Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-07-17:

Қауіпсіздік талаптары

  

– Құрметті Берік Мәжитұлы, сіз үстіміздегі жылдың қаңтарынан Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы болып жұмыс істеп келесіз, бұрын 2003-2005 жылдары Хатшы орынбасарының лауазымында болдыңыз, яғни бұл қызмет саласын жақсы білесіз. Ақпан айында Қауіпсіздік Кенесінің кезекті отырысы болып, оның негізгі қорытындылары жарияланған еді. Ал енді отырыстар аралығында сіздің аппарат немен айна­лысады?

– Біздің қызметкерлер еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің барлық қырлары мен бағыттарын зерттеп отырады. Бұл ретте Үкіметтің органдарына немесе басқа құрылымдарға қарағанда, Қауіпсіздік Кеңесі аппаратының басты міндеті – Қа­зақ­стан қауіпсіздігінің жай-күйіне үздіксіз мониторинг жүргізу, мүмкін болатын қатерлер мен проблемаларды дер кезінде анықтау және талдау, Мемлекет басшысына тиісінше ұсыныстар әзірлеу. Әлбетте, бұл жұмыс басқа мүдделі мемле­кеттік орган­дармен, олардың қызметтеріне қарай, тығыз өзара ықпалдастықта жүзеге асырылады.

Аталған міндеттерді шешу үшін біздің аппаратта негізінен мемлекеттік басқарудың түрлі салаларында кәсіби тәжірибесі бар талдамашылар жұмыс істейді. Соңғы жылдары тұрлаулы ұжым қалыптасып, дербес талдамалық мектебіміз құрылды.

Демек, біздің рөліміз назарды Қауіпсіз­дік Кеңесінің отырыстары аясында алқалық талқылауды талап ететін түйінді пробле­маларға шоғырландыру, сондай-ақ Мемлекет басшысын елдегі қауіпсіздіктің жай-күйі, анықталған келеңсіз үрдістер мен  қарсы әрекет етудің мүмкін болатын шаралары туралы жүйелі хабардар ету болып табылады.

Осыған байланысты мынаны атап көрсеткім келеді: БАҚ-тарда хабарланатын Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдері – бұл ұзақ мерзімде жүргізілген дайындық жұмыстары­ның, жұмыс кеңестерінің, халықаралық практика мен отандық сарапшылардың пікірлерін және мемлекеттік органдардың ұсыныстарын зерттеудің нәтижесі.

Бұл жұмыстың бәрі әлемдік практикаға сәйкес негізінен жабық сипатта болатынын ескере отырып, тек бірер мысал келтірейін.

Үстіміздегі жылдың ақпанында біз Мем­лекет басшысына талдамалық ұсыныста­рымызды жолдадық, онда Қазақстанды сумен қамтамасыз ету проблемаларын мұқият зерттеу қажеттігіне  назар аудар­тылды. Біздің жер қойнауымыз бай болып табылатын минералдық-шикізаттық ресурс­тарға қарағанда, су тапшылығы елеулі проблемаға айналуы мүмкін екендігі және қазірдің өзінде айналып отырғаны құпия емес. КСРО-ның кезінде Сібір өзендері арналарының бір бөлігін Қазақстан мен Орта Азияға бұру туралы мәселе қаралған болатын, бірақ-та, біржақты әзірленген қоғамдық пікірдің қыспағынан бұл жоба ұмыт қалдырылды. Алайда, бұдан кейінгі уақытта Қазақстанда сумен жабдықтауға байланысты ахуал тек қиындай түсті.

Сондықтан да біз сол проблемаға оралу ұсынысын енгіздік, әлбетте, барлық мүмкін болатын техникалық-экономикалық нұс­қаларды мұқият есептеп, экологиялық қана емес, сонымен бірге саяси тәуекел­дерді сал­мақтай отырып, осындай ұсыныс жасадық.

Бірден айта кетейін, әңгіме бұрынғы кеңестік жобаларды қайта жандандыру ту­ралы болып отырған жоқ. Біршама жылдар өтті, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылуынан бастап көп нәрсе өзгерді. Сон­дық­тан Қазақстан мен Орталық Азияның басқа мемлекеттерінің экономикалары мен халықтарының нақты қажеттіліктерін негізге ала отырып, проблемаға жаңа тұрғы­дан қарау қажет. Бәлкім, құрылыстың ортақ шығындары мен мерзімдерін азайту үшін жер бедерінің ерекшеліктерін пайдалану мүмкін болар. Мәселен, Батыс Сібір және Тұран ойпаттарын жалғастыратын Торғай ойпаңы арқылы өтетін маршрутты қарастыруға болар еді. Осылайша, Ресей өзендері пайдаланылған суының бір бөлігі Арал өңірінің солтүстік бөлігіне дейін жете алар еді. Сәуір айында біз Каспий және Азов-Қара теңіз бассейнін жалғастыратын, ұзындығы шамамен 700 километрлік жаңа су тасымалы маршрутының жобасына Қазақстанның қатысу мүмкіндігі жөнінде ұсыныс енгіздік. Біздің мемлекетіміз үшін бұл жобаның өзектілігі мен тартымдылығы айқын: біз қазіргі бар, кемелердегі жүктердің салмағы бойынша өткізу қабілеті аз және навигация кезеңі қысқа Волга-Дон арқылы өтетін маршрутқа баламаға ие болар едік. Қазіргі каналда шлюздер саны көп, мұның өзі кемелердің қозғалыс жылдамдығын кемітеді, ал трасса баламалы нұсқаға қарағанда әлдеқайда ұзын.

Мұндай жобаны іске асыру Әлемдік мұ­хитқа ашылатын жаңа көлік дәлізіне ие бо­луымызға, сондай-ақ Қазақстанның тран­зиттік әлеуетін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Екінші жағынан, біздің еліміздің және басқа мүдделі мемлекеттердің “Еуразия” кана­­лының құрылысына үлесті қатысуы бұл жолды бірлескен меншік нысаны ретінде қарастыруға мүмкіндік туғызады, оны пай­далану да тең жағдайда жүзеге асырылуы тиіс.

Сонымен қатар Ресейдің ішкі су жолдары арқылы өту уақытын қысқартуға және тиісінше көлік шығындарын азайтуға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде қазақстандық теңіз тасымалының бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Аталған екі ұсынысты Мемлекет басшы­сы қолдады, олар бойынша Үкіметке тиісті тапсырмалар берілді. Соған орай 10 мау­сым­да Санкт-Петербургте халықаралық эко­номикалық форумның жалпы отыры­сын­да Нұрсұлтан Әбішұлы екі жобаға байланысты біздің мүдделілігіміз туралы мәлімдегені белгілі. Ал 15 маусымда болған Шетелдік инвесторлар кеңесінің отыры­сында Елбасы Қазақстанның маңызды өңіраралық транзиттік орталық болуы үшін барлық мүмкіндіктері бар екенін атап көрсетті.

Біз сондай-ақ Мемлекет басшысының жеке тапсырмаларын орындаймыз. Мәсе­лен, сәуірде Қазақстанда құтқару және басқа жедел қызметтерді шақыру үшін бірыңғай телефон нөмірін енгізу туралы мәселені зерттеу міндеті қойылған болатын. Бұл ретте әңгіме үйреншікті “01”, “02”, “03”, “04” және кейбір қалалардағы “051” нөмірлерін жай ғана ауыстыру туралы емес, жедел әрекет ету, қолданылатын күштер мен құрал­дардың тиімді өзара ықпалдасу, бірлескен құтқару жұмыстарының үйлесімділігін қамтамасыз ететін тұтас жүйе құру туралы болып отыр. Басты нәтиже халық үшін қолай­лылықтың, яғни Қазақстанның кез кел­ген бұрышынан және телефон аппаратта­рының, ұялы байланысты қоса алғанда, барлық түрлерінен жедел құтқару қызмет­теріне қолжетімділіктің қамтамасыз етілуі болуы тиіс.

Мұндай бірыңғай нөмірлер әлемнің көптеген елдерінде – “911” АҚШ пен Канадада “112” Еуропа Одағында бар.

Елімізде Бірыңғай кезекші-дис­петчерлік қызмет құрумен байла­нысты ұйымдық және техникалық проблемаларды ескере отырып, біз орта мерзімді кешенді бағдарлама әзірлеуді және іске асыруды ұсын­дық. Осыған байла­нысты Елбасы Н.Назарбаев Үкіметке тиісінше тапсырма берді.

– Әдетте Қауіпсіздік Кеңесінің жұмыс мазмұны БАҚ-тарда кеңінен көрсетіле бермейді. Алайда, өткен жылы және 2007 жылдың ақпанында телевизия бойынша және баспасөзде жекелеген отырыстардың барысы айтарлықтай егжей-тегжейлі көр­сетілді. Қауіпсіздік Кеңесі жұмысы­ның “көпшілікке жария етілу” дең­гейін анықтауға мүмкіндік беретін қандай да бір өлшемдер бар ма?

– Әрине, бар. Бірден атап өтейін, үлкен қоғамдық үндестік туғызатын, мәселен, сыбайлас жемқорлық, есірткі бизнесі және нашақорлық, ұлттық компаниялар қызметін реттеу, жол қауіпсіздігі, ВИЧ-инфекцияның таралуы секілді проблемалар жария талқы­лануы тиіс. Мұндағы басты өлшем біздің азаматтардың мүдделеріне қатысты ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету болып табылады.

 Екінші жағынан, сыртқы және қорғаныс саясатының, арнаулы қызметтер жұмысы­ның, ұлттық қауіпсіздіктің басқа да кейбір бағыттары бойынша ақпарат алдағы кезде де осы бағытпен тікелей айналысатын адамдарға ғана қолжетімді болады. Әлемнің барлық мемлекеттерінде осылай қабылданған.

Сонымен қатар ұлттық қауіпсіздіктің стратегиясы немесе әскери доктрина тәрізді жекелеген мәселелер кең жұртшылық үшін жеткілікті тұрғыда түсінікті бола бермейді. Сонымен бірге Қауіпсіздік Кеңесі қабыл­дайтын барлық шешімдер еліміз үшін маңызды да өзекті екеніне сендіре аламын.

– Сіз басқа елдердің және халықаралық ұйымдардың өкілдерімен кездесіп тұрасыз ба?

– Осы лауазымда болған уақытта менің ондай бірқатар кездесулерім болды. Бішкекте мамыр айында өткен ШЫҰ-ға мүше мемле­кеттер қауіпсіздік кеңестері хатшыларының отырысына қатысқанымды айтуға болады. Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының тұрақты консультациялары сондай-ақ ҰҚШҰ-да да көзделген.

Бұл жедел әрі сенімділік негізінде біздің мемлекеттеріміз үшін мүдделі болып табыла­тын мәселелерді әріптестерімізбен талқы­лауға мүмкіндік береді.

Қазақстанның Батыспен қарым-қатына­сының жоғары деңгейін ескере отырып, мен НАТО бас хатшысының Орталық Азия және Кавказ бойынша арнаулы өкілі Р.Сим­монспен, АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі Р.Баучермен, АҚШ-тың Орталық қолбасшылығының қолбасшысы адмирал У.Фэллонмен кездесулер өткіздім.

Бұл кездесулердің қорытындылары бойынша ресми хабарлар жарияланғандық­тан, оларға егжей-тегжейлі тоқталып жат­пайын. Қосқым келетін бір-ақ нәрсе: біздің еліміздің өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі мен отандық экономиканың табыстары туралы өте жылы лебіздер есту ғанибет болды.

Наурызда мен “Қазақстан Республика­сының халықаралық ынтымақтастығы: нақты жағдай, міндеттер және болашағы” атты халықаралық ғылыми-практикалық конфе­ренцияға қатысып, “Қазақстан Республика­сының қауіпсіздік саласында Орталық Азия мемлекеттерімен өзара ықпалдастығы тура­лы” тақырыбы бойынша баяндама жасадым.

Бұл ретте біздің орталықазиялық әріптес­терімізбен бірлескен қызметіміздегі басым­дықтар арасында есірткі бизнесіне қарсы күрестің маңыздылығы атап өтілді. Қазіргі кезде БҰҰ-ның жәрдем көрсету жағдайында Алматыда Орталық Азияда есірткіге қарсы бірлескен қызметті үйлестіретін өңірлік халықаралық ақпараттық орталық (ОАӨАҮО) құрылуда. ОАӨАҮО-ға Орталық Азияның барлық мемлекеттері, Ресей және Әзірбайжан қатысушы болып табылады.

Тағы да бір маңызды бағыт төтенше жағдайларда әрекет етудің ұжымдық тетіктерін әзірлеу болып табылады.

Атап айтқанда, әңгіме орталықазиялық өңірлік үйлестіру орталығын құру және Қазақстанда орналастыру туралы болып отыр. Мұның өзі төтенше жағдайлардың ерте бастан алдын алу және ол жөнінде хабардар етудің кешенді жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Алматыда БҰҰ-ның гумани­тарлық операцияларды үйлестіру жөніндегі Офисінің өңірлік өкілдігін ашу және осыған байланысты Қазақстанның оңтүстігінде халықаралық гуманитарлық көмекті сақтау және бөлу үшін транзиттік база орналастыру мәселесін атап өткен жөн.

Мұндай шаралардың қажеттігі айқын. Орталық Азия өңірінде, сондай-ақ таяу орналасқан Ауғанстанда табиғаттағы стихия­лық апаттар – зілзала, сел, су тасқыны, жер көшкіні жиі болып тұрады. Өкінішке қарай, өнеркәсіп орындарындағы лаңкестік әрекет­тердің болу мүмкіндігін де жоққа шығара алмаймыз. Мұндай төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін өз күштері жетіспеуі мүмкін, сондықтан өңірге халықаралық қо­ғамдастықтың, ең алдымен БҰҰ-ның ресурс­тарын алдын ала жеткізіп қою маңызды.

Бізде өңірдің барлық елдерінің сұраны­сына қажетті БҰҰ қоймаларын Қазақстан­ның нақ оңтүстік бөлігінде орналастырудың пайдасына шығатын дәлелдер жеткілікті. Олардың қатарында мамандандырылған нысандардың болуын, көлік инфрақұры­лымының дамығандығын, сондай-ақ гумани­тарлық жүктерді – азық-түлікті, палатка­ларды, жылы киімдерді, басқа да бірінші қажеттілік заттарын жеткізу орындарына географиялық жақындықты айтуға болады.

Айтпақшы, бұл идеяны біздің шетелдік әріптестеріміз оң қабылдады. Мәселен, АҚШ-тың Орталық қолбасшылығының жетекшілерімен кездесу кезінде адмирал У.Фэллон қазақстандық ұсынысқа толық қолдау білдіретіндігін мәлімдеді.

– Қазіргі кезде конституциялық түзетулерді одан әрі іске асыру үдерісі жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Бұл жұмыстың белгілі бір бағдарлары бар ма және сіздіңше, қосымша қандай қадамдар жасау керек?

– Сұрағыңыз өте орынды. Қазіргі кезде жүргізілген конституциялық реформаның мәні мен тиімділігінің әлсіреуіне жол беруге болмайды. Ал бұл реформаның шетелдік сарапшылар тарапынан жоғары баға алғаны белгілі. Олардың ортақ пікірлері бойынша Қазақстан Республкасындағы конституция­лық өзгертулер – бұл қоғамның саяси жүйе­сін дамытудағы батыл да орынды қадам.

– Бірінші маусымда Конституциялық Кеңестің елдегі конституциялық заңдылық­тың жай-күйі туралы Парламентке жыл сайынғы жолдауы жария етілді. Онда бірінші кезектегі конституциялық міндет – бүкіл заңнамалық базаны жаңарған Негізгі Заңға сәйкес келтіру үшін оны терең тексеруден өткізу міндеті анықталған. Қазіргі кезде біздің депутаттық корпус Конституцияның шешуші нормаларымен және қағидаларымен барынша тығыз байланысты төрт консти­туциялық заңға өзгерістер мен толықты­раулар енгізу жөніндегі жұмысты аяқтады. Алайда заң шығарушылық үдерістің осымен шеттеліп қалмайтыны сөзсіз.

Қолданылып жүрген заңнамадағы Конс­титуцияда көзделген конституциялық және құқықтық институттарды дер кезінде және толық дамыту жөнінде іргелі жұмыс алда тұр.

Сондықтан бүгінде елдегі конституция­лылықтың қағидаттарын орнықтыруда тұжырымдамалық орындардың бірі ұсыныс­тары мен шешімдерін барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар орындауға міндетті Конституциялық Кеңеске – Конс­ти­туцияның “оққағарына” және елдің “екін­ші заң шығарушысына” берілуі тиіс. Бұл Пре­зи­денттің “Қазақстан Республикасы Конс­ти­туциясының әлеуетін одан әрі пайда­лану жө­ніндегі шаралар туралы” 2005 жылғы 4 мамыр­дағы Жарлығының қағида­ларына сай келеді.

– Еліміздің ағымдағы заңнамасын одан әрі дамыту проблемаларын шешудің тіпті де күтпеген және өз тұрғысынан өте жаңа қойылымы екен. Демек, сіз қоғам мен мем­лекетте Конституциялық Кеңестің құқықтық мәртебесін көтеруді жақтайсыз ғой?

– Мен бұл мәселеге айқындық бергім келеді. Біз ұлттық заңнаманы қалай дамыту ке­ректігі туралы саяси және ғылыми пікір­таластар кезінде көп ретте тіпті де негізсіз түрде біздің Конституциялық Кеңес қолда­ныс­тағы заңнаманы жетілдіру ісінде ие бо­лып отырған елеулі мүмкіндіктерді ұмыта бе­реміз. Тұтастай алғанда әлемдік үрдістер соң­ғы уақытта конституциялық юрисдикция органдарының қауырт өсе түскен рөлін көрсетіп отыр. Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөнін­дегі мемлекеттік комиссияның алтыншы отырысындағы сөзінде Мемлекет басшысы ТМД бойынша біздің көршілері­міздің тәжірибесі негізінде қоғамдағы және мемлекеттегі конституциялық қадағалау органдарының мәнін айқын белгілеп берді. Бұл елдердегі (Украина, Қырғызстан) жағ­дай­дан көрініп отырғанындай, конститу­циялық юрисдикция органдары конститу­циялық популизм мен саяси дағдарыстарды бейтараптандырудың айқындаушы фактор­лары бірінің толқыны алдындағы соңғы тосқауыл болып қалды.

 Конституциялық Кеңестің құқықтық жағдайы бүгінде айтарлықтай тұрлаулы. Конституциялық Кеңес елдің орталық мемлекеттік-саяси институттарының бірі ретінде өзі қызмет еткен жылдары белгілі бір конституциялық практика жинақтады. Алайда заңнаманы Конституцияның қағи­далары мен нормаларына сәйкес келтіру жөніндегі оның ұсыныстары мен шешім­дерін мемлекеттік органдардың орындамауы жағдайымен келісуге болмайды.

– Ал мұндайдың – Конституциялық Кеңестің баршаға міндетті нормативтік құқықтық  кесімдерін елемеушіліктің болуы мүмкін бе?

– Иә, мұндай жәйт, міне, бірнеше жылдан бері орын алып келеді. Мәселен, Конституциялық Кеңес 2007 жылғы жолдауында Негізгі Заңның жекелеген нормалары әлі де болса жеткілікті түрде заңнамалық дамуға ие болмағаны, Конс­титуцияда көзделген кейбір институттардың құрылуы қамтамасыз етілмегені туралы тұжырым жасаған.

Айтпақшы, бұл ретте осы үшін ешкім де жауапты болмайды. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 362-бабы сот шешімдерін орын­да­мағаны үшін жауапкершілік белгілейді. Алайда, заңнамада Конституциялық Кеңес­тің заңнамалық тұрғыда үнқатуды талап ететін жолдауындағы ұсыныстары мен шешімдерін орындамағаны үшін жауап­кершілік регламенттелмеген. Меніңше, бұл жол беретін жағдай емес.

– Сіз бұған байланысты нақты не істеу керек деп ұсынасыз?

– Конституциялық Кеңестің шешімдері мен ұсыныстарын орындау тетігін іс жү­зінде реттеп алған маңызды болып көрінеді. Конституция нормаларымен, заңдармен және өзге де құқық көздерімен қатар ол ұсыныстар мен шешімдер іс жүзінде қолданыстағы құқық нормаларын жасайды және  ресми конституциялық доктринаны –  конституциялық дәстүрді іске асырудың үлгілері болып табылады. Басқаша айт­қанда, оның жолдаулары мен шешімдерінде Конституция нормаларын ресми түсінді­рудің нәтижелері ағымдағы заңнаманың, Конституция негізін, рухы мен институт­тарын бұзбастан, басқа сапаға көшуін қам­та­­масыз етеді. Сондықтан олар республи­каның қолданыстағы құқығының жүйесінде өз орнын алуға, яғни нормативтік құқықтық кесімдердің ресми тізілімінде Консти­туциядан кейін бірден тұруы тиіс. Мұндай жағдай ел Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларына да қолданылғаны жөн.

– Аталған шаралар жеткілікті бола ма?

– Айтылған жайлар тұрғысынан Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдардың заңдар жобаларын әзірлеу кезінде Конс­титуциялық Кеңестің шешімдері мен ұсыныстарын міндетті түрде есепке алуы, сондай-ақ, егер заңның конституция­лы­лығы туралы дау Парламентте талқылау барысының өзінде пайда болатын болса, ол қабылданғанға дейін осы органда айна­лымда болудың белсенді практикасы қағидаттық конституциялық дәстүр болуы тиіс. Бұл ретте мемлекеттік шығындарды қысқартуды немесе ұлғайтуды көздейтін заңдар жобаларын Парламент Мәжілісіне енгізудің міндетті қолданыста болатын конституциялық шартының бірі Үкіметтің оң қорытындысы болуы керек.

Конституциялық Кеңестің жолдаулары мен нормативтік қаулыларын Үкіметтің тиісті күнтізбелік жылға арналған Заң­жоба­лық жұмыс жоспарын қалыптасты­рудың негізгі бір көзі ретінде қарастырған жөн.

– Конституцияға сәйкес Қауіпсіздік Кеңесі Мемлекет басшысы құратын, консультациялық-кеңесші орган болып табылады. Оның жұмысын Мемлекет басшысы Әкімшілігінің құрылымына кіретін сіздің аппарат қамтамасыз етеді. Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін қамтамасыз етуге тағы қандай күштер тартылады?

– Біздің жұмысымыз еліміздің бірқатар мемлекеттік органдарымен белсенді өзара ықпалдастықсыз мүмкін болмайтынын мен бұған дейін айтқанмын.

Бір ғана біздің аппарат өңделетін ақ­парат­тың орасан арнасын, оған талдау жа­сауды және жобалық шешімдерді әзірлеуді, оның үстіне өте ауқымды тақырып бойынша әзірлеуді еңсере алмас еді.

Сондықтан да Мемлекет басшысының Өкімімен Қауіпсіздік Кеңесінің жанынан бірқатар ведомствоаралық комиссиялар, мәселен, сыртқы саясат, әскери, қоғамдық қауіпсіздік мәселелері, мемлекет қызметінің басқа да бағыттары бойынша комиссиялар құрылған. Әдетте Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері жетекшілік жасайтын бұл комиссиялар “салалық” ерекшеліктері бар және сол сәтінде барынша өзекті болып табылатын нақты проблемаларды әзірлеу жөнінде өте көп жұмыс атқарады.

Қауіпсіздік Кеңесінің инспекциясы әлеует құрылымдарының қызметін, олардың жауынгерлік әзірлігінің жай-күйін, сондай-ақ бюджет қаражатын ұтымды пайдалану мәселелерін бақылайды.

Жуырда Елбасы Н.Ә.Назарбаев Сарап­тамалық кеңес құрамына Қазақстанның көрнекті ғалымдары мен практиктерінің кіруі көзделген орган құру туралы біздің бастамамызға қолдау білдірді. Жалпы, қауіпсіздік проблемаларын зерттеуге және талдауға сарапшылар қоғамдастығын тарту бұл проблемаларды шешудің барынша оңтайлы жолдарын іздестіруде елеулі көмек болатынын атап өткім келеді.

Мәселен, АҚШ-та “РЭНД” жекеменшік корпорациясы үкіметтік институттармен өзара белсенді ықпалдасып, оның ұсыныс­тары америкалық ресми саясатты іске асыру кезінде пайдаланылады. Мұндай тәжірибе Ресейдің қауіпсіздік кеңесінде де бар, оның жанында ғылыми кеңес жұмыс істейді.

Сондықтан қазіргі кезде Сарапшылар кеңесі жөніндегі идея бойынша жұмыс жүргізіліп, мүмкін болатын үміткерлер зерттелуде. Әлбетте, Сарапшылар кеңесіне үміткерлердің креативтілігі, олардың жаңа идеялар мен жаңа көзқарастар “туындату” қабілеті ескерілетін болады.

Тұтастай алғанда, Қауіпсіздік Кеңесі жұмысының стилі мен әдістерін жетілдіру, жалпысында, мемлекеттік басқарудың кез келген саласындағыдай жаңа құралдарды іздестіру мен пайдалану үдерісі үздіксіз болып табылады.

Біз әлемде де, өз елімізде де жинақ­талған тәжірибеден Қазақстанда, қауіпсіздік саласына ендіруге болатын ең құнды және қызықты нәрселерді іріктей отырып, үнемі үйренуге тиіспіз.



Авторы: Әңгімелескен Ержұман СМАЙЫЛ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат