Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-06-05:

Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы

Қазақстан Республикасының   мемлекеттік нышандары туралы

 

“Қазақстан Республикасының мемлекеттік

нышандары туралы” 2007 жылғы 4 маусымдағы №258-ІІІ Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына 1-ҚОСЫМША

 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы

 

Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы” 2007 жылғы 4 маусымдағы №258-ІІІ Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына  2-ҚОСЫМША

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы

Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы” 2007 жылғы 4 маусымдағы №258-ІІІ Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына 3-ҚОСЫМША

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің музыкалық редакциясы

Әннің авторы Шәмші Қалдаяқов

 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтіні

 

Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев

 

Алтын күн аспаны,

Алтын дән даласы,

Ерліктің дастаны,

Еліме қарашы!

Ежелден ер деген,

Даңқымыз шықты ғой.

Намысын бермеген,

Қазағым мықты ғой.

 

Қайырмасы:

 

Менің елім, менің елім,

Гүлің болып егілемін,

Жырың болып төгілемін, елім!

Туған жерім менің – Қазақстаным!

 

Ұрпаққа жол ашқан,

Кең байтақ жерім бар.

Бірлігі жарасқан,

Тәуелсіз елім бар.

Қарсы алған уақытты,

Мәңгілік досындай.

Біздің ел бақытты,

Біздің ел осындай!

 

Қайырмасы:

 

Менің елім, менің елім,

Гүлің болып егілемін,

Жырың болып төгілемін, елім!

Туған жерім менің – Қазақстаным!

 

Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы

 

Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы

1-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК НЫШАНДАРЫ

 

1-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары

 Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Гимн Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары болып табылады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлі­гінде “Қазақстан” деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ “Қазақстан” деген жазу – алтын түстес.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гим­ні – осы Конституциялық заңда көзделген жағдайларда орындалатын музыкалық-поэтикалық туынды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының эталон­да­ры Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясында сақталады.

2-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттік нышандарының пайдаланылуын реттейтін заңнама

Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандарын орналастыру және пайдалану тәр­тібі Қазақстан Республикасының Конституция­сын­да, осы Конституциялық заңда және Қа­зақ­стан Республика­сының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

3-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандарын бекіту

Мыналар:

1) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының бейнесі (осы Конституциялық заңға 1-қосымша);

2) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаң­басының бейнесі (осы Конституциялық заңға 2-қосымша);

3) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимні­нің музыкалық редакциясы мен мәтіні (осы Конституция­лық заңға 3-қосымша) бекітілсін.

 

2-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТУЫ

4-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын пайдалану тәртібі

1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мынадай орындарда міндетті түрде көтеріледі (тігіледі, орналастырылады):

1) Қазақстан Республикасының Президенті Резиденциясының, Парламентінің, Сенат пен Мәжі­лістің, Үкіметтің, министрліктердің, Қа­зақ­стан Республикасы Үкіметінің құрамына кір­мейтін орталық атқарушы органдардың, Қазақ­стан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің, Конституциялық Кеңестің, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен жергілікті соттарының, жергілікті өкіл­ді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мемлекеттік ұйымдардың ғимарат­тарында, сондай-ақ Қа­зақ­стан Республикасы елшілік­терінің, халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкілдік­терінің, сауда өкілдіктерінің, шетелдегі басқа да ресми меке­мелерінің, шетелдегі мекемелерінің басшылары резиденцияларының ғимараттарында және сол мемлекеттің протоколдық практикасына сәйкес көлік құралдарында — ұдайы;

2) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті пала­та­лары төрағаларының, Премьер-Министрдің, Мем­лекеттік хатшының, Конституциялық Кеңес Төрағасының, Қазақстан Республика­сы­ның Жоғарғы Соты Төрағасының және жергі­лікті соттары төрағаларының, Орталық сайлау ко­миссиясы Төрағасының, Қазақстан Респуб­ли­касының Адам құқықтары жөніндегі уәкі­лі­нің, министрліктердің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық ат­қару­шы органдардың, Қазақстан Республикасының Прези­дентіне тікелей бағынатын және есеп бе­ретін мемлекеттік органдардың, олардың ведом­ство­лары мен аумақтық бөлімшелерінің басшы­лары­ның, жергілікті өкілді және атқарушы ор­гандар басшы­ларының, Қазақстан Республика­сы­ның шетелдегі мекемелері басшыларының кабинеттерінде — ұдайы;

3) Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің бірлескен және бөлек отырыстары, Қазақстан Республикасы Парла­менті палаталарының, Үкіметтің үйлестіру және жұмыс органдарының отырыстары өтетін зал­дар­да, Қазақстан Республикасы Конституция­лық Кеңесінің отырыс залдарында, Қазақстан Рес­публикасы Жоғарғы Сотының және жер­гі­лік­ті соттарының сот мәжілісі залдарында, ор­та­лық, жергілікті өкілді және атқарушы орган­дар­дың, Қазақстан Республикасының Прези­ден­тіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың алқа отырысы зал­да­рын­да, Қазақстан Республикасының мемле­кет­тік және үкіметтік наградалары тапсырылатын залдарда, Қазақстан Республикасының шетел­дегі мекемелерінің қабылдау залдарында, сондай-ақ бала тууды және некені тіркейтін үй-жайларда — ұдайы;

4) мемлекеттік органдардың ғимараттарында алғаш ашылған кезде, салтанатты жағдайда;

5) егер халықаралық құқық нормалары мен Қа­зақстан Республикасының халықаралық шарт­тарында көзделген болса, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президенті­нің, Қазақстан Респуб­ликасының Парламенті палаталары төраға­лары­ның, Қазақстан Республикасы Премьер-Ми­нистрінің және олардың өкілетті өкілдерінің қатысуымен халықаралық форумдар өтетін ғимараттарда немесе үй-жайларда;

6) ресми адамдар ретінде Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті, Қазақстан Республи­ка­сы­ның Парламенті палаталарының төрағалары, Қазақстан Республикасының Премьер-Ми­нис­трі мінген теңіз кемелерінде, ішкі жүзу кеме­лерінде және басқа да қатынас құралдарында;

7) Қазақстан Республикасында тіркелген ке­мелердің бұлқынындағы ту ретінде — белгі­лен­ген тәртіппен;

8) Қазақстан Республикасының әскери ко­рабльдері мен кемелерінде — әскери жарғыларға сәйкес;

9) Қазақстан Республикасы Қарулы Күш­тері­нің әскери құрамаларында, бөлімдерінде, бөлімшелерінде және мекемелерінде, басқа да әс­керлері мен әскери құралымдарында — Қа­зақ­стан Республикасының ұлттық және мем­ле­кет­тік мерекелері күндерінде, ант қабылдау кезінде;

10) мемлекеттік органдар, мемлекеттік ұйым­дар, сондай-ақ өзге де ұйымдар өткізетін рәсім­дер, салтанатты және спорттық іс-шаралар кезінде;

11) жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта, кәсіптік жоғары және жоғары оқу ор­ны­нан кейінгі кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында – жаңа оқу жылының ашылу және оқу жылының аяқталу рәсімдері кезінде;

12) Қазақстан Республикасына мемлекеттік және ресми сапарлармен келген шет мемлекет­тер­дің мемлекет басшыларымен, парламенттері мен үкіметтерінің басшыларымен кездесу кезінде.

Қарулы Күштердің әскери құрамаларында, бөлім­дерінде, бөлімшелерінде, мекемелерінде және басқа да әскерлер мен әскери құра­лым­дар­да Мемлекеттік Туды пайдалану (тігу, орна­лас­тыру) тәртібі жалпы әскери жарғыларда айқындалады.

Ғимараттарға тұрақты тігілген Мемлекеттік Туға тәуліктің қараңғы мезгілінде жарық түсіп тұруға тиіс.

Мемлекеттік Ту басқа да ғимараттарда (үй-жайларда) олардың иелерінің еркі бойынша көтерілуі (тігілуі) мүмкін.

2. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының бейнесі міндетті түрде:

1) Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламенттің, Үкіметтің, министрліктердің, Қа­зақ­стан Республикасы Үкіметінің құрамына кір­мейтін орталық атқарушы органдардың, Қазақ­стан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік ор­ган­дардың және олардың ведомство­лары мен аумақтық бөлімше­лерінің, Қазақстан Респуб­ли­касы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және жер­гі­лік­ті соттарының, жергілікті өкілді және ат­қарушы органдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемеле­рінің веб-сайттарында Қазақстан Республикасының Үкі­меті айқындайтын тәртіппен;

2) Қазақстан Республикасының әуе ке­ме­лерінде, сондай-ақ ғарыш аппараттарында орналастырылады.

Мемлекеттік Тудың бейнесі өзге де мате­риалдық объектілерде орналастырылуы мүмкін.

3. Мемлекеттік Ту оның көлеміне қара­мас­тан мемлекеттік стандартқа сәйкес келуге тиіс.

Мемлекеттік Ту мемлекеттік стандартқа сәй­кес келмеген жағдайда ол Қазақстан Респуб­ли­касының Үкіметі айқындайтын тәртіппен ауыстырылуға және жойылуға тиіс.

Мемлекеттік Тудың бейнесін қоғамдық бірлес­тіктер мен басқа да ұйымдар туларының геральди­калық негізі ретінде пайдалануға болмайды.

Мемлекеттік Тудың бейнесі Қазақстан Рес­публикасы мемлекеттік наградаларының, Ұлттық Банк банкноттары мен монеталарының элементі немесе геральдикалық негізі ретінде пайдаланылуы мүмкін.

4. Ұлттық аза тұтуға байланысты Мемле­кеттік Ту ұлттық аза тұту мерзімі ішінде тутұғыр биіктігінің жартысына дейін төмен түсіріледі.

5-бап. Қазақстан Республикасының Мемле­кет­тік Туын және басқа да туларды Қазақ­стан Республика­сының  аумағында бір мезгілде пайдалану

1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын шет мемлекеттердің, қоғамдық бірлес­тік­тердің және басқа да ұйымдардың туларымен бір мезгілде көтергенде (тіккенде, орналас­ты­р­ған­да) Қазақстан Республикасының Мем­ле­кет­тік Туының көлемі басқа тулардың көлемінен кіші болмауға тиіс.

Бұл ретте Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік Туы басқа тулардан төмен ор­на­ласты­рылмайды.

2. Қоғамдық бірлестіктердің және басқа да ұйымдардың тулары Қазақстан Республи­ка­сы­ның Мемлекеттік Туымен бірдей болмауға тиіс.

 

3-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ЕЛТАҢБАСЫ

6-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын пайдалану тәртібі

1. Мемлекеттік Елтаңба міндетті түрде:

1) Қазақстан Республикасы Президенті Резиденциясының, Парламенттің, Сенат пен Мә­жілістің, Үкіметтің, министрліктердің, Қа­зақ­стан Республикасы Үкіметінің құрамына кір­мейтін орталық атқарушы органдардың, Қазақ­стан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік ор­ган­дардың, олардың ведомстволары мен аумақ­тық бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Респуб­ли­касының Жоғарғы Соты мен жергілікті сот­та­рының, Қарулы Күштердің әскери құрама­ла­ры­ның, бөлімдерінің, бөлімшелері мен мекеме­лерінің, басқа да әскерлер мен әскери құра­лым­дардың, жергілікті өкілді және атқарушы орган­дардың ғимараттарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы елшіліктерінің, халықаралық ұй­ым­дардағы тұрақты өкілдіктерінің, сауда өкіл­дік­терінің, шетелдегі басқа да ресми мекеме­лерінің, шетелдегі мекемелері басшылары резиденция­ларының ғимараттарында — ұдайы;

2) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті палата­ла­ры төрағаларының, Премьер-Министрдің, Мемлекеттік хатшының, Конституциялық Кеңес Төрағасының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының және жергілікті соттары төрағаларының, Орталық сайлау ко­мис­сиясы Төрағасының, Қазақстан Республика­сы­ның Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің, ми­нис­трліктердің, Қазақстан Республикасы Үкі­метінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Прези­денті­не тікелей бағынатын және есеп бере­тін мемлекеттік органдардың, олардың ве­домстволары мен аумақтық бөлімшелерінің бас­шыларының, жергілікті өкілді және атқарушы органдар басшы­ларының, Қазақстан Республи­ка­сының шетелдегі мекемелері басшыларының кабинеттерінде — ұдайы;

3) Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің бірлескен және бөлек отырыстары, Қазақстан Республикасының Парламенті палаталары­ның, Үкіметтің үйлестіру және жұмыс органдарының отырыстары өтетін залдарда, Конституциялық Кеңес­тің отырыс залдарында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және жергілікті соттарының сот мә­жілісі залдарында, орталық, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, Қазақстан Рес­публикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың алқа отырыстары залдарын­да, Қазақстан Рес­пуб­ликасының мемлекеттік және үкіметтік награ­далары тапсырылатын залдарда, Қазақ­стан Республикасының шетелдегі мекемелерінің қа­был­дау залдарында, сондай-ақ бала тууды және некені тіркейтін үй-жайларда — ұдайы орналастырылады.

Қарулы Күштердің әскери құрамаларында, бөлімдерінде, бөлімшелерінде, мекемелерінде және басқа да әскерлер мен әскери құралым­дарда Мемле­кеттік Елтаңбаны орналастыру тәртібі жалпы әскери жарғыларда айқындалады.

2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесі міндетті түрде:

1) Қазақстан Республикасының Президенті мен оның Әкімшілігінің, Парламенттің, оның палаталары мен олардың аппараттарының, Қа­зақ­стан Республи­касының Парламенті пала­та­ла­ры Бюроларының, Үкіметтің және Премьер-Министр Кеңсесінің, министрліктердің, Қазақ­стан Республикасы Үкіметінің құрамына кір­мей­тін орталық атқарушы органдардың, Қазақ­стан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік ор­ган­дардың, олардың ведомстволары мен ау­мақ­тық бөлім­ше­лерінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Жоғарғы Соты мен жергілікті сот­тары­ның, Қарулы Күштердің әскери құрама­лары­ның, бөлімдерінің, бөлімшелері мен меке­мелерінің, басқа да әскерлер мен әскери құра­лым­дардың, жергілікті өкілді, атқарушы орган­дардың және өзге де мемлекеттік ұйымдардың мөрлері мен құжаттарының бланкілерінде;

2) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Үкіме­ті­нің, Конституциялық Кеңесінің және Жоғарғы Сотының ресми басылымдарында;

3) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің банкноттары мен монеталарында, Қазақстан Рес­публикасының мемлекеттік бағалы қағаз­дарында;

4) Қазақстан Республикасының азаматта­ры­на берілетін жеке куәлікте, туу туралы куәлікте, пас­портта және өзге де паспорттарда, мемле­кет­тік органдар мен мемлекеттік ұйымдар қызмет­керлерінің қызметтік куәліктерінде;

5) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасына орнатылатын шекара бағаналарында;

6) Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламенттің, Үкіметтің, министрліктердің, Қа­зақ­стан Республикасы Үкіметінің құрамына кір­мейтін орталық атқарушы органдардың, Қазақ­стан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың және олардың ведомство­лары мен аумақтық бөлімшелерінің, Қазақстан Республи­ка­сы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Рес­публикасы Жоғарғы Сотының және жергі­лік­ті соттарының, жергілікті өкілді және ат­қару­шы органдардың, сондай-ақ Қазақстан Респуб­ли­касының шетелдегі мекемелерінің веб-сайт­тарында Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен орналастырылады.

Мемлекеттік Елтаңбаның бейнесі өзге де ма­териалдық объектілерде орналастырылуы мүмкін.

3. Мемлекеттік Елтаңба оның көлеміне қа­ра­мастан мемлекеттік стандартқа сәйкес келуге тиіс.

Мемлекеттік Елтаңба мемлекеттік стан­дарт­қа сәйкес келмеген жағдайда ол Қазақстан Рес­пуб­лика­сының Үкіметі айқындайтын тәртіппен ауыстыры­луға және жойылуға тиіс.

4. Осы Конституциялық заңда белгілен­ген­нен басқа жағдайларда мемлекеттік емес ұйым­дардың және олардың лауазымды адамдарының бланкілерінде, мөрлерінде және басқа да рекви­зит­терінде Қазақстан Республикасы Мемле­кет­тік Елтаңбасының бейнесін пайдалануға тыйым салынады.

Мемлекеттік Елтаңбаны қоғамдық бірлес­тік­тер мен басқа да ұйымдар елтаңбаларының ге­раль­дикалық негізі ретінде пайдалануға бол­май­ды.

Мемлекеттік Елтаңбаның бейнесі әскери немесе өзге де мемлекеттік қызмет атқаратын адамдар үшін белгіленген айырым белгілері мен нысанды киім үлгілерінде, Қазақстан Респуб­ли­касының мемлекеттік наградаларының элементі немесе геральдикалық негізі ретінде, сондай-ақ спортшылардың спорттық костюм­дері мен басқа да спорттық керек-жарақтарында пайда­ланылуы мүмкін.

7-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын  және басқа да елтаңбаларды Қазақстан Республикасының аумағында бір мезгілде пайдалану

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаң­басы мен шет мемлекеттердің елтаңба­ла­рын немесе қоғамдық бірлестіктің, басқа да ұйымның елтаңба­ларын (геральдикалық бел­гі­сін) бір мезгілде орналас­тырғанда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының көлемі басқа елтаңбалардың көлемінен кіші болмауға тиіс.

Бұл ретте Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік Елтаңбасы басқа елтаңбалардан (ге­ральди­калық белгілерден) төмен орналас­тырылмайды.

 

4-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ГИМНІ

8-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін пайдалану тәртібі

1. Мемлекеттік Гимн:

1) Қазақстан Республикасының Президенті қызметке кіріскен кезде – ол ант бергеннен кейін;

2) Қазақстан Республикасы Парламенті сессияларының ашылуы және жабылуы кезінде;

3) Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мерекелеріне, сондай-ақ өзге де салтанатты іс-шараларға арналған жиналыстар мен мәжілістердің салтанатты ашылуы кезінде;

4) телевизия және (немесе) радио хабар­ларын таратуды жүзеге асыруға лицензиясы бар бұқаралық ақпарат құралдарының теле- және радиобағдарла­малары эфирге шыққан кезде тәулік сайын, олардың хабар таратуы бастал­ғанда және аяқталғанда;

5) Қазақстан Республикасы халқының өміріндегі аса маңызды тарихи оқиғаларды атап өту құрметіне ескерткіштерді, монументтерді, құлпытастарды және басқа да ғимараттарды ашу кезінде;

6) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктері мен өзге де ұйымдары өткізетін рәсімдер, салта­нат­ты және спорттық іс-шаралар кезінде Қазақ­стан Республика­сының Мемлекеттік Туы көтерілген кезде;

7) Қазақстан Республикасына мемлекеттік не­месе ресми сапармен келген шет мемлекет­тер­дің басшы­ларын қарсы алу кезінде – тиісті шет мемлекеттің мемлекеттік гимні орын­дал­ғаннан кейін;

8) жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта, кәсіптік жоғары және жоғары оқу ор­ны­нан кейінгі кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылының ашылу және оқу жылының аяқталу рәсімдері кезінде, сондай-ақ өзге де салтанатты іс-шаралар өткізілген кезде;

9) Қазақстан Республикасының ұлттық (құрама) командасы қатысатын спорттық іс-ша­ралар өткізілген кезде орындалады.

2. Қарулы Күштердің әскери құрама­ларын­да, бөлімдерінде, бөлімшелерінде, мекемеле­рінде және басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда Мемле­кеттік Гимнді орындау тәртібі жалпы әскери жарғыларда айқындалады.

9-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындау тәртібі

1. Мемлекеттік Гимн көпшілік алдында орын­далған кезде қатысушылар оны орнынан тұрып айтады (тыңдайды), бұл ретте Қазақстан Республикасының азаматтары оң қолын жүрек тұсына қояды.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік орган­дары мен өзге де ұйымдары шет мем­лекеттер аума­ғында іс-шаралар өткізген кезде Мемлекеттік Гимн осы Конституциялық заңға, сондай-ақ сол мемле­кеттің заңнамасы мен протоколдық практикасына және жергілікті салт-дәстүрге сәйкес орындалады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты жағдайда көтеру және тігу кезінде Мем­лекеттік Гимн орындалады, бұл ретте қатысушылар жүздерін Туға қарай бұрады.

2. Мемлекеттік Гимнді оркестр, хор, оркестр мен хор орындайды не ол өзге де вокалдық және аспаптық түрде орындалады. Бұл ретте дыбыс жазу құралдары пайдала­нылуы мүмкін.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін ықшамдап орындауға жол беріледі.

3. Мемлекеттік Гимн бекітілген мәтіні мен музыкалық редакциясына дәлме-дәл сәйкестік­пен мемлекеттік тілде орындалады.

4. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтіні мен музыкалық редакциясын басқа музыкалық шығармалардың және өзге де өнер туындыларының негізі ретінде пайдалануға болмайды.

 

5-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ҚҰЗЫРЕТІ

10-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

Үкіметтің құзыретіне:

1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының осы Конституциялық заңда бекітілген мемлекеттік стандарттарға және олардың бейнелеріне сәйкес келетін эталондарын дайындау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;

2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттарға сәйкес келмейтін Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою ережелерін бекіту;

3) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін орналастыру ережелерін бекіту;

4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары саласындағы уәкілетті органды айқындау жатады.

11-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары саласындағы уәкілетті органдардың құзыреті

1. Техникалық реттеу және метрология саласын­дағы уәкілетті орган:

1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының мемле­кеттік стандарттарын әзірлейді және бекітеді;

2) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының эталон­дарын әзірлейді;

3) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын және Мемлекеттік Елтаңбасын дайындау жө­ніндегі қызметті лицензиялауды жүзеге асырады;

4) Қазақстан Республикасының заңнама­сында белгіленген тәртіппен лицензиаттың лицензияда көрсетілген талаптарды сақтауын бақылауды жүзеге асырады.

2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандарын пайдалану мәселелері жөніндегі уәкілетті орган:

1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттарға сәйкес келмейтін Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою ережелерін әзірлейді;

2) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республи­ка­сы­ның Мемлекеттік Гимнінің мәтінін орналас­тыру және пайдалану ережелерін әзірлейді.

12-бап. Жергілікті атқарушы органның құзыреті

Жергілікті атқарушы орган Қазақстан Республи­касы мемлекеттік нышандарының тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында пайдаланылуын (тігілуін, орналастырылуын) бақылауды жүзеге асырады.

 

6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

13-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандарына  құрметпен қарауды қалыптастыру

1. Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ Республика аумағында жүрген адам­дар Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышан­дарын құрметтеуге міндетті.

2. Азаматтыққа және отансүйгіштікке, өз Отаны – Қазақстан Республикасына деген сүйіс­пеншілікке тәрбиелеу, Қазақстан Рес­пуб­ликасының мемлекеттік нышандарын құрмет­теу­ді қалыптастыру, сондай-ақ олардың мәні мен маңызын түсіндіру мақсатында оларды оқы­ту жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта және кәсіптік жоғары білім беру ұйым­дарының негізгі жалпы білім беру бағдар­ламаларына енгізіледі.

Жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта және кәсіптік жоғары білім беру бағдар­ла­маларын іске асыратын білім беру ұйым­дарында арнайы оқшауланған көрнекті орынға ұдайы Мемлекеттік Ту тігіледі, Мемлекеттік Елтаңба не олардың бейнесі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мемлекеттік тілдегі мәтіні орналас­тырылады.

14-бап. Қазақстан Республикасының Мемле­кет­тік Туын,  Мемлекеттік Елтаңбасын дайындау

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Қазақстан Республикасының Мемле­кет­тік Елтаңбасын дайындау Қазақстан Респуб­ли­касының заңнамасында белгіленген тәртіппен берілген тиісті лицензиясы болған жағдайда жүзеге асырылады.

15-бап. Қазақстан Республикасының мем­лекеттік  нышандарын пайдалануды реттейтін  заңнаманы бұзғаны үшін жауаптылық

Осы Конституциялық заңның талаптарын бұза отырып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бей­нелерін пайдалану, сондай-ақ Қазақстан Республика­сының Мемлекеттік Гимнін орындау және оның мәтінін пайдалану не Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандарын қорлау Қазақстан Респуб­лика­сының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылыққа әкеп соғады.

16-бап. Осы Конституциялық заңды қолданысқа енгізу тәртібі

1. Осы Конституциялық заң ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

2. “Қазақстан Республикасының мемлекет­тік нышандары туралы” 1996 жылғы 24 қаң­тардағы Қазақстан Республикасы Конститу­ция­лық заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 1, 178-құжат; 1997 ж., № 12, 193-құжат; 2006 ж., № 1, 1-құжат)  күші жойылды деп танылсын.

 

Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ.

Астана, Ақорда, 2007 жылғы маусымның 4-і. №258-ІІІ-ҚРЗ



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат