Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-05-19:

ӨРКЕНИЕТ ӨЗЕГІ

(эссе)

 

Осының арқасында, кітап бүгін де ғылыми-мәдени ілгерілеушіліктің, халықтар мен ұрпақ­тардың рухани ықпалдастығының негізгі іргетасы болып табылады. Алайда, кітап жазу мен оқудың басындағы тұман ешқашан айығып көрген емес. Түптеп келгенде, ХХ ғасырға дейін кітап басу бүкіл планеталық құбылысқа айналып кете алмады. Гутенбергтің Інжілі басылып шыққан кезде терілмелі құйма әріп Қытайда да бар еді. Корея мемлекетінде оның алты түрлі кешені болған. Сөйтсе де, Қиыр Шығыстағы баспа ісі Батыс Еуропадағыдай қаулап кете қойған жоқ. Славян тілдеріндегі кітап басу І Петрден кейінгі кезеңде қарқын ала бастады.

Осман империясындағы алғашқы типогра­фия­ны 1729 жылы араб, түрік тілдерін жақсы меңгерген, ислам дініне кірген Ибрагим Муте­ферик деген трансильваниялық венгр иемденіпті. Оған ерген басқа да грек, еврей, әрмендер болып­ты. Оларға өз тілдерінде өз әліпбилерімен кітап шығару рұқсат етіліпті. Алайда, араб әрпімен кітап басуға қатаң тыйым салыныпты. Он жеті кітап басып шығарған соң, 1742 жылы баспахана жабылыпты. Мутеферикті Париждегі осман елшісінің баласы қолдап, біраз жәрдем бергенімен, 1786 жылы қайта ашылған баспа 1796 жылы қайта жабылыпты. Моңғол билеу­шілері Иранда ксилография әдісімен ХІІ ғасырда қағаз ақша басып шығарғанымен, кітап баса қоймапты. Ол елдегі типографиялық әдіспен алғашқы кітап 1717 жылы шығарылыпты. Осман империясының құрамындағы Мысырды Мұхамед Али патша билеген кезде 1822-1842 жылдары 243 кітап шыққанымен, одан кейін қарқындап кете алмапты. Мұның бәріне 1925 жылы 5 қазанда Анкарадағы жаңа заң мектебінің ашылуында Кемал Ататүрік: “1453 жылы Конс­тантинопольдің алынуының әлем тарихында алатын орнын ойлаңыздаршы. Сондай құдіретті күш пен биліктің дәл сол шамада пайда болған баспа ісін бізге де енгізіп, өркендетуге табандап қарсы шыққандарды тойтарып тастауға дәрмені жетпепті”, – деп қынжылыпты.

Алайда, шығыс елдерінде баспа ісінің баяу өркендеуіне тек дәстүршілдер айыпты болмаса керек. Ондай жаңалықтың бүкіл планеталық құбылысқа айналуына мейлінше бұғалық салып баққан батыс отаршылдарының өздері болыпты. Мәселен, Ресейдің Сібір, Қазақстан, Орта Азияны басып алуда табан тірек етіп пайдаланған Қазан шәрінде араб әрпімен кітаптар орыстардың жекеменшік баспаханалары мен Қазан универси­тетінің баспаханасында басылыпты. Қай-қайсы­сына да әлгі университеттің шығыс зерттеуші мұғалімдері цензорлық етіпті. Ондай қызмет 1874 жылы Петербургтің өз қолына көшіпті. Сондай жолмен 1809-1850 жылдары Қазан университеті баспаханасында араб әрпімен басылған 220 кітаптың тек 30-ы ғана қазына қаржысына шығыпты. Ал ХІХ ғасырдың алғашқы жарты­сында ондай кітаптың саны онға да жетпепті.

Араб әрпіндегі кітаптар тапсырыс берушілер­дің есебінен жарық көріпті. Мәселен, белгілі ғалым И.М.Березин “Шейбанинаманы” қазына қаржы бермегендіктен, өз қалтасынан төлеп шығарыпты. Мұндай тапсырыс берушілер арасында Жәңгірхан Бөкейханов пен Мақаш Бекмұхамедов те болыпты. Басқа халықтың өкілдері де, тіпті татарлардың өздері де, тек сондай жолмен кітап шығара алды. Өйткені, университеттің өз ғалымдарының шығыстанудағы еңбектері де қазына тарапынан қаржыландырыл­мады. Миссионерлер ондайды байқаса, бұрата­наларға іш бұрушылық деп байбалам салып, синод арқылы тыйым салғызып отырыпты. Дәл сол миссионерлік саясат Қазанда мұсылман халықтарының баспаханасын аштырмай қойды.

Ресейдегі араб әріптері 1722 жылы І Петрдің Персияға жорығы кезінде жасалған-ды. Сол тұста Астрахандағы көшпелі баспаханада екі рет пайдаланылды да, ақыр аяғында із-түзсіз жоға­лып кетті. Ғылым академиясы құрылғанда тағы да сондай әріптер пайда болды. Бірақ, он сегізін­ші ғасырдан бастап араб әрпі негізінде, Қазанда, әрекідік Петербург, Тифлис, он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында Баку, Ереван, Самарқан, т.б. баспаханаларында қолданылды. Бәрі де Ғылым академиясы баспаханасының Шығыс филиалы деген айдармен жарық көрді. Он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында Уфа мен Орынбор баспаханаларында да араб әрпімен жекелеген басылымдар дүниеге келді. Бірақ, он тоғызыншы ғасырда оларда араб әрпі­мен кітап шығаруға арнайы рұқсат берілмеген. Ал Орынбордағы “Каримов, Хұсайынов и К” дейтін баспа серіктестіктеріне келсек, ол да әлгіндей шаруаға ара-тұра тәуекел етіп тұрды. Негізінен, оның өнімдері орыс баспагерлерінің, ресми мекемелердің тапсырысымен орыс оқырмандарына арналды.

Ашықтан ашық жүргізілген миссионерлік бір кездегі Шыңғыс хан шапқыншылығы тұсында тұра­лауға ұшыратылған Тұран халықтары мәде­ниетіне қайтадан бас көтерткізбей қойды. Расына келсек, ол халықтардың мәдениеті ІХ-ХІІ ғасыр­ларда, әсіресе, философия мен табиғаттануда, антикалық дәстүрлерді ойдағыдай дамытып, сол кездегі Еуропа мәдениетінен әлдеқайда биік тұрып еді. Қазіргі Түркістан халықтары арабтар жаулап алмай тұрып, өзіндік айшықты мәде­ниетке ие болып еді. “Авестаның” алғашқы бө­лім­дері біздің жыл санауымыздан бұрын бірін­ші мыңжылдықтың басында шыққан-ды. Кейін ол өз жазуын туғызды. Авеста әліппесіндегі әріп саны арамей әліппесіндегіден екі есе көп бо­лыпты. Дауысты әріптерінің өзі 14 екен. ІІІ Да­рий патша тұсында он екі мың өгіздің терісіне жа­зылған “Авестаның” толық нұсқасын маке­дондық Александр патша құртқызып жіберіпті. Тек мидиялық магтар ауызша білген қасиетті дұғалықтар ғана кейін қайта жазылып алынып, біздің дәуірімізге дейін жетіп отыр. Ол 21 яштан /гимннен/ тұрады. Заманында олардың саны жетпіс екіге жеткен деседі. Заратуштра пайғамбар қайнар бастауы болған бұл еңбек кейінгі отарлаушылар таратқан шығыс қара түнегі жайындағы дақпыртты тас-талқан етері сөзсіз.

“Ат аунаған жерде түк қалады” дегендей, “Авестаны” туғызған кеңістікте оқу мен жазудың өркен таппауы еш мүмкін емес еді. Оны айғақтайтын жәдігерліктер жеткілікті. Ең ежелгісі – біздің дәуіріміз басындағы соғда теңгелері. Оған “көне соғда жазулары” қосылады. 312-313 жылдары дүниеге келуі ықтимал бұл жазбалар – өзара жазысқан хат тақылеттес /эпистолярлық/ туындылар еді. Онда ғұндар шапқыншылығы айтылады. Құндыз қаласының күншығыс жағынан кушан жазулары табылды. 25 әріптен тұрады. Жеңімпаз Қаныштың құрметіне ғимарат соққан сәулеткердің қолынан шықса керек. Алып ғима­раттың кімге бағышталғаны баяндалған. Термез қаласы бактр жазуларының үлгілерін сыйлады. Топырақ қала үйінділері Хорезм жазуын сақтап қалыпты. Эфталит-Кердерайт /абдал кердері/ дәуірінің теңгелерінің суреті салынған төрт томдық басылғанмен /шығарушы Р.Гебле/, ол жайында түбегейлі қорытындылар әлі жасала қоймапты. Абдал жазуы – кушан жазуының курсивтік (биязы) нұсқасы тәрізді. Онда да әріптің саны 25. Солдан оңға қарай оқылады. Шығыс Түркістаннан табылған көнелікті қолжазбаны да біреулер сақ жазуына, біреулер бактр жазуына телиді.

VІІ ғасырдағы Қытай саяхатшысы Сюан-Циннің (634-645) жазуынша, тоқарлардың жазуы да жиырма бес әріптен тұрыпты. Солдан оңға қарай оқылыпты. 1932 жылы әлем шығыстанушы­ларының мықтап бір дүрліккен жылы болды. Тәжікстанның Пенджикент қаласының маңындағы Хайрабад дейтін қыстақтың Жора Әлі дейтін қойшысы Мұқ тауының басында мал бағып жүріп, шетеннен тоқылған зембіл тауып алады. Ішінде жібектей жұмсақ қағаз бар екен. Оның бетіндегі шимайларды көріп, ол кездегі Сталинабадтан ғалымдар келеді. Көп ұзамай Мәскеу, Ленинград­тан бастап, мүйізі қарағайдай ориенталист, археолог ғалымдар жан-жақтан жиылып, қазба жұмыстарына кірісіп кетеді. Жер астынан табылған сексен құжаттың жетпіс төрті соғда жазуымен жазылыпты. Бұл әліппе де жиырма үш әріптен тұрады екен. Әлгі құжаттарда соның 18-19 әрпі пайдаланылыпты.

Орта Азия мен Қазақстанның таулары мен дала­ларынан табылған мұндай сенсациялық “олжа­ларды” санап шығудың өзі қиын. Ежелгі бабалардың жазып-сыза білгеніне толық дәлел бола аларлық мысал – бір ғана  Енисей өзенінің аңғары бойынан жүз елу жерден тасқа жазылған таңба­лардың табылғаны. “Селенгі тасы” деп аталатын үйірлі жазуды оқып көргенде, Мойыншора хан­ның: “Мыңдаған жылдарғы және қысапсыз күн­дергі жазуларымыз бен таңбаларымызды жалпақ тастың бетіне ойдырып жазуға әмір еттім”, – дейтін өкімі болып шықты. Ол 759 жылдың шама­сында жазылған  екен. Соның ар жағында да “мың­даған жылдарғы жазуымыз” болғанда, әзелгі түркі­лердің бабалары біздің жыл санауымызға дейінгі мың жылдықтарда да хат танып, қалам  ұстаған болып шығады.  Л.Н.Гумилев те сондай ыңғай танытқан еді. Оған айтқызсаңыз: хундардың әліпбилік жазуы бар екен. Бірақ, тері, қайыңның қабығы сияқты тез құрып кететін, осал заттарға жазылғаннан біздің тұсымызға дейін жетпей қалған.

Қайткен күнде де, Тұран аймағы мен ондағы халықтардың арабтардың қол астына өтпей тұрып та іргелі мәдениеттері болғандығы еш дау туғыз­байды. Басқасын былай қойғанда, кейінгі Тұран­ның атын шығарған әйгілі ғалымдарды арабтар Қызыл теңізден ертіп әкелген жоқ еді, қайта тұрандықтар ондаған аса таланты оқымыстылар қосып, Араб халифаты ғылымының абыройын асырып еді. Тек қана қазақ даласының өзі сол  тұстағы әлемдік ғылым сахнасына философ Әбу Нәсір әл-Фараби,  астроном және математик Аббас әл-Жауһари, лингвист Ысқақ әл-Фараби, географ Жамақ Хакім әл-Қимақи және де басқа білімпаздарды берді. Мұның үстіне аты жер жарған математик әл-Хорезми, астроном әл-Ферғани, математик әл-Хасиби, лирик ақын Рудаки, эпик Фирдаусиді айтар болсақ, сол кездегі Тұран руханияты аспанының самала жұлдыздарға қаншалықты бай болып, тек халифаттың ғана емес, бүкіл адамзат санасын  қаншалықты жарқырата алғанын аңғарар едіңіз.

Бұл лектің көш басшысы әл-Фарабидің еңбектері сонау ХІІ ғасырдың өзінде латын тіліне аударылыпты. Ал еврейлер одан да бұрын таныс екен. Оған Бодлен, Мюнхен, Париж қолжазбалары айғақ. Ғалымның аты өз елінде ұзақ ұмыттырылып, кешігіп қайта тірілгенімен, еңбектері әлемдік руханият астаналары Калькутта, Леден, Ыстамбұл, Париж, Теһран, Лондон, Мадрид, Братислава, т.б. кітапханаларында баяғыдан бері сары алтындай сақтаулы. Тұсында Сократ, Платон, Ксенофонт, Аристотельден ауызданған әл-Фараби данышпан­дығы Бируни, Авицена, Аверроэс, әл-Газели еңбектерінде  өз жалғасын тапты. Бұл жайында Әбу Ибн Синаның өзін сөйлетсек: “Бірде кешкі апақ-сапақта базардағы түптеушілер жаймасына бардым. Бір саудагер әлдебір кітапты қолына ұстап, саң­қылдаған ашық дауыспен, майын тамыза мақтап жатыр екен. Сөйтсем, ол Әбу Нәсір Фарабидің “Метафизикасы” екен. Сатып алып, үйіме оралып, бас көтермей оқуға кірістім”, – дер еді. Сол  жасөспірім дәрігер көп ұзамай Бұқар әмірі ІІ Нұқ ибн Мансурды емдейді.  Риза болған әмір оған өз кітапханасына барып, кітап оқып тұруға рұқсат етеді. “Кітап қоймасына бардым. Бөлмелері көп екен. Әрқайсысында кітап толы сандықтар тұр.  Біреуінде – араб шығармалары, өлеңдері. Екіншісі – заң шығармалары. Сөйтіп, әрқайсысы бір-бір ғылым саласына арналыпты”, – дейді.

Ол тек Бұқарада емес, Хорезмде, Үргеніште, Ха­м­аданда, Аби-вердада, Тұста, Римде, Гөргенде, Каз­винде – барған жерінің бәрінде, тамаша ға­лым­­дар мен керемет кітаптарға тап болады. Хорезм­­шах Момын (999-1017) тұсында ғалымдар­дың бәрі патша сарайына  жиналыпты. Тақ иесінің шарапатын көріпті. Араларында бір өзі жеті-сегіз ғы­лымның маңдайын бірдей жарқыратқан – ас­троном, математик, физик, фармоколог, географ, та­рихшы, этнограф, биолог Әбу Райхан Бируни сын­ды сұңғыла да болыпты.  Ұлы дәрігер Әбу Ибн Синаның өзі де төрт жүздей еңбек қалдырыпты. ХV ғасырдағы отыз жыл ішінде оның “Дәрігерлік кано­ны” латынша 16 рет, не бәрі бұл тілде 40 рет толық­тай, сансыз рет үзінділер күйінде  жарық көріпті.

Ежелгі Тұранның басынан жат жерлік шапқын­шылық пен еуропалық отарлаушылық желге ұшыр­ған бақ-дәурен осындай екен. Патша озбырлығы араб кітаптары мен  мектептеріне теріс қабақ танытты. Ал өзі жүргізген орысша сауаттылықты бір пайыздан асырмай қойды. Басқа батыс елдерінің де өз отарларын қарқ қылып жатқаны шамалы еді. Жер шары тұрғындарының 70 пайызы тұратын дамымаған елдерде әлемдегі жарияланып жатқан кітаптардың тек 20 пайызы ғана басылады екен. Қалған 80 пайызы отыздай дамыған елдердің қолында. Кенде мемлекеттер қаламақы, авторлық құқ, аударма ақысы және полиграфиялық шығын­дарды ауырсынып, кітап шығаруды түгел өз мой­ны­на ала алмайды. Шетелден келген кітап ұлт оқыр­мандарының зәруліктерін қанағаттандыра алмайды. Соның салдарынан да, көптеген елдер сауат­сыздықты әліге дейін еңсере алмай отыр. Әлем­дегі бес адамның біреуі хат танымайды. Азия­да 700 миллион кісі, Африка тұрғындарының көбі дәл сондай. Сауатсыздық – кедейлік. Қазіргі жоға­ры технология заманында сауатты адамның өзіне өз әл-ауқатын сақтап қала алу үшін өз маманды­ғын ондаған рет жетілдіруге тура келеді. Мұның өзі оқу мәселесін одан әрмен өткірлей түседі.

Қай адамға да өзі жақсы білетін тілдегі оқу қонымды. Ұлт тілінде толықтай білім беруді қана­ғаттандырмай тұрып, сауатсыздықтан құтылдық деуге болмайды. Ана тіліне шорқақтық – аса қауіпті сауатсыздық. Жай сауатсыздық жарлы етсе, өз тіліңе сауатсыздық өзге мәдениетке құлақ кесті құл етеді. Мұны еңсермей тұрып, өз мәдени әлпе­тіңді қалыптастыру да, адамдар мен халықтардың рухани дамуын жақындату да құрғақ қиял болып қала береді. Ал оларсыз мынау аламан-асыр аударма-төңкерме заманында қалай аман қалуға болады? Мамандардың айтуынша, адамзаттың отыз мыңдай буыны табиғаттың өзімен ырғақтас қалыпта өмір сүріп келіпті. Күндіз тырбанып қорек айырып, түнде ұйықтап,  жүрген-тұрғанда да қалған мақұлықтардан жылдам қимылдай қоймап­ты. Ал кейінгі он-он бес буын  өмір сүрген кезеңде жағдай адам айтқысыз өзгеріпті. Уақыттың табиғи жылдамдығы мен әлеуметтік өзгерістердің  қарқы­ны кереғар түсе бастапты. Табиғи эволюция қар­қыны әлеуметтік эволюция қарқынына ілесе ал­май, екеуінің арасындағы ара қайшылықтарды ал­шақтата түсуде. Адамдарға дәуірдің уақыт кесте­сіне көшіп, аса қауырт өзгерістерге уақтылы бейімделуге тура келіп тұр. Оған біреу үлгеріп, біреу үлгермей, ала-құлалық асқындай түсуде. Бәрі де бейімделу қабілеттілігіне байланысты. Ал оны адамдардың өздері емес, жүрген ортасы қалыптастырады. 

Сондықтан да әр қарқындағы кеңістіктерді бірдей қамтитын әлемде әлеуметтік қауымдастық (социум) өз әрекет аясындағы жүйеліліктен көрер көзге  айырылып барады. Біреулер логоцентризм (сөз үстемдігі), фаллоцентризм (еркектер үстемдігі), феминизм мен  маскулинизм антогонизмі (жыныс­тар  текетіресі), өркениеттік – социологиясы мен тоятқұмарлық феноменологиясы  сынды әлеу­меттік кеңістіктің аса “нәзік” құйтырқыларымен бас қатырса, біреулеріне халық болып қалу мен күнкөріс айырудың өзі уайым болып тұр. Үлкен адамзаттың өзінің ақылы осынша ойран болған соң, оны құрайтын шағын қауымдардың – ұлттар мен ұлыстардың ақылдары қайтіп шалапқа айналмасын?! Бұған қазіргі жаңарыс қарқынының күрт қауырттануымен қоса, бұрынғы даму деңгей­ле­рінің арасындағы ат шаптырым айырмашылық­тар өз әсерін тигізбей қалмауда. Сондықтан да бү­гін­гі дамудың іркес-тіркестері өте-мөте көп. Мұн­дай ала-құлалық өзгерістерге бейімделуі бары­сындағы ала-құлалықты да аз  туындатып жатқан жоқ. Біреулер тым кежегелері кейін тартып, кергі­мелікке бой ұрса, екінші біреулері соны пайдала­нып, өлімдерін сатып, тым омақаса қимылдап бағуда. Мұны түзейтін де заманалық құбылыстар­дан уақтылы хабардар бола алушылық. Бірақ, ол мүмкіндік те жұрттың бәріне бірдей бұйырмаған. Олай етуге жалпыға ортақ бүкіл адамзаттық ақпа­рат банкі әлі қалыптасқан жоқ. Ал ондай ұлттық банк қалыптастыру әр қауымда әр қилы жүзеге асуда. Сондықтан, бүгінгі дүниедегі даму қарқы­нының арасында ат шаптырым алшақтық туындап отыр.

Бұл ұлттық үкіметтердің маңызын арттырады. Ол білім мен дәйім қауырт өзгеріс үстіндегі өнер­паздық үдерістерді мейлінше қолдауға міндетті. Ұлттық үкімет ортақ меншікті әркімге таратып бере алғанымен, ұлт болудың ортақ міндетін өйтіп  әркімге пышақ үсті үлестіріп бере алмайды.  Қор­жынның ауыр басын әуелі өзі арқалауға тура келеді. Қалғанына әлеуметті жұмылдырады. Құдай­ға шүкір, Қазақстан тұрғындарының 70-80 пайызы оқи да, жаза да білмейтін мәдениеттен кенде қал­ған кеңістіктерге жатпайды. Түгел дерлік сауатты ел. Өз тарихы мен ұлттық табиғатын қағыста қалдырып келгенімен, қалған дүниеден ешкімнен кем емес хабардар әлеумет. Алайда,  бар біліктің өзін де үздіксіз жаңарыс үстіндегі заман қайта-қайта сынақтан өткізіп, сұрыптап жатқан кез. Ондай емтиханда енді-енді қаз тұрып келе жатқан біздер түгілі ежелден бар іргелі мемлекеттердің өзі сыр беріп алып жатыр. Мәселен, осы заманғы жоғарғы технология рыногында күні кешегі ядролық қарулану жағынан әлемдік теке-тірестің тізгінін бермеген супермемлекет Ресейдің өзінің қосып отырған үлесі бір пайыздан аса алмай, алақандай Гонконгтың алдына шыға алмай отыр.

Ендеше, кешегі білік, кешегі тәжірибені елеп-екшемей болмайды. Алайда, солай екен деп кешегі қол жеткен көрсеткіштерден сыпырыла айырылып қала берсек, оңбай тұралаймыз. Басқасынан бұрын, жүз пайыз сауаттылығымызды көзіміздің қарашы­ғындай сақтай білуіміз керек. Отаршылдықтың жаны ашығандықтан емес, өз сөзін өткізіп, өз шылауынан шығармауды көздеп, бізбен амалсыз бөліскен білім қорынан қаралай айырылып қалма­ғанымыз жөн. Әсіресе, сол қытымыр кезеңнің өзінде ұлттық намыс, рухани елжандылық, шығар­машылық күш-жігермен қалыптастырған сурет­керлік, зерттеушілік, ізденімпаздық әлеуетімізді тәрк етіп алмағаны лазым.

 Ол тұрғыдан келгенде күні кешегі мерзімдік баспасөзіміздің таралымы басқаларды қатты таңғалдыратын. Жыр кітаптары он мыңдап, проза еңбектері  елу, алпыс тіпті жүз мыңдап сатылатын. Бірақ соның бәрін шетінен тізгін үзген үздіктер еді деуге болмас. Алайда, баспаханаларымыздың қазіргі үсті-үстіне тоғытып жатқан “топандарына”  қарағанда әлдеқайда иман шүкіршілік сияқты еді ғой. Бұл арада кешегі қырық қарап, мың шұқитын редактуралық – цензуралық  тіміскі жүйені ешкім сағына қоймас, әйтсе де  авторлық жауапкер­шілік пен баспагерлік талапшылдықты, оқырман талғамын мұншалықты құлдыратуға болмас. Әлі түгелдей айығып болмаған экономикалық қиыншылықтар тұсында ең оңбай  тұралаған – ұлттық кітап басу саласы екені рас. Ол азынаулақ қайта басылған шығармалар болмаса, кәсіби авторлардан атымен айырылып, бұрын әдебиет маңына жоламайтын әуесқой, немесе мақтан- құмар жазғыштықтың қанжығасына бөктеріліп кетті. Талғампаз оқырманды безінтіп, талғамсыз­дықты күшейтті. Бұл кітап оқудың азаюынан да асқан қатерлі қауіп еді. Одан шамалы уақытта арыла қою оңайға түспес. Бірақ, солай екен деп, қол қусырып қарап отыруға тағы болмас. Мемлекет өз азаматтарының табиғи денсаулығы сияқты рухани денсаулығына да қалай болса солай қарамауға тиісті.

Мемлекет кітап басу мен сатуды сауықтыруға білім беру мен денсаулық қорғау сынды страте­гия­лық міндеттердің ең шешуші шарасы ретінде көңіл бөлмей болмайды. Оған мемлекеттен қар­жы бөлуде әлгіндей басы ашық басымдық таны­тылуы керек. Оның үстіне отандық өнім шыға­руға жасалатын қамқорлыққа ең алдымен осы баспа саласы ілігуі керек. Салық жеңілдігі мен бас­қа да экономикалық ынталандыруды батыл қол­ға алмай тұрып, кітап басу мен кітап сату бизнесін қалыптастыру еш мүмкін емес. Ол жолға қойылмай тұрып, жаңа әдебиет жасал­майды. Кітап басу сынды әрі интеллектуалдық, әрі техникалық, әрі менеджменттік күш-жігерді қажетсінетін күрделі үдерісті ойдағыдай шешпей тұрып, авторлық еңбекті әділ бағалау  мәселесі шешілмейді. Өркениетті экономикада бәрі де өркениетті бизнес арқылы жүзеге аспақ.

Жан-жақты ойластырылған жүйелі жоба ыңғайласпай тұрып, билік тарапынан не бизнес тарапынан аракідік “жарылқаушылық” жасау арқылы әдебиетті көтереміз деушілік мәңгінің қиялы болып табылады. Ондай жарылқаушылық көркем шығармашылықты бір кездегі тоталита­рис­тік меценаттықтан бетер рухани кіріптар­лыққа ұрындырады. Зиялы қауымның моральдық ахуалын одан әрмен ойсырата түседі. Бизнес­мендерді оққағарсыз, полисмендерді дүресіз, ми­нис­трлерді мерседессіз көзге елестете алмайтын біздің қауым қаламгерлерді қаламақысыз-ақ шедеврлерді үсті-үстіне тоғыта беретін көңілшек сауын сиырлардай көреді. Кітап оқуда біз де етек жая бастаған дағдарысты баспа ісінің құлды­рауынан емес, күл шығарып, тезек теруге аз-ақ қалып жүрген жазушылар қауымынан көретін көкезу бопсашылдар көбейіп барады. Қай елде де, қай кезде де жаңа әдебиет өзін-өзі асырап көрген емес. Өркениетті кітап бизнесі менедж­ментін өткен дәуір мұралары мен арзан қол сатылымдардан түсетін табыс арқылы отандық әдебиеттің жаңа туындыларына уақтылы қолдау көрсетуге қолайлы жағдай туғызып отырған. Ондай бизнеске бастапқы кезде мемлекет не жер байлығы сияқты ұлттық қазыналар есебінен байып отырған іргелі бизнестер қол ұшын берсе, кейін аяғынан тік тұрған соң өз пайдасын өздері-ақ тауып кете алған. Біздіңше, ұлттық байлы­ғымызды, ұлттық бизнесті дамыту үшін ұйым­дастырылған “Қазына”, “Самұрық” сынды құрылымдар ұлттық өнер мен әдебиетті нарық жолымен дамытудың кешенді бағдарламасын қолға алып, жүзеге асырғандары жөн.

Алайда, кітап оқу дағдарысы – біз сияқты аяусыз қатал экономикалық тұралауды жуық арада ғана бастан кешкен “жауыр” қоғамдарда ғана емес, көптен бері қоры ортайып, қоңы сөгіліп көрмеген іргелі қоғамдарда да айта қаларлықтай мөлшерде орын алып отырған келеңсіздік.  Ендеше, оның біздің бүгінгі ұлттық кеңістігімізден де тысқары әлемді қамтитын жаһандық себептері де аз болмаса керек. Оған бұл әңгіменің  соңғы отыз-қырық жылды түгел қамтып келе жатқандығы да дәлел  бола алады. Мұндай індеттің күшейгені сонша, тіпті өз дін, өз идеологиясын қалыптастырды. “Жазба әде­биет дәурені өтті, ауыз әдебиет дәурені қайта келді”, “Гутенберг (баспа өнімдері) галактикасын Мак­люзи (аудиовизуалдық құралдар) галактика­сы жұтып қояды” дейтін сәуегейлер де табылды.  Сол тұста АҚШ-тың “Дженерал  Электрик” ком­паниясы тәжірибе жасап, бір адамға бір маз­мұнды хабарды текст, радио хабарлама, теле­бейне арқылы жеткізіп, әсерін жеке-жеке тек­серді. Сонда адамның ми қабылдағышта­рының қызметін тексеретін аппарат телебейне көрсетіл­ген кезде атымен жайбарақат тұрса, радио хабар тұсында аздаған тітіреністі көрсетіп, ал тексті өз көзімен оқып танысу кезінде оның шкалалары үздіксіз қозғалыс үстінде болыпты. Тек осының өзі-ақ “электроника дәуірінің” мәтінді біржолата қуып шыға алмайтынын ұқтырғандай.

Ендеше, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі экономика қайтадан қалпына келіп, жаппай тұ­тынушылық психологиясы асқындап, электро­ника­мен тегістей жабдықталған тұстағы “әліп­билік өркениеттің” болашағына тым ерте күдік­тенуден туған рухани күмән енді-енді сейіле бастағандай. Ақпарат алмасудың қайта қару­лануынан туған келелі мәселенің технологиялық текетірес емес, технологиялық ықпалдастық арқылы жемісті шешілетініне көз жете бастады. Екеуі күш біріктіріп жүріп, ақпарат жүйесін адамзатты кемелдендірудің ең шешуші өзегіне айналдыра алмақшы. Екеуін де техникалық жа­ғынан жетілдіре түсу – бұл міндеттің табыспен жүзеге асуының бірден-бір кепілі болмақшы. Компьютер кітапхана мен мұрағат қорларына жол­ды кеңейтті. Кассеталы магнитофон ауызша дәстүрлердің белсенділігін арттырды. Фо­тотелеграф қалаған құжатты қалаған уақытыңда қолыңа жеткізді. ЭВМ кез келген мәтінді кез келген уақытта кез келген қашықтықта тұрып қағаз бетіне түсіруге мүмкіндік туғызды. Интернетке жүгіну көрші кітапханаға барып, кітап ақтарудан көп уақыт алмайды. Сөйтіп, техника мәтіннің бәсекелесіне емес, қолғанат жәрдемшісіне айналды. Ендеше, ендігі гәптің көбі оқырманның өзінде.

Ендеше, кітап оқудың әлеуметтік-психоло­гия­лық мәселелерінің салмағы артады. Кітап оқуды жеке бастық тұтыным тұрғысынан да қа­растыруға тура келеді. Бұл мәселені көп зерт­теген Ральф К.Стегер, адамдардың басылым­дарды үйренген әдет болғандықтан; міндет сана­ғандықтан; уақыт өткізу үшін; ағымдағы оқиға­лардан хабардар болу үшін; сол кездегі сезімді қанағаттандыру үшін; күнделікті өмір талапта­рына жауап беру үшін; қосалқы әуестерін және әлеуметтік сұраныстарын қамтамасыз ету үшін; өзін-өзі жетілдіріп, өзін-өзі дамыту үшін; жалпы мәдени көзқарасын күшейту үшін; таза зерделік құштарлықтарын қандыру үшін; өз рухани сұранысын өтеу үшін оқитындығын тізбелейді.

Сөйтсе, кітапқұмарлық шек пен шекараны білмейді екен. Расына келсек, кітапқа немқұрай­дылық та тап солай. Оның да шек-шекарасы болмайды. Тек бір миллиард жарлы-жақыбай ғана кітап оқудан құралақан емес көрінеді. Талай дамыған және дамып келе жатқан елдердегі миллиондаған сауатты кісі қолына кітап пен журналды тым сирек алады екен. Ал студенттер мен мектеп шәкірттерінің көпшілігі көз майын тек оқулықтарына, немесе болашақ мамандықта­р­ының жай-жапсарына жұмсайды екен. Қысқасы, кітапқа қалай қарайтынына қарап, кім-кімнің де болашағын алдын ала біле беруге болатыны даусыз.

Өйткені, кітапсыз өмір жолында да бір адым ілгері баса алмайсыз. Демек, бәрімізге мықты денсаулық пен сарылып отырып кітап ақтаратын оқырмандық табандылық тілеу әбден жөн.

Қазіргідей кітап оқудың жай-күйіне де қабырғасы қайыса бастаған әлеуметке біздің мұндай тарихи-жағдаяттық қысқаша шолуымыз артықтық етпес деп санаймыз.



Авторы: Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат