Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-07-25:

Кептерханалар дөңгелек құты секілді етіліп тұрғызылған. Исфаһан диқандары кептерлердің саңғырығын жинау үшін кептерханалар кешені жанынан арнайы мұнара салдырған.

Француз саяхатшысы Шарден Сәфави дәуірінде Исфаһан аймағының кептерханалары бір мыңнан асқан деп жазған деседі.

Қазіргі заманда химиялық тыңайтқыштардың кең тарауына байланысты кептерханалардың маңызы төмендей бастапты. Әйтсе де Исфаһан маңында жүзге тарта кептерхана біздің заманымызға жетіпті.

Ирандықтар исламға дейін отқа табынған. Заратуштра сенім-нанымы да ізсіз кетпепті. Соңғысын ұстайтындар Иранда қазір де бар деседі. Ал енді отқа табынатындар жәдігерліктерінің сақталғаны таңғалдырды. Ол Сасан дәуіріне жатады екен. Отхана орна­ласқан тау Исфаһанның батысында, сегіз шақы­рым қашықтықта. Тау басында отхана қиратындылары жатыр. Ғалымдар оның салыну тарихын нақты айта алмаса да, оның іргетасы Сасандар дәуірінде қаланған деп болжайтын көрінеді.

Сонымен Исфаһанның дәуірлеуі Сәфави әулетінің соңғы ұрпағы Аббас шаһ ІІІ (1733-1736 ж.) тұсында құр­дымға кетті. Қала Ауған басшысы Махмұд Ауған­ның қолымен құлады. Содан оның экономикалық, мәдени дамуы да тоқтады. Одан кейінгі жылдары сәйдтер мен қожалар ел астанасын Ширазға ауысты­рып, Исфаһанға аса мән бере қойған жоқ. Бірақ Исфаһан тарихилығымен, тұрғындарының іскерлі­гімен тарих сахнасынан бір жола ығысып кеткен жоқ. Қазіргі кезде де ол Иранның индустриялық, өндірістік-экономикалық, мәдени орталықтарының бірі ретінде мәшһүр қалалардың бірі болып отыр.

Кешке Исфаһаннан Ширазға ұштық.

 

----------------------   4  ----------------------

Шираз Иранның оңтүстігінде. Исфаһаннан 500 шақырымдай жерде. Ол атақты ақындар Хафиз Ширази мен Сағди Ширазидің отаны. Сондай-ақ Иранның әдеби, мәдени, ғылыми орталықтарының бірі. Бір қызығы орта ғасырларда Иранның осы шаһарымен де еліміздің байланысы жақсы болған. Жетісу әміршісі Жүніс хан (? - 1478) тақтан тайдырылғаннан кейін 16 жыл осы қалада тұрған. Соған қарағанда ол кезде де Ширазда Орта Азиядан келгендер мол болған сияқты. Таныс, білісі болмаса Жүніс хан Теһран, Исфаһан асып мұнда қалай келеді?!

Исфаһаннан шығып бір сағаттан соң Ширазға қондық. Түннің біразы болып қалыпты. Мейманханаға жайғастық. Жарқырап таң да атты. Шираздың жан-жағын жоталар қоршап жатыр. Әуелі тарихи Ирам бақты көруге бардық. Ирам деген сөз Қасиетті Құранда да бар. Ирандықтар көне замандарда жәннат бағымен таласа алатын бақ жасамақшы болып, осы Ирам бақ іргетасын қалаған. Кейінірек Алла тағала оны жұртымен бірге жойып жіберген.  Ирам бақ туралы Мухаммед Хайдар Дулатидің (1499-1551) “Жаһаннаме” поэмасында да айтылады. Бізде осы бақтың аты шатастырылып Иран бақ деп жазылып жүр. Дұрысы – Ирам бақ. Ол Иран бақтарының ішін­дегі ең әсемі. Иран бақтары әдетте қарағай тұқымдас ағаштармен шектелмейді. Иран бақтары сұлулығымен қатар, ерекше әшекейлеу тәсілдері қолданылған, түрлі әсем гүлдер, өсімдіктерімен де ерекшеленеді. Ирам Шираз университетінің ботаникалық бағы екен. Бақты көру үшін көптеген саяхатшылар Шираз қаласына алыстан келеді екен. Бақта бойшаң кипаристер мен пальмалар, сары, қызыл, қызғылт түсті жапырақты әдемі дарақтар самсап тұр. Сайраған құстар. Ортада әдемі сарай. Алдында хауыз.

Бақ бірталай сапарнамалар мен тарихи кітаптарда сипатталған. Ол туралы аңыз, әңгімелер де жоқ емес. Соның бірінде Оңтүстік Арабияның патшасы Шаддад пейіш жайлы естіген соң әлемде соған тең келер ұж­мақ жасау ниетімен Ирам бағын салдырады. Оны алтын, күміс және әшекейлі Хижаз тастарымен безен­діреді. Бірақ патша баққа кірер кезде дүние салған. Уақыт өте қалашық құм астында көміліп қала береді. Сондықтан Шираздың әсем бағы аталмыш дастан не­гізінде “Ирам” деп аталып кеткен деседі шираздықтар.

Ширазға келгендердің көпшілігі жаһанға аты мәлім екі ұлы ақын – Хафиз Ширази мен Сағди Ширази қабірлеріне зиярат жасайды. Біз де зияратымызды әуелі Хафиз кесенесінен бастадық. Онда жеткенімізде жаңбыр төгіп-төгіп жіберді. Кесене алды биік баспалдақ. Онымен көтеріліп ек, алды­мыздан үш таған сияқты баспана астындағы зират тасы көрінеді. Үстіне ақынның өлеңі жазылыпты. Отырып ұлы шайырға дұға бағыштадық. Мұнда жұрт көп. Көпшілігі оқушылар. Жаңбыр жауып тұрған соң бәрі әлгі үш таған астына жиналды. Бізге бұлар кімдер дегендей таңырқай қарасады. Кесене қоршалған. Айнала әдемі талдар.

Хафиздің зираты Шираздың солтүстігінде. Ол жер ақынның атымен “Хафизийа” деп аталады екен. Қабірстан солтүстік және оңтүстік болып екі аулаға бөлінген. Хафиздің қабірі солтүстік аулада.

Қожа Шамс ад-Дин Мұхаммед Хафиз Ширази (1325-1390) әйгілі сопы ақын. Әкеден жастай айрылып, күнкөріс тірлігіне ерте араласады. Өз бетімен сауатын ашып, кітап көшіру өнерімен шұғылданады. Бертініректе медресені бітіріп, діни білім алады. Ол Құран мәтінін және өлеңдерді нәшіне келтіріп жатқа айтатындықтан, халық арасында Xафиз аталып кеткен. Xафиз деп Қасиетті Құранды жаттай білген адамды айтады. Ақын шығармалары кейінірек осы атпен таралған.

Хафиздің өмірбаяны туралы нақты мағлұматтар сақталмаған. Ол жайлы Дәулетшаһ Самарқанди, Әбдрахман Жәми құрастырған антологияларда, тарихшы Мирхонд пен Хондамирдің еңбектерінде деректер кездеседі. Xафиз — парсы әдебиетінде ғазал жанрын биікке көтерген. Оның ақындьқ даңқы Әбу Исках Йанджудың билігі (1342—53) кезінде мәшһүр болған. Xафиздің шығармалары өзі қайтыс болғаннан кейін жинақталып “Диуан” деген атпен жарияланған. Xафиз ғазалдарының бастапқы түпнұсқасы едәуір өзгеріске түскен. Оны қалпына келтіруде түрік фи­ло­логы Суди (1591 ж. ө.) елеулі еңбек етті. Оның жүр­гізген ғылыми редакциясы бертінде Xафиз өлең­дері­нің канондық мәтіні ретінде Еуропа тілдеріндегі ба­сы­лымдарға негіз болды. 1928 жылы Иран әдебиет­шісі Абдаррахим Хальхали Xафиз шығармаларының көне қолжазбасын (ақын қайтыс болған соң 35 жыл­дан кейін хатқа түскен) іздеп тауыпты. Xафиз өлеңдері 1854 – 1858 ж. Г. Брокгауздың жариялауын­да 692 ға­зал болса, А. Хальхали тапқан қолжазба басылымында 637 ғазал. Г. Брокгауз жинағындағы басы артық 55 ға­зал Хафизбен замандас басқа ақындардың шығармасы деседі.

Xафиз шығармаларының негізгі сарыны — адамды ардақтау, махаббат, сұлулық, еркін ойлылық, болашаққа сенім, байлыққа бас имеу, т.б. Хафиздің кейбір ғазалдарында өзі өмір сүрген әлеуметтік ортаға байланысты дүниенің жалғандығына налу, суфизмге бой ұру сарыны да сезіледі. Ақын мұрасын ертеректе зерттеушілердің біразы оның шығармаларының гуманистік идеясының өңін айналдырып, оны мистик деп келді.

Ал суфизмнің көрнекті өкілі Әбдірахман Жәми Хафизді суфизмнен алыс адам деген. Xафиз қайтыс болғанда ақынның жаулары — оның денесін ортақ мазаратқа қойдырмай, діннен шықкан адам ретінде Мусалла бағына бөлек жерлеуі де көп нәрсені аңғартса керек. Xафиз ғазал­дарындағы еркін ойлылық — ақын шығармашылығының басты ерекшелігінің бірі. Оның диуандарында зор­лық­қа, әділетсіздікке қарсылық сезіледі.

Xафиз мұрасы дүние жүзі­нің көптеген ақындарына зор ықпалын тигізді. Немістің ұлы ақыны В. Гете “Батыс — Шығыс диуаны” атты он екі кітаптан тұратын туынды­сы­ның бір бөлімін “Ха­физнаме” деп атаған. А.С.Пушкин оның шы­ғар­маларын сүйіп оқып, ғазалдарының әсерімен өлең­дер жазған. Xафиз шығарма­ларымен қазақ халқы ертеден таныс. Мектеп-медреселерде Xафиз шығармалары арнайы оқытылатын. Қазақ әдебиеті­нің ұлы классигі Абай Құнан­баев жазған жырларының бірінде:

Фузли, Шәмси, Сайхали,

Навои, Сағди, Фирдоуси,

Қожа Хафиз – бу һаммаси,

Мәдәт бер шағири фарияд, —

деп ортағасырлық түркі текті ақындармен қатар парсы шайырларынан да медет сұраған. Ол өз өлеңінде Қожа Хафиз бен Сағдидің есімін үлкен ілтипатпен атаған. Хафиздің көптеген ғазалдары қазақ тіліне аударылып, “Шығыс жұлдыздары” аталатын кітапта (1973) басылды.

Зәнд әулетінен шыққан Карим хан өзі билік құрған заманда Шираз қаласының гүлденуіне көп үлес қосыпты. Ол Хафиз қабірінің айналасын кеңейтіп дуалмен қоршатқан. Бірнеше бөлмелерден тұратын ғимарат салдырған. Батыс жағына хауыз жасатып, оған Рокнабад өзенінен су тартқызыпты. Хауыздың төрт тас ұстыны болған. Сондай-ақ, Хафиз қабірін бағалы мәрмәрмен көмкеріп, бәйіттерін нәсталиқ жазумен тасқа қашап жаздырыпты.

Карим хан Зәндтен кейін де көптеген кісілер Хафиз зиратын жөндеуден өткізген. 1935 жылы Хафиз зиратының қазіргі жобасы жасалып, 1937 жылы осы күнгі ғимарат салыныпты.

Сағди кесенесі Хафиз кесенесінен онша алыс емес. Бірақ оның аумағы Хафиз зиратына қарағанда үлкен­деу. Қақпадан кірген соң гүлге толы алаңқайды көре­сіз. Сағди де гүлдер мен гүлзарларды жақсы көріп, оларды жырлап өткен емес пе? Ақын кесенесі Хафизге қарағанда салтанаттырақ па деп қалдық. Кесене — үй се­кілді етіп салынған. Оның жан-жағына ақын өлең­де­рі жинағының аттары жазылыпты. “Бадаиғ”, “Гүл­стан”, “Бустан”, “Таййбат” атты өлең жинақтарынан үзінділер де өрнектелген.

Муслих ад-Дин Әбу Мухаммед Абдаллаһ ибн Мушриф ад-Дин Сағди ХІІІ ғасырдың ұлы ақыны (1203-1292) еді. Ол осы Шираз қаласында туды. Осында білім алды. Сағдидің ақындық өнер мен ғылым жолына түсуіне әкесінің ьқпалы мол болған. Бірақ ол он үш жасында әкеден айырылып, өмір талқысына ерте түседі. Шыңғысхан жорығына байланысты ол отанын тастап Бағдадқа келеді. Онда “Низамия” медресесіне түсіп, кейін “Мустансирияда” оқиды. Аталмыш оқу орнында ислам дінінің негізі, Құран және оған түсініктеме, медицина, филология, математика, тарих, зоология, логика, поэзия т. б. пәндер оқытылатын. Сағди Бағдадтан Құран мен хадистен, әсіресе араб поэзиясынан терең мағлұмат алып шыққан. Ақын Қасиетті Меккеге барып, одан дәруіш ретінде Үндістанды, Хиджазды, Орта Азия мен Шығыс Түркістанды, Солтүстік Африканы аралайды. Құдс құмында айқыш тағушыларға қарсы соғыста тұтқынға түседі, кездейсоқ Алеппоның (Сирия) саудагері оны сатып алып, қиқар мінезді қызына үйлендіреді. Одан ол қашып Шамға келеді. Содан 1257 жылы ғана туған еліне оралып “Бустан” дастанын (дастанының бастапқы аты — “Сағдинаме”) жазады.

Оны бітірісімен, 1258 жылы “Гүлстан” атты шығармасын жариялайды. Екі туындысын да ақын Шираздың билеушісі Әбу Бәкр ибн Сағдиге (1226 —1260) сыйға тартқан. Сағдидің қара сөзбен өлеңді араластырып жазған “Бес мәжіліс” және кілең таза ғазалдардан құралған “Таржибанд” жинағы да бар.

Сағдидің қазіргі зиратын “Ұлттық ескерткіштер қоғамы” 1942 жылы тұрғызыпты. Ақынның қабірі сегіз бұрышты, еңселі биік ғимарат ішінде тұр. Сегіз бұ­рыш­ты ғимараттың қарсы алды ашық галерея. Сағди мазарының бұрынғы құлпытасы Париж мұражайында көрінеді. Ал, қазіргі құлпытасын Қәвәм-әл-мүлк Ширази (Қажар әулеті Фатх Әли Шаһ дәуірін­дегі көрнекті мемлекет қайраткері) шейх жасатқан екен.

Сағди кесенесінен шыққанымызда жаңбыр тоқтап, күн шығыпты. Содан қаланы біраз араладық. Ширазды әрі ескі, әрі жаңа қала деу керек. Шаһарда ХVІІ ғасырдан жеткен Кәрім хан қамалы тұр. Ол Бұхарадағы әмірдің қамалына ұқсайды. Бұхар әмірінің қамалы жартылай құлап жатса, Кәрім ханның қамалы өте жақсы сақталған. Қамал қақпасынан өтіп, ішке кірдік, біраз араладық.

Шираз Кәрім ханның ордасы болған. Қамал ішінде үлкен хауыз бар. Жеміс ағаштарының түр-түрі ұшырасады. Сарай бөлмелерін араладық. Патшаның қызмет бөлмелері, демалатын, ас бөлмелері, балаларының бөлмелері бәрі-бәрі дін-аман сақталған. Үлкен бөлмелердің бірінде статуялармен Кәрім ханның Еуропа елдері елшілерінің бірін қабылдап жатқаны бейнеленіпті. Тірі адамдардай әсер етеді.

Сарайдың әрбір бұрышында 140 метрлік мұнара бар. Мұнаралар кірпішті нақыштармен ерекшеленген. Сарай 12800 шаршы метр жерді алып жатыр. Оның кіреберіс маңдайшасынан Фирдоусидің “Шаһнамесінің” негізгі кейіпкері Рүстем батырдың ақ диюды мерт етіп жатқан оқиғасы жеті түсті кафельмен бейнеленген.

Сарай 1936-1971 жылдары түрме ретінде пайдаланылыпты. Ширазға келгендердің тағы бір көретін жері – қаладан 35-40 шақырым жердегі көне Персополис қаласының қираған орны. Ол Шираз – Теһран тас жолынан алыс та емес. Оған жетелейтін жолдың бойы қарағайлы тоғай. Тас қалаға тез-ақ жеттік. Персополис – жота етегінде.

Біраз гектар жерді алып жатыр. Ол жота етегіне биік етіліп, тастан тақ іспетті етіліп жасалған. Қаланың биіктігі шамамен 10 қабатты үйді елестетеді. Көлемі бірнеше жүз жалпақтас секілді тас алаң үстіне тастан шаһар салынған.

Сол биіктегі тас қалаға төменнен бастар баспалдақтар қирап кеткендіктен болу керек, оған темірден жаңа тепкішек жасалыпты. Онымен жоғары көтерілдік. Оң жағымыздағы тас дуалға көне замандардағы парсылардың елуге жуық сақалды сарбаздары бедерленіпті. Ол биіктегі алаңға дейін жалғасады. Алаң тау үстіне шыққанда тас қаланың қираған орнын көресіз. Кілең қираған, жартылай құлаған, тас ұстынды тастан қаланған сарайлар. Тас үйлер, әдемі тас қақпалар. Сол ұстындар астында іргетас қызметін атқарған тас дуалдарға беттеріне өгізді талап жатқан арыстандар, қолына найза, қалқан ұстаған сақалды парсы жауынгерлері бедерленген.

Персополисте елдің ежелгі патшаларының бірі, атақты Жамшид тұрған деседі. Ол туралы ескі кітап­тарда айтылады. Оның аты Мұхаммед Хайдар Ду­латидің “Жаһаннамесінде” де кездеседі. Бұл жер­ді парсылар “Жамшид тағы” деп те атайды екен.

Персополис немесе “Тахт-е Жамшид” ахеменидтер астанасының бірі болған. Дарий (б.з.д. 522-486) патшаның бұйрығы бойынша сәулетшілер, инженерлер, жоба жасаушылар, тас қашаушылар Иран патшалығы және сондай-ақ, Ашур, Бабыл, Илам сынды сол замандағы өркениетті елдер шеберлері Шүш қаласында салып жатқан патша сарайы құрылысын тоқтатып, Рахмет тауы етегіндегі Хада айтишийа жазығына қарай созылған аумақтағы “Тахт-е Жамшид” атты алып та зәулім осы шаһарды салуға кіріседі. Археологтар түрлі қыш тастан құрылыс мамандары мен жұмысшы топтардың еңбекақылары мөлшерінің қашалып жазылғанын анықтаған. “Тахт-е Жамшидтен” Илам сәулет өнері іздері көрініс тапқан. Мәселен қанатты сиыр мүсінінен Ашур мен Бабылдағы сәулет іздерін байқауға болады. Дей тұрғанымен түрлі стильдердің болуы “Тахт-е Жамшид” ғимаратының тұтастық үйлесімдігіне кесірін тигізбеген. “Тахт-е Жамшид” ғимараты кешеніне 12500 шаршы метр көлеміндегі сәкі 15 метр биіктікке қаланған. Шүш сарайы ғимаратының қалай салынғаны жайлы Дарий тәптіштеп айтқан ғой. “Тахт-е Жамшид” те соған ұқсас болуы әбден мүмкін.

“Тахт-е Жамшидке” 873 тас ұстын пайда­ланыл­ған. Қазіргі кезде оның 20-сы ғана қалыпты. Сол себепті үш ауыр бөлшектен тұратын бұл тас ұстын­дар 15000 кг. бас ұстын салмағымен қалай орнық­тырылған, құрылыста қандай құрал пайдаланылған деген сұрақ тумай қоймайды.

Осы кешендегі тағы бір тарихи жер – Ападана тас сарайы. Оның негізі де Дарий заманында қа­ланса керек. Бірақ Дарий патша сарайдың аяқта­луын көре алмаған. Өйткені ғимарат құрылысы отыз жылдан кейін, Хәшайар шаһ заманында аяқталған.

Ападана сарайы Шүш шаһарындағы Ападана сарай үлгісімен салынған. Сарайда орталық бір зал, үш дәліз бар. Олардың жалпы көлемі 12000 шаршы метр.

Орталық зал төрт бұрышты. Әр тарапы алты қатар ақ, көк ұстынмен көтеріліп, барлығы 36 ұс­тын 30 метр ұзындықпен бой көтерген. Сарай қа­бырғалары шикі кірпішпен 22,5 метр қалыңдықпен салынған. Дәліздерінде 12 ұстын бар. Шығыс жақтағы дәліздің бас ұстынында ертегідегі екі арыстан бір-бірімен қосылған болса, батыс жақтағы дәліздің бас ұстынына сиырдың басы бейнеленген. Хашайар шаһтың бұйрығымен Ападананың негізгі баспалдақтары сарайдың солтүстігіне ауысты­рылып, ғажайып нақыштармен сәнделген екен.

Ападана сарайынан көптеген жазба тастар табылыпты. Сарай залының төрт бұрышындағы қабырғаларының астында қалыңдығы бес метр күмістен жасалған жазба тастармен қатар, тас сандыққа қойылған алтын теңгелер табылған. Олар парсының Илам, Бабыл жазуына негізделген ежелгі жазу мәтіндері болып шыққан.

Александр Македонский әскерлері Персопо­листі жаулап алған соң оны тонап, өртеп жіберген. ХVІІ ғасырда итальян саяхатшысы Петро делла Валле Персополистің қираған орнынан сына жа­зуы­мен жазылған мәтін тапқан. Зерттеу жұ­мыстарының нәтижесінде неміс философы Г.Гро­тофенд 1802 жылы оның оқу әдісін бастап берген.

Персополистің айналасы жазық дала. Ол жер­лерге қазір бидай егіліп, көп мөлшерде өнім алынады екен.

“Жамшид тағын” көруге бара жатқанда жолай үлкен Шираз қаласының ішіндегі бір қақпа жанынан өтіп едік. Қайтар жолда оған арнайы тоқтап көрдік. Өйткені оның да өзіндік тарихы бар екен. Ол “Құран дарбазасы” деп аталады екен. Дайлам әулеті дәуірінде әскери мақсат үшін стратегиялық “Аллаһу әкбар” шатқалы кіре берісінде күзет орны биік аркалы етіліп салынса керек. Кәрим хан Зәнд бұзыла бастаған дарбазаға ұқсас сол арканы жөндеуден өткізген, әрі екі жағына күзетшілер мен әскери жасақтар тұратын бөлмелер салдырған. Сондай-ақ, арка үстінде бір бөлме салдырып, ішіне қолмен жазылған үлкен Құран қойдырады. Мақсат жолаушылар Құран берекетімен мақсаттарына аман-есен жетсін деу. Сондықтан ол арка бірте-бірте “Құран аркасы” деп аталып кеткен. 1909 жылы “Құран аркасы” қайта жөндеуден өткізіліпті. Үстіңгі бөлмесіне Құран қойылып, содан бері ол “Құран дарбазасы” деген атпен бүкіл елге тарайды. Сөйтіп дарбаза Шираз қаласындағы көрікті бір жерге айналған.

Шираз әуежайында, осы шаһарда және оның маңындағы тарихи қалалар суреттері ілінген. Ши­раздың көшелеріндегі үлкенді-кішілі жарнамалық бағаналарға Хафиз бен Сағди өлеңдері және олардың жинақтарының аттары жазылып ілінген. Ол осы екі ұлы ақындарға деген құрмет. Халық ұлыларын ұмытпасын деген тілек. Шираздың көшелеріне Сағдидің “Гүлстан”, “Бустан” атты жинақтарының аттары да беріліпті. Дүкендері толған Хафиз бен Сағди еңбектері.

Шираздың батыс жағына көп қабатты мөлтек аудандар түсе бастапты. Ал жалпы қала үйлері 5-6 қа­баттан аспайды. Бас даңғылдарынан басқа махаллалар көшелері тар және жан-жаққа тамырдай таралып жатыр.

Ширазға қарағанда бізге Исфаһан әсемірек, жасылырақ, ағаш-дарақтары көп, оның үстіне қалаға көрік беріп тұрған Зәйенде руд секілді мол сулы өзені бар. Сондықтан да көркемірек көрінді. Ширазда да өзен ағатын арна бар. Бірақ онда су жоқ. Төпеп жаңбыр жауғанда немесе көктемде қар ерігенде ғана ол суға толады екен.

Хафиз бен Сағди кесенелері бар Персополиске де мектеп оқушылары көп келетінін байқадық. Бұл олардың бойына жас кезінен өткен бабаларға, туған тарихқа деген құрметті еге беру деп ұқтық.

Ширазды біраз аралаған соң кешке Теһранға ұшып кеттік. Алда Алматы, отанға оралу.



Авторы: Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат