Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-06-06:

“Жаһан Наме” дастаны және оның тарихи тағылымы

 

Түркі халқының рухани кеңістігінде, әр ғасырлар беле­сінде дүниеге  келген, бірақ бүгінгі күнге дейін өзінің тарихи-танымдық және көркемдік құн­дылығын жоғалтпаған мәдени жәдігерлеріміз аз емес. Солардың бірі — көрнекті мемлекет қай­раткері, әскери қолбасшы, тарих­шы, әдебиетші, ақын Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің 500 жылдан соң жарыққа шыққан “Жаһан Наме” дастаны. Мырза Мұхаммед Хайдар әлем рухания­тының тарихында ғылыми құн­дылығы өте жоғары “Тарих-и Рашиди” атты еңбек қалдырған ірі шығармашылық тұлға. Бұл ең­бек­те Орталық Азия халық­тары­ның тарихы, этнографиясы мен географиясы, тілі мен әде­биеті, мәдениеті терең тарихи арнада қарастырылады. Нақты тарихи деректер мен нақты тари­хи тұлғалар тағдырынан жазыл­ған бұл тарихи шежіре әлем тарихының алтын қазынасының төрінен орын алды десек, қате­леспейміз.

Осынау өзінің тарихи еңбе­гінен кейін Мырза Мұхаммед Хайдар “Жаһан Наме” атты әй­гілі, шығыстық үлгідегі, ең бастысы, түркілік дүниетаным биігінен ой толғайтын, даналық сөз айтатын классикалық, поэтикалық шығармасын дүниеге алып келді.

“Поэманың сюжеттік желі­сіне  үнді ертегі, дастандарының бірі негіз болған сияқты. Ав­тордың араб, парсы тілдерін жақсы білгендігін ескерсек, бұл ойдың негізділігі өзінен-өзі түсінікті болар.

Сонымен, поэманың негізгі оқиға желісі 115-бәйіттен баста­лады да әрі қарай динамикалы түрде дами бастайды.

Ертеде Самин деген қалада Шаһсауар атты патша болыпты. Екі жүз жылға таяу ғұмыр кешіп, жеті ықылым елді бағындырған әмірші төрт құбыласы түгел боп, ұлыс пен уалайат, қазына мен байлықтан кемшілік көрмесе де бір перзентке зар болады.

Қайғы жалынына қақталып, қасіреттен қан жұтқан патша мазар-мазараттарды аралап, әулие-әнбиелерге сыйына жүріп, бір Алладан перзент сұрап жалбарынады.

Ақыры патшаның дұға, міна­жаты қабыл болып, күндердің  күнінде дүниеге ұл келеді. Оған Фируз шаһ деп ат қойылады. Шаһ­зада эпостар мен ертегі­лердегі сияқты тез өсіп, жас ке­зін­де-ақ бар ғылымды меңгереді. Қолы боста аңға шығып, түлкі қуып, киік атады. Түндерінің көпшілігін ойын-сауық, көңіл көтерумен өткізеді. Қуанышты да шат өмір, сөйтіп, алаңсыз жалға­са береді”, – деп жазады ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі кіріспе сөзінде. Ары қарай дастанның келесі тарауларында осынау сю­жеттік фабула тарам-тарам арна­ларға бастап, автордың тақырып­тық-идеялық мақсатына сәйкес басқа да сандаған тарихи оқиға­ларды қамтып (ертегілік, аңыз­дық, қиял-ғажайып оқиғаларға табан тірей отырып), көркемдік шешім түйінін автор үлкен философиялық толғауларымен астастырады.

Дастанның тұтас, өне бойын­да ақын үнемі әрбір ірі-ірі тарихи оқиғаларға байланысты немесе поэмада суреттелетін, өрбіп оты­ратын көркемдік-поэтикалық оқиғалар түйінінде терең де ас­тарлы философиялық жинақтау­лар жасап отырады. Әрбір идея­лық-тақырыптық түйіндеулерін ой-парасат, иман-тағылым сабақтары­мен қорытындылайды. Күллі әлем­дегі игілік, байлық, қазына бар­лығы да бір Жаратқанның иелігінде деп ой түйеді.

Дастанның бас кейіпкері Фируз шаһтың әкесі Шаһсауар патша мен анасы Жаһанбану патшайым тағ­дырынан тарата отырып, тағдыр сыйы тек бір Алланың қолында екендігін пенделерге ұқтырады. Ұлынан айырылып, тауқымет кеш­кен, тағдыры тәлкекке түскен пат­шаның ең соңғы медет тілер тұсы ел, халық екендігін ақын астарлап жеткізеді. Арманына жету жолында әмірші халқына рахымды бола түседі. Әділдіктің ақ жолын таң­дайды. Жетім-жесірлерге, мұңды-мұқтаждарға көмек қолын созады. Азапта, қамығуда отырған кінәсіз тұтқындарға азаттық береді. Ендігі тағдырында тек қана рахымшылық, жақсылық, игілік, мейірбандықты таңдаған құдіретті әмірші қол астындағы күллі момындардың разылығын күтеді. Тазару жолы ханға да қараға да біреу, жалғыз. Ол Аллаға барар жол дегенді ұлы ойшыл, данышпан ақын тарихи шындық арқылы, философиялық-поэтикалық тілмен оқырманына әсерлі жеткізеді. Дастанның соңында өмірлік ғашығы, сүйген жары, Перизат Назбойдан айырыл­ған әмірші Фируз шаһ тағынан өзі бас тартып, тақуалық, дәруіштік жолға түсуге бел буады. Тағын тастап, алтын тәжден баз кешеді.

Поэманың соңғы бәйіттеріндегі:

Бали, ким ки Халиқ ризасин тилар,

Булур халқи ахвалидин бахабар.

(Кімде кім Жаратушының ризалығын тілесе,

Болар халқының халінен хабардар).

 

Аниң һалидин һәм ул агаһ ерур,

Йумуб ачқуча куз мурадин берур.

(Оның халін һәм Ол [Алла] біліп отырар,

Жұмып ашқанша көз, тілегін берер).

 

Валэ адами асру ғафлаттадур.

Тикиб кузни дунияга меһнаттадур.

(Бірақ адам көбінесе бейқамдықта ғой,

Тігіп көзін байлыққа азапта ғой).

 

Агар бандаси булса аниң била,

Аниң лотфу иһсанидин бе-геле

(Егер пендесі болса онымен [Жаратушымен],

Оған оның [Алланың] мейірім, жомарттығы көп болады), – деген жыр жолдары “Жаһан Наме” дас­танының идеялық асыл өзегіндей, күллі поэманың ой-парасат қай­нарындай әсер тастайды. Дастан­ның тақырыптық, идеялық, көр­кемдік түйінін де осы тұстан көре­міз. Елдік мұраттарды, ел қамын өте биік қоятын ақын сан қилы сюжеттік желілерді бір арнада тоғыстырған. Түптің түбінде ақиқат жолы Алла жолына бастайтынына ақын сенеді.

Адам тағдырының қас-қағым сәттік өткіншілігі мен жалған тір­шіліктің мәніне терең бойлайтын ақын поэтикалық метафора, айшықты  ой, даналық толғамдар арқылы және басқа да дастан жанрына сыйымды, қиял-ғажайып оқиғаларға құрылатын құнарлы көркемдік әдіс-тәсілдерге иек арта отырып, поэзиялық жаратылысы бөлек, тағылымдық-тәрбиелік ма­ңызы тереңге тартатын көп қырлы туынды келтіреді. Дастанның тари­хи мәні де, тарихи тағылымы да осында.

Кішкене шегініс жасап, кеңірек, тарата айтсақ, бұл дастанның тағы да бір құндылығы — ақын өз туын­дысында ұлы махаббат сю­жетін де арқау етеді. Әлем әдебиетіндегі, әсіресе шығыс әдебиетіндегі мәңгі­лік махаббат тақырыбы ұлы ақын­ның көркемдік қабылдауында өз эстетикалық биігімен, өзіндік дү­ние­танымдық ерекшелігімен көрі­неді. Сюжеттік құрылым: дастан­ның құлақкүйі, басталуы, шарықтау шегі, көркемдік шешімі, барлығы өзара жарасым тауып, іштей тұта­сып, көп қырлы рухани дүниенің болмыс-бітімін даралап, жарқырата көрсетеді. Осы тұста ақындық қол­таңба  анық аңғарылады. Поэ­ти­калық арнада ақынның, яғни ав­тордың философиялық ой-тол­ғам­дары, көркемдік-эстетикалық қа­был­даулары, метафоралық дүниета­нымы, барлығы біртұтас, кесек, тар­тымды көркемдік аяда жинақта­лады. Бұл поэманың фило­софия­лық астарының да  көп қат­парлы болуы, оқырманға ой салу сыры да осында жатыр. Тіршілік құпиясы пенде болмысымен тұтас, бірлікте танылады. Себебі, Алла­ның құді­реті, Пайғамбарлар өмірі де адам­дар тағдырымен сабақтас сөз бо­лады. Ақын дүниетанымы, пәлса­па­лық ұстанымы дастанның идея­лық өзегін анықтап, рухани арқа­уын ұстап тұр десек, қате­леспейміз.

Адамның фәни жалғандағы тіршілігі, тағдыр соқпағы, заман мен адам қарым-қатынасы, тарих пен тағдыр мәселесі, барлығы әлеуметтік-қоғамдық шындықпен терең сабақтастықта суреттеледі. Сондықтан да дастан оқиғасы шы­мыр, тартымды, әрі динамикалық түрде өрбиді. Поэтикалық теңеулер, метафоралық айшықтар, ең бас­тысы, ақынның көркемдік қабыл­дауының кең ауқымдылығы дастан ішінде заман шындығы мен адам­дар тағдырын терең астастырып бейнелеуге жол ашады.

Басты, өзекті тақырып – сүйіс­пеншілік, махаббат тақырыбы бол­ғанымен, осы арнада ақын өз уақы­тының, өз заманының, өз қоға­мының сан алуан тарихи оқиғала­рын да айналып өтпейді. Мансап, билік жолындағы әмірлер мен сұл­тандардың, бектер мен мырза­лардың әрқилы тағылым-тағдыры, мінез-құлқы, іс-әрекеттері де дас­танда желі тартады. Осы арқылы автор тарих таразысына жақсылық пен жамандықты, әділдік пен әділетсіздікті, қиянат пен рахым­шылықты қатар қойып, тағы да басқа адам болмысындағы  барлық қасиеттер құндылығын адамгер­шілік-гуманистік тұрғыдан ой тал­қысына салады. Өз үкімін айтады. Дастанның әлеуметтік астары, поэмада сөз болатын жалпы адамзаттық құндылықтар мазмұны, авторлық дүниетаным, ақынның азаматтық тұлғасы осы желілерде айрықша жарқырап көрінеді.

Поэманың алғашқы тараула­рын­да автор сол замандағы билеуші Әбу Бәкірдің шапқыншылық әрекеттерін әшкерелеп суреттейді. Ақын озбыр, қатыгез билеуші Әбу Бәкірге өз замандасы, Қашға­рияның билеушісі Саид ханның (1487-1533) ізгі істерін, әділет­тілігін, мейірім-шапағатын қарсы қояды. Әділ билеушінің образы Саид хан арқылы танылады.

Саид ханның кеңесшісі, ақыл­гөйі деңгейіне көтерілген Мырза Мұхаммед Хайдар осынау өзінің тарихи тағдырын дастан сюжетіне орнымен кіргізіп, өзінен бұрын тағдыр кешкен Үндістан билеушісі Махмұт Газнауи (997-1030) патша мен оның сарайындағы бас уәзірі, ақылгөйі Аяз тұлғасымен салыс­тырулар жасайды. Әр замандарда ел тағдырында игілікті із тастаған та­рихи оқиғалар арнасынан сабақ­тастық табады. Бұл жолдарда әр ғасырдың белесінде өз іс-әреке­тімен еліне, ұлтына шарапатын тигізген тарихи тұлғаларды мара­паттау, мадақтау сарынын аңға­рамыз. Қазақтың батырлық жырларында, қисса-дастандарында, шығыстық эпостарда ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан осынау поэтикалық арна бұл дастаннан да өз орнын тапқан. Саид хан да Мырза Мұхаммед Хайдарға өз мем­лекетінің ең жоғарғы, ең жауапты лауазымдарын сеніп тапсырған. Осы оқиғаларды ақын дастанда:

Еткен соң жақсылық, қайырым – бақытты,

Болып едім Махмұттың Аязы сияқты, – деген жыр жолдарымен бейнелейді.

Өз өмірінің осы кезеңін дастан авторы өзінің алдында жарық көрген “Тарих-и Рашиди” еңбе­гінде де төмендегідей суреттеп өтеді: “Ол әкелік сүйіспеншілікпен мені жетімдіктің қасіретінен құтқарып қамқорлығына алды және де мені жақсы көріп, маған беріл­гендігі сонша мен оның  інілері мен балаларының қызғанышына қалдым. Оның қасында тұрған 24 жыл ішінде мен білім алып, алыс пен жақынды таныдым, уайым-қамсыз тамаша күн кештім. Мен көркем жазу, сауатты жазып-сызу, өлең өнері, стилистика, сурет салу мен алтынмен әшекейлеу және басқа да кәсіптер бойынша өз құрбыларым арасында озып, ерекше шеберлік таныттым. Сон­дай-ақ, мемлекет істерін бас­қару мен жүргізу... түнгі жорық, атыс, соғыс, аң аулауды ұйым­дастыру мен жүргізу, қойшы әйтеуір мемлекет ісіне қажеттінің бәрінде де ол менің ұстазым әрі ақылшым болды”. Бұл тұста  ақын өмірінің бе­лесті кезеңдері де дастан сю­жетіне табиғи, іштей сабақтастықта кіргізіліп отырға­нын аңғарамыз. Осындай тұстар, яғни, ақын тағдырының белгілі белестері жалпы дастанның тұтас бойында іштей жарасым тауып, өрнектеліп отырады. Автор өз туындысы тарихи дастан болған­дықтан, көп жағдайда тарихи деректерге табан тіреп, өз зама­нының ірі-ірі тарихи оқиғала­рынан құнар алып отырады.

Дастанның тағы да бір құнды тұсы, қазақ ауыз әдебиетіндегі ғасырлар бойы арқауы үзілмеген көркемдік дәстүр, яғни дастан­дарымыздағы көп суреттелетін сюжеттік желілер – ұлы тұлғаларымызға, батырларымыз бен хандарымызға айтылатын мадақтау сарыны жанрлық ерекшелік ретінде  “Жаһан Наме” дастанында да арнасын бұзбаған. Автор өзіне дейінгі  қалыптасқан шығыс дәстүріндегі дастан жанрының канондарының шарттарын қатаң сақтай отырып, соны көркемдік ізденістермен өрнектейді. Өз заманының шын­дығын шынайы және поэти­калық аяда жеткізу мақсатында тақырыптық, стильдік және тілдік-көркемдік айшықтауларға қол ұрады.  Оны біз әсіресе ақынның бірде тарихи, енді бірде қиял-ғажайып оқиғаларды бірі­нен соң бірін төкпелетіп, маз­мұндап кететіндігінен (Перизат Назбой сұлудың шарттарын орын­дау мақсатында ханзада­ның, Фируз шаһтың қиял-ғажайып сюжеттерден тұратын оқиғаларды баяндауы, тақтың әңгімесі, үлкен бокалдың әңгі­месі, білте шамның әңгімесі, т.б.) немесе бірнеше ұнамды-ұнамсыз тарихи тұлғаларды қатар алып солардың іс-әрекетін, мінез-құлқын тарихи ауқымда кең, жан-жақты түйіндеп, топтап өрбітетін стилінен аңғарамыз. Түйіп айтқанда, дастанның сю­жеттік құрылымынан, тақырып­ты топтастыруынан, ең бастысы суреттеу, бейнелеу құралдарынан сонау б.з.д. VІІ-VІ ғасырларда, сақ дәуірінде дүниеге келген көне дастандарымыз “Алып Ер Тоңға”, “Шу батыр”, ғұн дәуі­рінен жазылған “Аттила” (Еділ патша) дастандарының, тіпті берідегі б.з. VІ-VІІІ ғасырла­рындағы Орхон-Енисей мұра­лары “Күлтегін”, “Тоныкөк” жыр­ларының дастандық арна­лары, көркемдік ерекшеліктері анық аңғарылады. Шығыстық қисса-дастандардың сюжеттік желілері де басқаша тарихи шын­дықтармен астасып биік, мәң­гілік дәстүрлік үлгілерде қайта­ланады.

Қорыта айтқанда, ұлы баба­мыз Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің осыдан бес ғасырға жуық бұрын жазылған құнды мұрасының қайта жарыққа шы­ғуы, ең бастысы, ана тілімізде тұңғыш рет жарық көруі, баба­ның бүгінгі тікелей мұрагерлері қазақ оқырманының қолына тиюі, қалың қазақ жұртының жүрегіне жол тартуы, айтулы оқиға деп есептеймін.



Авторы: Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат