Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-07-05:

"НҰР ОТАН" ЕЛ МҮДДЕСІН МҰРАТ ТҰТАДЫ

 

4 шілдеде таңертең, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партия­сының кезектен тыс ХІ съезі бас­талғанға дейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Сенатының Төрағасы  Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Премьер-Ми­нистрдің орынбасары, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Аслан Мусинге, Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевқа, Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовке, “Қазына” орнықты даму қоры басқармасының төрағасы Қайрат Келімбетовке, “Нұр Отан” ХДП Орталық аппаратының басшысы Сергей Громовқа және Каспий тұрба құбыры консорциумы директорлар кеңесінің мүшесі Алтай Тілеубердинге партиялық билеттер тапсырды.

Бұл кезде әсем безендірілген Бейбітшілік және келісім сарайы­ның алды да, съезд өтетін кең зал іші де форумның басталуын күткен қарбалас күйде еді. Деле­гаттардың да, арнайы шақырылған қонақтар мен партияның сары түсті кеудешесін киіп алған жасотандық­тардың да көңілдері көтеріңкі, жүздері жарқын.

Съезд жұмысына еліміздің әр аймағындағы партия ұйымдарынан сайланған 340-қа жуық делегат, 600-ден астам арнайы шақырылған қонақ, “Жас Отан” партиясы жас­тар қанатының өкілдері, минис­трлер мен облыс әкімдері, сондай-ақ 200-ге жуық республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасының Президенті, “Нұр Отан” партиясы­ның Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев залға енгенде жиналған қауым орындарынан тұрып, әрі дуылдата қол соғып, үлкен қоше­метпен қарсы алды. Бұл партия мүшелерінің, жалпы жиынға қатысушылардың тәуелсіз елдің Тұңғыш Президентіне, партия көшбасшысына деген құрметі еді.

Съезді ашқан және жүргізген “Нұр Отан” халықтық-демокра­тиялық партиясы Төрағасының міндетін атқарушы Бақытжан Жұмағұлов бүгінгі алқалы жиын­ның қоғамды демократиялан­дырудағы маңыздылығын атап өтіп, партия съезіне сайланған 340 делегаттың 336-сы қатысып отыр­ғандығын хабарлады. Бұл съезд жұмысын ашық деп жариялауға болатындығын білдіреді.

Осыдан кейін еліміздің мем­лекеттік әнұраны орындалды. Әрі қарай съездің жұмысшы органы сайланып, күн тәртібі мен жұмыс регламенті белгіленді. Ал күн тәртібіне мына мәселелер шыға­рылды: “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының алдағы перспективаларының негізгі міндеттері, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы бағдарла­масының жаңа редакциясы туралы, “Нұр Отан” халықтық-демокра­тия­лық партиясы жарғысына енгізі­летін өзгерістер мен толықтырулар туралы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутат­тарын сайлау бойынша партиялық тізімді бекіту, партияның сайлау алдындағы “Қазақстан таңдауы” тұғырнамасын бекіту, ал соңғысы – ұйымдастыру мәселелері.

Күн тәртібіне қойылған мәселе­лер делегаттар тарапынан бірауыз­дан қолдау тапқан соң, сөз Мандат комиссиясының төрағасы, “Нұр Отан” партиясы орталық аппараты­ның жетекшісі Сергей Громовқа берілді. Ол съезд делегаттарының жалпы құрамымен таныстырып өтті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев партияның кезектен тыс ХІ съезіне Қарағанды облысынан делегат болып сайланған. Делегат­тар ішінде Қарағанды, Ақмола облыстары мен Алматы қаласынан сайланған делегаттар көптеу. Араларында министрлер мен әкімдер де бар. Сайланған делегат­та­р­дың 20 пайызы әйелдер. Ал ұлттық құрамына келсек, алқалы осы жиынға 13 ұлттың өкілі делегат болып сайланған. Делегаттар тарапынан Мандат комиссиясының баяндамасы да бірауыздан қолдау тауып, бекітілді.

Бұдан кейін съезд мінберіне Мемлекет басшысы, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партия­сының Төрағасы Нұрсұлтан Назар­баев көтерілді.  Партия басшысы­ның еліміздің болашақта дамуына байланысты сөйлеген сөзі, келтір­ген дәлелдері көпшілік жүрегіне терең бойлап, ерекше әсер еткені соншалық, делегаттар мен қонақтар дүркін-дүркін қол соғып отырды. Осы тұста айта кетейік, партия Төрағасы сөзінің басында “Нұр Отан” партиясы Төрағасының үш орынбасары болатынын, сондай-ақ олардың кімдер екенін де атап өтті. Төрағаның бірінші орынбасарлы­ғына біраз жылдан бері “Нұр Отан” партиясы төрағасының міндетін атқарып келген танымал саясаткер, білікті ұйымдастырушы Бақытжан Жұмағұлов, ал Төраға орынбасар­лы­ғына “Қазына” орнықты даму қо­ры­ның басқарма төрағасы Қай­рат Келімбетов пен “Нұр Отан” пар­тиясы орталық аппаратының жетекшісі Сергей Громов ұсы­нылды.

Партияның Саяси кеңесі құра­мын 100 адамға дейін қысқарту тура­лы шешім қабылданды. Соны­мен бірге, Саяси кеңес құрамына жаңа 14 мүше сайланды. Съезде “Нұр Отан” ХДП Саяси кеңесі Бюросының 15 адамнан тұратын жаңа құрамы да сайланды. Олар мыналар:

Анатолий Башмаков – Сенат депутаты, Сергей Громов – “Нұр Отан” ХДП Төрағасының орын­басары,  Әділбек Жақсыбеков – Президент Әкімшілігінің Басшысы, Сергей Дьяченко – үшінші шақы­рылымдағы Мәжіліс депутаты, Бақытжан Жұмағұлов – “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары, Қайрат Келімбетов – “Қазына” қоры басқармасының төрағасы, Ромин Мәдинов – үшінші шақырылымдағы Мәжіліс депутаты, Тайыр Мансұров – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі, Александр Павлов – “Қазақ­стан Халық банкі” АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, Азат Перуашев – “Атамекен” одағы бірлестігінің басқарма төрағасы, Нұртай Сә­бильянов – үшінші шақырылым­дағы Мәжіліс депутаты, Айгүл Соловьева – Қазақстанның Азаматтық альянсы төрайымы, Қасым-Жомарт Тоқаев – Сенат Төрағасы, Алина Хаматдинова – партия Орталық аппараты сарапта­ма жұмыстары және жастар сая­саты департаментінің бөлім мең­герушісі, Өмірзақ Шөкеев – Оң­түс­тік Қазақстан облысының әкімі.

Съездің күн тәртібіндегі мәсе­лелерге байланысты жарыссөзге шыққан делегаттар да көп болды. Сөйлеуге жазылғандар қатары 13 адам екен. Солардың жетеуіне сөз берілді. Өйткені, съезд жұмысы делегаттардың дауыс беріп, бекіткені бойынша 1,5-2 сағатта аяқталуы тиіс болатын. Сөйтіп, алғашқы сөз съезд делегаты, “Нұр Отан” партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Бөрібай Жексембинге тиді.

Бүгінде баршамыз ерекше саяси оқиғаларға толы айрықша өмір сүрудеміз, деді Бөрібай Жексембин. Біз елімізде демократия қағидат­тарымен үндес өркендеу жолында батыл қадамдар жасалып, жаңа саяси парақтар ашылуының куәсі болып отырмыз. Сіздің, Нұрсұлтан Әбішұлы, өміршең стратегияңызды жамбылдықтар толық мақұлдауда және Сізге нық сенім білдіруде екенін жеткізгім келеді. Еліміздің Ата Заңынан өзінің тиісті орнын алған жаңалықтар тосыннан туын­даған пікір емес екендігі белгілі. Бұл ең алдымен қоғамымызда болып жатқан әлеуметтік-эконо­микалық және саяси өзгерістерді сындарлы әрі салиқалы жүргізудің нәтижесі дер едім.

Бұдан кейін филиал төрағасы еліміздегі саяси-экономикалық тұрақтылыққа тоқталды. Оның атап өткеніндей, жаһандану жағдайында еліміздің бәсекелестік қабілетін қамтамасыз ету ел саясатының бас­ты бағыты болуы тиіс және осылай болып та келеді. Бұған мысал ретінде Мемлекет басшысының Парламенттің қос палатасындағы депутаттар санын көбейту, Үкіметті құрудың жаңа жүйесін қалыптас­тыруды ұсынғанын келтірді. Бү­гінде сол ұсыныстарыңыз толығы­мен орындалып, сөз бен іс арасын­да ешқандай алшақтық болмай­тындығына тағы бір көзімізді жеткізіп отырмыз, деді осы жөнінде шешен. Еліміздегі түбегейлі бұл өзгерістер  тұрақтылық жағдайында Қазақстанда жүзеге асып отыр. Осы ретте еліміздегі күшті президенттік билік пен жедел де қарқынды жүр­гі­зілген экономикалық реформа­лардың негізінде Қазақстанның өркендеу жолын әлем саясаткер­лері, халықаралық сарапшылар “Назарбаевтың моделі” деп жоғары бағалауы баршамыз үшін үлкен мәртебе.

Әрі қарай шешен Қазақстан халқы Ассамблеясының ұлтаралық татулықты нығайтуға қосып келе жатқан маңызын атап өтті. Филиал басшысының мәлім еткеніндей, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың есімімен тығыз байланыс­ты. Бүгінде “Нұр Отан” партия­сының басты міндеті – Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауының элек­торалдық саяси науқанын ұтымды ұйымдастыру. Бұл партияның барлық деңгейдегі ұйымдары мен әрбір мүшесіне үлкен сын. “Нұр Отан”  партиясының жалпыхалық­тық сипатқа ие болғанына ешкім­нің күмәні жоқ. Жамбыл облыстық филиалында партияға мүшелер саны 59 мыңнан асқан, материал­дық және техникалық жағынан нығайтылды. Филиалда жасотан­дық­тардың да тиімді ұсыныстары қолдау тауып келеді. Жастар форумының Жамбыл жерінде өткізілуі соған дәлел.

Аэроғарыш агенттігінің төраға­сы, ғарышкер-ұшқыш Талғат Мұса­баевтың сөзі де әсерлі шықты. Бүгін өте маңызды басқосу болып отыр, деді Талғат Амангелдіұлы.  Бұл – тарихта қалатын жиын. Қазақстан әлемдік деңгейде өз орнын айқындап алды. Еліміз көптеген мемлекеттермен саяси-экономикалық, мәдени-гуманитар­лық байланыстар орнатты. Біздің алдымызға бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына қосылу міндеті қойылып отыр. Мемлекет басшысы бүгінгі баяндамасында бұл стратегияны тағы да атап өтті.

Ұшқыш-ғарышкер бұдан соң еліміздегі жүзеге асырылып жатқан реформаларға тоқталды. Талғат Мұсабаевтың айтуынша, бәсекеге қабілеттілік ғарыш саласын барын­ша дамытуға тікелей байланысты. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы, деді ғарышкер осы жөнінде, егер біздің Президентіміз қолдау-көмек көр­сет­песе, Тоқтар Әубәкіровтің де, Талғат Мұсабаевтың да ғарышқа ұшуы неғайбыл еді. Біздің Прези­денттей президент әлемде жоқ дегенім артықтық етпейді. Оны анық білемін. Елбасымыз қиян шетке қонған халықаралық ғарышкерлер стансасын үш мәрте қарсы алды. Бүгін біздің партияға мемлекеттің жүгін арқалайтын аса үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Президент басқарған “Нұр Отан” партиясы осы жауапкер­шілікті толық орындайтынына сенемін.

Келесі сөзді Астана қаласын­дағы №46 мектептің мұғалімі Татьяна Афиан алды. Татьяна Викторовнаның атап өткеніндей, 15 жылдан бері біздер жаңаша оқып, жаңаша өмір сүре бастадық. Осы қысқа мерзім ішінде Қазақстан әлеуметтік-экономикалық жағынан қарқынды дамыды. Мен және менің шәкірттерім, әріптестерім осыған куә болып отыр, деп жалғастырды сөзін Татьяна Афиан.  Барлығымыз Отан үшін еңбек етіп келеміз. Мемлекет педагогтардың мәртебесін көтеру жолында қолдау көрсетуде, білім беру жүйесін қаржыландыру көлемі арта түсуде.

Оның хабардар еткеніндей, білім беру саласын, оның ішінде мектептерді компьютермен жаб­дықтау жақсарды, оқушылар Интернетті пайдалануда. Мектеп түлектері әлемдегі жақсы жоғары оқу орындарына түсіп, оқуларына мүмкіндік алды. Бұл –Президен­тіміздің ғылымды терең меңгеруге деген тікелей қолдауының жемісі. Біздің шәкірттеріміз, оның ішінде менің балаларым шетелдегі университеттерде ғана емес, өз еліміздің мықты жоғары оқу орындарында да білім алатынына сенемін, деп қорытты сөзін.

Партия Төрағасының баяндама­сында негізгі назар алда болатын сайлауға әзірлікке, саясат сайысына дайындыққа аударылмағаны көп жайды аңғартады, деді “Егемен Қазақстан” РГ” акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов. Өйткені, “Нұр Отан” – келесі сайлауды емес, келешекті ойлайтын партия. Өйткені, біздің партиямыздың басшысы – келесі сайлауды емес, келешектегі елдің қамын ойлайтын, алыстан ойлай­тын басшы. Елдік мұраттарды ұста­натын “Нұр Отан” партиясының алдында тұрған міндет көп. Бөлін­ген аз уақыттың аясында соның біреуіне ғана тоқталсақ дейміз. Бүгінде біздің бүкіл халық болып қатты қамдайтын мәселелеріміздің бірі де, бірегейі де – демография.

Ұрпағы көбеймеген әулеттің де, халқы көбеймеген елдің де көсегесі көгермейді. Қазақтың ең қастерлі тілектерінің бірі “Көсегең көгер­сін!” деген сөз болатыны сондық­тан. Елбасымыздың 2015 жылы Қазақстан халқының санын 20 миллионға жеткізу межесін алға қойғаны да сондықтан. “Егемен Қазақстан” газетіндегі тұрақты айдарлардың бірі “Көбеймесек көсегеміз көгермес” болатыны да сондықтан.

Бізде бұл мәселе қолға алынған. Халықтың өсімі байқалуда. Деген­мен, қарқынымыз әлі бәсеңдеу. Съезд мінберінен қазіргі қарқын­мен Елбасымыз белгілеген межеге айтылған уақытта жетпеуіміз де мүмкін деген қаупімізді жасырмай айтқымыз келеді.

Демография – қай елдің бола­ша­ғы үшін де маңызды мәселе. Жері ұлан-байтақ, ал елі қазірше небәрі он бес жарым миллион адам Қазақстан үшін бұл – стратегия­лық мәселе. Біз өз жеріміздің қазы­насын негізінен өзіміздің күшіміз­бен игеруге, сөйтіп, жер байлығы­ның қызығын түгелдей дерлік ел халқының өзі көруіне ұмтылуға тиіспіз. Жердің тағдыры да, елдің тағдыры да, тілдің тағдыры да ел халқының санына байланысты. Санның сапаға айналмай қоймайтыны – айдан анық ақиқат.

Келер бір кезеңдерде демокра­тиядан кейбір мәселелер туындап жатса да біз үшін оны шешіп бе­ретін алдымен демография болады. Президенттің мемлекет болашағы үшін аса маңызды осы межесін елім дейтін, жерім дейтін әрбір азамат, әрбір басшы, “Нұр Отан” партиясының әрбір мүшесі ұдайы есте ұстағанын қалаймыз. Бұл тұр­ғыда Үкімет бала тууды арттыруға септесетін қамқорлық, жеңілдік шараларын қазіргіден гөрі нақты­рақ ойластырса, қажет болса, арнаулы мемлекеттік бағдарлама дайындаса, барлық деңгейдегі әкімдер өзіне сеніп тапсырылған өңірдегі демографиялық ахуалды қазіргісінен жеделірек жақсартуға қолдан келген бар жағдайды жасаса дейміз. Негізінде, облыстағы, ау­дандағы, қаладағы демографиялық ахуалды әкімдер қызметіне баға берудегі өлшемдердің біріне айналдырудың да ешқандай артықтығы жоқ.

Одан кейін сөз Ақмола облы­сындағы “Родина” агрофирма­сының директоры Иван Сауэрге берілді. Бүгін “Нұр Отан” партиясы қазақстандық жетістіктің көш­басшысы деген ойлар айтылып қалды. Мен оған қосыла отырып, біздің табысымыздың қайнар көзі – Нұрсұлтан Әбішұлының бас­шылығымен анықталған стратегия­ның бастауындағы тәуелсіз да­муымыз дер едім. Партияның бү­гінгі, сайлау алдындағы тұғырна­масы еліміздің агроөнеркәсіптік кешені еңбеккерлері тарапынан толық қолдауға ие болатынына сенім білдіре аламын, деді шешен.

Одан әрі ол ауыл шаруашылы­ғындағы Қазақстанның өркен­деуінің бір мысалы өзі 20 жыл басқаратын агрофирма екенін айтты. Кәсіпорынның бүгінгі айтулы жетістіктеріне тоқталған  И.Сауэр соңғы үш жылда ғана жалпы өнім бір жарым есе өсіп, 1,5 млрд. теңгеге жеткенін жеткізді. Аг­ро­фирма асылдандырылған астық пен мал тұқымдарын, сонымен бірге, сүт өнімдерін сатуға маман­дан­ған екен. 2006 жылғы өткен “Ал­тын сапа” конкурсында ет, сүт өнімдері ІІІ дәрежелі диплом алыпты.

2007 жылғы республикалық нау­рыз кеңесінде Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев ауыл шаруашылығы бизнесінің алдына бірнеше серпінді жобаларды іске асыру міндетін қойды. Осы мақсатты жүзеге асыруды қолға алған біздің агро­фир­мамыз Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ұлттық “Казагро­холдинг” және “Қазагроқаржы” лизингтік компанияларымен бір­лесе отырып, Канададан асыл тұ­қымды малдар алу арқылы үстіміз­дегі жылдың өзінде осы заманғы мал кешенін құру жобасын іске асыруды қолға алды, дей келіп И.Сауэр Нұрсұлтан Әбішұлын Тәуелсіздік күні ашылуға белгі­ленген оның салтанатына қатысуға шақырды.

Одан әрі жекешелендіру кезеңі­нен бергі уақытта “Родина” агро­фир­масы 2 млрд. теңгеден артық инвестицияны игеріп, өзіндік шикізат өңдеу кәсіпорындары, машина-трактор стансасы, авиа­кәсіпорны, т.б. бар көпсалалы шаруашылыққа айналғанын, сонымен бірге әлеуметтік саланың балалар бақшасы, музыка мектебі, спорт алаңдары, ардагерлер үйі сияқты нысандарын да салғанын орынды атап өтті. Астана қала­сынан 65-ақ шақырым жерде орналасса да тұрақты тұғыр болған соң мамандардың қалаға ауысып кетпегенін, сол себепті кадр тап­шылығы сезілмегенін де жеткізді.

Осының бәрін мен мақтан үшін емес, біздің елімізде жақсы тұрмыс құруға ұмтылыс болса барлық мүм­кіншіліктер жасалғанын көрсету үшін айтып тұрмын. Оны Прези­денттің бүгінгі жаңа бастамалары да дәлелдеп отыр, деді шешен. Өзінің сөзін ол: “Нұр Отан” тек қана бірге, тек қана алға!” деген ұранмен аяқтады. 

Осыдан кейін сөз партияның “Жас Отан” жастар қанаты респуб­ликалық кеңесінің төрағасы Тәңір­берген Бердіоңғаровқа берілді.  Ол өз сөзін 1999 жылғы Алматыда бол­ған бір  оқиғаны еске алудан бастады. …Сол жылдың бір күнінде біздің офисімізге бір жас азамат келіп, өзінің партия мүшесі бол­ғысы келетінін айтты, деді ол. Есімі де әлі күнге есімде, Арнұр еді.  Біз, әрине, оның ниетіне қуанып, партияға өтудің тәртіптерін айтып жатырмыз. Ал ол болса: “Мен пар­тияға өтетін болсам, қанша төлей­сіздер?”, деп сұрады. Міне, бұл сол кездегі жастардың ең көп қоятын сұрағы еді. Ал қазір заман өзгерді, осы залдың ішінде ғана, айна­лаңыз­­ға қараңыздаршы, сіз­дерді қоршап жас ізбасарларыңыз отыр. Бұлар­дың бәрі ақша үшін емес, өз жүректерінің қалауымен партияға көмек беруді, яғни елге пайдасын тигізуді көздеп келіп отырғандар.

Оның сөзін делегаттардың ар­тында отырған “Жас Отан” жастар қанатының мүшелері қызу қолдап, ұзақ қол соқты. Одан арғы өзінің сөзінде Т.Бердіоңғаров жастардың “Отанға” сенуі Президенттің жастарды қолдауының, оларға сенуінің арқасында мүмкін болып отырғанын айтты. Президенттің “Болашақ” бағдарламасымен бүгін әлемнің ең таңдаулы жоо-ларында оқып жатқан 3 мыңнан артық жас ертең келіп, еліміздің көркейе түсуіне қызмет ететін болады. Біз елімізді бүгіннен де жақсы дамыта­тын боламыз. Еліміз бізге сенеді, ал біз Елбасымызға сенеміз деді ол.

Одан әрі шешен “Жас Отан­ның” істеп жатқан игілікті істеріне тоқталды. Соның ішінде жастар пар­ламенті мен жастар үкіметін жа­сақтағандарын, олар басқа шаруа­лармен қатар, еліміздің кейбір жоо-лары оқу ақыларын негізсіз көбейтіп  жібергенін әшкерелеген­дерін жеткізді. Бүгінгі күні “Нұр Отанның” әрбір үшінші мүшесі өзінің таңдауын саналы түрде жасаған жас азаматтар. Жастар Елбасының өзінің Отанына пайда әкелуге шақырған үндеуін шын жүректен қабылдады, деді Т.Бердіоңғаров сөзінің соңында.

Съездегі жарыссөзде соңғы бо­лып үшінші шақырылған Парла­мент­тің депутаты Мұхтар Тінікеев сөйледі. Партияның бағдарламасы мен жарғысына бүгінгі өзгертулер өз уақытында ұсынылып отыр. Өйткені, біз бүгін еліміз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басып тұрмыз, деді ол. Партияның халық арасын­дағы танымалдығы оның әрбір мүшесіне байланысты. Мен осы съезде отырған делегаттардың бәрін де идеологиялық пікірталастарға батыл араласуға шақырамын. Мін­берге шығудан қорықпай, барлық қазақстандықтарға партияның тұғырнамасын түсіндіре білу керек. Бүгін біздің партияны халық қатты қолдайды, сол қолдауға біз де лайық бола білуіміз керек. Біз елі­міздегі проблемаларды жасырмай айта аламыз және олардың шеші­луіне атсалысамыз. Бізді сынай­тын­дардың қолынан ол келмейді.

Осылай дей келіп шешен осы қатарда жеңілдетілген бағамен бері­летін үйлер мәселесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті нақ “Нұр Отан” партиясы бастағанын және оның оң нәтижелі болғанын тілге тиек етті.  Сонымен бірге, мұ­най қорының ақшасын тарату се­кіл­ді популистік, жауапсыз мәлім­демелер де “Отан” партиясына жат екенін айтты. Мұндай жауапсыз істер елде инфляцияны көтеріп, экономиканың құлдырауына соқ­тырар еді, деді М.Тінікеев.

Одан әрі ол зейнетақы төлеу мәселесінде шешімін күтіп тұрған кейбір мәселелерді айтып өтті. Соның ішінде қауіпті, әрі зиянды учаскелерде жұмыс істегендерге жұ­мыс беруші тарапынан зейнет­ақы қорына ақша аудару мәселесін шешу керектігін ауызға алды. Ондайлардың ішінде 12 жыл бойы жер астында жұмыс істеген өзі де барын қаперге салуды ұмытпады. Сөзінің соңында шешен  партия­ның лидері ел Президентінің өзі болғандығы оның әрбір мүшесіне жауапкершілік жүктейтінін атап көрсетті.

Осыдан кейін төрағалық етуші Бақытжан Жұмағұловтың ұсыны­сымен көпшілік жарыссөздерді аяқтау туралы шешім қабылдады. Одан әрі съезд “Нұр Отан” халық­тық-демократиялық партиясының кезектен тыс ХІ съезінің бірінші мәселесі бойынша қаулы мен Мә­жіліс сайлауы алдындағы тұғырна­масының ұсынылған жобасын ай­тылған ескертулерді ескере отырып қабылдады. Онда партияның сай­лауалды нақты бағдарламасы, халықтың әл-ауқатын жақсартуға арналған міндеттері мен уәделері қамтылған.

Одан кейін күн тәртібіне сәйкес партияның бағдарламасы мен жар­ғысына енгізілетін өзгерістер қа­был­данды. Съездің көпшілік күткен тұсы – “Нұр Отан” ХДП-дан Мәжіліс сайлауына ұсынылатын депутаттыққа кандидаттардың тізімі оқылатын тұс болғаны анық. Пар­тиялық тізіммен сайланатындардың жалпы саны 98 болса, “Нұр Отан” ХДП заңға сәйкес осы санның үстіне тағы 30 пайызын қосып, жалпы саны 127 адамды кандидат етіп ұсынды. Тізімді  делегат Е.Нығ­матулин оқып берді. Ешқандай кандидатқа қарсы дауыс берілген жоқ, бәрі де бірауыздан кандидат болып тіркелді.

Осыдан кейін партияның бағ­дар­ламасы мен жарғысының енгі­зіл­ген өзгерістер мен қосым­шалардан кейінгі жаңа редакциясы толығымен қабылданды. Съездің соңында партияның лидері, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қысқаша сөз сөйледі.

Мен негізгі ойларымды бүгінгі баяндамамда айтып кеттім, ал қазір кейбір мәселелерге тағы да назар аударғым келеді, деді Президент. Әрине, Конституцияға өзгерістер ен­гізілгеннен кейін біз жаңа талап­тар ұсынатын мүлде басқа саяси ке­зеңге шықтық. Бүгінгі съездің ұйым­шылдықпен өтуі сол жаңа та­лапқа партия Орталық комитетінің лайықты екенін көрсетіп отыр. Осы­лай дей келіп Мемлекет бас­шы­сы қызметкерлердің жұмысына жақсы баға беріп өтті. Дегенмен, бізге әлі де партиялық тәртіпті бекі­те түсу керек, деді Елбасы. Партияның жаңа бағдарламасының маңызы да зор. Партиямыздың басқа саяси күштермен бәсекеге төтеп беруі үлкен мәнге ие. Ол үшін “Нұр Отанның” қатарын білікті де білімді адамдармен толықтыра беру аса маңызды. Тіпті, болашақта партияның кадрларын дайындайтын арнаулы мектеп ашу мәселесін де қарастыру керек.

Содан кейін Президент партия мүшелерінің бәрі де еліміздің қазір мүлде жаңа экономикалық өзгеріс­тер қарсаңында тұрғанын түсінулері керектігін айтты. Бұл біздің бұрын­ғы бастан кешірген өзгерістері­мізден анағұрлым қиын, деді Нұр­сұлтан Назарбаев. Бір сөзбен айт­қанда, бұл өмір-бақи шикізат  өнді­ріп келген елде жаңа индустриялы экономика құру деген сөз. Шикізат қоры әйтеуір бір таусылатыны белгілі. Сондықтан бүгін барлық әлем отынның баламалы түрін іздеуде. 200 млн. халқы бар Брази­лия секілді елдер экономикасының 20 пайызын баламалы отынмен өтеп отыр. Біз де осындай үдеріс­терден қалмауымыз керек. Қазіргі біздің елдің экономикасының индустриялық-инновациялық сипат алуы осы себепті де өте маңызды. Бәсекеге төтеп бере алатын елдер­дің ғана болашағы зор. Сөзінің соңында Елбасы бүгін депутат­тыққа кандидат етіп ұсынылған партиялас жолдастарын нақ ертең­нен бастап тығыз жұмыс істеуге, сөйтіп, партияның нағыз істің ұйымы екенін дәлелдеуге, басқа бәсекелес партияларды жеңуге күш салуға шақырды. Барлық істердегі бәсекеге қабілетті елдің ғана болашағы жарқын болмақ!

жалғасы



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат