Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-07-06:

ТӘУЕЛСІЗДІК ТІРЕГІ

Бүгін ел астанасының туған күні атап өтіледі

 

Қай портқа бет алғанын білмейтін кеменің желі де оңынан тұрмайды.

Сенека.

Еліміз тәуелсіздікке ие бол­ған­нан бергі кезеңде біздің өмірі­міз түбегейлі өзгерді. Бүгінгі күні мақтан тұтарлық істеріміз жеткі­лікті. Жаңа өмірді қалай баста­дық, жол басында қолымызда не болды, сол кездегі мүмкіндікте­ріміз қандай еді? Әлеуметтік-экономикалық және саяси ахуал шын мәнінде сын көтермес күйде болатын. Сырттағылар еліміздің экономикасын әлжуаз, қазынасы бос, саяси жүйесі балаң деп тұжырымдап жүрді. Бірақ уақыт бәрін өз орындарына қойды.

Өткен он бес жылда еліміз Пре­зи­дентіміздің көптеген баста­ма­ларының арқасында үлкен табыстарға жетті. Мемлекетіміз әлемдік қоғамдастықта өз орнын айқындады. Танымалдылығы мен беделі де арта түсті. Өтпелі кезең­нің қиындықтарына қарамастан, жаңа елордамыздың іргетасын бекіттік. Еліміздің дұрыс жол таңдағанын әлем мойындады.

Әрбір елдің даму жолында әр ке­зең­ге сай басты бағыт беретін құжаттары болады. Біздің елде ол құжат жыл сайын­ғы Елбасының Қазақстан хал­қына Жолдауы болып табылады.

Елбасымыздың Қазақстан халқына жолдаулары 1996 жылдан басталды. Екінші Жолдауында (1997 жыл) 2030 жылға дейінгі іс-шаралар жоспары ту­ралы айқын айтылды. Қандай жетіс­тіктерге жететінімізді Президентіміз біліп отырды. Мәселен, “Мен өзіме 33 жыл өткеннен кейінгі Қазақстан­ды қалай елестетемін? – деген өз сұрағына Елбасы: “Біздің жас мемлекетіміз өсіп-жетіліп, кемел­денеді, балаларымыз бен немере­леріміз онымен бірге ер жетеді. Олар өз ұрпағының жауапты да жігерлі, білім өресі биік, ден-саулығы мықты өкілдері болады. Олар бабаларының игі дәстүр­лерін сақтай отырып, қазіргі за­манғы нарықтық экономика жағдай­ын­да жұмыс істеуге даяр болады. Олар бей­біт, абат, жылдам өркендеу үстіндегі, күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болады”, – деп жауап бер­ген болатын. Осы орай­да, амери­ка­лық теолог Джеймс Кларктың: “Сая­сат­кер кезекті келер сайлауын ойласа, ел азама­ты  келешек ұрпақтың болашағын ойлайды” деген сөздері еріксіз еске түседі.

Президенттің 2000 жылғы “Ер­­кін де еңселі әрі қауіпсіз қо­ғам­ға қадам басайық” деп атала­тын Жолдауында елордамыз Астана алғаш рет ауызға алынды. Н.Ә.Назарбаев: “Бүкіл елімізді жаңа астанадан басқарып отыр­мыз. Кейбір сындарға қарамас­тан, астанамыз өсіп және өркен­дей түсті. Басқару жүйесі құриды деген жекелеген сәуе­гейлікке қа­рамастан, біз әлемге, кейін өзіміз­ге ұзақ мерзімдік мақсаттарға жете алатыны­мызды дәлелдедік”, – деді сонда.

2001 жылғы Жолдауда елор­дамыз Астананың өсіп-өркендеуі бүкіл ұлттық мәселе екені, оның қысқа мерзімде әкім­шілік орта­лық ретінде қалып­тас­қаны,  әсем де тартымды қалаға айна­лып келе жатқаны, сонымен бірге, елі­міз­дің басқа қалаларының дамуына жақ­сы үлгі болғаны атап көр­сетілді. “Астана-Алматы” көлік магистралі 2002 жылға жос­парлан­ған қалпына келтірілді.

2003 жылғы Жолдауда Елба­сы­мыз бас қаламыз Астанаға едәуір көңіл бөлді. Атап айтқанда, елордамыздың Сарыарқа жеріне көшкені стратегиялық жағынан дұрыс екендігін өмірдің өзі дә­лелдеді. Қаламыздың жаңа стильде өркендеуі де мойындал­ды. Астананың сәулетін жақсарту жолындағы басталған үлкен жоспарлар аяғына жеткізілуі үшін әлі де игі істер атқарылып келеді.

Жаңа астананы салудың әлеуметтік, экономикалық және саяси тұрғыдан ұтымды тұстары көп болатыны туралы талай айтылған. Мәселен, Астананың дамуы мен өркендеуіне әр түрлі көз­дер­ден 2,5 миллиард доллар құйылды. Бұл елі­міздің экономи­касының өсуіне, өнер­кәсіптің аяқ­қа тұруына, жаңа жұмыс орын­да­рының ашылуына, салық төлемде­рінің көбеюіне мүмкіндік туғызды.

Астанаға қарап облыстық орта­лық­тар да өркендей бастады. “Астананың гүлденуі – Қазақстан­ның гүлденуі” дейтін бағдарлама баршамыздың есімізде болса керек.

Астанамыздың құрылысына, өсіп өркендеуіне зор үлесін қосқан досты­ғымыз жарасқан елдерге, шетелдік ин­весторларға және өзіміздің кәсіп­кер­лерімізге дән ризамыз. Олардың қай­тарымсыз берген 200 миллион АҚШ дол­ла­рына тең қаржысына сол жылдың өзінде-ақ көптеген құрылыстар салын­ды. Аристотель кезінде: “Достықтың түбінде сыйластық жатады”, деген болса, Сократ:  “Адамдардың дос­тық­сыз қарым-қатынасы түкке тұрғысыз”, деп шегелеп кеткен. Әрине, Қазақстан үлкен халықаралық достыққа, олардың бізді сыйлап, құрметтеуіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаткерлігінің арқасын­да жетіп отыр. Шетелдіктер бізді ауызбіршілігі және ынтымағы жарасқан ел деп біледі. Елбасымыз жиі айтатындай, бір жаға­дан – бас, бір жеңнен қол шығарып жүрсек, әлі талай биік асуларды алаты­нымыз анық.

2004 жылы жаңа жүрдек пойыз жо­лаушыларды Астанадан Алма­тыға дейін 13 сағатта жеткізетін болды. Астананың халықаралық әуежайының жаңа нысан­дары іске қосылды. Осы жылы мемле­кеттік қызметкерлерді дайындайтын Аста­надағы Басқару академиясына да үлкен көңіл бөлінді.

Өткен жыл ұлттық экономи­камызды дамыту турасында сені­мімізді нықтап, үмітімізді ұштай түсті, делінді Елбасы Жолдауында. Сонымен бірге, Индус­трия­лық-инновациялық стратегиямызды іске асырудың алғашқы жылы болды. Сол жылы даму институттары құрылып, олар өңдеуші салаларды жаңғыртуға нақтылы ықпал жасай бастады. Даму банкі  20 инвес­тициялық жобаға 0,5 миллиард доллардан астам  несие бөлді.

2005 жылғы ақпан айындағы халыққа Жолдауында Елбасымыз Астана бүкіл қазақстандықтардың мақтанышына айналғанын атап өтті. Қаланың өсіп-өркендеуі іштегілер мен сырттағыларды таңқалдырып отырғаны да рас.

Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының қатысуымен өткен съезд еліміздің тағы да бір абыройының өсуінің куәсі болды деп айтылады Жолдауда. Ал енді әлемдік және дәстүрлі діндердің бәрі дерлік тек достық пен сыйлас­тықты, ынтымақтастықты дәріптеп, уағыздайды. Бүгінде астанамыз дінаралық қатынастың да орталығы болып отыр. Соңғы өткен ІІ съезде (2006 жыл) әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдері елімізді: “Қазақстан – бейбітшілік және ынтымақ­тастық қонған мекен”, деп атап кетті.

2006 жылғы наурыз айындағы Жол­дауында Елбасы Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабі­летті 50 елдің қатарына кіру страте­гиясын жария етіп, өз ойымен бөлісті.

Содан соң Жолдаудың екінші басымды­ғында Қазақстан экономи­касын тұрлаулы экономикалық өрлеудің іргетасы ретінде одан әрі жаңарту мен әртарап­тандыру мәселесі көтерілді. Оның ішінде Астананы осы заманғы әлемдік стандарт­тарға сай келетін қала ретінде, Еур­азиядағы халықаралық ықпалдастықтың ірі орталық­тарының бірі ретінде дамыту туралы біраз мәселелер көтерілді.

Мысалы, қысқа мерзімнің ішін­де Астана еліміздің осы заманғы жедел өсіп келе жатқан ірі қаласы­на айналып үлгерді, деп аталып өтті. “Сонымен бірге, қала­мыздың еуразиялық кеңістіктегі үлгілі астанаға айналуы үшін, елі­міздің тұрлаулы дамуын қамта­масыз етудің негізіне айналуы үшін толық мүмкіндігі бар”, – деді Президент.

Астананың сол жағалауындағы осы заманғы медицинаның негізгі бағыттарын біріктіретін жаңа орталықтың негізінде осы заманғы инновациялық және серпінді медициналық қызмет кластерін құру қажет деп белгіленді.

Елордамызда бірегей академия­лық орта қалыптастыру үшін біз халықаралық деңгейдегі беделді университет құрамыз деп жоспар­лап отырмыз. Сонымен қатар, құ­ры­лыс материалдары, жиһаз, азық-түлік өнеркәсібі салаларының өндірістері және басқа да бәсекеге қабілетті бағыттар шоғырланды­рылатын индустриялық аймақтың дамуы да қамтамасыз етілетін болды.

Әрбір құрылыс салушы өз капи­талының бір бөлігін қаланың әлеу­меттік саласының дамуына жұм­сайды. Бұл қаланы дамыту жолын­дағы бизнесті және халықты тарту­дың маңызды факторы болып отыр.

Әлемдік бизнестің, іскерлік туризмнің халықаралық маңызы бар ғылыми және мәдени шаралар өткізудің тартымды орнына айналдыру үшін қаланың беделдік бейнесін көтере беруге аса көңіл бөлу керек деп шешілді.

 Келешекте қаланың дамуы Теміртау, Қарағанды агломерация­сы және Щучье-Бурабай курорттық аймағын қамту ар­қылы құрылатын желілік “өсу аймағы­ның” жасақта­луы арқылы өзгеруге тиіс деп белгіленді.

2006 жылы Астана қаласының 2030 жылға дейінгі стратегиялық даму жос­па­рын және Астананың әлеуметтік-эко­но­ми­калық дамуы­ның 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды қолға алу керектігі де нақ­тыланды.

Әуе тасымалына сапалы қызмет көрсетілуін қамтамасыз ету үшін Астана қаласында арнайы орталық құрылатын болды. Сондай-ақ арнаулы экономикалық аймақтар­дың, көлік-логистикалық орталық­тардың мәселелерін пысықтау керек деп шешілді.

2007 жылғы “Жаңа әлемдегі жаңа Қа­зақстан” Жолдауында Елбасымыз: “Қа­зақ­стан экономи­касы мен мемлекетті­лігі­нің берік іргетасын қалай отырып, даму­дың жаңа кезеңіне сенімді қадам басуда”, деп атап өтті.

Осы Жолдаудың оныншы бағытында – Экономикалық өсу мен бәсекеге қабілеттіліктің өңірлік орталықтарын қалыптас­тыру және олардың жұмыстарын бастау белгіленді. 

Едәуір экономикалық әлеуеті бар көш­басшы қалаларды басым­дықпен да­мы­ту есебінен өңірлік орталықтарды және экономика­лық өсу мен бәсекеге қабілет­тіліктің “өзекті арналарын” үйлесімді қа­лып­тастыру өңірлік дамуды қамтамасыз етуде маңыз­ды рөл атқарады. Үкімет, тұ­тас­тай алғанда, ел экономикасын өркен­детудің орталықтары ретінде дамыту үшін олардың мүмкіндік­терін зерделей келіп, осындай орталықтарды анықтау керектігін атады. Экономикасы өрлеу үстіндегі елдің болашағы зор. Бірлігі бар елдің жеңісі көп.

Небәрі он жылдың ішінде шалғайдағы шағын қаладан осы заманғы мүмкіндігі мол шаһарға айналған біздің Астанамыз эко­номикалық өркендеудің аса маңызды орталығы болып отыр. Ұлы халық айналасына ұлы істер­мен танылады. Жеке адамның ұлылығы бойына байланысты болмайды, сол сияқты халықтар­дың да ұлылығы олардың санына байланысты емес. Әрбір азамат парасаттылығымен өз орта-қоғамына қарыздар. Астанамыз ұлы мүмкіндіктердің қаласы бол­са, еліміз – ұлы мүмкіндіктердің мемлекеті. Әлемнің астаналары­мен біздің астана бәсекеге түсе алады.

Астананың оңтүстік-шығыс бағытын­да­ғы оң және сол жаға­лауға кемінде екі жаңа орталық салуға тапсырма берілді. Байтағы­мыздағы ұлттық биотехнология­лар орталығы жаңа ғылыми ке­шенінің құ­рылысы қарқынын же­делдетудің маңызы үлкен екендігі аталып өтті. Үкімет жаңа­дан іске қосылатын әлемдік деңгей­дегі республикалық ғылыми инно­вациялық медицина орталықтары­ның негізінде Ас­танада медицина­лық кластер құру жө­ніндегі бағдарлама­ның жүзе­ге асырылуын жалғасты­ра береді. Сонымен бірге, елор­дада құрлықтағы су ресурста­рын зерт­теу мен қорғау мәселе­лерін кешен­ді тұрғыда шешуге тиіс. Еуразия­лық су орталығын құру қажет деп табылды.

Астана қаласының әкімі мен Үкімет­ке орта мерзімді және ұзақ мерзімді ке­зең­­­де қол жеткізуге болатын әлеуметтік-эко­номика­лық даму­дың нақты индика­тор­­ларының айқындалуы тапсы­рылды.

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпо­ра­циялар туралы мәселе де көкей­кесті. Инфрақұры­лымды дамыту­ды, ең­бек ресурстарының жи­нақы­лы­ғын және өңірлердің бәсекеге қабілет­тілігін көтеруді қамтама­сыз ету әрі солардың не­гізінде “өсу тетіктерін” қалыптас­тыру арқы­лы Қазақстанның кеңістік­тік шоғырлануына қол жеткізу мақсаты қойылды.

Қазақстанды өңірдің “эконо­ми­калық жолбасшысына” әрі осы заманғы қызмет көрсету мен жоғары технологиялық индус­трия орталығына айналдыру да ұлы мақсаттардың бірі. Мемлекеттік және жеке секторлардың топта­суы үдерісін пайдаланып, қазірде құрылған “Сары­арқа” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация­сын ес­кере отырып, мәселен, Астана қа­ла­сы, Ақмола мен Қарағанды облыстары­ның нысаналы өңірлік даму жоспарларын жасау негізінде нақтылы “өсу орта­лықтарын” құру қажет­тігі де баса айтылды. Мұндай “экономикалық өсу орталықтары” барлық қажетті әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтама­сыз етілуге тиіс, онда мектепке дейінгі, орта және кәсіп­тік-техникалық білім беруге көңіл бөлін­уі керек деп шешілді.

Сонымен, қала күні қар­саңын­да елордада жаңадан бірқа­тар маңызды нысандар пайдала­нуға беріліп үлгерді. Олардың сал­танатты ашылу рәсімдеріне Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев қатысты. Астананың ажарын ашқан жаңа нысандар қатарында “Қазақстан халқы достығы” мо­нументі, Есілдің екі бетін жалға­ған озық үлгідегі көпір, жаңа үл­гіде тұрғызылған атшабар, заман талабына сай салынған қарттар мен мүгедек­тер­ге арналған меди­циналық-әлеуметтік орталық, жаңа саябақ, тағы басқалары бар.

Иә, егемендігімізді алғалы бері халық игілігіне арналып орасан жұмыс атқарылды. Елімізде түбегей­лі өзгерістер орын алды. Бірлігіміздің, күш-жігеріміздің және болашаққа деген сеніміміз­дің арқасында жаңа өмір құру үдесінен абыроймен шығып келе­міз. Осы­­­дан он жыл бұр­ын Елба­сымыз 2030 жыл­ға дейінгі кезеңге арнал­­ған Даму страте­гиясында: “Барлығы тек өзімізге, сенімі­міз­ге, ерік-жігеріміз­ге, бірлігіміз бен еңбегіміз­­ге байланыс­ты”,  де­ген еді. Бүгін­­гі таңда бұл сөз­дердің маң­ыз­ды­лы­­ғы мен өзек­тілі­­­гі арт­паса, кемі­ген жоқ.

 

НҰРСҰЛТАНЫ БАР ЕЛДІҢ АРМАНЫ ЖОҚ

 

Қырғыздың ел мен жері азып тозды,

Көбейіп бәле-жала, ұрыс қозды.

Жауласып туысқандар бір-бірімен,

Көбейді қырғи қабақ, ала көзді.

 

Жақының жаттай болып алыстады,

Жамандық жақсылықты жаныштады.

Келімсек талап алып қырғыз жерін,

Халқымның қиын болды тарыққаны!

 

Қырғыздар өз жерінде құлға айналды,

Әп сәтте жарық күні түнге айналды.

Елімнің ар-намысы ұсақталып,

Түскенін қандай күйге білмей қалды.

 

Бір кезде қазақтарды күндейтінбіз,

Тып-тыныш жайымызға жүрмейтінбіз.

Шапты деп Кенесары қырғыздарды,

Ашумен аруақты да тілдейтінбіз.

 

Кенесары, Наурызбай шапса шапты,

Жаңғыртып неге керек өткен шақты.

Қырғыздың Бұғы менен Сарбағышы,

Жауласып қылмады ма көп шатақты?!

 

Неге соны алмаймыз есімізге,

Ұрғанша жұдырықты төсімізге.

Ұялып неге біздер қарамаймыз,

Арттағы қалып қойған көшімізге.

 

Өткенді айта беріп не табамыз,

Қисайып, сықырлап тұр босағамыз.

Одандағы ертеңге қам жасайық,

Қазақтай қалай өрге көше аламыз?!

 

Қазақтың өрге тартты  Нұрсұлтаны,

Жарқырап, атсын жайнап  әрбір таңы.

Дамыған елу елге қосылам деп,

Ерен ер алға қарай бір шырқады.

Ойлайық, қырғыз халі осы қандай?

Көз жасы тұрмысты  айтсақ

жосығандай.

Елу түгіл ең артта қалып қойған,

Отырмыз отыз елге қосыла алмай.

 

Қазақ-қырғыз ежелден бір туған ек,

Арманға, бақытқа да ұмтылған ек.

Құлға айналып қырғыздың ұрпақтары,

Қасірет тартар ма екен рухында жоқ?

 

Тауымыз да ортақ қой көліміз де,

Уа, Жасаған! Медет бер елімізге!

Ер Манастың ұрпағы асыл текті,

Деп ойлаймыз, Нұр-аға, Сені біз де!

 

Қазақ-қырғыз бұл күнде екі басқа,

Қазақ қолын созады жақын досқа.

Қырғыздардың қашып тұр берекесі,

Тұлпарының табаны тайып тасқа.

 

Жігіттер жүр ой бақпай, той таңдамай,

Көтерсе ғой, ел жүгін қайқаңдамай?

Өз жұртын талап жеген кей тажалды,

Манастың ұрпағы деп айтам қалай?

 

Кімге айтамын мұңымды, атамекен,

Елімнің жайы кімге батады екен?

Қазақтардай жарқырап маңдайымыз,

Қырғыздың таңы қашан атады екен?

 

Қазаққа Тәңір берген барлығын да,

Кең байтақ даланы да, таң нұрын да.

Ер Манастың ұрпағы деп білемін,

Ақылман Нұрсұлтандай нар ұлын да!..

 

Қазақпенен әрқашан мақтанамын,

Қазағым: “Аттан!” десе аттанамын.

Нұрсұлтаны бар елдің арманы жоқ,

Ойыма алған сайын шаттанамын.

Болотбек ТАШТАНАЛИЕВ, қырғыз ақыны. Бішкек.

 

АСҚАҚТА, БАС ҚАЛАМ!

 

Ерғазы ӘСЕМБЕКҰЛЫ,  журналист.

Астананың көшірілуі тұңғыш Прези­дентіміздің есімімен тікелей байланысты. Осынау құнды идеяны ұсынып, оны жүзеге асыру жолында табандылық танытқан Елбасы осы шешімі арқылы өзгеше бір жаңалық жасап, таныла қалайын деген жоқ. Бұл шешімнің түп-төркіні тәуелсіздік алған елінің сенімді болашағы болуы үшін, әлемдік өркениет айдынында кемеміздің өзгелермен өресі бірдей биіктерді бетке алып жүзуі үшін жүз ойланып, мың толғанған даналықта жатыр.

Республика Президенті 1997 жылғы 20 қазанда Ақмола қаласын сол жылғы 10 жел­тоқсаннан бастап Қазақстан Республи­касының астанасы етіп жариялау туралы Жарлыққа қол қойды. Ал 1998 жылғы 6 мамырда “Қазақстан Республикасының астанасы Ақмола қаласын Қазақстан Рес­публикасының атанасы – Астана қаласы деп қайта атау туралы” Жарлығын жария­лады. Сонымен, қазақтың кіндік қаласы тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа елордасы Аста­на қаласы деген жарасымды жаңа атауы­мен әлем картасынан мәңгі орын алды.

Астана қанатын кеңге жайып келеді. Кең байтақ қазақ жерінің барша тұрғын­дары­ның жаңа астанамен өз тағдырын, өсер ұрпағының тағдырын байланыстыр­ғысы келген үкілі үміті елорда халқы саны­ның қауырт өсуіне негіз болды. Бірер жыл­дың ішінде оның екі еседен астам өсуі со­ның дәлелі. Мұның бәрі жақсы-ақ. Бірақ, осынау ізгі ниетті қауымды жұмыспен, тұрғын үйлермен қамтамасыз ету қала басшылығынан көп ізденісті, ұтқыр шешімдерді талап еткені анық. Осы орайда атқарылып жатқан ауқымды істер бар. Жаңа кәсіпорындар ашу, тұрғын үй құры­лысы қарқынын үдету сияқты жұмыс­тардың бәрі, міне, осы қажеттіліктерден туындап жатады. Мәселен, жуырда қала әкімшілігі жапон автоөнеркәсіпшілерімен Астанада “Ниссан” автомобилін құрастыру зауытын ашу жөнінде келісім-шартқа қол қойды. Зауыт салу үшін жер бөлінді. Ал ол кәсіпорында мың адам жұмыс істейтін болады. Бұл – бір ғана мысал. Немесе мына бір деректерге назар аударайық: 2000 жылы қалада жалпы көлемі 30 056 шаршы метр тұрғын үй салынса, биылғы жылдың төрт айы ішінде ғана 394 729 шаршы метр тұрғын үй салыныпты. Бұл көрсеткіш өткен жылдың аталған мерзімімен салыс­тырсақ 2,3 есе артық. Егер 2000 жылы қала кәсіпорындары жыл ішінде 17 млрд. 041 млн. теңгенің өнімін өндірсе, биыл төрт айдың өзінде ғана 26 млрд. 647 млн. теңгенің өнімін өндіріп отыр.

Осыларға қарап, Елбасының 1997 жылғы 13 желтоқсанда Астанадағы Жастар сарайында болған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде айтылған болжамдардың бүгінде нақтылы шындыққа айналып отырғанын көреміз. Президент онда былай деген болатын: “Астанаға сәйкес келуге тиіс 32 өлшем айқындалды. Олардың арасында – әлеуметтік-экономикалық көр­сеткіштер, ауа райы, жер бедері, сейс­ми­калық жағдайы, қоршаған орта, инже­нер­лік және көлік инфрақұрылым­дарының, коммуникациялардың қолда бары мен даму перспективалары, құрылыс кешені, еңбек ресурстары және басқалар. Әрине елдің дамуының алыс келешегі мен стратегиялық мүдделері де есепке алынуы тиіс болды. Бәрінің ішінде Ақмола нұсқасы неғұрлым қолайлы болып шықты”. Қаланың тыныс-тіршілігінен хабардар әрбір саналы азамат, шаһар келбетіндегі оңтайлы өзгерістерді көріп жүрген әрбір жан Елбасының бұл сөздерінің қанша­лықты негізді болғандығын пайымдайтыны анық. Бүгінгі Астана бұдан он жыл бұ­рынғы Ақмола емес. Сол жағалаудағы жаңа қала туралы айтпас бұрын ескі қала ор­нындағы өзгерістерге сәл-пәл тоқталайық. Жеңіс даңғылының бойындағы Қаржы министрлігінің үйі көшбасшысы болған әкімшілік және тұрғын үй кешендерінің келісті келбетіне қарап бұрын бұл жерде тозығы жеткен сұрықсыз үйлер тұрған­дығына сенгің келмейді. Бірақ, өзгерістер көз алдымызда болғаннан соң, сенбеске лажың жоқ. Кенесары және Иманов көшелерінің бойында кеудесі көкке ұмсынған ғимараттардың орнында кеше ғана жатаған жертөледей үйлер болғаны есте. Ал Есілдің оң жағалауындағы ай­шық­ты ансамбль көне қаланы жаңартудың озық үлгісіндей көрінеді. Республика даңғылындағы бұрынғы бес қабатты үйлердің ұлттық нақыштармен көмкеріліп, қайта жаңғыртылуы да жүрекке жылылық ұялатады.

Астаналықтар мен ел халқының бүгінгі мақтанышы – атақты “Бәйтерек” пен Ақорда маңында шоғырланған жаңа қала­ның жарқын бейнесі. Осынау ғажайып өзгеріске жол ашқан құжат Прези­ден­тіміздің 2001 жылғы 29 маусымдағы “Аста­на – жаңа қала” арнайы экономикалық аймағын құру туралы” Жарлығы еді. Осы Жарлықты жүзеге асыру 2002 жылғы 1 қаңтардан бастап қолға алынды. Есілдің сол жағалуында 1052,6 гектар жерде жаңа ғасырдың ғаламат ауқымдағы құрылысы басталды. Отандық және шетелдік құрылыс компаниялары бас жоспар бойынша іске кірісті. Ал бұған дейін инженерлік құрылыс істерін, архитектуралық сызба-жобаларды бір жүйеге келтіру жолында атқарылған жұмыстар өз алдына бөлек әңгіме. Астана­ның бас жоспарын жасау және оны таңдап бекіту ісіне Елбасы ерекше мән берді. Бас жобаны түбегейлі бекітуге дейін екі конкурс жарияланды. Оның алғашқысы республика сәулетшілерінің арасында болса, екіншісі халықаралық деңгейде өткізілді. Бұл бәсекеге Еуропа, Азия, Америка және Австралияның, өз еліміз бен ТМД-ның 47 шығармашылық ұжымы қатысты. Осылардың ішінде әлемге әйгілі сәулетші жапон Кисе Курокава басқарған топтың жобасы жеңімпаз деп танылды. Осы жерде бұл жобаны дайындауға Аста­надағы танымал сәулетші Серік Рүстем­беков жетекшілік ететін “Orda” сәулет­шілер ұжымының 60-тан аса мамандары қатысып, білек сыбана еңбек етіп үлес қосқанын айта кету артық болмайды.

“Астана – жаңа қала” АЭА құрылыс жұмыстарына инвестициялар тарту мақ­са­ты­мен салықтық және кедендік жеңіл­дік­тер берді. Бұл жаңа қаланың құрылысында қолтаңбасын қалдыруға ынталы компа­ния­лары­ның қатарын арттыра түсті. Нәти­жесінде бірер жылдың ішінде “Қаз­Мұнай­Газ” бен “Траспорт-тауэр” ғима­рат­тарын көмкерген дөңгелек алаң, “Астана-Бәйтерек”, Қорғаныс министр­лігінің үйі, Ұлттық кітапхана ғимараты, Ақорда, “Нұр-Астана” мешіті, “Rіхsos” қо­нақ үйі, Жоғарғы соттың, Сыртқы істер министрлігінің, Сенат пен Мәжі­лістің ғимараттары, тұрғын үй кешендері бой көтеріп, тұтас бір жаңа қала дүниеге келді. Арнайы экономикалық аймақтың құрылуы жаңа астанамызды салудағы озық үлгі екендігі дәлелденді. Сондықтан да деп білеміз, Елбасымыз 2005 жылғы 24 наурыздағы Жарлығымен АЭА мерзімін 2010 жылға дейін ұзартты және аймақтың құрылыстар жүргізетін жер ауқымын 1566,3 гектарға дейін арттырды. Ал 2007 жылғы 26 ақпандағы Жарлығы­мен АЭА аумағын 4842,3 гектарға дейін ұлғайтты. Сөйтіп, жаңа қала Есілдің сол жағалауынан өз тұсынан оң жағалауға қарай қанат жайды. Аумағы 84 гектар Президент бағы аумағында бірегей ғимарат Пирамида бой көтерді. Оның маңында Оңтүстік Кореяның “Хай-Вилл” компаниясы аумақты тұрғын үй кешенін салып жатыр. Елбасымыздың сөзімен айтсақ, бұл кешен Сеулдің Аста­надағы шағын бір көрінісі болмақ. Осы­нау ауқымдағы жаңа қаланы жал­ғас­ты­рып Есілдің үстінен жаңа көпір салынды. Оның ұзындығы бір шақырымға жете қабыл.

АЭА алғаш құрылған жылдары мұн­дағы құрылыстарға жыл сайын 45-50 млрд. теңге инвестиция жұмсалса, биыл 140 млрд. теңге инвестицияны игеру көзделуде. Бұл қаржылар негізінен “Ха­лықаралық сауда орталығының”, “Ке­руен” мәдени ойын-сауық кешені­нің, Атты спорт кешенінің, Қонақ үй ке­ше­нінің, “Хай-Вилл” тұрғын үй ауда­ны­ның, “Пекин-Палас” бизнес орталығы­ның, “Санкт-Петербург” сауда орталы­ғының, “Хан шатыры” сауда-ойын-сауық орта­лығының, Кино-концерт ғи­маратының, республикалық велотректің және басқа да нысандардың құрылысына жұмсалмақ. Көріп отырғанымыздай, биылдың өзінде тағы да ондаған ғимарат қала ауқымын ұлғайта түспек. Жалпы алғанда, АЭА аумағында бүгінге дейін 97 нысан пай­далануға берілді, ал 84 нысан­ның құры­лысы жалғастырылуда. Олар­дың көп­ші­лігі таяу уақытта көз сүйсін­діртер ғаламат ғимараттар болып дүниеге келмек.

Астана тек сәулетінде сән тұнған ғима­раттарымен, кең пішілген кешен­дерімен, абат нұрға бөленген бүкіл бол­мы­сымен ғана емес, адамдары ажарлы, татулығы жарасымды қалпымен де ерекшеленеді. Бейбітшілік қаласы деген мәртебе де тектен тек берілмегені рас қой. Қазіргі елорда мәдениет пен өнер­дің өрісті ордасына айналды. Ондаған кәсіпқой өнер ұжымдары, музыкалық академия, театрлары бар. Ұлттық зиялы қауымы қалыптасуда. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін асқақтататын алтын діңгек те Астана болатынына жәмиғат­тың тәнті болар шағы алыс емес, бұған мына бір мысалдарға ден қойсаңыз, өзіңіз де қол қоясыз, қадірлі оқырман. Қала елорда мәртебесін алғанға дейін мұнда №4 және №26 деген екі ғана қазақ мектебі болса, қазір 17 таза қазақ мектебі бар. Астана көшіп келген алғашқы жыл­да-ақ, №38 қазақ мектеп-лицейі ашылды. Тұсауын елбасымыздың өзі кесті. Одан кейінгі жылдарда жыл сайын 4-5 мектеп салу дәстүрге айналды. Солардың бір-екеуі ғана аралас мектеп болса, қалғаны түгел қазақ мектебі болып ашылып жа­тыр. Бұларға қоса елордадағы мектеп­тердің 24-і аралас мектепке айналып, оларда қазақ сыныптары ашылды. Демек, ондаған мың жеткіншектеріміз қазір ана тілінде білім алып жатыр.

1997 жылдың желтоқсанында ел ордасы Ақмолаға көшіп келгенге дейін жергілікті ұлтжанды азаматтар қазақ сыныптарын, балабақшаларында қазақ балалары топтарын ашу жолында алау жандары жалау болып күрессе, ұлы көш сондай азаматтарды қанаттандырып жіберді. Алматыдан және еліміздің ай­мақ­тарынан қоныс аударған зиялы қауым өкілдерімен тізе қосып, бас қа­ла­мызда ұлттық рухтың асқақтай түсуі жо­лында нақ солар қайраткерлік деңгейге көтерілді. Қысқасы, Алматы мен Аста­наның, аймақтардың зиялылары бір ортада тоғысып тәуелсіздік тұғырын нығайта түсті. Осындайда Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Астананың тұсаукесер салтанатында былай деп те­біренгені еске түседі: “Бәріміздің де жас­тық дәуреніміз, дегендерімізге жетуіміз, кемелімізге келуіміз сол бір ғажайып қалаға етене байланысты. Жаңаша дәу­рендеуіміздің дәл бір осы шырайлы ша­ғында, шапағатты сағаттары мен мерейлі минөттерінде азаматтығымыздың ақ құсын өз бауырынан аспандата сам­ғатқан аялы Алматы мен әзіз Алатауға бәріміз де тікемізден тік тұрып, басымыз жерге жеткенше иіліп, қанша мәрте тағзым етсек те артықтығы жоқ деп білем. Дүние тұрғанша тұр, жәннат қалпыңнан жазбай жасай бер, жайнай бер, Қыдыр қонып, құт дарыған киелі қоныс, мү­бәрәк мекен – Алматы!.. Биікке самғап, қиырды шарлау, заманнан қалмай зымырай зулау –мына біздерге өзің берген тәрбие, өзің көрсеткен өнеге, өзің тапсырған аманат!”

Осы аманатқа адалдықтың ең биік үлгісін Елбасының өзі көрсетіп келеді. Астана қаласын дамытудың әрбір қадамы оның тікелей басшылығымен, қадағалауымен жасалып отыр. “Астана – менің перзентім” деген сөзді Президентіміздің ауызынан жиі естиміз. Соған иланамыз. Өйткені, мың бір мысал көз алдымызда.

Бірде заңғар жазушымыз Әбіш Кекіл­баевтың былай дегені бар: “Күннен күн­ге құлпыра түскен Астана келбеті – мем­лекетіміздің қуаты мен жасампазды­ғының жарқын айғағындай. Сарыарқа тө­сінен бой көтерген осынау самала қа­ла­ның әр зәулім үйі, әр сәулетті көшесі, әр саялы бау-бағы – тұңғыш қазақ Пре­зидентінің талғамы мен талапшылдығын, саяси еркі мен азаматтық жігерін таныта алар тарихи куәлік”.

Әбекеңнің бұл пікіріне не алып қосарсың?!.



Авторы: Самат МҰСА. Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат