Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-05-01:

Жүйелілік — жедел алға жылжудың басты қағидасы

 

Айжан АҚЫМБЕКОВА, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің бөлім бастығы.

Басты құжат, елдің дамуының негізгі векторы – Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму страте­гия­сына сәйкес, тұрлаулығымен, тұрақ­ты дамуымен және әлеуметтік база­сының сенімділігімен сипат­талатын экономикалық жүйенің берік ірге­тасы қалыптасты. Эконо­микалық жүйе­нің қалыптасқан іргетасы рес­пуб­ликаның прогресс жолымен ілгері басуы үшін, яғни Қазақстан­ның жан-жақты жедел жаң­ғырту жолын таңдауы үшін се­німді негізді қамтамасыз етті. Алға жедел жылжу­дың басты ка­ғидасы ретіндегі жүйе­лі­лік эконо­ми­каның барлық салала­рын жедел жаңғырту­д­ың тиімді әдісінің өл­шемі болып табылады. Жүйелілік, ең бірінші кезекте, кор­поративтік басқару, нә­тижелілік және ашықтық принцип­теріндегі және эконо­миканың бәсекеге қабілеттілі­гінің тұрлаулы, толымды стратегия­сын тұ­жырым­дау жолымен экономи­ка­ның өсуін тиімді басқаруды көздейді.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назар­баев Қазақстан халқына арнаған “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” Жолдауында “Бізге ендігі жерде “жинақталған” экономикалық өсуді жай пайдалану емес, осы өсуді нақ­ты басқаруды үйрену, сөйтіп оны сапалық жаңа деңгейдегі эко­номи­калық дамуға ұластыру ке­рек”, деп атап көрсетті. Осылай­ша, экономи­каның өсуін тиімді басқару мақсат­тарды, міндеттер мен күтілетін нә­тижелерді тиімді пай­далану негізінде бюджет қаражатын ұтымды орна­лас­тыруды, бюджет қаражатын тиімді пайдалану негізінде күтілетін нәтиже­лерге қол жеткізуді, жүйелік талдау­ды, бюджеттің жоспарлануы мен атқарылуының мониторингін және бағалануын білдіреді. Соны­мен, бюджеттік жоспарлауды жетілдіру бірінші кезектегі шарала­рының бірі болып табылатын мемлекеттік бас­қаруды жаңғырту – Қазақстанды жедел жаңғыртудың бастамасы болып отыр.

Қазіргі кезде бюджет шығыс­тарын жоспарлаудың, бюджеттік бағ­дарламаларды іске асырудың сапалы нәтижелерінің, мемлекеттік сатып алулар көлемі негіздеме­лерінің, бюд­жеттік бағдарламалар әкімшілерінің нәтижелерге қол жеткізу үшін жауап­кершілігінің, ашықтығының жет­кілікті болмауы бюджеттік жоспар­ларды жетілдіру қажеттігін көрсетеді. Бағдарлама­лық құжаттарды әзірлеу және маз­мұнына жаңа әдістердің қисынды қиюласуын нақты айқын­дауды көз­дей­тін бюджеттік жоспар­лауды ен­гізу, мемлекеттік органдар­дың шешім қабылдауда дербестігін арттыруға және олардың түпкілікті нәтижелерге, стратегиялық-эконо­микалық дамуының басым міндет­терін іске асыруға бағытталған мем­­лекеттік жоспарлаудың толым­ды және тиімді жүйесін қалыптас­тыруға ықпалын тигізеді.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назар­баев Қазақстан халқына арнаған “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” Жолдауында “Үкімет әкімдермен бірлесе отырып, бағдарламалық құ­жаттарды әзірлеу мен олардың маз­мұнына көзқарасты түбегейлі өзгер­ту­ге тиіс. Әрбір мемлекеттік орган­ның стратегиялық жоспары болуы керек, барлық мемлекеттік органдар қызметінің мақсаты, басымдықтары айқындалып, ны­саналы көрсеткіш­тері белгіленуге, әр мемлекеттік қыз­мет­шінің жұ­мысы соларға жетуге бағ­дарлануы шарт”, деп атап көрсетті.

Сонымен бюджеттік жоспарлау­ды жетілдіру, ең бірінші кезекте, мемлекеттік органдар қызметінің еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы көрсеткіштері нақты айқындалуы тиіс әр мемлекеттік органның өз дамуының орта мер­зімді кезеңге арналған стратегия­лық жоспарын әзірлеуді білдіреді. Мемлекеттік органдардың ашықты­ғын және бағалауын қамтамасыз ету үшін бұқаралық ақпарат құ­ралдарында олардың стратегиялық даму жоспарларын және жыл сайынғы есебін жариялап отыру керек яғни, қадағалайтын секторы бойынша жауапкершілігін толық көлемінде халыққа жеткізу керек. Осы ұстаным демократиялық құқықтық мемлекеттің орныққан негіздерін жетілдіруге және осы заманғы қоғамдық институттарды нығайтуға жол ашады.

Мемлекеттік органдарда стра­тегиялық жоспарлау жүйесіне көшу өз кезегінде стратегиялық ойлауды дамытуды талап етеді, бұл “пара­сат­ты экономиканың” негізі болып табылады (әлемдік шаруа­шылық байланыстарына тығыз кіріккен барлық осы заманғы бақуатты мем­лекеттер “парасатты экономикаға” сүйенген). Ал ондай экономика жа­сақтау үшін, ең ал­дымен, өз қарауы­мыз­­дағы адами капи­талымызды да­мыт­қанымыз жөн.

Мемлекеттік ор­ган­дардың орта мер­зімді кезеңге арналған стратегиялық даму жоспарларын әзірлеу бюджеттік бағдар­ла­малардың  аралық жә­­не түпкілікті нәти­же­­лерін бағалау көр­сет­кіштерінің сандық жә­не сапалық көрсет­кіштерімен бірге не­гізгі іс-шараларды ай­қындауға мүмкіндік береді. Мем­лекеттік ор­ган­дар стратегиялық даму жоспарла­рының басымдық­тары негізінде дербестік және жауап­кершілік қағи­датындағы, тұтастай алғанда, олар­дың бюджет­тік өтінімдерін құрайтын мақсатты бюджеттік бағдарлама­ларды әзір­леуі тиіс. Қорыта айтқан­да, мемле­кеттік органдар қызметінің нәти­желілігі, ашықтығы, тиімділігі, қо­ғам алдындағы есептілігі мемле­кет­тік басқарудың озық моделінің негізгі өлшемдері болып табылады. Осы өлшемдерді сәйкестілікте ба­ғалау үшін мемлекеттік органдар­дың стратегия­лық мақсаттарға және тиісті түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу мониторингі жүйесін енгізу қажет. Осыған байла­нысты үкіметтік емес ұйымдардың (қоғам­дық бірлес­тіктердің) және халық­тың көрсетілген мемлекеттік қыз­мет­­тің сапасы туралы бағалау нәти­желерін міндетті түрде жариялап, пікірін ескере отырып, мемлекеттік органдардың қызметін бағалау институтын енгізу болжанып отыр.

Осылайша, жүйелілік тәсіл рес­публиканың әлеуметтік-экономи­калық дамуының стратегиялық, орта мерзімді міндеттерін шешудің және мемлекеттік органдар мен ұйымдар­да кор­поративтік басқару, нәтижелі­лік жә­не ашықтық прин­циптеріне негіз­дел­ген экономи­каның бәсекеге қабі­летті­лігінің тұрақты өсуінің ке­шен­ділігін және тиімділігін қамтама­сыз етеді.

 

Жармадағы жарқын істер

 

Дүйсенғазы МУСИН, Жарма ауданының әкімі.

Елбасының Қазақстан халқына арнаған “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты Жолдауында алда тұрған міндеттер сараланып, кең көлемді инвестициялық жо­баларды жүзеге асыру, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылы­ғында тың ізденістер мен жетістіктерге жету үшін талпыныс жасау қажеттігі нақты көрсетілді. Бұл орайда өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы қатар дамыған Жарма ауданында қандай істер атқарылып жатыр дегенге келсек, бүгінгі қол жеткен табыстарға қарағанда атқарылатын жұмыстар көлемінің ауқымды екені аңғарылады. Оның үстіне облыс әкімі Ж.Кәрібжанов біздің ауданда болған кезде нақты тапсырмалар беріп кетті.

Жарма ауданында жер қойнауы байлықтарын  пай­даланушы 17 кәсіпорын бар. Алайда, көпшілік өнеркәсіп орындарының өндіріс көлемін арттырып, келісім-шарт­тарын орындаулары көңіл көншіте қоймайды. Оған дәлел де жеткілікті. Мысалы, өндірістік алтын қорына ие Ақжал және Василевское кен орындарында ауданның қатысуын­сыз жасалатын ірі келісім-шарт шаралары бірнеше жыл­дан бері қолдан-қолға ауысып, ешқандай нәтиже бермес­тен іскер иесін таппауда. Сондықтан  облыс әкімімен кездесуде аудан тұрғындары осы мәселені орайластырып беруді өтінді. Енді бұл мәселе оң шешілер деген үміттеміз.

Ендігі бір проблема – 250 тоннадан астам барланған алтын қоры бар “Бақыршық” кен орнының талапқа сай пайдаланылмай отыруы. Оның 70 пайызын “СЭМЛ” компаниясы, ал 30 пайызын өткен жылдан бері “Алтын алмас” ұлттық компаниясы еншісіне теліп алған. Алайда, алқаның екінші жағы бар дегендей, шетелдік инвесторлар тарапынан кен өндіру, өңдеу бірнеше жылдан бері тоқтап тұр. Демек, мәселені тиісті облыстық  департаменттермен бірлесе зерттеп, келісім-шартты қайта қараған жөн деп білемін. Себебі еліміздің экономикасына серпіліс беретін аса бағалы металды өңдеуді және  өндіруді тым кейінге соза берген жөн емес. Біздің бұл ұсынысымызды облыс әкімі Жәнібек Сәлімұлы түсіністікпен қабылдап отыр.

Аудан әкімдігі алдағы уақытта “серпілістік” инвес­тициялық-инновациялық жобалар аясында төмендегідей шараларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Олар: құрылыс материалдарын шығаратын “Бірлік 2006” серіктестігін 2008 жылдың бірінші жарты жылдығында іске қосу, келешекте жылына 1 миллион тоннаға дейін өнім шығару, жаңадан 450 адамға жұмыс орнын ашу. Ал “Холдинг Қазақцемент” серіктестігімен бірге 2 жылда 215 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартып, Ортабұлақ кен орнында 2008 жылы жобалық қуаты 1,1 миллион тонналық цемент зауытының құрылысын аяқтау, 500 адамға жұмыс беру, өнеркәсіп және кәсіпкерлік департаментімен бірге  “Ба­қыршық тау-кен” серіктестігінде Энергетика және мине­рал­дық ресурстар министрлігі 2006 жылы бекіткен жұмыс бағдарламасының толықтай орындалуы, жұмыс­шылар санын 475-ке дейін жеткізуді қамтамасыз ету, Геор­гиевка насос жабдықтары зауыты серіктестігінің өндірі­сіне қолдану үшін өндірістік қалдықтардан құйма және сұршойын алу жөніндегі жобаны аяқтау. Міне, осылайша өңдеуші кәсіпорындар қызметін жандандырып, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану міндеті қойылып отыр.

Енді байланыс мәселесі жайлы бірер сөз. Елбасы Жолдауында шалғайдағы ауылдарда телефон байланысы­мен, электр жүйесімен толық қамтамасыз ету бірінші кезек­те жүзеге асуы тиіс делінген. Тұрғындар да осы мәсе­ле­лердің толғағы жеткенін айтып жатады. Бұл тұрғы­да әкімдікте арнайы мәселе қаралып, жағдай басшылыққа жеткізілді, нәтижесінде бірқатар шаруалар тындырылды. Атап айтқанда, байланыс жүйесінің нашарлығы жайындағы ұсыныстың 12-сі шешімін тауып отыр. Енді шешілмегені бесеу. Жалғызтөбе стансасында 6 миллион 215 теңгеге нөмірлі сандық АТС орнатылып, ғимарат шатыры қайта жөнделді. Ішінде бірнеше телефоншы мамандар отыратын орын, санды АТС-ке бөлме, халыққа қызмет көрсететін сөйлесу пункті жасалды және екі кабина орнатылды. Солнечный ауылында 5 нөмір Жалғызтөбе байланыс бөліміне қосылды. Әуезов кенті мен Шалабай ауылында сандық байланыс сапасын жақсарту, жаңғырықты жою үшін “Дама” спутник стансасына радиорелелік станса қосылды. Қаратөбе, Божығұр, Бірлік ауылдық округтерінде қондырғыларды ауыстыру және басқа мәселелер шешімін тапты. Ал Жарма кентінде бай­ланыс сапасын жақсарту алдағы жылдарға жоспарланды. Бірлік, Бірлікшіл, Георгиев, Жарық, Қапанбұлақ, Қызылағаш, Терістаңбалы ауылдық округтерден Жарма, Жалғызтөбе кенттерінен  электр жүйесі жұмысының нашарлығы туралы түскен ұсыныстар шешімін тапты. Десек те, ауданда телефон байланысы проблемасы әлі түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Шалғайда орналасқан Үшбиік, Суықбұлақ, Делбегетей, Қарасу сияқты округтегі елді мекендермен хабарласу дауылсыз, жай күндердің өзінде қиынға соғады. Электр жарығымен қамтамасыз етуде үзілістер, апатты жағдайлар әлі де кездеседі.

Өткен жылы негізгі капиталға инвестицияның құйылы­мы 1 миллиард 470 миллион теңгені құрап, оның алдын­дағы жылмен салыстырғанда 262 пайызға артты. “Өскемен-Шар” темір жол құрылысының басталуы аудан экономи­касына тың серпін берді. Жаңа кәсіпорындар іске тарты­лып, олар аудан бюджетіне елеулі үлес қосып жатыр. Бір ғана “Көпір №1 Шар” ЖШС-і филиалынан 12,5 мил­лион теңге табыс салығы, 21,9 миллион теңге әлеуметтік салық түсті.

Елбасы Жолдауында ауылға бет бұру, ауыл шаруа­шылығында өркенді өзгерістер жасау міндеті қойылғаны мәлім. Агроөнеркәсіп кешені қарқынды даму жолына түсіп, соңғы екі жылда егістік алқабы – 2, мал түлігі – 2,5, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 3,5 есеге өсіп, 2006 жылы 2 миллиард 982 миллион теңгені құрады. Жар­мада ашылған “Жарма несие” серіктестігі ауыл адам­дарына несие бере бастады. Оның жарғылық қоры 63 миллион теңге. “Қазагроқаржы” АҚ арқылы 93 миллион теңгенің техникасы алынды. Мал тұқымын асылдан­дыруда “Қалбатау” асыл тұқымды мал зауыты” серіктес­тігі, “Қара-адыр” бірлестігі бағдарлы жұмыс істеуде. Бұ­рынғы Шалабай мал зауыты 81 миллион теңге көлемінде тартылған инвестицияның көмегімен қайта жаңғыртылуда. Осының нәтижесінде асыл тұқымды малдың үлесі ірі қара бойынша – 5,3,  қойдан – 11,2, жылқыдан 4,4 пайызға жетті.

Ауылдың келешек дамуы үшін төмендегі бағыттарға баса назар  аударамыз. Егін шаруашылығында жаңа технологияларды енгізу арқылы өнімділікті ұлғайтып, өнімді қайта өндеу сапасын жақсарту қажет. Бұл ой “Арго” шаруа қожалығында жақында орнатылған күндік өнімділігі 16 тонна шетелдік астық өндеу цехын тиімді пайдаланып, шағын кластерлік жүйеге келтіру арқылы жүзеге аспақ. Ал шұжық цехында жеке ауладан, құрылымдардан мал өнімдерін дайындап, оны қайта өндеу арқылы орындалмақ. Пима, киіз шығаратын серіктестік өндірісіне 10 миллион теңге жұмсалмақ. Ауыл шаруашылығында жайылым мен шабындықтар  тозып барады. Шөлейт аймақтарды суландыру мәселесі Үкімет деңгейінде қарастырылса деген ойдамыз. Ауданда шағын және орта  кәсіпкерліктің деңгейі 18 пайызды құрайды. Шағын кәсіпкерлікте 2869 адам жұмыспен қамтылған, өткен жылы жаңадан 500 жұмыс орны ашылды.

Ауданда мәдениет, өнер, денсаулық сақтауға да баса көңіл бөлінуде. “Сұлуым” эстрадалық қыздар тобының құрылғанына 10 жыл толды. Олар Елбасы Жолдауын насихаттауда ауданның барлық елді мекендерін аралап, концерт қойды. Аудан облыстық халық ойындарында үнемі бірінші орыннан түскен емес. Аманжол Дәуітов жетекшілік ететін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде 120 адам еңбек етеді, оның 63-і мәдениет үйінен жоғары жалақы алып тұрады. Орталықтандырылған кітапхана жүйесінде оннан астам ұжым бар. Денсаулық сақтау мекемелері халыққа мінсіз қызмет етуде.

Елбасы Жолдауы жармалықтарды іс жүзінде алға қарай батыл қимылдауға жұмылдырады.

Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы.

 

Құныққан қарсақ құлағымен құм қазады

Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің бастығы О.Әметовпен әңгіме

 

– Оразбай Әметұлы, департамент қызметкер­лерінің биыл да жұмыста айтарлық­тай көрсеткішке жетіп келе жатқанын білеміз. Енді жетістіктерді өз тіліңіз­бен тарқатып айтып берсеңіз.

– Елбасы Жолдауында айтылған негізгі міндеттер мен “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын” іске асыру жөнін­дегі іс-шаралар жоспарын жүзеге асы­ру мақсатында департамент бойынша жоспар жасалып, нақты жұмыстар жүзеге асырылуда. Жал­пы, агенттік басшылығы қалыптас­тырып отырған экономика және қар­жы қызметі саласындағы сыбай­лас жемқорлыққа байланысты қыл­мыс­пен күрестегі стратегиясына сәйкес департамент негізгі күш пен құралды қоғамдық қауіптілігі басым қылмыстарды анықтау мен жолын кесуге бағыттап отыр. Айталық, заң­ды кәсіпкерлікке заңсыз кедергі кел­тіру, мемлекеттік сатып алу заң­дылығын бұзу, лауа­зымды тұлғалар арасында парақорлық фактілерін әшкерелеу және көлеңкелі экономи­каға тосқауыл қою басты міндетіміз. Тек осы жылдың 1 тоқ­санының өзін­де сыбайлас жемқорлық фактісі­мен – 15, мемлекеттік сатып алу заңдылығын бұзу бойынша 3 қыл­мыстық іс қозғалса, оның ішінде 3 факті қызметтік жалғандық жасауға байланысты болды. Сондай-ақ, қыл­мыстық жолмен табылған мүлік пен қаражатты заңдастыруға байланысты құқық бұзушылықты анықтауда пәрменді жұмыстар қолға алынды. Осы жылғы 3 айда департамент қыз­меткерлері барлығы 121 қылмыстық іс қозғаса, соның 41-і елеулі санатқа жатады. Өндірісте болған 193 істің 126-сы аяқталып, 80 іс айыптау қоры­тындысымен сотқа жолданды.

 Өндірісі аяқталған қылмыстық істер мен қылмыстық іс қозғаудан бас тартылған  тергеуге дейінгі мате­риалдар бойынша келтірілген 3 мил­лиардқа жуық залал анықталып, оның 96,6 пайызы өндірілді. Атқа­рылған іс-шаралар нәтижесінде 2007 жылдың 3 айында бюджеттік салада 48 қылмыс анықталды. Мысалы, “Таза су” мем­лекеттік бағдарлама­сын жүзеге асыру мақсатында Қар­мақшы ауданы туберкулезге қарсы емханасының бас дәрігері, 2005 жыл­ғы қазан айында қызметтік өкілеттігін пайдаланып, “Жосалы су құбыры” МКК директо­рымен ал­дын-ала сөз байласқан. Екеуі жалған келісім-шартқа отырып, орталық бюджеттен бөлінген 258 000 теңгені мұқтаждарына жаратқан. Осы дерек бойынша бас дәрігерге қарсы ҚК-нің 307-бабымен қылмыстық іс қоз­ғалды. Шиелі аудандық қала құры­лысы және құрылыс бөлімінің мең­герушісі қызметін атқарған азамат 2006 жылғы 15 маусымда “Таза су” бағдарламасы бойынша Жиделі топтық су құбырының тармақтарын қайта жаңарту жұмыстарының жо­ба-сметалық құжаттарын дайындауға тендер өткізіп, нәтижесінде тендер жеңімпазы “Промстройпроект” ЖШС Қызылорда филиалымен 14 999,0 мың теңгеге келісім-шартқа отырған. Атал­ған келісім-шарт бойынша 30 пайы­зын, яғни 4 499,7 мың теңгесін 24 та­мызда 134 санды төлем құжатпен ау­дар­ған. Осыдан кейін, жұмыстың аяқталмағанын біле тұра, аталған қаржының қалған бөлігін түгел аударып жіберген. Осыдан бюджетке 10 499,8 мың теңге залал келтірілген. Аталған де­рек бойынша қозғалған қылмыстық істің тергеуі аяқталып, іс сотқа жолданды. Жалпы, департамент салық қылмыстарын ашу бағытында 4 қылмыстық іс қозғады. Оның ішінде 2 қылмыс азаматтардың салық төлеу­ден жалтару фактісімен қозғалса, 1-уі  ұйымдарға салынатын салықты төлеу­ден жалтару бойынша көтерілді. Әр­түр­лі айла-тәсілмен заңды және жеке тұлғалардың салық органдарынан та­сада қалып, салық және міндетті тө­лем­дерді төлемеуі салдарынан қозғал­ған қылмыстық істер бойынша 2 774 152,5 мың теңге қайта есептеліп, бұдан 2 621 849,2 мың теңге бюджетке өндірілді.          

– Елімізде ұйымдасқан қыл­мысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің кең өріс ала бастағаны бел­гілі. Бұл шараға, әсіресе Елбасы­ның соңғы өткізген Қауіпсіздік кеңесінен кейін тың серпін берілді. Соның арқа­сында қармаққа бұрынғыдай кілең “шабақтар” ғана емес, “шортандар” да түсе бастады. Бұл ретте қандай көр­сеткіштерге көңіл аударуға болар еді?

– Қылмыскерді шортан немесе шабақ деп бөлуге болмайды. Заңға сәйкес оның қылмыстық әрекеті қоғамдық қауіптілігіне байланысты жіктелуі тиіс. Парақорлық пен пара берушілік сияқты қауіпті құбылыс­тар­дың алдын алу және жолын кесу шаралары мен күрес әдістемесін үнемі жетілдіріп отыру қажет. Осы орайда Қызылорда облысы бойын­ша эконо­микалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес (қаржы полициясы) департаменті тарапынан республика Президен­тінің 2005 жылғы 14 сәуірдегі “Сы­байлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар қызметіндегі тәртіп пен реттілікті нығайту тура­лы” Жарлығы талаптарын жүзеге асыру мақсатында бірқатар іс-шаралар атқарылды.

Қылмысқа жиі бой ұратындар қатарында бюджеттік сала қызмет­керлері тізім бастайтыны алаңдата­ды. Өткен жылғы 9 айда 397 қылмыстық іс қозғалған болса, соның ішіндегі 40-ы білім саласында жұмыс істеп жүрген қызметкерлерге қатысты. Мысалы, Қазалы ау­даныңдағы №78 орта мек­тептің директоры С. пайдакүнемдік мақ­­сатта мектеп мұқтаждығына бөлінген 82 тонна 368 кг. көмірдің 43 тонна 670 килосын, яғни құны 165 943 теңге тұратын бөлігін өз пай­да­сына жұмсаған. Сосын мектеп ша­руашылық меңгерушісі Ж.-мен бірге 43 тонна 670 кг. көмір пайдала­нылды деген жалған акт жасаған. Нәтиже­сінде мемлекетке 165 943 теңге залал келтірілген. Осы факті бойынша мектеп директоры  сот алдында тиісті жазасын алды.

­— Ореке, мұнайлы өңірде сол “қара алтынның қаймағын” сылып ала­тын шағын өңдеу зауыттары қан­шама әшкереленіп жатқанымен, со­лардың орнында жаңа кәсіпорындар қайта пайда болуда. Мұның бәрі осы “көлеңкелі экономиканың” нағыз иелері табылмай жүргендігі емес пе?

— Жақында біз сол топтардың арғы жағында тұрған тұлғаларды  та­ба бастадық. Бұлардың біреуі туралы сіздердің газеттеріңізде өзіңіз жазған мақалада  айтылды. Бұл шын мәнін­де сеңнің қозғалғаны. 2006 жылғы 9 айда осы сала бойынша 25 қылмыс­тық іс қозғалды. Қолда бар жедел ақпарат тағы бір топтың Атырау мұнай өндеу зауытына жыл көлемін­де 1миллиард теңгеге жуық тұратын мұнай жөнелткенін анықтады. Осы факті бойынша қылмыстық топ жетекшісіне қатысты Қылмыс­тық кодекстің  190 және 193 бапта­рымен іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі уақытта қыл­мыс­тық топтың бүкіл әрекетін әш­керелеуге бағытталған шаралар жүзеге асырылуда. Бұдан бұрын айт­қанымдай, Қызылорда қаласындағы жылу-электр орталығы аумағында орналасқан терминал қызметінің заңдылығы да тексерілуде. Ондағы  мұ­най құю ыдыстарында қазіргі күн­дері құны 130 млн. теңге болатын 3 мың тоннадан астам мұнай тұр. Жал­пы, өткен жылдармен салыс­тыр­­ған­да, биыл осы бағыттағы жұ­мыстар көрсеткіш­терінің өсуі байқалады.

– Жұртшылық арасында қаржы полицейлері кейде шамадан тыс шалттық танытып, жазықсыз адам­дар­дың өзіне жамау жапсырып қояды деген де сөз естіліп қалады. Бұған не дейсіз?

— Жалпы, сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрестің жемістілігі кепілінің бірі, ол анықталған құқық бұзушылықтар туралы жұртшы­лықты дер кезінде хабардар етіп оты­ру. Біздің департамент қызмет­кер­лерінің қан­дайда бір әрекеті бол­ма­сын ол көпші­лікке белгілі. Енді жазықсыз адамдар заңсыз қылмыс­тық жауапкершілікке тартылып жатыр деген дерекке байланысты нақ­ты мысалдар болып жатса, кім­нің қандай лауазымда екеніне қа­рамастан, заңды шешім қабылдана­тынына кепілдік бере аламын. Ал  қыл­мыс жасаған адам жауапкерші­лік­тен ешқашан құтыла алмайды. Мына бір мысал соған айғақ болар деп ойлаймын. “Кедентрас­сервис” АҚ-тың Қызылорда филиалы­ның же­текші есепшісі болып қызмет атқарған Б.Байтасов “Кедентрас­сервис” АҚ-қа 14 089 900 теңге за­лал келтіргені үшін қалалық сот­тың  2006 жылғы 26 қыркүйектегі үкі­мімен 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сөзіміз дәлелді болу үшін айта кетейін, қылмыстық ізге түсу органы ретінде өндіріске түскен қылмыстық істер бойынша сезіктінің қылмысты жасағандығы мен оның қылмысқа қатысты еместігі де тең назарға алынады.

— Енді алдағы уақыттарда атқа­рылғалы тұрған жұмыстардың ауқы­мымен таныстырып өтсеңіз.

— Сыбайлас жемқорлық қыл­мысын туғызатын себептерді жою — жемқорлықпен күрестің негізгі бас­тамасы. Сыбайлас жемқорлықпен күресті одан әрі өрістете түсу үшін 2005 жылғы желтоқсанда Елбасы­ның “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кү­рестің 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы” Жарлығы шыққаны белгілі. Бұл Мемлекет басшысының Қазақ­стан­ды 2030 жылға дейінгі дамыту стра­тегиясын, елімізді барынша бәсекеге қабілетті әлемнің елу елі қа­тарына қосу туралы міндетті, “Лауа­­зымды тұлғалар мен мемле­кеттік органдар қызметіндегі тәртіпті нығайту, сы­байлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту шаралары туралы” Жарлы­ғын одан әрі жүзеге асыру үшін бағыттал­ған. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру екі кезеңнен тұрады: бірінші кезең 2006-2008 жылдарға, екінші кезең  2009-2010 жылдарға арналған. Сыбайлас жемқорлықпен күресте азаматтық қоғамдық инсти­туттардың мемлекет­тік басқару ор­ган­дары қыз­метіне белсенді қаты­суын қоғамдық әсер етудің түрлі жолдары арқылы қам­тамасыз ету, халықара­лық стан­дарт­тарға сәйкес­тендіру қолға алы­нады. Сыбайлас жемқорлық демо­кратия мен адам құқықтарына елеулі зиян келтіреді, экономикалық дамуды тежейді және нарықтық экономика­ның қалыпты қызметіне қауіп төн­діреді. Осыған орай біздің алдымызға азаматтар мен заңды тұлғалардың конститу­ция­лық құқық­тарын сақтай отырып, олардың заңды кәсіпкерлікке деген құқығын толық іске асыруын қамта­масыз ету, сыбайластық си­паттағы құқық бұзушылықтармен күресте пәрменді­лікті арттырып, оның ішін­де жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер арасындағы сыбайлас жемқорлықпен күреске басты назар аудару міндеттері қойылып отыр.

Әңгімелескен  Серік ПІРНАЗАР.

 

“Қазақтелекомның” жаңа жобасы ақпараттық кеңістікке жол тартты

 

Мемлекет басшысы Н. Назарбаев биылғы Жолдауында елімізде түрлі деңгейдегі бәсекелестікке төтеп беретіндей 30 корпоративті көшбасшы шоғырын айқындауды назарда ұстау қажеттігін айрықша атап өткен болатын. Осы орайда, республикамыздың телефон, телеграф, Интернетке қосылу, қажетті деректермен қамтамасыз ету, спутниктік желілер секілді бірнеше қызмет көрсету буынын ұсынуда жетекші рөлге ие бірден-бір компания –“Қазақтелеком” АҚ жақында өз тұтынушыларына тағы бір жаңалықты ұсынды.

Бұдан былай, “Қазақтелеком” АҚ-тың NGN (Next Generatіon Networks) технологиясы негізінде Алматы қаласында жергілікті және магистралдық қалааралық желілерді салу жөнінде қолға алған ірі жобасы толықтай жүзеге асырылмақ. Осы орайда, елордада  аталмыш жобаның тұсаукесер рәсімі болып өтті. Оған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қатысты.

 

Еліміздің телекоммуникация ры­но­гында бәсекелестіктің жоғарғы саты­сын­да жүрген компания жоба­сы бойын­ша құрылған бұл же­ліге ендігі кезекте барлық халықаралық теле­фон стансалары қосылатын болады. Бұл ретте ерекше атап өтер­лігі, бүгінгі таңда “Қазақ­телеком” АҚ бүкіл ТМД аума­ғында қалаара­лық байланысты NGN жүйесіне өткізуді жүзеге асы­рушы ал­ғашқы телекоммуникациялық оператор саналады. Қалааралық байла­ныстың дәстүрлі желісінен  бұл жүйе­нің ар­тық­шылы­ғы – ол ІP техноло­гиясы бойынша жұмыс жа­самақ. Яғни, жаңа жүйе қалааралық байланыс же­лісін кеңейтуді тиімді жолмен жүргі­зуге және соның негізінде жүйе­нің жер­гілікті желілерін дамы­туға мүмкіндік беретін болады.

Сала мамандарының айтуынша, NGN– те­лекоммуникация желісін дамыту туралы түсі­нікті толықтай өз­гертетін бірегей жоба. Егер бұрын ка­бельді теледидар қызметіне бір желі, ра­диохабарға не болмаса, интернетке арналған тағы бір желі, телефон байла­нысына жеке желі орнатылса, NGN – осы желілердің барлығын бірік­тіріп, бірыңғай интер­фейс арқылы өз тұтынушы­ларын бір мезетте барлық қызмет­пен қамтамасыз ете алады.

Мұндай бірегей жергілікті желіні құру жөніндегі алғашқы жоба “Ал­матытелеком” ҚТО негі­зінде жүзеге асырылған екен. Қа­зіргі таң­да бірінші кезең бойынша Алматы қала­сында NGN техноло­гиясы бойынша жұмыс істейтін 40 мыңнан астам телефонды қосу жос­пар­ланып отырған көрінеді. Болашақ­та қала желісін одан әрі қарай дамыту мен жетілдіру тек осы технология бойынша жүзеге асырылмақ. Бұл өз кезегінде “Қазақтелеком” АҚ-тың қызмет көрсетуге кететін шығынын бір­тіндеп оңтайландыруға және қыз­мет сапасын айтарлықтай дәрежеде артты­руға мүмкіндік береді, дейді мамандар.

Қазір бұл жүйенің тиімділігі ес­кері­ліп, компания басшылығы бар­лық жерде жаңа желіні құру жұмысын жалғас­тыруда. Мәселен, компания Есілдің сол жағалауында NGN  негі­зінде мультисер­вистік желіні құру жөніндегі жобаны қолға алыпты. Ал еліміздің өзге өңір­леріне келер бол­сақ, қазіргі уақытта Қа­рағанды, Павлодар, Тараз қалаларын­да желіні құру жұмыстары едәуір қарқын ала бастаған. Таяу болашақта Шымкент, Өскемен, Петропавл қалала­рында да бұл бастама жалғасын табады деп көзделуде. 

Жергілікті және магистралдық қалааралық желілерді орнатуға ар­налған жаңа жобаның жүзеге асыры­луына кет­кен қаражат мәселесіне келетін болсақ, компания бұл жобаға өз қор­жынынан 7,6 млн. көлемінде АҚШ долларын салған екен. Бұл ретте “Қазақте­леком” АҚ-қа жаңа NGN желісін құруға қажетті қондыр­ғыларды жеткізуде және жобаны әзірлеу кезінде бүгінде теле­ком­муни­кациялық қондырғыларды өндіруші­лер арасында көшбасшы болып жүр­ген Nortel компаниясын атап өтсек болады. Бұған қоса, құрастыру, қон­ды­ру, пайда­лануға енгізу жөніндегі қызметтерді ресейлік “Инфосистемы Джет” ком­паниясы орындап шықты.

– Nortel компаниясының шешімі және NGN желісін құру жөніндегі жобаны жүзеге асыру нәтижесінде тіркелген байланыстың қазіргі желісі ІP-желіде эволюциялық жолмен да­муда. Бұл бізге операциялық шығын­ды арт­тыр­мастан жаңа мультиме­диялық сер­вис­терді енгізу мен бір мезетте або­нент­­тер­дің көпшілік бөлігіне дауыстық қызметті сапалы түрде көрсетуге мүм­кіндік береді. Мұндай жаңа технология­ны енгізу “Қазақтелеком” АҚ-тың Қазақстан­ның телекоммуникациялық рыногын дамытудың жаңа кезеңіне шығуымен тұспа-тұс келді, — дейді ком­пания президенті Асқар Жұмағалиев. –Бүгінде  Nortel  150-ден астам елде қыз­мет етеді.

Ал “Инфосистемы Джет” компа­ния­­сына келетін болсақ, ол қазіргі таңда сенімді есептеу жүйелері мен желілерін әзірлеу, құру және сервис­тік қызмет көрсету, ақпараттық жүйе­лер­ді басқару, сондай-ақ АТ-қызмет­тердің жұмы­сын ұйымдастыру жөніндегі шешімдерді жүзеге асыру­мен айналысатын алдыңғы санаттағы бірден-бір ірі компания. Ресейдің 8 қаласында бүгінде аталған компания­ның өңірлік офистері, ал Украина, Қазақстан және Әзірбайжан­да өкіл­­діктері орналасқан. Қазіргі таңда Пәкстан, Тә­жікстан және Өзбек­станда да жаңа жүйе не­гізінде бірқатар жобалар қолға алына бастаған.            

Жалпы алғанда, NGN жүйесін құру жө­ніндегі ірі жобаның жүзеге асырылуы– ком­пания тұтынушыла­рының жаңа заман талабына жауап беретін ақпараттық-коммуника­циялық қызмет көрсетулермен то­лық­тай қамтамасыз етілуіне мүм­кіндік береді.

Аталмыш жобаның тұсаукесер рәсіміне қатысқан Үкімет басшысы К.Мәсімов өз кезе­гінде еліміздің телекоммуникация саласында, оның ішінде ұлттық ақпараттық инфрақұ­ры­лымды дамыту мен қайта жаң­ғыр­туда “Қазақ­телеком” АҚ-тың көтеріп жүр­ген батыл баста­маларын құптайтын­дығын, компания ұсын­ған жаңа NGN жүйесі соның бір дәлелі екендігін атап өтті. Елбасы­ның биылғы халыққа Жол­дауы еліміздегі түрлі салаларға қосым­ша мін­деттер жүктегені белгілі. Осы орайда “Қазақ­телеком” АҚ еліміздің телекоммуникациялық рыногын дамытудағы, ақпараттық кеңістікке жаңа технологияларды енгізудегі, аймақтық телекоммуникациялық қызметтерді жетілдіру­дегі, сондай-ақ, өзінің әртүрлі бизнес жобала­рын жүзеге асырудағы ұстанымын күшейтіп келеді. Болашақта да компанияның өз тұтынушыларының сенімінен шығып, оларды сапалы қызмет көрсетулермен барынша қамтамасыз ететіндігіне сенім білдіргім келеді. Бұл орайда, ком­пания ұжымына ақпарат рыногында аса қажетті саналатын бәсекелестік мәселесін естен шығармауды ескер­те кетпекпін, деді Үкімет басшысы.                   

Сонымен, ақпараттық және телекоммуни­кациялық технология­лар рыногында “Қазақ­телеком” ұсынған жаңа NGN технологиясы мамандар­дың айтуынша, бірыңғай корпора­тив­тік немесе ақпараттық кеңістікті құруға, уақытты үнемдеу­ге, шығынды азайтуға, кез-келген қажетті қызметпен қамтамасыз етуге арналған тиімді жүйе. Бұл бастама өз кезегінде еліміздің телеком­муникация саласының дамудың жаңа сатысына көтерілуінің алғы­шар­ты болары сөзсіз.      

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат