Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-06-01:

Ана – үйдің берекесі, бала – үйдің мерекесі

 

Айткүл САМАҚОВА, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, Президент жанындағы Отбасы және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы.

 Тәуелсіз елімізде ана мен балаға деген қамқорлық деңгейі бүгінде жыл санап өсіп келеді десем, Пре­зиденттің биылғы жылғы “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты Қазақстан халқына Жолдауы да отбасы мен балалардың жағдайын жақ­сар­тудан басталуының өзі де көп жәйтті айтып тұрғаны анық. Иә, 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап жас босанған әйелдерге тө­ле­нетін жәрдемақы көлемі 2 есе, ал нәресте бір жасқа кел­генге дейінгі күтіміне төленетін жәрдемақы 1,5-1,8 есе өсіп отырған болса, келесі жылдан бастап екіқабат әйелдерге және баланың өмірге келуіне бай­ланысты міндетті әлеуметтік сақ­тан­дыру енгізілмек. Сондай-ақ ке­лесі жылдан бастап декретте және сәбиі бір жасқа келгенге дейін берілетін демалыс кезінде олардың зейнетақы қорының ұлғая беруі де ана мен баланы, отбасын қорғауға мемлекет та­ра­пынан көрсетіліп отыр­ған нақты қамқорлықтың бірі. Сонымен қатар, екіқабат әйел дек­ретте жүргенде және бала бір жасқа келгенге дейінгі күтіміне байла­ныс­ты демалыс кезінде оларға төлене­тін қаржыны бүгінгідей жұмыс бе­рушінің есебінен емес, мемлекеттік әлеуметтік сақтан­дыру қорынан төлеу мәселесі ойластырылып жат­қа­нын да айта кетсем деймін.

Бүгінде ана мен бала ден­сау­лы­ғына да мемлекет тарапынан ай­рық­ша көңіл бөлініп отыр. Өзі­мізге белгілі, 2005 жылдан бас­тап екіқа­бат әйелдер құ­рамын­да темір және йоды бар дәрі-дәрмектермен тегін қам­та­масыз етіле бастаған болса, 2006 жылдан бері диспансерлік есепте тұратын балалар мен жас­өс­пірімдерге қажетті препараттар те­гін беріле бастады. Орайы кел­генде, бала мен ана денсаулығын жақ­сартуға бағытталған бірқатар жаңа заңдардың қабылданғанын, оның ішінде “Йод жетіспеу­ші­лігіне бай­ланысты туындайтын аурулардың алдын алу туралы”, “Ұн өнімдерін темір препарат­тарымен, витамин­дер­мен байыту туралы” заңдардың қабылдан­ғанын айтуға болады. Осы заңға орай бүгінде елімізде өнді­рі­ле­тін ас тұзы йодпен байытылады. Мұның өзі әйелдер мен бала­лар­дың бойында йод жетіспеуші­лігі­нен туындайтын аурулардың ал­дын алуға мүмкіндік тудыратыны сөзсіз. Ана мен балада жиі кез­десетін қан аздығы (анемия) дер­ті­нің алдын алу мақсатында нан өнімдерін шыға­ра­тын 16 ком­би­наттың төртеуінде ұннан жаса­ла­тын тағамдар да темір және түрлі витаминдермен байыты­лып өндіріледі.

Осы мәселелердің оң ше­ші­мін табуына Президент жанын­дағы Отбасы және гендерлік саясат жө­нін­дегі ұлттық комиссияның мұ­рын­дық болғанын, осы бағдарла­ма­ларды іске асыруға, яғни жоғарыда айтылған салалық өндірістерге қажетті технологиялар мен құрал-жабдықтар алу мақсатына Азия Даму банкінен 1,2 миллион АҚШ доллары көлемінде грант тартыл­ға­нын да айта кеткен жөн. Еліміздегі ана мен балаға деген қамқорлық аясының соңғы жылдары барынша кеңейе түсуі әйелдер қауымына да бейнебір қанат байлап бергендей, олардың барынша белсенділік көрсетуі біз үшін қуанышты жәйт. Бұл орайда отбасына, бала ден­сау­лы­ғына қайыры бар түрлі шара­лар­дың жер-жерде қолға алына бас­та­ғанын айтуға болады. Мысалы, осы халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ғана барып қайтқан, дүниеге келіп жатқан сәбилердің саны жағынан да алда тұрған Оң­түстік Қазақстан облысындағы мерей­лі шараларды айта кетсем, артық болмас. Міне, осы облысқа қарасты Кентау қаласында тұратын аналар “Темір мен йод өнімдерінсіз – халықта денсаулық болмайды” деген тақырыпта акция өткізгенін айтсам, бұл бүгінде жұртшылықтың өз ден­саулығына көңіл бөле бастағаны­ның бірден-бір көрінісі.

Иә, Оңтүстік Қазақстан облысы өткендегі қасіретті жағдайдан кейін ана мен бала денсаулығын ерекше назарда ұстап келе жатқан өңір. Бүгінде облыста орын алған сол келеңсіздіктерді жолға қоюға тек өз еліміз ғана емес, халықаралық ұйым­дар да қолұшын беріп отыр. Атап айтқанда, БҰҰ-ның халықты қоныстандыру қорының пилоттық жобасы осы өңірде жемісті іске асуда. Соған орай перзентханаларға ана болудың қауіпсіздік техно­ло­гия­сы ендіріліп, жаңа туған сәби­лерге, жалпы ана мен бала күтіміне қатысы бар мамандар қайта дайын­даудан өтті. Мұның бәрі, сөз жоқ, оңтүстік өңірде ана мен бала ден­саулығын жақсартуға сеп болатын оң шаралар. Әрине, басқа облыс­тар­да да жүзеге асып жатқан келелі істер аз емес.

Әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуы елімізде экономи­ка­ның тұрақты өсуінің арқасы екендігі бәрімізге белгілі. Осы күн­дері Қазақстанда мемлекет қам­қор­лығынан ешбір топ тыс қа­лып жатқан жоқ. Жетім және мү­гедек ба­лалар да, көп балалы және табы­сы аз отбасылар да өз­деріне деген қамқорлықты айқын сезініп отыр.

Ана мен баланы зорлық-зом­былықтан қорғау да бүгінгі күнгі өзекті мәселелердің бірі. Елімізде жәбір-жапа көрген ана мен балаға пана әрі демеу болатын 26 дағдарыс орталық­тары жұмыс істейді. Ал 2010 жылы барлық облыс, аудан­дарда дағдарыс ор­та­лықтарын ашу көзделініп отыр.

Жасыратын не бар, бүгінде көп­теген жеткіншектер әке қам­қор­­лығынсыз өсіп жатыр. Мұ­ның өзі ерлі-зайыптылардың ажы­расуы азаймай отыруының, сондай-ақ еңбекке қабілетті жастағы ерлер өлі­мінің, некесіз бала туудың көп­ті­гінің айғағы деу­ге болады. Міне, осындай келеңсіздіктерді барынша азайту әрі отбасының мәртебесін көтеру мақсатында 2006-2016 жыл­дарға арналған гендерлік теңдік стра­те­гиясына “Отбасында ген­дер­лік теңдікке жету. Отбасындағы тәр­бие беруді жақсарту және от­басын тұрақтандыру” деген арнайы бөлім енгізіліп отыр. Сондай-ақ 2006-2008 жылдары гендерлік теңдік стратегиясын жүзеге асыруға байланысты Үкі­меттің іс-шаралар жоспарында Қазақстанда отбасы­лық инсти­тутты дамыту, оны ұлт­тық салт-дәстүрлер және халықтың өзіндік ерекшелігін ескере отырып жүргізу де ойластырыл­ғанын еске салсам, ұлттық ко­мис­сия­ның бас­тамасымен “Тең құқық және әйел­дер мен ерлердің тең мүмкіндігі туралы” заң жобасы жасалып, бүгінде ол Парламент Мәжілісінің қа­рауын­да жатыр.

Өздеріңіз де байқап отырған бо­ларсыздар, елімізде ана мен бала­ның жағдайын жақсартуға бай­ла­нысты көптеген келелі жұ­мыстар атқарылып жатыр. Оның бәрін бір мақаланың аясында қамту еш мүмкін емес. Ең бастысы, отбасы тұрақтылығы, ана мен бала жайы мемлекеттің басты назарында.

 

“Нұр Отанның” балаларға сыйы

 

Кеше Алматыда 1 маусым –  Балаларды қорғаудың халықаралық күні қарсаңында “Нұр Отан” халықтық- демократиялық партиясы Алматы қалалық филиалының өкілдері Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында жаңадан  дүниеге келген кішкене    азаматтарды құттықтап, аналарына сый-сияпат  көрсетті.

 

Құшақтарына гүл шоқтары мен нәрестелерге қажетті сыйлықтарын арқалаған нұротандықтар қайы­рым­дылық шараларын алдымен жуыр­да ғана үшем босанған ана Әсем Жартыбаеваны құттықтаудан бастады. Расында да, Әсемнің қуанышы ерекше екен. Ері екеуінің осы кішкентайларды 10 жыл бойы күткенін айтып жатты. Арасында өзін аман-есен босандырып, нәрес­телеріне өмір сыйлаған ғылыми ор­талықтың басшыларына, дәрігер­ле­ріне жүрек­жарды ықыласын біл­ді­ріп, олардың осы қамқорлығына рахметін жауды­рып та үлгерді.

— Партияның балаларға арнал­ған бағдарламасы бойынша тек бү­гін­гі акциямен ғана шектеліп қой­май, өткен аптада 300 баланы дем­алыс лагеріне жібердік, — дейді “Нұр Отан” партиясы Алматы қа­ла­лық филиалы төрағасының бірінші орын­басары Серік Бейсеков. — Сондай-ақ балалар колониясында тәрбие­ле­ніп жатқан, кезінде бала­лық­пен заң бұзып, қателікке ұрын­ған 67 балаға қамқорлығымызды көрсетіп, футбол турнирін өткізіп бердік. Дарынды балаларға шәкіртақы белгілеп, олардың алаңсыз оқуына жәрдемімізді тигізудеміз.

Еліміздегі ана мен бала денсаулы­ғын қорғауда аянбай еңбек етіп келе жатқан аталмыш орталықтың ди­рек­торы, медицина ғылымдарының док­торы Нағима Мамедалиева елімізде балалар санының 2000 жылмен са­лыс­тыр­ғанда 80 мыңға өскенін, нәресте өлімінің де кеміп, оның есесіне үш, одан да көп бала сүйгісі келетін от­ба­сы­­лар мен көп жылғы жүкті­ліктен кейін жасы келген әйел­дердің бо­са­нуы­ның да артып отырғанын жеткізді.

Орталықта босанған аналарға жеке-жеке кіріп, балаларды қорғау мерекесімен құттықтаған С.Бей­се­ков үшем босанған Әсем Жарты­баеваға алдағы уақытта пәтер мәселесін шешуге көмектесуге уәде етті.

 

Суретте: “Нұр-Отан” партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Бейсеков пен АГПҒО-ның директоры Нағима Мамедалиева үшемнің анасы Әсем Жартыбаевамен бірге.

 

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат