Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-01-01:

АЙ НҰРЫ. АСПАН. ҚАЗАҚСТАН

 

...Жазда, дей­мін-ау.., сыртқа төсек салып, дала­ға жатсаң: төбеңнен жыпырлаған мың-мил­лион жұлдыз төніп тұрар еді-ау; күн ұзақ қайда кеткені белгісіз, ал түн баласы туды болды, аспанды безендірген осынау құдіретті көрініс көзіңізді қашан жұмып, ұйқыға кеткенше арбай береді, арбай береді. Жыпыр-жыпыр...жыпыр-жыпыр... Аспандағы жұлдызда есеп жоқ. Бірі қол созым жерде сияқты, жарқырай көрініп, жалтырай жымыңдағанда балаң қиял ғарыштың көгіне төтелей жол тартады; енді бірі білінер-білінбес, көрінер-көрінбес қашықтықта тұрса да еріксіз емінтіп, жанарыңды талдыра аспанкөкті тіміскілетіп қояды.

Ар жағында не бар?

Қаптаған жұлдыздардың ар жағында, адам санасы жетпейтін көмескі тұста не бар екен?

Жерді шар сияқты дейміз. Күн де, ай да дөп-дөңгелек. Жұлдыздар қандай: дөңгелек пе, бес жұлдызды ма?..

Күн жүйесі, адамзатқа белгілі планеталардың бәрі-бәрі біткен жер қандай: шеңбер тәрізді ме, төрт бұрышты ма, жоқ басқа бір формада ма? Бұл дүние, мына әлем бір жерге барып біте ме, жоқ әлде ол шеті, шегі жоқ ғаламшарлар шаһарына ұласа ма?..

Қиналсақ аспанға қарап телміретініміз неліктен?

Қасқыр да, ит те неге аспанға қарап ұлиды?

Қазақ айға қарап саусағын шошайтқанды неге жаман ырым санатына жатқызады? Осы сияқты мың сан сұрақ санаға сал­мақ салып, ананы, мынаны қай­та­­лап сұрай берген балаларға үлкендер жағы “құдайдың қолын­дағы нәрсені қайтесіңдер қазбалап” деп ақырын ғана жауап беріп құтылатын.

Бала қиялы Жеті Қарақшы және ақбоз ат, көк боз ат туралы ертегіге бергісіз аңыз-әфсанаға елтіп жатып, таң бозында Жеті Қарақшы ақбоз ат пен көкбоз атты әне-міне ұстайды-ау деген шақта көзі тал­маусырап ба­рып ілінгенін байқамай да қалар еді.

Үркердің туғаны, Шолпан жұл­дыз­дың туғаны, Сүмбіле туғаны даламен кіндігі жалғас­қан әрбір қазақ баласы үшін таңсық нәрсе емес. Ал­қаракөк аспанда бәрі өзгергенде бір өзі өзгермейтін, тұрған орнынан тырп етіп қозғал­майтын ерекше жұлдыз бар. Ол-Темірқазық. Ақбоз ат пен көк­боз атты көк жүзіне арқандап қойғанда аспанға қағылған темір қазықтай мәңгілік бағдарды көрсетіп тұрған осы жұлдызға адамзат баласы алғыстан басқа айтпаған шығар-ау! Адасқан адамға айқын жол нұсқаған, ешқашан айнымас, тұрған орнынан тапжыл­майтын, тұрақты да тұрлаулы мұндай бағдарды қойып қойған Құдайдың құдіретіне бас имеске лажың қайсы? 

Эйнштейннің бүкіләлемдік тартылыс заңын, не болмаса Исаак Ньютонның ашқан заңдарын оқып, білмей-ақ қазақтың қара шалдары он сегіз мың ғаламның қызығын қалай ойша болжап, қиялмен көктей өтіп, қолмен ұстағандай тап басып таныған?!.

Ақылы Абылай ханнан асқан Бұқар жырау бабамыздың бір-ақ ауыз сөзінің өзі неге тұрады:

Ай нұрын ұстап мінсе де,

Қызыққа тоймас адамзат!

Ай нұры! Ай нұрын ұстауға бола ма?!.

Ай нұрын ұстауды айтасыз, оны ерттеп мінгісі де бар ғой? Мінген бе дерсіз! Бас білдірілмеген асауды тұқыртқандай ай нұрын ұстап міну туралы осы бір екі ауыз сөзді айта салған Бұқар бабамның бала қиялы жас күнінде қай-қай қиянға еркін самғаған шығар-ау!

– Өмір-өмір өмірден,

Жаққан оты көмірден.

Зымыран деген бір құс бар,

Жұмыртқасы темірден... Ядролық қару, ракета дегендер шықпай тұрып-ақ, қазақтың талай баласы осы тақпақты таңдайы тақ-тақ етіп жатқа соғатын.

Сонда бізге соның бәрін біреу хабарлап қойды ма?

Адамның қиялы қандай жүйрік? Соның ішінде өмірі кілең даламен, тау-таспен, қатал да жұмсақ табиғатпен, жыпырлаған жұлдызбен, суда жүрген құндызбен, сылдырап аққан бұлақпен, жарқырап жанған шырақпен біте байланысқан біздің қазақ халқының болмыс-бітімі, жаратылысты танып-білуі, Жаратқанның көк аспан мен  қара жердегі мың сан табиғат құбылысымен ылғи бетпе-бет келіп отыруы қолымен  от көсеп, аузымен орақ орған небір айтқышты туғызбай қоймаған тәрізді.

Түңлік түрілгенше таңдайынан бал тамыза отырып әңгіме соғатын қайран қазақтың бірді бірге, екіні екіге ұрып, табалдырықтан басталған сөзді шаңырақтан ары асырып, қыза-қыза келгенде ауыл, аудан, облыс, Қазақстаныңды былай қойғанда тү-уу сонау Америкаңыздың өзінен бір-ақ шығып, Билл Клин­тон мен Джордж Буштың өзімен екі туып, бір қалғандай шікірейе гәп шертетініне қалай таң қалмас­қа? Кез келген шал қорасынан жоғал­ған ешкінің лағына қалай қайғыр­са, анау жер-жаһанды жаппай алып жатқан цунами секілді тосын табиғат құбылыста­рынан зардап шеккендерге ет жақынынан айрылғандай сай-сүйегі сырқырай елжіреп, “е, сормаң­дай­лар-ай!” деп егіле жаны ауырады.

Бәлкім, аспан бізге жақын болған соң өсти ме екенбіз?!.

Байқоңырға барсаңыз, Төре­там­­да болсаңыз, әсіресе жаз айын­да төбеңіз көкке екі елі жетпей тұрғандай сезінетініңіз кәміл.

Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?!.

...Жазда деймін-ау, сыртқа төсек салып, далаға жатқанда төбеңнен төнген мың-миллион жұлдыздың ара-арасында кейбір жұлдыздар ары-бері зырылдап, қозғалатын да жүретін...

Әне, ана жұлдызды қара: ұшып бара жатыр!- деп саңқ еткен бала даусын, жүйрік қиялдың жүйткіген үнін үлкендердің бірінің жәй ғана:

Ол жұлдыз емес, спутник, — деген сөзі су сепкендей басар еді...

Алпыс бірдің апрелі адамзат баласын шырт ұйқысынан оятқан­дай еді! Оның алдында ғана жердің жасанды серігі ұшырылған. Енді міне, аспанға, айға адам ұшты. Тұңғыш космонавт Юрий Гагариннің есімі бір сәтте жер бетіндегі адамдардың аузында жатталып қалды. Қазақ октябряттары “Байқоңырдан аспанға, ұшты Юрий Гагарин” деген тақпақпен тілашар жасады. Сол кезден бастап жер бетінде ғарышкер болғысы келетін балдырғандар қатары көбейді.

Аспанға әр космонавт ұшқан сайын “космонавтар қалашығы”, “жұлдызды қалашық” деген сөздер жиі естілетін және сол шіркінді бір көруге естіген жанның бәрі шын жүректен құмартатын. “Байқоңыр” дегеннің қайда екенін совет азаматтары жөндеп біле де бермейтін. Бәрі жабық есік жағдайында. Бәрі де аса құпия түрде болды. Жасырын объектінің үстінен құс та ұшырылмады. Бәрі қатаң бақылауда болды.

Осы күні “Протон” зымыран тасығышының старттық кешені деп аталатын орыннан 1957 жылдан бері 460 пилотты зымыран ұшырылған. Олардың діттеген жеріне жеткені де бар, жетпегені де бар. Кеңестік кезеңде сәтсіз аяқталған ұшыры­лымдар ресми түрде хабарланбайтын, құпия ұста­ла­тын. Сондықтан да көп адамға аспанға ұшқан ғарышкердің бәрі бақытты сияқты көрінетін...

Ал шын мәнінде адамзат өміріндегі айтулы оқиғаға әр кез тәуекел еткен сайын ол құрбандықсыз да болмайтын. “Гагариндік старт” деп аталатын “Союз” старттық кешенінде қызметтік борышын өтеу кезінде қаза болғандарға арналып тұрғызылған монумент бар. Сол жерде 1960 және 1963 жылдар аралығында мерт болған 62 сынақшының қабірі бар.

Байқоңырға барсаңыз, Төретамда болсаңыз, әсіресе жаз айында төбеңіз көкке екі елі тимей тұрғандай әсерге бөленетініңіз анық.

Бұл туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан На­зар­баевтың былай дегені бар:

Қазіргі ғарыш айлағы орналасқан жерді сонау ҮІІ ғасырда түрік халқының даңқты философ, ақын әрі сазгері Қорқыт Ата “жердің кіндігі” деп атаған. Сол сияқ­ты ерте замандарда талай-талай керуен жолдары өткен өңір. Сондықтан ғарышқа тұңғыш адамның дәл осы жерден ұшуы тегіннен тегін емес!

Циолковскиийдің сұқ саусағы дәл осы жерге бекер шұқшиған жоқ. Әйтпесе, Ресейдің ұлан-ғайыр кең дал­асында осындай жер жоқ па екен?..

Былайғы жұртқа ішкі сырын алдыра бермейтін Владимир Путиннің өзі биыл Байқоңыр ғарыш айлағында болғанда:

– Әлемдік тарихтың ең бір ұлы кезеңде­рі – жасанды жер серігінің, тұңғыш ғарышкер Юрий Гагариннің ғарышқа ұшуы, ашық ғарыш кеңістігіне шығу тәрізді оқиғалар осы жерден бастау алды, — деп тебіреніп кеткен кезі бар.

Қай жылы Қырымбек Көшербаев Президенттің баспасөз хатшысы болып тұрғанда бір топ жур­налистер мен өнер адамдарын Байқоңырға арнайы алып барған. Сонда Қорқыт Ата кесенесіндегі Бердібек Сапарбаев салдырған ежелгі амфитеатр үлгісіндегі шұңқыр алаңқайда осы күнгі Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан тамағы ауырып отырғанына қарамастан ән салған. Шыңғыс Айтматовтың “Бекболаттың даусынан бабалар үнін – ғасырлар үнін естігендей болдым” деп тебіре­нетіні де сол тұс. Сонда...қаршығадай қомданған Бекболаттың қарлығыңқы дауысы бірте-бірте ашылып, саңқылдаған үні со-н-а-у ғарыш жаққа  сұңқылдай естіліп еді...

КСРО кезіндегі кепті айтпағанда, сол кездің өзінде “Байқоңыр біздікі” деп күпсіне шіренгеніміз болмаса, шын мәнісіндегі қазаншының кім екені айтпаса да белгілі болатын.

Егер Елбасының Байқоңырды ұзақ мерзімді жалға беріп, жауға алдырмайтын, дауға қалдырмайтын сұңғыла саясаты болмаса бар ғой, ендігі біз Германияға көшіп кеткен немістердің үйін сатып алып, бір аптаға жетпей жұмыс істеп тұрған қондырғыларының бәрін қиратып тастаған қаймана қазақтың кебін киіп, осы күні не алаң жоқ, не ақша жоқ деп аузымызды қу шөппен сүртіп отырар ма едік?!.

Отызында орда бұзған Нұрекеңнің отыз деген цифрға ылғи оңтайы келіп тұрады:

КСРО ыдырап, кім қайда барарын, қалай жүре­рін білмей дағдарып тұрған уақытта өмірге “Қазақ­стан–2030” стратегиялық бағдарламасы келді.

Қазіргі уақытта жер жүзінде отызға тарта ғарыш айлағы бар. Байқоңыр соның бірі және бірегейі!

Соңғы он жылда Қазақстан мен Ресей арасын­да ғарыш айлағының қызметінің барлық саласын рет­тейтін отызға жуық келісім-шартқа қол қойыл­ды.

Қазақстан Республикасының Туындағы күн бейнесінде отыз екі шапақ бар.

Осының бәрін отыз тістен шығарып айтып отыр­мыз. Отыз рулы елге тарайтынына да күмән жоқ.

Былтырғы қаңтар айында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Влади­мир Путин Астанада “Байқоңыр” кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы” келісімге және “Байқоңыр” кешенінің қыз­мет етуін қамтамасыз ету мәселе­леріне байла­ныс­ты ықпалдастықты одан әрі дамы­ту туралы” ме­морандумға қол қойды. “Байқоңыр” кешенін Ресейге жалға беру екі мың елуінші жылға дейін ұзартылды.

Сол тұста желауыз желікпелер “ойбай, несін айтасың, Ресей Байқоңырды алып қойды” деген пікір­дің шала пілтесін көңірсіткен. Бұрын Ресей тара­пынан жалға алғаны үшін ептеген ақы төлене­тін. Онда да ол ақша түрінде емес, халық тұтына­тын тауарлар, айырбас заттар түрінде өтелетін. Тізеге салса тезге салғандай, бұра тартса бір тиын да бұйырмайтындай қысаң мезгіл, қысталаң шақта қазаншының қайдан құлақ шығарса да еркі бар екені екінің бірінің қаперіне кіре бермейді.

Небір ұрымтал тұста ұлтының есесін жібермей келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаевтың екі жеп, биге шыққаны қазірдің өзінде белгілі болып қалды. Ендігі жерде екі ел арасында Қазақстанның рөлі Байқоңырға иелік ету құқықтарымен шектелмейтін және елдің нақты технологиялық әріптес болатындығын көздейтін бірқатар келісімдерге қол қойылды. Біз жерімізді жалға береміз. Жалға бере отырып, ғарыштық бағдарламаларды тереземіз тең дәрежеде қатар игереміз.

Бұл әріптестік бірнеше бағытта дамитын болады. Атап айтқанда, жұмыс істеп тұрған инфра­құрылымдарды жаңғырту және шағын жер серік­терін ұшыруға арналған жаңа ұшыру қон­ды­рғы­ларын құру арқылы Байқоңырды дамыту;

Бұл жер серіктерін ұшыру жөніндегі шығын­дарды азайтуға ұмтылатын нарықта Қазақ­стан­ның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді;

“Протон” зымыран-тасығышын алмастыра­тын “Ангара” жаңа зымыран кешенін әзірлеу мен қаржыландыруға Қазақстан қатысатын болды;

Ресеймен бірлесіп “Бәйтерек” класындағы экологиялық жағынан неғұрлым қолайлы зымырандарды әзірлеу. Бұл зымырандардың “Протонға” қарағанда уыттылығы мейлінше аз. Ол қоршаған орта мен халық денсаулығына сонша зиянды әсер етпейтін болады;

Президент Назарбаевтың айқындауы бойынша, қоршаған ортаны қорғау — Қазақстан саясатының құрамдас бөлігі;

Қазақстанның жер серіктік байланыс пен байқау жер серіктерін (орман өрттерін табу, ауыл шаруашылығы және табиғи ресурстар мониторингі үшін пайдаланылатын) дамытуы және Қазақстанның өзі үшін дамыту;

Ұзақ мерзімді перспективада мынадай іс-әрекеттер көзделеді, – деп жазды Германияның DOWJO­NES VWD NEWS газеті. – Қазақ­стан­дық ғарышкерлерді халықара­лық ғарыш стансасына жіберу. Жоба шеңбе­рінде іріктеу мен даярлау жүргізі­леді. Қазақстан­ның аэроға­рыштық секторға қаты­суы арқа­сын­да ел экономикасының түрлі салала­рында оң өзгерістерді қамта­масыз ету. Телекоммуника­ция­лар секто­рында ғарыш аппарат­тарын ұшыру нарығы қазіргі кезде өрлеу үстінде. Перспективада бар­лық ұшырылған жер серіктері­нің алпыс пайыздағы үлесіне тиетін жер серіктік телевидениені дамыту на­рығының мүмкіндіктері тіпті көп.

Бұрынғы бұратананы көрсе бөжек көргендей болатын көз­қарасқа енді орын жоқ.

Алыста жатса да алашұбар жыланның аяғын көре қоятын АҚШ басылымдары біздің кірпік қағысымызды дереу байқап қалыпты. “Los Anqeles Tіmes” бұл жөнінде былай деп жазды:

Бүгінде қазақтар этникалық келемежге айналдырудың объектісі емес. Даму үстіндегі экономика олардың қалтасын мұнай долла­рына толтырды және ендігі жерде осы ортаазиялық ел ғарышты игеру жөніндегі өз арманын іске асыруға үміттенеді.

Қазақстан ғарыштық зерттеулер жүргізуді және бортында адам бар ғарыштық ұшыруларды жүзеге асыру жөнінен Ресейдің негізгі ұшыру алаңы болып отырған Байқоңырға өз қатысуын кеңейтуді жоспарлап отыр.

Батыс Қазақстанның адам тұрмайтын даласында орналасқан бұл алаң жер орбитасына бірінші жер серігін ұшырудың және бірінші ғарышкер Юрий Гагарин ұшуының тарихи сахнасы болды.

Былтыр көп рет пайдаланылатын амери­калық кеме жойылғаннан кейін және “Колум­бия” шаттлы апатқа ұшыраған соң, Байқоңыр ерекше маңызға ие болды; аталған жағдайларға байланысты ұшыру алаңы халықаралық ғарыш стансасына шығатын бірден-бір жолға айналды.

Тоқсан бірінші жылы Кеңес Одағының тарауына қарамастан, Ресей әлемдегі аса ірі ғарыш кешені Байқоңырды пайдалануын жалғастыруда және бұл кешен, негізінен, ресейлік анклав ретінде жұмыс істейді.

Бірақ қазақстандықтар бұдан былай қара­пайым жалға берушінің рөлін ойнағысы кел­мейді. “Бізді енді жалға берушінің рөлі қанағат­тандырмайды”,– деп мәлімдеді осы жылы Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев.

Біз біздің буын өкілдеріне жетерлік бірлескен ынтымақтастық негізін молынан қалап бердік, – деген еді Нұрсұлтан Әбішұлы үстіміздегі жылдың маусым айында Байқоңыр ғарыш айлағында Ресей Президенті В. Путинмен бірге болғанында. Жеңін түретін жас болса, бірнеше ұрпақтың ғұмырына жетерлік шаруаны қамдап тастады Елбасы.

Қазақстан өзінің жасанды жер серігін аспанға ұшырады. Бүгінде бір спутникті ұшыру құны ең кем дегенде 15 – 25 миллион АҚШ долларына тең. “Казсат” ғарыштық жүйесінің әрбір сатысы іске қосылған сайын Қазақстан­ның ғарыштық державаға айналу ниеті негізделе түскендей. Геостационарлық орбитаға шыға­рылатын жер серігі жерден кіндік үзбейді. Ол Ақмола облысының Ақкөл ауданы маңындағы өзіміздің “Жұлдызды қалашықта” жерден кешенді басқару жүйесі арқылы үнемі назарда болады. Ғарыштық кешен нысанының мұндағы құрылысы бітті, Ресейден техноло­гиялық жабдықтар жеткізілді. Мон­таждау және іске қосу жұмыс­тары бірсыпыра жүзеге асырылды.

Спутникті басқаруға Қазақ­стан­ның ғарыш саласындағы өз азаматтары тар­тылып отыр. Ға­рыштық байланыс және навига­ция, баллистика, программалау және телеметрия саласы бойынша ең үздік деген 1000-ға жуық білікті маманның ішінен сен тұр, мен атайын дерлік 35 адам іріктеліп алынды. Олар Ресейде  оқып-үйрену курсынан өтуде. Қазірдің өзінде отандық операторлар артынан от бүркеген зымы­рандарды басқару ісіне машық­танып үлгерді. Алғашқы спутникті ұшырып, оның жұмы­сын басқа­руға қазақтың маңдайы жарқы­раған жігіттері сақадай сай отыр. Бұған қалайша қуанбайсың, қалайша марқаймайсың!

Қой бағудан басқаны білмейді деген қазақтың аз уақытта ғарыш­тық кеңістікке ғаламат құштар­лықпен қадам жасауға ұмтылуы ұлтымызды жаңа бір сапалық биікке көтерері сөзсіз.

Қазақстанның тұңғыш ғарыш­керлері Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтардың қатары толығатын күн де қашық емес. Ресейдің ғарышкерлер даярлайтын орталықтарында Айдын Айым­бетов пен Мұхтар Аймаханов деген екі қазақ азаматы дайындықтан өту үстінде. Биыл сол екеуінің бірі аспанға ұшып қалуы да мүмкін.

Аспанға тағы бір қазақ ұшады.

Аспанда Қазақстанның жер серігі қалықтайды.

Аспан қандай кең: жыпырлаған мың-миллион жұлдыздардың арасында Қазақстан жұлдызы жарқырайтын күн таяу.

Ай нұрын ұстап мінуге талпынтқан Жаратушыға шексіз мадақ!

 

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҒАРЫШҚА ҚАДАМЫ

 

Шағын шежіре

 

23 наурыз 2005 жыл

“Есіл” кешені азаматтық мақсаттағы шағын ғарыштық аппараттарды жер орбитасынан ұшыру үшін қолданылады. Бұл нарық мамандардың бағалауынша перспективалы болып отыр. Сарапшылар­дың болжауынша, 2020 жылға дейін шағын ауқымды спутникті ғарышқа шығару үшін еліміз 1,5 миллиард АҚШ долларын жұмсауы мүмкін.

“Есіл” жаңа кешенінің негізгі ерекшелігі – МИГ-31 ұшағы шағын аумақты зымыранды спутнигімен қоса жоғарыға көтере алатындығында болса керек. Жеткізуші-ұшақтан бөлінген зымыран өз қозғалтқышын пайдалану арқылы өте биікке көтеріліп, 160 килог­раммға дейінгі шағын ғарыштық аппаратты орбитаға алып шығады.

Қазақстан мен Ресейде “Есіл” авиациялық-зымырандық кешенді құру үшін барлық қажетті алғышарттар бар. Ұшуды жүзеге асыратын жеткізуші-ұшақтар мен ұшақжай бар. “Мәскеу жылутехникалық институты” қысқа уақытта экологиялық таза зымыранды жобалап, әзірлей алады.

Юрий Соломоновтың айтуынша, жаңа зымыран қатты отынды қозғалтқышпен жарақтандырылады, олар оның қауіпсіздігіне кепілдік береді. 

Қазақстан Үкіметінің басшысы Аэроға­рыштық агенттікке және Ақпараттандыру және байланыс агенттігіне “Есіл” авиация­лық-зымырандық ғарыштық кешенін құру жобасын іске асыру мақсатында марке­тингілік және экологиялық, техникалық, экономикалық сараптама жасау үшін қысқа мерзім ішінде жұмыс тобын құруды тапсырды.

 

30 наурыз 2005 жыл

Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша Ақпараттандыру және байланыс агенттігі, Білім және ғылым министрлігінің Аэроғарыш­тық комитеті, Премьер-Министр Кеңсесінің мамандарынан арнайы құрылған жұмыс тобының сарапшылары кеңеске қатысушылар­ды өздері атқарған жұмыстың қорытындыла­рынан хабардар етті. Олардың пікірінше, “Есіл” авиациялық-зымырандық ғарыштық кешені жаңа жобаның бірі болуы тиіс. Ол азаматтық мақсаттағы шағын ғарыштық аппаратты жер маңынан орбитаға ұшыруға арналған. Бұл рынок мамандардың бағалуынша таяудағы он бес жылда 1,5 миллиард АҚШ долларын тартуды қажетсінеді. “Есіл” жобасын іске асыруда Қазақстанның негізгі әріптесі –  “Тополь-М” және “Булава” белгілі зымыран кешенінің бас құрастырушысы, “Мәскеу жылутехникалық институтын” басқаратын Юрий Соломонов.

“Есіл” жаңа кешенінің ерекшелігі оның базасында – МИГ-31 ұшағы шағын ауқымды зымыранды спутникпен қажетті биіктікке алып шығуға қолайлы. Жеткізуші-ұшақтан бөлінген зымыран өз двигателін пайдалану арқылы одан да жоғары биікке көтеріле алады және орбитаға 160 кг.-ға дейінгі шағын ғарыштық аппаратты жеткізеді.

“Есіл” авиациялық-зымырандық кешенін құрастыру үшін Қазақстан мен Ресейде барлық қажетті құрылғылар жеткілікті. Ұшыруды жүзеге асыратын жеткізуші-ұшақ және аэродром да бар. “Мәскеу жылутехни­калық институтының” қысқа мерзімде экологиялық таза зымыранды жобалап, әзірлеп шығаруға мүмкіншілігі жетерлік.

Премьер-Министр Қазақстанның “KazSat”, “Бәйтерек” жобаларын іске асыруға кіріскенін, ал “Есіл” жаңа кешені даму үстіндегі қазақстандық ғарыштық бағдарламаны байыта түсетінін атап өтті. Үкімет басшысы “Есіл” авиациялық-зымырандық кешенін құрастыру жөніндегі басталған жұмысты жалғастыруға тапсырма берді.

 

22 сәуір 2005 жыл

Премьер-Министр Даниал Ахметов Ақмола облысына қарасты Ақкөл қаласында салынып жатқан Ғарыштық байланыс және электромагниттік сыйысымдылықты радиоэлектрондық құралдардың республи­калық орталығында болды.

Үкімет басшысы орталық нысанының құрылыс барысымен, жердегі ғарыштық ап­паратты басқару кешені мен байланыс мо­ниторингісі жүйесінің жобасымен танысты.

Жобадағы жоспарға сәйкес кешен аумағында “KazSat” ғарыштық аппаратын басқару орталығын, бақылау-өлшеуіш орталығын, сондай-ақ мониторинг жүйесі мен ғарыштық аппаратты басқару белгісін беру және қабылдау үшін антенналық кешенді орналастыру жоспарланған.

Жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 500 млн.-ға жуық теңге бөлінеді. 



Авторы: Нұртөре ЖҮСІП.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат