын іске қо­су­ға мүмкіндік берді. Сөйтіп, мульти­ме­­дия­лық кабинет, информатика және әдістемелік кабинеттер мұға­лім­дерге бірегей үрдістерде жұмыс істеуге мүм­кіндік беретін “Интерактивтік мек­тептің” бірың­ғай серверіне қосылды.

— Бірыңғай серверге қосы­лудың тағы бір артықшылығы — ұстаздар­дың өзара тәжірибелер алмасуына да кең мүмкіндік ашты. Біздер Ин­тер­нет арқылы еліміздегі өзге де мектеп­тер­ге, ондағы білікті әріп­тес­терімізге шы­ға аламыз. Мүмкіндік көкжиегі кеңейді, — дейді бізбен әңгімесінде ағылшын тілінің мұғалімі Әсел Бағарова.

Еліміз үшін жаңа таным көк­жиек­тері мен білімді игерудің әлем­дік биіктеріне жол ашатын осы жүйе­дегі сандық білім беру ресурс­тарын қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерінде де қол­дану­ға болады. Қазір бұл бағыттағы барлық оқу материал­дары және білім берудің сандық ресурстары қазақ тіліне аударылды, еліміздегі жалпы орта білім берудің жалпыға міндетті мемлекеттік стан­дартына бейім етілді.

Сонымен, Астана қаласындағы №1 математикалық-экономикалық лицейдің қабырғасында жүргізіле бастаған пилоттық бұл жүйе келе­шек­те ауыл мұғалімдеріне өз сабақ­тарының дайын дидактикалық әзір­лемелерін жасауына және оқушы­лар­дың өзіндік шығармашылық жұмыс­тармен айналысуларына да үлкен мүмкіндіктер ашатын бола­ды. Бір сөзбен айтқанда, интерак­тив­тік пән­дік кабинеттермен қатар, арнайы сан­дық білім беру ресурс­тарымен білім алған ауылдың жас өркендері қалада тұратын құрдас­тарындай дүниежүзілік желіге шы­ғуда ақпараттық және білім берудің ресурстарына тең дәрежеде мүм­кін­дік алатын болады. “Виртуаль­ды мектептерді” игеру, қолдану Қа­зақ­­станның барлық мектептеріндегі түлектердің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Бұл дегеніңіз, тәуелсіз Қа­зақстанның бәсекеге аса қабі­летті әлемдегі 50 елдің қатарына еніп қана қой­май, болашақта алғашқы жиыр­ма­ның да сапынан орын алуына жол ашады.

 

Ынтымақтастық меморандумы

 

Серік ПІРНАЗАР.

Елбасы Жолдауында шетелдік және жергілікті инвесторлар тартуды экономиканы әртараптандырумен тікелей байланыстыру қажеттігі айтылған. Жақында Қызылорда облысының әкімдігі мен “Қазгермұнай” бірлескен кәсіпорны” ЖШС арасында өңірдің 2007 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының өзара ынтымақтастығы туралы меморандум дүниеге келді. Бұл маңызды құжатқа облыс әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммед, “Қазгермұнай” бірлескен кәсіпорны” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің техникалық директоры Ізтұрған Баймұханов, “Қазгермұнай” бірлескен кәсіпорны” ЖШС қаржы жөніндегі директоры Жэнь Лисинь қол қойды.

Қызылорда облысы мұнай өндіру жөнінен Қазақстанда үшінші үлкен өңір болып табылады. Үстіміздегі жылы Құмкөл даласынан алынатын “қара алтынның” ауқымы 12 млн. тоннаға жеткелі тұр. Бұл қазынаны облыста 6 ірі компания тасытқалы жатыр. Солардың арасындағы “Қазгермұнай” бірлескен кәсіпорнының барланған мұнай қорының келешегі кемел. Аталған компания акциясының жартысы мемлекеттік “Қазмұнайгаз” акционерлік қоғамына, жартысы Қытайдың “SNPS” компаниясына тиесілі. Сол себепті меморандум үш жақты жасалды. Осы жерде нақтылай түсетін бір жәйт, “Қазмұнайгаздың” құрамында “Қазмұнайгаз Барлау және Өндіру” деп аталатын тағы бір компания бар. Міне, “Қазгермұнай” бірлескен кәсіпорны” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің манағы 50 пайыздық акциясы осы құрылымның қолында.

-Мұндай компаниялардың белгілі бір іске қадам басуы әдетте барлық акционерлердің қатысуымен қабылданады, - деді журналистермен өткізген брифингте облыс әкімі. – Біз олармен бір ай бойы келіссөз жүргіздік. Соның нәтижесінде компания акционерлері бізді қолдады. Келіссөздер Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі, “Самұрық холдингі” компаниясы деңгейінде де жүрді.

“Қазгермұнай” бірлескен кәсіпорны” ЖШС өткен жылы облыстың әлеуметік даму қорына 1 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы қарастырған еді. Биыл сол мөлшер үш есеге артқалы тұр. Компания газ айдауды 420 млн. текше метрге дейін жеткізбекші. Бүгінгі таңда Қызылордаға келіп тұрған газдың 130 млн. текше метрді құрайтынын ескерсек, көлемнің қаншама есеге артқалы тұрғанын пайымдау қиын болмас. Егер келесі жылы облыс орталығын газдандыру жобасы толығымен аяқталатын болса, бұл мөлшердің өзі екі есеге көбейеді. Сонымен бірге тағы бір газ-турбиналы электр стансасын салу жоспарда бар. Бұл үшін тағы 100 млн. текше метрлік қосымша газ керек болады. Осыған орай 124 шақырымдық Ақшабұлақ-Қызылорда газ құбырын кеңейте түсу қолға алынбақшы. Ал осы құбырдың иесі — “Қазгермұнай” бірлескен кәсіпорны қондырғыларды қайта жарақтандыру ісіне биылдың өзінде кем дегенде 15 млн. доллар шамасында инвестиция салатын болады.

Қазіргі күндері компания басшылығымен Қызылорда қаласында жаңа газ-турбиналы станса салу жөнінде келіссөз жүргізіліп жатыр. Бұл орайда осы нысан шығынының 70 пайызын көтеретін инвесторлар табылып тұр. Енді қалған бөлігіне “Қазгермұнай” қатысса, екі жақты тиімді болып шығар еді. Әйткенмен, бұл тірлікті компанияның бір өзі атқарып кетуі де мүмкін. Өйткені, алдағы күзден бастап мұнай кеніштерінде ілеспе газды ауада босқа алау етіп жағуға тыйым салынбақшы.

Қызылорда.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат