Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-08-16:

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, Білім және ғылым министрі:

²Білім туралы² жаңа заң сапалы білімге кепілдік береді

 

Қолданысқа енгізілген жаңа заң тура­лы айтпас бұрын осыған дейін “Қолда­нылып келген Заң не берді?” “Ол қандай міндеттерді шешуге мүмкіндік туғызды?” деген сұрақтарға қысқаша болса да тоқтала кеткен орынды болар еді. Бұл тұрғыда мынадай мәселелерді айтқан абзал. Қазақстан Республикасының 1999 жылы қабылданған “Білім туралы” Заңы көптеген міндеттерді шешуге мүмкіндік берді. Нақтылай түссек бұрынғы заң:

* білім алудың қолжетімділігін;

* білім берудің бірыңғайлығы мен үздіксіздігін;

* білім беру ұйымдарының нысан­дары мен түрлерінің әр түрлігін қамта­масыз ете алды.

 Осы уақытқа дейін қолданылып келген заң аталған міндеттерді атқаруға мүмкіндік беріп келген болса, онда “Білім туралы” жаңа Заңды қабылдау қандай қажеттіліктен туындады” деген мәселеге келсек, уақыттың өзі алға тартып отырған мына факторларды ескермеуге болмайтын еді. Қолданыстағы Заңның қабылдан­ғанына 8 жыл өтті. Адамзат қоғамы бүгін аса жылдам қарқынмен дамып келеді. Өркениет көшінен қалмай, ғылымы мен білім беру жүйесі озық елдердің, Ыбырайша айтқанда, “өнер-білім бар жұрттардың” қатарында боламыз десек, заман талабын ескеріп, соған сәйкес қадам жасауға тиіспіз. Сонымен арада өткен он шақты жыл уақыт ішінде:

* заман ағымы, уақыт өлшемі едәуір өзгерді;

* жаһандану процесі қарқын алды;

* білім беру экономиканы да­мы­тудың басты факторына айналды.

Өзгермелі әлемде өзгермейтін нәрсе жоқ. Осы жылдар ішінде біз де өзгердік. Әлемнің көптеген елдерімен тығыз байланыс орнатып, саяси-экономикалық және ғылыми-мәдени қарым-қатынастарымызды едәуір тереңдете түстік. Қазіргі күн сайын жаңарып жатқан қоғамда өзгелермен иық тірестіріп қатар тұрып, батыспен байыпты сұхбат құрып, шығыспен шынайы қатынас орнатып, түстіктегі жұрттармен тең сөйлесе алатын іргелі ел болуымыз білікті мамандарға тәуелді екендігіне тағы да көз жеткіздік. Ал білікті маман дайындау – білім берудің моделіне, құқықтық базасына тікелей байланысты.

“Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды” құру біздің алдымызға үлкен мақсаттар қойып отыр. Ол – жеке тұлғаның және қоғамның, “парасатты экономиканың” қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін бәсекелестікке қабілетті білім беру жүйесін қалыптастыру. Осындай мақсатқа қол жеткізу үшін қолданыстағы заңның мүмкіндіктері жеткіліксіз болып қалды.

Сондықтан “Білім туралы” жаңа Заң­ды қабылдау – заң шығаруға әуесте­нушіліктен туындаған нәрсе емес, бұл заман талабы болып отыр.

Сонымен қатар, бұл Заңды қабылдау – Мемлекет басшысының жолдаула­рында анықталған және Қазақстанда білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында белгіленген міндеттерді шешу үшін де қажет.

 Елбасы өзінің “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты Жолдауында “Дүние­шаруашылық байланыстары жүйесіне белсене кіріккен осы заманғы белді мемлекеттердің барлығы дерлік бәрін де “парасатты экономиканың” жолына тік­кен еді” деп атап көрсетті. Бұл дегеніміз – білім беру білімнің қайнар көзі ретінде аса маңызды басымдық әрі қоғамды дамытудың негізі болып отырғанын көрсетеді. Сондықтан бүкіл қазақстан­дықтардың толыққанды білім алуға қол­жетімділігін қамтамасыз ету өзекті мәсе­ле­ге айналып отыр. Мұндай мәселенің шешімін табу бүкіл ел аумағындағы білім беру қызметінің құқықтық негізін жасауды қажет етеді.

“Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды” құру бізден жеке адамдардың, қоғамның және еңбек рыногының талаптарын қанағаттандыра алатын бәсекеге қабілетті білім беру жүйесін қалыптастыруды талап етіп отыр. Қазақстан Республикасының “Білім туралы” жаңа Заңы дәл осы бәсе­кеге қабілетті отандық білім беру жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

Жаңа заң туралы айтқанда оның құ­ры­лымына айрықша назар аударған жөн. Ол республикадағы жетілдірілген жаңа білім беру ортасын қалыптастырудың тұжырымдамалық идеясына сәйкес құ­рылған. Білім беру қызметі іштей жүйе­лендіріліп, оның барлық аспектілері бір жүйеге бағындырылған, ол қисынды сабақтастыққа сәйкес заңның мазмұ­нынан көрініс тапқан. Заң “білім беру жүйесі” ұғымы мен оны құрайтын білім беру деңгейлерінің анықтамасынан бас­талады. Одан әрі әр түрлі деңгейдегі оқу бағдарламалары арқылы білім берудің мазмұны ашылады. Келесі кезекте білім беруді ұйымдастыру, білім алушыларға қойылатын талаптар, қабылдау ережелері, оқу түрлері, білім берудің оқу, тәрбие, ғылыми және оқу-әдістемелік жұмыс сияқты түрлі бағыттары сипатталады. Сондай-ақ, білім беру деңгейлері мен оларға сәйкес келетін білім беру ұйым­дарының түрлеріне сипаттама беріледі.

Білім беру қызметінің субъектілері, олар­дың құзыреттері, құқықтары, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің және олардың ата-аналары, басқа да заңды өкілдерінің міндеттері мен жауапкер­шіліктері жеке тарауға бөлініп берілген.

Заң құрылымындағы маңызды жаңа­лықтардың бірі, көптен бері сөз болып келе жатқан – педагог қызметкерлердің мәртебесі туралы норманың енгізілуі. Бұрынғы заңда педагог қызметкерлердің мәртебесі туралы бірде-бір сөз айтыл­маған еді. Одан кейін білім саласын басқарудың мазмұны ашып көрсетілген. Онда білім беру саласындағы мемлекеттік басқару мен мемлекеттік билік субъек­тілерінің құзыреттері жазылған. Заңның осы бөлігінде тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Президентінің құзыреті жеке бап түрінде беріліп отыр. Елбасы білім жүйесіне айрықша назар аударуы­мен қатар, білім саласын дамыту мен реформалауға қатысты көптеген шаралар оның бастамасымен, тікелей басшылы­ғымен жүзеге асырылып отырғандықтан, осылай болуы орынды деп білеміз.

Демократиялық қоғам құруда тікелей әкімшілік басқаруды жүзеге асырудан гөрі көбінесе реттеу құралдарын жетілдіру дұрыс саналады. Осыған байланысты білім беру саласын басқарудың көптеген тетіктері мен ықпал ету құралдары реви­зия­ланып, “Білім саласындағы мемле­кеттік реттеу” деп аталатын дербес тарауға бөлінді. Білім беру саласын дамыту, білім берудің сапасын көтеру көп жағдайда бөлінген қаржы көлеміне, қаржылық нормалау процесіне тәуелді болады. Бұл мәселе де назардан тыс қалмай, заңның білім беру жүйесін қаржыландыруға арналған тарауында көрініс тапты.

Осылайша заңның құрылымы білім беру саласын модернизациялауды жүзеге асырудың, оның академиялық мазмұнын жаңартудың, субектілердің құқықтық ережелерін жақсартудың жалпы концеп­туалды бағыттарын толық қамтып тұр.

Заңның білім беру саласының барлық субектілерінің, оның ішінде, ең алдымен білім алушылар мен тәрбиеленушілердің мүдделерін қорғауға бағытталғандығын айрықша атап айту керек. Біздің респуб­ликада олардың саны 4 млн. 473 мың адамды құрайды. Оның сыртында білім беру саласында 432 мың қызметкер еңбек етеді. Сондықтан жаңа заңда білім беру қызметімен айналысатын әр түрлі кате­горияға жататын адамдардың мүдделері ескерілген.

 Ал енді заң қандай міндеттерді атқа­рады дегенге келсек, жаңа қабылданған Қазақстан Республикасының “Білім тура­лы” Заңы мынадай міндеттерді шешуге:

бірінші, әлемдік білім беру кеңістігіне кірігуге (интеграцияға);

екінші, педагог қызметкерлердің мәртебесін көтеруге;

үшінші, сапалы білім берудің қол жетімділік кепілдігін көтеруге;

төртінші, басқару және қаржыландыру жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңына сәйкес Қазақстанның әлемдік білім беру кеңістігіне кіру міндеті:

* білім берудің құрылымы мен маз­мұнын жаңарту;

* оқыту технологиясын жетілдіру;

* білім беру сапасының ұлттық баға­лау жүйесін дамыту жолдары арқылы шешіледі.

 Заңның жаңа редакциясының тағы бір үлкен ерекшелігі – білім беру құры­лымының халықаралық білім сынып­тамасы стандарттарына сәйкестендірілуі. Яғни, нақтырақ айтқанда, сөз болып отырған заңда білім беру құрылымы ЮНЕСКО ұсынған 1997 жылғы Халық­аралық білім сыныптамасы стандарт­тарының (ХБСС–1997) білім беру бағ­дарламалары сыныптамасының өлшем­деріне сәйкестендірілді.

Бұрынғы заңда – 4 деңгей (мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, орта білім, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім) болса, жаңа заң 7 деңгейден (бастауыш, негізгі орта білім, орта білім­нен кейінгі білім сынды жаңа деңгейлер енгізілді) тұрады.

Білім беру мазмұнының өзі жоғарыда аталған білім беру бағдарламаларын ғана емес, сондай-ақ білім берудің арнаулы, мамандандырылған оқу бағдарламаларын, қосымша білім берудің оқу бағдарлама­лары мен ересектерге арналған бағдарла­малардың да жүзеге асырылуын қарас­тырады.

Осылайша білім берудің парадигмасы “өмір бойына алған білімнен” қажеттілік пен мүмкіндікті сезінуге “бүкіл өмір бойы білім алуға” дейін өзгеріп отыр. Осы парадигмаға сәйкес білім берудің жаңа технологиялары мен әдістемелері, білімді өзгелерге жеткізу мен білім алушылардың уәжін дамытудың жаңа тәсілдері енгізіледі.

 Атап айтуды қажет ететін тағы бір жаңалық – заңнамалық деңгейде 12 жылдық орта білімге көшу қамтамасыз етілді. 2008 жылдан бастап 12 жылдық оқыту жүзеге асырылады. Заңда 12 жылдық білімнің құрылымы анықталды. Ол:

-              бастауыш білім – 4 жыл, 1- 4-сыныптар аралығы;

-              негізгі орта білім – 6 жыл, 5 -10-сыныптар аралығы;

-              жалпы орта білім – 2 жыл, 11-12-сыныптар аралығы.

 Мұнда бастауыш білім берудің оқу бағдарламалары баланың тұлғасын қалып­тастыруға, оның жеке қабілеттерін дамы­туға, оқуға деген жағымды уәжі мен ике­мін қалыптастыруға бағытталған. Мәсе­лен, оқуға, жазуға, санауға, тілдік қарым-қатынасына, өзін шығармашылық тұрғы­дан танытуға, өзін ұстау мәдениетін дағдыға айналдыруға арналған.

Негізгі орта білім беруге арналған оқу бағдарламалары білім алушылардың ғылымдар жүйесінің базалық негізін игеруге, олардың жеке адамдар арасын­дағы және этносаралық қарым-қатынас­тарда жоғары мәдениеттілігін қалыптас­тыруға, тұлғаның өзін тануы мен кәсіптік бағдарын айқындауға бағытталады.

Жалпы орта білім беруге арналған оқу бағдарламалары бейіналды дайындық пен бейіндік оқыту бағдарламаларын жүзеге асыруға көзделген. Бұл бағдарламалар білім алушыларға оқудың жеке траек­ториясын таңдауға және алдағы уақытта әлеуметтік-гуманитарлық, жараты­лыс­тану-ғылыми бағыттар бойынша оқуы­на педагогикалық қолдау көрсетуді қамта­масыз етеді.

 Бұл жерде орта білімнің мазмұнында тұлғаның құзыреттілігін қалыптастыруға баса мән берілгенін айрықша атап өткім келеді.

 Жаңа заңда техникалық және кәсіптік білім берудің мазмұны мен құрылымы елеулі өзгертілді.

Білікті техникалық және қызмет көрсету еңбегінің кадрларын даярлау негізгі орта білім беру базасында (10 сынып) және кәсіптік лицейлерде, учили­щелерде, колледждерде және жоғары техникалық мектептерде жалпы білім беру базасында (12 сынып) жүзеге асырылатын болады.

 Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басты міндеті – әмбебап және икемді дағдыларға ие үздіксіз білім беруге қатыса алатын мамандарды даярлау болып табылады.

Техникалық және кәсіптік білім беруге арналған оқу бағдарламалары біріншіден, техникалық және қызмет көрсету сала­сын­дағы жаппай қажет болатын маман­дарды дайындау, екіншіден, мамандық­тары мен практикалық дағдылары арқылы экономиканың барлық салаларындағы техникалық және қызмет көрсету еңбегі­нің жұмыстарын орындайтын күрделі кәсіптерді игеру; үшіншіден, техникалық еңбектің жоғары білікті мамандарын даярлау және оларды қайта даярлау мен біліктілігін көтеру.

Жоғарыда атап өткеніміздей, білім берудің жаңа деңгейі – “орта білімнен кейінгі білім” енгізіліп отыр. Бұл деңгейдің кәсіптік оқу бағдарламалары гуманитарлық мамандықтар бойынша қызмет көрсететін және басқару еңбегінің кіші мамандарын даярлауға бағытталған. Әдетте бұл бағдарламаларды меңгеру 1-2 жыл мерзімді құрайды. Оларды меңгер­гендерге қызмет көрсету және басқару еңбегінің кіші маманы біліктілігі беріледі.

Кредиттік технологияға негізделген жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің үш деңгейлі моделі (бакалавриат-магистратура-докторантура Ph.D) заңнамамен бекітіліп отыр. Бұл Болон декларациясының ережелері мен халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Халықаралық білім беру стандарттары туралы сөз еткенде, олардың бірізден­дірілгендігін емес, үлгісінің жақсылығын, мамандар даярлаудың жоғары сапасы мен кәсібилігін айтады. Өйткені “білім беру стандарты” ұғымы шетелдерде біздегіден өзгеше түсіндіріледі. Білім беру стандарттары бар елдерде оқу процесіне қандай да бір регламент қойылмайды. Онда оқу орындары үлкен академиялық құқықтар мен дербестікке ие.

Жоғары білім мен одан кейінгі білім беру жүйесінде де елеулі өзгерістер болды. Бұрынғы заң бойынша жоғары кәсіби білім көпсатылы құрылымға ие болса, енді жоғары білім бірсатылы болады. Енді жоғары білім беру халықаралық үрдістерге сәйкес тек бакалаврлық оқу бағдарла­малары бойынша жүзеге асырылады. Бұл базалық білімі бар және еңбек рыногы­ның өзгермелі талаптарына тез бейім­делуге қабілетті кең профилді мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Мәселеге бұлай келу мейлінше тиімді де дұрыс болып табылады. Сонымен қатар, жекеле­ген мамандықтар бойынша (олар меди­цина, ветеринария, әскери мамандықтар) дипломды мамандар даярлау да жүзеге асырылады.

Жоғары оқу орындары мен олардың филиалдарының қызметтерін реттеуге арналған нормаларына да назар аударған жөн. Дәлірек айтқанда, жоғары білімді мамандарды даярлау сапасын көтеру мақсатында бүкіл білім процесі тек бас жоғары оқу орнында жүзеге асырылады. “Білім туралы” Заңның 31 бабына сәйкес жоғары оқу орындарының филиалдары лицензияланған білім беру қызмет түрле­рін жүзеге асыра алмайды. Сондықтан жаңа оқу жылынан бастап, бүкіл респуб­лика көлемінде жоғары оқу орындарының филиалдарына білім беру қызметін тоқта­туына тура келеді. Бұл бағыттағы жұмыс­тарды қазірден қалдырмай бастау қажет.

Жаңа заңға сәйкес магистратура жо­ғары оқу орнынан кейінгі деңгейге жат­қызылады.

Қазір жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ғылыми және педагогикалық кадрлар дайындайтын бағдарламалар арқылы жүзеге асырылады. Онда магис­тратурада оқыту мерзімі – 1 -2 жыл, ал докторантураның оқыту мерзімі 3 жылдан кем болмайды.

Жоғары оқу орнынан кейінгі меди­циналық және фармацевтикалық білім беруге келсек, олар – резидентура, ма­гистратура мен докторантурадан тұрады.

Магистратура мен докторантураның бағдарламалары біршама өзгерістерге ұшырағанын айта кету керек. Қазір олар ғылыми-зерттеу компоненттерін ғана емес, сонымен бірге, білім беру компо­нентін де қамтиды. Мәселен, докторлық диссертация қорғау үшін оны жазу ғана жеткілікті емес, диссертант бейіні бойын­ша тиісті міндетті іргелі және қолданбалы пәндерді меңгеріп, олардан емтихан тапсыруы қажет.

“Білім туралы” жаңа Заң шеңберінде білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесі (БСБҰЖ) одан әрі дами түседі. Ол өз кезегінде білім сапасын басқару үшін орталық және жергілікті құрылымдық бөлімдердің (орталықтар, бөлімдер, қыз­меттер), процедуралардың (мониторинг, ұлттық бірыңғай тестілеу, мемлекеттік аралық бақылау, кәсіптік даярлық сапа­сын тәуелсіз бағалау, TІMSS, PІSA және тағы басқа халықаралық зерттеулер мен лицензиялау, аттестаттау, аккредиттеу) жиынтығын айқындайды. Білім сапасын бағалау жөніндегі әр түрлі құрылым­дардың әрекеттері, талаптардың біртекті­лігі мен мониторингтік зерттеулер жүргі­зудің сәйкестілігі жүйеленеді және реттеледі.

Жоғары оқу орындарын аккредиттеу­дің халықаралық үлгісі қарастырылған. Аккредиттеу түрлері (институттық, ма­ман­дандырылған) енгізілген. Мемлекеттік аккредиттеуден қоғамдық-кәсіптік аккредиттеу түріне ауысу жүргізіледі.

 Заң жобасының жаңалықтарының бірі — ол “Педагогикалық қызметкер мәртебесі” бөлімінің енгізілуі. Педагог мәртебесін көтеру ең алдымен, мате­риалдық, әлеуметтік, және моральдық тұрғыдан ынталандыру арқылы жүзеге асырылады. Бастауыш мектепте оқу жүктемесін аптасына 20 сағаттан 18 сағатқа азайту, жоғары оқу орындарында магистранттар мен оқытушылар қаты­насын 4:1, докторанттар мен оқытушылар – 3:1-ге жеткізу, әлеуметтік кепілдемелер - сауықтыру төлемдері, “Үздік педагог”, “Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы” гранттары, ауылды жерлерде жанар жағар-май үшін қосымша төлемдер және т.б. қарастырылған.

Жаңа Заңда жастардың білім алуына әлеуметтік қолдау көрсету көзделген. Нақтырақ айтсақ, студенттер мен оқушы­лар стипендиясының мөлшері көбейтілді. Салыстыру үшін мынадай цифрларды айта кетейін, 2007 жылы стипендияның мөлшері: колледждердің оқушылары үшін – 5 147 теңге; жоо-ның студенттері үшін – 6 434 теңге; жоо-ның магист­ранттары үшін – 6 434 теңге; аспирант­тар үшін – 23 000 теңге; докторанттар үшін – 29 359 теңге болды.

Қазір инфляция коэффициентін ескере отырып, базалық лауазымдық жалақының мөлшеріне (8 712 теңге) қосу арқылы жекелеген санаттардың стипен­диясының мөлшерлерін көбейту туралы мәселе пысықталуда.

2008 жылғы 1 қаңтардан бастап база­лық лауазымдық жалақыға байланысты стипендияның мөлшері: колледждердің оқушылары үшін – 6 970 теңгені; жоо-ның студенттері үшін – 8 712 теңгені; жоо-ның магистранттары үшін – 17 424 теңгені; аспиранттар үшін – 23 000 теңгені; докторанттар үшін – 29 359 теңгені; РhD докторлары үшін – 30 492 теңгені құрайды.

Бұрын қоғамдық көліктерде жол жүру жеңілдігін колледждер мен жоо-ның білім алушылары иеленіп келді. Енді олардың қатарына кәсіби техникалық мектептердің оқушылары қосылып отыр. Олардың көпшілігі негізінен ауыл жас­тары болып келеді.

Заң жобасында білім беру жүйесінің даму басымдығы, барлық азаматтар үшін сапалы білім алудың жариялылығы мен қолжетімділігі білім беру жүйесіндегі мемлекеттік саясаттың негізгі принцип­терінің бірі болып табылады.

Сапалы білім алуда жаңа кепілдіктер белгіленуде. Бұл — білім берудің барлық деңгейлері және білім алушылардың барлық категориялары (мамандандырыл­­ған, арнайы, кәсіптік, біріктірілген және т.б.) үшін оқу бағдарламалары түрлерін кеңейту. Оқытуда жаңа технологияларды, оның ішінде жоғары оқу орындарында кредиттік технология мен қашықтықтан оқытуды негіздеу. Бұл — білім беру ұйым­дарының жаңа түрлерін енгізу: жоғары техникалық мектептер, инновациялық университеттер, инновациялық-білім беру консорциумдары.

Пәнаралық оқыту мен сабақ беру тәсілі туралы көп айтылып келді. Бұл рет­те пәнаралықтық көбінесе сабақ берудегі қайталауды жою көзқарасы тұрғысынан қаралатын. Бұл мәселе шешімін тапты. Жаңа Заңға сәйкес білім берудің барлық деңгейлерінде ықпалдастырылған білім беру бағдарламалары енгізілетін болады. Олар – пәнаралық, деңгейаралық, жоға­ры оқу орындары аралық, халықаралық. Жоғары оқу орындары ғылыми, білім беру және инновациялық қызметті нақты біріктіруге мүмкіндік беретін иннова­циялық білім беру бағдарламаларын іске асыруға бағытталатын болады. Мұндай оқу орындары инновациялық универ­ситеттер болып аталады. Инновациялық университеттер – бұл білім беруді, инновацияны, зерттеу мен кәсіпкерлікті біріктіретін; әлемдік деңгейге сәйкес келетін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын; генерирлеу және білім мен технология трансфертін қамтамасыз ететін; ұлттық білім беру жүйесінің дамуына қомақты үлес қосатын және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін ғылыми-білім беру кешені болып табылады.

Көріп отырғанымыздай, инновация­лық университеттер – өндіріспен жан-жақты байланысы бар зерттеу универ­ситеттері. Дамыған елдерде ірі универ­ситеттер зерттеу институттарымен ортақ­тасып зерттеу университеттері деген атпен құрылады. Зерттеу университеті – бұл шетелдерде өзін жақсы жарнамалаған білім мен ғылымды интеграциялаудың қазіргі заманғы нысаны. Мысалы, ең ірі америкалық зерттеу университеті – Массачусет технологиялық университеті шамамен 300-ге жуық корпорациямен байланыс жасайды. Олардың жартысына жуығы АҚШ-тың ірі корпорациялары.

Осылайша зерттеу университеті өңір­дегі технологиялық және экономикалық дамудың маңызды факторы болмақ. Уни­верситеттің дәстүрлі қызметі – маман­дарды даярлау мен іргелі зерттеулер жүргізу – жаңа технологияларды өндіріс пен бизнеске беру жөніндегі оның бел­сенді қызметімен толықтырылады. Қазіргі заманғы зерттеу университеттері барлық қоғамдық институттармен өзара іс әрекет және ынтымақтастық жасаудың ашық моделін дамыту жолымен жүре отырып, бірталай әлеуетке және әлеуметтік прак­тикаға әсер ету спектріне ие болады.

Қоғамды демократияландыруды дамыту шеңберінде білім беруді басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар көзделген. Жаңа Заңның 53-бабына сәйкес өңірлердегі (облыстық, қалалық, және аудандық) білім берудің бірінші басшысын тағайындау ҚР Білім және ғылым министрінің келісімімен жүзеге асады. Сонымен қатар, педаго­гикалық кеңестің ұсынымын, білім беру ұйымы орынбасарларының және бас бухгал­терлерінің келісімдерін ескере отырып, мемлекеттік орта білім беру ұйымының басшысын іріктеу конкурсы арқылы тағайындау көзделген.

Білім беру мониторингінің нәтижесі негізінде білім беру сапасын басқару алғаш рет енгізілді. Білім беру монито­рингінің, білім беру статистикасы анық­тамасының және индикаторлар есебінің нәтижесі бойынша жыл сайын білім берудің жай-күйі және дамуы туралы ұлттық баяндама дайындалатын болады.

Қорытындылай келе, “Білім туралы” Қазақстан Республикасының жаңа Заңы­ның қабылдануы 41 заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге әсер еткендігін атап айтқым келеді.

Білім беру процесіне қатысушылардың жауапкершілік шараларын күшейтуге бағытталған принципті өзгерістер мен толықтырулар “Әкімшілік құқық бұзушы­лық туралы” Қазақстан Республикасының Кодексіне енгізіледі. Ол 5-тен 50 есеге дейінгі айлық есептік көрсеткіштегі айыппұл қарастырылған мынадай жаңа 20-1 тарауымен толықтырылды. Олар:

* педагог қызметкерлердің педагоги­ка­лық этика нормаларын бұзуы;

* білім беру саласындағы заңнамада қарастырылған ата-аналар орындауға жатпайтын міндеттер;

* білім беру ұйымдары басшыла­рының оқушылар мен қызметкерлердің денсаулығына жеңіл залал келген жағ­дайда орындауға жатпайтын міндеттері;

лицензиялық талаптар мен мемле­кеттік жалпыға міндетті білім беру стан­дартын бұзушылық.

“Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерге және соларға теңесті­рілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы” Қазақстан Республикасының Заңына   сәйкес (1995 жылғы 28 сәуірдегі) жоғары және орта кәсіптік оқу орындарына соғысқа қатысушыларға берілетін жеңілдіктерге теңестірілген адамдардың конкурстан тыс түсуі қарастырылған. Сол секілді аталмыш Заңға орай соғысқа қатысушыларға берілетін жеңілдіктерге теңестірілген адамдар үшін республика­дағы жоғары оқу орындары мен колледж­дерге қабылдау квотасын қарастыратын толықтырулар енгізілді.

“Мемлекеттік құпиялар туралы” Қа­зақ­стан Республикасының Заңына ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу кезінде пай­даланылатын тестілер мен дұрыс жауаптар кодтарын ұстау туралы мәліметтерді беру бөліміне толықтырулар енгізілді. Бұл толықтыру білім беру саласындағы қыз­меттік құпияны құрайтын мәліметтерді жариялауға кінәлі адамдарды жауапкер­шілікке тартуға мүмкіндік береді.

Иә, Елбасы қол қойған “Білім туралы жаңа Заң білім саласының дамуына, жастардың сапалы оқып, тәрбие алуына мол мүм­кіндік береді деген сенімдемін.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат