Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-06-16:

Жаңа әлем — қандай әлем?

 

Қазақстан Рес­пуб­ликасының Пре­зиденті Нұр­сұлтан Назарбаев биылғы жылғы халыққа Жолдауын “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” деп атады. Еліміз­дің жаңа тарихи ке­зеңдегі даму стра­тегиясының өзекті де күрделі, ел дамуын айқындаушы отыз бағытын анықтап берді. Үкімет, барлық деңгейдегі билік орган­дары осынау тағдырлық маңызы бар стратегияны жүзеге асыруға кірі­сіп те кетті. Халық, яғни барлық әлеуметтік топтар да өз түсі­нік, танымына қарай қолдау көрсетуде. “Жаңа әлем” атты тар­тымды да арнасы мен маз­мұны кең айдардың ойланып, сараланып, қа­зіргі әлемдегі тың үрдістер мен құбылыс­тарды, саяси күштердің орналасуындағы, әлем елдері дамуындағы басым да шешуші бағыттарды мұқият ескере отырып беріл­гендігін енді түсіне бастадық. “Жаңа әлем” деген түсінік – жай ғана ұрымтал ұйқас, қо­ным­ды, мезгілдік сипаттағы, жайдақ ұраншыл сөз емес. Оның артында әлемдегі соңғы ширек ға­сырға жуық уақыттан бергі күрделі өзгерістердің ық­палы мен мазмұны, тіпті қай­шы­лық­тары мен қиын­дық­тары да тұрғанын білу, тану және сараптау абзал. Осы жерде ерік­сіз: “Жаңа әлем” деген түсінік нені білдіреді, әлем ға­сыр­­лар тоғысында қалай жа­ңар­ды, жа­ңарған әлемнің басты ерекшелігі неде, бұл әлемде Қазақстанның ор­ны қандай, өз үлесін қалай ала­ды деген қат­парланған, қосар­лан­ған, күрделі сұрақтардың болары тү­сінікті де табиғи. Еліміздегі ресми билік, саясаткерлер, әсіресе, Қа­зақ­стан Конституциясына таяуда енгізілген өзгерістер нәтижесінде Парламент арқылы елдің бүкіл саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірін бас­қаруға, оған ықпал етуге мол мүмкіндік алып, ұлт алдында жауапкершілігі еселеп артып отырған саяси пар­тия­лар­дың жетекшілері қандай мәселелерді алдымен қаперінде ұстап, ондағы қандай үде­ріс­тер мен құбылыстардың даму барысын үнемі талдап, табиғатын, қоғам дамуының қан­дай бағыт-бағдарын жете түсінуі керек? Бұл сұ­рақтар жай ғана, күн­де­лік­ті күйкі тірші­лік­тің сұрақ­та­ры емес екені тү­сінікті. Оның ар­­тын­да ел, ұлт, ұрпақ болаша­ғы тұрған, тағдыр­лық деп ата­латын сауалдар. Біз осы мақа­ла­да “жаңа әлем” деп айдар­лан­ған қазіргі заман­ның жалпы адамзат­тық сипаты мен маз­мұ­нындағы негізгі құбы­лыс­тар мен үдеріс­терге, оның, әсіресе, әлеуметтік-саяси, эко­ло­гия­лық және мәдени мәсе­ле­леріне, ондағы адам­ның орны мен мүддесіне талдау жасауға талпынбақпыз.

 

ЖаҢа Әлем түсінігіне талдау жасаған кезде біз ең алдымен оның қазіргі бүкіл болмыс-табиғатын, сипатын ашатын өзекті құ­бы­лыстарды, үрдістерді, басым бағыттарды ғана емес, сонымен бірге басты қатерлерді ашуға ұмтылуға тиіспіз. Өйткені, қазіргі жа­ңар­ған әлем тек ғылым мен техника­ның жетістіктері әкелген игілікті, гума­нис­тік қазына-құндылық­тардан ғана тұр­майды. Ол, сонымен бірге, әлемге сол ғы­лым мен техниканың табы­сы әкелген және жеке пенде мен саясат­керлердің, тіпт­і қайсыбір мәселелерде бүкіл мемле­кеттің эгоистік пиғылы мен мүддесінен туған ондаған қатерлер мен қауіптердің де нақтылы бой көрсетуімен сипатталады.

Жаңа әлем дегенде біз, ең алдымен күрделі, қайшы­лықты және күрт өзгермелі әлемде өмір сүріп отырғанымызды пайым­дап, түйсінуіміз керек. Осы жерде Абай данышпанның “Алдыңдағы келер заман көк тұман” деген тұжырымы еріксіз ойға түседі. Ойшылдың ХХ ғасырдың басында-ақ (1902 ж.) “Заман, шаруа, мінез күнде өзгереді” де­ген болжам-тұжырымы бүгінде жаңа дәуірдің басты шындығына айналып отыр. ХХІ ғасырдың адамзатқа берер сый-сыбағасының адам мен оның қауіпсіз, бейбіт өмірі үшін қызмет жасап, тарихтағы ең қатыгез, өте өзгермелі болған, адамзатқа екі жаһандық со­ғысты, жүздеген әлеуметтік-саяси қақты­ғыс­тар мен рево­лю­цияларды таңған”, “қия­нат­шыл дүние” (Абай) ХХ ғасырдың үрдіс­терін қайта­ла­мауы – әлемдік, бүкіл адамзаттық мүдде-мақсат.

Ал барша Қазақстан халқы, оның Пре­зиденті, Парламент пен Үкімет, тәуел­сіздік алғаннан бергі бүкіл ішкі және сыртқы саясат осы жалпыадамзаттық мүддеге ерекше ықыласты болып, соның аясында ұмтылыс жасап отырғаны – әлемге аян.

Сонда ХХІ ғасырдың басындағы жаңа әлемнің ерекшелігі неде?

Қазіргі жаңа әлемнің мазмұны, тұр­паты, ерекшелігі туралы пікір көп. Ол соңғы он-он бес жылда бір толастаған емес. Оның бастауларында Батыста аты әлемге әйгілі ғалымдар мен саясаткерлер П. Сорокин, Дж.Гэлбрейт, Д.Белл. У.Ростоу, Р.Арон, К.Поппер, Т.Парсонс, З.Бжезин­ский, Р.Даль, Д.Сартори, Р.Ингл­харт, Й.Шумпетер, И.Валлерстайн, Ф.Фукуяма, Ш.Эйзен­штадт, С.Хантинг­тон және басқалар тұрды. Ал КСРО-да бұл бағыттың басында А.Сахаров және өзінің “кейінгі ренес­сансын­да” жалпы­адамзаттық құндылық­тардың үстемдігі идеясын тықпалап, насихаттауымен М.Горбачев тұрды. ХХ ғасырдың 80-ші жылдарында осы тақы­рыптағы сол уақыт үшін тың зерттеу­лерімен КСРО ғалымдары И.Фролов пен В.Загладиннің, бүгінгі ре­сейлік зерт­теушілер Н.Моисеев, Д.Гви­шиани, Г.Глазьев, Э.Арабоглы, А.Дугин, А.Урсул, Э.Маркарян, Г.Хозин, А.Панарин, В.Пантин, А.Уткин, А.Чумаков, Н.Бин­дюков және тағы басқалардың еңбегі зор.

Қазақстанда жаңа әлем мен ондағы жаһандану үдерісінің жеке гуманитарлық-мәдени, экономикалық қырлары акаде­миктер Ғ.Есім мен Ә.Нысанбаевтың, профессорлар Р.Алшанов, Ә.Әшімбаева және басқалардың еңбектерінде қарасты­рылған.

Жоғарыда аталған ғалымдардың тал­дауы мен сараптауларына сүйене отырып, мынадай қорытындылар жасауға болады.

Президенттің жаңа әлем туралы тұжы­рымының ішкі мазмұнында, біздің пікірі­мізше, біріншіден, бұл әлемді біртұтас таби­ғи-тарихи үдеріс ретінде, екіншіден, әртүрлі күштер мен мүдделердің өзара байланысы, қимыл бірлігі һәм текетірес, тай­таласы мә­се­лелері бар деп түсінген жөн. Және біз қазір­гі замандағы тарихи өз­герістер мен үр­дістерді өзара сабақ­тас­ты­ғы, ішкі байла­ныстары бар, біртұтас, уақыт талабы мен те­геу­рініне үндес өр­кен­дейтін, оның дамуын­дағы өзгеру кезеңдері қоғам дамуында күрт бұрылыстарға бас­тап, соның нәтижесінде дәуір­лік өзгеріс­тер туындайды деп пайым­дауымыз керек.

Егер жинақтай айтсақ, үшінші мыңжыл­дықтағы әлемнің басты белгілері, біздің пайымдап, тануымызша, мыналар:

– елдер мен аймақтар арасындағы өзара байланыстар мен өзара тәуелділіктің жоғары деңгейі, сонымен бірге әлемде болып жатқан күрт өзгерістерге, әсіресе, бүкіләлемдік сипат алып отырған жаһандану үдерісінен мил­лиард­таған адамдардың сырт қалуы, оқшау тұруы;

– әлемдік саяси-экономикалық сахнада Қытай, Үндістан, Бразилия сияқты жаңа алыптардың бой көрсетіп, олардың әлемдік саясатта ықпал етудің жаңа орталықтарына айналуы;

– өткен тарихи кезеңдерде адамзат өркениетіне баға жетпес үлес қосқан ислам дүниесінің бүгінгі әлемдегі жаңа өктем талап­тарға икемділікпен бейімделе бастап, әлемдік дамудың кенже қалған аумағы болу­ды бұдан әрі қаламайтындығы және дүние­жүзілік қатынастардың бүкіл жүйесінде өз орнын алуға ұмтылуы;

– үнемі бірлесу және өз кеңістігін кеңейту үрдісіндегі жаңа, қуатты Еуропаның бой көтеріп, сонымен бірге Еуропалық Одақтың даму мақсаттарын анықтауда да шешуін күткен проблемалардың қордалануы;

– қазіргі дүниедегі бірден-бір астам (сверх) держава ретіндегі АҚШ-тың ерекше жағдайы. АҚШ қазіргі өзгеру үстіндегі әлем­дегі өз рөлін дұрыс анықтай алмағандығы­нан, кейде тым әсіре бағалауынан оның әлем­дік саясаттағы көптеген нақты қадам­дары мен шешімдерінің халықаралық қауымдастыққа түсініксіз болып, қарсылық пен алаңдаушылық туғызуы;

– бұрынғы кеңестік республикалардың әлемдік саяси-демократиялық үрдістерге тар­тылып, Ресей мен Қазақстанның стра­те­гия­лық одақтастар ретінде бұл үдерістердегі бел­сен­ді де жетекшілік рөлі және Ресейдің әлем­дік саясаттағы өзіне лайықты орнын бір­тіндеп нығайта бастауы, оның осы бағыт­тағы нақты қадамдарының әлемдегі жетекші қайсыбір ірі мемлекеттердің тара­пынан нақты кедергілер мен қарсылыққа ұшырауы;

– жаңарған әлемнің аса күрделі, пла­нета­рлық проблемасы ретінде – ресурстар мәселесінің ерекше сипат алып, су, мұнай, газ және басқа да табиғи ресурстардың тап­шы­лыққа айналып, ғылым ұсынған балама энергия көздерінің жеткіліксіздігі, ал бүгінгі кезеңде ашылғандарының әлем халық­тарының толық ортақ игілігіне айналмауы.

ЖаҢа ӘлемніҢ табиғаты мен  әлем дамуы­ның болашақ  бағ­дарлары туралы мәселе кө­те­ріл­генде, көптеген белгілі де беделді сая­саттанушылар, ең алдымен, жаһандануды ауызға алады, соны талдайды. Бұл ғасырлар тоғысындағы ең бір көп талқыланған, сонымен бірге әліде болса ең жеткіліксіз зерттелген, барлық құпия қырлары ашылма­ған беймәлімдеу, күрделі құбылыс.

 Ең бір басты қорытынды сол – түптеп келгенде, қазіргі әлемдегі оқиғалар үрдісі мен дамуы бүкіл Жер шарын қамтитын жа­һандану үдерісімен сипатталады. Ол негізі­нен оның үш – геологиялық, биологиялық, әлеуметтік кеңістіктерін қамтиды. Қазіргі жаңарған әлемнің (заманның) басты мазмұнын “жаһандану” деп аталатын әлемдік феномен құрайтынын ешкім теріске шығара алмайды. Қазіргі заманғы ойшылдар, саясаткерлер, экономистер арасында дәл осы феноменнен көп талқыланған проблема жоқ десек, артық айтпаймыз. Философтардың халықаралық қауымдастығы өздерінің соңғы өткен Әлемдік ХХІ философиялық конгресін (2003 ж. Ыстамбұл) бүтіндей осы мәселеге ар­нады. Жаһандану үдерісін, табиғаты мен барысын түсіну әлем елдеріне оның объек­тивті даму үрдістеріне сәйкес даму страте­гияларын белгілеуге мүмкіндік береді. Ал мұны анықтау оңай іс емес. Жаңа әлемде болып жатқан планетарлық сипаттағы үдерістер мен құбылыстардың шынайы табиғатын түсіну үшін тек көзқарастардың ауқымдылығы мен мәселелерді кешенді түрде пайымдау аздық етері сөзсіз. Бұл жердегі ең басты және күрделі мәселе – жаһанданудан туатын байланыстармен және басымдықтармен қатар олардың қызмет нәтижесінде түзілетін барлық салдар мен себептерді көру, анықтау және тану жөнінен қиын да күрделі санаткерлік істерді жүзеге асыру жауапкершілігі.

Жаңа әлемнің аса маңызды мәні әрі ерек­шелігі – оның бүкіл мазмұны мен негізгі ерекшелігін жаһандану ашатын құбылыс әрі үдеріс екендігі. Жаһандану – дүниежүзілік дамудың жетекші үрдісі. Соның аясында қазірде бүкіл әлем бұрын-соңды болмаған қағидаттық, жаңа тұрпатты проб­лемалармен бетпе-бет тұр. Оларды еңсеру, реттеу ендігі кезекте тек адамның өз тірші­лігінің ғана емес, бүтіндей алғанда биосфера­ның да тіршілігінің өзекті мәселесі. Оларды шешу бүкіл адамзат қауымдастығының уақытын, қаржы-құралын, ресурстарын, әсіресе санаткерлік ізденісін, күш-жігері мен әлеуетін, энергиясын қажет етеді. Әрине, жаһандану кезеңінде әлем алдында тұрған проблемалар өзінің мемлекеттер мен халық­тарды қамту ауқымы, өткірлігі және басымдығы жағынан әртүрлі сипатта.

Мысалы, әлемдегі елдер мен халықтар үшін ортақ болып отырған өткір мәселелерді олардың мазмұн-бағдарына қарап жалпы­адамзаттық, ұлтаралық, ұлттық, этностық проблемалар деп жіктеуге болады. Ал осы жіктеу, одан кейін өз ретімен қоғамдық өмірдің жеке салаларын қамту деңгейіне байланысты экономикалық, әлеуметтік, демографиялық, саяси, мәдени-идео­логиялық болып бөлініп, жалғаса, тарамдала береді. Жаһандану аясындағы қайсыбір үдерістер аймақтық, аумақтық деңгейде болады, тіпті кейбірі бүкіл құрлықтарды да қамтиды, яғни географиялық сипатта бола­ды. Осы критерийлерге сәйкес проблема­лардың тұрпаты жеке, жергілікті, аймақтық, жаһандық болып, оларды сұрыптап жіктеуге, бағамдауға олардың тарау аймағы, маңызы мен қоғамдық қатынастарды қамтудағы ауқымы мен тереңдігі негіз болады.

Бүгінгі жаһандық проблемалар дүние­жүзі­лік экономикалық және саяси дамудың объективті факторы бола отырып, бүкіл адамзаттың мүддесін ғана емес, сонымен бірге Жер шарының әр бөлігіндегі жеке адамның да мүддесін қамтитындығы нақты ақиқатқа айналды. Және бұларды шешу Жер шары тұрғындарының басым көпшілігінің де, сондай-ақ әртүрлі мемле­кеттер мен ха­лық­аралық ұйымдардың күш-жігерін жұ­мыл­дыруды қажет етеді. Ал осы әлемдік, аза­маттық мәселелерге халықаралық қауым­дастық тарапынан тиісті көңіл бөлінбеуі – келешекте бүкіл адамзаттың болашағына зор қатерлер әкелуімен қауіпті.

Жаңа әлемнің жаһандық проблема­лары­на көптеген әлемдік саясаткерлер, ғалымдар, да­мудың әр түрлі сатысында тұрған мемле­кет­тердің басшылары, жинақтай, тұжырым­дай айтсақ, негізінен мыналарды жатқызады:

– соғысты болдырмау және бейбітшілікті сақтау;

– әртүрлі елдердің әлеуметтік-эконо­микалық дамуындағы терең алшақтықтарды еңсеру;

– табиғат пен қоғамның өзара қарым-қатынасында экологиялық тепе-теңдікті сақтау;

– демографиялық үдерістерге бақылау жасау;

– энергетикалық және шикізат ресурс­тарын пайдалануды олардың Жер шарын­дағы нақты қорының мүмкіндіктеріне сәйкестендіру;

– Жер шарының саны үнемі өсіп отыр­ған халқын азық-түлікпен және басқа да күн көріске қажетті заттармен қамтамасыз ету;

– денсаулық проблемалары және сала­мат­ты өмір салтына қажетті оңтайлы жағ­дай­лар жасау;

– сауатсыздықты жою және білім беру жүйесін дамыту.

Әрине, әлемдік проблемалар тізімін жал­ғастыра беруге болады. Оның қатаң қалып­тасқан, келісілген тізбесі жоқ. Әр мемлекет қайраткері, әр зерттеуші, әр ғалым өз дүние танымы мен өз еліндегі нақты әлеуметтік-экономикалық ахуалға байланысты олардың орны мен басымдығын ауыстырып, әркім өз ұстанымы негізінде қоғам назарын аударады.

Әлемдегі белгілі саясаткерлердің еңбек­теріне талдаудан олардың жаһанданудың негізгі үш өлшемін ерекше атап көрсететінін пайымдауға болады: 1) ол тұрақты жүретін тарихи үдеріс; 2) әлемнің әмбебап және гомогенизациялық (біртектілік) келбетінің нығаюы; 3) ұлттық шекаралардың ашық­тығы. Бұл жерде әмбебаптылықты оның барлық елдерге ортақ белгілерінің күшеюі ре­тінде, ал гомогенизацияны – оның бір­тек­ті құрылымға қарай жылжуы деп түсінген жөн.

Жаһандану, сонымен бірге осыдан бірер жыл бұрын айтылғандай, ережелер мен тәртіптің біркелкі, ортақ қағидаларын қабыл­дау, сол бойынша өмір сүру деген сөз емес. Осы ретте жаһандану теориясының Еуропа елдеріндегі орны, табиғаты туралы бір­неше еңбектер жазған француз оқымыс­тысы Тьери де Монбриальдің мына бір орынды ескертуін келтіргіміз келеді: “Біз жаһандану туралы айтқанымызда бұл мін­детті түрде бәрін бір ізге түсіру мен стан­дарттау деген сөз емес. Автомобильдердің конструкторлары барлық талғамдарды қана­ғаттандыратын әмбебап “ғаламдық” мәши­нені жасауға ұмтылып отырған жоқ қой? Бұл мүмкін де емес. Мысал үшін, француздың “Данон” фирмасының өнімдері Парижде париждіктердің, Санкт-Петербургте пе­тербургтіктердің, ал Шанхайда шанхай­лықтардың талғамына есептелуі керек. Талғамдағы, менталитеттегі айырмашылық­тар ешқашан ешқайда кетпейді”.

Ал қоғамдық санадағы жаңа әлем табиғаты мен мәнін тану, түсіну деңгейі туралы мынаны айтуға болады – бүкіл әлемдегі саяси элитада, сондай-ақ көптеген елдердің халқының басым көпшілігінде қазіргі әлемдегі коммуникациялық инфра­құры­лымдар мен әлеуетті ақпарат құралдары индустриясының бекітуімен жаһандық өзара байланыстылық пен тәуелділікті түсінушілік пен жауапкершіліктің қалыптасып, олардан туатын игіліктер мен қиындықтарды түйсі­ніп, пайымдау бар. Егер өткен ғасырларда әлемдегі үдерістер мен құбылыстарды адам­зат қауымдастығы империялық мүддедегі жобаларды жүзеге асырудың нәтижесі деп бағаласа, ал бүгінде оны мүлдем жаңаша, қа­зіргі әлемдегі дүниежүзілік тәртіпті әр түрлі түсінетін ұлттық және ұлтаралық әлеуметтік-саяси және экономикалық жобалар ретінде жағымды қабылдайды.

Сонымен бірге жаңа әлем, оның өзгер­мелігі мен көпқырлылығы, ондағы саяси күштердің орналасуы мен ара салмағының динамикасы жүріп жатқан жаһандық үдеріс­тер туралы мағлұматтардың молдығы мем­лекеттердің, азаматтардың және әлеу­меттік қозғалыстардың бүгінгі әлемдегі алуан түрлі құбылыстар жөніндегі әр түрлі пікірлер мен көзқарастар таласының күшеюіне әкелді. Әлемдік тәртіп, оның болашағы, ұлттық мемлекеттердің тағдыры төңірегіндегі пікірталастың келешекте де тереңдей берері сөзсіз.

Тағы бір ескертетін мәселе – қазіргі әлемдегі бәсекеге сап түзеген, әлеуметтік-экономикалық дамудың әр түрлі саты­сында тұрған мемлекеттердің көпшілігі өздерін әлемге демократиялық қоғам деп паш етке­німен, олардың көпшілігінің ішкі саяси тіршілігінде демократиялық қағидат толық­қанды қызмет істеп тұрған жоқ. Олармен салыстырғанда Қа­зақстан соңғы айдағы өз Конс­титуциясына Мемлекет басшы­сы­ның бастамашылығымен енгізген қа­ғидаттық өзгерістері­мен көп елден оқ бойы алға кетіп, өз дамуының демокра­тиялық үрдісіне беріктігі мен тұрақты ұм­тылысын сындарлы да өміршең дәлелдеді.

Президент Н.Назарбаевтың жаңа әлем деп түйін жасауына себеп болған факторлардың бірі – біздің пайымдауымызша, өкініш­ке қарай, адамзатқа төнген қатер­лердің жаңа сипат алып, онда халықаралық лаң­кестік пен қыл­мыскерліктің ерекше өршіп, тіпті кей кезде дүние­жүзі­лік сипат алу қаупінің сақталуы. Адамзат үшін нақты қаупі бар бұл қақтығыс-қатерлердің бір ерекшелігі – мұнда майдан шебі жоқ және қарсыластардың бірі қашанда көзге көрінбей қимылдайды. Және бұл жаңа қақтығысқа (шын мәнінде, тіпті соғысқа) үсті-үстіне тың елдер тартылып, ол бастапқыда идеологиялық және ақпараттық қақтығыстардан бас­талып, бүгінде кей аймақтарда адамдарды жаппай қыруға дейін сипат алып, онда қазіргі заманғы қарулар пайдаланылуда. Осы текетіресті АҚШ-тың жетекші талдау орталығының сарапшылары былай бағалайды: “теріс пиғылды мемлекет­тер, террористер, әскери технологиялар және қару-жарақпен сауда жасаушылар, есірткі мафиясы және ұйымдасқан қылмыскерлік өздерінің заңсыз әрекеттеріне қол жеткізу, бүкіл дүние жүзіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікке іріткі салу үшін ақпараттар берудің жаңа жоғары жылдамдықтағы ұтқыр құралдарын және де басқа технологиялық жетістіктерді пайдаланады” (Глобальные тенденции развития челове­чества до 2015 года. Материалы Нацио­наль­ного разведова­тель­ного совета США. Екатеринбург: У-Фактория, 2002. с. 16.).

Әлем елдеріндегі аштық, кедейлік, имми­гранттар проблемасы сияқты өзекті мә­­селелердің табиғаты мен мәні “бөл­шектен­ген өркениет”, “өркениеттер қақ­ты­ғысы” (Хантингтон), орталық пен периферия қайшылығы (Валлерстайн) тәрізді аталмыш теориялық құрылымдарда талданды.

Саясаттанушылар ХХІ ғасырдың ба­сын­да әлемдік тәртіп  қауіпті өзгеріске түс­ті, олар қазіргі әлемді “бифуркациялану нүк­тесі” (қақ жарылу); “өтпелі жас”, “бел­гісіздіктер дәуірі” деп айдарлап, соның нә­тижесінде бүкіл әлемнің саяси құрылым­дарының мәні мен мағынасы өзгерді деген қорытындыға келеді. Бұл болжамдар мен тұжырымдарға басты дәлелі ретінде 1648 жылғы Еуропадағы отыз жылдық соғыстан кейін қол жеткізіліп, үш жарым ғасыр қызмет еткен Вестфаль бейбітшілік жүйесінің ыдырап, мемле­кеттер егемендігі мен олардың ұлттық шекарасы қағидаты­ның әлсіреп, көмес­кілене бастауын және екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі әлемдік тәртіп пен халықаралық қатынас­тарды анықтаған Ялта-Потсдам жүйесінің бұзылуын көлденең тартады. Бұл екі жүйенің де эррозияға түсуі адамзатқа жаңа проб­лемалар туғызды. Ол шекара, көші-қон, бос­қындар мәселесі, ұлттық құрылымдар мен автономиялардың КСРО және Югославия тағылым-тәжірибесінен кейін дербес мем­лекет мәртебесін алуға ұмтылуы. Мысалы, тек 1990 жылдарда ғана әлемде 20 жас мем­лекет құрылды. Бұл үрдістің кейінгі жыл­дары тоқтағанына қарамастан, кейбір сарап­шылар таяу он жылдықта Жер шарында тағы 100-ге жуық мемлекеттің пайда болуы мүмкін деген де батыл болжам жасайды.

Әрине, қазіргі әлемнің саяси құры­лымы мен саяси даму бағыты туралы көзқарастар да әр түрлі. Болашақта әлемдік қақтығыс­тардың болуына объективті негіз жоқ. Керісінше, мем­лекетаралық байланыстар нығайып, интеграция мен әлемдік әмбебап үрдістер мен басымдықтар нығая береді деген оптимистік болжамдар бар. Сонымен бірге қазіргі әлемнің қайшылықты және күрделі дамуынан, Ялта-Потсдам жүйесінің негізгі жүйеқұраушы конструкциясы – дүние дамуының биполярлық схемасының күйреуі, мемлекеттердің мемлекеттік-центристік даму үлгісінің әлсіреуі қазіргі әлемнің саяси әлпеті мен келешек саяси құрылымы туралы көптеген пессимистік болжам-теорияларды да туғызып отыр­ғанын айтуымыз қажет. Олардың көпші­лігі бүгінгі әлемнің өркениеттік жікшілдігі, ыдырауы төңірегінде. Және ондай жікке бөлінудің негіздемесі сан алуан, ол С.Хантингтонның пайымдауынша: ба­тыстық, латынамери­калық, африкалық, исламдық, конфуциан­дық, индуистік, православиелік-славяндық, жапондық өркениеттер болып шиеленісті бөлінуі. Ал О.Тофлер басқа тектегі өркениеттік кесін­діні: ауылшаруашылықтық, индус­триялық және постиндустриялық нысандарды тұжырымдаса, И.Валлерстайн оны елдердің әлеуметтік даму деңгейіне қарай бөліп: жоғары, орта, төмен дамыған деп сипаттап, міне осыларға сәйкес орталық, жартылай периферия, периферия деген жүйе-дүниелер бар деп негіздейді. Алек­сандр Неклесса әлемді алты кеңістік – экономикалық аймаққа бөледі: солтүстік атлантикалық, тынықмұхиттық, еуразия­лық және оңтүстіктік. Осындай және басқадай тұжырымдардың барлығы­ның түп мәні – әлемнің одан әрі жіктелетіндігі, өзгермелілігі және осы факторлармен байланысты келешекте тууы мүмкін қақтығыстарды меңзеуі.

Жаһандануды ешқашан да тек эконо­микалық құбылыс деп қабылдауға болмайды. Ол одан әлдеқайда көп қырлы үдеріс. Және оның аса маңызды факторы жаңа технологиялар, әсіресе соның ішінде ақпараттық, коммуникациялық және биотехнологиялардың орны ерекше.

Мысалы, бүгінде “әлемдік шырмауық” деп аталған Интернет жүйесін алайық. АҚШ қорғаныс министрлігінің тапсы­рысымен, тіпті ядролық соғыс жағдайы­ның өзінде де командалық пункттер арасында кінәратсыз байланысты қам­тамасыз ету үшін құрылған жүйе бүгінде жаһанданудың арқасында әлемдік игілікке айналды. 1980 жылы Интернет АҚШ аумағынан шықты. Бүгінде әртүрлі деректер бойынша, әлемде 750 млн. адам осы жүйені пайдаланады. Бірер жылда олардың қатары 1,2 миллиардқа дейін өседі деген болжам бар. Әрине, жаһан­данудың күрделі жақтары мен қай­шылықтары аз емес Бұл бірқа­лыпты, бір­келкі және әрқашан жатымды, адамзатқа тек ортақ игіліктер әкелетін қоғам емес. Тіпті жаңағы айтқан ақпаратқа қолжетімділік, қазіргі дүниенің ақпа­раттық-коммуникациялық технология­ларға тәуелділігі – жаңа бір проблеманы – кибер­терроризмді тудырды.

Ең бір назар аударарлық мә­селе – қазіргі әлемдегі өзгеріс­тердің, жаһандану және басқа да үдерістер, олардың қорытынды­лары тікелей және жанама түрде адамдардың бүкіл тіршілігіне әсер етіп, әлеуметтік саланы жа­ңарған әлемнің ең басты ба­ғыттарының біріне айналдырды.

Америкалық компьютерлік алпауыт Б.Гейтс қазіргі заман­ның ерекшеліктерін сипаттай келе: “Бүгінде бұдан бұрынғы он жылға қарағанда ақпараттық экономика­ның, әсіресе, зият­керлік меншік­тің рөлі айрықша маңызды. Инновациялық сек­тордың дамуы бүтіндей алғанда жағымды сипат алуда. Зияткерлік меншіктің сиқырлы күші сондай, сіз ұсынған тамаша идея (оның не екендігі маңызды емес: мейлі ән, дәрі немесе бағдарламалық құжат болсын) бір сәтте өте төменгі бағамен миллиондаған адамның игілігіне айналуы мүмкін”, дейді.

ЖаҢа ӘлемніҢ бір ерекшелігі – бұ­рын көмескі реңкте болып, табиғаты то­лық ашыл­маған жергілікті немесе аймақ­тық сипат­тағы көптеген құбылыстар мен үде­ріс­терді жаһандық проблемаға айнал­дыруы. Есірткіге тәуелділік пен есірткі сатушылық шын мәнінде әлемдік қатер-қасіретке айналды. Әлемдегі нашақор­лардың саны 50 миллионға жеткен. Интерполдың деректері бойынша бүгінде 200 миллионнан астам адам әркелкі жиілікпен әртүрлі есірткілерді қолданады. “Демократиялық есірткі” деп дәріптелетін марихуананы (каннабисті) 140 миллион адам пайдаланады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткіге бақылау жөніндегі комитетінің деректері бойынша, кейбір елдерде жасөспірімдердің 37 пайызы есірт­кіні бір рет болса да тартып көрген. Есірткі сатудың көлемі 2005 жылы 500 млрд. АҚШ долларына жеткен немесе сарапшылар бұл әлемдегі бүкіл сауданың 8 пайызын құрайды деп есептейді.

Жаһанданудың адамзатты алаңдатар­лық тағы бір салдары – халықаралық қылмыс­керлік пен әлемдік терроризмнің, аймақтық қақтығыстардың, сепаратизм­нің, адамзатты жаппай қыру қарулары таралуының қауіпті сипат алып, оларды ұйымдастырушылардың техногендік апаттар мен кең ауқымды терактілерді ұйымдастыруда үсті-үстіне жаңа әдістерді пайдалануы (мысалы, олардың ішінде “Әл-Каиданың” 2001 жылғы 11 қыр­күйектегі АҚШ-қа шабуылы, Аум-Сенрике террористік ұйымының Жа­пониядағы мет­ро­да газбен шабуыл жасауы).

Кейбір саясаткерлер ұйымдасқан қыл­мыс­тардың өсуі мен олардың өзара байла­ныстарының күшеюі фактісінен әлемде террористік интернационализм қалыптас­ты деген де қорытынды жасайды.

Жаһандану кезеңіндегі кең байла­ныстар, көптеген тосқауылдардың алынуы керісінше жұқпалы, әсіресе, туберкулез, безгек, тырыс­қақ, бауырдың қабынуы тәрізді аурулардың тез де кең көлемде таралуына әсер етті. Одан кейін қазіргі заманның “өз дерттері”: СПИД, қалыптан тыс өкпе қабынуы, “құс тұмауы” тәрізді адамзатқа бұғанға дейін беймәлім ауру түрлері пайда болды. Бұған бұрыннан бар қаржылық-экономикалық дағдарыстар­ды, экологиялық апаттар мен эпидемиялар­ды қосыңыз. Адамзаттың, елдер мен ұлт­тардың бір-бірімен өзара байланыстығы, өзара тәуелділігі мен тағдырластығы бү­гінгі заманның басты ерекшелігі болға­нымен, олар, бейнелеп айтқанда, әлем халқы бір “ортақ қайықта” отырғанымен бұдан адамзат өміріне төнген қауіп-қатер ешқандай да әлсіреп, бәсеңдер емес, керісінше, күшейе түсуде. Мұны қазіргі әлемнің түсінуге де, түсіндіруге де қиын басты парадокстарының бірі деуге болады.

Қазіргі заманғы дамыған және дамушы елдер үшін аса ірі әлемдік проблема көші-қон мәселесі болып отыр. Халықтың көші-қоны кең өріс алып, соңғы 30 жылда Еуропа елдеріне 20 миллион, АҚШ, Канада және Латын Америкасы елдеріне 40 миллионға жуық адам қоныс аударған. Оның себептері мен салдары әрқилы.

Біріншіден, қазіргі жария, сондай-ақ жасырын қоныстанушылар ағымының күрт өсуі ұлттық мемлекеттердің өз ұлттық шекараларын қорғау мүмкіндіктерінің шектеулі екендігін көрсетіп отыр.

Екіншіден, өз шекараларына бақы­лауды күшейткен елдің өзі де көші-қон ағынына тосқауыл қоя алмады.

Үшіншіден, көші-қон тасқынының күрт өсуі көптеген елдердің ішкі саяса­тындағы басымдықтарға өзгерістер әкеліп, яғни елдердің ұлттық құрамы өзгеріп, онда саясат пен әлеуметтік мүдделерде едәуір өзгерістер пайда болды. Оның айқын мысалы соңғы жыл­дары Франциядағы араб, африка елдері­нен қоныстанған азаматтар мүддесі және ресми биліктің әлеуметтік саясаты арақаты­насындағы бүкіл елде үлкен алаңдатушылық туғызған өткір қайшылықтар.

Қазіргі жаңарған әлемнің басты ұс­таным­дарының бірі – адамзат қауымдас­тығы ақша мен тауарлар жөнінде еш­қандай шекаралық тосқауыл болмауы керек. Ал көші-қон мәсе­лесіне келгенде әңгіме мүлде басқа сипат алады. Көші-қонның жақтастары да, қар­сыластары да баршылық, Алайда екі жақта мына бір факторларды еріксіз еске алуға мәжбүр болады. Қазіргі заманда таяу мер­зімде демографиялық үдерістер мен әлемдегі кедейшіліктің, жоқшылықтың көптеген елдерде шетін сипат алуы және көптеген дамыған елдер халықтарының қартаюы үдерісіне балама ретінде болатын көші-қон қысымы Жер шарының көптеген аймақ­тарының бет-бейнесін өзгертуі мүмкін.

Мысалы, егер 1900-2000 жылдар арасында Еуропа мен Солтүстік Америка халықтарының әлемдегі үлес салмағы 30 пайыздан 17 пайызға дейін төмендесе, ол енді келесі ХХІ ғасырдың таяудағы жиырма жылында 14 пайызға төмендейді деген болжам бар. Ал осы мерзім ішінде Азияның халқы тағы 910 миллионға өседі де, ең бай елдердің халықтары құрамының одан әрі қартаю үрдісі жүреді. Осылайша әлемдік иммиграция халқы үнемі қартайып отырған бай елдер үшін экономикалық және саяси қажеттілікке айналады.

Көші-қон үдерісі Батыс Еуропа елдерінің әлеуметтік-мәдени құрылымын өзгертуде. Және де Батыс Еуропа мен Жапония иммиграцияны тоқтатуға дәрменсіз. Бұл елдердің экономикасы жас жұмысшы күшіне мұқтаж болып отыр. Өйткені, бұл елдерде халықтың қартаюы – ел тұрғындарының орта жасының туудың төмендеуі есебінен өсуі кең ауқымда және жылдам қарқынмен өсуде.

Тұрғын халқы жыл сайын қартайып отырған бай Батыс және саны үнемі өсіп, соның нәтижесінде құрамы да үнемі жасарып отырған Оңтүстік және Шығыс елдері халықтарының арасындағы әлеуметтік айырмашылық барған сайын алшақтауда. З.Бжезинскийдің есебі бойынша әр адамның жылдық табысы Солтүстік Америкада 30 мың доллардан астам болатын болса, Еуропа Одағы елдерінде 17 мыңнан 30 мың доллар аралығына жетті. Ал “үшінші дүниенің” ең жиі қоныстанған елдеріндегі ахуал мынадай: Нигерияда — 875 доллар, Пәкстанда – 2100 доллар, Үндістанда – 2450 доллар, Индоне­зияда – 3900 доллар. Дүние жүзі халқының жартысынан астамының күніне 2 доллар ғана табысы бар. 2001 жылы Африканың 15 елінде жан басына шаққандағы табыс 1 мың доллардан келеді, немесе күндік табыс 3 долларға жетпейді.

Әлем халқының 1,2 миллиарды аштықтан әртүрлі ауруларға шалдықса, бұдан үш есе көбі ашқұрсақ болудан зардап шегуде. Егер бүгінде АҚШ, Ұлыбритания, Германия елдері халқының 55 пайызына жуығы артық салмақ пен семіздіктен қиындық көрсе, Үндіс­тан халқының – 53, Бангладеш халқының – 56, Эфиопия халқының 48 пайызы аштықтан азап шегуде.

Жаңа әлемдегі тағы бір маңызды мәселе – 2020 жылға қарай кедей аймақтар хал­қы­ның жартысынан астамы саяси және әлеумет­тік жағынан ең мазасыз контингент – жастардан тұрады. 2020 жылға қарай Азия халқының 47 пайызын, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка халқының 57 пайызын жастар, ал Сахарадан оңтүстікке қарай аймақ тұрғындарының тіпті 70 пайызын 30 жасқа дейінгі азаматтар құрайтын болады. АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының дерек­тері бойынша, халқының басым көпшілігін жастар құрайтын елдердің алдында Ауғанстан, Пәкстан, Колумбия, Ирак, Газа секторы, Йемен тәрізді әлеуметтік-экономи­калық проблемалары өте өткір, әлеуметтік-саяси жағынан тұрақтылық жоқ елдердің тұрғаны ойландырар, алаңдатарлық жәйт. Мұның өзі бүкіл адамзат үшін тағдырлы мәселе. Ал бұл елдерде жастардың қоғаммен толыққанды интеграциялануына ешқандай жағдай болмайды. Құқықсыз және әлеуметтік жоқшылықтан ашынған жастар, З.Бжезинскийдің пікірінше, әлемде АҚШ орнатпақ болған жаңа тәртіптің ең жанта­лас­қан қарсыласы болады. Әртүрлі тер­рорис­тік ұйымдар қатарын дәл осы жастардың толықтыруға ұмтылары сөзсіз. Яғни, дүниеде мамыражай тыныштық, әлеуметтік келісім орнату, қауіпсіз өмір ахуалын қалыптастыру адамзат қауым­дастығының аса күрделі міндеті болып қала береді. Жаңарған әлемнің бұл да бір ащы шындығы.

Сонымен қазіргі әлемдегі ең бір өткір әлеуметтік қайшылық Америка, Еуропа, таяу уақытта Жапония күнкөрісі төмендеп, жоқ­шы­лықтағы адамдар үшін қызықтырушы, тартушы магнит тәріздес болса, екінші жағы­нан, жеккөрушіліктің объектісіне айналады.

(жалғасы)



Авторы: Нәубәт ҚАЛИЕВ, Парламент Сенаты Аппаратының бас сарапшысы, саяси ғылымдар докторы.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат