Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-06-02:

ҚАРҚЫНДЫ ІСТЕРГЕ ХАЛЫҚ КУӘ

 

Еліміздің оңтүстік өлкесі халқы көп, ауа-райы мал-жанға жайлы, берекелі өңір екенін бүкіл жұртшылық жақсы біледі. Былтырғы жылы сол өңірдегі жас сәбилер кездейсоқ кеселге шалдыққанда қоғамдық пікірдің өршіп, көпшіліктің өре түрегелгені де тегін емес.  “Қаймағы бұзылмаған ортада СПИД емін-еркін “көлбеңдесе”, қалғанымыз қайтеміз?” деген үрей еді ол. Дегенмен, ол үрей қазір сейілгендей. Үкімет қолдан келген көмегін жасап жатыр. Оның үстіне болған іске болаттай беріктік танытатын қасиетіміз тағы бар. Міне, сол оңтүстік өлкені жақында аралап қайтудың сәті түсті. Ондағы мақсатымыз – Оңтүстік Қазақстан облысы медицинасының жалпы жағдайымен танысу, Елбасы Жолдауында айтылған жүз аурухана салу мәселесінің бүгінгі жайын білу еді.

 

Президенттің биылғы Жол­дауы­ның жиырма бірінші бағыты — медициналық қызмет көрсету са­­пасын жақсарту және ден­сау­лық сақтаудың жоғары техно­ло­гия­лық жүйесін дамытуға ар­нал­ған. Онда ана мен бала өлімінің көр­сет­кіш­терін төмендетуге, ту­бер­кулезбен сырқаттану және АҚТҚ\ЖҚТБ дертіне шалдығу­дың етек алуын тежеуге ба­ғыт­тал­ған бағдарла­ма­лар әзірлеу керек­тігі, дәрігерлер мен медицина қыз­меткерлерін оқыту, аттес­та­ция­лау мен даяр­лау­дың халық­ара­лық стандарт­тары­на жедел қар­қын­мен көшу, халықтың қолы же­терлік меди­ци­налық және ме­дициналық сақ­тан­дыру қызмет­тері­нің бәсекелестік рыногын дамыту егжей-тегжейлі баяндалып еді. Оңтүстік өлкесінде Жолдауда жазылған мәселелердің орындалу барысын бір мақалада қамту мүм­кін емес. Дегенмен, кө­зі­мізбен көрген біршама жәйтті әңгіме өзегіне айналдыруды жөн көрдік.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөке­ев­тің пәрменімен 2007 жыл Оң­түс­тік Қазақстан облысы бойынша денсаулық сақтау жылы деп жа­рия­ланыпты. Былтырғы трагедия­ға байланысты әкімшілік ден­сау­лық сақтау саласына айрықша кө­ңіл бөліп отыр екен. Оның бір­ден-бір дәлелі ретінде 22 медици­на­лық нысанның күрделі жөн­деу­ден өткізіліп жатқанын айтуға бо­лады. Тек қана осы мақсатқа бес миллиардқа жуық қаржы жұм­сал­мақ. Денсаулық сақтау депар­та­ментінің бастығы Вячеслав Дуд­никке жолыққанымызда, ол: “Облыс бойынша медициналық нысандарды күрделі жөндеу жұ­мыс­тары басталып кетті. Одан кейін көптеген ауруханаларға жаңа технологияларды ендіру, құ­рал-жабдықтарын жаңалау мін­дет­тері тұр. Бұл үшін республи­ка­лық бюджеттен 2,2 млрд. теңге, облыстық бюджеттен 469 млн. тең­ге бөлінді. Ал мамандардың бі­ліктілігін көтеруге қажетті 46 млн. теңге облыстық бюджеттен алынады.

Жолдауда айтылған жүз ауру­хананың жетеуі Оңтүстік Қазақстан облысында бой көтермек. Нақты айтқанда, 2008 жылдан бастап, Шымкент және Түркістан қала­ларын­да көпсалалы балалар ауруханасының екеуін, облыс орталығында 500 адамға дейін қабылдайтын үш емхана, Ленгір қаласында 150 орындық аурухана, сондай-ақ, Шымкент қаласында жылына 20 мың тонна қан даяр­лайтын облыстық қан орталығын салу жоспарланып отыр. Осы жылы демеушілердің жәрдемімен орталық залалсыз­дан­дыру кешені­нің құрылысы баста­лып кетті. Бұл Қазақстанда ғана емес, ТМД ау­ма­ғындағы алғашқы кешен бол­мақ. Респуб­лика бой­ын­ша дүние­ге келетін әрбір төртінші сәби Оңтүстік Қазақстанның үлесіне тиетінін ес­кер­сек, бұл жақта пер­зент­хана­лар­ға деген қажеттілік ерекше қа­перде тұруы тиіс. Дәл осы жылы Шымкент қаласында тағы бір перзентхананың іргетасы қалан­бақ”, — деді.

Кешенді жұмыстардың едәуір парасы күрделі жөндеумен тығыз байланысты болғандықтан, Шым­кент қаласындағы жөндеуден өтіп жатқан бірқатар нысандарға ат басын бұрып, ондағы жағдай­лар­ды көзімізбен көріп, бас дәрі­гер­лері­мен ауызба-ауыз сөйлесуді мақұл көрдік. Алғашқы нысан – Шымкент қалалық жедел-жәрдем ауруханасы еді. Күрделі жөндеу­ден өтіп жатқаны алыстан “мен­мұн­далап” тұр. Бір айта кететін жәйт, 1980 жылы салынып, пай­далануға берілген аурухана содан бергі 27 жылдың ішінде бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпеген екен. Аурухананың бас дәрігері Марат Шаловтың айтуынша, ересектерге жедел жәрдем көрсе­тетін бірден-бір аурухана осы болса да, көңіл бөлінбегені себепті, соңғы жылдарда құрал-жабдықтар ескіріп, құбырлар тозып, жылу жүйесі істен шығып, бір сөзбен айтқанда, ауру­ханадағы жағдайдың қиюы қа­шып­ты. Былтыр Елбасы Н.Назарбаев қаладағы емдеу мекемелерін арала­ғанда, осы ауру­ха­надағы жағдаймен де таныс бо­лып, күрделі жөндеуден өткізуді облыс басшысына тапсыр­ған екен. “Бізде жүз пайыздық күр­делі жөндеу жүргізілуде. Оған рес­публикалық бюд­жеттен 780 миллион теңге бөлін­ді. Тендерді жеңіп алған “Астана­трансқұрылысмонтаж” фирмасы бірінші сәуірден бері іске кірісіп кетті. Құдай қаласа, қазан айында бастан-аяқ әрленіп-сырланған ғи­ма­ратта жұмысымызды жалғастыратын боламыз. Әзірше аурухананың үш бөлімшесін келісім-шартпен басқа ме­кемелерге көшірдік. Жедел-жәр­дем ауруханасы туралы айтатын болсақ, мұнда 722 қызметкер еңбек етеді, 420 науқасқа арналып салын­ған”, – дейді аурухананың бас дәрігері.

Ал қаладағы 4-ші перзентханаға барғанымызда бізді бас дәрігер Рахима Нәлібаева мен жөндеу жұмыстарының басшыларының бірі Жұмабек Сейдуалиев қарсы алды. Рас, бұл жерден біз тек жұмыс­шы­ларды ғана кездестірдік. Сөйтсек, 105 орындық перзентхананы қа­ла­дан 23 шақырым жердегі Сайрам ауда­­ны­ның ауылдық аурухана­лары­ның біріне көшіріп жіберіпті. Мұнда да күрделі жөндеудің жүргізіл­ме­ге­ніне біраз жыл өткен. Яғни, 1989 жылы салынған терапия бөлімі қа­ла­да жүк­ті әйелдер көбейіп, ауру­ханалар­да орын жетіспегендіктен, перзент­ханаға беріледі. Оның босанатын әйелдерге арналмағаны да басшы­лық тарапынан ескерусіз қалыпты. “Бұл он жеті жылдан бергі алғашқы жөндеу. Түгелімен ре­конструкция жасалады деп отыр­мыз. Туу бөлім­ше­лері мен операция блогы бұрын­дары бірінші қабатта болса, енді екінші қабатқа көші­ріледі. Осы жолы перзентханамыз барлық стан­дартқа сай болмақ. Республикалық бюджеттен 132 миллион теңге бөлінді. Қыркүйектің соңына дейін жөндеу жұмыстары аяқталады”, — дейді бас дәрігер Рахима Нәлібаева. Қалада бар-жоғы үш перзентхана барын ескерсек, оның бірі Сайрам ауданына көші­рілгенімен, бас дәрі­гер одан еш­қандай қиындық тумай­тынын айтады. “Сайрам қаладан алыс емес, оның үстіне жедел-жәрдем бар. Толғақ қысқан әйелдің жағдайы өте нашар болса, өзге перзент­хана­лар­мен арадағы келісім-шарттары­мызды пайдаланамыз. Әйелді қа­ладағы перзентханаға орналастыра­тын боламыз”, — дейді ол.

Шымкент қаласында орналасқан облыстық клиникалық аурухананы күрделі жөндеуден өткізу үшін бюд­жеттен 931 миллион теңге қарасты­ры­лыпты. Аурухананың бас дәрі­герінің орынбасары Сәуле Баялиева жөндеу жұмыстарының бірінші қазанға дейін аяқталатынын айтты. Дегенмен, биыл 7 корпустың бәрін жөндеуден өткізіп үлгермейтін­дік­тен, қабырғаларынан бастап құрал-жабдықтарына дейін жаңартыла­тыны төртеу екен. Сол мақсатта 566 миллион теңге игерілмек.

Осы 2007 жыл облыстың ден­сау­лық сақтау саласы үшін маңызды болмақ. Облыста 22 нысан күрделі жөндеуден өткізілу үстінде десек, оның ішінде облыстық балалар ау­руханасы, “Ана және бала” облыс­тық орталығы, сондай-ақ, облыс­та­ғы барлық аудандық ауруханалар ғимараттары бар. Әрине, олардың бәрін аралап көруге мүмкіндігіміз бол­мады. Дегенмен, олардағы жөн­деу жұмыстары да біз көрген меке­мелердегі сияқты жедел қарқынмен жүріп жатқандығынан хабардар болдық.

Республикамызда әрбір төр­тінші сәбидің Оңтүстік Қазақстан облы­сында дүниеге келетінін жо­ғарыда айттық. Осы тұрғыдан кел­генде, өңірдің еліміздің демо­графиясына ерекше үлес қосып жатқаны белгілі. Қалай болғанда да, бұған қазақы ғұрпымыздың әсері тиетін сияқты. Сонау бір жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының ең халқы көп аймағы – Түркістанда уақыт талабына сай перзентхана салынып жат­қа­ны туралы еститінбіз. Оның құ­ры­лысының ұзаққа созылып кет­кенінен де хабардар едік. Түр­кіс­танды даралап айтып отырған се­бе­біміз, 200 мың халқы бар қа­лада осы уақытқа дейін бірде бір перзентхана жоқ болатын. Тек қалалық аурухана мен жекемен­шік “Талғат” клиникасында ғана әрқайсысында 40 орындық әйел­дер босанатын бөлімшелер бар-тын. Ал перзентхана салу туралы мәселе­нің көтерілуіне соңғы жылдарда халық санының күрт өсуі себеп болғаны да анық. Біз сол Түркіс­тан қаласында құрылыс жұмысы аяқталып, биыл пай­да­лануға беріл­ген жалғыз перзент­хананы арнайы барып көрдік. Перзент­хана жап-жаңа. 120 адамға арналып салынған ғима­рат­та бо­са­натын бөлімшеден бас­қа, әйел­дер кон­сульта­циясы, пато­логия, стомо­то­логия, терапия каби­нет­тері жұ­мыс істейді екен. 32 акушер-гине­колог жүкті әйел­дерге қызмет көр­сетеді. Перзент­ханада жалпы 280 адам жұмыс іс­тейді. Мұндай көрнекті ғимарат­тың бой көте­руіне бас дәрігеріміз Талғат Ибраев­тың үлесі зор. Құрылыс тоқ­тап тұрған кезде оның өз қар­жысын аударған кездері де болды. Дегенмен, бұл жалғыз перзент­хана жылдан-жылға саны көбейіп келе жатқан Түркістан халқы үшін аздық етеді. Осында тағы бір перзентхана салыну керек деп ойлаймын”, — дейді бас дәрігердің орынбасары Гүлайша Ерназарова. Дегенмен, әйелдердің денсаулығы туралы әңгімелеген профессор Раушан Нұрқасымованың (Ясауи атын­дағы ХҚТУ-дің акушерлік және гинекология кафедрасының меңгерушісі) сөзінен кейін кәдім­гідей ойланып қалдық. “Өлкеде тууға қабілетті 51 мыңнан аса әйел бар. Бірақ соның басым бөлігі 5-ші, 6-шы баланы босан­ған әйелдер. Бұл олардың ден­сау­лығының өте төменгі деңгейде болатынын көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, денсаулығы бар әйел­дер­дің саны 20 пайызға да жет­пейді. Сондықтан бірінші кезекте оларды емдеу мәселесі тұру керек деп ойлаймын. Бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылу үшін сол елдердегі жағдайға жетуіміз керек. Мысалы, батыстың барлық елдерінде бала тууға қабілетті әйел­дердің 50-60 пайызының денсаулығы өте жақсы деңгейде болады. Сосын перзентханада ыстық су мәселесінің шеші­л­ме­ге­ні менің жаныма батады. Әрине, ол Түркістанның кезек күттірмей­тін мәселелерінің бірі. Дегенмен, қазақ-түрік университетінің жа­нындағы “Мағжан” қалашығынан үлгі алуға болады ғой”, — деді профессор.

Жалпы алғанда, Түркістан қа­ласында 32 медициналық мекеме бар екен. Солардың ішінде бірін­ші кезекте қалалық орталық аурухананы күрделі жөндеуден өткізу үшін облыстық бюджеттен 200 миллион теңге бөлінген. Қалғандарын күрделі жөндеуден өткізбесе де, азып-тозып кеткен құралдарын жаңарту үшін облыстық бюджеттен 42 млн. теңге бөлініп, осы жылы біраз аурухана мекемелерінің “иіні жылтырайтын” сияқты. Сосын мұндағы тағы бір жетістік – 4-5 жылдан бері салынып жатқан тубдиспансердің құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілмек. Ал “жүз аурухананың” шеңберін­де салынатын балалар ауруханасы туралы айтуға әлі ерте. Өйткені, құрылыс жұмысы басталмаған. Бұл мәліметтерді қалалық меди­ци­налық статистика бөлімінің бастығы Өтеміс Бигелдиевтен алдық.

Аурухана-дәрігер-науқас үш­тігі арасындағы мәселелерді рет­теу, сөйтіп, халықтың денсаулы­ғын жақсартуға ұмтылу – адами­лыққа негізделген қоғам құрудың алғышарты болса керек. Ендеше, 2007 жылда ерекше қарқынмен басталған игі шаралардың бар­лығы жалғасын табарына сені­міміз кәміл.



Авторы: Айгүл СЕЙІЛОВА.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат