Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-05-05:

Қорғаныс министрі Даниал АХМЕТОВ:

 

Қарулы Күштеріміз ел тыныштығының күзетінде

 

Жалпы әскери құрылыстан қандай да бір хабары бар адам Қорғаныс министрлігінің құра­мында Штаб бастықтарының комитеті құрылған кезде-ақ Қор­ғаныс министрінің әскери емес адам болуы мүмкін екенін түсін­гендей еді. Ал енді Қарулы Күш­тердің нақты басшылығына аза­мат­тық адамдар қатарынан бі­рін­ші болып Даниал Ахметов тағайындалғанда әскери ведом­ствоға талапшыл да жанашыр, қатал да қамқоршыл басшы келгенін әскери құрылыстан хабары жоқ адамдар да түсінген болатын.

Кілең әскери киімділердің арасында азаматтық киімдегі Даниал Кенжетайұлының өзін титтей де қолайсыз сезінуі бай­қал­мады. Қалай болғанда да Қорға­ныс министрі журналистер қауы­мымен кешегі кездесуде өзін еркін сезінетіні байқалып, жай сөйлегеннің астарынан бұйрықтың әлпетін сезінетін осынау әскери мекемеге демократияшылдықтың белгісін әкелгені көрініп тұрды. Дегенмен, Үкімет басшысы лауазымында әбден көздері үйренген адамның бойынан журналистер қауымы әлдеқандай өзгерістерді де байқағандай болды. Даниал Ахметовтің жүріс-тұрысында, сөз сөйлеу әуезінде әскерилікке тән сипаттар қылаң беріп өткендей көрінді.

Бұған дейін бүкіл еліміз бойынша реформалар тізгінін қолында ұстап келген Даниал Кенжетайұлы Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша еліміз әскерін өзгертуге белді бекем буып кіріскені қоғамда әрқилы пікір туғызды. Біреулер мұны әскери құрылысты жете түсінбеушіліктен десе, енді біреулер мына қарқынмен алысқа бара қоймас деген сәуегейшілік танытуда. Даниал Кенжетайұлының керемет бір қасиеті мұндай айқыш-ұйқыш пікірлерге құлақ аспайтыны. Президент тапсырмасын дұрыс қабылдап, оны орындау барысында стратегиялық бағытты қатаң ұстана отырып, тактикалық тұрғыда шығармашыл маневр жасай алатындығы. Қорғаныс министрінің осы қасиеті мен қабілетін жақсы білетіндер Қазақстанның Қарулы Күштерін жаңа тұрпатты әскер санатына көшіру, сол мақсатта өзгерістер жасау дұрыс жүретініне сенімділік танытып отыр. Мұның өзін министрдің журналистерге айтқан кешегі әңгімесінен де, олардың сұрақтарына қайтарған жауаптарынан да және “Егемен Қазақстанға” берген сұхбатынан да анық аңғарғандай болдық.

 

   

 

 

– Екі күннен кейін еліміздің Қарулы Күштері өзінің он бес жыл­дығын атап өтеді. 1992 жылғы 7 мамырда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен құрылған Қарулы Күштеріміз тәуелсіз елімізбен бірге өсіп, нығайып келеді. Бүгінде біз қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы әрекет ете алатындай жауынгерлік қабілетті армия құра алдық.

Отанды, атажұртты ерлікпен қорғау – бұл халқымыздың тарихи дәстүрі. Оның тамырлары өте тереңге, бағзы замандарға тартады. Бүкіл әлемге әйгілі “Алтын адам­ның” Отан қорғаушы символына айналуы да кездейсоқтық емес. Сандаған ғасырлар бойы қазақ халқына өзінің ұлан-ғайыр жерінің тәуелсіздігін талай рет қорғауға тура келген. Бүгінде еліміздің көпұлтты халқына Абылай хан, Қарасай, Жәңгір, Әбілқайыр,  Бөгенбай, Қабанбай сынды батыр бабалардың есімдері жақсы    мәлім.

Еліміз әскерінің өз кәсіби мейрамын Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні қарсаңында атап өтуінің өзінде ұрпақ сабақтастығы бар. Бүгінгі Отан қорғаушылар үшін Ұлы Отан соғысы қаһарман­дары­ның жанқиярлық ерлігі өшпес өнеге болып табылады. Фашизм­мен шайқастағы жеңіс аса қымбат­қа түскені белгілі. Соғыс жылда­рында әрбір бесінші қазақстандық майданға аттанды. Ұлы ұрыстың алдыңғы шептерінде біздің республикада даярланған 23 құрама және 50-ге жуық полк пен батальон шайқасқаны мәлім. Қазақстан­дықтар Мәскеу мен Ленинградты ерлікпен қорғап, Украинаны, Белоруссия мен Молдованы, Балтық бойы республикаларын азат етуге қатысып, фашизмнің қанқұй­лы ұясын талқандады.

Даңқты батырлар генерал Пан­фи­лов пен Бауыржан Момышұлы­ның, 28 гвардияшы-панфиловшы­лардың, Талғат Бигелдинов пен Қасым Қайсеновтің, Нұркен Әбдіров пен Рақымжан Қошқар­баевтың, Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың және басқа мыңдаған қазақстандықтардың ерлігі ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалатыны, тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық еңбегі аңыздай болып айтыла беретіні ақиқат.

Міне, Ұлы Отан соғысы аяқтал­ғалы бері 62 жыл болды. Солай болса-дағы қаһармандық белгілі бір мерзімге ғана байланып қалмайды, ол ешқашан ел жадынан өшпейді. Майдангерлердің ерлік дәстүрлері біздің Қарулы Күштерімізде лайық­ты қызмет етіп жүрген жауын­герлермен бірге жасап келеді.

Егемен Қазақстанның әскері бірден қалыптаса қойған жоқ. Рес­публика тәуелсіздігі жариялан­ған күннен бастап мемлекеттің аса маңызды міндеттерін шешумен қатар, ұлттық қауіпсіздік пробле­малары, осы заманғы және әскери қабілетті армияны құру Президент Н.Назарбаевтың қамқорлығындағы бірінші кезектегі іс болды.

– Бәзбіреулер сол тұста біздің атом қаруынан бас тартуымыз бекер болды  деп жүр. Олардың ойы атом қаруы болса, Қазақстан армиясы әлемдегі мықтылардың бірі болмас па еді дегенге саяды.

– Қазақстанның Егемендік туралы декларациясынан бастап біздің бейбітсүйгіш ел екеніміз бүкіл әлемге жария етілді. Алғашқы Әскери доктринамызда есіңізде бол­са, біздің әскеріміздің қорға­ныс­тық мақсатта құрылатындығы атап айтылған. Атом қаруы дегенге келетін болсақ, ел мен оның әске­рінің әлеуетін сол жаппай қырып-жою қаруынан бас тарту арқылы да арттыруға болатынын Қазақстан Президенті Н.Назарбаев бүкіл әлемге дәлелдеп берді. Қазақстанға деген достық көзқарас нығайды, сенім артты. Елбасының шын мәнінде кемеңгерлік шешімінің арқасында еліміз КСРО-дан қалған ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты және өзінің әлемдік қауым­дастықпен қарым-қатынасын бей­бітшілік пен тату көршілік негізінде құруға әзір екендігін білдіріп және сонысымен бейбітшілік сүюдің үлгісін көрсетіп, Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылды.

Иә, бұл шешімдерді қабылдау оңай болған жоқ. Бірақ, кейін Пре­зидент атап өткендей, бұл Қазақ­станның жаһандық қауіпсіздік аясындағы көреген стратегиясын айқындады.

– Қазақстан Қарулы Күштері елімізбен бірге қалыптасу кезеңде­рін бастан кешірді. Қазіргі таңда ол жеткен деңгейді қалай сипаттар едіңіз?

– Қарулы Күштерді жаңа тұрпатқа көшіру барысында біз тұтастай алғанда олардың сапалық жаңа жағдайына қол жеткіздік, армиямызды әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сенімді құралы жасадық. Оларды нарықтық жағдай­ға бейімдедік.

Бірден айта кетейін, бұл жетіс­тіктерде біздің Қарулы Күштердің ардагерлері – генералдар Сағадат Нұрмағамбетовтің, Әлібек Қасы­мовтың, Федор Щербаковтың, Сәт Тоқпақбаевтың және басқала­рының үлесі мол. Олар әскерімізді жасақтаудың бастауында болып, көп шаруа атқарды.

Кез келген мемлекеттің қорға­ныс қабілетін оның әскерінің жай-күйіне қарап анықтайды. Жедел өзгеріс үстіндегі қазіргі әлемде қол жеткенге тоқмейілсуге болмайды. Қазақстанның қорғаныс саясаты бүгінде барынша ашық та мөлдір және біздің стратегиялық әріптес­теріміз бен одақтастарымызға ғана емес, сонымен бірге әлемдік қоғам­дастық үшін де түсінікті болып табылады. Қазақстанның ашық қарсыласы мен теріс көзқарастағы көршілері жоқ. Бұл Мемлекет бас­шысы анықтап, бағыттап отыратын бейбітсүйгіш бағдарымыздың жемісі.

2007-2012 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясына және үстіміздегі жылдың науры­зын­да бекітілген жаңа Әскери доктринаға сәйкес қазіргі кезде мемлекеттің әскери саясатын және оның әскери ұйымын жаңа жағдай­лар мен нақтылықтарға бейімдеу қажет болып отыр. Соған орай Қорғаныс министрлігі Қарулы Күштерді жаңа тұрпатқа көшіру шараларын қолға алуда. Ал жаңа тұрпатқа көшу дегеніміз құрамы мен құрылымы жағынан теңдес­тірілген, осы заманғы қатерлерге бейімделген әскер құру болып табылады.

– Осы жерде жаңа Әскери доктрина туралы түсінік бере кетсеңіз. Оны қабылдаудың негізгі себептері қандай?

– 2000 жылы қабылданған Әскери доктрина ХХ ғасырдың аяғында қалыптасқан жағдайларда әскери қауіпсіздік жүйесін жасауға бағдарланған болатын және тұ­тастай алғанда өзіне жүктелген қызметті атқарып шықты. Ал жаңа доктрина соны дамыту мақсатында әзірленді. Ол Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының әскери саладағы негізгі ережелерін нақтылай түседі.

Жаңа доктринаны қабылдауға:

– Қазақстан қоғамын әлеумет­тік-экономикалық және саяси жаңғырту;

– өткір әлеуметтік-саяси қақ­тығыстармен және қарама-қайшы­лықтармен, халықаралық тұрақсыз­дықпен, әлеуетті қатерлердің бар болуымен сипатталатын әскери-саяси ахуалдағы өзгерістер себеп болды.

Құжатта атап өтілгеніндей, Қазақстан Республикасының гео­сая­си төңірегінде айтарлықтай өзгерістер болды, қауіп-қатерлердің түрлері көбейіп, ұлттық қауіпсіздік саласындағы бірқатар стратегиялық міндеттер өзгерді.

Сонымен қатар, қазіргі кезде қарулы күрестің құралдары мен осы заманғы әскери қақтығыс­тардың сипаты өзгеруде. Осыған байланысты Қазақстан өзінің әскери ұйымын бүгінгі таңдағы болмысқа бейімдеуі тиіс. Жаңа Әскери доктрина Қарулы Күштерді дәйектілікпен жаңа тұрпатқа көшіруді және оларды мемлекеттің қорғаныс және қауіпсіздік, әскери істегі инновациялар саласындағы саясатына, әскери-саяси жағдай­дың болжамды сипатына сәйкес сапа­лық жаңа деңгейге шығарады.

– Ел әскерін трансформациялау үдерісінің негізгі міндеттерін қалай түсіндірер едіңіз?

– Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, біз алға қойылған кез кел­ген тапсырманы орындауға қабілет­ті, ұтқыр, саны жағынан көп емес армия құру жөніндегі жұмысты жүргізудеміз.

Жаңа тұрпатқа көшірудің жо­ғарыда аталған мақсатынан осы маңызды шараның мынадай мін­деттері туындайды:

біріншіден, әлемдік үздік қа­лып­тар негізінде әскери жоспарлау мен басқару жүйесін жаңғырту;

екіншіден, жауынгерлік әзірлік сапасын интенсивті жүргізу және қару-жарақ пен техниканың ұрыстық және техникалық мүм­кіндіктерін тиімді пайдалану арқылы әскерлердің жауынгерлік әзірлігін арттыру;

үшіншіден, әскери кадрларды әзірлеу жүйесін, соның ішінде әскери білім беруді жаңа тұрпатқа көшіру;

төртіншіден, әскери қызметші­лер мәртебесін және әлеуметтік қорғау мен еңбекке ақы төлеу жүйе­сін қалыптастыру қағидатта­рын ескере отырып, әскери қыз­мет­тің беделін арттыру. Қазіргі кезде әскери қызметтің тартым­дылығын арттырудың кешенді шаралары әзірленуде.

Бұл міндеттердің әрқайсысы көптеген мәселелерді қамтиды. Оларды шешудің барысында қор­ғаныс ведомствосының ұйымдық-штаттық құрылымы оңтайланып, басқарудың орталық органдарында штаттық бірліктерді 30 пайызға дейін қысқарта аламыз. Бұл штат­тық бірліктер, негізінен аға офи­церлік құрам, жауынгерлік бөлім­дерге жіберілетін болады. Сонымен бірге бірін-бірі қайталайтын бір­қатар құрылымдарды жойып, жауынгерлік әзірлікке бірінші кезекте ықпал ететін құрылымдық бөлімшелерді нығайтатын боламыз.

Мәселен, Штабтар бастықтары комитетінің құрылымында дербес Жауынгерлік даярлық және әскерлер қызметі департаменті құ­рылуда. Қазіргі заманғы тех­нологияларды енгізу мақсатында, оның ішінде әскерлерді автомат­тандырылған басқару жүйесін қарастыратын қуатты Ақпарат­тандыру және байланыс бас басқармасы жасақталмақ.

Сол секілді әскери білім беру сапасын арттыру мәселесі біз үшін шешуші болып табылады. Осы мақсатта жаңа құрылым — Әскери білім және ғылым департаменті құрылу үстінде.

 Елбасы білімді дамыта алмаған ел ХХІ ғасырда тығырыққа тіре­летінін талай рет атап көрсеткен болатын. Бұл тапсырма толық мәнінде әскерилерге де қатысты.

Мүмкіндікті пайдалана отырып, барша қазақстандықтарды, Ұлы Отан соғысы мен Қарулы Күштер­дің ардагерлерін, әскери қызметші­лерді Ұлы Жеңістің 62 жылдығы­мен және Отан қорғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Барлықтарыңызға зор денсаулық, мол бақыт, береке-бірлік, сүйікті Отанымыз — Қазақстан Республи­ка­сының игілігі жолында табыстар тілеймін.

– Әңгімеңізге рахмет.



Авторы: Әңгімелескен Ержұман СМАЙЫЛ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат