Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-08-09:

Қаладағы игілікті  біз де көреміз

 

Бекежан АЙМҰХАНОВ, О.Шонаев атындағы мектептің мұғалімі.

Елдің әлеуметтік ахуалы оңалған сайын ауыл адамдары да жақсы тұрмысқа ұмтылады. Соның қатарында біз де бармыз. Бірақ, ауылдың аты ауыл ғой, қаладағыдай ішінде ыстық, салқын суы бар, тұрмысқа қолайлы үйге қол жеткізу қиын. Оның үстіне мұғалімдердің жалақысымен коттедж, не сол секілді осы заман талабымен үй салып алу да оңай емес. Осылай баспана тауқыметін тартып жүргенде Елбасының ипотекалық жүйемен тұрғын үй құрылысын жандандыруды тапсырғаны көңілімізге үміт сәулесін оятты.

Шыны керек, біздің Махамбет ауданының орта­лығында ипотекалық несиеге 80 тұрғын үй құрылысы салынатынын естігенде қатты қуандық. Өйткені, жаңадан бой көтеретін тұрғын үйлерге тұрмысқа қажетті ыстық, салқын су, электр, табиғи газ желілері тартылып, көшелерге асфальт жол төселетіні жария етілді. Былайша айтқанда, қаладағыдай игіліктің бәрі болады екен. Енді тек банктен несие алуға құжаттар­ды тапсырып, төлем қабілеттігіне қол жеткізу керек екен. Дегенмен, жаңа баспанаға ие болуға үміттілер қата­ры көп екенін көріп, ала алмай қаламыз ба деген тағы бір қауіп алдан шықты. Бірақ жергілікті басшы­лар алдымен тұрғын үйлер жергілікті мұғалімдер мен дәрігерлерге, бюджеттік мекеме мен мемлекеттік қызметшілерге берілетінін алға тосты.

Қазір құрылысы қарқынды жүріп жатқан ипотекалық тұрғын үйден 100 шаршы метрлік алаңы бар бір баспананы алуға үміттеніп отырмыз. Құжаттарымызды қабылдаған “Цеснабанктің” аудандағы филиалы біздің отбасының төлем қабілеті барлығына ұйғарым жасады. Әйелім де мұғалім болып істейді. Күнде болмағанмен, аптасына екі-үш рет болашақ баспанамыздың сыртынан қарап кетеміз. Бұрын екі қабатты ескі үйдің құрқылтайдың ұясындай тар пәтерінде тұрушы едік. Онда күнделікті тірлі­гімізге пайдаланатын суды шелектеп сырттан таси­мыз. Әрине, оны тар болса да, әйтеуір, баспанамыз бар ғой деп көңілге медет еткенімізбен, өзгелер секіл­ді біз де әсем де әдемі үйде тұруды армандаймыз және оның еш сөкеттігі жоқ деп білеміз. Ағайындарымыз, жолдастарымыз келгенде, баспананың тарлығынан қысылып қалатынбыз. Енді сол қиындықтан құтылып, кең де жайлы баспанаға қол жеткізсек деген арманымыз жақын айларда орындалатынына шүкіршілік етіп отырмыз.

Бұл, әрине, ел экономикасының өркендегені, мемлекет тарапынан халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуына барынша көңіл бөлініп отырғанының нәтижесі деп ойлаймын. Қазір мемлекетіміздің тұрғын үй құрылысын жандандыруға қомақты қаржы бөліп, жер-жерде дамытып жатқаны баршаның ел ертеңіне сенімін нығайтты.

Атырау облысы, Махамбет ауданы.

 

Ауыл тұрмысы шаһардан кем емес

 

Жанар БЕЙСЕНҒАЛИЕВА, Тасқала аудандық халық театрының режиссері.

Республика ауылдарымен салыстырғанда, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық деңгейі қалаларда ілгері екеніне таласа алмаймыз. Әйтсе де соңғы жыл­дары аудан орталықтары мен ірі елді мекендердегі елеулі өзге­рістер осы деңгейді қалалардың қатарына біршама жақындата түскені де шындық. Облыс орта­лығынан 80 шақырым қашық­тықта орналасқан Каменка кентін де солардың қатарына қоса аламыз.

Мұндағы тұрғын үйлер мен өндірістік-тұрмыстық нысандар көгілдір отынмен жылытылады. Ауыз су құбырлар арқылы келіп тұр. Тасқалада мемлекеттік бағдарлама аясында жайлылығы жөнінен  қаладағыдан кем соқ­пайтын тұрғын үйлер тұрғы­зылды. Соның біріне қоныстану қуанышы біздің отбасымызға да тиді. Аудан шекаралық өңірде орналасқан. Шағаладай жаңа үйлер мен самаладай көше шамдары ресейлік көршілердің де көздерін қызықтырып жүр.

Мұндағы мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілген. Осы­нау тұтас бір мәдени-спорттық кешеннің есігі жастар үшін қашан да ашық. Қазір жұмыс­сыз, мәнсіз, мағынасыз бос сен­деліп жүрген жастар жоқтың қасы. Тасқаладағы мәдени-көпшілік жұмыстардың ауқымы мейлінше жан-жақты. Әртүрлі конкурстар мен байқаулар, ұрпақтар сабақтастығын өзек еткен шаралар шоғыры соның айғағы. Сонымен бірге, соңғы жылдары жастар арасында кәсіп­тік білім алуға деген талпыныс өсіп келеді. Бұған бір жағынан аудан орталығында цемент зауы­ты құрылысының алғашқы қада­сы қағылғаны да оң әсер етті.

Тасқала топырағының таби­ғаты тамаша. Облыстағы ең жо­ғар­ғы биіктік те осы Тасқалада тіркелген. Ол Ешкітау деп ата­лады. Тағы бір ерекшелік, мұнда жамыраған бұлақтар көп. Мұны айтып отырған себебім, жастар қоғамы жергілікті экологиялық стансамен біріге отырып, сол бұлақтардың көзін ашуда, то­пырақ құрамы мен құнар­лылығын анықтауда бастама­шылық көрсетіп жүр.

Енді тікелей өз қызметіме қатысты да бір-екі ауыз пікір білдіре кеткенді жөн көремін. Бұған дейін орыс тілді тұрғын­дардың үлес салмағы басым болып келген ауданда қазақша пьеса, спектакль қою мен оны көру үрдісі қалыптаспай келген екен. Қазір осы көзқарас түбірімен өзгерді десе де болады. Аудан тұрғындары халықтық драма үйірмесі өнерпаздары қойған сахналық шығармаларға әркез қызығушылық танытып жүр. Біздің шағын өнер ұжымы таяуда облыс орталығынан да табыспен оралды. Оның Орал­дағы шығармашылық гастроль­дік қойылымы сәтті өтті.

Мұндағы басты айтайын де­генім, ауылдағы ағайындар бү­гінде өмір сүру өлшемдері бойынша да, рухани сұраныс­тарын қанағаттандыру тұрғысын­да да қалалықтармен иық теңес­тіре алатындай деңгейге көтеріл­генін жеткізу еді. Сонымен бірге, бұған дейін халқымыздың небір дарындары мен таланттары ел ішінен шыққанын ұмыт қалдыр­масақ екен. Бірақ кешегі мен бүгінгінің арасында әжептәуір айырмашылық бар. Сондықтан бүгінгі  ауылдағы талант иеле­рінің рухани, шығармашылық тұрғыдан жан-жақты жетілуіне ықпал жасау, соған жағдай туғызу бәріміздің төл міндетіміз болып қала бермек.

Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданы.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат